AZATTYQ.ORG. “Дінді желеу етіп тоқал алу дәстүрлі құндылықтарға теріс әсер етуде”. “…Неке институты негізінен ерлі-зайыптылардың жұбайлық өмірі берік және жайлы болуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған деп саналады. Бірақ Орталық Азиядағы шариғатқа мойынсұнған мұсылмандар арасында көбейіп отырған көп әйел алу мәселесі ұзақ жылдардан қалыптасқан отбасылық өмірді өзгертіп жатыр. Бұл үдеріс аймақтағы көптеген әйелдерге теріс әсер етуде.
Қырғызстан астанасы Бішкекте тұратын 58 жастағы Айнагүлдің 4 баласы мен бірнеше немересі бар. Ол осыдан 34 жыл бұрын тұрмыс құрған. Совет дәуірі кезінде менеджер болып жұмыс істеген оның күйеуі өз бизнесін бастап, діндар мұсылманға айналған.
Бірақ Айнагүлдің отбасылық өмірі осыдан екі жыл бұрын күрт өзгерді. Оның күйеуі үйіне келмейтінді шығарды, кейде тіпті 10 күн бойы жоғалып кететін. Айнагүл күйеуінен қайда болдың деп сұрағанда ол үн қатпайтын. Бірақ кейінірек ол өзінің екінші әйелге үйленгенін мойындады.
“Менің күйеуім иманы бар кісі. Ол күніне бес рет намаз оқиды, шариғат заңдарына бағынады. Ол қажылыққа да барып келген. Бірақ кейін ол маған айтпастан, менен рұқсат сұрамастан өз балаларымен жасты екінші әйел алды. Оның айтуынша, олардың некесін молда қиыпты. Осындай нәрсені сіз діндар адамнан күтесіз бе?” — деді Айнагүл.
Ислам бойынша неке қию қазіргі кезде Орталық Азияда кеңінен таралған. Бірақ некенің бұл түрі заң жүзінде әйелдерге қорғау бола алмайтындықтан, қоғамда оның кері әсері сезілуде…
“Сезім” мен басқа да дағдарыс орталықтары Қырғызстанда жедел көмек сұрап жатқан әйелдердің саны өсіп бара жатқанын айтып отыр. Өткен жылы олардың саны 40 пайызға өскен. Бұл әйелдердің жартысынан астамы көп әйел алушылар мен қыз ұрлаушылардың құрбандары.
Дағдарыс орталықтарының өкілдері наурыздың 6-да Бішкекте жиын өткізіп, 2009 жылы елде көмек сұрап келген әйелдердің саны 8 мыңнан асты деп мәлімдеді.
Бүбүсара РЫСҚҰЛОВА Қырғызстандағы мұсылман ұйымдары ислам бойынша әйелдерге пайдалы болатын аспектілерге көбірек назар аударады деп үміттенетінін айтып отыр. “Құдайға сенім деген өте жақсы нәрсе. Бірақ өкінішке қарай, молдаларымыздың білімі төмен болғандықтан, ол әйелдерге теріс әсер етуде”, — дейді Бүбүсара Рысқұлова.
Молда Әбдішүкір НАРМАТОВ та мұны мойындап отыр. “Өкінішке орай, білімі төмен болған кейбір молдалар некесін қиған отбасылардың алдында жауапкершіліктерін сезінбейді. Кей молдалар олардан не сұралса, соны орындайды. Бірақ тек осы молдаларға негізделіп, барлық молдалар туралы пікір қалыптаспауы керек”, — дейді Әбдішүкір Нарматов (Бұл мақаланы әзірлеуге “Азат Еуропа/Азаттық” радиосы Қырғыз редакциясының тілшісі Элеонора МАМБЕТШАКИРОВА үлес қосты.) Авторы: Венера ЖҰМАТАЕВА.
