AZATTYQ.ORG. “Украиналық чекистер КГБ-ның қуғын-сүргін тәжірибесін қайта жаңғыртты”. “Украина басқаша ойлаушыларды қауіпсіздік органдарының көмегімен қуғындау жөнінен постсоветтік аймақты қуып жетугебет бұрды. Орталық Азия ондай тәжірибе жағынан алға ұзап кеткен. Ал Қазақстан КГБ әдістерінен ажырамаған да еді…
Украинада жағдай бұлайша құбылады деген ой осыдан бар-жоғы 7-8 ай бұрын ешкімнің қаперінде болған жоқ. Виктор ЯНУКОВИЧтің билікке келуімен өткенге қайта оралу болады дегендер аз болған жоқ. Алайда ондай өзгеріс дәл осы қауіпсіздік қызметінен бастау алады деп ешкім ойламаған да шығар. Виктор ЮЩЕНКОның кезінде тура осы құрылым қызметі мазмұндық жағынан түбегейлі өзгеріске ұшыраған болатын. Ющенко тұсында украиналық КГБ толығымен дерлік елдегі саяси процестерге араласпайтын болып еді….”. Авторы: Александр НАРОДЕЦКИЙ (Тәуелсіз журналист Александр Народецкий бұрын “Азат Еуропа”/“Азаттық” радиосының Украин және Түрікмен редакциясының директоры болған. Бұл мақаладағы аутордың жеке көзқарасы мен ой тұжырымдары Азаттық радиосының ұстанымына сәйкес келмеуі мүмкін).
“АҚШ пен Ресей өзара тыңшы алмасты”. “…Жұма күні АҚШ пен Ресейдің тыңшылар тиелген ұшағы бір мезгілде Вена әуежайына келіп қонды. Нью-Йорктен жеткен ұшақтың ішінде ресейлік он агент болды. Тоғызы – Ресей азаматы, біреуі – тегі перулік АҚШ азаматы. Олар Ресейде түрмеде отырған батыстық тыңшылармен айырбасталмақшы…”. Авторы: Үкілі-ай БЕСТАЙ.
“Журналистерді қорғау комитеті Рамазан Есіргеповті түрмеден босатуға шақырды”. “…Тараз түрмесінде аштық жариялап жатқан журналист Рамазан ЕСІРГЕПОВпен шілденің 9-күні түстен кейін адам құқын қорғаушы Руслан ХАЛИДОВ арнайы прокурордың қатысуымен кездескені Азаттық радиосына мәлім болды. Осы кездесу кезінде Азаттық тілшісі телефон арқылы байланысқан Руслан Халидов Рамазанның хал-жағдайына байланысты жалғыз ауыз сөз ғана айтып үлгерді...”. Авторы: Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ
EGEMEN.KZ. “ҚАЖЫЛЫҚҚА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ”. “Қараша айының соңғы он күндігінде өтетін үлкен қажылыққа дайындық көптеген мұсылман елдерінде биылғы көктемде-ақ аяқталды. Ал, бізде негізінен енді-енді қолға алынуда. Жиырма миллион мұсылманы бар Ресейде қажылықпен небәрі екі фирма ғана шұғылданса, ал бізде биыл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш – 34-ке жетті. Былтыр 17 еді, биыл екі есеге өсті. Ресейдегі екі фирма діни басқармасының қанаты астында қызмет етсе, ал біздегілер әрқайсысы жеке дара, қаржылық жағынан да дербес…
Әр фирма өз зиярат етушілерін тауып, тарту үшін жаппай жарнама жасауға кірісті. Сонымен, үлкен қажылық үшін дайындық қызу қолға алынды”. Авторы: Оңғар ӨМІРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы.
