«Ассамблея Ел бірлігі доктринасын қабылдаса, ұлтшылдар Қазақ құрылтайын шақырды». «Тарбағатайға тасқынның екінші толқыны жетті». «Қырғызстанда жағдай қиын». «Қазақтың басы қалай бiрiгедi?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 20 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Ассамблея Ел бірлігі доктринасын қабылдаса, ұлтшылдар Қазақ құрылтайын шақырды”. “…Дүйсенбі күні Астанада Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің отырысы болып өтті. Мемлекеттік хатшы – сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ төрағалық еткен жабық жиында Ел бірлігі доктринасының жобасы талқыланды. Ассамблея таратқан баспасөз-баянында кеңес мүшелері “жобаны пысықтау жөніндегі қоғамдық комиссияның ұсыныстарын қарады”, сондай-ақ құжатты “толықтыру және талқылау нәтижелері, осы жұмыстың ашық және азаматтар тарапынан асқан мүдделілікпен жүргізілгені туралы айтты” деп көрсетілген.

“Ассамблея кеңесі Ел бірлігі Доктринасы жобасын мақұлдау туралы шешім қабылдады. Жоба мақұлданды. Кеңес осы бағытта ғана шешім қабылдай алады, оны жүзеге асыру мәселесін қарастырмайды”, — деді ассамблеяның баспасөз хатшысы Нәзипа ЫДЫРЫСҚЫЗЫ….

Алайда осы құжатты талқылау туралы қоғамдық комиссияның жұмысына қатысқан ұлтшыл-патриоттық қозғалыс өкілдері кеңесте қабылданған жобаның мазмұнымен таныс еместіктерін мәлімдеді…

Көшімнің айтуынша, кеңесте қабылданған доктрина жобасына қатысты түпкілікті қорытынды 25-ші сәуірде Алматыда өтетін Қазақ құрылтайында таныстырылады.

Алдағы жексенбіге шақырылған құрылтайда тек қазақ ұлтының мәселелері талқыланады. Ұлттық тіл, ұлттық мемлекет, ұлттық идея – құрылтайдың басты тақырыбы болмақ. Форумда қазақтық соңғы ханы – Кенесарының бас сүйегін атамекенге алдыру, Желтоқсан көтерілісінің ақиқаты, Қазақстанның кедендік одаққа мүше болуы және тағы басқа да ұлт мүддесіне қатысты мәселелер көтеріледі…

Құрылтайға Қазақстандағы 10 саяси партия, билік өкілдері, қоғам қайраткерлері шақырылған. Қазіргі күні бұл бастаманы ақын Мұхтар ШАХАНОВ, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар ӘУБӘКІРОВ қолдап отырғаны белгілі болды…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК..

Мұнай-газ құбырларын жүргізіп алған Қытай енді Орталық Азияның әскери саласына сұғына бастады”. “…Соңғы бірнеше жылдың ішінде Қытай Орталық Азия мемлекеттерінің өмірлік қажетті экономикалық серіктесіне айналды. Бұл аймақпен сауда қатынасын арттыруда Бейжің Мәскеуді басып озуға тырысып келеді. Қытайдың Орталық Азия елдерімен сауда айналымы жылына 25 миллиард доллардан асты. Аталған аймақпен сауда айналымы 27 миллиард доллардан аспайтын Мәскеуді қуып жетуге аз ғана қалды деп атап өтеді Jamestown.org веб-сайты Қытайдың Орталық Азия елдерімен әскери ынтымақтастығы тақырыбына арналған зерттеуінде…

Бұдан кейінгі жылдары Қытай мен Орталық Азия елдерінің арасындағы әскери ынтмақтастық ең алдымен мына төрт бағыт бойынша дамиды деген болжам бар…”. Авторы: Александр НАРОДЕЦКИЙ.

