«Әкiмдердiң халық алдына шығып, есеп берудi әдетке айналдырғанына бес жылдың жүзi болды». «Бұрын қазақ тілі – ресми тіл, әдеби тіл деп екіге бөлінетін еді. Енді аударма тілі деген шықты». «Өз немересi оқи алмайтын оқулықтың кiмге қажетi бар?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 19 ақпан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Жәкішевтің адвокаттары өтініш беруден, судья оны кері қайтарудан жалықпайды”. “Қазатомпромның” бұрынғы президенті ЖӘКІШЕВтің адвокаты Нұрлан БЕЙСЕКЕЕВ судьяны алмастыруды және істің ашық қаралуын тағы да өтінді. Ол Жәкішев ісінде құпиялылық жоқ деп есептейді. Бірақ адвокаттың өтініштері бұл жолы да қанағаттандырылмады…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Қара жорға” – қазақтың мақтанышы”. “Қара жорға” тарих тамырымен ұштасып, қазақ халқының ежелден салты мен санасына сіңіп, қазақ жұртының ұлттық биі ретінде саналып келгендігіне дау жоқ. Тек Кеңес үкіметінің жетпіс жылдық сұрқия саясатының кесірінен ұлттық биден қол үзіп қалғанымыз әмбеге аян. Бүгінде осы құндылықтың қадір- қасиетін сезініп, елдің ертеңі болып саналатын жастар қауымына жаппай дәріптеп жүрген Қытайдағы қандастарымызға қалай рақмет айтпасқа?!

Осы ретте өзге елде тұрып, ұлтының рухын асқақтатып, Қазақ елінің еңсесін көтерген бауырлар алдында біздің қол қусырып отырғанымыз елге де, елді бастап жүрген өнер саласының басшыларына да сын. Тәуелсіз ел болып, іргемізді қаласақ та, жастарға жаттан келген улау саясатымен күресуге қауқарсыз болып отырмыз. Көзге оғаш көрінетін жастар биі — дәл осы улау саясатының жемісі. Осы жайтты ескере отырып, ұлттық бидің маңызы мен мәнін түсініп, жаппай насихаттау саясатын қолға алған жөн. Қазақты әлемге танытатын тек қана ұлттық құндылықтар екенін түсінетін уақыт жеткелі қашан?! Қай кезге дейін жат жұртқа жалтақтап, еліктеп өмір сүрмекпіз. Тіліміз бен дінімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, әніміз бен биімізді дәріптеп, дәрежесін арттырып, биікке шығаратын уақыт жетті. “Айқын” газетінің 5 ақпанында жарық көрген Жолдасбек ДУАНАБАЙдың “Бүкіл қазақ “Қара жорғаға” билесін!” атты мақаласында көтеріп отырған мәселе өте орынды…

Ертеңін ойлаған елдің алар асуы мен шығар белесі көп болатынын ескерсек, ел болып ұлттық биіміздің мәртебесін арттыру жолында жаппай еңбек етуіміз қажет. Біздің ұжым — “Жас Ұлан” киностудиясы ақпан айының 25 жұлдызынан бастап “Искра” кинотеатрында көрсетілетін “Мәңгі өмір сүргің келсе…” кинокомедиясында халық қазынасына иненің жасуындай болса да көмегі болғай деген ниетпен, фильм ішінде жас жеткіншектерді “Қара жорғаға” билеттік. Мұндағы мақсат — қазақ көрермендерінің санасында “Қара жорға” биін қайта жаңғырту еді. …Сондықтан да санамызда салтымыз, ата дәстүрі болсын десек, “Қара жорға” биін біздің мақтанышымыз екенін сезіне отырып, ел болып бірге насихаттайық, құрметті оқырман қауым!” (Еркін РАҚЫШЕВ, режиссер).

…Бұл тұрғыда қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері Дәурен ӘБІРОВ соңына қалдырған мұраға қайта бір үңілгеніміз жөн болар. Ол кісі 30-дан аса ерлер, 20-дан аса әйелдер биінің қимылын зерттепті. Тіпті сол билерді ұлттық опералар мен балеттерде, жиырмаға жуық халық ансамбльдерінде қолданыпты. Ұлт рухын көтерудің ұлы шараларының бірі ретінде осы секілді байқауларды жиі ұйымдастырған жөн болар. Бұл “Халық биінің қауқары азайып барады” деушілерге берілген оң баға болар еді. Осы тұрғыда “Айқында” көтерілген “Қара жорға” туралы өзекті мақала қазақ жұртын бір серпілтті. Расында да, бұл күй адамның делебесін қоздырып, билемеуге болмайтындай күйге түсіреді. Сондықтан осы күйге 22 наурызда күндізгі сағат 12.00-де жаппай билеуді өз басым қолдаймын. Осылайша ұлттық өнерімізді насихаттап қана қоймай, оны өзге ұлттарға да өнеге ретінде көрсете аламыз” Айнұр СЕРІКБАЙ, газет окырманы.

