«Үкімет басшысы министрге уәде берді». «Қазақтілділер қауымдастық құрды». «Квота игерілмей қалды…». «Ғылымға реформа керек, бiрақ қандай реформа?». «Қазақстан аумағында жаппай дерлік қарсыз, аязды күн райы сақталады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 20 қаңтар 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Мұхтар Әблязов Тимур Кұлыбаевты әшкерелейтін деректерді жария етті”. “Қуғындағы бизнесмен Мұхтар ӘБЛЯЗОВ, Азаттыққа берген сұқбатында, Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур ҚҰЛЫБАЕВты әшкерелейтін деректерді келтірді…”. Авторы: Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “Үкімет басшысы министрге уәде берді”. “Дағдарыстың осымен біткендігі, әлде алда жаңа аласапырандарға ұласары беймәлім болып тұрған бүгінгі беймаза шақта, мемлекетіміз еуропалық кеуделі ұйымға көшбасшы болу сынды салмақты миссияны арқалаған қазіргі жауапты кезеңде елді рухтандырар, патриотизм сезімін ернеуінен шығара шалқытар жеңістер ауадай қажет болып тұр.

Осы міндетпен кеше Үкіметбасы Кәрім МӘСІМОВ өткен жылды қорытындылап, алқа мәжілісін ұйымдастырып жатқан Туризм және спорт министрлігіне барды. Бұл үшін лайықты жаһандық дода да дайын: алдағы 12 ақпанда Атлант мұхитының ар жағындағы Канада елінің Ванкувер қаласында XXІ қысқы Олимпиада алауын жағады. Осы орайда Премьер К.Мәсімов сол әлемдік байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетсе, қаржылық өтініштерін орындауға уәде берді!

Әйткенмен отандық спорт шенеуніктері жаһандық ұлы додаларда “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” шығу барған сайын қиынға түсіп жатқандығын айтады. Бүгінгі заманда спортшылардың әлеуетінің артқаны және шынығуды шырқау шегіне жеткізгені сонша, бұрын тіпті жылдар бойы мызғымай тұратын спорттық рекордтарға қазір жыл құрғатпай, өзгеріс енгізіледі екен. Сондықтан министр Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ “жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу ісіндегі әлемдегі бәсекелестіктің жыл өткен сайын күшейіп келе жатқандығын” ескере отырып, әлем чемпионаттарында және Азия ойындарында қоржынға медаль салған спортшыларға берілетін бір реттік сыйақының көлемін ұлғайтуды қиылып сұрады. “Әлем чемпионаттарында медаль жеңіп алған спортшылардың сыйақысын 7-ден 15 мың долларға, Азиада мен жасөспірімдердің олимпиялық ойындары үшін 3,5-тен 10 мың долларға дейін өсіру қажет” деді министр. Егер Үкімет қазіргі күйзелістік кезеңде осыған келіссе, бюджетті құрауға жауапты Бақыт Сұлтановтың командасына қосымша 33,5 миллион теңге қаржы іздеуге тура келмек…

… Медаль әкеліңіздер — мен сіздің қаржыландыру жөніндегі өтініштеріңізді қолдаймын! — деді Туризм және спорт министрі Т.Досмұхамбетовке бұрылған Кәрім Қажымқанұлы, сосын: «Мұны жұртшылық алдында бекіткен уағдаластығымыз деп түсініңіз!» деп нықтады. Айтпақшы, осының алдында министр Үкіметбасыға тұңғыш рет Орталық Азияда, соның ішінде Қазақ жерінде өтетін «қысқы Азиаданы» ұйымдастыру үшін тағы 13 миллиард көлемінде қаражат бөлу туралы ұсыныспен жүгінген болатын. Жалпы, VІІ қысқы Азия ойындарын өткізу қосымша 28 миллиард теңгені қажетсінеді екен, Үкіметтің экономикалық қанаты соның тек 15 миллиардын ғана қолдаған. Темірхан Досмұхамбетов Кәрім Мәсімовтен 13 миллиардты биылғы бюджетті қайта қарау кезінде қарастыруды өтініп отыр. Өздеріңіз байқағандай, егер Үкіметбасы әлгі талабында табандап тұрса, спорт шенеуніктеріне тек қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама мүшелерінің намысын қайрап, жігерін жанып, «қалай да олай медаль ал!» деп жарыс жолына айдау қалады. Әйтпесе әлгі қаражаттың да көзден «бұл-бұл» ұшуы ғажап емес…

