AZATTYQ.ORG. “Жаңаөзен мұнайшылары мәселені аса жоғары лауазымдылардың шешуін талап етеді”. “…Наурыздың 17-сінде Жаңаөзенде наразылық білдіруші мұнайшылармен келісімге келу мақсатында құрылған бітімгершілік комиссиясының жұмысынан қорытынды шыққан жоқ. Мұнайшылар келісім хаттамасына қол қоюдан бас тартты деп хабарлады белсенділердің бірі Наталья ӘЖІҒАЛИЕВА Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша таңертеңгі сағат 10-да басталған келісім комиссиясының отырысы кешкі сағат 16-ға дейін созылған. Оған “Қазмұнайгаз” Барлау Өндіру” акционерлік қоғамының бас директоры Кенжебек ИБРАШЕВ, оның орынбасары, “Өзенмұнайгаз” өндірістік филиалы директорының міндетін атқарушы Владимир МИРОШНИКОВ және басқа мұнайгаз өндіру басқармаларының бастықтары қатысқан. Кепілдік беруші тұлға ретінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Амангелді АЙТҚҰЛОВ сайланған. Бұлардан басқа қала әкімі, прокурорлар да болған.
-Олар келісім хаттамасына қол қоюды сұрады. Егер біз қол қойсақ, былтырғы жылғы жағдайлар қайталанып, талаптарымыз сөз жүзінде қалмақ. Сондықтан біз келісімді “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры, парламент депутаттары мен ұлттық компания директоры Қайыргелді ҚАБЫЛДИН мырзалардың деңгейінде өткізуді сұраймыз,-дейді Наталья Әжіғалиева…
Сонымен, наурыздың 1-нен басталған “Өзенмұнайгаз” өндірістік филиалы жұмысшыларының ереуілі әлі басылған жоқ. Олар өздері талап еткен лауызымды адамдар келмейінше, тапжылмайтындарын мәлімдеп отыр. Ереуілдеткен мұнайшыларға қала жұртшылығы да қолдау білдіріп, Жаңөзен тұрғындары бірнеше күн қатарынан қала әкімшілігі маңындағы Тәуелсіздік алаңына жиналуда. Олар мұнайшылардың мәселесі шешіліп, қаланың әлеуметтік жағдайы түзелмей алаңға шығуларын тоқатпаймыз дейді”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.
“Шығыс Қазақстан облысында 60 үй су астында қалды”. “Шығыс Қазақстан облысының Қарауыл ауылындағы 60 жеке үйді тасқын су басып қалды, 200-ге жуық кісі эвакуацияланды деп хабарлады төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі.
Кеше кешкісін Қарауылдың жоғарғы жағындағы қолдан жасалған бөгет арнасынан толып, қарқын су төмен жатқан ауылды басып қалған.
Төтенше жағдайдан ешкім зардап шекпеді деп хабарланды”.
“Баспаханалар “Республика” атауы бар қос газетті басып шығаруға жүрексінеді”. “…Жарты жылдан бері “Голос республики” және “Моя республика” басылымдары қарапайым кеңсе құрылғыларының көмегімен қағазға басып шығарылып, онан кейін қолмен түптеліп, сол күйінде өз оқырмандарына жетіп отыр. Ал Қазақстанда ешбір баспахана, тіпті қаржылық қиындықтар көріп отырғанына қарамастан, бұл екі газетті басудан үзілді-кесілді бас тартумен келеді дейді аталған басылымдардың редакциясындағылар.
Олар өздері кезігіп отырған бұл проблемаға биліктің қатысы бар деген күдік айтады. Наурыздың 17-сі күні Алматыда баспасөз-мәслихатын жинаған екі басылымның редакция өкілдері бірқатар мемлекеттік органдардың үстінен сотқа шағым бергендерін мәлімдеді…
“Кейбір баспаханалар бізді саяси себеппен баспай отырғанын ашық айтып отыр. Атап айтқанда, Тараздағы баспаханалардың бірімен сөйлестім. Сынақ ретінде өзімді басқа басылымнан екенімді айттым. Олардың маған қойған ең әуелгі сұрағы газеттің форматы, тиражы жайында емес, “оппозициялық басылым емессіздер ме?” деген сауал болды. Ол тіпті, оппозициялық басылымдарды санамалап берді. Олардың арасында “Голос республики” де бар. Сонан соң оппозициялық басылымдарды баспайтынын айтты. Мен одан себебін сұрадым. Ол “республикада баспаханалардың жағдайын өзіңіз де біліп тұрған шығарсыз” деп жауап қатты. Біздің болжамымыз бойынша, газетті баспау жөнінде бұйрық тікелей президент әкімшілігінен немесе тікелей үкіметтен беріліп отыр. Естеріңізде ме, президенттің қазіргі кеңесшісі Ермұхаммет ЕРТІСБАЕВ мырзаның өзі кезінде “ешқандай баспахана газетті басып, сау басына сақина тілегісі келмейді” деп дәл айтқан болатын”, – дейді Татьяна ТРУБАЧЕВА.