AIKYN.KZ. “Одаққа қандай ақша керек”. “2010 жылдың алғашқы күнінен үштіктің Кедендік одағы өз қызметін бастады. Бұған қатысты кейбір оралымсыздықтар туындап, ол жөнінде әр деңгейдегі жиналыстарда әңгіме қозғалып жатса да бір ақиқаттың беті ашық, ол — Кедендік одақ берері мол құрылым екендігі. Орайы келгенде айта кетейік, қалай десек те бұл одақ тек бір жаққа ғана емес, оған мүше болған үш мемлекетке де пайдалы. Түбінде мұны жұрттың бәрі түсінеді.
Кезінде біздің Елбасымыз Мәскеу төріндегі М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетте Ресей ғалымдары мен ықпалды топтарының алдында лекция оқып, қалай болғанда да Еуразиялық экономикалық одақты өмірге әкелу қажеттігі жайлы мәлімдеген болатын. Бірақ сол кезде “ойда жоқта атқа қонған” шенеуніктер түгіл Ресейдің ғұлама ғалымдары да мұндай ұсыныстың өміршеңдігіне күдікпен қараған еді. Уақыт Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВ ұсынысының дұрыстығын дәлелдеп берді. ТМД деп аталатын құрылым еш жаққа да оң нәтиже бере алмаған соң, санаулы мемлекеттер сол құрылымнан екшеліп шығып, ЕурАзЭҚ деп аталатын жаңа атауды өмірге әкелді. “Ауызды қу шөппен сүрту” жараспас, бұл құрылым уақыт озған сайын өзінің тағдыр теперішіне төтеп бере алатындығымен таныла бастады. Десек те, мұнда да “өзімшілдік” орын ала бастаған кезде халықаралық интеграцияны мейлінше жемістірек ету үшін Қазақстан, Ресей, Белоруссия Президенттері үшеуара әңгіме нәтижесінде интеграцияны жаңа сапалық деңгейге көтеру керек деп шешті. Кедендік үштік одақ міне, сол келісімнің нәтижесі болатұғын.
Келешекті көре білетін біздің Елбасымыздың о баста көксегені бір ғана үш мемлекеттің Кедендік одағымен шектелу еместігі баршаға түсінікті. Н.Ә.Назарбаев әрқашанда Еуроодақ секілді бір құрылым қажеттігі жайлы ұдайы айтып келеді. Сөз жоқ, Кедендік одақ өрісін кеңейтіп, көлемін молайтады. Сонда ол қайткен күнде де Еуроодақтағыдай қалыпқа түсуді заңдастыруы сөзсіз. Әзірге Еуроодақ қалыбын осы Кедендік үштік одақ өмірінде тиімділігін дәлелдеп шығу керек. Міне, сондықтан да Кедендік одақтан кейінгі екінші сатыда үштіктің еркін экономикалық кеңістігі пайда болмақшы. Мұндай жағдайда қазіргідей жеке дара қаржылық жүйемен алға басқан қадамның мандымасы өзінен-өзі түсінікті. Осындай жағдайды бастан кешірген Еуроодақ елдерінің бір тобы ортақ валютаға “бағынған” Еуроаймақ құрып шықты. Соңғы кездері үштік Кедендік одақтың болашағы жайлы жиі әңгіме бола беретіндіктен де ара-арасында ортақ валюта жайлы да сөз қозғалып жүр. Демек, бұл мақалада біз осы көпшілік әңгімесінің өзегіне айналған ортақ валюта жайлы, оның қандай тұрпатта болуы тиімді екендігі жайлы әңгiме қозғамақпыз…”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.
“Орталық Азияда көшбасшылық тізгін кімде?”. “Алдағы наурыздың 19-20 күндері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Өзбекстанға ресми сапармен барып қайтпақ. Әзірге белгілі болғандай, сапар барысында алты құжатқа қол қойылмақ. Атап айтсақ, олар негізінен сауда-саттық, экономикалық, мәдени-гуматитарлық және шекара мәселелері. Бұлардың қай-қайсысы да екі ел үшін маңызды. Жалпы, Қазақстан Президентінің бұл сапарына Ташкент қана мән беріп отырған жоқ, осы аймақта жатқан өзге республикаларда үлкен маңыз беруде. Себебі бұл екі ел де аймақтың локомотиві, қозғаушы күші ретінде саналады. Жалпы, Орталық Азияда қордаланып қалған, түйіні шешілмей жатқан мәселе жетерлік.