EGEMEN.KZ. “Елдік мәселелер ел назарында тұруы тиіс”. “Әрине, дүниежүзілік қаржы дағдарысы біздің жоспарларымызға біраз өзгерістер енгізді. Дегенмен, бұл – елімізге өте қажетті стратегия. Қауіпсіздіктің небір түрі болады. Экономикалық қауіпсіздік, ішкі-сыртқы мәселелердегі қауіпсіздік, ақпарттық қауіпсіздік. Бұлар жөнінде менің биылғы халыққа арнаған Жолдауымда нақты көрсетілген. Сондықтан, бұл шаралар бағытында көп жұмыс істеуіміз керек. Төңірегіміздегі жағдайды, оның ішінде дүние жүзіндегі болып жатқан оқиғалар мен ішкі-сыртқы жағдайды ескеріп, қандай мәселелерге көңіл бөлу керек екенін сараптайтын боламыз”, деді Елбасы өз сөзінде.

Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат ТӘЖИН 2009 жылы стратегияда қарастырылған іс-шаралардың мемлекеттік органдар тарапынан орындалуы жөнінде баяндады. Аталған мәселені талқылау кезінде Мемлекет басшысы іске асырылатын шаралардың тиімділігіне баса мән берілуі тиіс екендігін атап көрсетті. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі бағыттары бойынша қалыптасқан үрдістерді талдау бойынша алдағы кезеңге көзделген нақты басымдықтар айқындалды…

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы турасында айтқанда, Мемлекет басшысы оны бүкіл ел аумағында жоғары деңгейде атап өту қажеттігіне баса назар аударды. Елбасы өз сөзінде Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі екендігін, сондықтан бірде-бір соғыс ардагері, олардың жесірлері, соғыс ардагерлерімен теңдестірілген азаматтар, тыл еңбеккерлері өздерін мемлекет назарынан тыс қалғандай сезінбеуі тиіс екендігін айрықша атап өтті.

Отырыс кезінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары Ербол ОРЫНБАЕВ есеп берді. Ол өз сөзінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне материалдық жағынан қолдау-көмек көрсету үшін Үкіметтен 5,8 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінгендігін жеткізді…

… Бұл күнгі отырыс аясында сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысып, ерен ерлік көрсеткен қазақстандық жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдырумен байланысты арнайы ұсыныстар қаралды.

Еліміздің Қауіпсіздік Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке және осы мәселелерге тікелей мүдделі мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Ал Елбасының берген бұл тапсырмаларының жоғары деңгейде орындалуын бақылау Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығының құзыретіне тиді”. Авторы: Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.

Табыстың көзі”. “Қазақстанда теңдессіз жобалардың бірі – мал шаруашылығындағы ірі көлемді селекцияны іске асыру басталды.

…Президент биылғы Жолдауында салаға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Президенттің тапсырмасына сәйкес 2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары бойынша ішкі рыноктың 80%-дан астамын отандық тамақ өнімдері құрауы тиіс…

Мал шаруашылығы саласы соңғы жетпіс жылда мал басының ауытқуымен сипатталды, 1941-91 жылдар кезеңінде мал басы жедел өсті, ал 1991-1997 жылдар аралығында бірден азайып кетті. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік және институттық қолдаудың арқасында 2002 жылы мал шаруа-шылығы өз мүмкіндігін қалпына келтіре бастады және қазір жыл сайынғы мал басының өсу қарқыны 4-5 %-ды құрайды.

Дегенмен, соңғы жылдары шаруашылық жүргізудің бірыңғай әдістері өзін-өзі ақтамағанына көзіміз жетіп келеді. Сондықтан сала мен мал басын қаржыландыруды бірнеше рет арттырғанымен, мал шаруашылығында түбірлі өзгеріс байқалмады. Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің жалпы өсімі әдеттегідей мал басының көбеюі арқасында жүреді.

Экстенсивті табиғи даму жолы дамып келе жатқан экономика үшін әбден қонымды екені сөзсіз…

Ел Президенті айтқандай, Қазақстанда ең төмен еңбек өнімділігі ауыл шаруашылығында және ол 3 мың долларды құрайды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды. Алдағы перспективада аталған көрсеткіш АӨК-тің және оның ішінде мал шаруашылығы саласының даму жағдайын бағалау үшін басты өлшем болады.

Елбасы Жолдауында НЕРУдің “Табыс кім батыл қимылдаса, соның үлесіне жиі түседі” деген сөзін келтірді. Біз ауыр да күрделі жұмыс бастап отырмыз. Ол еліміздің мал шаруашылығы саласындағы жағдайды қысқа мерзімде түбірімен өзгертуі тиіс. Бұдан басқа жол жоқ, сондықтан біз бұл жолда жетістікке жететінімізге сенімдіміз”. Авторы: Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Ауыл шаруашылығы министрі.

Бар үміт – биатлоншылар бәсекесінде”. “…Қазақстан құрамасы мүшелері арасынан кеше Алексей ПОЛТОРАНИН өзін жақсы қырынан көрсете білді. Қысқа қашықтыққа жарысқан шаңғышылар бәсекесінде Шығыс Қазақстан облысының өкілі жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, бесінші орын алды. Дегенмен де жерлесіміздің өнері майталман мамандар мен білікті бапкерлер тарапынан жоғары бағаға ие болды….

Мәнерлеп сырғанаудан іріктеу бәсекелері өтіп, дүйім жұрт Денис ТЕНнің шеберлігіне құлшына қол соқты. 17 жасар өреніміз мүйіздері қарағайдай қарсыластарымен тең дәрежеде айқасып, ақтық сынға жолдама алды. Бүгін ол финалда өнер көрсетеді. Өкінішке орай, тағы бір сырғанаушымыз Абзал Рақымғалиевтің Ванкувер мұз айдынында жолы болмады.

Бүгін биатлоннан ерлер 15 шақырымдық, әйелдер 10 шақырымдық жекелеген сайыста күш сынасады…Ертең жерлестеріміз тұғырдан секіру, тау шаңғысы және шаңғы (пурсит) спорты бойынша шеберлік байқасады”. Авторы: Ғалым СҮЛЕЙМЕН, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Ванкуверден.

TURKYSTAN.KZ. “Халықпен бетпе-бет”. “Әкiмдердiң халық алдына шығып, есеп берудi әдетке айналдырғанына бес жылдың жүзi болды. Бұл әдет ерiктi түрде жүзеге асты деуге болмас. Шындығында, 2005 жылғы 6-сәуiрдегi ҚР Президентiнiң жарлығына сәйкес барлық деңгейдегi әкiмдер жыл сайын тұрғындарға есеп беруге мiндеттi болды. Әдетте, қаңтар айында басталған есеп беру кездесулерi ақпан айының соңына қарай аяқталып қалады. Осы уақыт аралығында әрбiр облыста орташа есеппен 600-700-ге жуық кездесулер өткiзiледi екен. Ең әуелi, әкiм-қаралар өздерi басқарып отырған аймақ тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнатуы тиiс болатын. Басқаша айтқанда, әкiмнiң бiр жылғы жұмысына бағаны билiк емес, бұқара халық беруi керек. Екiншi бiр мақсат – әкiмдер халық арасына шығып, қарапайым азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ түрсiн деген игi ниеттен туған едi. Үшiншiден, жергiлiктi билiк органдарының жұмыс iстеу тәсiлiн жетiлдiру көзделген едi.

Ресми деректерге көз жүгiртсек, бұл мақсаттар ойдағыдан артық орындалған сияқты. Мысалы, 2008 жылы түрлi деңгейдегi әкiмдердiң есебiне елiмiз бойынша миллионнан астам адам қатысқан екен. Жалпы саны 10 000-нан астам кездесу ұйымдастырылған. 50 000-нан астам сұрақ қойылған. Олардың iшiнде өтiнiш те, ұсыныс та, наз да, өкпе де бар. Бiрақ әкiм мен халықтың ара-қатынасы туралы айтқанда, құрғақ сандар шынайы өмiр шындығын көрсете ме? Статистика жыл бойы әкiмнiң қабылдау бөлмесiнiң босағасынан сығалай алмай жүрген талай азаматтарды сипаттай ала ма? Сонымен, бес жылда не ұқтық? Не ұттық?…

Неге? Себебi бiреу-ақ: әкiмдер есебiне қарағанда, Қазақстан халқының қазiргi жағдайы «қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған» деп сипаттауға келер.

Биылғы жылы бiраз әкiмнiң есебiне шолу жасадық. Обалы не керек, мейлi оңтүстiк аймақтың әкiмi болсын, мейлi iрi қаланың әкiмi болсын, тiптi аудан әкiмi болсын – барлық әкiмдердiң есептерi бiр қолдан шыққандай ұқсас…”. Авторы: Гүлбиғаш ОМАРОВА.

ALASHAINASY.KZ. “Байқоңырдағы балалар құқын Ресейге жалға бермеген шығармыз”. “Байқоңырдағы қаракөздеріміздің отаны, мекені – қасиетті Ресей! Жылайсың ба, күлесің бе? Расы сол, оң-солын айыра алмай жүрген бүлдіршіндерді осылай оқытып жатырмыз. Буыны бекімеген құлындарымызды үйірінен айырып, жетіскен жайымыз бар. Байқоңырда! Айтпақшы, бұл мәселе көтерілгелі қа-а-ша-а-ан. Алайда, “айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды” демекші, “баяғы жартас, сол жартас”, өзгерген дәнеме жоқ, нәтиже – нөл! Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВтің де кешегі жалпы отырыста осыны айтып, үні дірілдеп, ұнжырғасы түсіп кетті. Өңіріндегі мәселені естіп, халық қалаулысы өңсіз оралған…

“Айтылған сөз бір құлақтан кіріп, екінші құлақтан шығып кетіп жатса, ескерілмесе, амал жоқ, сол айта-айта ажары кеткен әңгімеге қайта ораласың, – деп бастады депутат әңгімесін. – Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте оқитын алты мыңнан астам бала әлі күнге дейін Ресей мемлекетінің бағдарламасы бойынша білім алуда. Менің қолымда бастауыш мектептің екінші сыныбына арналған “Бізді қоршаған әлем” атты оқулық тұр. Кітаптың беташарында “орыс тіліндегі түпнұсқасын Ресей Федерациясының білім және ғылым министрлігі, ал қазақ тіліндегі аудармасын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған” деп жазылған. Кітапты шығарған Алматыдағы “Просвещение – Қазақстан” баспасы. Кітап “Біз қайда тұрамыз?”, “Табиғат”, “Қала және ауыл өмірі” дейтін үш бөлімнен тұрады. Иә, біз қайда тұрамыз? Нақтырақ айтсақ, Байқоңырдың балалары қайда тұрады?

Мұның жауабы осы оқулықтың 6-бетінде берілген. Онда “Біздің қасиетті мекеніміз – Ресей!” деп жазылып, Ресейдің әнұраны, елтаңбасы, туы таныстырылады. Әрі қарай парақтасаңыз, оқушы Сережа мен Надяның кейпіне еніп Ресейдің тау-тасымен аралап кетеді. Қазақстан туралы, Қазақстанның елі мен жері туралы бір ауыз сөз жоқ”. Біздің түсінбегеніміз, бұл оқулықтың қазақша аудармасын Білім және ғылым министрлігі неге ұсынып отыр? Ұсынбастан бұрын “бұл оқулық біздің елде кімге керек?” деп ойланбады ма екен?

“Біз Байқоңырмен бірге Ата заң арқылы қорғалатын қазақтың өз ана сүтімен дарыған төл тілінде білім алу құқығын Ресейге жалға бермеген шығармыз?! Олай болса, осындай сорақылыққа жол берген Білім және ғылым министрлігі өз қателігін өзі неге түземейді?”, – деп Жарасбай Сүлейменов министрге қатты шүйлікті.

Халық қалаулысының айтуынша, екі жақты келісімшарттың талабы бойынша, Ресейдің өз оқулығын бізге тықпалауға еш негіз жоқ. “Бұл арада басын ашып айтатын бір мәселе, жағдайдың осылай қалыптасып отырғанына Ресейдің еш кінәсі жоқ. 1998 жылғы 28 наурызда Мәскеу қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі принциптері мен шарттары туралы келісімде мұндай жәй қарастырылмаған. Сонда қалай, біз оларды қазақ мемлекетінің білім беру бағдарламасына сәйкес әзірленген оқулықтармен қамтамасыз ете алмай отырмыз ба? Әлде бұл “жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның кері ме?”, – дейді Мәжіліс депутаты…

“Балкон – қылтима, душ – шаптырма”. Әңгіме “қылтимадан (балкон) қылтиып, шаптырмаға (фонтан) қарап тұр” дегеннен шығады. “Балкон – қылтима, душ – шаптырма, стюардесса – аспан серік, дочерняя компания – қыз компаниясы, насос – жел жібергіш, поршень – піспек, подшипник – ішпек” деп Мәжіліс депутаты Сағынбек ТҰРСЫНОВ езу тарттырар аудармаларды тізбелеп, жұртты күлкіге қарқ қылды. Шынын айтсақ, күлетіндей дүние емес. “Бүгінгі күні қазақ тілінде жазылған оқулықтарды, кейбір газет-журналдарды, құжаттарды қазақ тілін жақсы білетін қазақтардың өзі түсінбейтін дәрежеге жетті. Бұрын қазақ тілі – ресми тіл, әдеби тіл деп екіге бөлінетін еді. Енді аударма тілі деген шықты. Өздеріңіз білесіздер, барлық орталық және аймақтық атқарушы органдарда ресми құжаттар ресми тілде дайындалып, мемлекеттік тілге аударылады. Онда әрбір органның аудармашылары әр сөзді өз бетінше аударып, терминдерді жөнді-жөнсіз қолдануда. Тіпті терминологиялық комиссия бекітпеген терминдер жиі қолданылады. Сыңаржақ аудармалар мен түсініксіз терминдерден аяқ алып жүргісіз. Ал ғылыми-техникалық терминдер тіпті сұмдық”, – деп ащы шындықты бетке басты. “Мемлекеттік тілдің тазалығын сақтаудың нақты шараларын қолдану керек деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамытудың 2001-2010 жылға арналған бағдарламасы биыл мәресіне жетеді. Алдағы жылдарға арнайы бағдарламаның жобасы дайындалып жатыр. Осы бағдарламаның ішіне тіл тазалығын, терминдерді қолданудың тәртібін реттейтін нормаларды кіргізу, қажет болса тіл заңына өзгерістер енгізуі керек”, – деген ұсыныс жасады депутат…

Біраз уақытқа елорданы тастап, ел аралап қайтқан депутаттарды біраз шаруа күтіп қалған екен. Жалпы отырыстың күн тәртібінде анау-мынау емес 20 мәселе енгізіліпті. Үш бірдей министр (Экономика – Бақыт СҰЛТАНОВ, Көлік – Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, Энергетика – Сауат МЫҢБАЕВ) шақырылған. Оның үстіне төменгі палата өкілдері өңірлерден бума-бума депутаттық сауал жинай келіпті. Мұндай қат-қабат мәселелер мол тоғысқан отырыс парламентте ілуде біреу өтеді. Депутаттар бәріне үлгеруге барын салып жатты. Тиісті заңнамаларға статистика мәселелеріне, сот саласындағы атқарушылық іс жүргізуге, өрт қауіпсіздігіне байланысты өзгерістерді талқылады. Жыл өткен сайын нысандар қарқынды артып келеді, бірақ өрт қауіпсіздігін бақылайтын инспекторлардың саны өзгермеген. Сөйтіп, әр инспекторға 90-нан астам нысанды бақылауға тура келеді екен. Күн тәртібінің тығыздығына қарамастан, қатты қимылдаған мәжіліс депутаттары “Жер қойнауын пайдалану туралы” заң жобасын толықтай мақұлдап, жоғарғы палатаға жолдап үлгерді. Бір айта кетер мәселе шақырылған министрлердің бәрі де келді. Әдеттегідей сан түрлі сылтау айтып, орынбасарларын жібермепті”. Авторы: Салтан СӘКЕН.

Мектеп жасындағы “мамалар” көбейіп барады”. “Таяуда Шымкент қаласындағы мектептердiң бiрiнде 16 жасар қыздың жүктi болып қалғаны туралы ақпарат тарады. Мұғалiмдер болашақ ананың мәселесiн ашық түрде талқыға салатындығын мәлімдегенде, оқушы “папа” iс-әрекетiн мойындап, қызды өзiне өмiрлiк жар етуге шешiм қабылдапты. Осылайша, айқау-шу да басылған. Қазiр жас жұбайлар кешкi мектепке ауысқан көрiнедi.

Соңғы кездері мектеп табалдырығында жүрiп ана атанып қалу фактілері бүкіл елде жиiлеп барады. Дегенмен бұл мәселе әлi күнге “жабулы қазан жабулы” күйiнде бүркемеленiп келе жатқандай. Бәлкiм, бұл некеден тыс бала тапқан бойжеткеннiң ар-ұятын ойлап, оның әрекетiн жарияламауды жөн көретiндiгімізден болар? Әлде, басқа себебі бар ма? Әйтеуiр тиісті сала басшылары мұның түйiнiн тарқатып айтудан бас тартуда. Сондықтан дәл қазіргі мектептегi “мамалардың” санын нақты келтiру де қиын.

Қолда бар мәлiметтерге сүйенсек, былтыр денсаулық сақтау басқармасы мектеп жасындағы 250 қыздың жүктi болып қалғанын анықтаған. Өкiнiшке орай, олардың жүктiлiгi мерзiмiнен бұрын үзiлiптi. Көбi шаранадан құтылудың түрлi амалдарын көздеп, қылмыстық әрекетке жиі баратын көрiнедi. Облыстық бiлiм басқармасында Мақтаарал ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептiң 11-сынып оқушысы баласын босанғаннан кейiн өлтiрiп, әжетханаға тастап кеткенi туралы факт тiркелген. Ал құрсағына бала бiткенiн бiлген кейбiр қыздардың “ағайын-туыстан ұят, iшiмдегiнiң көзiн құртайын” деп шарананы iштен тұншықтырып, аборт жасатып жүргендерi қаншама?..

Психологтар “қыз балалардың мұндай әрекетке баруы – олардың ана болуға дайын еместiгiн сезiнiп, шарасыз күйге түсетiндiгiнен. Мұндай жағдай көбiне жасөспiрiмдердiң бақылаусыз қалуынан орын алады”, – дейді…

Шымкентте 2009 жылдан бүгiнге дейiн кәмелеттiк жасқа толмағандар арасында некеге тұру бойынша 35 құжат тiркелiптi. Оның үшеуi соңғы 11 айда тiзiмге енген. Ал 2008 жылы облыста 17 жасқа толмаған 100-ден астам қыз сәбилi болған. 20-ға жуығы 15 жасында босанған екен. Алайда гинекологтар 15-16 жаста бала көтерген қыздардың жүктiлiкке жауапсыз қарайтынын айтады. “Әйткенмен, аяғы ауырлап қалған жағдай орын алса, оларды сөкпеу керек”, – дейдi дәрігер-гинеколог Сәуле НҰРХАНОВА…”. Авторы: Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

ZHASALASH.KZ. “Өз немересi оқи алмайтын оқулықтың кiмге қажетi бар?”. “Осы мәселенi жазу маған өткен ғасырдың 80-жылдары кезектi еңбек демалысымды алып, Алматыға отбасыммен қыдырып барғанда ойыма келген едi. Кiшкентай баламды ертiп, Мемлекеттiк мұражайды аралап жүргенiмде мұражай қызметкерiмен алпысты алқымдап қалған бiр ағамыздың әңгiмелесiп тұрғанын байқадым. Ағамыздың жанында бiр жас қыз бар. Ол кiсi қазақ мектептерi үшiн оқулық жазғанын, оның кiтап болып шыққанын мақтана айтып тұрып, жанындағы қызды “немерем” деп таныстырды да, сүйiктi немересiмен орысша сөйлесiп, жайбарақат кетiп бара жатты. Дәл осы жерде маған “өз немересi оқи алмайтын оқулықтың кiмге қажетi бар?” деген ой келдi. Шынында да, қазақтың небiр ақын-жазушыларының балалары әкесiнiң кiтабын ана тiлiнде оқи алмайтыны рас едi.

Көптеген қазақ зиялыларының өз балаларын орыс мектебiне берiп, қазақ тiлiнiң болашағына жаны ауырмайтыны қынжылтады. Сөзiм дәлелдi болу үшiн бiрнеше мысал келтiре кетейiн. Бiрде теледидардан “Қазақ бұлбұлы” атанған Бибiгүл апайымыздың туған-туысқандарымен қала сыртында демалып жүргенiн көрсеттi. Осы демалыс кейiпкерлерiнiң қай тiлде сөйлесiп жүргенiн бүкiл Қазақстан көрдi. Ол тiл қай тiл екенiн iштерiңiз сезiп отыр. Ендi бiрде қазақ әнi мен кино өнерiнiң саңлағы, марқұм Кәукен Кенжетаевты еске алу хабарында қыздары қазақ тiлiндегi хабарда орысша сөйлеп, сұхбат берiп жатты. Бұдан да үлкен сорақыны мен “Тамаша” ойын-сауық отауын құрған, қаншама жас таланттардың жолын ашып, үлкен сахнаға алып келген, қазақтың бiр туар азаматы Лұқпан Есеновтi еске алу концертiнен көрдiм. Бет пiшiндерi еуропаланған, орыстiлдi бiр-екi немересi Лұқпан атасы жайында “ұлы” тiлде жылы лебiз бiлдiрiп, артынша “ұлы” тiлде ән шырқап бергенi өте өкiнiштi жағдай болды. Дәл осы сәтте асыл ағамыздың аруағына қатты жаным ашыды. Қазақтың өнерi үшiн маңдай терiн төгiп, еңбек етiп, жұмыстан үйiне шаршап-шалдығып келгенде бала-шаға, немерелерiмен өз ана тiлiнде шүйiркелесiп, сырласа алмау не деген қорлық деп ойладым.

Тағы бiр “таңғажайып” көрiнiс Медеу мұз айдынында болған. Сырғанақ теуiп жүрген бiр топ студент қазақ боксының мақтанышы, Сидней Олимпиадасының жеңiмпазы, жүзiнен де, сөзiнен де қазақы иiс аңқыған Ермахан ИБРАИМОВтың баласымен орысша сөйлесiп жүргенiнiң куәсi болыпты. Ермек СЕРКЕБАЕВ ағамыздың “жұлдызды” ұрпақтарын күнде теледидардан көрiп жүрсiздер. Олардың өмiрiнде қазақша сөйлемейтiнiн пошымдарына қарап-ақ түсiне қоясыз. Көп қазақтың қазақ газет-журналдарын оқымайтыны, күнi-түнi тек Ресей телеарналарын көретiнi және белгiлi. Оның үстiне “бiз мықтымыз” деп кеңiрдегiн керетiн де жататын “Орыс радиосы” мен “Европа плюстi” қосыңыз. Алматының “обрусевший” қазақтарының “Алма-Ата моя первая любовь” атты фестивалi тағы бар. Қазақ мектебiне берсе, балалары қараңғы қапаста қалып қоятындай зәресi қалмай қорқатын кейбiр зиялы ағаларымыздың осы әрекеттерiне “қазақ мектебi болмады, содан соң амал жоқ, орысша оқыттық” деген уәждерiне түсiнiстiкпен қарай бастаған да едiк. Бiрақ Монғолия, Қытай, Иран, Түркиядан оралған қандастарымызды көрiп, ол ойымыздан айни бастаған сияқтымыз. Кеңес заманында ата-баба жерiнен бiр үзiк хабар алуға зар болған бауырларымыздың туған жерге деген шексiз махаббатына, тiлiн, дiнiн, әдет-ғұрыптарын ұмытпағандарына қарап, өз елiмiзде жүрiп, өз тiлiнен безiнген, тiптi қазақ болуға намыстанатын безбүйректердi көрiп жүру де оңай емес-ау”. Авторы: Төрехан ЕРНАЗАРОВ, Шымкент қаласы.

Әдебиет пәнi өзге пәндердiң тасасында қалды”. “Менiңше, проза жанрында жаңа буын қалыптаса алмай жатыр… Қазiр 60-70-жылдардағы көркем әдебиеттiң деңгейiне жететiн дүниелер жоқ. Болса да, сол бұрынғы жазушылардiкi.

Ал өлең қазақ жаралғанда қазақтың қанымен бiрге жаралғандай. Қазақ өлеңiнiң беделi түскен емес, түспейдi де. Оған дәлел жетерлiк! Керiсiнше, проза мешеуленiп бара жатқандай. Проза мешеуленсе, халық рухани жағынан ашығады, қазiрдiң өзiнде аш. Жазбай жатқан жоқ, жазып жатыр. Кiтап шықпай жатқан жоқ, шығып жатыр. Бiрақ көңiлден шықпайды. Не жүйелi оқиғасы жоқ, не дұрыс бояуы жоқ, жұтаң.

Олай болуының себептерi көп. Соның бiрi – бiлiм жүйесiндегi қателiк. Қазiр мектептерде әдебиет пәнi өзге пәндердiң тасасында қалып бара жатқаны өтiрiк емес. Нағыз “Абай жолын” бас алмай оқитын шағында оқушыларымыз оқи алмайды, себебi, шұқылап тест белгiлеуден қолдары тимейдi. Осы күнi “МАБ” дейдi, “ҰБТ” дейдi, бұрылуға мұрша жоқ. МАБ-қа дайындықты 8-сыныптан бастайды. Мұғалiм мәжбүрлемей-ақ. Өйткенi, өзiнен бiр сынып жоғары оқитын былтырғы 9-сынып оқушысының кебiн кимес үшiн. Бұл кез оқушылардың нағыз көркем әдебиет оқитын шақтары ғой, шұқылап тест белгiлей берген оқушының ойы да, тiлi де дамымақ емес…”. Авторы: Зәуреш ЖЕТПIСБАЕВА, Лабай орта мектебiнiң қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi, Құрманғазы ауданы, Атырау облысы.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Дағдарыстың үшінші толқыны үркітіп отыр”. “Қазіргі таңдағы дүйім дүниенің бас ауруына айналған дағдарыстың пайда болған қайнарларына, оның сатылары мен үдерістеріне қатысты мәселелерді талдауға келгенде де, қайда апарып соқтырар екен деген беймаза сауалдың шешімін іздеуге тірелгенде де әлемнің маңдайалды экономистері де, сарапшылары да, бизнес өкілдері де тоқтамды уәжге әлі күнге келе алар емес.

Дей тұрғанмен, белгілі бір аймақтың, мемлекеттің, яки экономикалық қоғамдастық елдерінің ахуалын талдап жатады.

Есімізге түсірелік, 2007 жылдың тамыз айында Қазақстан жаһандық дағдарыстың алғашқы толқыны – банктердің ликвидтілігі дағдарысымен алғаш рет маңдай түйістірді. Екінші толқын – қаржы саласындағы мәселелердің шектен шығуымен айшықталды. Ал, қазіргі күндері бірқатар экономистер дағдарыстың үшінші толқынын күтіп әбіржуде. Осылардың бәрімен қатар, соңғы кездері ешқандай да дағдарыс толқыны деген нәрсе жоқ – бұл бар болғаны экономикалық жағдайдың жеке-жеке топтап алғандағы сипаттамалары ғана деген пікірлер айтыла бастады. Соңғы пікірдің, былай қарасаң, жаны да бар, қисынға да келетін сияқты…

деңгейін орташадан (56,7 пайыз) жоғарыға дейін (67 пайыз) бағалап отыр. Ендеше, қорқатын не бар екен,ә? Ел Үкіметінің өнімді әрекеттерінің қатарында макроэкономикалық тұрақтылықты қолдау (36,7 пайыз), жылжымайтын мүлік нарығындағы мәселелерді шешу (23,3 пайыз), қаржы секторын тұрақтандыру (20 пайыз), халықты еңбекпен қамту (16,7 пайыз), шағын және орта бизнесті қолдау (13,3 пайыз) сияқты бағыттар бөлектеп аталып отыр. Мәселенің өз шешімін табуға ықпал етуші факторларды атау тұрғысынан келгенде респонденттердің 56,7 пайызы экономикалық жағдайдың жақсаруына ішкі сұраныстың артуын, 43,3 пайызы – отандық өндірушілердің қызығушылығын арттырудың бір тетігі ретінде салық мөлшерлемесін төмендетуді, 36,7 пайызы – экономиканы несиелендірудегі теңгенің нығаюын, 30 пайызы – еңбекпен қамту деңгейін арттыратын инфрақұрылымдық және индустриалдық жобаларды, соның ішінде “Жол картасы” жобасын жүзеге асыруды атаған екен. Уақыт өлшемі тұрғысынан алғанда, Қазақстан экономикасының көтеріле бастауын аталған сарапшылар тобы мынадай мөлшерде деңгейлетіп шыққан екен: 2011 жылы – 23,3 пайыз, 2012 жылы – 26,7 пайыз, 2013 жылы – 10 пайыз. Сарапшылардың 13,3 пайызы көрсетілген уақыт шектері мен деңгейлердің экономикалық саясаттың дағдарысқа қарсы үлгісін дұрыс таңдай білуге қатысты жүзеге асатынын атап көрсетті.
Сөйтіп, сараптамалық сауалнаманың нәтижелеріне зер салатын болсақ, ахуал мәз емес. Әлі де болса экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты қауіптің сақталып отырғанын аңғартады. Бұл сарапшылар дегендер де қызық халық екен,. Осылай деп үркіте отырып, мұндай қатердің қысқа мерзімді сипатқа ие екендігін айтып, алабұртқан көңіліміздің маңдайынан сипап қояды. Дегенмен, тұтастай, түйіндей алғанда, халықтың да, сарапшылардың та басым көпшілігінің көкейінде экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі Үкіметтің жасап жатқан әрекетіне сенім артудың басым сипатқа ие екендігін де аңғару қиындық туғызбайды.
Ал, осы шағын сараптамада беріліп отырған бағалардың дәл екендігіне де ешкімнің шүбәсі жоқ десек, тағы да артық кете қоймаспыз
”. Авторы: Бейбіт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