“Республика” газеттер жобасы бас редакторының орынбасары Оксана МАКУШИНА басылымның сапасыз күйде шығуының зардабы оның оқырмандарына да әсер етіп отырғанын айтады…”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.
AIKYN.KZ. “Тамыры бiр, тарихы ортақ”. “…Ташкенттегі “Көксарай” резиденциясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Өзбекстан Республикасының президенті Ислам КАРИМОВтың кездесулерінің ресми рәсімі болып өтті. Кездесудің ресми рәсімінен кейін екі елдің басшылары шағын құрамда кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-өзбек қарым-қатынастарының одан әрі даму мәселесі талқыланды. Одан кейін Қазақстан мен Өзбекстанның ресми делегацияларының кеңейтілген құрамдағы келіссөздері жүргізілді.
Келіссөздер барысында инвестиция, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік әлеуетін тиімді пайдалану салаларындағы Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын тереңдету мәселелері қаралды. Сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын халықаралық және өңірлік проблемалар туралы пікірлер алмасылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан мен Өзбекстан кең ауқымды мәселелер жөнінде өзара тиімді іс-қимыл
үшін барлық мүмкіндікке ие. Біздің мемлекеттердің арасында 140 құжатты құрайтын салмақты шарттық-құқықтық база құрылды. 2016 жылға дейінгі Экономикалық ынтымақтастық стратегиясы іске асырылуда.
Кездесу кезінде екі елдің көшбасшылары орталық-азиялық өңірдегі су-энергетикалық ресурстарды бірлесіп пайдаланудың өзара қолайлы тетіктерін тездетіп әзірлеуге өзара мүдделі екендіктерін білдірді.
Сондай-ақ екі елдің басшылары өңірде жаңа суэнергетикалық ғимараттардың құрылысының жобаларына, атап айтқанда, Тәжікстандағы Рогунск СЭС (ГЭС), Қырғызстандағы Қамбарата объектісінің экологиялық және техникалық қауіпсіздігіне халықаралық сараптама жүргізу жайлы пікірлерін білдірді. Келіссөздер барысында Ауғанстандағы жағдайды және осы елге халықаралық тұрғыда көмек көрсету мәселесін талқылауға үлкен мән берілді. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің төрағасы құқығында, Қазақстан Президенті Өзбекстан президентін биылғы жылы 7-9 маусымда Стамбұлда өтеді деп жоспарланған АӨСШК-тің үшінші Саммитіне қатысуға шақырды.
Кездесулердің қорытындысы бойынша екі мемлекеттің басшылары Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің қатысуларымен бірқатар екіжақты келісімдерге — дипломатиялық өкілдіктер ғимараттарын салуға жер учаскесін өзара бөлу туралы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің арасындағы ынтымақтастықтың 2010-2011 жылдарға арналған бағдарламасына, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Мәдениет істері және спорт жөніндегі министрлігінің арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың 2010 — 2012 жылдарға арналған бағдарламасына қол қойылды. Екі елдің басшылары келіссөздердің қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді…
Қазақстан Президенті, сондай-ақ Қазақстандағы өзбек диаспорасы және Өзбекстандағы қазақ диаспорасы біздің елдеріміздің арасын жалғап тұрған “көпір” болып табылатынын атап өтті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Өзбекстан президенті И.Каримовты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Ислам Каримов шақыруды қабыл алды”.