Екі ел басшылары күн сәулелі Ташкенттің төрінде отырып, күрмеуі қиын, түйткілі көп мәселелерді тілге тиек етпек. Бұған дейін Өзбекстан президенті Қазақстанға 25 рет ресми сапармен келіп кетсе, Қазақстан басшысы Ташкентке небәрі алты рет барыпты. “Қазақпен дос болсаң, жолда адаспайсың” дейді өзбектер тұздықтап, ал қазақтар “өзбек өз-ағам” деп көпшік қойып сөйлеп жатады. Бір — біріне осындай жылы шырай танытқан құдайы көрші түбі бір екі елдің қатынасы қандай? Енді сәл ресми мәліметтерге үңілсек, екі ел арасындағы сауда айналымы 2008 жылға қарағанда 2009 жылы 33.3 пайызға төмендеп 1,2, миллиард долларды құрапты. Әрине, бұған әлемді жайлаған қаржы дағдарысы айтарлықтай әсер етсе керек. Қазақстан Өзбекстанға ұн, бидай, шикі мұнай және мұнайдан өндірілетін өнімдерді жіберсе, ол жақ біздің елге жеміс-жидек, көкөніс, газ, жалпы көмірсутегі шикізатын импорттауда. Өкінішке қарай импорт 2008 жылға қарағанда 2009 жылы 41 пайызға құлдырап, 304,4 миллион долларды құраған. Алдағы екі ел басшысының кездесуінде бұл мәселелер міндетті түрде әңгіме болатыны аян. Шынтуайтына келсек, екі ел де аймақтың (Орталық Азия) көшбасшысы болуға тырысып, бәскелестіктің көрігін қыздырып отырғандар. Астана түрлі саяси шешімдерін, интеграциялық бастамаларын алға тартса, Ташкент қуатты экономикасын бұлдайды. Шындығына келсек, бұл ішкі тайталас кешегі Кеңес заманында, яғни Дінмұхаммед ҚОНАЕВ, Шараф РАШИДОВ тұсында басталған. Екеуі де бірінші хатшы бола жүріп, өздері тізгінін ұстап отырған республикалардың жалпы кеңестік кеңістікте алдыңғы қатарда болуына, түрлі жеңілдіктерге қол жеткізуге, көбірек марапат алуға ат салысты. 1998 жылдың 31 қазанында екі ел мәңгі достық келісіміне қол қойды. Бір сөзінде Ислам КАРИМОВ “Нұрсұлтан Әбішұлының менің шақыруымды қабылдамай қойғаны есімде жоқ, сол секілді мен де оның шақыруынан әлі бас тартып көргенім жоқ” дегені бар. Бәлкім, солай да болар. Бірақ Астананың аймақтың көшбасшысына шындап айнала бастағанына көзі жеткен, ішкі қыжылы бар Каримов соңғы жылдары Қазақстан тарапынан көтерілген көптеген игі бастамаларға шекесінен қарап, бүйректен сирақ шығарып келгені белгілі…”. Авторы: Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ.
ANATILI.KZ. “Қыз Құртқа”. “Батырлар жыры – ел қорғаған ерлердің батырлығын жырлаған тарихи өлең сөз ғана емес, қазақ тілінің қайнар бұлағы. Онда ел мен жер үшін болған егестің, басын оққа байлаған батырдың, тұяғы алтын тұлпардың, адал жар болған арудың суреті жатыр. Ол – сөз суреті. Мұнда қазақ әйеліне ғана тән даналық, даралық, тектілік, көрегендіктің көркем образы сомдалған. Діні пәс тартып, тілі жұтаңдаған бүгінгі қазаққа батырлар жырының берері ұшан-теңіз. “Ана тілі” газеті сол теңізден маржан теріп, оқырманына сөз-сыйын ұсынбақ. Сыйлықтың басы – “Қобыланды батыр” жырындағы Құртқа сұлудың сөзбен кестеленген бейнесі.…”. Авторы: Біләл ҚУАНЫШ (2007 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрген “Батырлар жырының” І томындағы “Қобыланды батыр” жыры негіз етілді).
