«Ұлт көшбасшысын мақұлдауды Сенат та сарғайтпады, ал оппозиция президентті оған қол қоймауға шақырды». «Баға, қайда барасың?». «Елімізге тартуымыз – Елбасына тартуымыз». «Қырғыздар шекараның ашылуын сұрайды»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 14 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Ұлт көшбасшысын мақұлдауды Сенат та сарғайтпады, ал оппозиция президентті оған қол қоймауға шақырды”. “…Қазақстанның қос бірдей палатасы — мәжіліс те, сенат та ел президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың жетпіс жылдық мерейтойына сыйлық жасап үлгерді – оған Елбасы деген атақ беріп, оны және оның жақын туысқандарын кез-келген қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатты деп бағалады Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізген қоғамдық ұйым өкілдері.

— Біз хандық дәуірге қайтып оралдық. Оған қалаған сыйлығын берсін, көлік, тұлпар деген сияқты. Бірақ ең сорақысы бұл құжатпен бірге — біздің болашағымыз да сыйланып кетіп жатыр. Заң жобасы – президенттің өз тағында әлі біраз отыруын қамтамасыз етеді. Сыйлықтар көп қой. Мәселен астанадағы тұңыш президенттің мұражайын сыйлап жатыр, мейлі біздің қарсылығымыз жоқ. Бірақ біздің болашағымызды, бізді сыйлаудың қажеті қанша?- дейді Ғазиз АЛДАМЖАРОВ.

Оның пікірінше, Президент Ұлт көшбасшысы бола алмайды – себебі қазақстандық ұлт идеясы сәтсіздікке ұшырады. Сондықтан оның Қазақстандағы қай ұлттық жетекшісі екендігі белгісіз дейді Алдамжаров…

Ал елдегі оппозиция өкілдері бұндай «ұятқа қалдыратын масқара» заңдардың қабылдануына барлық заңды жолдармен қарсылық білдіретіндіктерін мәлімдеп отыр”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Баға, қайда барасың?”. “Зейнеткерлер мен бюджет қызметкерлерінің зейнетақы және еңбекақыларына 25 пайыз қосылғаны кеше, ал баға біткен шарықтап, инфляцияның өсуіне қауіп төндіре бастады…

Инфляция қайдан шығып отыр? Бұл мәселенің түп-тамырын қазып қарайтын болсақ, біздегі дәл қазіргі жағдайда екеуінің де инфляцияға қатысы жоқтығын байқамау мүмкін емес дейді сарапшылар. Инфляцияның сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасындағы айырмашылықтарға байланысты болатынын мойындай отырып, біздегі инфляцияның басқаша екенін көптен бері айтып келе жатқан белгілі сарапшы Қанат БЕРЕНТАЕВтың пікіріне құлақ түрсек, Қазақстандағы инфляция шығындар инфляциясы. Яғни сарапшының айтуынша, дәл қазіргі жағдайда жұрттың қолында басы артық қолма-қол ақша пайда болып, олардың сатып алу қабілетінің артып кеткені шамалы. Базаралар мен супермаркет сөрелерінде де азық-түлік немесе тұрмыстық тауарлардың түрлері де азайып қалған жоқ. Яғни ұсыныс дәл қазіргі сұраныстан асып түспесе, кеміген жоқ. Соған қарамастан, баға қарқынды өсіп отыр. Өйткені еліміздегі барлық өнім өндірушілердің басым бөлігінің құрал-жабдықтарының тозығы жеткен…

Ал енді коммерциялық банк біткен тағы бір қымбаттаудың құлағын қылтита бастады. Олардың болжамы бойынша, 2010 жылдың екінші жартысынан бастап пәтер бағасы өсе бастайтын сыңайлы. Сәуір айында Ұлттық банк “Несие рыногының жағдайы және өлшемдері болжамы” тақырыбында екінші деңгей банктеріне сауалнама түрінде кезекті зерттеу жүргізіпті. Сауалнама қорытындысы бойынша банктердің шамамен 76 пайызы 2010 жылдың екінші жартысында жылжымайтын мүлік бағасы тұрақтап барып, старт алады деп күтіп отырғанын жеткізген. Тұрғын үй рыногындағы жағдай жақсарып келеді, баға құлдырайды деген қорқыныштан арылдық, деп қуанышты хабарды жеткізуге асыққан коммерциялық банктер алақандарын ысқылап отыр…”. Авторы: Алма МҰХАМЕДЖАНОВА.

EGEMEN.KZ. “ЕЛІМІЗГЕ ТАРТУЫМЫЗ – ЕЛБАСЫНА ТАРТУЫМЫЗ”. “…Кеше кешке қарай Экономикалық даму және сауда министрі Жанар АЙТЖАНОВАмен хабарласып, мынандай сандық деректерді алдыртып едік. Қараңыз.

