«Жәнібек пен Керейдің ескерткіші саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ашылуы мүмкін». «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні». «Путин нені меңзеді екен?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 31 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Жәнібек пен Керейдің ескерткіші саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ашылуы мүмкін”. “…Қазақ хандығының негізін салушылар Жәнібек пен Керей ескерткішінің 27 мамырға белгіленген ашылу салтанаты, кейбір деректерге қарағанда, 31 мамырға шегеріліпті. Естеріңізге сала кетсек, бұл күн — Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл ескерткіш Астананың ескі бөлігіндегі қаржы министрлігі ғимаратының алдындағы алаңға қойылмақшы.

Астана қалалық әкімдігі баспасөз қызметі ескерткіштің ашылу салтанатының шегерілуі техникалық себептерге байланысты екендігін хабарлап отыр. Нақтылай айтқанда, салмағы 15 тонналық ескерткіш орнатылатын тұғырдың сапасы қалалық әкімдік тарапынан күмән тудырып отырса керек….

Бұдан бұрын ол қазақ әріптесіне түркі әлемінің жетекшісі ретінде биліктің аса таяғын табыс еткен болатын. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ осы ретте “ұлт көшбасшысы” мәртебесін беретін заң мәселесін де шешіп алуы керек. Мұндай әдеттен тыс заң жобасына Қазақстан парламенті ұйытқы болған еді.

Ал парламент мәжілісінің депутаты Тито СЫЗДЫҚОВ мамырдың 27-сінде, Анкарадан қалып қоймас үшін, Астанада тез арада Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қою мәселесін көтерді”. Авторы: Жасұлан КӨЖЕКОВ.

Мұнайшылар жалақысы өскенімен, қуғынға түскеніне налиды”. “…Бір қызығы — «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Дәулет ЖҰМАДІЛ Азаттық тілшісімен болған әңгімеде жұмысшылардың талаптары баяндалған ешқандай арыз-шағымның әлі күнге дейін келіп түспегенін баяндады.

— Баспасөз бетінде бір хат туралы сөз қозғалады. Бірақ қайда сол хат? Мен ешқандай хат көргенім жоқ. Қашан және немен жіберілді, белгісіз. Бірақ бір жағымды жаңалық — жұмысшылардың жалақысы өзгереді және өседі. Жалақыны көтермелеу барысында талап етіліп отырған үстемелеу коэффициенттердің барлығы ескеріледі, тек нақты цифрды атай алмаймын, бәрі есептелу сатысында, — деді Дәулет Жұмаділ…

Бұдан бөлек бітімгершілік комиссияы құрамындағы басқа жұмысшылар да Азаттық тілшісіне өздерінің басшылық тарапынан қудалауға ұшырап отырғандарына шағымданады…”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.

AIKYN.KZ. “Қанша адам қырылғанын қалай есептейміз?”. “Ашаршылық қасіреті: Қазақстанда ашаршылық жылдары қаза тауып, елден ауып кеткен адамдардың санына қатысты статистика әрқилы. Десе де, отандық тарихшылардың есебі бойынша, 1930-1933 жылдар аралығында 3 миллион 379 500 қазақ ашаршылық құрбаны болған. Оның ішінде 2 миллион 200 мың адам аштан қырылып, 1 миллионнан астамы Қытай, Моңғолия, Ирак пен Ауғанстанға босып кеткен. Қазақстандағы халық саны екі есеге кеміген.

Дерек көздері бойынша, 1926 жылы өз елінде 80 пайыздан асқан қазақтар ашаршылықтың кесірінен азшылыққа айналып кете барған. Яғни, 1932-1933 жылғы “ұлы жұтқа” дейін доминантты ұлт болған қазақтар XX ғасырдың 80-жылдары ғана Қазақстандағы өзге этностардың санымен салыстырғанда, 50 пайыздық межені жарты ғасырға шамалас уақыттан кейін ғана бағындырған. Ашаршылықтың тағы бір қорқынышты статистикасы мынада: Егерде 1930 жылдары Қазақстанда 40 миллионнан астам мал басы тіркелсе, 1933 жылы небары 4 миллион мал басы болған көрінеді. Бұл мал шаруашылығымен айналысатын қазақ халқы үшін үлкен қасірет болды. Кейбір мәліметтер бойынша, Голощекин саясатының кесірінен Қазақстанда тұратын 200 мыңнан астам өзге де этнос өкілдері қаза тапқан…”. Дайындаған Кәмшат ТАСБОЛАТ.

Путин нені меңзеді екен?”. “Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері жасақтаған жұмысшы тобы қауырт еңбектеніп, жасап шыққан одақтың Кеден кодексіне Санкт-Петербургте Үкімет басшылары қол қояды, сонан соң үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап аймақта осы заң жұмыс істейтін болады, деген жоспар бар еді.

Өкінішке қарай, таяуда ғана Ресей Федерациясының солтүстік астанасында бас қосқан мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары маңызды құжатқа қол қоюды әлі де пысықтайтын түйткілдер болғандықтан кейінге қалдырды. Орайы келгенде айта кетейік, бұл құжат ерте ме, кеш пе әйтеуір өмірге жолдама алады…

Міне, осы кешенде 51 де 49 деңгейін ұстап, екі мемлекеттің кәсіпкерлері қоян-қолтық жұмыс істейтіндей бірлескен кәсіпорындарды өмір ақиқатына айналдыру қажет. Мұндайда екі жақты ұтысқа шығамыз: а) Ресей рыногын “іздеп” әуре болмаймыз. Мұны Ресей жағының кәсіпкері өз мойнына алады. ә) Екі жақ бір-біріне кінә артпайтындай ахуал қалыптасып, бұл түптеп келгенде ең өтімді латын америкасы мемлекеттерінің тектес өнімдерін кедендік одақ рыногынан ығыстыруға жол ашып, ақыр аяғында екі мемлекеттегі аграрлық саланың әлеуетін арттырады.

Қорыта айтқанда, Үкімет басшылары сәл ғана іркіліс жасауға мәжбүр болған мәселелер шешілмейтін түйін емес. Ол — ол ма, әрі-берідесін мемлекеттер басшылары келесі басқосуларында мұны назарға алмай-ақ “көшті жүре түзеуге” келісіп, Кедендік кодекске қол қоюы мүмкін. Өйткені қалай болғанда да Кедендік одақтың жемістірек жұмыс істеуі, осынау бас құжаттың “іске кірісуіне” тікелей байланысты. Бұл бас құжат жұмыс істемейінше капитал мен жұмысшы күшінің еркін қозғалысы өмірге келмейді. Ал біздің күткеніміз — солардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету арқылы толық интеграцияға қол жеткізу емес пе?”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

EGEMEN.KZ. “31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні”. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БҰЛ – МІНӘЖАТ! БҰЛ – ТАҒЗЫМ!

ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.

(2007 жылы 31 мамырда “АЛЖИР” мемориалдық мұражай-кешенінің ашылуында сөйлеген сөзінен)…”.

DMK.KZ. “АСТЫҚ… ҚАР АСТЫНДА ҚАЛҒАНЫ ҚАНША ӨЗІ?”. “Былтыр Қазақстанның ауылшаруашылығы үшін берекелі жыл болып, астықтан рекордты өнім жиналды. Күзге салым құлаққа жеткен ақпарды естіген бойда қалпағымызды аспанға аттық. Ендеше, 22 млн. тоннадан астам астықты аузын айға білеген алпауыт мемлекеттердің өзі өндіре алмайды. Ал біз осындай жетістікке қол жеткіздік. “Құдай берді деген осы”, – дедік сол кезде. Бірақ…

Қуаныш көпке созылмады. Себебі, науқан аяқталған бойда жиылған мол өнімді шаруа қайда және қаншадан өткізерін білмей дал болды…”. Авторы: ?ркен ЖОЯМЕРГЕНҰЛЫ.

ALASHAINASY.KZ. ““Байлардың ауласына қарай бердім, бабамның балбал тасы жоқ па екен?” деп”. “Озған ел тарихын таспен жазады, тозған ел тарихын жаспен жазады” деген бабалар сөзін сарапқа салсақ, “біз осының қайсысына жатамыз?” деген сұрақ еріксіз туындайды. Былай алғанда, рас, біз – тарихымызды сиямен қағазға емес, қанменен тасқа қашап жазған халықтың ұрпағымыз. Осыған қарап, өзімізді озған елдің қатарына жатқызуға да болар-ау, бірақ бүгінімізге зер салайықшы. Біз сол сан ғасырдан сыр шертетін тасымыздың таңбасын ұғып, жер астынан аршып алынған тарихи орындарымызды қадірлеп жүрміз бе?…”. Авторы: Мәриям ӘБСАТТАР.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫның әдеби шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған «Ахмет Байтұрсынұлы оқуларын» өткізеді.

Мақсаты: қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, дарынды жастарға қолдау көрсету.

Міндеті: саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, Алаш ардақтыларының рухына тағзым ету, тарихи тұлғалардың тәуелсіздік жолындағы күресі мен шығармашылық мұрасын насихаттау, қазақстандық рухани бірлікті нығайту және отансүйгіштік сезімді тәрбиелеу, көпшіліктің қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту.

Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің ресми өкілдері, тілші ғалымдар мен ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен БАҚ тілшілері, әдебиет сүйер қауым, студент жастар мен оқушылар және т.б. шақырылады.

Іс-шара А. Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталады.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