EGEMEN.KZ. “АССАМБЛЕЯ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ”. “Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Қанат Бекмырзаұлы өз сөзінде Кеңес мүшелерін Ассамблеяның 15 жылдық мерейтойымен құттықтады, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясындағы Ассамблеяның рөлі мен міндеттеріне тоқталды. “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы – ағымдағы жылдың саяси басымдықтарының бастысы. Еліміз өзінің этносаралық және конфессияаралық келісім, төзімділік пен мәдениетаралық үнқатысу бойынша оң тәжірибесін ЕҚЫҰ аумағының негізгі басымдығына айналдыруға ұмтылады”, – деді Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі. Сонымен қатар, Қ.Саудабаев Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға Ассамблеяның белсенді қатысып жатқанын атап көрсетті.

Отырыс барысында Кеңес мүшелері Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы жобасын пысықтау жөніндегі қоғамдық комиссияның ұсыныстарын қарады. Қоғамдық комиссия мүшелері Д. НҰР-АХМЕТ және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Б.ӘБДІРАЙЫМОВ аталған құжаттың жобасын толықтыру және талқылау нәтижелері, осы жұмыстың ашық және азаматтар тарапынан асқан мүдделілікпен жүргізілгені туралы айтып, Кеңес мүшелерін жобаның негізгі бағыттарымен таныстырды. Ассамблея Кеңесі Ел бірлігі доктринасы жобасын мақұлдау туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар, Ассамблея Кеңесінің мүшелері Алматы облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету мәселесін талқылады…

Кеңес аталған штаб арқылы зардап шеккендерге бағытты көмек көрсетуді жалғастыру туралы шешім қабылдады”. Авторы: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

ҚЫРҒЫЗСТАН АЛҒЫС АЙТАДЫ, КӨМЕК СҰРАЙДЫ”. “Қырғыз Республикасы Уақытша үкіметінің төрайымы Роза ОТУНБАЕВА Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВқа жеделхат жолдап, онда Қырғызстандағы ахуалды реттеудегі баға жетпес көмегі мен жәрдемі үшін ел халқының атынан шынайы ризашылығын білдіріп, бірқатар мәселелерді шешуге Қазақстаннан көмек көрсетуді сұрады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.

“Сіздің тікелей қатысуыңызбен Қырғызстандағы қатерлі де шиеліністі ахуалды реттеу мүмкін болды, қазір елдің құқықтық арнаға нақты бетбұрысы жасалды”, делінген жеделхатта.

Одан әрі халықтың шұғыл мәселелерін шешуге қазіргі экономикалық жағдайлары мүмкіндік бермейтінін айта келіп, Елбасынан, туысқан қазақ халқынан қазіргі кезде Ресей мұнай өңдеу зауыттары шығарған мұнай өнімдері түсіп жатпауына байланысты қырғыз операторларының қоймаларындағы мұнай өнімдері бітудің алдында тұрғандықтан, көктемгі егіс жұмыстарын уақытында жүргізу үшін 10-15 мың тонна жанар-жағармай материалдарын несиеге және 10 мың тоннасын гуманитарлық көмек ретінде, сондай-ақ тыңайтқыштар мен тұқым материалдарын  беру жөнінде көмек сұрайды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр К.МӘСІМОВке осы мәселелерді шешу жөнінде келіссөз жүргізуді тапсырды.

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қырғыз Республикасы Уақытша үкіметі басшысының орынбасары Алмазбек АТАМБАЕВты қабылдады…”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Соғыс тұтқындары ақталмай жатыр”. “Ана жылдары елді аузына қаратқан атағы дардай жазушы ағамыз “Мамырдың 9-ы – қазақтар үшін қаралы күн ретінде атап өтілуі керек” дегенге саятын пікір айтып, баспасөзде мақала жариялаған еді. Бірақ, бұл пікірмен көп кісілер, әсіресе, кешегі қан майданда от кешкен майдангерлер қауымы әсте келіспейді. Мұндайда мұз төсеніп, қар жастанған тәберік ардагерлердің “Сонда біз кімдер үшін қан төктік?” деп тулап, таяқтарын тақылдататынын түсінуге болады.

Әр қияда жат жердің топырағын жамылып жатқан сан миллиондаған боздақтардың аруақтары да дәл осылай тіл қататындай.

