AZATTYQ.ORG. “Сот үкіметтің әкесінің арызын қайтарды, енді Мәсімовпен Сағымбаевтың өзі соттаспақшы”. “Наурыздың 1-і күні Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық соты Қажымқан МӘСІМОВтың адам құқығын қорғаушы Талас САҒЫМБАЕВқа қарсы арыз-шағымы негізінде қозғалған азаматтық іс бойынша сот отырысы болып өтті.
Өткен аптаның жұма күні-ақ алдын-ала тыңдаулары өткен процестің бүгінгі отырысы ұзаққа созылған жоқ. Аудандық сот премьер-министрдің әкесінің шағымын қараудан бас тартты.
Судья Мая ҒАЛИЕВА арызданушы заң ережелерін дұрыс сақтамаған, атап айтқанда істі сотқа дейін шешу жолдарын қарастырмаған деп шешті. Арызданушының аудандық сот шешіміне шағым түсіруіне 10 күн уақыты бар. Премьер-министрдің әкесі сот арқылы 10 миллион теңге моральдық шығын өндірілуін талап еткен болатын. Мәсімовтың өкілінің айтуынша, сотқа шағымдануға Сағымбаевтың Қажымқан Мәсімовтің кәсіпкерлерді цементпен қамтамасыз етемін деп жинап алған қаржыны бермей жүргені туралы баспасөзде айтқандары түрткі болды….
Сағымбаевтың айтуынша, Қажымқан МӘСІМОВ басқаратын “ХАС-ЕР КЗ” компаниясы Шымкенттегі жүздеген кәсіпкерден құрылыс үшін деп қомақты қаржы жинап алған. Қазіргі таңда 130-ға жуық кәсіпкер 100 мыңдаған доллар берешегін қайтара алмай жүр. Кейбір кәсіпкерлер Мәсімовтің есепшотына 380 мың доллар қаржы аудардық дегенді алға тартып отыр. Олар премьер-министрдің әкесі алдамайды деген сеніммен қаржы құйғандықтарын жасырмайды”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.
“Қазақстанда қолайсыз сайттардық «қара тізімі» жасалуда”. “…Наурыз күні Қазақстан парламенті мәжілісінде өткен үкімет сағатында Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек ЕСЕКЕЕВ компьютерлік қақтығыс-инциденттер бойынша әрекет ету үшін арнайы құрылған қызметтің басты назары “Қазнеттің” “қара тізіміндегі” веб-ресурстарда болады деп мәлімдеген. Бұл қызметтің бұдан біраз бұрын құрылып қойғаны тек оның іс-қимылы енді басталатыны айтылды.
Қуанышбек Есекеев өз сөзінде дәл қазір арнайы құрылған қызмет “Қазнеттің” “қара тізіміндегі” барлық веб-ресурстарды тексеруді бастағанын атап атап өткен…
Ал, “Еркін интернет үшін” компаниясының директоры Евгения ПЛАХИНА арнайы қызметтің құрылуын Мұхтар ӘБЛЯЗОВтың интернет арқылы материалдар таратуымен байланыстырады.
Оның сөзіне қарағанда, Мұхтар Әблязовтың материалдарына тосқауыл қою үшін арнайы қызмет саяси бағыттағы сайттарды қатаң сүзгіден өткізіп, айрықша бақылауға алуы мүмкін. Сонымен қатар, Евгения Плахина интернет туралы заң жайдан-жай қабылданңан жоқ, “оның осындай әрекеттерге әкелетіні қоғам үшін белгілі еді” деген ойын да жасырмады. Евгения Плахина жаңадан құрылған арнайы қызмет азаматтардың конституциялық құқығын бұзатын болса, “Еркін интернет үшін” компаниясы тарапынан наразылық акциялары жасалатынын атап көрсетті.
Қоғамдық және баспасөз ұйымдарының қарсылығына қарамастан, Қазақстан президенті Н.НАЗАРБАЕВ 2009 жылы шілде айында “Интернет ресурстарын реттеу туралы” заңға қол қойған болатын”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.
