«Бағдарламаны жеделдете қабылдап, оның толықтай жүзеге асыруға жұдырықтай жұмылып жұмыс істеу керек». «Адам саудасының құрбандарын көзіңіз шалса, қам-қарекетсіз қалмаңыз». «Қазiргi кезде елдегi күнкөрiстiң төменгi шегi 14 952 теңге»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 24 тамыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Әбіқаев екінші мәрте Ұлттық қауіпсіздік комитетіне төраға болып тағайындалды”. “…Қазақстан президенті осымен екінші мәрте Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқаруды өзінің сенімді саяси серігі Нұртай ӘБІҚАЕВқа тапсырып отыр. Бір жылға жетпейтін мерзім төрағалық атқарған Әділ ШАЯХМЕТОВ “басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды” деген мәлімет таратады Қазақстан президентінің ресми вебсайты.

1998 жылдың қыркүйегінде Әлнұр МҰСАЕВтан кейін қауіпсіздік комитетін басқарған Нұртай Әбіқаев 1999 жылғы тамыз айында қызметінен кетуге мәжбүр болған еді. “Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Солтүстік Кореяға заңсыз түрде әскери техника сатты” деген мәлімет жарыққа шығып кеткен соң “өз еркімен қызметтен кетті” деген ақпарат бойынша Әбіқаев орнынан бірден түсіп қалған еді.

Бұдан кейін Нұртай Әбіқаев екі мәрте (2000-2002 ж.ж., 2008-2010 ж.ж.) сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, президент әкімшілігінің жетекшісі (2002-2004 ж.ж.), Сенат төрағасы (2004-2007 ж.ж.) және Қазақстанның Ресейдегі елшісі (2007-2008 ж.ж.) қызметтерін атқарды…

Нұртай Әбіқаевты Қазақстандағы саяси ортада президенттің кадр саясатына ықпал ете алатын өтімді адам ретінде таниды”.

AIKYN.KZ. “Жансейіт Түймебаев, Білім және ғылым министрі: 2020 жылға қарай 12 жылдық білім беруге толығымен көшеміз”. “Жаңа 2010-2011 оқу жылы қарсаңында республиканың барлық аймағында білім қызметкерлерінің тамыз конференциялары өтіп жатыр.

Оның аясында түрлі тақырыптағы жиындар өтуде. Білім және ғылым министрі таяуда ғана “Бөбек” ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығында “Өзін-өзі тану” міндетті пәнінің енгізілуіне орай өткізілген жиынға қатысса, одан кейін босаған білім гранттарын беру жөніндегі республикалық комиссиясының мәжілісі, “12 жылдық оқуға көшу тәжірибелері. 2009-2010 оқу жылының қорытындылары. Тәжірибелік негізгі сыныптардың оқулықтары бойынша оқытудың мазмұны мен методикалық ерекшеліктері, әдістемесі” тақырыбында арнайы семинар ұйымдастырылды.

Бас педагогтың мәлімдеуінше, өткен оқу жылындағы басты жаңалықтар қатарында Елбасы тарапынан балабақша жетіспеушілігіне ерекше көңіл бөлініп, республика бойынша мектеп жасына дейінгі балалар балабақшамен қамтыла бастаған. Соның нәтижесінде “Балапан” бағдарламасы бойынша балалардың бақшамен қамтылуы 4,2 пайызға ұлғайып 42,2 пайызды құрапты. Өткен жылғы мәлімет — 38,2 пайыз болатын. Сондай-ақ жаңа мектептер ашу арқылы үш ауысымда білім беретін мектептердің саны да шектеліпті. Өткен жылы мұндай білім ошақтарының саны — 70-ті құрап, оның басым бөлігі — Оңтүстік Қазақстан облысында болған болса, биыл олардың саны республика бойынша 46-ға азайған…”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