Ол кезде қазақ үшін де, орыс, шешен үшін де бір-ақ отан болған еді. Оны қорғау баршаға бірдей міндет-тін…

Биылғы Жеңіс күні нақақтан күйген сол жаны сірі соғыс тұтқындарын еске алып, аруақтары алдында тізе бүгіп, тағзым етуіміз тиіс. Оларды ақтау қажет. Дүбірлі халықаралық атаулы күн арапасында біздің айтпағымыз  осы еді”. Авторы: Қалбай ӘДІЛ.

Жолдан бизнес жасалмайды”. “Рауан ШАЕКИН, Мәжіліс депутаты: – Жолдарды ақылы ету жөнінде шешім бар. Осы заңды қараған экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіндегі қаралу барысында Владимир Бобров жергілікті атқарушы билік пен оның өкілдеріне жалпы пайдаланудағы көлік жолдарының өз аумақтарындағы бөлігін пұлсыз пайдалану жөніндегі шешім қабылдау құқын беруді ұсынды. Олар тиісінше жол учаскелеріне жөндеу жүргізуі керек. Мұның арты осы жолдардың әр аймақтың меншігіне өтіп, бүкіл республика бойынша әрқайсысы өз жолын түрлі деңгейде ақылы етуіне соқтыруы мүмкін ғой.

Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, Көлік және коммуникация министрі: – Мәселе мынада. Еліміздегі барлық 128 мың автокөлік жолының 40-45 пайызының жағдайы қанағаттанғысыз деңгейде. Оларды жөндеп, тиісті сапаға жеткізу жолын үш жылдан бері қарастырып келеміз. Көп қаржы керек, озық технология, заманауи техникалар керек жолдардың сапасын жақсарту үшін. Әзірге бұған қолымыз толықтай жете алмауда. Бізде кейбір кәсіпорындар осындай жұмыстарды атқара алады. Аталмыш мәселе оларды жол жөндеу ісіне тарту мақсатында қарастырылып отыр. Жолдар жекеменшікке 5 жылға ғана беріледі. Мұның сыртында облыстық деңгейдегі жолдар ақылы бола алмайды. Тек халықаралық магистральді пайдалануға ақылы жүйе енгізіледі. Сондықтан, жолдар әркімнің жекеменшігіндегі олжа көзіне айналады деген қауіп орынсыз”.

ALASHAINASY.KZ. “Тарбағатайға тасқынның екінші толқыны жетті”. “Тарбағатайға тасқынның екінші легі келді. Боғас өзені арнасынан асып, маңайдағы елді мекендерді тағы да дүрліктірді. Тасқын Қызылкесіктің жоғарғы бөлігіндегі айналмалы жолдан салынған жаңа көпірдің шетін шайып кеткен. Қазір жөндеу жүріп жатыр. Ал ауылдың төменгі жағындағы республикалық маңызы бар көпір әлі апатты жағдайда тұр. Адамдар өту үшін оның жанынан өткел салынған болатын. Бұл жолғы қар суы оны да алып кетіпті.

Қызылкесіктен шыға берістегі Қараөзеннің көпіріне де тасқынның зардабы тиді. Соның салдарынан Қызылкесік – Ақсуат – Семей бағытындағы жол қатынасы үзілді. Қазір Семейге баратындар Аягөз қаласын айналып жүріп жатыр…”. Авторлары: Әлем МӘДИ, Елмейір АХМЕД.

Қырғызстанда жағдай қиын”. “Алатаудың ар жағындағы саяси-әлеуметтік ахуалдың тұрақтала қоятын түрі көрінбейді. Кеше Бішкек, Ош қалаларында милиция қызметкерлері, ал Жалал-Абадта бұрынғы президент Құрманбек БӘКИЕВтің жақтаушылары наразылық шеруін ұйымдастырды. Тәртіпсіздік Бішкек түбінде де қылаң берді. Талай жылдан бері егін егуге жер телімін ала алмай жүрген бір топ адам ел астанасы іргесіндегі алқаптарды иеленбек болып, жер қожайындарына шабуыл жасаған…

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, өздеріне жер телімдері берілуін талап еткен топ діттегеніне жете алмаған соң, Бішкек қаласы әкімшілігіне бармақ болған. Алайда милицияның арнайы жасағы мен күзет қызметтері жиналғандарды райынан қайтарыпты. Бішкек қаласы мэрінің міндетін атқарушы Иса ӨМІРҚҰЛОВтың жер телімін талап еткендердің тілегін орындауға уәде бергені туралы да хабар тарады”. Авторы: Болатбек Мұхтаров.