“АБАЙДЫҢ БАЙКӨКШЕСІН БІЛЕМІЗ БЕ?”. “Абайдың қасында жүріп, оған тікелей әсері болған және одан жоғары бағасын алған ақындардың бірі – Байкөкше. Жалпы біз Абайды, оның өлең құдіретін айтқанда, маңындағы ақын-жыршылардан бөліп қарап, артық біткен ақындық қуатына жоғары баға бергенде қасында жүрген ақындар, жыршы-жыраулар айдың қасындағы жұлдыздай назардан тыс қалып қоятыны бар. Сондай көмескі қалып келе жатқан ақынның қатарындағы Байкөкше БАЛҒЫНБАЙҰЛЫ (1813 – 1892) – Абайдың замандасы, оның апыл-тапыл басқан шағынан қасында болып, ерекше сыйласқан адамы…
Анығында Байкөкше Абайдың шәкірті емес, керісінше Абай жас кезінде Байкөкшеден ақындық өнердің қыр-сырын танып, кейін келе Байкөкшенің ақындығын қатты сыйлап қасына ертіп жүрген. Демек, Абайдың ақындық айналасы, ақындық ортасы дегенде Байкөкшенің аты алдымен аталатыны сондықтан. Ал біз хакім ақынның аманатын басшылыққа алып, Байкөкше ақынның артында қалған мұрасын халыққа қайтарып беруді өз міндетіміз деп білген едік. Сөз соңында оқырманға Байкөкше ақын шығармаларын жинақтап шығарғалы жатқанымызды, сол игілікті шаруаға қамқорлық танытып отырған белгілі тарихшы-әдебиетші ғалым, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, Ерлан Бәтташұлы СЫДЫҚОВқа әдебиет жанашырлары атынан алғысымызды білдіреміз”. Авторлары: Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, филология ғылымдарының докторы; Дәулет СЕЙСЕҰЛЫ, СЕМЕЙ.
ALASHAINASY.KZ. “Демалыс лагерьлері де ұлттық тәрбие мектебі екенін неге ұмыттық?”. “Кеңестік кеңістікте күн кешкен немесе соның шет жағасын көріп қалған әрбір ұланға пионерлердің жазғы демалыс лагерьлері жақсы таныс. Жалпы, өзіндік заңдары мен төл ұрандары аясында қызу қайнап жататындығы соншалық – пионерия өмірі ешқандай компьютер, ұялы телефон, спутниктік антенналарсыз-ақ мейлінше бай да қызықты болатын.
Әрине, балалар ұйымдары ішінара болса да жер-жерде бүгін де бар, бірақ оларда ортақ идея жоқ. Ал пионер ұйымының: “Дайын бол! – Әрқашан да дайынмын!” сипатындағы басты идеологиясы күні бүгінге дейін оның әрбір мүшесінің есінде…”. Роза РАҚЫМҚЫЗЫ.
ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Өрмекшінің торы”. “Кезінде әп-әдемі басталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің соңы “келе-келе әдепкі бағытынан ауытқып, қолында құзыреті бар құқық қорғау органдарының қылмыстың ашылу пайызы жолындағы қырқысқан науқаншылдығына айналып кетеді-ау” деген бөгде ой ешкімнің қаперіне кірмеген еді.
Қазір ғой көзі қарақты адам “ішіп қойды”, “жеп қойды” немесе “ірі көлемде пара алды” деген айыппен ұсталып, қолдарына кісен кигізілген адамдардың іс-әрекетінің түпкі астарына “әй, осы тірлікте әлдебір ықпалды топтардың қарауылға алған кісісін қарадай жардан құлатып, абыройсыздыққа душар ету секілді құйтырқы амал-айласы жатқан жоқ па екен?” деп күмәндана қарайтын болды.…”. Авторы: Ерлан НОҒАЕВ.
KAZ.GAZETA.KZ. Үстіміздегі жылдың басынан бері Көкарал тоспасы арқылы Үлкен теңізге 2,8-3 млрд. текше метр су жіберілді. Енді жыл сайын бұл жерден 4 млрд. текше метр су жөнелтіліп тұрса, алдағы он жылда Арал теңізінің айдыны суға толатын түрі бар.
Бұл үшін алдымен Кіші теңіздің деңгейін тағы 7-8 метрге көтеріп, ондағы судың мөлшерін 60 млрд. текше метрге жеткізу керек. Бұл мұнда әлі 33 млрд. текше метр су керек деген сөз. “Мамандар судың бір жылдары көп, бір жылдары аз болуынан суды жеткізе алмауымыз мүмкін деген қауіп айтып отыр, — дейді осыған орай облыс басшысы. — Бірақ біз Шардарадан Арнасайға, Айдаркөлге соңғы 15 жылда 50 млрд. текше метр суды жіберіп, қазір онда екінші Арал пайда болды”. Демек, Сырдың арнасымен келіп, Көкаралға құйылып жатқан қазіргі судың мөлшерімен де біртіндеп Арал теңізін толтыруға болады.
Қазанның 6-сы мен 9-ы аралығында елімізде халал стандарттарымен өндірілген тауарлардың халықаралық көрмесі өтеді. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан халал өнімдерінің көрмесі барысында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне қарасты “Халал” стандартын енгізу жөніндегі №57 техникалық комитетінің төрағасы Марат СӘРСЕНБАЕВ айтты…
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