“Қай елдің бағдарламасы дағдарысқа төтеп берді?”. “Апта басында Мәскеуде ТМД елдері жанындағы Эксперттер кеңесінің алқа жиынында Ресей, Қазақстан мен Арменияның бағдарламалары неғұрлым тиімдірек болып шықты деген пікір айтылды. Алғашқы үштікке табан тіреген елдердің арасында қаржы секторын тұрақтандыруға басымдық берген Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасы жоғары деңгейде ойластырылғандығымен ерекшеленеді екен…
Мәскеуде өткен эксперттер жиынында Армения, Әзірбайжан және Беларусь елдерінің дағдарысқа қарсы бағдарламалары да жақсы бағаланды. Ал Түрікменстаннан ақпарат алу мүмкін болмаған. …Ал барларының өзі түрлі мақсаттарға бағытталған. … Қазақстанның қаңтар айында қабылдаған шарасы уақтылы қабылданған және Рсейдің, ТМД-ның басқа елдерінің бағдарламаларына қарағанда, анағұрлым жүйеленген, барлық сала бойынша нақты ойластырылған деген шешімге келіп отыр…
Мәселен, Ресей мен Қазақстан дағдарыс барысында өндірісті модернизациялап, шикізаттық экономиканы әртараптандыру үшін дағдарыстан шығудың неғұрлым жоғары межелерін белгілеп отырса, көптеген өзге елдер әйтеуір күн көру міндетін ғана ойлап отыр…”. Авторы: Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ.
ALASHAINASY.KZ. “Жұртты “ескертіп” тұрып қырып алғанымыз қалай?”. “…Ауыр тимегенде қайтсін, күтпеген жерден келген қос апат елуге жуық адамның өмірін қиып кетті. Үкімет мүшелері алдында есеп беруге шыққан Төтенше жағдайлар министрі Владимир БОЖКОның өзі бірер секунд үнсіз тұрып қалды. “Төтенше жағдайдан 37 адам қаза тапты. Олардың ішінде сегіз бала да бар. Қазір ауылда мәйіттерді іздеу жұмыстары жалғасуда”, – деді ол. Бұл – бас құтқарушының берген жауабы. Сондай-ақ ол екі аптадан бері қар құрсауында жатқан Шығыс Қазақстан облысында да су тасқыны болуы мүмкіндігін жоққа шығармады. “Қазіргі кезде аталған аймақтағы жағдай аса ауыр болып тұр. Биылғы жылы Шығыс Қазақстан облысында түскен қардың жылдық нормасы 2-3 еседен асып отыр. Кей аудандарда қардың алты жылдық нормасы жатыр. Көптеген өзендердегі мұздың қалыңдығы 120 см-ге дейін жетеді.
Қар еріген кезде су тасқыны болуы мүмкін. Әсіресе, Күршім ауданында, Бұқтырма өзені мен Ертістегі жағдай тым ауыр. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін кешенді іс-шаралар қолға алынып жатыр. Атап айтсақ, жағалауды нығайту, еріген кезде су шайып кетпес үшін жолдарды қардан тазарту жұмыстары атқарылуда. Бұл үшін 1,2 млрд теңге көлемінде қаржы қажет болады”, – деп атап өтті ол….
Айтпақшы, отырыста Премьер-министр Кәрім МӘСІМОВ Үкіметте болған бірқатар кадрлық ауыс-түйістерге де тоқталып өтті. Үкімет мүшелеріне жаңа вице-министрлерді – индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт РАУ мен экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық БИШІМБАЕВ таныстырылды. Бұған дейін Альберт Рау Ақмола облысының әкімі, ал Қуандық Бишімбаев Президенттің көмекшісі қызметін атқарған болатын. Үкімет басшысының айтуынша, бұл – соңғы тағайындаулар. “Осымен өзгертулер аяқталды. Енді Үкіметте кадрлық ауысулар болмайды”, – деп атап өтті.
Ал қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ болса, бірқатар министрліктердің қайта ұйымдастырылуы мен жаңа ведомстволардың пайда болуына байланысты ешқандай қосымша қаржы бөлінбейтінін атап өтті. Сондай-ақ Будапешт пен Вена қаласында өткен Еуропа елдері білім министрлерінің ІІ форумынан табысты оралған білім және ғылым министрі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ еліміздің Болон жүйесіне қосылуы туралы нақты шешім қабылданғанын сүйіншіледі”. Авторы: Бүркіт НҰРАСЫЛ.
