«Бәсеке болса ғана баға арзандайды ал монополистер нарық қағидасын басшылыққа алып отыр ма?». «Ішкі көші-қон мәселесі бір тармақпен шешілмейді». «Шоқан Уәлиханов Ноғайлы дәуірін “қазақтың алтын ғасыры” деп бағалаған»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 16 ақпан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қазақстан соттарынан әділдік таппадық деген әулет енді халықаралық ұйымдарға жүгінбек”. “15 ақпанда бес отбасы наразылық шарасын ұйымдастырды. Сот шешімне сәйкес, жас балалары бар бес отбасы баспаналарын босатуы тиіс болған. Барлық инстанциялардан өткен олар жеткілікті өтемақының қолдарына берілуін сұрайды. Бұл жолы түсініктеме алумен тоқталған сот орындаушысы 22 ақпанда сот шешімін жүзеге асыруға тағы келетінін ескертті.

Алматы қаласының Сұлтанбек Қожанов атындағы көшенің 49 үйінде тұратын тұрғындары 15 ақпанда өздеріне әділетті қарым — қатынасты талап етіп наразылық білдірді. Мәселенің мәнін және даудың неден бастау алғанын үш баланың анасы Оксана Григориади былайша баяндайды:

— 2006 жылы Алматы қаласы әкімшілігі бізге үйлеріміздің сүрілетіні жайында қаулы берген. Кейін белгісіз себептермен ол қаулының күшін жойды. Алайда, 2008 жылы үйлер тұрған жер мемлекеттік қажеттілік үшін алынатыны туралы жаңа қаулы шығарды.

Бірақ, бұл жерде коммерциялық құрылыс жүрмек. Ол құрылыс компаниясы “Парасат груп” деп аталады. Бұл жер телімін құрылыс компаниясына беру туралы Алматы қаласының бұрынғы әкімі Иманғали ТАСМАҒАНБЕТОВ қызметінен кетерден үш күн бұрын қаулы шығарып кеткен.

— Олар бүгін біздің баратын жеріміз жоқ болғандықтан, үйді босатпайтынымыз туралы түсініктеме жазғанымызға тоқталды. Бізге өтемақы берілген жоқ, сосын қазір қыс кезі. Тіпті, жаз маусымы болғанның күннің өзінде, біз қайда барамыз? Яғни бізге тұрғын үй берілген жоқ, ештеңе берілген жоқ. Сот инстанцияларының барлығы істі қарсы тараптың пайдасына шешті. Жоғарғы сот менің апелляциялық шағымымды қарамай отыр. Енді, Жоғарғы сот менің апелляциялық шағымымды қарағысы келмейді деп, халықаралық ұйымдарға шағымданбақпын, — деді Юрий Аманатиди.

— Бұл отбасылары мына жылжымайтын мүлікті, яғни үйді 2008 жылғы 12 қарашадағы сот шешіміне сәйкес босату керек. Өткен жылдың мамыр айында алғаш рет оларды үйлерінен көшірмек болдық. Ол кезде аяз болған жоқ, бірақ азаматтар үйді не себеппен екені белгісіз босатпады. Тіпті олар билік өкілдеріне қарсылық танытты. Мен оларға бірнеше рет қаржылай өтемақы туралы ескертпе хат бердім. Өтемақының мөлшері 120 миллион 788 мың теңге. Бұл ақша сот әкімшілігінің депозиттік шотында тұр. Ал, бұл отбасылары ақшаны алу үшін банктік реквизиттерін бермей отыр,- деді Жанна ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА.

Алайда, Оксана Григориади бұл ақшаны алмайтындарын айтады. Оның ойынша, бұл қаржы бес отбасыға үй алуға жетпейді және сот аталған өтемақы сомасын үй иелерінің айтқан бағасын қаперіне алмай қарсы тараптың мүддесі тұрғысынан ғана көрсеткен”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “Бәсеке болса ғана баға арзандайды ал монополистер нарық қағидасын басшылыққа алып отыр ма?”. “Елбасымыз айтқандай, бәсеке жоқ жерде ұйқың тыныш болады, бірақ өмір сүру деңгейі төмендейді, ал біз жақсы өмір сүргіміз келеді. Президент биылғы халыққа Жолдауында бәсекелік орта қалыптастыруға аса мән бере айтты.

