«Ел қуатын еселеу жолы». «Қазақша термин қайтсек жақсы жасаймыз?». «Дағдарыс шенеунікке не үйретті?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 15 наурыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қазатомпромның” бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев 14 жылға сотталды”. “…Астанада 12 наурыз күні түстен кейін “Қазатомпром” компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар ЖӘКІШЕВ пен оның күзетшісі Талғат ҚЫСТАУБАЕВ ісі бойынша сот үкімі шықты. Сот Жәкішевті 14 жылға, Қыстаубаевты 5 жылға бас бостандығынан айырды. Үкімді шамамен төрт сағат бойы оқыған Сарыарқа аудандық сотының судьясы Нұржан ЖОЛДАСБЕКОВтің Жәкішевке қатысты шешімі бұған дейін прокуратура сұраған жаза мерзімінен айныған жоқ.

Прокуратура Жәкішевке 14 жыл, Қыстаубаевқа 6 жыл түрме жазасын беруді сұраған еді. Сонымен бірге, мемлекеттік айыптаушы Жәкішевтен ел президентінің қолынан алған «Құрмет» орденін қайтарып алу қажеттігін, Қыстаубаевты полиция майоры шенінен айыру керектігін айтты. Судья Жолдасбеков прокуратураның бұл талаптарын да өз үкімімен қанағаттандырды…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. Қызылағашты су басты”. “Алматы облысы Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш елді мекенін су алып кетті, адам шығыны бар, деп хабарлады Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктен.

Талдықорған қаласының түбіндегі Қызылағаш су қоймасына лық толған еріген қардың суы наурыздың 11-нен 12-іне қараған түні сағат екілерде бөгетті бұзып, төменде тұрған 3 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың үстіне қотарылған. Ђзеннің арнасымен қатты екпінмен келіп соққан топан су ауылдағы тұрғын үйлер, қора-қопсы, басқа да ғимараттарды қиратып, ондаған адамның өмірін қиды. Алғашқы түскен ақпараттар бойынша жиырмадан астам адамның сүйегі табылған. Топан су Алматы-Ђскемен автожолындағы көпірді бұзып, жол орылып қалды. Көлік қозғалысы кеше қалпына келді…

Кеше кешке қарай жеткен ақпарат бойынша қаза тапқандардың саны 40-тан асыпты. Жалпы су тасқынынан кейін хабарсыз кеткендердің саны жүз шақты адам деген жорамал бар…

Бейсенбіден жұмаға қараған түні бөгеттен асқан қардың, толассыз жауған жауынның суы өзен арнасына жақын орналасқан үйлерді шайып кету қаупі туындағандықтан Қаратал ауданындағы 820 тұрғыны бар Жылыбұлақ ауылының адамдары да қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың көпшілігі жергілікті мектепке орналастырылды, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттен…”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

EGEMEN.KZ. “Ел қуатын еселеу жолы”. 12 наурыз күні “мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың төрағалығымен Ақордада еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы талқыланды. Оның жұмысына Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВ, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан МУСИН, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік атқару органдарының басшылары мен еліміздің барлық өңірлерінің әкімдері қатысты.

Ақордада Қазақстанның индустриялық даму мәселесі талқыланды

Кеңес алдында Елбасы Алматы облысы Ақсу ауданында су тасқыны салдарынан орын алған оқиғаны хабарлап, осыған байланысты Үкіметке тиісті тапсырмалар берді. Болып өткен апаттың себеп-салдарын тексеріп, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін үкіметтік комиссия құрылды.

“Біз Жолдаудан кейін оны жүзеге асыру бағытында біраз шаруаларды жасадық. Жергілікті жерлерде қолға алған істің маңызын түсіндіру жұмыстары жүргізілу үстінде. Мұның сыртында Үкіметте және басқа да мемлекеттік органдарда бағдарламаны жүзеге асыруға қатысатындармен, кәсіпкерлік құрылымдармен тиісті кездесулер ұйымдастырылды. Мемлекет және Үкімет жағынан атқарылатын жұмыстардың барлығы қазірдің өзінде белгілі болды. Жұмыстың негізгі салмағы енді әкімдіктерге, жергілікті атқару органдарына түседі. Іске қосылатын өнеркәсіп орындарының жұмыстары әкімдіктердің іс-әрекеттерімен тығыз байланысты болады. Сондықтан атқарылатын істі тағы бір анықтап алғанымыз жөн”, деді Елбасы өзінің кіріспе сөзінде.