Тұтастай алғанда, Үкіметбасы Досмұхамбетов командасының өткен жылдағы жұмысын оң бағалады. «2009 жылы жаман жұмыс істеген жоқсыздар. 2010 жыл міндеттері де тегіс түсінікті. Барлығы жазылып қойылған. Енді ары қарай жылжып, Президентіміздің барлық тапсырмасын орындау қажет» деп қорытты Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов”.Авторы: Айхан ШӘРІП.

Қазақтілділер қауымдастық құрды”. “Кеше елордадағы Президенттік Мәдениет орталығында Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының бастамасы және қолдауы арқасында былтыр тұсауын кескен Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің қауымдастығы алғаш рет басқосып, “Қазақ тілін оқытудың инновациялық технологиялары” деген тақырыпта жиын өткізді. Бұл туралы “ҚазАқпарат” агенттігі хабарлады.

Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры директорының орынбасары Серік ЕРҒАЛИдың сөзіне қарағанда, бүгінде тек пән ретінде оқытылатын қазақ тілін еліміз бойынша қарым-қатынас құралына айналдыратын кез келіпті. Ал оны коммуникативті құрал ретінде дамыту үшін бұл салаға мұғалімдер даярлаумен шектелу — жеткіліксіз. Сондықтан қауымдастықтың нысаналы тобы ретінде мұғалімдер, оқушылар (қазақ және орыстілді) және ата-аналар алынып отыр.

Қауымдастықтың негізгі мақсаты — қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында балалар мен ұстаздар ұсынған жаңашылдық технологиялары мен әдістеріне, озық инновациялық идеяларына қолдау көрсету, сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгермеген оқушылардың ата-аналарымен жұмыс жасау. Бір ерекшелігі, елімізде орыстілді және ағылшынтілді мұғалімдердің қауымдастықтары біршама уақыт бұрын құрылып қойыпты. Сондықтан олар өз проблемаларын жұмыла шешіп, құзырлы орындардан қолдау көріп келеді. Ал қазақтілді мұғалімдер өз проблемаларымен жеке қалып қойған.

— Сондықтан тілдік ортаны кеңейту мәселесін бірігіп қолға алуымыз керек. Қазақ тілін пән ретінде ғана оқытпай, сол халықтың мәдениетін сіңірумен байланыстыру қажет. Сол себепті қазір тілді үйретудегі стратегиялық бағытымызды өзгертуіміз керек, — дейді С.Ерғали агенттік тілшісіне берген сұхбатында. Стратегиялық бағытты өзгерту — қауымдастықтың нысаналы топтары үшін, әсіресе, мұғалімдерге дөңгелек үстелдер мен семинарлар ұйымдастырып, олардың шығармашылық әлеуеттерінің ашылуына мүмкіндіктер беру арқылы қолға алынбақ”.

Түйткіл”. “Квота игерілмей қалды…Еліміздің әлеуметтік жағдайын саралауға арналған мәжіліс сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА 2009 жылы шеттегі қазақтардың 20 мың отбасына бөлінген квотаның тек 78 пайызы игерілгенін мәлімдеді. Министр ханым бұл жайды жаһандық экономикалық дағдарыспен және шеттегі қандастарымыздың атамекенге оралған кезде жұмысқа орналасу, үй алу мәселесімен бетпе-бет келуден қорқып отырғандығымен байланыстырды.