Бәсеке жоқ жерде сапалы және сапасыз өнімді салыстыру жоқ, оған қоса даму да тоқтап қалады. Бұл ақиқат. Еуропалықтар кейде біздің елімізде көп қызмет көрсетулердің бағасының тым қымбаттығын, мұндағы бір қаладан екінші қалаға ұшақ арқылы жетуге кететін шығынға Еуропада бір апта бес жұлдызды қонақүйде демалып, қымбат мейрамханаларда тамақтануға болатынын айтады. “Оның себебі — сіздерде бәсекелік орта қалыптаспағандықтан дейді” олар. Бәсеке — бір-бірімен бақталасу емес. Ол — жақсы қызмет көрсетуге, сапалы өнім өндіруге және оны тұтынушыларға ақылға қонымды бағамен сатуға жол ашатын салауатты қимыл.

Елімізде жанар-жағармай бағасына орай, жыл сайын екі-үш рет дабыл қағылатынына етіміз өліп кеткені белгілі. Баға қымбаттаған сайын әртүрлі себептер де дайын тұрады. Жыл басынан бері жанармай рыногында кезекті текетірес тағы орын алды. Оның басты себебі — мұнай өнімдерінің көтерме бағасының реттелмейтіндігі және оны өндірісшінің еркіне беріп қойылуы. Ортадағы жанармай жеткізушілер мен май құю стансалары тарапынан біраз келіспеушіліктер туындап, соңында өндірісшілер икемділік танытып, ортақ мәмілеге келе алды. Мұны айтып отырғанымыз — Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі “Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы” жаңа заңның жобасын жасап, оны монополияға қарсы күрес ұйымы және агенттіктің жанындағы мұнай өнімдері рыногындағы бәсекелестікті дамыту және қорғау жөніндегі сарапшылар кеңесі үшінші рет бас қосып талқылап, өзгертулер енгізіп, оны тезірек қабылдауға жолдама берді. Жаңа заң жобасы мұнай өңдеуді, сонымен қатар дайын мұнай өнімдерін өткізуді жаңа операциялық жүйелерге көшуді қарастырады. Бұл жаңа жүйе ортадағы делдалдар қызметін ретке келтіру, МӨЗ-дерді модернизациялау және рыноктағы бәсекелестік қатынастарды дамытуға ықпал ететін болады деп күтілуде…”. Авторы: Алма МҰХАМЕДЖАНОВА.

Ішкі көші-қон мәселесі бір тармақпен шешілмейді”. “Кейінгі жылдары Қазақстанның көші-қон мәселесі күрт шиеленісіп кетті. Сыртқы миграцияны реттеуде ілгерілеушілік бар болғанымен, ішкісінде ілкімді істер әлі күнге байқалмайды. Оны реттеу республикада тым кеш қолға алына бастағаны белгілі.

Өйткені ішкі көші-қонның келеңсіз көріністері 3-4 жыл бұрын ғана, 2006-2007 жылдары, ірі қалаларға бағытталған көші-қонға қысым жасала бастағанда бір-ақ анық көрінді. Оның көрінісі — Бақай мен Шаңырақ ықшамаудандарындағы баскөтеру, қанды қақтығыстар болды…

Міне, осы тұста ғана ел билігі ішкі көші-қон мәселелеріне назар аудара бастады. Дегенмен құқықтық және өзге бағыттағы да топтар құрылып, жағдай қан төкпейтіндей қалыпқа түсе бастағаннан кейін оның да науқандық сипат алып қана шектелгенін бағамдап жатқандаймыз. Мемлекеттік тұрғыда мәселені түбірімен шешу жоспары қарастырылмаған. “Шаңырақ” республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Сапура ЖҮСІПОВА Қазақстанның көші-қон саясаты сыртқы көші-қон мәселесіне көп көңіл бөліп, ішкі көші-қон мәселесін мүлде ескерусіз қалдырып отырғанын айтады. Көші-қон саясатын жүзеге асыратын қай құжат болмасын, ішкі көші-қон мәселесін шешуде бір тармақ не бір азат жолымен ғана шектеледі. Сапура апаймен әңгіме ішкі миграцияның шешілмей жатқан мәселелері мен оны шешу жолдары төңірегінде өрбіді.