Қаңтар мен наурыздың арасында Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсуі 7,1 пайызды құраған.

Осы кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2681,6 млрд. теңге болды, бұл өткен жылдың осы айларындағыдан 11,5 пайыз артық.

Мұнай өндіру көлемі, газ конденсатымен қосқанда, 19 744,0 мың тонна болды, бұл өткен жылдың осы айларындағыдан 8,8 пайыз артық.

Көмір өндіру 12,4 пайызға артты (27 404,7 мың тонна), табиғи газ өндіру 11,5 пайыз (9 653,7 млн. текше метр) өсті.

Өңдеу өнеркәсібінде 18,7 пайыз өсімге қол жетті…

Үкіметтің 11 мамыр күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық кеңес режімінде өткен отырысында биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша елімізде ішкі жалпы өнімнің өсуі 7,6 пайызды құрады деген мәлімет айтылған.

Бұл дерек күні кеше “Нұр Отан” партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында қуатталды…

Міне, алғашқы тоқсанның түпкілікті анықталған қорытындылары, алғашқы төрт айдың ел бойынша шығарылып отырған көрсеткіштері біздің осы сөзге нақты іспен жауап беруге бет алғанымызды тамаша танытады.

Елбасына ілтипат көрсеткіміз келсе – елімізге еңбек етейік.

Елбасына сый-сыяпат жасағымыз келсе – әрқайсымыз өз орнымызда, өз шама-шарқымызша жақсы жұмыс істейік.

Елімізге тартуымыз – Елбасына тартуымыз.

Елім деген, жерім деген, халқының қамын жеген ерге сол елінің өскенін, өркендегенін көргеннен, жұртының жүрекжарды ниетін сезінгеннен артық бақ та, бақыт та болмақ емес”. Авторы: Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

TURKYSTAN.KZ. “Тарифтiң өсуi және тығырыққа тiрелген кәсiпкерлер”. “Электр стансаларына күрделi жөндеу жұмыстарының бiрнеше жылдан берi жүргiзiлмегенiн, құрал-жабдықтардың тозығы жеткенiн, осының салдарынан тұтынушыларға сапалы қызмет көрсете алмай отырғанын және басқа да қиындықтарын тiзбектеп, жарық бағасын өсiрудi сұраудан шаршамайтын энергетикалық компаниялардың, халықты сумен, жылумен қамтамасыз ететiн басқа да монополистердiң айы оңынан туған секiлдi. Биыл тарифтер 12-15 пайызға дейiн көтерiлетiнiн Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi ашық айтты. Шенеунiктердiң босбелбеулiгi мен монополистердiң ашкөздiгiне ашынған отандық кәсiпкерлер болса, «Егер тарифтер өсе берсе, бизнесiмiздi басқа елге алып кетемiз» деп наразылық танытуда…”. Авторы: Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

Қырғыздар шекараның ашылуын сұрайды”. “Қырғызстанда болған дүрбелең ел экономикасын одан әрмен тұралатып тастады. Қазақстан тарапы көмек қолын созып, Қырғызстан фермерлерiне гуманитарлық көмек ретiнде 3 мың 700 тонна дизель жанармайын жеткiздi. Жанар-жағармай Қырғызстанның егiн салатын – Ыстықкөл мен Талас облыстарына жiберiлген. Қазiр бұл өңiрлерде көктемгi егiн егу жұмыстары қызу жүрiп жатыр. Қазақстан тарапынан келген көмектiң негiзiнде жанар-жағармай қырғыз шаруаларына жеңiлдiкпен, атап айтқанда 24 соммен (75 теңгемен) берiлуде. Қырғызстан Республикасының ауылшаруашылық министрi қызметiн уақытша атқарушы Кұбат ҚҰСЕЙНОВ: “Қазiргi уақытта көкөнiс пен темекi өнiмдерi ғана себiлген жоқ. Ал, Ыстықкөл мен Нарын облыстарында дәндi дақылдар егiлу үстiнде. Осы ретте Қазақ халқы мен үкiметiне гуманитарлық көмек ретiнде жөнелтiлген жанар-жағармай материалдары үшiн үлкен алғысымызды айтамыз”, – деп ризашылығын жеткiздi. Алайда, қырғыздар: “Қазақстан жағы гуманитарлық көмек көсреткенiмен екi ел арасындағы шекараны ашпай отыр. Бiз көршi елдiң мұнысын да түсiнемiз. Бiрақ бұл кедергi екi елдiң тауар айналымына кесiрiн тигiзiп отыр” дейдi…”. Авторы: Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ.

ABAI.KZ. “АШЫҚ ХАТ”. “Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының муфтийі шейх Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ қажыға

Қазақстандағы барлық өзге иланымдағы діни ұйымдар жетекшілеріне

Қазақстандағы барлық саяси партиялар мен қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары мен мүшелеріне

АШЫҚ ХАТ

Қазақ елі жоғалтқан мемлекеттілігін 1917 жылғы қазан төңкерісі нәтижесінде, кеңестік тұрпатта жаңғыртты. Кеңестік Қазақ Республикасы жұртты жаппай сауаттандырып, экономикасы мен мәдениетін дамытты, ақыры, Кеңестер Одағын құраған одақтас республикалардың бірі ретінде, 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді. Алайда мұның бәрі сол жетістіктердің тасасында қалған халық қайғысын ұмытуға желеу бола алмайды. Баршамызға белгілі, жыл сайын 31 мамырда елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтіледі. Сталинизм дәуірлеген кезеңде сан-мың жан жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған болатын: жеке басқа табыну әшкереленгеннен бері 340 мыңнан астам азамат ақталды. Тек Үлкен террор жылдары 120 мыңдай адам репрессияланып, оның 25 мыңдайы атылып кеткен еді. Осы сорақылықтарды айыптап еске алу кезінде, большевизм тұсында елімізде орын алған басқа бір мемлекеттік қылмыс оның тасасында қалып қалып жүр. Кеңес өкіметі тұсында көшпенді қазақ халқы үш дүркін жасанды ашаршылықты бастан кешіп, бұрын-соңды болмаған ұлттық апатқа ұрынған болатын: 1917-19, 1921-23, 1931-33 жж. жалпы адам шығыны 4 млн., ықтимал табиғи өсімді есептегенде 10 млн. жаннан асты…

Құрметті Қазақстан мұсылмандарының дінбасы Әбсаттар қажы! Өзіңіз бас болып, еліміздегі барлық мешіттерде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңындағы жұмада — бұл күн биыл 28 мамырға сәйкес келеді — жұма намаз уағызында осы мәселеге көңіл бөлсеңіз және болашақта мұны дәстүрге айналдыруға мұрындық болсаңыз деген өтінішіміз бар. Өлі разы болмай — тірі байымайды деген дана халқымыз!

Құрметті христиан діні тармақтары (православие, католик, т.б.) ұйымдарының діни қызметшілері! Осындай өтінішті Сіздерге де арнап айтамыз. Бұл — барша халқымызды ұлы мұрат жолында біріктіруді көздейтін, иманға негізделген әділ де сауапты шара.

Құрметті саяси партиялар мен қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары мен мүшелері! Қадірлі қауым! Құжаттарымызда көптен айтылғанмен, осы уақытқа дейін жұртшылықтан нақты қолдау таппай келе жатқан игілікті бастамамыздың Сіздердің тараптарыңыздан кең қолдау табатынына біз сенеміз! Алматыдағы қарағайлы бақ ішіндегі тас тұғырға, барлық қалалар мен елді мекендердегі сондай орындарға  28 мамырда — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңындағы жұмада — гүл шоқтарын қойып, жасанды ашаршылықтардан шейіт болған боздақтар аруағына бас июге шақырамыз!”.

Құрметпен, Қазақстан “Әділет” тарихи-ағарту қоғамының мүшелері атынан:

Сәкен Сейфуллин — “Әділет” қоғамының төрағасы, Бейбіт Қойшыбав — қоғам төрағасының бірінші орынбасары, Айдос Сарым — төрағаның орынбасары, Сәуле Қожықова — қоғамның атқарушы директоры, Сәуле Айтмамбетова, Нәзира Жақауова, Ажар Жандосова — төралқа мүшелері, Саят Жансүгіров, Нәдір Әзірбаев, Әли Жандосов, Геннадий Земель, Марат Нұрпейісов, Төлеген Жүкеев — басқарма мүшелері, Тоқтар Бейісқұлов, Қызғалдақ Жұбанова, Райхан Жұмабаева, Азалия Ахметова, Венера Қуанышбаева — ақсақалдар алқасының мүшелері.

ALASHAINASY.KZ. “Қырғызстан қайта дүрлігіп жатыр”. “Кеше Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында жаңа биліктің қарсыластары мен қолдаушыларының арасында қақтығыс болды. Уақытша үкіметті мойындаудан бас тартып, көтеріліске шыққандар Ош қаласының әкімшілігін жаулап алып, қаланың бұрынғы басшысы Мамасадық БАКИРОВті өз орнына қайта отырғызды.

Ал уақытша үкімет тағайындаған Сооронбай ЖЕЕНБЕКОВ әкімшілік ғимаратын бірден тастап шықты. Алаңға жиналғандардың саны шамамен екі-үш мың адамға жуық…

Бұған дейін Жалалабадта да қақтығыстар орын алған болатын. Таң сәріде қаланың орталық алаңына қатар жиналған БӘКИЕВтің қарсыластары мен жақтаушылары бірнеше рет қақтығысып қалды.

Жаңа билік Қырғызстанның оңтүстік аймақтарында болып жатқан бұл оқиғаларға Құрманбек Бәкиевті кінәлауда. Дегенмен олар бұл тұрақсыздық көп ұзамай-ақ тынышталады деп сендіруде. Уақытша үкіметтің ақпараттық саясат жөніндегі үйлестірушісі Варид НИЯЗОВтың айтуынша, Ош қаласында орын алған жағдайға байланысты үкімет мүшелерінің шұғыл отырысы өткізілген жоқ”.

ZHASALASH.KZ. “Жарамсақтар жар басында тұр”. “ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ҚАЙ ҰЛТТЫҢ КӨШБАСШЫСЫ БОЛМАҚ?… Мәжiлiс мақұлдап, сенат қолдап, Нұрсұлтан Әбiшұлына “ұлт көшбасшысы” деген мәртебе берiлдi дейiк. Сонда ол қай ұлттың көшбасшысы болмақ? Тұңғыш президентiмiздi Халмұрадов, Ферхо, Жолшыбековтер қай ұлтқа көшбасшы еткiсi келдi? Өзбекке ме, немiске ме, әлде түркiменге ме? Бұл мәселе заңмен реттелмеген. Әлде депутаттар сол баяғы жаназасы шығарылған “қазақстандық ұлтты” негiзге алып отыр ма екен?

Ұлт көшбасшысы дегеннен шығады, осы орыстардың да таппайтыны жоқ. Жақында олар мынадай анекдот ойлап тауыпты: “Ұлт лидерi болғың келе ме? Онда ПУТИНнiң тестiсiнен өт! Өзiңнiң тегiңдi “…ИЗМ” деген тiркеспен тексерiп көр. Мәселен Борис Вячеславович Грызлов ұлт лидерi бола ала ма? Бола алмайды! Өйткенi, бiз грызловизм дәуiрiнде өмiр сүргiмiз келмейдi! Медведев те, Зюганов та, Кудрин де, Чубайс та ұлт лидерi бола алмайды! Путин — путинизм! Қандай жарасымды! Қысқа әрi нұсқа. Тiптi мас адам да айта алады мұны.

***

Ұмытып барады екенбiз, Н.НАЗАРБАЕВтың бұрынырақта президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi Аслан МУСИНге ұрысқаны естерiңiзде ме? Бiр жиында ол: “Президент Нұрсұлтан Әбiшұлының мерейтойын халықаралық деңгейде атап өту керек…” деп зуылдатып келе жатқанда президент “Стоп!” деп тоқтатып қойып қатаң ескертiп едi ғой. “Ешқандай да мерейтой өтпейдi. Тойға дайындалып, сыйлық жасамақ болғандарыңды сол күнi жұмыстан босатамын”, — демеп пе едi сонда.

Егер президент Нұрсұлтан Әбiшұлы сөзiнде тұрса, мерейтойына сыйлық жасамақ болып жарамсақтанып жатқан парламенттi таратуға тиiс. Мәжiлiсiн де, сенатын да. “Айтылған сөз — атылған оқ”. Ендеше, мезгiлiнен бұрын өтетiн сайлауға күнiбұрын дайындала берген де дұрыс шығар…

Жарамсақтар жар басында тұр. Не жарға құлап, өздерi мертiгедi, не аспанға әуелеткен “тұңғыштарын” масқаралап тынады”. Авторы: Е.БИЕКЕ.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 14 мамыр. Kazakhstan Today — Қырғызстандағы Беларусь елшісі Виктор ДЕНИСЕНКО Минскіге консультациялар үшін кері шақырып алынды, ал елшілік қызметкерлері СІМ орталық аппаратының қарамағына іссаппарға жіберілді. Бұл туралы Беларусь сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Андрей САВИНЫХ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бұл — бұл уақытша сипаттағы мәжбүрлі шара. «Біз бұл қадамға қызметкерлеріміздің өмірі мен денсаулығына төнген қатерге байланысты бардық», — деді СІМ өкілі. Оның айтуынша, қатер бақылаудан тыс экстремистік топтар тарапынан туындап отыр.

Жағдай тұрақтана сала Беларусь дипломаттары өздері тағайындалып жіберілген елдегі міндеттерін атқаруға кіріседі. А. Савиных елшіні шақырып алу туралы шешім қауіпсіздіктен өзге ешқандай да фактормен байланыссыз деп тағы бір рет атап көрсетті.

Қызылорда. 14 мамыр. Kazakhstan Today — Қызылордада тамақтан уланып ауруханаға жатқызылғандар саны 138 адамға жетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖМ ақпаратына сәйкес, «13- мамырдағы сағат 19.00-дегі жағдаймен Сырдария аудандық ауруханасына тағы 4 адам жатқызылды. Қазір ауруханаларда барлығы 138 адам, соның ішінде 18 бала емделіп жатыр. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық».

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