Жат жерде жүрген отандастарын қанатының астына жинайтын үш мемлекеттің біреуі деп мақтанатын Қазақстанның жылына жиырма мың отбасын елге алып келе алмауы ойланарлық нәрсе. Ресми бөлінетін квотаның көлемі былтыр 15 мыңнан 20 мыңға көбейтілгенін айтып, жар салғанымызбен, ең ақырында оны толық игеруге қауқарсыз болып шықтық. Осы орайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ бөлінген квотаның толық игерілмей қалуының себебін көші-қонды ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жүргізілмей отырғандығынан көреді. — Бөлінген квота бойынша неге елге 20 мың отбасы көшіп келмеді деп ешкімді кінәлауға болмайды. Қаржы толық игерілді деп өтірік ақпарат бергенше, нақты мәліметтерді ұсынып, қалған қаражаттың Үкімет қоржынында қалғаны дұрыс. Ђйткені бұған дейін елге оралмаған отбасыларды көшіп келді деп жалған ақпарат беріп, бөлінген қаржыны жымқырып отырған жағдайлар орын алды. Құқық қорғау органдары тексеру жүргізген кезде, «бәленбай отбасы көшіп келді» делінген ауылдарға бірде-бір отбасы қоныс аудармағаны анықталып жатты. Көші-қон комитетінің басшылығы ауысқалы бері бұл мәселе жолға қойылғандығын айта кету керек. Бірақ бүгінгі күні бізде өздері өтініш білдірген азаматтар ғана елге оралып, көші-қон комитетінің мамандары тек солармен жұмыс істеуде. Көшті дұрыс ұйымдастыра алмағандықтан, бөлінген квота толық игерілмей қалды.

… Ал Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, депутат Қылышбай БИСЕНОВ бөлінген квотаның толық игерілмей қалуы тек 2009 жылға ғана тән көрсеткіш болуы мүмкін деген пікірде: «Биыл елге оралуға ниет білдіретіндердің саны квотадан асып түсуі де ықтимал. Қазақстан отандастарымыздың атамекенге келуіне барлық жағдайды жасап отыр. Елге көшіп келетіндердің саны экономикалық қиыншылыққа байланысты азайып кеткен. Бірақ бөліген квота игерілмей қалды екен деп, оны азайтып жіберуге болмайды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық туралы ақпараттандыру жұмысын жүргізу керек».

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Нұрымбет САҚТАҒАНОВтың берген мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылы құжаттарын өткізген 16335 отбасының 15534-і атамекенге табан тіреп, тиісті қаржылық көмектерін алған.

— Біріншіден, квотаға бөлінетін жылдық төлем 16-17 млрд. теңгені ғана құрайтындықтан, шет жерлердегі қандастарымызды өзіміз көшіріп алып келуге қаражат жетпейді. Ал көші-қонға осы мақсатта қосымша 200-300 млрд. қаражат қажет десек, қазіргі дүниежүзілік дағдарыс уақытында бұл өзін-өзі ақтамайтыны бесенеден белгілі. Екіншіден, қазіргі кезде әр ел өзінің демографиялық қауіпсіздігін сақтау мақсатында, өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына көшіп кетпес үшін жайлы жағдай жасап, түрлі кедергі туғызады. Мәселен, Өзбекстаннан көшкісі келген азамат тұрғылықты мекен-жайынан тіркеуден шығу үшін 200 мың сум төлеуі қажет. Ал оны барлығының қалтасы көтермейтіні анық. Осы мақсатта Қытай мен Түрікменстан елдерінде виза мен төлқұжат беруді тіптен қиындатып жіберген. Ал Моңғолияда виза алу үшін, Ресейден транзитпен өту үшін біраз шығындалуға тура келеді. Бұл елдердегі қазақтардың мекенжайларын сату мәселесі де қиындап кеткен. Жергілікті халық тегін немесе төменгі бағаға ғана сатып алуды ойлайды. Мұның барлығы елге оралғысы келгендердің аяғына тұсау, — дегенді алға тартады Нұрымбет Аманұлы.

Көші-қон комитетіндегілер биыл бөлінетін қаржыны толық игереміз деп отыр. Қалай дегенмен де, Қазақстан секілді демографиялық ахуалы сын көтермейтін мемлекеттің бір жылда 20 мың отбасыны шашауын шығармай көшіре алмауы елдігіне сын…”. Авторы: Үмітжан ЖАПАР.