ZHASALASH.KZ. “Қазақтың басы қалай бiрiгедi?”. “Кеше ұлттық баспасөз клубында 24-25 сәуiр күнi Алматыда қазақ құрылтайын өткiзушiлердiң баспасөз мәслихаты болды.

– Қазақстанда қазақтың ұлттық, саяси, экономикалық және мәдени мәселесi жиналып қалды, – деп сөз бастады “Ұлт тағдыры” қозғалысының жетекшiсi Дос КӨШIМ: “Бiз қазақтарға қазақ құрылтайын дайындап берейiн деп жатқан топпыз. Ал қалған мәселенi құрылтайға жиналған азаматтар шешедi. Негiзiнен, екi мәселе қаралады. НЕКРАСОВтың сөзiмен айтқанда, “не iстеу керек?” және “қалай iстеу керек?” деген сұрақтарға жауап iздеймiз”.

Құрылтайда көтерiлетiн ең маңызды мәселенiң бiрi – Хан Кененiң басын, денесiн елге қайтару. Бұл жөнiнде баспасөз мәслихатында Нұрлан ӘМРЕҚҰЛОВ былай дедi: “Хан Кененiң басын Қазақстанға қайтару туралы елдiң пiкiрiн бiлмекпiз. Одан кейiн 2 миллион адамның қолын жинауға кiрiсемiз”.

Дәл осы қазақ құрылтайынан нақты қандай нәтиже күтiлуде? Дос Көшiмнiң айтуынша, басты мақсат – қазақтың бiрлiгi. Бiрiктiрудiң, бiрiгудiң қандай жолдары бар? Бiрiге аламыз ба? Бiрiгiп, қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту мәселесiн мемлекеттiң алдына көлденең қоятын дәрежеге жеттiк пе? Шешiлмеген мәселенi халық болып көтере аламыз ба? Осындай саяси мәдениетiмiз бар ма? Құрылтайға қатысушылар осы және басқа да сауалдарға жауап iздейдi.

Айтпақшы, қазақ құрылтайын ұйымдастырушылардың бiр тобы кезiнде “Тәуелсiздiктi қорғау” халықтық демократиялық қозғалысының құрамында болды. Елдiк, ұлттық мәселелердi бiрге көтерiп, билiкке талап та қоя бiлдi. Бiрақ, мына баспасөз мәслихатында аталған қозғалыстың белсендi мүшелерiн көре алмадық. Неге? Бұлай бөлiнудiң себебi неде? Бұл сұраққа Дос Көшiм былай деп жауап бердi: “Қозғалыс әлi тiркелген жоқ. Жұмысын көрген жоқпыз. Шынын айту керек, көптеген жиналыстарына қатыспадық. Мүмкiн қозғалыс тiркелгеннен соң өз көзқарасымызды айтамыз. Кiремiз, кiрмеймiз деп. Ал бағыты және қойып отырған мәселелерiне толық қосыламыз. Бөлiнiс жоқ. Тек әзiрге қозғалысқа мүше болып кiрмеймiз. Дәл қазiргi жұмыстарына араласпаймыз”.

Бұл жиынға М.ШАХАНОВ қатыспайды деген әңгiме бар. Қазақтың бiрлiгiн ойлайтындар “қазақстандық ұлт” доктринасына, Қытайға жалға жер беру мәселесiне, кеден одағына қарсы шыққан “Тәуелсiздiктi қорғау” қозғалысынан бөлектенiп, оңашаланғаны несi? Бұл, сiрә да, бiрiктiрудiң, бiрiгудiң жолы болмаса керек. Ұлттық мүдденi шын мәнiнде бәрiнен де жоғары қоя бiлгенде ғана азаматтардың басы қосылмақ. Ал қазiрше…”. Авторы: Дилара ИСА.