Мұнан кейін Мемлекет басшысы Үкіметтің беріп отырған ақпараты бойынша 191 ірі жобаны іске қосу қажеттігін, ол жобалардың ауқымы 4,7 триллион теңгені құрайтындығын, бұл жобалардың 144-і биылғы жылы пайдалануға берілетіндігін, соның 141-і әкімдіктердің жауапкершілігінде екендігін айтты. Қалған үш жобаны “ҚазАгро” холдингі жүзеге асыруы керек…

Кеңесте үстіміздегі жылы Елбасының 70 жылдығын бүкілхалықтық мереке ретінде атап өту жөнінде ұсыныс айтылған болатын. Елбасы бұл ұсыныстан бас тартты. Мұндай мәселені қайта көтермеуді ескертті. Негізгі міндет, ойға алып отырған асқаралы жұмыстарды жүзеге асыру және халыққа қатысты мерекелерді лайықты атап өту екендігін жеткізді”. Авторы: Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

ANATILI.KZ. “Әз Наурыз келер күн таяу”. “Амандық болса, енді он күннен соң Ұлыстың Ұлы күні – Наурызды қарсы аламыз.Таяуда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Наурызды халықаралық мереке ретінде атап өту жөнінде шешім қабылдағаны белгілі. Бұл да жайдан жай емес. Наурыз көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамы ретінде бағзы замандардан тойланып келеді. Бұл мерекенің дінге не болмаса жекелеген ұлттарға еш қатысы жоқ.

Адамзат өзін табиғаттың төл перзенті санайды. Табиғаттан құдыретті күш жоқ. Адамдар табиғатқа тәуелді. Біздерге жарық күн, кең дала, асқар тау, жасыл орман, айдын көл… сыйлағаны үшін де оның алдында қарыздармыз. Сол жарықтық табиғаттың түлеп, жаңаратын шағы – осы Наурыз. Жер-ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі ииді. Аспан денелері ең бастапқы нүктелерінде тоғысады. Күн мен түн теңеледі. Жан-жануарлар төлдерін өргізеді. Жер үстіне тілмен айтып жеткізгісіз керемет бір шаттық орнай қалады. Наурыз деп отырғанымыз, Жаңа күн деп жар салатын қуанышымыз – осы.Өзіңіз ойлаңызшы, баршамызды бауырына басып, сұлулыққа, көркемдікке, тазалыққа ұмтылдырып отырған Табиғатымыз жаңарған, жайнаған, нұрланған сәттен артық Ұлы күн, аяулы күн бар ма екен, сірә?!…”. Авторы: Нұрперзент ДОМБАЙ.

Қазақша термин қайтсек жақсы жасаймыз?”. “Қазақша термин жасау мәселесі, былайша алынғанда, бәлендей қиын да мәселе емес. Әдеттегі сөздер қалай жасалса, сөзжасам қандай-қандай тәсілдерге негізделсе терминдер де солай жасалынып, сол теориялық негіздерге сүйеніледі. Солай бола тұрса да, біздің қазақи тілдік ортада қазақша термин жасау дәстүрі әлі күні толыққанды қалыптаса қойған жоқ. Тіпті қазақша термин жасауға деген ынта мен құлық та әр уақыт байқала бермейтін сияқты. Оған себеп – 80-90 жыл бойы қазақ тілінің мәртебесін құлдыратуға, орыс тілінің мәртебесін асқақтатуға бағытталған саясат пен сол жолда істелген арнайы шаралардың нәтижесі деп есептейміз. Ғылыми терминдерді жасайтындар – cөз жоқ әр ғылым салаларының мамандары. Неге екенін қайдам, қазақ ғалымдарының көбі мейлі олар техникалық ғылымдардың өкілдері болсын, мейлі қоғамдық ғылымдардың өкілдері болсын (бұлардың ішінде қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің өкілдері де бар) терминдерді қазақша жазудың орнына еуропа тілдерінде қалай айтылып, қалай жазылып жүрсе, солай қолдана салады.

Басқа салаларға бармай-ақ, өзіме жақсы таныс қазақ тілі бойынша қорғалып жүрген кандидаттық, докторлық диссертациялар тілі туралы айтсам, бұлардағы жағдай да дәл сондай. Кеше ғана қазақ тілі туралы жазылған бір кандидаттық диссертацияның авторефератын оқып шықтым. Небары 24 беттен тұратын жұмыста 50 шақты латын, грек, ағылшын сөздері (терминдері) қолданылыпты. Солардың ішінде прецедент, рефлекция, геминация, матрица деген сияқты терминдер жүр. Тілші болсақ та түсінбегендіктен, “бұлар нені білдіреді екен” деп шет тілдері сөздігінен қарасам, прецедент (лат.) деген “бұрыннан бар үлгі” дегенді, рефлекция (лат.) – “қайта қарау, қайта ойлану, күдіктену” дегенді, ал гимнация (гр.) – “қайталама дыбыс” дегенді білдіреді екен.