AIKYN.KZ. “Ақ Олимпиаданың алауы сөнді”. “Кеше қыстың соңғы күні еді. Ақпан айымен қоса, Ақ Олимпиада да өз мәресіне жетті. Оқырмандарды енді “Төрт жылдықтың басты жарысы қалай өтті?”, “Қандай қызықты оқиғалар орын алды?” деген сансыз сұрақтар мазалайтыны сөзсіз. Алдағы уақытта бұл сауалдарға егжей-тегжейлі жауап беретін боламыз. Әзірге Ванкувердегі жарыстың соңғы үш тәулігінің қорытындысына тоқталайық…
Командалық есепте 14 алтын медальмен Канада топ жарса, Германия жарыс қожайындарынан төрт алтын кем жиды. Қоржынында тоғыз бас жүлдеден бар АҚШ пен Норвегия үшінші және төртінші тұғырда. Сондай-ақ алғашқы ондыққа Оңтүстік Корея, Швейцария, Қытай, Швеция, Австрия және Голландия енді. Бір күміске қол жеткізген Қазақстан құрамасы 25-орында”. Авторы: “Айқынның” арнаулы тілшісі Ғалым СҮЛЕЙМЕН.
“800 миллион доллар Сейшельде қалды ма?”. “2008 жылдың аяғында Сейшель аралдарындағы алты оффшорлық компаниялардың есепшотына аударылған БТА банктің 800 миллион доллары кімнің қалтасына құйылғаны белгілі боп қалған сияқты.
Қазақстан Бас прокуратурасының БТА банк директорлық кеңесінің төрағасы болған Мұхтар ӘБЛЯЗОВқа қатысты “…Несие алушы оффшорлық құрылымдардың басым көпшілігі көлемді қаржыны республикадан тысқары шығару бойынша заңсыз операцияны бүркемелеу мақсатында, сондай-ақ оны иемдену үшін, Ресей Федерациясы, Украина және басқа таяу шетелдердің аумағындағы жекеменшік бизнесіне пайдалану үшін Мұхтар Әблязовтың тікелей нұсқауымен құрылып, тіркелген. Әблязов пен ЖАРЫМБЕТОВ заңды несие-инвестициялық жұмыстарға деген бүркеме құжаттар арқылы банк активінен қаржыны шығару схемасын жасаған…” деген айып Әблязов тарапынан жауапсыз қалды. Соған қарағанда оның Сейшель аралдарындағы Hіghbond Assocіates Lіmіtedке -109 млн доллар, Rіmos Lіmіtedке — 120 миллион, Toros Lіmіtedке — 128 млн, Starwood Contract Lіmіtedке — 118 млн, Wіnterra Holdіngке -108, Netgold Servіses Ltd 146 миллионды аударып жібергені рас болды. Бірақ жүздеген миллион доллардың соңғы бенефициары кім екендігі бұған дейін белгісіз болып келген.
Ақпарат деректеріне қарағанда, банктің 800 миллион доллары оффшорлық компаниялар арқылы айналып келіп Әблязов, Жарымбетов, СОЛОДЧЕНКОлардың қалтасына түскен. Әблязовтың командасы қалай жұмыс істегенін тиісті органдар енді түсініп жатқанға ұқсайды. Сонымен, бірінші кезеңде Әблязов және ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері жүздеген миллион долларды оффшорлық компанияларға аударды. Ол үшін Сейшель аралдарындағы несие алушыларды жалған банк құжаттарымен “заңдастырғаны” да түсінікті болды. Бұл операцияның бүге-шігесін газетіміздің өткен нөмірінде жазған болатынбыз…
2008 жылдың бірінші жартысында Әблязовтың адамдары Ұлы Люксембург герцогтігінде алты оффшорлық компания ашады. Бұлар да Сейшельдегі сияқты шетелдік тілмен аталғанмен, алтауы да “В” әрпінен басталады: Baldock Holdіng Sarl, Bangor Holdіng Sarl, Bathgate Holdіng Sarl, Bexley Holdіngs Sarl, Brockley Holdіng Sarl и Brudall Holdіng Sarl… Сірә, бір жерде тізімдерді қарап отырып, компанияларға қатар тұрған аттарды бере салған сияқты. Бұлардың біркүндік компаниялар екендігі банк ісінен хабары жоқ адамдардың өзіне көрініп тұрған. Мысалы, Bangor Holdіng Sarl құрылтайшы құжаттарында компанияның жарғылық капиталы — 19 657 доллар ғана. Осындай бастапқы жүздеген капиталымен миллиондарды сапырылыстырған. Қысқасы, Әблязовтың Сейшельдегі компаниялары мен Люксембургтегі оффшорлары арасында миллиондар әрлі-берлі аударылып, керек кезінде бірінің қарыздарын бірі жауып отырған. Сөйтіп, Мұхтар Әблязов 800 миллиондық несиені қымқырудың схемасын жақсылап жасаған екен. Үшінші кезеңде Әблязовтің командасы БТА банктегі Сейшельдегі алты компанияның қарыздарын Ұлы Люксембург герцогтігіндегі алты оффшорлық компанияға аударған. Бұл жерде де ұйымдасқан қылмыстық топ бастан-аяқ жалған құжаттар пайдаланған…”. Авторы: Қайыр ТӨТЕНШИН.