Балабақшадағы төлемақының мөлшерi өсуi мүмкiн”. “Балаларым балабақшаға барады. Кеше 1 айлық төлемақының түбiртегiн алдым. Наурыз айына қарағанда сәуiр айының төлемақысы қымбаттап кетiптi. 1000-1500 теңгеге. 1 айда төлемақының мөлшерiн неге бұлай көтерiлдi? Мән-жайды анықтап берсеңiздер”, – деп қоңырау шалған Алматы қаласының тұрғыны Қуаныш ағайдың сауалына Алматы қалалық бiлiм басқармасының мамандары былай деп жауап қайтарды: “Сәуiр айында мемлекеттiк қызметкерлердiң жалақысы 25 пайызға көтерiлдi. Осыған орай қаладағы балабақшалардағы төлемақының мөлшерi өсуi мүмкiн. Қазiргi таңда есеп-қисап жүргiзiп отырмыз. Көбейген күннiң өзiнде әр балабақшада әртүрлi баға болады. Балабақшаның төлемақысы оның көлемi мен баланың санына байланысты. Қалада бiрреттiк төлемақы жоқ. Бiр шарты бар, 5 жасқа дейiнгi балаларға төленетiн ақша 17 500 теңгеден аспауы қажет. Ал 5 жастан асқан балалардың төлемақысы өзгерген жоқ. Олар күнiне 300-350 теңге төлейдi. Яғни, бала қанша күн балабақшаға барады, ата-анасы сол күннiң ақшасын санап бередi”.

Мұндай жауаптан керiсiнше мынадай түйiн жасауға да болады. Балабақшалардағы төлемақыны өсiруден түскен қаражат есебiнен мемлекеттiк қызметкерлердiң жалақысын көтеруге мүмкiндiк жасалған. Немесе, мемлекеттiк қызметкер екенсiң, көтерiлген айлығыңнан балаң үшiн балабақшаға төлейтiн ақшаны көбейт. Сонда-ау жалақыны 25 пайызға көтергеннен кiм ұтты?….”. Дайындаған – Дилара ИСА.

MASSAGAN.COM. “Алматыда қазақтар құрылтайы өтеді”. “Алматыда сәуір айының 24-і мен 25-і аралығында қазақтар құрылтайы өтеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онда әлемдік мәселелер емес, еліміздің ішіндегі саяси-экономикалық мәселелер, ұлттық, мәдени, рухани, ұлттық құндылықтарды жаңғырту, жастар мәселелері талқыланатын болады. «Құрылтайға ұлттық бағытта жұмыс істеп жүрген қоғамдық ұйымдар, 130-дай адам шақырылды. Негізінен екі мәселе қаралады: Не істеу керек? және қалай істеу керек?, яғни, стратегия және тактика. Сондай-ақ, бұл мәселені шешуде «Қазақстанда тұратын барлық ұлт арасындағы теңдікті сақтай отыра, ұлттық мәселені қалай шешеміз?”, деген сұрақ бұл шараның басты сауалы болмақ. Бұл құрылтай қазақтардың басын қосып, осы мәселелерді талқылау үшін ұйымдастырылып отыр. Менің ойымша, мұндай құрылтай қазақтың мәселесі шешілгенге дейін жылда болып тұру керек», деді ұйымдастыру комитетінің мүшесі Болат ДҮЙСЕМБІ. Аталмыш шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, барлық саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар шақырылған. Сондай-ақ, еліміздің барлық аймағынан делегаттар келеді деп күтілуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараны өткізу туралы шешім 2009 жылы қыркүйек айының 20-да қабылданған”. АЛМАТЫ. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 20 сәуір. Kazakhstan Today — Жетекші мұнай биржаларында 2010 жылдың 19 сәуіріндегі сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы төмендеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today «РосБизнесКонсалтинг» агенттігіне сілтеме жасап.

«Алдағы айға мұнай фьючерсінің ресми бағасы мынадай болды: Лондонда InterContinental Exchange Futures биржасында — IPE Brent Crude мұнайының бір баррелі үшін баға $84,23; Нью-Йорктегі New York Mercantile Exchange биржасында Light, Sweet Crude Oil мұнайының баррелі $81,45 болды «, -делінген хабарламада.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