Адам саудасы Қазақстанда да қызып тұр”. “…Ұят та болса айтайық, адам саудасы Қазақстанда да қызып тұр. Тек соған тоқтау салу үшін қоғам болып жұмылу керек. Адам саудасын тоқтатуға қоғамды тартудың тетіктері ойластырылып та қойыпты. Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркін Қалиевтің айтуынша, биыл адам саудасына байланысты ақпараттарды 11616 телефоны арқылы құзырлы органдарға хабарлауға мүмкіндік ашылып отыр. Осы нөмірге үй телефонынан да, жұмыс телефонынан да, керек болса ұялы телефоннан да хабарласуға болады. Ол үшін сіздің есебіңізден бір тиын да жұмсалмайды. Сонымен қатар тағы жедел байланыс жүйесі бойынша 8 8000 8000 15 нөміріне де тегін ақпарат беруге болады. “Аталмыш телефон нөмірлері тәулік бойы жұмыс істейді….

Ал өткен жылы Жамбыл облысының үш тұрғыны адам саудасының құрбанына айналып, Араб Әмірліктерінен бір-ақ шыққан. Араб еліндегі супермаркетке жұмысқа орналастырамыз деген сөзге сеніп қалған оларды Жамбылдан аналы-қызды адамдар аттандырыпты. Үш қызды Араб Әмірлігінде тағы да сол жамбылдық ерлі-зайыптылар күтіп алған. Міне, осылайшы бір жамбылдық екінші жамбылдықтарды құлдыққа сатпақ болған. Бірақ олардың арам пиғылдары жүзеге аспай қалды. Ал шетелден Қазақстанға жұмыс күші ретінде келіп құлдыққа түсіп қалғандардың көпшілігі — Ђзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары. Қаладағы жұмыссыздарды мал соңына салып қойып, құлдықта ұстау фактілері Шығыс Қазақстан облысында жиі кездеседі. “Бірақ бұл туралы нақты айғақ болмаса, құлдықта жүргендерді босатып алу, жүрген жерін анықтау қиынға соғады”, дейді құқық қорғау органдарының өкілдері. Сондықтан әлгіндегі телефон номерлеріне телефон шалуды әдетке айналдыру қажет-ақ. Бала саудасы да бас ауыртар мәселе болып тұр. Ђткен жылы кәмелетке толмаған балаларды саудалаудың 16 оқиғасы тіркелсе, осы жылдың жеті айында 11 оқиға орын алды. Кәмелекте толмағандардың арасында адам саудасының құрбанына көп жағдайда балалар үйінің тәрбиеленушілері айналады…

Адам саудасының құрбандарына психологиялық көмек беріп жатқан Халықаралық көші-қон ұйымының дерегінше, Қазақстан көлемінде жылына 300-дей адам оңалтудан өтеді екен. Олардың бар шығынын аталмыш ұйым өзі көтеріп отыр. Адам саудасы туралы сөз қозғалғанда, бұл ішкі істер органдарының айналысатын шаруасы деген түсінік қалыптасқан. Ал бұл қоғам болып күресетін мәселе екеніне кешегі күні көз жеткіздік. Халық саны 16 миллионға енді ғана жетіп жығылған Қазақстан үшін әрбір адам мен оның өмірі баға жетпес байлық болуы тиіс емес пе? Ендеше, адам саудасының құрбандарын көзіңіз шалса, қам-қарекетсіз қалмаңыз”. Авторы: Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана.

EGEMEN.KZ. “Тіл бағдарламасы жобасын талқылаймыз”. “…Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының бастығы, филология ғылымдарының докторы Кенжехан МАТЫЖАНОВқа жолығып, жаңа жоба жайында ой бөліскен едік.

11 тармақтан тұратын міндеттер жиынтығында да осы мақсаттарды жүзеге асыруда атқарылатын шаруалар барынша нақты, шегеленіп көрсетілген. Жұрттың жалықпай айтып, талмай көтеріп келе жатқан мәселелері жобада жүйеленіп, бағдарламаның арқау-өзегіне айналған. Мәселен, олардың қатарында “Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру және стандарттау”, “Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіршілік қызметінің барлық саласына араластыру”, “Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту”, “Қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу”, “Мемлекеттік тілді қолданудың дәрежесін арттыру”, “Қоғамның тіл мәдениетін көтеру” сияқты т.б. аса өзекті мәселелердің айқын белгіленуі соның дәлелі.