Қазақ тілінде жазылған екінші бір диссертацияның авторефератынан суггестия (лат. “сендіру, иландыру”), перлокутие (ағыл. “сөзді сыпайы түрде жеткізу”), иллокутие (ағыл. “сөзді арнайы түрде жеткізу”) деген сияқты сөздерді кездестірдік. Шынтуайтына жүгінсек, бұлар термин де емес. Олардың мән-мағынасы неге қазақша берілмегендігі түсініксіз.

Бұлар аздық етіп жүргендей, соңғы кезде қазақша жазатындардың арасында арабтың бей-, би- префиистері арқылы сөз жасауға құмартушылардың саны күн санап артып келеді. Олардың алды оқулықтардың тіліне де жетті. Мыс: Ерікті бірлестіктер – бейкоммерциялық, бейөкіметтік ұйымдардың негізгі элементі (Т.Ғабитов т.б. Мәдениеттану. Оқулық. 4-ші басылымы. А., 2005, 334 б.). Жарайды-ақ, бұл оқулықтың төлиелерін (авторларын) тілшілер емес дедік. Қазақ филологиясы факультетін бітірген, кандидаттық немесе докторлық диссертация қорғағалы отырған тілшілердің еңбектерінде кездесетін бейвербалды, бейәдеби, бейтұлғалық деген сияқты сөздерді қалай түсінеміз?! Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де префикс жоқ екендігі белгілі. Ертеңгі күні біреу болмаса біреу “қазақ тілі” оқулықтарына: “Қазақ тілі – жалғамалы (агглютинативті) тілдердің қатарына да, қопарылмалы (флективті) тілдердің қатарына да жатады” деп, оған дәлел ретінде жоғарғыдай мысалдарды жиып-теріп бермесіне кім кепіл бола алады. Әлгі диссертация қорғаушыларға “бұларың қалай?” десең “бізге дейінгілердің бәрі бұл терминді осылай қолданыпты” деп жауап береді…

Егер халықаралық терминдерді аударуға болмайды десек, онда академик В.В.ВИНОГРАДОВ айтқан 100 мың интернационалдық сөздердің бәрін сол күйінде алып, сол күйінде жазуымызға тура келеді (ол кісінің айтуынша, екінші дүниежүзілік соғысқа дейін орыс тіліне 100 мың интернационалдық сөздер еніпті. Ал одан бері қанша уақыт өтті? Қазіргі кезде орыс тілінде қанша интерсөздер бар екендігін осыған қарап-ақ есептеп беруге болады). Сонда бұлар кімнің сөзі, кімнің сөздік қоры болады? Ойланып көрелікші! Қазақша термин жасаудың үшінші тәсілі – шет жұрттық сөздерді қазақ тілінің дыбыстау заңдылығына сәйкес қазақша айтып, сол айтылған күйінде қазақша жазу. Мен біраздан бері термин деп емес, термін деп, екінші буындағы орыстың И дыбысының орнына қазақтың І дыбысын қойып, қолданып келемін. Дәл осы сияқты, қазіргі кезде артист, театр, спектакль, концерт, магистр, медаль, рельс, цемент т.б. деп орысша қолданып жүрген сөздерді әртіс, тыйатр, іспектакіл, кәнсерт, мәгійстір, медәл, реліс, семент деп қазақша қолдануға әбден болады. Сонда алдыңғылар орыс тілінің, соңғылар қазақ тілінің сөздері болып, тіліміз біраз сөздерге болса да байып қалған болар еді…

Мен бұл сөздерді тегіннен-тегін айтып тұрған жоқпын. Қазақша шығып жүрген газет-журналдарға қараңызшы. Оларда кездесетін блокбастер, билброд, гастарбайтер, ди-жей, web-дизайн, web-сайт, марчендайзер, кластер, обудсмен, суицид, шопинг, дельфийлік (ойын), оффшорлық (аймақ), электороттық (топ) деген сияқты жат жұрттық сөздерден аяқ алып жүре алмайсыз. Тіпті бомж, пробка, коттедж дегендерді қазақшалай алмай жүрміз.