“Қазақ қызы”. “Көктемді қанатына қондырып Алматыға құс қайтты. Шуақты ілестіре келген құстар әсем, әуезді әнін айтты. Жер-дүниені жылылыққа орап, жүректерге іңкәр сезім сыйлап көктем келеді. Жер-Ана бусанып, тоңы жібіп, жаны кіріп, тіршілік қайта жалғасады. Ал Жер-Анамен қатар Аналар да шатыққа бөленеді. Өйткені көктемнің алғашқы күндерінде дүние дидары әйел баласының көңіліне ауады. Кірпігіне кірбің ұялатпауға, жайдары жүзге енуіне, жүрегіне қуаныш сыйлауға ұмтылады. Себебі бұл – 8-наурыз. Қазақтың қызы! Осы бір аяулы есім жаныңды тербеп, жараңды емдеп, шабыттанып, қолыңды сермеп, сезім гүлдеп, жүректегі отты үрлеп жібереді. Қазақтың мұңы, зары, арманы, үміті, ардағы, аманаты, тарихы, өмірі, бәрі-бәрі қазақ қызының кірпігінде тұрғандай көрінеді маған. Ұлт болып ұйысуда, жұрт болып жұмылуда, халық болып қайрат тантытуда қазақ қызының (әйелдерінің деп ұғыңыз) атқарар рөлі, алар орны тым ерекше. Өйткені тал бесікті тербеткен аналар ұлттың ұлын тәрбиелейді. Атқа қонған ағаларға сенімді серік болады. Абыз-ақсақалдарға ақылшы емес пе?! Қазақтың қызы! Ер етігімен қан кешкен, ат ауыздықпен су ішкен жаугершілік заманда қара шаңырақтың отын өшірмей, ерінің артын бағып қалды. Дүние отқа оранып, оқ ауада зулаған тұста тылда еңбек етіп, белі қайысып, саусақтары майысып соғыс даласына азық жіберді. Нәзік саусақтар канал қазды. Егін екті. Қой бақты. Зауыттарда темір балқытты. Жауға қарата атылатын әрбір оқты даярлады. Қажымады. Еңсесі түспеді. Ішін өрт жалмап бара жатса да, егілмеді. Қайта қайратқа мінді. Қайсарлана түсті. Шарыққа түскен қанжардай жарқырай берді.
Қазақтың қызы! Желтоқсанда жұртының есесін қайтарамын деп, қазаққа дербестік әперемін деп, алаштың арда ұлдары биліктен шеттетілмесін деп гүрзі етіктің, шомбалдай шоқпардың астына түсті. Жаны жараланды. Ары тапталды. Таяққа жығылды. Қан жосасы шықты. Итке таланды. Абақтыға жабылды. Темір тордан сығалап сәулеге қарады. Бірақ мұқалмады. Азаматтармен бірге бір шепте тұрды. Қандыкөз империяның жендеттерінен қаймықпады. Өздерін құрбандыққа шалды. Қазақтың қызы! “Балапан басына, тұрымтай тұсына” кеткен тұста отбасын асыруға кірісті. Ел ерге, ер жерге қараған заманда қазақтың қыздары қарекет қамын жасады. Ала дорба асынды. Темір төсек жастанды. Қытай барды. Түркия асты. Сауда жасады. Үйінде ұлардай шулаған бала-шағасының қамы үшін, ер азаматының ары үшін жанын аямады. Аптап ыстықта, қытымыр аязда, жаңбырлы күнде, қарлы-боранды түнде бірді екіге жалғап, қазақ дейтін қарға тамырлы елдің ертеңгі ұландарын тарықтырмауға тырысты. Қамықтырмауға барын салды. Сағыздай созылған өтпелі кезеңде үзіліп кетпесек, ол – арба сүйреген, ала дорба арқалаған аналардың арқасы. Қазақтың қызы! Алып атырапты алып жатқан азғантай елдің басына қара бұлт үйірілгенде, қараңғылық жамыла бастағанда атқа қонады. Қазақ қызы атқа қонғанда олардың жеңіссіз оралмайтын тұсы кемде-кем…”.