EGEMEN.KZ. “ЕҚЫҰ: әрекет жасайтын кез”. “…Қазақстандық төрағалық девизі төрт “Т” әрпінен тұратын болады. “Траст” (сенім) – бізге ауадай қажет бір-бірімізге деген сенім, “традишн” (дәстүр) – ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидаттары мен құндылықтарын қалтқысыз ұстану, “транспаренси” (ашықтық) – халықаралық қатынастарда “қос стандарттардан” азат және “екіге бөлетін шектеусіз” барынша ашық болу, қауіп-қатерлерге қарсы тұруда сындарлы ынтымақтастыққа бейімділік. “Толеранс” (төзімділік) – қазіргі кезде маңыздылығы артып отырған мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысуды нығайтудың ғаламдық жолын көрсету.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның басты бағыттарының бірі ретінде Ұйым дамуының негізгі мәселелері жөніндегі консенсус алаңының нығаюы мен дамуын қарастырмақ. ЕҚЫҰ саммитіндегі он жылдық үзіліс Ұйымның консенсустық негізі дағдарыс жағдайында болмаған күннің өзінде анық тығырыққа тірелгендігін көрсетеді. Осыған байланысты біз ЕҚЫҰ-ға мүше елдерді 2010 жылы аталмыш кездесуді өткізу туралы Қазақстан бастамасын қолдауға шақырамыз. Аталмыш саммит, сонымен қатар, Хельсинки Қорытынды актісіне 35 жыл, Париж хартиясына 20 жыл және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 65 жыл толуын атап өтуге мүмкіндік бермек.

Мазмұндық тұрғыда саммит ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағындағы қауіпсіздік, Ауғанстандағы ахуал және толеранттылық мәселелерін қарастыруды көздейді. Бұл өз кезегінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер көшбасшыларына саяси ерік-жігер танытып, олардың халықтары алдында тұрған күрделі қиындықтарға жауап беру мүмкіндігі болып табылмақ.

Айта кету керек, ЕҚЫҰ – бүгінде теңдесі жоқ Ұйым. Оның тығырыққа тірелуі немесе жойылып кетуі еуро-атлантикалық кеңістікте жарылу (бөліну, ыдырау) қаупі бар вакуумның пайда болуына әкеліп соғады.

Қазақстандық төрағалық ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемінің үйлесім табуын назарда ұстайтындығына тоқталғым келеді. Мұндай қадам қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы тұрып қана қоймай, сонымен қатар, олардың пайда болу көздерімен де жұмыс істеуге мүмкіндік бермек”.

Жаңарған Қазақстанды жаңаша таныту”. “Тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың басшылығымен Қазақстанды әлемге таныту мәселесі қолға алынғаны белгілі. Бұл істегі жетістіктеріміз аз емес. Алайда, Қазақстанның өз даму кезеңіндегі жаңа белестері, экономикасы мен әлеуметтік өміріндегі жаңа жетістіктері, жаһандану талаптарына сәйкес әлемнің басқа мемлекеттері тарапынан жасалып жатқан қадамдар елімізді әлемге танытудың жаңа әдістер мен тәсілдерін талап ететіні түсінікті. Себебі, ілгері ұмтылып жатқан елдер аз емес. Ал олардың жүргізіп жатқан ізденістері таңдай қақтырмай қоймайды.

Қазақ — тумысынан бауырмал, достыққа құшағын жайып тұратын халық. Жақыны мен жатқа да, көрші елдерге де “сыйға – сый, сыраға – бал” деген көзқараспен қараған. Ішкі жан-дүниесін терең білмейтін алыс шетелдің адамына өте жуас, көнбіс ұлт болып көрінуі мүмкін. Алайда, кейбіреулер басынса, шектен шығар қылық көрсетсе, бір ауыз сөзбен тоқтататын шешендігімен ондайларды орнына қойып отырған. Сөзге тоқтамаса, амал жоқ, атқа қонып, жауын жеңбей тынбаған, көлденең көк аттыға намысын таптатпаған. Бұған жаугершілік замандарда елі мен жерін қорғаған бабаларымыздың ерлігі мен артына қалдырған өнегесі куә.

… Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық ете бастауы елімізде жинақталған мол тәжірибені жан-жақты насихаттай білуді талап ететіні сөзсіз. Егер біз Еуропа төрінде отырып, Қазақстанның өнеге-үлгісін кәрі құрлықтың 55 еліне тарата білмесек, төрағалық миссиямыздың бір қыры атқарылмай қалатындай көрінеді. Бүгінгі заман талабына сәйкес ел мен елдің кірігуі, көп мәселелерде бастарының бірігуі бір-бірінің өнегесі, үлгісі арқылы жүретіні бар. Егер біз осындай мақсатты ұстанатын болсақ, онда жинақталған тәжірибені қорытып, басқа елдер мен халықтардың алдында түсіндіре білуіміз керек. Ал Еуропа елдерінен өндіріс, мәдениет, оқу-білім жағынан үйренеміз десек, өзіміздің де жақсы жақтарымызды өзгелерге үйрете білуіміз керек. Бүгінгі заманда мемлекеттер бір-бірін экономикасына қарап, қарсы алып жатса, рухани болмыс-бітіміне, парасат-пайымына қарай құрметтейтіні жасырын емес.

… Қазақстанды әлемге танытуда Парламенттің де рөлі зор. Бұл бағытта депутаттар да халықаралық маңызы зор заң жобаларын қабылдауда, келісімдерді, шарттар мен хаттамаларды заң түрінде бекітуде белсенділік танытатыны анық. Сонымен қатар елімізге келген шетелдік әріптестермен, қоғам қайраткерлерімен өткен кездесулерде Қазақстанның ұстанған саясаты жөнінде жан-жақты түсінік беру – парламентшілердің міндеті. Ел Президенті осы сессияны ашу барысында Парламент барлық мемлекеттік органдармен бірге елдің ЕҚЫҰ төрағасы функцияларын орындауына белсенді қатысуға тиіс екенін айтқан болатын…”. Авторы: Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі.

ZHASALASH.KZ. “Ғылымға реформа керек, бiрақ қандай реформа?”. “Қазiргi күнi ғылымды серпiндi түрде реформалау жөнiндегi мәселелердiң кеңiнен көтерiлiп жүргенi де рас. Сонымен бiрге “Ғылым туралы” жаңа заң жобасы да талқылану үстiнде. Мiне, осы мәселелерге байланысты белгiлi ғалым, академик Салық ЗИМАНОВ бастаған бiр топ ғалым (ұзын саны 43 ғалым) ҚР президентi Н.Ә.НАЗАРБАЕВқа үндеу жолдады.

“Бiздiң түсiнiгiмiз бойынша, – деп бастайды ғалымдар бұл үндеуде, – қазiргi “Ғылым туралы” заң жобасы ғылымды реформалау жөнiндегi негiзгi идеяларға қайшы келедi”. Осылай дей келедi де, ғалымдар өздерiнiң тұжырымдарын ұсынады. Ендi осы үндеудегi ұсыныстарды ықшамдап, қысқартып, оқырмандар назарына ұсына кеткендi жөн көрдiк:

1. Ғылыми кадрларды дайындау екi бағытта жүруi тиiс. КСРО-да 1937 жылдың өзiнде қалыптасып, қазiрге дейiн Ресейде, Белоруссия мен Орталық Азияда ұтымды iске асырылып отырған осы екi деңгейлi жүйе сақталынуы керек.

2. Қазiргi кезде ғылыми қызметкерлердiң жалақысы өте төмен (кiшi ғылыми қызметкердiң алатыны — бар болғаны 25 мың теңге, ал ғылым докторынiкi – 52 мың теңге). Ғалымның дәрежесiн көтерiп, жастарды ғылымға молынан тарту үшiн ғалымдардың жалақысын қомақты түрде көтеру керек. Осыған байланысты ҚР Үкiметiнiң арнайы қаулысымен ғылыми қызметкерлердiң жалақысы туралы үстемелi коэффициентпен ерекше тарифтiк кесте қабылдануы тиiс.