Жаңа жобадағы тағы бір артықшылық – осы көзделген мақсаттардың индикаторлық көрсеткіштерінің берілуі. Егер бағдарламада көрсетілгендей, біз “мемлекеттік тілді меңгерген мектеп түлектерінің үлесін және мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдегі іс қағаздарының көлемін 100 пайызға жеткізетін болсақ” ілгеріде тіл тағдыры жөнінде алаңдаудың қажеті болмас еді…

Тұтастай алғанда, жоба – кең талқылауға негіз болатын, тыңғылықты жасалған, Қазақстандағы бүгінгі тілдік ахуалы барынша ескерілген, оны шешудің заман ағымына лайық жолдары қарастырылған құжат деуге болады. Ең басты мәселе, бағдарламаны жеделдете қабылдап, оның толықтай жүзеге асыруға жұдырықтай жұмылып жұмыс істеу керек.

– Қауіпіңіз бар ма?

– Қауіптің ең үлкені – осы жақсы құжаттың қағаз жүзінде қалып қоймауы…”. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.

ZHASALASH.KZ. “Әрбiр сегiзiншi қазақстандық – тақыр кедей”. “АҚШ-тың орталық барлау қызметi әлем елдерiнiң әлеуметтiк-экономикалық ахуалына талдау жасап, 2009 жылғы деректердi тiзiптi. Бiз американдықтардың Орталық Азия елдерiне қатысты келтiрген деректерiне көз жүгiрттiк…

Ең сорақысы, шикiзатқа бай мемлекеттер халқы кедейшiлiк қамытынан арыла алмай отыр. “Жалпы алғанда, бұл мемлекеттердiң кем дегенде 19,5 миллион халқы кедейшiлiк шегiнен асып кеткен. Қоғам суперқалталылардың аздаған тобы мен кедей және орташалардың тобырына бөлiнедi”.

Тәжiкстан мен Түрiкменстан халқының 60 пайызы кедейшiлiк шегiнен асып түскен. Жағдайы ауырлап кеткен қырғыздардың 40 пайызы кедейшiлiк шегiнен ар жақ-бер жағынада тұрмыс кешiп жүр. Өзбекстанда кедейшiлiк шегiнен асып түскендер 26 пайызға жуықтаса, Әзiрбайжанда бұл көрсеткiш 11 пайызға тең. Қазақстанда да кедейшiлiк шегiнен асып кеткендер саны аз емес. Халықтың 12,1 пайызы тақыр кедей саналады.

Кедейшiлiк шегi деген не? Бұл кедейшiлiк қамытын киюден де ауыр деген сөз. Әр елде кедейшiлiктiң арнайы белгiленген шегi бар. Қазақстанда кедейшiлiктiң шегi күнкөрiстiң төменгi деңгейiнiң 40 пайызына тең. Соңғы дерек бойынша қазiргi кезде елдегi күнкөрiстiң төменгi шегi 14 952 теңге. Демек, кедейшiлiктiң шегi – 5 980 теңге. Ал ендi 5980 теңгенi қанағат қылатын тақыр кедейлердiң саны қандай? Орталық барлау қызметiнiң дерегi бойынша, былтырғы жылы Қазақстандағы халық саны – 15 399 437 адам. Халықтың 12,1 пайызы деп алғанның өзiнде елдегi 1 863 331 адам кедейшiлiк шегiнде тұрмыс кешiп жүр. Ал бұл әрбiр сегiзiншi қазақстандық тақыр кедей деген сөз.