ABAI.KZ. “Жылу жинау – мал баққан елдің парызы”. “Қазақстан Республикасының Премьер Министрі К. МӘСІМОВке
Көшірмесі: ҚР Парламент депутаттарына
Құрментті Кәрім Қажымұқанұлы!
Биылғы қыс Монғолияға үлкен апат алып келді. Аязы 50 градусқа дейін жеткен аса ауыр қыстың қаһарынан мал қырыла бастады. Монғол жеріндегі шаруашылықтың негізі болып табылатын, халықтың басым көпшілігінің айналысатын кәсібі де, күнкөрісі де мал екендігін ескерсек, көптеген аймақтарда, шын мәнісінде, қысталаң кезең орнады. Кейбір жерлерде мал басы түгелге жуық суықтан қырылып қалып, сонымен күн көріп отырған адамдардың өмірлеріне де қауіп төнді деген хабарларды естиміз.
Монғол жеріндегі табиғат апатынан туған қазіргі жағдайды қазақ халқы жақсы түсінеді деп ойлаймыз. Біздің де ата-бабаларымыз сақылдаған сары аяздарда мал баққан, талай суықтар мен жұттарды, соның салдарынан пайда болған аштықтарды бастарыннан кешірген. Ондай жағдайға ұшырағандарға көп болып көмек жасау, елден жылу жинау — мал баққан елдің қасиетті парызы болып саналған. Ақпараттарға жүгінсек, көрші елдер, оның ішінде көршілес жатқан Қытай мен Ресей мемлекеттері, халықаралық ұйымдар Монғол елінің басына түскен осы апатты жеңілдету үшін қолдарынан келген көмектерін беріп жатқанға ұксайды. Тек қана Қазақ елі үнсіз отыр…”. Республикалық “Ұлт тағдыры” қозғалысы.
ZAMANDAS.KZ. “Мазақ пен мадақ”. “Солтүстік “соны” үрдіс бастады. Жеңістің 65 жылдық құрметіне ме, әлде ақсақалды аталар мен сары тісті әжелерге аяушылық танытты ма, қайдам, “80 жастан асқан қариялар қоғамдық көлікте тегін жүреді” деп ақжолтай ақпарат таратты Алашқа.
Құй күліңіз, құй жылаңыз. Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі осындай шешім шығарыпты. Былай қарасаң, үлкенге ізет, қарияға құрмет сияқты. Ал басқа қырынан қарасаң, мәселе тіпті күлкілі. Біріншіден, биыл қыстың қандай болғанын жұрттың бәрі біледі. Қатал болды. Ақшұнақ аязда аталар мен әжелер қайда шығады? Жарайды, күлімдеп көктем келді дейік. Екіншіден, сескеннің сеңгіріне шыққан, қалт-құлт етіп зорға жүретін, қасында демеп жүретін немересі болмаса есіктің алдында серуендеуге шықпайтын қариялар қоғамдық көлікке қалай мінеді? Көзіңізге елестетіңізші, салдыр-салдыр еткен, қаңқасын сүйреткен автобустың ішінде кәрі әжей кетіп барады… Күлкілі.