— Республикада 1997 жылы қабылданған “Халықтың көші-қоны туралы” заң тек сыртқы еңбек көші-қонының құқықтық нормаларын анықтады, — деп бастады сөзін төраға орынбасары. — Ал араға он жыл салып қабылданған “Қазақстан Республикасының 2007-2015 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы” тек жергілікті еңбек нарығы тепе-теңдігін қамтамасыз етуге арналған экономикалық жағынан белсенді тұрғындарды аймақтарға орналастыруға ықпал етуді ғана көздеді….

ШЕШІМІН ТАБУЫ ҚАЖЕТ 9 МӘСЕЛЕ:

— Тұрғылықты жері бойынша тіркеу тәртібін жеңілдету;

— Республиканың әр азаматына жерді бөліп беру ережесі қосылған жекеменшік тұрғын үй салуға 10 сотық жерді тегін пайдалануға беру туралы рәсім дайындау;

— Мекенжайын ауыстырғанда жұмыс беруші жағынан қандай да бір кемсітуді болдырмау мақсатында жұмысқа тұру тәртібі туралы заңнама жасау;

— Ауылдық аймақтарда қоныстандыруды арттыру мақсатында әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын жасау;

— Ауылдық аймақтар мен облыстарда орта және жоғары білім сапасын арттыру бағдарламасын жасау;

— Ауылдық аймақтар мен облыстарда медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағдарламасын жасау;

— Ауылдық аймақтар мен облыстарда өндіріс күшін арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларын жасау;

— Облыс, қала және аудандық әкімшіліктер жанынан жер телімдеріне қоныстандыру мен беруге байланысты дау-жанжал мен тартыстарды шешу жөнінде қоғамдық комиссия құру; — Жалға берілетін муниципалды тұрғын үй мен жеке табысты үйлер институтын дамыту, сондай-ақ қандай да бір форс-мажор оқиғалар мен төтенше жағдайдан баспанасыз қалған азаматтарды уақытша орналастыруға арналған Резервті тұрғын үй қоры бағдарламасын жасау”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

EGEMEN.KZ. “Ноғайдың рухани өмірі”. “Шоқан УӘЛИХАНОВ Ноғайлы дәуірін “қазақтың алтын ғасыры” деп бағалаған. Ескілікті ақын-жыраулардың ноғайлыға соқпай өткені жоқ. Оны барынша ұлықтап, көтере дәріптеп жырлаған. Алайда, қазақ ұлысының бір бөлігі Ноғайлы Ордасы туралы түсінігіміз шектеулі боп келді. Осы ақтаңдақты игеру ниетімен “Ноғайлы” атты көлемді еңбек жазып бітірдім.

Бұрында да шамалаушы едім, тақырыпты нақты зерттеу үстінде Мұрын жырау аузынан жазылып алынған “Қырымның қырық батыры” ноғайлының саяси-әлеуметтік тарихының эпостық нұсқасы екеніне әбден көзім жетті. Міне, мұрағаттық-құжаттық, бұрын-соңды аталмыш тақырыпқа жасалған барлаулар мен зерттеулерді далалық тарихнама, шежіре, эпос-жыр деректерімен байытқанда өте бір қызғылықты да мағыналы еңбек боп шықты.

Сүйікті бас газетіміз “Егемен Қазақстанға” осы еңбегімнің “Ноғайлының рухани өмірі” тарауын ризашылықпен ұсынып отырмын.

Ноғайлы Алтын Орда ыдыраған кезде оның өзекті жұрты, ұйытқы тобы, орталық астанасы төңірегінде ірге көтерген жаңа мемлекеттік құрылым ретіне оның саяси мұрагері болмағанмен, рухани мұрагері болғанының басы ашық…”. Авторы: Әнес САРАЙ.