ZHASALASH.KZ. “Жамбылдың жiгiттерi жиналып жатыр”. “Қызметiне кiрiскен үш айға жуық уақыт iшiнде Жамбыл облысының әкiмi Қанат БОЗЫМБАЕВ 7 ауданның әкiмiн ауыстырып үлгердi. Әрине, “iс тетiгiн жақсы кадр шешедi” демекшi, кадрлық ауыс-түйiстiң тез әрi шапшаң жүргiзiлiп жатқаны Бозымбаевтың “қайтсем, Жамбыл облысының жағдайын көтерiп, маңдайын жарқыратамын” деген ниетiнен туындаған болар. Соңғы ауыс-түйiстер Шу мен Жуалы аудандарын қамтыды. Бұған дейiн екi ауданды басқарып, тәжiрибесi әбден толысқан, жамбылдық әкiмдердiң iшiнде жасы үлкенi, ақсақалы атанып жүрген Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ Шу ауданынан Жуалыға ауысты. Шу ауданына әкiм болып Алматыдан Қожахан ЖАБАҒИЕВ деген азамат келдi…
Сөйтiп, Қ. Бозымбаев Жамбылдың жiгiттерiн жинап жатыр. Әрине, бұл жiгiттер “сыртта” жүрiп не көрдi, қандай тәжiрибе жинақтады, ендi Жамбыл облысының өркендеуi үшiн не iстейдi, не бередi деген сұрақтардың жауабы алдағы күндердiң еншiсiнде. Шынында “өзiм” дегенде өгiз қара күшiм бар” дегендей, туған жерге туын тiккен бұл жiгiттер Жамбылды өрге сүйреп, ел өмiрiне серпiн бере ала ма, жоқ па?”. Авторы: Оралхан ДӘУIТ.
“Жазылмаған “заңның” құрбаны”. “…Наурыздың 11-iнен 12-сiне қараған түнi әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университетiнiң механика-математика факультетiне тиесiлi №14 жатақханада (Бөгенбай батыр көшесi, 174-үй) осы факультеттiң 1-курс студентi Тайыр ӘБДIКӘРIМОВ қаза болды. Он тоғыз жасқа ендi ғана толған өрiмдей бозбаланың қазасы неден болды? Мұның мән-жайын Тайырдың әкесi Әбдiкәрiм ТҮЙМЕҚҰЛОВ тамағына тығылған ащы өксiктi әрең тежеп отырып айтып бердi.
— Кенже ұлым — Тайырым болайын деп тұрған бала едi. Жаман әдеттерден аулақ, намазын оқып, таза жүретiн. Ташкенттегi оқу орындарының бiрiнде оқи бер дегенiмiзге қарамады. “Өз елiме барып оқимын. Ең болмағанда қазақтың санын бiреуге көбейтемiн”, — дедi ешкiмге көнбей. Табандап тұрып алған кенже ұлдың бетiн қайтармайық дедiк.
Тайыр әл Фараби атындағы ұлттық университеттiң механика-математика факультетiнiң грантын өз күшiмен иелендi. Сонда қуанғанын көрсеңiз! Кенжемiзбен бiрге бәрiмiз де қуандық. Бұл қуаныштың көпке созылмайтынын қайдан бiлейiк, — дейдi Әбдiкәрiм Түймеқұлов ауыр күрсiнiп. — Сол күнi түнде Тайырдан бiр курс жоғары оқитын Ерғали Ерназаров жанына төрт-бес жiгiттi ертiп алып, 1-курс студенттерiн №14 жатақхананың 313-бөлмесiне жинайды. Бiрiншi курстың он-он бес шақты студентiн екi қатарға бетпе-бет қаратып тiзiп қояды да, шетiнен төмпештейдi. Бұлардың жуан ортасында ұлым Тайыр да тұрған. Қайсысы ұрғаны белгiсiз, әйтеуiр араларындағы бiреуi ұлымды жүрек тұсынан қатты соққан. Содан балам кереуетке құлап түсiп, жантәсiлiм еткен. Атажұртыма келгенде ұлымды ажалға байлап берем деп ойлаппын ба, мен бейбақ?!…
…Әскердiң әлгiндей “жазылмаған заңдары” университет қабырғаларында да қолданылатынын осы оқиғадан-ақ бiле берiңiз. Және де мұны жаңалық етiп айтпаймыз, мұндай нәрсе бұрыннан бар. Университет басшылары мойындаса да, мойындамаса да, ащы шындық осы”. Авторы: Ерiк РАХЫМ.
ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Шығысқа да тасқын қаупі төніп тұр”. “Шығыс Қазақстанда синоптик мамандардың болжамы бойынша, наурыздың соңында күн күрт жылынады деп күтілуде. Қарлы боран мен сарқыраған сары аяздан арылған аймаққа енді тасқын қаупі төніп тұр. Өңірдің кейбір таулы жерлерінде өзендер бір метрге дейін қатып, алты жылдың мөлшеріне сәйкес келетін қалың қар ери бастады. Күн райы кенеттен жылына қалса Ертіс, Бұқтырма және Үлбі өзендері мен оның ағыстарындағы жағдай қиындап кетуі ықтимал. Көктем мезгілінде тек Өскемен қаласының өзінде ғана 1000-ға жуық жер үйге су қаупі төніп тұр. Сондықтан, төтенше жағдайлар басқармасы тасқынның алдын-алу мен сақтық шараларына кірісті. Қалада өзендер мен ағыстардың жанында орналасқан 12 аса қауіпті аумақ бар. Осы аудандардағы тұрғындардың барлығына тасқыннан сақтанудың нұсқаулығы таратылды. Қаладағы қардың көлемін азайту мен жағаларды бекітуге 360 млн. теңге қаржы бөлінді. Ал, Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары бүгіннен бастап қауіпті жерлерде тәулік бойы кезекшілік өткізбек.
…Шығыс Қазақстанға тасқынның алдын алу шараларына үкіметтен 1 млрд 200 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл жайында осы аптада Үкімет жиналысынан кейін ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир БОЖКО мәлімдеді. Бұл қаржы өзен жағаларын бекіту, қар тазарту және басқа да тасқынның алдын алуға байланысты жұмыстарға жұмсалмақ. “Шығыс Қазақстандағы жолдардың су ағарлары қар және мұзбен бітеліп қалған. Күн жылынып судың көлемі ұлғайса жолдарды шайып кетуі мүмкін. Қазір облыстағы су ағарларды шұғыл арада тазарту жұмыстары басталды. Сонымен бірге, Үкімет басшысы әрбір су қоймасын тәулік бойы бақылауға байланысты тапсырма берді”, – деді министр Владимир Божко.
“Сақтықта қорлық жоқ” демекші, Шығыс Қазақстандағы төтенше жағдайлар департаменті мен атқарушы билік тасқын болған жағдайда адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жағын да алдын ала қарастырып отыр. Сонымен бірге, қосымша инженерлік техника және азық-түліктің қоры әзірленді”. Авторы: Қуаныш БАҚЫТ.
KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 18 наурыз. Kazakhstan Today — Өткен жылы мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің құқығын бұзуға қатысты 11 мыңнан астам оқиға анықталды. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ұйымдастыруымен кәсіпкерлерді бақылаушы-қадағалаушы органдар тарапынан олардың қызметіне заңсыз араласудан қорғау мәселелері бойынша дөңгелек үстелде Бас прокурор Қайрат МӘМИ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.
«Өкінішке орай, қолданылып жатқан шараларға қарамастан, кәсіпкерлердің ісіне негізсіз араласу секілді және басқа да заң мен құқықты бұзушылық оқиғалары кездесіп жатады. Ал бұл- жеке бизнесті дамытуға тежеу. Тек өткен жылы ғана прокуратура органдары осындай 11 мыңдай оқиғаны анықтады«, — деді Қ. Мәми.
Оның мәліметінше, «мыңнан астам прокурорлық қадағалау нұсқамалары мен актілері шығарылды«… «Кейбір лауазым иелері кәсіпкерлерді сан алуан келісімдерге, соның ішінде «демеушілік жасау» және басқа да көмектер көрсетуге күшпен мәжбүрлейді. Мұндай деректер Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және басқа да облыстарда бар«, — деді ол.
…Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті, «Атамекен» Одағы және «Қазақстан кәсіпкерлерінің Форумы» арасында кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелері жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің айқындығын арттыруға мүмкіндік беретін шешімдер қабылданды.
Шымкент. 18 наурыз. Kazakhstan Today — Бүгін Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өңірге сапарының бағдарламасы аясында Көксарай су реттегіші, керамзитмәрмәртас зауыты, облыстық филармонияның жаңа ғимаратында болады.
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