Жалпы алғанда, қазақ тілінің лексикалық қорын ұлттық сөздермен байытатын да, шет жұрттық сөздерді жиі қолданып, оны жұтататын да –бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері. Егер олар жаңа ұғымға қазақша атау тауып, оны қалыптастырса, ондай азаматтар тілімізді байытады. Ал егер олар ағылшын сөзін – ағылшынша, неміс сөзін – немісше қолданып, соларын қазақ тіліне тықпыштай берсе, ондай журналистер қазақ тілін тығырыққа тірейді…”. Авторы: Байынқол ҚАЛИҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

DMK. KZ. “Дағдарыс шенеунікке не үйретті?”. “Елбасы мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсауды қатал сынады. Ақордада елімізді индустриаландыру бағдарламасын жүзеге асыру бағытында Үкімет мүшелері мен облыс әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Үкіметті қайта жасақтады.

… “Анаған мұнша ақша кетеді, мынаған мұнша ақша береміз”, – деп цифрлар тізімімен отырған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін жабу тиімді деп танылды. Тікелей ел мәдениетін дамытып, дінаралық, конфессияаралық, ұлтаралық қатынастар мен тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты дұрыс бағытта жүргізу үшін Елбасы Мәдениет миністрлігін құру туралы Жарлыққа қол қойып отырғандығын жеткізді. Ал, жаңадан жасақталған Байланыс және ақпарат министрлігіне бұрынғы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің барлық дүние-мүлкі және “Арна-Медиа” холдингі таратылып, оған бұрын қараған құрылымдардың бәрі жаңа министрліктің қарауына көшетін болды. Жасыратыны жоқ, қара алтын ел табысының негізгі көзі. Соңғы кезде, Батысты былай қойғанда шығысымызға да мұнай жөнелту кең қолға алынбақшы. Сондықтан, мұнай-газ секторын дамытуды көздейтін Мұнай және газ минстрлігі де өз отауын тікті. Бұрынғы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бюджеттік жоспарлауға қатысты құзіретін Болат ЖӘМІШЕВке беретін болды. Сөйтіп, Елбасы Қаржы министрлігінің қайта құрылымдалатындығын да жария етті. Енді министрліктерді кімдер басқарады дегенге келер болсақ, ол мынандай: Министрлер кабинеті басшысының орынбасары Әсет ИСЕКЕШЕВ Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қызметін қоса атқаратын болса, Мұнай және газ министрлігін Сауат МЫҢБАЕВ, Экономикалық даму және сауда министрлігін Жанар АЙТЖАНОВА, Мәдениет министрлігін Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, Байланыс және ақпарат министрлігін Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ басқаратын болды…

Адамгершіліктің ала жібін аттап, кісі ақысын жеп, әділетсіздікке, астамшылыққа барған әкімдердің жазасы өте ауыр болатындығын шегелеп айтқан Мемлекет басшысы: “Мен биыл 6 шілдеде 70 жасқа толамын. Егер кімде-кім жарамсақтық жасап, “70 жасқа – 70 іс” деген жағымпаздық қажалаулатуға жол берсе, ол басшы бірден қызметінен кететінін ескертемін. 6 шілдеде Астана күні тойланады. Маған ешқандай сый-сияпат керек емес”, – деді.

— Дағдарыс ешкімге ештеңе үйретпеген секілді, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. – Себебі, шенеуніктер астына қымбат көлік, жұмыс бөлмелеріне жарқыраған жиһаз алуды тоқтатар емес. Мемлекет ақшасын осылайша шашуға кім ерік берді. Оның үстіне “мерейтойлардан” қалмайтын басшылар көп. Бюджеттің есебінен сыйлық алатындар да бар. Бұл – шектен шыққан жүгенсіздік. Есеп комитеті арқылы мен бәрін біліп отырмын….”. Авторы: Мағжан САДЫХАНҰЛЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Акценты расставлены точно”. “10 декабря прошлого года Главой государства был подписан Закон “О внесении изменений и дополнений в УК, УПК и ГПК по вопросам совершенствования судебной системы”. Данный закон введен в действие с 1 января текущего года. Основная его цель — приведение процессуального законодательства в соответствие с изменениями, внесенными в Конституционный закон “О судебной системе и статусе судей Республики Казахстан”. Раскроем содержание некоторых из этих новаций. Во-первых, закон направлен на модернизацию судебной системы Казахстана путем создания оптимальной трехзвенной судебной системы. Согласно изменениям все уголовные и гражданские дела по первой инстанции рассматриваются районными и приравненными к ним судами. Областной суд действует в качестве суда только апелляционной и кассационной инстанций. Верховный суд в соответствии со своим конституционным предназначением исполняет роль высшего судебного органа, осуществляющего процессуальный надзор за деятельностью местных судов.

