AZATTYQ.ORG. “Шаңырақ көтерілісінен” бері төрт жыл өтсе де биліктегілер баспананы қирату үшін күш қолданып отыр”. “…Қазақстаннның жаңа тарихына “Шаңырақ көтерілісі” деген атпен енген оқиғаларға төрт жыл болды. 2006 жылдың 14 шілдесінде қаруланған бір жарым мың полицей Алматы маңындағы Шаңырақ ауданына сау етіп келе қалды.
Бұл ауданда “заңсыз” деп саналған жүздеген үй бар еді. Полиция заңсыз үйлерге лап бергенде, үй иелері қарсылық білдірді. Осының салдарынан көптеген бейбіт тұрғын жарақат алды. Жүз қаралы полицей жеңіл және орташа дәрежедегі жарақат алса, ашынған ел бір полицейді тірідей өртеп жіберді.
Шаңырақтағы қайғылы оқиғаның төрт жылдығы қарсаңында Азаттық радиосы оппозициялық саясаткер Жасарал ҚУАНЫШӘЛИНмен сұқбат жүргізді. “Шаңырақ көтерілісі” ісі бойынша жүрген сот процесінде ол Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және полицейді өлтірді деп айыпталғандардың мүддесін қорғаған. Төрт адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылды...”. Авторы: Әсем ТОҚАЕВА.
“Қазақмысқа” инвестиция салма! Түбі шикі” деп ескертеді Global Witness ұйымы”. “…Совет Одағы құлай сала Батыс нарығына ұмтылған табиғи ресурсы зор пост-советтік елдердің ішінде Лондон биржасына бірінші болып қолы іліккен осы “Қазақмыс” компаниясы. Қазақстандық өндіруші аз уақытың ішінде FTSE 100 үлес индексіне де мүше болып үлгірген. Яғни, Ұлыбританиядағы капиталы зор жүз алпауыт компанияның қатарына кіріп тұр. Бірақ, мұның барлығы батыстық компаниялар сияқты шебер менеджмент пен адам ресурстарын табиғи ресурстармен қатар оңтайлы пайдаланудың жемісі емес. Мыс өндіруші компанияның басшылығы мен Қазақстанның “автократ билеушісінің” арасындағы етене жақындықтың белгісі. Сондықтан да шетелдік инвесторлар мұндай тегі күмәнді капитал мен саясатқа шырмалған менеджментке күмәнмен қарап, арандап қалмауы керек дегенге саяды есептің жалпы мазмұны.
Global Witness (“Глоубл Уитнес”): “Қазақстанда клептократияның нышаны байқалады. Мемлекетті бір отбасы ғана басқарып отыр. Мемлекеттік бизнес тек сол отбасы мүшелерінің қолында. Ат төбеліндей элита байи түседі, халық одан сайын жүдей береді. Қырғызстандағы жағдай клептократияның саяси тұрақсыздыққа ұласуы мүмкін екенін көрсетті” деп ескертеді…
Global Witness Владимир НИ мен Владимир КИМнің “Қазақмысты” Қазақстан президентінің атынан басқарып отырғанын тек қаңқу сөз бен өсек-аяң негізінде емес, дәйекті фактілер арқылы ашып көрсетуге тырысады. ҮЕҰ өз зерттеуінде куәгер ретінде Мұхтар ӘБЛЯЗОВ, Рахат ӘЛИЕВ және Ержан ДОСМҰХАМЕДОВтардан сұхбат алған. Өзге де бірқатар қазақстандық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінен пікірін білген. Есеп авторлары кен игеру саласында бір күн істеп көрмеген бұрынғы ортақол комсомол қызметкері Владимир Кимнің қалайша 2010 жылы үш миллиард фунт стерлингтен аса капиталы бар Ұлыбританияның он төртінші бай адамына айналып шыға келгеніне арнайы тоқталады….”.