ZHASALASH.KZ. “Ғылым мен бiлiм саласындағы барымыз бен жоғымыз”. “Ғылым және бiлiм министрi Жансейiт ТҮЙМЕБАЕВ өткен жұмада бiлiм ошақтарының және қоғам қайраткерлерiнiң басын қосып, үлкен кеңес өткiздi. Онда бiлiм саласындағы қазақ тiлiнiң жай-күйi сөз етiлдi. Ақын, қоғам қайраткерi Мұхтар ШАХАНОВ, ғалым, сенатор Ғарифолла ЕСIМ, жазушы Смағұл ЕЛУБАЙ, “Ұлт тағдыры” қозғалысының басшысы Дос КӨШIМ, Қазақ қыздар педагогикалық университетiнiң ректоры Шәмша БЕРКIМБАЕВА және басқа да азаматтар сөз алды. Жиында айтылған деректер жиырма жыл iшiндегi жеткен жетiстiктерiмiз бен кемшiлiктерiмiздi қолмен қойғандай етiп ашып көрсетiп беретiн тәрiздi. Қалай десек те, мұның жақсы бастама екенiн ешкiм жоққа шығармаса керек. “Заман-Қазақстан” газетiнiң бас директоры Ахмет АЛЯЗ бұдан билiктiң халықпен санаса бастағанын көредi. Ал “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы Дос Көшiм мұны “Ел бiрлiгi доктринасынан” кейiнгi билiктiң жұмсарту саясаты деп бiледi. “Кездесу өткiзiп жүргендер – қазаққа жұмыс iстейдi-ау деп ел күткен министрлер. Бұл – кезектi үгiт-насихат жұмысы”, – дейдi ол….

Министр келтiрген деректер мынадай: 1991 жылы 8146 мектептiң 2768-i ғана қазақ мектебi болса, қазiр 7576 мектептiң 3811-i – қазақ мектебi. Қазақ мектептерi – 50,03 пайыз. Аралас мектептегi оқушылардың үлесiн қосып есептегенде, 77,9 пайызға жетедi. Балабақша саласында 1999 жылдан 2009 жылға дейiн 648 қазақ тiлiндегi балабақша iске қосылған. Елiмiздегi барлық бiлiм беру ұйымдарында мемлекеттiк тiл оқытылады. Қазақ тiлiн оқыту сағаттары көбейтiлген. Басқа тiлдерде жұмыс iстейтiн балабақшаларда 2-3 сағаттан тiл үйретуге арнайы сағаттар бөлiнiп отыр.

2007 жылы министрлiкте арнайы бекiтiлген шаралар жүзеге асырылған. Соның бiрi – қазақтiлдi емес мектептерде қазақ тiлiнiң апталық сағаты 2 сағатқа көбейтiлдi. Осының негiзiнде, мемлекеттiк стандартқа толықтыру енгiзiлдi. 2007 жылдан бастап республикадағы мектептердiң 9-сыныптарында жыл сайын мемлекеттiк бақылау тұрақты түрде өткiзiлiп тұрады. Сондай-ақ 2007 жылы арнайы бұйрықпен Бiрыңғай ұлттық тестiлеу бағдарламасына қазақ тiлi мiндеттi пән ретiнде енгiзiлген. Содан берi қазақтiлдi емес мектеп бiтiрушiлер және жоғары оқу орнын тәмамдаушылар мемлекеттiк тiлден емтихан тапсырады.

Мемлекеттiк тiлдi қазақтiлдi емес орталарға, мектептерге, орта және жоғарғы оқу орындарына, сондай-ақ шетелдiктерге оқыту үшiн көп деңгейлi арнайы бағдарлама дайындалған. Ол әлемде қабылданған IELTS, TOEFL үлгiсi бойынша жасалды. Алты деңгейден тұрады. Қазiр арнайы жұмыс тобы құрылды.

“Бұл қазақ тiлiн шетел тiлi ретiнде оқытатын жаңа бағыт. Жасыратыны жоқ, басқа ұлт өкiлдерi пәлен жыл мектепте, университетте оқып қазақ тiлiн бiлмей шығып жатыр. Осы олқылықты жөндеу үшiн халықаралық қалыптасқан дәстүр бойынша 4-5 деңгейлi қазақ тiлi бағдарламалары мен оқу құралдары дайындалды. Бұдан былай “5 сыныпта 4 алды, 6 сыныпта 5 алды” деп емес, бiтiрушiлер қазақ тiлiн қай деңгейде меңгергенiне қарай сертификат алады. Бұл тiлдi игеруге деген талапты да, сұранысты да күшейтедi”, – дейдi министр.

Сондай-ақ ғылыми диссертациялардың 27 пайызы мемлекеттiк тiлде қорғалады. 2000 жылдары 4 пайыздан аспаған. Гуманитарлы салада 73 пайызы қорғалуда. “Мемлекеттiк тiлге қатысты жұмыс iстей беремiз. Мұнымен тоқмейiлсiмеймiз”, – дедi министр….