Бастаманы көтерген қалалық автокөлік кәсіпорындарының иелері екен. Жұмыртқадан жүн қырыққан кәсіпкерлер оңайшылықпен жақсылық жасай қоймайтынын әркім біледі. Оларда біліп отыр, бұл шығынсыз акция. Өзі облыста бар-жоғы 4,5 мың адам екен сексеннен асқан. Оның жартысынан көбі төсектен тұра алмайтын болса керек. Қалғаны қоғамдық көлікке зәру емес те шығар. Зәрулерінің өзі Құдайдың құтты күні, таңның атысынан күннің батысына дейін автобуста шапқылап жүрмейді. Сонда бұл не? Бұл тамақ жемей тою сияқты дүние. Түк бермей, артық шығын шығармай, жақсы атану. Өздері жұртты мазақ етіп отырып, және соған мадақ тілейтін қасқаларды тұңғыш көруіміз.
Сексеннен асқан қарияға қазір жылы сөзден артық ештеңені керегі жоқ. Жергілікті шенеуніктер галстугіне қылқынбай әрбір қарияның үйіне кіріп, аз кем шай-тұзын беріп, жағдайын сұрап, көңілін аулап кетсе, одан артық жақсылық болмаушы еді. Ал бұлар қарияларды мазақ еткендей қоғамдық көлікте тегін жүруге рұқсат беріпті. Парадокс. Жалпы, біз өзі бір-біріне қарама-қайшылығы көп мемлекет құрып жатқанымызды түсінбейтін де сияқтымыз.
“Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді” дейді атам қазақ. Сол айтпақшы, қайыс креслоға жамбасын жылытып отырған қазіргі шенеуніктерді қартайғанында аңғал-саңғал автобусқа мінгізіп, дедектетіп алып жүрсе ғой, шіркін. Сонда олар немістің “Мерседесі” мен орыстың “Газельінің” айырмасын түсінер еді…”. Авторы: Н.ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ.
KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 11 наурыз. Kazakhstan Today — Қазақстанның солтүстігі мен шығысында боран соғады деп күтілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанның солтүстігі мен шығысында боран және қатты жел, ал елдің оңтүстігі мен батысында — тұман, көктайғақ болады деп болжануда.
«Атап айтқанда, Ақмола, Павлодар облыстарында, түнде — Солтүстік Қазақстан, күндіз — Ақтөбе облыстарында кей жерлерде боран болады, желдің екпіні 15-20 м/с жылдамдыққа жетеді деп болжануда. Ал Шығыс Қазақстанда кей жерлерде боран болады, күндіз көктайғақ күтілуде. 18-23 м/с жылдамдықпен жел соғады, Жарма ауданында желдің екпіні 28 м/с дейін жетеді«.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, «Алматы облысының кей жерлеріне тұман түседі, Жалаңашкөл маңында оңтүстік-шығыстан 18-23 м/с жылдамдықпен жел соғады. Жамбыл облысының кей жерлерінде 18-23 м/с жылдамдықпен жел соғады, күндіз желдің екпіні 28 метр/секундқа дейін жетеді деп күтілуде. Атырау облысында, күндіз Оңтүстік Қазақстан облысында — кей жерлерде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. Қызылорда, Қарағанды облыстарының кей аудандарында 15-20 м/с жылдамдықпен жел тұрады, Қарағанды облысының кей жерлерінде тұман болады. Маңғыстау облысында да тұман болады, түнде желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді деп күтілуде«.
Қарағанды. 11 наурыз. Kazakhstan Today — Қарағанды табиғат қорғау прокуратурасында сирек кездесетін аңдар түрлерін заңсыз аң аулауға және өз бетімен пайдалы қазбалар өндіру мен жер қойнауын пайдалануға қарсы тұру жөніндегі арнаулы топтар құрылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Қарағанды табиғат қорғау прокуроры Рүстем ДҮЙСЕНБАЕВқа сілтеме жасап.
«Кейінгі кездері жер қойнауын білермендікпен сату және қазба байлықтар өндіру, браконьерлік оқиғалары жиі кездесетін болды. Бір айта кетерлігі, мұндай әрекеттермен мемлекеттік меншікті талан-таражға салуға тиісті емес, қорғап-қоршауға тиісті адамдар шұғылданатын болды. Қорықшының өзі браконьерлікпен шұғылдану оқиғалары көп«, — деді Р. Дүйсенбаев.
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