В целях реализации конституционной нормы, допускающей арест и содержание под стражей только с санкции суда с предоставлением арестованному права обжалования, ч. 3 ст. 290 УПК изложена в следующей редакции: “на досудебной стадии уголовного процесса районные и приравненные к ним суды рассматривают жалобы на решения и действия (бездействие) дознавателя, органа дознания, следователя, осуществляющих производство по уголовному делу, прокурора, осуществляющего надзор за законностью оперативно-розыскной деятельности, дознания и следствия, санкционируют избранную следователем, органом дознания в отношении подозреваемого, обвиняемого меру пресечения в виде домашнего ареста и ареста, продление их сроков”. Закон также регламентирует особенности рассмотрения дел в апелляционной, кассационной и надзорной инстанциях. Новеллой закона является исключение коллегиального рассмотрения дел в судах первой и апелляционной инстанций…

При этом следует отметить, что при подаче апелляционной жалобы сторона освобождается от госпошлины. Тем самым расширен доступ к этой инстанции физических и юридических лиц. Дополнены в УПК глава 48-1 и ГПК глава 42-1, статьи которых регламентируют особенности рассмотрения дел по кассационным жалобам, протестам. Согласно дополнениям в УПК к компетенции суда кассационной инстанции отнесено рассмотрение дел по кассационным (частным) жалобам, протестам на не вступившие в законную силу приговоры и постановления суда первой инстанции, вынесенные при рассмотрении дел с участием присяжных заседателей, а также не вступившие в законную силу приговоры и постановления апелляционной инстанции. Суд кассационной инстанции проверяет соблюдение судом, постановившим приговор (постановление), норм уголовного и уголовно-процессуального закона и на основе этого проверяет законность, обоснованность и справедливость приговора (постановления). Круг лиц, обладающих правом принесения кассационных жалоб и протестов, принадлежит не только осужденному, оправданному, их защитникам, представителям, законным представителям, потерпевшему (частному обвинителю), их представителям и законным представителям.

Протест о пересмотре судебного акта может быть принесен прокурором, участвовавшим в рассмотрении дела в качестве государственного обвинителя. В порядке гражданского судопроизводства право кассационного обжалования и опротестования постановлений и определений суда апелляционной инстанции принадлежит сторонам и другим лицам, участвующим в деле. Согласно изложенной в новой редакции ст. 292 УПК Верховный суд действует в качестве суда надзорной инстанции, рассматривает дела по ходатайствам (а не жалобам, как это было ранее) сторон и протестам прокурора”. Автор: Ардак КАЛИЕВ, начальник управления — руководитель пресс-службы Алматинского городского суда.

USHKIYAN.KZ. “Қаржыны үнемдеу үшiн, еңбектi үнемдеме”. “Дағдарысқа қарсы қалқан тұтар бүгiнгi ұранымыз – үнемшiлдiк. Қазiр дүниежүзi үнемшiлдiк ұранын қоғам өмiрiнiң барлық саласында көтерiп отыр. Ол – мемлекеттiк кеңселерде де, қоғамдық-көпшiлiк орындарда да, тiптi мемлекеттiк ресми iс-шараларды өткiзуде де жан-жақты ескерiлген. Әлем елдерi әлдеқашан жинақылыққа және үнемшiлдiкке көшкен…

Энергия үнемдеудiң өсуi әлемдiк экономикада энергия сыйымдылығының төмендеуiне, ал, оның соңы оның дамуы мен тұрақтылығына апаратын болады.

Екiншi – экоэнергетика. Бұл – энергияның қайталама көздерi, “жасыл энергетика”, отын элементтерi, жоғары өткiзгiштер, көмiртегi қосындысын ұстау мен сақтау, энергияны аз тұтынатын жарық көздерi”, – дедi Президент. Жалпы, қуат шығынын үнемдеуге бүкiл әлем көшiп жатыр…”. Авторы: Азат БАЗАРБАЙҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 15 наурыз. Kazakhstan Today — Мемлекет басшысының жарлығымен Сергей Александрович ДЬЯЧЕНКО Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сондай-ақ, мемлекет басшысының жарлығымен Бақыт Тұрлыханұлы СҰЛТАНОВ Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі болып тағайындалды.

«Мемлекет басшысының жарлықтарымен басқа жұмысқа ауысуларына байланысты: Қуандық Уәлиханұлы БИШІМБАЕВ Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі қызметінен; Альберт Павлович РАУ Ақмола облысының әкімі қызметінен босатылды»,- делінген хабарламада.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