3. Фундаментальдi ғылымды нығайту орайында ғылыми атақ үшiн ай сайын ғылым кандидаттарына екi айлық жалақы көлемiнде және ғылым докторы үшiн төрт айлық жалақы көлемiнде қаражат берiлуi керек.

4. Мазмұны бойынша заң шынайы, нақты және бұрмалаусыз болуы керек. Мәселен, “Ғылым туралы” заң жобасының “Ғылыми ұйымдардың жұмысшыларын әлеуметтiк қорғау шаралары” атты 14-бабының бiрде-бiр бөлiмiнде ғылыми қызметкерлердiң әлеуметтiк қорғалуы жөнiнде айтылмаған. Осыған байланысты ғылыми қызметкерлердiң әлеуметтiк қорғалуын мемлекеттiк қызметкерлерге теңестiру қажеттiлiгiн нақтылайтын баптар керек.

5. “Ғылым туралы” заң жобасында Ұлттық инженерлiк академия, Ауыл шаруашылығы ғылымының академиясы, Ұлттық табиғи ғылымдар академиясы, Қазақстан Ғалымдар одағы сияқты және ғылымға нақты қатысы бар басқа да республикалық қоғамдық бiрлестiктердiң қызметi қалып қойған. Бәсекелестiктi нығайту мен ғылымды қолдау үшiн қоғамдық бiрлестiктердiң қызметi мен басымдықтары туралы заң жобасына арнайы бөлiм енгiзу керек деп санаймыз.

6. Қазақстанда ғылымды басқару өте бытыраңқы әрi басқарудың бiрыңғай жүйесi жасалмаған. Қазақстандағы ғылыми әлеует түрлi министрлiктер мен ведомстволарға таратылған. Ғылыми зерттеу институттарының үштен екiсi бюджет есебiнен қаржыландырыла отырып, лауазымды тұлғалардың жалақысын ғылым қажетiне бөлiнген қаражаттан көтеру мақсатында “ЖШС, АҚ және Ғылыми орталықтары” болып жеке құрылымдар ретiнде қайта құрылған. Осыған орай ғылымды тиiмдi басқару, ғылымды ұйымдастыру, ғылымды қаржыландыру саясатын оңтайлы жүргiзу үшiн арнайы өкiлеттi орган қажет: Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi, немесе Ғылым жөнiндегi мемлекеттiк комитет, я болмаса Ғылым мен технология жөнiндегi агенттiк”. Авторы: Ә.НҰРТАЙҰЛЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Шекараның шері тарқамады”. “…Оңтүстік Қазақстан облысының Өзбекстанмен шекараласатын тұсындағы Арнасай, Қостақыр секілді бірнеше елді мекен шекара сызығы айқындалғалы бері айдалада бір аралда қалып кеткендей күй кешуде. Бұл ауылдардың бір жағы Шардара су қоймасына жиналған дария суымен шектессе, қалған жағы тұтастай дерлік шекара бағандарымен шегенделіп тасталған. Егер шекара тәртібіне бағынар болсақ, бұл Арнасай және Қостақыр елді мекендеріне тек әуе немесе су арқылы ғана қатынауға болады. Өйткені, ауыл – қазақтардікі, ал жол мен сол маңайдағы жер – өзбектердікі. Құм ішінде ата-бабадан мирас болып қалған мал жайылымдары ала тақиялы ағайындардың меншігіне өткендіктен, қазір төрт түлік ауылдан ұзап шыға алмайды. Амал жоқ, мыңнан астам қой-ешкі мен екі жүздей ірі қара ауылдың маңын шиырлайды…