“Нұр Отан” партиясының хатшысы Ерлан ҚАРИН “Ұлттық саясатта жүйелi көзқарас қажет екенiн айтты: “Статистистика бойынша, бәрi дұрыс! Қазақ тiлiндегi мектептердiң көбеюi, қазақша ғылыми зерттеу жұмыстарының санының ұлғаюы, тағысын тағылар. Екiншi жағынан алып қарағанда, қазақ мемлекеттерi саны көбейгенмен, бiлiм беру жүйесiнiң, оқыту бағдарламаларының сапалығы, ғылыми-зерттеу жұмыстарының мазмұны ойландырады. Мәселен, 1997 жылы елiмiздегi жалпы докторлық, кандидаттық диссертациялардың тек қана 4 пайызы ғана мемлекеттiк тiлде қорғалса, 2007 жылы 22 пайыз болған. Өстi ме? Төрт пайызбен салыстырғанда өскен сияқты. Екiншi жағынан алғанда, 22 пайыз деген тым аз. Қорғалғандардың 80 пайызы – тарих, филология сияқты гуманитарлық пәндер бойынша. Сонда, ғылымның қазақ тiлiнде дамуы тек қана тарихшылар мен филологтарға ғана керек пе? Қазақ мектептерiнде кейбiр пәндер бойынша үй тапсырмасы орыс тiлдi кiтаптар бойынша берiледi. Сабақтың өзi де орысша түсiндiрiлетiнi кездеседi. Бұл қалай? Физика, геология, басқа да ғылым саласында докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалмай жатса, онда ғылыми еңбектер бiлiм жүйесiне қалайша енбек? Ғылым мен бiлiм беру жүйесiндегi байланыс бар ма, жоқ па? Бұл – өз алдына бөлек мәселе.

Ана тiлi мен Чтение оқулықтарын салыстырып қараңызшы. Мәселе – қазақ тiлiнде айтылуы мен жеткiзiлуiнде емес, берiлу мазмұнында. Чтениеде “орыс рухы”, “орыс сөзi” дегеннен көз сүрiнедi. Бiзде бұл жағы кемшiн. Мемлекеттiк тiлдiң болашағына, қазiргi мәселесiне тоқталсақ, жүйелi түрде ортақ тұжырымдама аясында қарастыру керек…”. Авторы: Шадияр ӨСТЕМIРҰЛЫ.

MINBER.KZ. “Орбиталық масштабтағы Олжас Омарұлы нені меңзейді”. “2010 жылдың 11 ақпаны күні “Свобода слова” газетінде ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі, Қазақстанның халық жазушысы һәм ғалым Олжас СҮЛЕЙМЕНОВпен әңгімелескен Кайрат КАЗАКПАЕВ-тың “Қазақстанға моноұлттық мемлекет болу қауіпті. Өйткені, ол монокристал сынды күйреуік” деген сұқбаты жарияланды.

Мүйізі қарағайдай, орбиталық масштабтағы Олжас Омарұлының ұлт жанашырларының “Қазақстан халқы ассамблеясы” әзiрлеген, “Ел бiрлiгi” доктринасына балама ретінде жасаған “Ұлттық саясат тұжырымдамасына” (Тұжырымдама) қатысты ой-пікір, көзқарасы болса, оны қалай жерге тастауға, көзге ілмеуге болады?…”. Авторы: Б. БУРЫЛАЛТАЙ.

ZAMANA.KZ. “Алтын медаль үшін 250 мың доллар алады. жерлесіміз жібек арапбаева да жеңіс төрінен көрінсе дейміз”. “12-ақпан күні Канаданың Ванкувер қаласындағы “Би-СиПлейс” стадионында ХХІ қысқы олимпиада ойындары өз жалауын көтерді. Спорттың 15 түрінен жарыс алаңына шығатын спортшылар 17 күн бойы 86 жүлдені сарапқа салады. Олимпиада ойындарына Қазақстан 39 спортшысын үкілеп қосып, үлкен сенім артып отыр.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері төрт рет қысқы олимпиада ойындарына қатысқан. Жетістігіміз ауыз толтырарлықтай демесек те, қоржынымызда сыңғырлаған медальдар жүр. Бір Владимир СМИРНОВтың өзінде шаңғымен жарысудан олимпиада ойындарының 4 күміс, 2 қола медалі бар. Ендеше, Ақ олимпиададан жүлделі қайту Қазақстан спортшылары үшін қол жетпейтін асу еместігі анық.

