«ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев: Астана саммиті Қазақстанның жұлдызын жарқырата жандырады». «Қасиетті Pамазан құтты болсын!». «Елiмiзде ет неге қымбат?». «Біз Абайды ұмыта бастадық…»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 11 тамыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қарқаралыдан ғалымдарға беймәлім қорғаныс бекіністері табылды”. “Теміртаулық туристер тобы Қарқаралы маңынан тапқан қорғаныс бекіністерін жоңғар шапқыншылығынан қалған болар деп топшылайды. Кезінде бұл жерде Кенесары ханның қолы бекінген болуы ықтимал деген жорамал айтылып отыр…”. Авторы: Елена ВЕБЕР.

EGEMEN.KZ. “ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат САУДАБАЕВ: Астана саммиті Қазақстанның жұлдызын жарқырата жандырады”. “Жиырма жылға да тола қоймаған тәуелсіздік тарихында Қазақстан талай-талай тамаша табыстарға қол жеткізді. Солардың арасындағы ең шоқтықтысы – ТМД мемлекеттері арасынан, Азия елдерінің арасынан, мұсылман әлемі арасынан, түркі тілдес мемлекеттер арасынан бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына сайланғандығы. Президент Н.Ә.НАЗАРБАЕВтың мәлімдемесінде айтылғанындай, биылғы 3 тамызда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада осы аса ірі халықаралық ұйымның Саммитін өткізу жөнінде түпкілікті шешім қабылдады.

Биік беделді халықаралық ұйым Саммитінің 11 жылғы үзілістен соң біздің елордамызда өткізілуі Мемлекет басшысының сыртқы саясат саласындағы көптеген жылдардан бергі күш-жігерінің нақышты нәтижесі болмақшы.

Осы орасан мәнді шешімге орай біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВПЕН сұхбаттастық. Енді сол әңгімеге назар салыңыз, қадірменді оқырман…”. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

AIKYN.KZ. “Қасиетті Pамазан құтты болсын!”. “Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы Алла тағалаға, сансыз салауатымыз сүйікті пайғамбарымызға (с.ғ.с.) болсын! Жыл бойы сағына күткен қасиетті Рамазан айына жеткеніміз үшін жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.

Құрметті мұсылман бауырлар мен қымбатты отандастар!

Баршаңызды мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы — қасиетті Рамазан — сансыз құлшылық пен дұға-тілекке толы сауабы мол ізгі амалдар үздіксіз жалғасқан, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рақымы мен мейіріміне тұнған ай. Кез келген басқа мерзіммен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да — Рамазан….

Құрметті мұсылман бауырлар! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болғай! Алла тағала баршамызды шынайы ықыласпен ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың Раййан есігінен кіруімізді нәсіп еткей! Қасиетті Рамазан құтты болсын!”. Авторы: Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.

Үміт – үкіметтік емес ұйымдарда”. “Қазақстан билігі еліміздің алдағы он жылдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын халыққа кеңінен түсіндіруді үкіметтік емес ұйымдарға сеніп тапсырды. Соған орай кеше Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВ осы жұмысты жүзеге асыруға тапсырыс алған үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесіп, алда атқарылатын жұмыстарды талқылады….”. Авторы: Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана.

ANATILI.KZ. “Тіл болашағының кепілі – баянды бағдарлама”. “…“Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” көпшілікке ұсынылып отырған жобасы. Бұл жоба Үкімет қабырғасында Премьер-министр Кәрім МӘСІМОВтің қатысуымен жан-жақты талқыланды. Жобаның мазмұны мен құрылымы жөнінде ұлттық руханиятымыздың көрнекті қайраткері, Мәдениет министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД баяндама жасады. Тіл төңірегінде жүрген барша зиялы қауым өкілдері қатысқан осы талқылауда Бағдарлама жобасының әртүрлі аспектілер жөнінде еркін ойлар айтылды, орайлы пікірлер білдірілді.

Бұл бағдарламада қазіргі тілдік ахуалға мейлінше толымды талдау жасалып барып, алдағы міндеттер айқындалған. Сондықтан да, еліміздегі мемлекеттік тілдің және өзге де тілдердің қазіргі халі, болашақ жағдайы жөнінде игі қадамдарға іргетас боларлық мәселелер шешімін таба алған деуге негіз жетерлік. Бұл бағдарламада мемлекеттік тілдің қазіргі нақты ахуалына орай үш негізгі мәселе көтерілуі тиіс еді. Біріншіден, мемлекеттік тілді дамыту мен қолданудың құқықтық базасын жетілдіру; екіншіден, тіл үйретудің баршаға ортақ міндетті бірізді – сатылы жүйесін қалыптастыру; үшіншіден, қазақ тілінің қоғамдағы басымдығы мен беделін орнықтыру. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің бағын асырар, қадамын аштырар осы үш үлкен мәселенің бағдарламадан өз шешімін табуы көпшілік қауымның көңілінен шығады деген ойдамыз…”. Авторы: Ербол Тілешов, “Руханият” орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты.

