«Назарбаев Университеттің» ашылуы 2010 жылғы маусымның 28-іне белгіленіп отыр. «Сақалды» Италия саптан шықты». «Қашқандар құтылмады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 28 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG.ЕҚЫҰ төрағасы Қырғызстандағы дағдарыста ештеңе тындырмады”. “ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан Қырғызстандағы жанжалды реттеуде ешқандай белсенділік танытқан жоқ және ЕҚЫҰ төрағасы болысымен Астананың ұйымға деген қызығушылығы жоғалды дейді Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар… Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ жүргізеді…”.

AIKYN.KZ.Ұлт көшбасшысының болуы – үлкен бақыт”. “Алматыда “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының бастамасымен, Қазақстан, Ресей және Қырғызстан сарапшыларының, саясаткерлерінің, ғалымдарының қатысуымен “Посткеңестік кеңістіктегі ұлттық лидерлік феномені: бейнесі мен мазмұны” атты халықаралық конференция өтті.

Жиында отандық және шетелдік мамандардың саяси лидерлік феноменінің тарихи тұрғысы, ұлттық лидер бейнесінің қалыптасуындағы құрамдас бөліктері, посткеңестік кеңістіктегі саяси лидерлердің саяси аренадағы қалыптасу ерекшеліктері, азаматтық қоғамдағы ұлт лидерінің рөлі жайлы және ТМД елдерінің саяси лидерлік институтының даму мәселелері талқыланды. Конференцияда модератор, Парламентаризм институтының директоры Б.БАЙҚАДАМОВ (Көшбасшы ұлттың игілігі үшін), Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің мүшесі, “Нұр Отан” фракциясының мүшесі, саясаттану профессоры Қамал БҰРХАНОВ (Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі саяси көшбасшының тарихтағы алатын орны), Қырғызстан Республикасындағы “Полис Азия” талдау орталығының жетекшісі, саясаттанушы Эльмира НОҒОЙБАЕВА (Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі саяси көшбасшы феномені: алғышарттары және ерекшеліктері), Ресейдегі “Альтернатива” өзекті мәселелерді зерттеу орталығының директоры Андрей ЧЕБОТАРЕВ (Ұлттық көшбасшыларды сайлау ерекшелігі: бұрынғы кеңестік кеңістіктегі кезең тәжірибелері), Қазақстан Республикасының Саяси ғылымдар академиясының академигі Албан БАЛҒЫМБАЕВ (Ұлттық көшбасшының феномені: мәні мен маңызы) азаматтық қоғамдағы ұлт лидерінің рөлі, алатын орны туралы баяндамалар жасады….

Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің лидерлері өз халқының тағдырына қаншалықты әсер еткенін конференцияда жасалған баяндамалардан байқауға болады. Мемлекеттік құрылым формасы, саяси жүйесі, экономикалық және әлеуметтік саясат тағы басқа көптеген мәселелер осы ұлт көшбасшыларына тікелей байланысты. Бір мемлекеттен тараған республикалардың әрқайсысы әртүрлі жолға түсті — біреуі бай тұрса, екіншілері күндерін әзер көріп жүр, ал енді біреулерінде қантөгіс болып жатыр. Сондықтан біздің қазақта, қазақстандықтарда осындай ұлттық көшбасшының болуы үлкен бақыт деп білу керек. Бұл факт. Конференцияның қорытындысы бойынша қатысушылар посткеңестік кеңістіктегі саяси лидерліктің дамуы мен нығаюы жөніндегі ұсыныстарын жасады”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

САҚАЛДЫ” ИТАЛИЯ САПТАН ШЫҚТЫ”. “Әлем чемпионатындағы сенсациялар тізбегі тағы жалғасты. Франция құрамасының кебін киген әлемнің төрт дүркін чемпиондары — италиялықтар да жарыс жолынан тым ерте шығып қалды. Африкадағы дода енді 2006 жылғы әлем біріншілігінің ақтық сынында өзара бәсекеге түскен Еуропаның қос бірдей мақтаулы командасынсыз жалғасады. Марчело ЛИППИ жаттықтыратын Италия құрамасы плей-оффқа өтудің соңғы мүмкіндігін пайдалана алмай, Словакия командасынан 2:3 есебімен ұтылды…

Сонымен, өз тобында оза шапқан Голландия құрамасы 1/8 финалда италиялықтарды үйлеріне қайтарған Словакия командасымен кездеседі. Ал плей-офф бәсекелеріне жолдама алған Азия құрлығының өкілі — Жапония құрамасы қарсы топтың серкесі — Парагвай командасына қарсы тұрады. 1/8 финалға қазірге дейін Оңтүстік Америка құрлығынан — 5, Еуропадан — 4, Азиядан — 2 және Солтүстік Америкадан — 1 команда шықты”. Авторы: Шалқар ЕСТЕН.

EGEMEN.KZ.ҚАРУСЫЗДАНУ – БЕЙБІТШІЛІК КЕПІЛІ”. “Бейсенбі күні Ашғабадта Орталық Азия және Каспий бассейні аймағындағы қарусыздану проблемалары жөніндегі халықаралық конференция болып, оның жұмысына ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ қатысты…

Ядролық қарудан азат аймақ көлемін ұлғайту жолында Қазақстан жаңа бастамалар көтеріп отыр, деді Қ.Саудабаев. Қазақстан Каспий теңізіндегі әскери іс-шараларды шектеуді қалайды. Біз Каспий теңізі достық, тұрақтылық және өзара сенім мекені болса екен дейміз. Қазақстан 2004 жылдан бері Каспий теңізіндегі қару-жараққа бақылау орнатудың бесжақты тетігін жасау туралы бастама көтеріп келеді. Осындай шаралар өзара сенімді нығайтар еді. Қырғызстандағы жағдай туралы айтқанда қару-жарақ пен оқ-дәрілердің үлкен көлемі ондағы халықтың қолына бақылаусыз түсуі алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Отты қарулардың заңсыз айналысын көптеген елдердің үйлесімді әрекетінің арқасында ғана шектеуге болады. Осылай дей келіп, Қ.Саудабаев БҰҰ-ның кәдімгі қару-жарақ тіркелімін жетілдіру қажеттігін айтты. Біздің осынау ұсыныстарымыз қызығушылық тудырар деген үміттеміз, деді ол.

Конференция жұмысына Қазақстан, Иран, Әзірбайжан және Тәжікстан сыртқы істер министрлері, Ресей, Өзбекстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары және Қырғызстан сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы қатысты. Түскі үзіліс кезінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі И.Моттакимен және ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришамбомен екіжақты кездесулер өткізіп, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады”. Авторы: Жақсыбай САМРАТ.

ABAI.KZ.Ерлан ҚАРИН, саясаткер: Қостілділіктен көптеген қатерлер туындауда”. “- Ерлан мырза, журналистер күні қарсаңында БАҚ саласында қордаланған мәселелер, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесін қозғасақ дейміз. Кезінде өзіңіз де “Қазақ журналистикасы ұлттық партияның ролін атқарып отыр” деп, үлкен баға берген едіңіз. Бірақ бүгінгі БАҚ-тарға өз қызметін атқаруға мемлекеттік бақылау мен монополия тұсау болып отырған жоқ па?

Қателеспесем, 2006 жылы “Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі” тұжырымдама қабылданған болатын. Сол тұжырымдамада ақпараттық қауіпсіздікке қандай факторлардың әсер ететіні айтылған еді. Оның ең алғашқы факторы ретінде мемлекеттік монополия немесе белгілі бір саяси топтардың монополиясы келтірілген. Яғни, бұл арада билік те өз деңгейінде мемлекеттік монополияның ақпараттық жүйенің жағдайына, ақпараттық қауіпсіздікке шын мәнінде үлкен қауіп төндіретінін түсінеді және мойындайды. Егерде осыдан 5-6 жыл бұрын ақпараттық кеңістіктің ең басты проблемаларының бірі — ақпарат құралдарына кейбір олигархтық, қаржылық-саяси топтардың ықпалы болса, кейінге кезде бұл проблема кейінге кетіп, мемлекеттік монополия мәселесі алға шықты. Бірақ, соған қарамастан, соңғы жылдары бұл үрдіс тым күшейіп кеткен сияқты.  Әсіресе, дағдарыстың ықпалынан. Әрине, статистика бойынша БАҚ-тардың көбі, дәлірек айтсақ, 85 пайызы мемлекеттік емес. Бірақ сол жекеменшік ақпарат құралдары қаржыны қайдан алады? Мемлекеттік тапсырыстан. Әрине, бір қарағанда, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Керісінше, мемлекеттің қолдауы дұрыс та сияқты. Себебі медиа активтердің мемлекеттің қолында шоғырлануы және қаржылай көмек беруі мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімді іс жүзіне асырылуына септігін тигізуі керек. Алайда, екінші жағынан, мемлекеттің ықпалы бәсекелестіктің азаюына және соның нәтижесінде ақпараттық өнімдердің сапасыздығына әкеледі. Бүгінде кейбір мемлекеттік арналарды қарау мүмкін емес болып кетті, жиі-жиі қайталанатын роликтер сол арналарды тек үгіт-насихаттың құралына айналдырып жібергендей әсер қалыптастырады. Жұрт оны көре ме? Көрсе де, амалсыздан. Осы жағдайды мойындауымыз керек. Сол бағдарламалар қызықтырмағаннан тұрғындар балама өнімді іздейді

— Таяуда Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: “Қазақтың саны 65 пайыздан асса да, біз БАҚ-тағы мемлекеттік тілдегі көрсетілімдерді 35 пайызға да жеткізе алмай отырмыз” деп мәлімдеді. Жалпы, мұндай заң талаптары орындалмай жатса, неліктен қатаң жазалау әрекеттері жүзеге аспайды?

Онымен құзырлы органдар айналысуы қажет. Бұл жәй қоғамның талабы емес, ал заңның нормасы. Заңды біреу бұзса, оны жазаға тарту қажет. Бірақ бұл нормалар қанша дегенмен жеткіліксіз. Бүгінде еліміздегі ақпараттық кеңістікте қалыптасқан жағдайдың ерекшілігі — ол орыстілді және қазақтілді ақпарат құралдарының баяғыдай жәй сандық арақатынасының мәселесі ғана емес. Мәселе бүгінде рейтинг пен жарнамаға да барып тіреледі. Біздің рейтинг агенттіктерінің мәліметіне сенсеңіз, халықтың басым бөлігі “ОРТ-Еуразия” арнасын қарайтын сияқты. Бірақ рейтинг агенттіктері тек қалаларда орыстілді аудитория арасында сауалнама жүргізеді. Сондықтан рейтингтің нәтижесі де басқаша боп шығады. Міне, соның салдарынан жарнама қазақтілді БАҚ-тарға үлестірілмейді. Сондықтан кейбір сарапшылардың, “Gallup-Медиа” компаниясының рейтингісі тек бір арнаның мүддесі үшін жұмыс істеп жатқан жоқ па деп сұрақ қоюы да орынды. Яғни, бұл тақырыпта жүйелі талдау қажет. Бірақ осы айтылған проблемалардың барлығы, айталық қазақ тіліндегі хабарлардың өз үлесінде таратылмауы, заңның сақталмауы, жарнаманың біржақты үлестірілуі — бұның барлығы ресми саясаттағы қостілділіктің салдары. Егерде мұнымен түбегейлі айналыспасақ, қазір немесе болашақта бұл проблема қайткенде де шыға береді. Қысқаша айтқанда, біздегі көптеген проблеманың себебі мен көзі — ол қазаққа бір әңгіме, ал өзге ұлтқа басқа бір әңгіменің айтылуында. Әсіресе “Ел бірлігі” доктринасына байланысты дау тұсында бұған толықтай көзіміз жетті. Орыстілді ақпарат құралдарынан қазақ газеттерінде көтеріліп жүрген бірде-бір мәселені көрмейміз. Мәселен, ұлттық тарихқа қатысты: Алаш, аштық тақырыптары, т.б. Немесе күнделікті қазақ қоғамын мазалайтын тіл мәселесі де көтерілмейді. Қостілділік — бұл тек орыстілді және қазақтілді ақпарат құралдарының сандық ара-қатынасы ғана емес. Бұл терең әрі күрделі мәселе, оның рухани, мәдени және саяси астары да бар. Дегенмен, қостілділіктен туындайтын проблемаларды айтып, мойындамасқа тағы болмайды. Доктринаның дауынан кейін бұған назар аудару керек-тін. Себебі қоғамдағы ішкі қарама-қайшылық бір оқиғаға әртүрлі мағына берілген соң, оны қоғамның әрқилы түсінуінен қалыптасады. Әрине, басқа біреулер айтуы мүмкін, бізде саяси плюрализм бар, сондықтан барлығы бірдей сөйлеп, бірдей ойлануы қажет емес пе деп… Алайда, әртүрлі пікір айту бір бөлек — ал бір қоғамда әртүрлі құндылықтарды тарату ол мүлдем басқа. Ыдырау, ең алдымен, сананың ыдырауынан басталады. Қоғамды бөліп отырғанымыздың түп негізі де осында…”. Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ.

ALASHAINASY.KZ.“Алаш айнасы” – ең үздік басылым”. “Қазақтың ақпарат айдынына ақ кемесін шығарғанына бір жарым жылдай ғана болған газетіміз желкенін керіп, ел үмітін арқалап келеді. Мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының арасында жүргізілген арнайы сауалнамалар нәтижесінде Республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық “Алаш айнасы” газеті “Мемлекеттік тілдегі ең үздік басылым” аталымының иегері деп танылды. Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігінің осы арнайы грамотасын кеше журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтаған жауапты хатшы Қайрат ӘБСАТТАРОВ табыс етті.

“Сіздерге шығармашылық ой ұшқырлығын, қызықты тақырыптар және батыл авторлық шешімдер тілеймін. Журналистік шеберлікті объективті сезімдермен, патриотизм және биік азаматтық ұстанымдармен қатар алып жүрулеріңізге тілектеспін”, – делінген байланыс және ақпарат министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВтің арнайы марапатында. Ал біз өз тарапымыздан редакция ұжымы бұдан былай да Алаш жұртының өзіне қарап, көшін түзейтін ақпарат айдынындағы айнасы болуы үшін қал-қадерінше қызмет ете береді демекпіз.

“Алаш айнасының” тағы бір үлкен қуанышы – газетіміздің бас редакторы, республикаға белгілі журналист, “Айқын” және “Алаш айнасы” газеттерінің негізін қалаушы, танымал телемаман Серікбек Мейрамбекұлы ЖАНБОЛАТ Мәдениет министрлігінің мәдениет қайраткері атағын алды”.

USHKIYAN.KZ.ҚАШҚАНДАР ҚҰТЫЛМАДЫ”. “Бүгін, 26-маусым күні, араға төрт күн толғанда газетіміздің тілшісіне сағат түнгі 22-00-лер шамасында түрмеден қашқан қылмыскерлердің қалғандарының ұсталғаны туралы ақпарат жетті.

Естеріңізге сала кетейік, 22-ші маусым күні таңғы 5:10 шамасында Ақтау қаласының сыртындағы ГМ 172/1 қатаң режимдегі колонияда атыс болып, одан 21 сотталған қашып шыққаны туралы хабар сол күні таң атпастан бүкіл әлемге тарап үлгерген еді. Суыт оқиғадан жеті сотталған өліп, біреуі ұсталғаны, қалған он үші қашып құтылғаны туралы естімеген жан жоқ…

Естуімізше, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті, “Арлан” арнайы тобының іздестіруімен Маңғыстау ауданы, Шетпе елді мекенінен 20 шақырым қашықтықтағы Айрақты тауының маңында жасырынған қашқындармен арнайы жасақ арасында атыс болған. Нәтижесінде, 8 сотталған өліп, 5-еуі қолға түсті, араларында жаралы бар екен. Ал, сарбаздар тарапынан бір адам жарақатты. Сондай-ақ, қашқандарды көлікпен алып жүрген тағы 2 адам ұсталған. Естуімізше, олар көліктерге жарылыс жасаған…

Қашқын тұтқындардың ішінде 2007 жылы Қордай ауданында “Такфирлер жамағаты” лаңкестік ұйымын құрғаны және басқарғаны үшін ҚР ҚК 233,164,251 бабы бойынша сотталған Дәурен ӘЛІМБЕТОВ деген уаххабит қылмыскер де бар. Сонымен қатар 2008 жылы Маңғыстауда полиция капитаны БИСЕКЕНОВты “Аллаһу акбарлап” өлтірген уаххабилік ағым мүшелері Е.Алпанов, Н.Ажиев, О.Жолдасбаев бар болған. Осының бәрі бұл оқиғаның діни бояуы қаншалықты қалың екенін көрсетсе керек…”. Авторы: Алмас ҚУАНБАЙ.

KAZ.GAZETA.KZ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Бейбітшілік және келісім сарайында өткен “Астана!..” мюзиклінің премьерасын тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл Қазақстанның мәдени өміріндегі айтулы оқиға. “Астана!..” мюзиклін композитор Алмас СЕРКЕБАЕВ драматург Юрий КУДЛАЧпен (Германия) бірлесіп жазған. Режиссер-қоюшысы — Ресейдің халық әртісі Юрий АЛЕКСАНДРОВ. Суретші-қоюшысы — Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Вячеслав ОКУНЕВ. Қойылымның музыкалық жетекшілері — Қазақстанның халық әртісі Базарғали ЖАМАНБАЕВ пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал МҰХИТДИНОВ.

Мюзиклде Қазақстанның опера театры мен белгілі эстрада әншілері, еліміздің музыкалық жоғары оқу орындарының студенттері өнер көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім МӘСІМОВ жексенбі күні “Назарбаев Университетінің” стратегиялық әріптестері -жоғары оқу орындары өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

“Назарбаев Университеттің” ашылуы 2010 жылғы маусымның 28-іне белгіленіп отыр. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарында Астананың Жаңа университетіне қабылдау емтихандары өтіп жатыр.

***

Тілді дәріптегені үшін – Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры қазақ тілін кең насихаттағандары үшін журналистерге сыйлықтар тапсырды.

Бұл журналистік марапаттың мақсаты – баспасөз бен электронды БАҚ-тың Қазақстандағы тіл үрдістерін жан-жақты және шыншыл көрсететін, қазақ тілінің құндылығы мен маңызы туралы тартымды материалдар жазатын, өз кәсіби қызметінде қазақ тілін жетік меңгерген қызметкерлерін ынталандыру.

Қордың әрқайсысы 50 мың теңге көлеміндегі алғашқы үш ақшалай сыйлығына мына журналистер лайық деп табылды: “Ана тілі” газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ержан БАЙТІЛЕС, “Казахстансая правда” газеті бас редакторының орынбасары Сәбит МАЛДЫБАЕВ, Шығыс Қазақстан облыстық “Рудный Алтай” газетінің тілшісі Қабдылқайыр ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.

Қордың директоры Азат ШӘУЕЕВтің айтуынша, Президенттік қордың жаңа журналистік сыйлығы қазақ және орыс тілдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының, аймақтық басылымдар мен интернет-БАҚ-тың барлық түрлеріне мониторинг жасау арқылы жылма-жыл тапсырылатын болады (МТДПҚ сайтынан).

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

2009 жылдың шілде айынан бастап 2010 жылдың шілде айына дейін осы жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