“Жаңа заң жарылқай ма?”. “Мәжіліс депутаттары “Халықтың көші-қоны туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу мәселелері бойынша, өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасымен танысты. Алдағы уақытта талқылау, пысықтау, бекіту жұмыстары жалғаспақ. Депутаттар жаңа заңның Қазақстанның ішкі миграциясын ретке келтіретінінен үмітті…
Дегенмен жаңа заңның да ішкі көші-қонды қажетті деңгейде реттей алатыны күмән тудырады. Өйткені бұл құжатта қала мен ауылдың территориялық ерекшеліктері анық көрсетілмеген. Басқаша айтқанда, заң қалалықтар мен ауылдықтарға ортақ. Әрине, солай болуы тиіс, бірақ айырмашылықтары да айқындалуы қажет еді. Ал бұл ретте миграцияны бір арнаға бағыттау мүмкін емес. Қазіргі қалыптасып отырған тенденцияға сәйкес, ірі қалалар, әсіресе Алматы мен Астана қалалары — ішкі миграцияның негізгі ошақтары болып тұр да, ауылға барып жатқан ағайынның қатары сирек, мүлде жоқ десе де болады. Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметтері бойынша, жыл сайын ауылдан қалаға келетін тұрғындардың саны 100 мыңнан асып жығылатын болған. Ресми емес деректер бұл санды одан екі есеге көбейтіп жібереді.
“Шаңырақ” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Сапура ЖҮСІПОВАның әңгімелеуінше, заң миграцияның сыртқы мәселелерін шешуге күш салғанымен, ішкі мәселелерді, яғни көшіп-қонушылардың қажеттіліктерін өтеу мен құқықтарын қорғауға келгенде толықтай нәтиже бермейді екен. Бірлестік төрағасының орынбасары өздері өткізген қоғамдық қабылдаулардың нәтижелерімен бөлісті. Айта кетер жайт, бірлестік Шаңырақ ықшамауданынан кіші және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында қоғамдық қабылдау бөлмесін ашқан болатын. Мұндай көмекке зәру жандар қоғамдық қабылдауға ағылып келе бастады. Олардың көпшілігі өздері айналысып отырған кәсіпкерліктерін мемлекеттік тіркеуде көптеген кедергілерге кез болатынын алға тартыпты…”. Дайындаған: Әлеумет бөлімі.
EGEMEN.KZ. “Интеллектуалды мектеп иірімдері”. “Елдің іргесін бекітіп, кеткен есесін бірте-бірте қайтаруға қол жеткізген тәуелсіздіктің тамырын бұдан былайғы кезеңде тереңге байлайтын, алтын арқауын үзбей бодандықтың қасіретін тұңғиыққа батырып, бостандықтың шарапатын танытатын ұлы жолды ұрпақтан ұрпаққа жалғау ісі алдыңғы толқынның мойнына жүктелген. Ой өлшемдері уланбаған жаңа заман жастарының бұл жұмыста орны ерекше болатынын Елбасы ерте аңғарып, олардың білім, білігін жетілдіруге ден қойды. Сөйтіп, 1993 жылы “Болашақ” халықаралық бағдарламасын өмірге әкелді. Сол бағдарлама аясында мыңдаған жас әлемнің мықты деген жоғары оқу орындарында білім жетілдірді. Қазір жүздеген түлек қырандай түлеп, Елбасына қолқанат болып жүр.
