«Қазақстанда «Борат» фильмінің жалғасы түсірілмек». «Халал мен харамның аражігін ажырата алып жүрміз бе?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 12 тамыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Гиффен мен Назарбаев ұтты, АҚШ-тың әділ сот жүйесі мен Қазақстан халқы ұтылды”. “…Қазақгейт” ісі бойынша сот процесі аяқталуға жақын. Мұнай келісім-шарттарын алу үшін Қазақстанның саяси жетекшілеріне пара берді деп айыпталған америкалық банкир және бизнесмен Джеймс ГИФФЕН өзінің шетелдік есеп-шоттары жайындағы ақпараттарды жасырғаны үшін ғана кінәсін мойындады. Джеймс Гиффенді алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге түрмеге жауып, оған 25 мың АҚШ доллары мөлшерінде айып салуы мүмкін. Осыған байланысты Азаттық радиосы өзінің кезекті дөңгелек үстелін өткізеді…”. Дайындаған Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

Қазақстанда “Борат” фильмінің жалғасы түсірілмек”. “…Қазақ режиссері Еркін РАҚЫШЕВ “Борат: Сайыпқыран Қазақстан халқының игілігі үшін Американы мәдени зерттеу” атты комедиялық фильмнің жалғасын түсірмекші деп жазады француздың “Паризиен” газеті....”. Авторы: Кенжалы ЕСБЕРГЕН.

EGEMEN.KZ. “Жауапкершілік аясы кеңейе түспек”. “Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында “ЕҚЫҰ-ның дағдарыстан кейінгі жұмысын жетілдіру басымдықтары” тақырыбында семинар өтті. Семинарға Қазақстандағы ЕҚЫҰ орталығының басшылары, Президент Әкімшілігі мен Қазақстан СІМ-нің ЕҚЫҰ мәселелерімен айналысатын өкілдері, ұлттық және халықаралық сарапшылар мен саясаткерлер қатысты…

Семинарға қатысушылар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аталған ұйымның назарын Еуразия қауіпсіздігіндегі өзекті мәселелерге аударуға, сол арқылы ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аясын Еуропадан Еуразияға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді деген ойларын жеткізді”. Авторы: Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Елік атып есірген… Олар кімдер?..”. “Өткен жылы қалың жауған қардың салдарынан болған сарышұнақ аяз, одан кейін орын алған аптап ыстық қолына мылтық ұстап, ермек құратындардың жан-жануар, құс атаулыға деген аянышты сезімін тіпті де оятқан жоқ. Керісінше… Өздерін аңшы санайтын бәзбіреулер тамыр-таныстарымен кездескен сәтте өзінің қанша қоян мен елікті атып алғанын мақтанышпен айтып, желдей “есіп” отырғанын көргенде, іштей “астапыралла, не деген жауыздық!” деп жағамызды ұстағанымыз бар. Сонда олар неліктен желігеді? Желіктіріп жүрген не? Олар көзі жәудіреген елікті неліктен аямайды? Ел Үкіметі бұған неге үзілді-кесілді тыйым сала алмай отыр? Міне, бүгін біз осы жөнінде аз-кем әңгіме өрбіткенді жөн көріп отырмыз….”. Авторы: Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Халал мен харамның аражігін ажырата алып жүрміз бе?”. “…Заманында Қытайдың ірі ойшылы ЛАО-ЦЗЫ “Адам қандай тамақ жесе, соған ұқсайды” деген екен. Қытай ойшылының мұнысын қазіргі ғалымдар да қоштап, қуаттайды. Тіпті бұл жайлы Құран Кәрімнің Бақара сүресінде: “адамдар үшін өлексе, доңыз еті, Алланың аты айтылмай сойылған жануарлардың еттері харам етілді. Өлексе жеген адамның жүрегі өледі, туыстық қарым-қатынастан айырылады” делінген. Нақ осы аятты қазіргі медицина да растайды...”. Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстандық теннисші Михаил КУКУШКИН Ыстамбұлда өтіп жатқан АТР Челленджер сериясы турнирінің ширек финалына шықты. Бұл ақпартты еліміздің Теннис федерациясының баспасөз қызметі таратып отыр.

М.Кукушкин екінші айналымда германиялық Денис ГРЕМЕЛМАЙЕРді 6:3,6:1 есбімен ұтты. Енді қазақстандық спортшы жартылай финалға шығу үшін ресейлік Константин КРАВЧУКпен бақ сынасатын болады.

Өкінішке орай еліміздің тағы бір спортшысы Ярослава ШВЕДОВА американдық Цинциннати қаласында өткізіліп жатқан теннис турнирінің екінші айналымында сербиялық Ана ИВАНОВИЧтен 1:6,5:7 есебімен ұтылып қалды.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