Спорттың 8 түрінен жарыс жолына шығып, ел үмітін ақтауға тырысатын 39 спортшы кім,  енді осыған тоқталайық. Олар мына азаматтар:

Шаңғымен биіктен секірушілер – Николай Карпенко, Алексей Королев, Радик Жапаров. Тау шаңғысы – Игорь Закурдаев, Людмила Федотова. Конькимен жарысу – Дмитрий Бабенко, Роман Креч, Денис Кузин, Екатерина Айдова, Наталья Рыбакова. Биатлон – Елена Хрусталева, Анна Лебедева, Марина Лебедева, Любовь Филимонова, Александр Червяков, Ян Савицкий, Диас Кенешев, Николай Брайченко, Александр Трифонов. Фристайл – Дмитрий Рейхерд, Дмитрий Бармашов, Юлия Родионова, Дарья Рыбалова, Юлия Галышева, Жібек Арапбаева. Шаңғымен жарысу – Николай Чеботько, Сергей Черепанов, Алексей Полторанин, Евгений Величко, Евгений Кошевой, Светлана Малахова, Оксана Яцкая, Елена Коломина, Татьяна Рощина, Марина Матросова, Елена Антонова. Мәнерлеп сырғанау – Денис Тен, Абзал Рақымғалиев. Шорт-трек – Айдар Бекжанов.

Әрбір қазақстандық енді осы спортшылардың басқан қадамын жіті бақылап отыратын болады. Шымкенттіктер әсіресе өз жерлестері, республика чемпионы Жібек Арапбаеваға шын жүректен тілеулес болары сөзсіз.

Спортшылардың жеңіске деген ынтасын арттыру үшін Үкімет те өз уәдесін берді. Олимпиаданың алтын медалін иеленген спортшыға – 250 мың, күміс медаль үшін – 150 мың, қола медальға қол жеткізген спортшыға 75 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілетінін күні ілгері хабарлады. Ресейдің өзінде мұндай сыйақы берілмейтінін ескерсек, Қазақстан Үкіметінің спортшыларға айтарлықтай жағдай жасап отырғанын білеміз.

Бірақ, бір өкініштісі, олардың арасында қаракөз жастар аз болып тұр…”. Авторы: М. РАЙЫМБЕК.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 16 ақпан. Kazakhstan Today — Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Мәскеуге жасаған жұмыс сапары аясында Ресей Федерациясының премьер-министрі Владимир ПУТИНмен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында Қазақстан-Ресей экономикалық ынтымақтастығын дамыту мәселесі талқыланды.

Астана. 16 ақпан. Kazakhstan Today — Қазақстанның басым өңірлерінде боран соғып, көктайғақ болады деп күтілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 16 ақпанда «Қазақстанның батыс бөлігі атмосфералық фронталдық бөліністердің ықпалында болады, ал шығыс бөлігі — антициклон ықпалында болады. Ақтөбе, Павлодар, күндіз Қостанай, Ақмола облыстарында кей жерлерде боран соғады, желдің жылдамдығы секундына 15 — 20 метрді құрайды. Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде боран соғады, желдің жылдамдығы секундына 15 — 20 метрді құрайды. Күндіз Жарма ауданында желдің жылдамдығы секундына 20 — 25 метрге жетіп күшейеді. Батыс Қазақстан облысында боран соғып, көктайғақ болады, желдің жылдамдығы секундына 15 — 20 метрді құрайды. Маңғыстау облысында кей жерлерде боран соғып, көктайғақ болады, желдің жылдамдығы секундына 15 — 20 метрді құрайды. Атырау облысында кей жерлерде боран соғып, көктайғақ болады, тұман түседі, желдің жылдамдығы секундына 17 — 22 метрге жетеді».

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, » Алматы облысының Жалаңашкөл аумағында оңтүстік-шығыстан 18-23 м/с жылдамдықпен күшті жел соғады, кей кездері оның екпіні секундына 28 метрге жетеді деп болжануда. Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді».

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