Бес ауылдың екеуі біздікі, үшеуі кімдікі. Бүгінде бір ғана Арнасайдың өзінде 500-ге тарта халық тұрады. 70-тей түтін бар. Олар түгелдей Шардара қаласы әкімшілігіне қарайды. Шиеленіскен мәселені оңтайлы шешу үшін жергілікті билік ауылдағыларға басқа жерге қоныс аударуды ұсынып отыр. Көшуге тілек білдіргендерге қала немесе басқа да ауыл әкімшіліктері аумағынан жер беруге мүмкіндік бар екен. Арнасайдағылар бұл ұсынысқа қарсы емес. Бірақ көшіп-қону мен баспана салуға үкімет тарапынан төлемақы беріле ме, жоқ па?! Жалпы алғанда Арнасай бөгеті еліміз үшін аса қажетті гидротехникалық торап болып саналады. Сондықтан да шекараны делимитациялау кезінде платинаның өзі мен оның айналасындағы 5 елді мекен Қазақстан жағында қалатын болып келісілген. Бірақ дәл қазір әкімдік те, шекара қызметі де бұл бес ауылға қай елді мекендер кіретінін ашып айта алмайды. Жергілікті жұрттың айтуынша, олар “Көктасты”, “Қарабай”, “Қостақыр”, “Арнасай” мен “Амангелді” болуы тиіс еді. Бірақ бұл бес ауылдың ішінде қазір Қазақстанға қарайтыны “Арнасай” мен “Қостақыр” ғана. Әрине бұл үкіметтік, мемлекетаралық деңгейде келісіп шешілетін жәйттер. Кей кездері шынында Отан шекарадан бастала ма деп те ойлап қаласың. Шекарадан аттап шықтың, мүсәпірсің. Басқа ел, басқа заң, басқа ұлт, басқа Отан. “Шекара бұзды” деп атып тастаса торғай құрлы құның жоқ. Ал, осындай қауіпті, осындай үрейді шекара шебіндегі ауыл тұрғындары күн сайын бастан өткеріп, күн сайын жандарын шүберекке түюмен келеді. Қашанға дейін өстіп жүреді? Аяқты нық басып, қазақтың даласымен емін-еркін, қорықпай жүретін кез қашан болады?”. Авторлары: Ғани ҚАЛМАХАНОВ, Шадияр МЕКЕНБАЙҰЛЫ.

ABAI.KZ. “Өрісбай Шоманов. Бауырдақ, ұнтақ түрiндегi қымыз бен шұбатты дүкен сөрелерiнен көрер күн алыс емес”. “Бауырдақ деген атау алғаш тосын, тiптi оғаш болып естiлуi мүмкiн. Бiрақ, бауырдақ қазақтың ұлттық тағамы — кәдуiлгi бауырсақ пен қуырдақтың қосындысы. Яғни, бауырсақ iшiндегi қуырдақ. Бұл таңсық тағамды Қазақ ауылшаруашылық өнiмдерiн қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ойлап тапты. Бiр қызығы, осы бауырдақты 3 айға дейiн сақтауға болатын көрiнедi. Бұл — институт ғалымдарының жалғыз жаңалығы емес. Олар сондай-ақ ұлттық сусындар — қымыз бен шұбатты ұнтақ, таблетка түрiнде өндiрудi де қолға алмақ. Институттың ет және сүт өнiмдерi технологиясы зертханасының меңгерушiсi, ҰҒА академигi, техника ғылымдарының докторы Өрiсбай ШОМАНОВпен әңгiмемiз осы бастамалар төңiрегiнде өрбiдi. Өрiсбай Шоманұлы институт ғалымдарының басқа да жаңалықтарымен бөлiстi…”. Әңгiмелескен Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ («Жас Алаш» газеті  №05 (15463) 19 қаңтар, сейсенбі 2010 жыл).

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан аумағында жаппай дерлік қарсыз, аязды күн райы сақталады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, «Қазақстанға қуатты әрі суық антициклонның ықпалы жалғасып отырғандықтан, елдің басым аймақтарында қарсыз, үскірік аяз сақталады».

Атап айтсақ, «Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында секундына 15-22 метр жылдамдықта жел тұрады, Жамбыл облысының таулы аймақтарында оның екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді деп күтілуде. Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және күндіз Қарағанды облыстарында кей жерлерде секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғып, бұрқасындатады. Түнде Жамбыл, таңертең Шығыс Қазақстан облыстарының кейбір аумақтарында тұман болады».

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