TURKYSTAN.KZ. “АҚОРДАДА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АХУАЛЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ”. “Ақордада Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың қатысуымен ауылшаруашылығының елеулi проблемаларына арналған отырыс болып өттi. Елiмiздегi астықтың жиналуында туындайтын келеңсiздiктер мен биылғы ауа райының қолайсыздығын еңсеру үшiн алдын ала қарастырылған жеңiлдiктер талқыланды.

“Егiс науқаны сәттi аяқталса, мемлекет қамбасына 14-15 миллион тонна астық түсуi ықтимал. Астық оруға дер кезiнде кiрiсiп, ысырапсыз жинап алынса, республиканың iшкi қажеттiлiктерiн өтеуге әбден жетедi” деп отыр Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек КҮРIШБАЕВ…

Республикада орын алған ауылшаруашылығы келеңсiздiктерiне қарамастан ұн мен бидай бағасының көтерiлуiн, сондай-ақ нарықтағы бағаның күрт өзгеруiн қадағалау қолға алынып отыр. Сонымен қатар Елбасы алыс аудандарға жағармайдың жылдам жеткiзiлуiн, төрт түлiкке дайындалатын жем-шөптi дайындауды және қуаңшылықтан зардап шеккен алқаптарға көмек көрсетудi қатаң тапсырды”, — деп белгіледі Ақниет ОСПАНБАЙ.

ЕЛIМIЗДЕ ЕТ НЕГЕ ҚЫМБАТ?. “Жиырма жыл бұрынғы көрсеткiштермен салыстырсақ, Қазақстандағы ет өндiру саласы ондаған есеге күрт қысқарған. Iрi қараның аздығы, мал басының жылдан жылға кемуi, жайылымдық жерлердiң талан-таражға түсуi, жемқорлықтың дендеуi мен импорттық үлестiң артуы отандық нарықтағы ет пен ет өнiмдерi бағасының өсуiне әкеп соқты.

ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң хабарлауынша, үстiмiздегi жылдың шiлдесiндегi азық-түлiк бағасы өткен жылғы көрсеткiштермен салыстырғанда, 5,3 пайызға көтерiлген. Оның iшiнде, қант – 23,1%, кофе, шай мен какао – 12,9%, кондитерлiк өнiмдер – 8,5%, май мен май өнiмдерi – 8,3 пайызға өскен. Қымбатшылықтан сүт пен сүт өнiмдерi (6,8%), арақ-шарап (5,6%) пен ұн және ұн өнiмдерi (4,4%) шет қалмаған. Ал жемiс-жидекке тиесiлi көрсеткiш – 0,4%…

Себебi, халықаралық нарықта қозы етiнiң 1 келiсi 30 АҚШ долларына теңгерiледi екен. Ал Қазақстандағы 1 қозыны өсiрiп, етiн алу үшiн бар болғаны 3000 теңге қажет. Пайдасы шаш-етектен деп табылған осы жобаға тағы да бiлегiн сыбана кiрiскен «Мал өнiмдерi» корпорациясы» АҚ 200 млн. теңге бөлуге шешiм қабылдапты. Бiрақ 200 млн. теңгенiң де 10,9 млрд. теңге сияқты жемқорларға жем болмайтынына кiм кепiл? Ет нарығына қатысты келеңсiздiктер салдарынан, нәпақаларын мал шаруашылығынан тауып отырған фермерлер қауымы жас төлдi бордақылайтын базаларға малдарын уақытылы жеткiзе алмай әлек. Фермерлер одағының төрағасы Әуезхан ДАРЫНОВ отарлы мал шаруашылығының әбден тұралағанын, өйткенi, талан-таражға түскен жайылымдық жерлердiң әлдеқашан сатылымға шығарылғанын айтады. Ол елiмiздегi ет тапшылығын жою үшiн фермерлерге арнайы жеңiлдiкке ие несиелер қарастыру қажеттiгiн көлденең тартып отыр. Есесiне, қаржыға қол жеткiзген малшылар отандық нарықты етпен қамтамасыз етедi. «Kazmeat & Milk – 2010» халықаралық форумында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң жауапты хатшысы Евгений АМАН 1990 жылмен салыстырғанда, ҚР-дағы мал басы екi есеге қысқарғанын мәлiмдедi: «Экономикалық құлдырау барысында мал шаруашылығы саласы ауыр кезеңдердi бастан өткердi. Соның салдарынан мал басы негiзiнен жеке және үй шаруашылықтарында шоғырланды. Мал шаруашылығы мен құс фабрикаларының ыдырауы есебiнен мал басының және құстардың барлық түрлерiнiң саны күрт төмендей түстi. 1990 жылмен салыстырғанда, 2000 жылға қарай мал басының саны екi есе қысқарды. Осыған сәйкес, мал шаруашылығы өнiмдерi өндiрiсiнiң көлемi де азайды. Бұл сала өзiнiң экспорттық әлеуетiнен айырылды, сондай-ақ iшкi қажеттiлiктi қамтамасыз етумен шектелдi. Ал құс етi бойынша елiмiз экспортқа тәуелдi болды». Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев жуырдағы ресми кездесулердiң бiрiнде ресейлiк әрiптесiне жыл сайын 60 мың тонна ет сатуды жоспарлап отырғандықтарын айтты. Өнiм ас та төк болған 2009 жылы Ресейге Қазақстан тарапынан 54 тонна ет сатылыпты. Ал биыл жағдайдың ушыға түскенiн ескерсек, «Ауыл шаруашылығы министрлiгi сонша еттi қайдан алмақ?» деген сауалдың туындауы – заңдылық. Жығылғанға жұдырық, бiздегi саусақпен санарлықтай ет комбинаттары елiмiзде өндiрiлетiн еттiң үштен бiр бөлiгiн ғана өңдеуге қауқарлы”. Авторы: Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