ALASHAINASY.KZ. “Баж салығы алпауыттарға ауыз салды”. “Расын айту керек, 2002-2010 жылдарға арналған “Ауызсу” бағдарламасы іске қосылғанымен, оны жіті қадағалайтындай бақылау бола қойған жоқ. Себебі дағдарыс келіп жағадан алғанда, бұл мәселелер көлеңкеде қалып қойды. Оны Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ те мойындап отыр. “Еліміз дағдарысқа тап болып, екі-үш жыл бойы күйіп тұрған мәселелермен айналыстық. Ал ауызсу мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді әрі ұзақ уақыт бойы күресетін проблема. Ұлттың денсаулығы, сондай-ақ осыған қатысты барлық нәрсе ауызсумен байланысты”, – деді ол селекторлық кеңесте.
“Ауызсу” бағдарламасы бойынша барлығы 335 миллиард теңге бөлінгені белгілі…
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша, Экономикалық даму және сауда министрлігінің қарамағынан жұмыс тобы құрылып, құзырлы органдардың қатысуымен ауызсумен қамтамасыз ету проблемалары айналасында сараптама жасалған. Нәтижесінде елді мекендердегі сумен қамтамасыз ету желісінің құрылысы мен қайта жаңғыртылуы бойынша қандай да бір жүйелі жұмыс көрінбеген…
Мұнайға экспорттық кедендік баж салығын енгізгеннен кейін бюджет қоржыны да қампайғалы тұр. Мәселен, қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВтің айтуынша, биыл жыл соңына дейін экспорттық кедендік баж салығынан түсетін кіріс көлемі 60 миллиард теңге болады деп күтілуде. “Ал келесі жылы 177 миллиард теңге болады”, – деп жауап берді Болат Жәмішев журналистердің қойған сұрағына.
Айтқандай, аталған селекторлық кеңесте Премьер-министр Кәрім Мәсімов Әділет министрлігіне еліміздің шетелдегі сот шағымдарын қараумен айналысатын заңгерлер тобын құруды тапсырды. “Әділет министрлігіне шетелдік соттардағы біздің шағымдарымызбен айналысатын жоғары білікті мамандардан құралған, ерекше жалақы қоры бар арнайы бөлім құруды тапсырамын”, – деді ол. Яғни бұлар шетелдердің соттарында Қазақстанның мүддесін қорғаумен айналысатын топ болмақ”. Авторы: Салтан СӘКЕН.
ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Судья біліктілігі – төраға талқысында”. “Жоғарғы Сот төрағасы Мұсабек ӘЛІМБЕКОВтің төрағалығымен биылғы жарты жылдықтың қорытынды мәжілісі өтті. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қылмыстық және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы заңға қол қойған болатын. Қоғамдық өмірге жаңа бағытта қайта жаңғыртылып жол тартқан заңның сот жүйесіндегі бағдары кеңесте жан-жақты сараланды. Аса ауыр қылмыстық істерді қарау жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды. Барлық істер бірінші сатыдағы ауданаралық және оған теңестірілген соттарда қаралатын болды. Апелляциялық тәртіптің тиімділігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және Жоғарғы Соттың қадағалау алқасындағы мәселелер алқалы жиынға жиналғандардың өзекті тақырыбына айналды…
Төраға барлық істер бірінші сатыдағы аудандық және оған теңестірілген ауданаралық мамандандырылған соттарда қаралатындықтан олардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуды және судьялардың кәсіби біліктілігін арттырып отыруды тапсырды”. Авторы: Тыныс АХМЕТЖАНОВА.
ZAMANDAS.KZ. “Құтыдағы құрсақ”. “Қазақта баланың өмірге қалай келетіні туралы ес білгелі еститініміз – “атаңның аузынан түсіп қалғансың” немесе “әлди, әлди баладан түсіп қалған шанадан” дейді. Орыс ағайындар баланы қырық қабаттан (капуста) тауып алады немесе көкқұтан әкеліп тастайды. Қазақтың “Құдай бере салған” деген ұғымның өзі не тұрады? Енді технологияның дамығаны соншалық Алла рух беретін адам баласы шыны құтыдан шығып жатыр. Пробиркадан шыққан балалар… қазір миллионның үстіне жетіп қалды. Бұл бүкіл әлем бойынша.