Көл-көсiр байлыққа көмiлiп отырып, оны тиiмдi жұмсап, өнеркәсiптi аяғынан тiк тұрғызудың орнына халыққа кедейшiлiк қамытын кигiзiп қойған мемлекеттер билiгiне де обал жоқ. Осылайша Орталық Азия табиғи ресурстарға бай болғанымен, халық үшiн бұдан келiп-кетер пайда шамалы”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

Реформаны Е.Жовтиске тапсырса қайтедi?”. “Евгений ЖОВТИСтi тез арада қамақтан шығарып, Әдiлет министрi етiп сайлау қажет. Президент айтып жүрген құқыққорғау саласындағы реформаны одан артық ешкiм жасай алмас. Оған себеп те аз емес. Бiрiншiден, Евгений Жовтис халықаралық дәрежедегi құқыққорғаушы. Барлық заңдарды, құқықтық-нормативтiк актiлердi беске бiледi. Оның үстiне өте принципшiл, адал адам. Әйтпесе, билiкпен бiр келiсiмге келiп түрмедегi жазасын өтеуден құтылуына да болар едi. Бiрақ, ол ондайға бармады. Екiншiден, ол қазiр түрменiң iшiндегi жағдаймен, түзету мекемелерiнiң кемшiл тұстарымен жеке танысуда. Яғни, ненi қалай өзгерту керек екенiн бiледi.

Ол жазасын өтеп жатып та тыныш жатқан жоқ. Түзету мекемелерiндегi жағдай жөнiнде қоғамға өз ойларын ұсынуда…

Сондықтан, билiк шынымен реформа жасауға құлықты болса Е.Жовтистi тез арада түрмеден босатып, оған осы саланы тапсырса болғаны. Нәтиже көп күттiрмей-ақ оңды болары анық”. Авторы: Инга ИМАНБАЙ.

JASQAZAQUNI.KZ. “ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚЫТАЙЛАР ЖҮГЕНСІЗ КЕТТІ”. “Бұл жағдай қазақы қаймағы бұзылмаған өңір — Қызылорда облысында орын алып отыр. Осы кезге дейін қазағы аз аймақтарда қазақтар қорланып жатса, “сазайын беретін рухты қазақтар аз аймақ қой, әйтпесе Қызылордада немесе Маңғыстауда болсыншы, сыбағасын алар еді” деп өз-өзімізді жұбатқан болып жүрдік. Елдің 99 пайызын қазақтар құрайтын Қызылорда өңірінде шетелдіктердің бас көтере бастауы дабыл қағылғандығын, шыдамның қызыл сызықтан асқандығын көрсетеді. Астамшылдықтың шегінен асқан оқиғаға келер болсақ, Сыр өңіріндегі мұнайымызды өз қолымызбен қытайлықтарға қазып әперіп, оны тасып әкетуіне дейін көмектескен қазақ жұмысшыларын ақысынан айырып, алдап соғуында. Бұл қорлықты істеп отырған қытайлықтардың басқаруындағы “Қазгермұнай” бірлескен кәсіпорны…

Қызылордадағы қытайлық компаниялардың жүгенсіз кетуі жерімізде заңсыз қытайлық мигранттардың келуіне жол ашуда. Оған сол компанияның асханасында, т.б. жерінде жұмыс істеп жатқан қытайлық жұмысшылар дәлел болады. Осындай басынушылықпен бетбе-бет келіп отырған жұмысшылар жергілікті болғанымен, құқығын қорғауға қауқарсыз. Еткен еңбектің өтемінен бірнеше ай қағылған соң, ашу-ызаға булығып отыр. Осы кезге дейін Қызылорда облысында шетелдік азаматтар мен жергілікті азаматтар арасында қақтығыстар орын алмапты. Енді бұл жағдай араларына сызат түсіруге дейін апаратын сыңай байқалады. Жаңа оқу жылының алдында әдетте қарбаласып жататын ел биыл уақыт оздыруға мәжбүр. Сондықтан тығырыққа тірелген жергілікті азаматтардың мұңына құлақ асып, мүмкіндігінше қақтығыстың алдын алған жөн болады деп есептейміз”. Авторы: Асылбек Байжан.

KAZ.GAZETA.KZ. Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің кезекті мәжілісі өтеді. Онда Қазақстан Республикасының химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаны және Машина жасау саласын дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағларламаны бекіту мәселелері қаралады.

Аталған мәселелер бойынша Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт РАУ баяндама жасайды.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