DMK.KZ. “ЕҚЫҰ Саммитің биылғы жылдың 1-2 желтоқсаны күндері Астанада өткізу туралы шешімнің қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ”. “Құрметті қазақстандықтар!

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесі 3 тамызда тарихи шешім қабылдады.

Мүше елдердің ортақ ұйғарымы бойынша осы жылдың 1-2 желтоқсан күндері Астанада мәртебелі ұйымның Саммиті өтеді.

Бұл тарихи шешім – қазақстандық толайым табыстардың абыройлы айғағы!…”.

ALASHAINASY.KZ. “Ұлт ұстазын рухани брендке қашан айналдырамыз?”. “Біз Абайды ұмыта бастадық… Мұны, сөзсіз, мойындау керек. Көп болса, екі-үш өлеңін ежіктеп жатқа айта алармыз. Кейбір әндерін ыңылдап, нәшіне келтірген болармыз. Онда да алғашқы бір-екі жолын ғана жатқа білеміз. Хакім Абай жазып қалдырған қырық бес Қара сөзден де хабарымыз шамалы. Қазақ дейтін бүтін бір ұлттың рухани көсемі дәрежесіне дейін көтерілген данышпан тұлға жайындағы қалың жұртшылықтың жалпылама түсінігі басым. Ал жаһанданған қоғамда жаңаша өмір сүруге бейімделе бастаған кейінгі ұрпақ “Абайдың жұмбағын” шешуге талпыныс жасай қояр ма?

Жыл сайын ақынның туған күніне орай 10 тамыз күні Абай ескерткішінің алдына азғана жұрт жиналып, улап-шулап қайтамыз. Елеусіз ғана өтіп кететін бұл шараны осы уақытқа дейін жалпыхалықтық сипаттағы үлкен игілікті іске жұмылдыра алмай келе жатқанымызға жол болсын. Қажет болатын болса, Абай ұлтымыздың рухани брендіне айналуы тиіс….”. Авторы: Алмат ИСӘДІЛ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Мүгедектің өзін толыққанды азамат ретінде сезінуі маңызды”. “….Мүгедектік – бақытсыздық емес, ол – өмір. Алайда уақыт, тағдыр теперіші бәріне де мойынұсынтады екен. Мүгедектің арбасына таңылғанына 35 жылдың жүзі болған Жадырасынның бүгіндегі ойы мүлде басқа. Бір адамның ғұмырына тең осы уақытта, оның зерделеген ақиқаты – мүгедектік бақытсыздық емес, қызығы мен шыжығы қатар өрілген өмір екені. Тек лайықты сүре білу керек. Шындығында, мүгедектік Жаратушының адамға жіберген арнайы сынағы іспетті. Бәлкім, адамның жүйке-жұлынындағы шиыршық атқан рухты, ерекше қабілетті қайраудың амалы болуы да мүмкін. Тарихтағы көптеген ұлы адамдардың өмірі осыны меңзейді. Мәселен, ұлы композитор БЕТХОВЕН екі құлағы тас бітіп, керең болып қалмаса, өзінің мәңгі өлмес туындысы – “Ай сонетасын” жазар ма еді?  Николай ОСТРОВСКИЙдің атақты “Құрыш қалай шынықтысы?”, егер жазушы қос жанарынан айрылмаса, дүниеге келер ме еді?! Жадырасын мұндай ұлы дүниелер атқармаса да, өзінің мүгедектікті өмір деп ұғып, онымен келген бар қиындықты ғұмырдың мәні ретінде қабылдауын ерлікке балайды. Қазір Жадырасын арбаға таңылған алғашқы он жылда осындай жағдайға душар еткен тағдырына опынып, қайғырып, өзін-өзі жеумен өткізгеніне өкінеді. Сол кезде дұрыс ақыл-кеңес беретін жанның қасында болмағанына налиды. Тіпті, өзін емдеген дәрігерлердің “аяғыңа тұрасың” деп босқа үміттендіргеніне де ренжиді. Енді жастайынан мүгедек қамытын киген жастар өзі секілді құр қайғырумен өмірін босқа өткізбесе деп тілейді. Қолдан келгенше ондай жандарға дем беріп, ақыл-кеңесін айту – қалауы….”. Авторы: Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,

JASQAZAQUNI.KZ. “ДЕПУТАТТАР орындалмас заң шығаруды модаға айналдырған ба?”. “…Қазақ халқының ядролық сынақтан тартқан азабы осы Семей өңірімен бітпейді. Ұлан-байтақ жеріміздің кеңдігіне көз алартқан Қызыл империя Атырау облысының Азғыр елді мекенінде де 1966 – 1979 жылдар аралығында 17 жер асты сынағын жүргізді…

Атап айтсақ, 1999 жылы 10 желтоқсанда шыққан “ҚР Еңбек туралы” Заңының 70 – бабының 3– тармағында еңбек ақы қызметкердің орындаған жұмысының саны мен сапасына және күрделілігіне қарай төленетіндігі жазылған. Бір-біріне қайшы келіп жатқан осынау екі заңды қарап отырып, Қазақстан Республикасы Парламентіндегі депутаттардың кәсіби деңгейіне күдіктенбеске шараң жоқ. Халық қалаулыларының халықты алдап, орындалмас заң шығарғанын қарапайым жұртшылық білмегендіктен қысыр сиырдан уыз дәметкендей күй кешуде. Кейде орындалмас заң шығаруды депутатар модаға айналдырып алған жоқ па деген ойға қалсың. Себебі, “ҚР БАҚ туралы” Заңында да журналистерге құқық береді де “ҚР Азаматтық кодексі” сияқты заңмен шектеу қоятын жағдайлар көптеп кездеседі…”. Атап айтсақ, 1999 жылы 10 желтоқсанда шыққан “ҚР Еңбек туралы” Заңының 70 – бабының 3– тармағында еңбек ақы қызметкердің орындаған жұмысының саны мен сапасына және күрделілігіне қарай төленетіндігі жазылған. Бір-біріне қайшы келіп жатқан осынау екі заңды қарап отырып, Қазақстан Республикасы Парламентіндегі депутаттардың кәсіби деңгейіне күдіктенбеске шараң жоқ. Халық қалаулыларының халықты алдап, орындалмас заң шығарғанын қарапайым жұртшылық білмегендіктен қысыр сиырдан уыз дәметкендей күй кешуде. Кейде орындалмас заң шығаруды депутатар модаға айналдырып алған жоқ па деген ойға қалсың. Себебі, “ҚР БАҚ туралы” Заңында да журналистерге құқық береді де “ҚР Азаматтық кодексі” сияқты заңмен шектеу қоятын жағдайлар көптеп кездеседі… ”. Авторы: Сандуғаш Серікқали.

KAZ.GAZETA.KZ. “Қазгидрометтің” болжауынша, бүгін, тамыздың 11-і күні Қазақстанның басым аумағы антициклон тарамдарының ықпалында болады, ал республиканың солтүстігі, шығысы мен оңтүстік-шығысына фронталды бөліктер әсер етеді.

Мәселен, Шығыс Қазақстанда, түнде Алматы, Маңғыстау мен Атырау облыстарында, сондай-ақ күндіз Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан аймақтарының жекелеген өңірлерінде 15-22 м/с-қа дейінгі күштің желдер күтілуде.

Қызылорда облысында кей жерлерде шаң көтеріліп, секундына 15-20 метр жылдамдықта жел соғады.

Ал Атырау, Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында аптап ыстықтар жалғасады. Ақтөбе мен Қостанай облыстарында қатты ыстық болады деп күтілуде.

Сондай-ақ “Қазгидрометтің” ескертуінше, бүгін, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан мен Қостанай, Қарағанды, Жамбыл мен Алматы облыстарының кей аумақтарында 5-ші дәрежелі өрт қаупі сақталатындығы туралы ескерту жасады.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