Ал, Қазақстанда соңғы он бес жылда жасанды ұрықтандыру әдісімен бес мың бала туылды. Құтыдан шыққан балалардың ең үлкені он бес жасқа келді. Сонымен жасанды ұрықтандыру қазақтың ата дәстүріне, тектің тазалығына қалай әсер етеді? Тегін білмейтін ұрпақ көбейіп келе ме?…”, — деп белгіледі Жанар БАЙСЕМІЗОВА (Мақала “Алматы” арнасының “Өзге Алматы” бағдарламасынан алынды).
KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан Үкіметі мұнай өнімдерін шетелге шығаруға қайтадан кедендік баж салығын енгізді. Оның мөлшері бұрынғыдан төмен болмақ. Әлемдік қаржы дағдарысы басталғанда отандық мұнай өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында баж салығын төлеу міндетінен мүлдем босатылған. Қазір жеңілдікке тек баж салықтары бойынша тұрақты келісімшартқа отырғандар ғана ие болмақ. Министрлер кабинетінің мүшелері дауыс беріп, жаңа ережелерді бірауыздан мақұлдады. Ол бір айдан кейін заңды күшіне енеді.
Үкімет қаулысына сәйкес, мұнай өнімдерін сыртқа шығаруға қойылған кедендік баж көлемі әлемдік нарықтың ахуалы жөніндегі ақпарат негізінде есептелді. Шикі мұнайды экспорттау кезінде бір тоннаға 20 доллар баж салығы салынады. Салық мөлшері өнімнің түр-түсіне де қатысты болады. Ақшыл мұнайдың бір тоннасы 99,7 АҚШ доллары шамасында белгіленіп отыр. Дағдарысқа дейінгі төлемдер әлдеқайда жоғары еді. Өйткені бұлар Салық кодексі қабылданғанға дейін белгіленген. Десек те, кедендік бажды қайта енгізу арқылы Қазақстан табысын көбейтеді деп күтілуде. Осының есебінен биыл бюджетке қосымша 60 млрд. теңге түседі. Ал келесі жылы бұл сома 177 млрд. теңгеге жетуі тиіс. Алайда нарықта баға өзгерген кезде даулы мәселелер де туындауы мүмкін. Елімізде жұмыс істейтін шетелдік мұнай өндіру компаниялары тарапынан наразылық болса, халықаралық сот істерін қарайтын арнайы орган құрылмақ.
Кәрім МӘСІМОВ, ҚР Премьер-министрі:
— Осыған байланысты Әділет министрлігіне тапсырма беремін. Мәселен, салық қызметіндегідей бір арнайы бөлім құру керек. Ондағы қызметкерлерге жалақы төлеудің өзге жүйесін қарастырып, ең білікті мамандарды алу қажет. Олар шетелдегі соттарда біздің істерімізді қарайтын болады.
Қазақстандық боксшы Геннадий ГОЛОВКИН мен колумбиялық спортшы Милтон НУНЬЕЗ Дүниежүзілік боксшылар ұйымының (WBA) нұсқасы бойынша орта салмақта (72,6 келіге дейін) әлем чемпионы атағын сарапқа салады.
Бұл ақпаратты “Біздің спорт” сайты таратып отыр.
Ағымдағы жылдың шілде не тамыз айында қазақстандық былғары қолғап шебері WBA рейтингісінде 15-ші орында тұрған 22 жастағы колумбиялық Милтон Нуньезбен қолғап түйістіреді. Шаршы алаңдағы кездесулер АҚШ-та не болмаса Мексикада өтуі мүмкін. Алайда Г.Головкин жекпе-жектің Астанада өткенін қалайды.
Естеріңізге сала кетейік, чемпион атағы, оның бұрынғы иесі Феликс ШТУРМ суперчемпион атағын алғаннан кейін, әзірге бос тұр.
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