Алғыр да алымды, талантты ұл-қызды қарғадайынан қамқорлыққа алып, мектептен білім нәріне қандырып, топшысын бекітіп, топты жарып шығу жолындағы тағы бір игілікті іске Мемлекет басшысы ұйытқы болды. Ол тұңғыш Президенттің 20 интеллектуалды мектебі еді.
Бұл білім ордаларының табысты жұмысы туралы Президент өзінің биылғы Жолдауында ерекше атап өткені белгілі. Аталмыш мектептер экономиканың маңызды салаларында және ел ғылымында қабілетті менеджерлер дайындауды көздейді. Осы білім ұяларының даму бағыттарына келсек, біріншіден, дүниежүзілік сапа және білімнің өтімділігі, екіншіден, дара білім және қабілеттілерді баулу, үшіншіден, жаратылыстану – математикалық бағыттардағы пәндерді тереңдетіп оқыту арқылы бейінді білім беруді қалыптастыру. Төртіншіден, үш тілді білу үлгісін іске асыру, бесіншіден, жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу болып табылады. Барлық мектептер физика-математикалық және химия-биологиялық бағыттарда сабақ жүргізетінін еске сала кетсек дейміз. Мұндай мектептердің біріншісі өткен жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада ашылса, одан кейін Семей және Көкшетау қалаларында іске қосылды. Ал биыл Астана, Өскемен қалаларында химия-биологиялық бағыттағы және Талдықорған қаласында физика-математика мектептері өз есігін үміткерлерге ашатын болады. 2012 жылы 20 интеллектуалды мектеп түгелдей дерлік жұмыс істеу мәселесі жоспарланып отыр…”. Авторы: Сүлеймен МӘМЕТ.
ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Техникалық университетте текетірес өршіп тұр”. “Елбасы өзінің жыл басындағы халыққа Жолдауында: “Білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру арқылысапалы білім беруді арттыруымыз қажет” деп атап көрсеткені баршамызға аян. Солай бола тұрса да ол міндетке немқұрайды қарапкөзбояушылыққа салынған жоғары оқу орындарының басшылары бүгінде азаймай отыр. Оның ішінде ең көңіл алаңдататыны сол – Президенттің өзі Ұлттық мәртебе беріп, басшыларын өзі тағайындаған университеттердің білім беру сапасын жақсарту мәселесі кері кетіп, кертартпа сыбайласып, жең ұшынан жалғасқан күштер тарапынан қатты қарсылыққа ұшырауда.
Бүгінде ҚР Президенті жүргізіп отырған салиқалы саясатқа бөгет жасап, өз залалын күннен- күнге күшейтіп келе жатқанқұбылыстың ең қауіптілерінің бірі – ол жоғары оқу орындарын жайлап алған “Сыбайлас жемқорлықтың” шегінен
шығыпасқынуы. Жоғары билікте Елбасының атына көлеңке түсіретін “мықтыларға” сүйенген, кейбір Жоғары оқу орныныңбасшылары ұлт мүддесін өз мүдделерінен жоғары қойған, тек баюды мақсат тұтқан, маңайына өзі сияқты неопотизммен“ауырған” тамыр-таныстарын жинап алып, қоғамның демократиялық дамуына кедергі жасауда. Мұндай “сыбайластық, жеңұшынан жалғасу” арқылы әрекет ету – қазақ қоғамы үшін өте қатерлі құбылыс.
Жас ұрпаққа білім беруде мемлекеттіліктің таянышына қатерлі қауіп әкелетін сапасыз оқытуды болдырмау жолында мына қағиданы ұстанғанымыз абзал: Ол “ауруын жасырған өледі” деген баршаға мәлім, ешкімге абырой әпермейтін, түбі шындығы ашылатын қауіпті жағдай.
Оқырман қауым дұрыс түсінер деген ниетпен, заман талабына сай адал еңбек етіп жүрген көптеген ұстаздарға басымды ие отырып, тек өзімнің көзім көрген, білетін “кереметпіз деп кеудесін қағатындар” туралы сын пікір айтуға тура келіп тұр. Өйткені, олардың саны күннен-күнге көбейе түсуде. Ондайлар Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің қоғамдық пәндер кафедрасында да аз емес екен…
Қазірде Қазақстанда жүргізіліп жатқан несиелік (кредиттік) оқу жүйесінің сапасы ешбір сын көтермейді, ол – барып тұрған көзбояушылық. Бұл пікірімді республиканың жоғары оқу орындарының көптеген оқытушы-профессорлары қолдап отырған жайы бар. Тест тапсыру процесі оның өткізілу тетіктері көзбояушылыққа негізделген. Әр топтағы студенттердің 100 пайызы да тестегі берілген 40 сұраққа да “дұрыс” жауап беретін көрінеді. Мұндай “сапалы” жауаптың сыры сонда, студенттердің бәрі мемлекеттік құпия болып есептелетін осы құжатты заңсыз ашық қолданып, шпаргалка даярлап еш қымсынбай пайдалануды әдетке айналдырған. Осылай “керемет” жоғары нәтижеге жететін тестілеуді білетін студенттердің көбі мүлдем сабаққа қатыспайды, сессия кезінде ғана келеді және ауырдық деп мөрі бар жалған дәрігерлік анықтамалар алып келеді. Оларда, білім емес “диплом” ғана керек деген көзқарас қалыптасқан.
Биыл, қысқы семестрде “Қазақстан тарихы” пәнінен ҚазҰТУ-нің 4 курсының 2884 студенті тест әдісімен “мемлекеттік емтихан” тапсырды, нәтижесі әлемдік сенсация туғызатын жаңалық болды, оның 99 пайызы ең жоғары көрсеткіш балл (5 баға) алды. Әрине “шпаргалка” арқылы. Мемлекеттік емтихан мәртебесі бола тұра, онда Мемлекеттік комиссия болған жоқ, 300 орындық үлкен аудиторияларда тек 1-2 кезекші оқытушы болды. Олар – бұл пәннің мамандары емес. Бұл жерде “кез-келген еңбекке ақы төленуі тиіс” деген талап бұзылды, кезекшілер еңбектеріне ақы төленбеді.
“Қазақстан тарихы” пәнінен тест сұрақтары сол курсты толық меңгеру талабына сай жасалуы керек. Ал ҚазҰТУ-нің биылғы студенттеріне арналып жасалған тест сұрақтары бұл талапқа сай болмай шықты. Оны жасағандар тарихи оқиғаларды, мектеп оқушыларына арналған оқулықтарындағыдай, “бәлен жылы, бәлен болды” деген датамен ғана шектеген. Егер тест құрастырушылар осылай сауатсыздық көрсетіп, ұлттың ұлы тұлғаларын елемесе, тарих төрінен ойып тұрып орын бермесе, қазақтың болашағы не болмақ.
Ұлттық мәртебесі бар университеттің қоғамдық пәндер кафедрасындағы 63 оқытушының 29–ның ғылыми дәрежесі жоқ. Университеттегі оқытушы кадрларды іріктеуде 2004 жылғы 18 қарашадағы Білім министрінің №949 Бұйрығы басшылыққа алынбайды. Керісінше, непотизм әдісімен шешуге жол берілген”. Авторы: Есен СЛӘМҒАЗЫҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 2 наурыз. Kazakhstan Today — Алматыда қуаты 3 балл жер асты дүмпулері сезілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін сағат 07.55-те Қырғыз Республикасы аумағында энергетикалық классы 12,0 болатын жер сілкінісі сезілді. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан батысқа қарай 140 шақырымда тіркелген.
ТЖМ мәліметінше, MSK шкаласы бойынша Алматыда 3 балл, Жамбыл облысының Мерке ауылында 2 балл жер асты дүмпулері сезілді.
Құрбан болғандар, зардап шеккендер мен қираулар туралы мәлімет түскен жоқ.
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

