AZATTYQ.ORG. “Қазақ жерінің шекаралық аумағы бекітілгеніне – 90 жыл”. “…Алаштанушы ғалым Тұрсын ЖҰРТБАЙ Алаш ардақтыларының сол ерліктері туралы әңгімелейді…
… Сонда Әлихан БӨКЕЙХАН, Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫның тікелей қатысуымен Әлімхан Ермековтің жасаған баяндамасы бойынша, жаңадан құрылатын қазақ автономиясының территориясына Астрахань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқанд, Ферғана облыстары және Алтай аймағы да кіруі тиіс болатын. Яғни әлімсақтан бері күні бүгінге дейін мекендеп келе жатқан Құлынды даласы, кешегі біздің арман әнімізге айналған Қорланның мекені, соның ішінде Баранауыл, Би, Құлынды, Қуат қалалары Қазақ автономиясының территориясына кіруі керек болған.
Аталған аумақтың жалпы территориялық көлемі 3 миллион 467 мың 922 шаршы шақырым. Осы жердің 81 пайыз аумағында 5 жарым миллион қазақ мекен етіп, өмір сүрген. Ол — жалпы халықтың 54 пайызы. Әлімхан ЕРМЕКОВ өз сөзінде: “Қазақстан шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек….
Яғни мұндағы басты мәселе – егер Сібірревкомның ырқына көнетін болсақ, бүгінгі Қазақстанның бес облысы: Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау Россияның территориясында қалуы керек болды….
24 тамызда Ленин: “Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс. Осы бойынша заңдастыру керек” деп шешім шығарады. Осы шешім қабылданып шыққаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ермеков естелігінде былай жазады: “Өзімнің табысыма масаттанып, риза болып шықтым. Ол кезде бар-жоғы 29 жаста едім….”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.
“БТА-ның АҚШ банкроттық заңнамасы арқылы қорғану әрекеті сәтсіз аяқталды”. “…Алайда АҚШ-тың федералдық сот қазысы өз шешімі арқылы банктің бұл өтінішін қанағаттандырудан бас тартты…”. Авторы: Кенжалы ЕСБЕРГЕН.
AIKYN.KZ. “Кеден одағының құрылуы қылмыстық топтардың жоспарына өзгеріс енгізуі мүмкін”. “Кеден одағына мүше үш елдің ішкі істер министрлерінің Орал қаласында басталған жиыны Астанада жалғасты.
Кедендік кеңістікте жұмыс істей бастаған ішкі істер ведомстволары ұйымдасқан қылмысқа, есірткі бизнесіне, заңсыз көші-қонға қарсы күресті бірлесіп жүргізудің жолдарын талқылады. Олай етпеске шара жоқ. Себебі Кеден одағына мүше елдердің арасындағы жаңа экономикалық қарым-қатынастың орнауы, қылмыстық топтардың жоспарларына өзгеріс енгізуі де мүмкін екен.
Беларусь ішкі істер министрі Анатолий КУЛЕШОВ “Кеден одағы құқыққа қайшы әрекеттердің көбеюіне де мүмкіндік туғызуы мүмкін” деген пікірін білдірді. Сондықтан құқық қорғау органдары үшін криминогендік ахуалды дұрыс болжау маңызды болмақ. “Кеден одағының құрылуы үш мемлекеттің экономикалық байланыстарын жаңа сапалы деңгейге көтереді. Алайда, сонымен қатар, Кеден одағы елдерінің экономикасына қылмыс әлемінен келетін қауіпті де ескеруіміз керек. Бұл бізден орын алуы ықтимал криминогендік ахуалды дұрыс болжап, жағымсыз құбылыстардың алдын алу жүйесін әзірлеуімізді талап етеді” деді Анатолий Нилович. Ең алдымен контрабандалық тауарлардың заңсыз айналымы, криминалды автобизнес, заңсыз есірткі айналымы, заңсыз көші-қон сияқты келеңсіз жайттардың өршуі мүмкін екенін ескерткен ол, бұл ретте Кеден одағы аясында үш елдің құқық қорғау заңнамаларын біріздендіру туралы мәселеге баса назар аудару қажет екенін тілге тиек етті. Ал Қазақстанның Ішкі істер министрі Серік БАЙМАҒАМБЕТОВтің айтуынша, біздің елде қазірдің өзінде шетелден келетіндер тарапынан көші-қон заңын бұзатындар мен қылмыс жасаушылар аз емес екен. Мәселен, осы жылдың жеті айында көші-қон заңнамасын бұзған 12 мың шетелдік елден шығарылып, 100 мыңнан астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Шетелден келетін азаматтардың қатысуымен жылына 2 мыңнан астам қылмыс жасалады екен…”. Авторы: Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана.
“Қытай мен Ресейдің дамуы бізге қалай әсер етеді?”. “…Төртінші ақиқат — Қытайдың даму қарқыны жалғасатындығы және Ресейдің даму қарқынын өсіруге толық мүмкіндігі бары. Қысқасы, іргедегі екі алып көршіміз де қарқынды индустриялы даму бағдарламасын жасап соны жүзеге асырып жатқан ел. Біздің Қазақстан да 2000 жылдан бері орта есеппен жылына 10 пайыздық өсім беретін қарқын алды. Биыл да сол межеден көрінуіміз әбден мүмкін. Бізде де индустриялы-инновациялық даму бағдарламасы жасалып, қарқынды өріс алуда. Бәріміздің талпынысымыз бір бағытта, ол — қарқынды индустриялы-инновациялық даму. Осындайда алдан мынадай сұрақтың шығуы табиғи заңдылық: “Қытай мен Ресейдің дамуы бізге қалай әсер етеді?”. Ендеше, бұл мақалада осы сұраққа жауап беріп көрейік.…”. Авторы:Таңшолпан БЕКБОЛАТ.
ANATILI.KZ. “Мектепке асық, жас өрен!”. “…Жыл сайынғы оң өзгерістер мен игі бастамалар осы саланың одан сайын өркендеуіне жол ашып келеді. Міне, артта тағы бір жыл сырғып қалды. Ендеше, биыл білім саласында не өзгеріс?…
Биылғы оқу жылы жаңалықсыз емес. Биылдан бастап қала мектептерінің 1-11-сынып оқушылары аптасына 1 сағат “Өзін-өзі тану” пәнін оқитын болады. Сонымен қатар республикадағы орыс, ұйғыр тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілін, ал қазақ, ұйғыр тілінде оқытатын мектептерде орыс және шетел тілдерін деңгейлеп оқыту қолға алынбақ. Әу баста өзге тілді мектептерге қазақ тілін тереңдете оқытады дегенде бөркімізді аспанға атып едік, артынша-ақ көңіліміз су сепкендей басылды. Көкейде тағы да орыс тілінің басымдығы онсыз да орын алып тұрғанда билік басындағылардың мұнысы не деген сауал пайда болды? Орыс тілін қазақ мектебіндегілер деңгейлеп оқытуды қажет етпей-ақ меңгеріп алары сөзсіз. Әлде сол тілге деген қажеттілік көп пе? Бұл да – жауапсыз сауал…
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында: “2020 жылға қарай орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделінің табысты жұмыс істеуі үшін Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс”, – деп атап өткен еді…
Енді ұстаздар да арнайы форма киетін болды. Иә, дәл солай. Осыдан бірер жыл бұрын білім ордасында жүрген жандардың қайсысы ұстаз, қайсысы оқушы екенін айырып болмайтынбыз…”. Авторы: Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ.
ALASHAINASY.KZ. “Қазақстан халқының 38 пайызы сейсмикалық аудандарда тұрып жатыр”. “…Төтенше жағдайлар министрі Владимир БОЖКО елімізде 175 өрт сөндіру депосы жетіспейтінін мәлім етті. “Өрт сөндіру мәселесіне қатысты бірқатар мәселелер ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келеді”, – деді ол. Министрдің пайымынша, аталған нысандардың құрылысын салу барысында өмірлік тәжірибеден өткен нормативтерді қолданған дұрыс. Оған сәйкес, өрт сөндіру депосы төтенше жағдай орын алған аймаққа 5-7 минуттың аралығында жетіп үлгеретіндей радиуста орналасуы қажет.
Сонымен қатар Божко Алматы мен Астанадағы өрт қауіпсіздігін сақтау үшін қазіргі өрт сөндіру мекемелерін кем дегенде 50 пайызға арттыру қажеттігін айтып өтті. Алайда бұл мәселе де оңай болмайтын түрі бар. Себебі бір ғана өрт сөндіру мекемесін салу үшін миллиард теңге көлемінде қаржы шығындауға тура келеді екен. Білім беру мекемелері де өрт қауіпсіздігін естен шығарып алып жатады. Сол себепті министрлік өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап бере алмайтын 163 мектептің жұмысын тоқтату туралы сотқа шағым түсірген. “Оқу жылы басталар алдында біз мектептер мен басқа да оқу орындарындағы өрт қауіпсіздігін тексерген болатынбыз. Облыстардағы жекелеген лауазымды тұлғалар Талдықорғандағы диспансер мен Ресейдегі “Хромая лошадь” клубындағы қайғылы оқиғаларды естен шығарып алған”, – деді ол…
Министр сөз арасында кейбір нысандардың сейсмикалық жағдайына да тоқталып өтті. Елімізде әлеуметтік нысандар орналасқан 1000-нан астам ғимарат “қауіпті” саналады екен. “Қазір барлығы 622 мектеп, 305 аурухана, 132 балабақша мен көптеген басқа мақсаттағы ғимараттар да сейсмикалық жағынан қауіпті”, – деген Божконың бұл “болжамын” Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік НОКИН тіптен ауырлатып жіберді. Нокиннің нұқып айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан халқының 38 пайызы сейсмикалық аудандарда тұрып жатыр. “Қазақстанның сейсмикалық аудандары шамамен 475 мың шаршы шақырым алаңды алып жатыр. Бұл – республика жалпы аумағының 18 пайызы деген сөз. Сейсмикалық аудандарда тұратын халық саны – 6 млн шамасында, яғни Қазақстан халқының 38 пайызы”, – дейді агенттік төрағасы…”. Автор: Бүркіт НҰРАСЫЛ.
ZHASALASH.KZ. “Жаңа бағдарламаның шикi тұстары шаш етектен”. “Өткен айдың соңында ҚР Мәдениет министрi Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының жобасын көпшiлiк талқысына ұсынған болатын…
Жуырда Алматы әкiмдiгiнде бiр топ тiл мамандары мен қоғам қайраткерлерiнiң басын қосқан алқалы жиын өттi….
Рас, бұрынғы бағдарламаларға қарағанда мұнда кiшкене болса да iлгерiлеу байқалады. Бiрақ, басты мәселе – мемлекеттiк тiлге деген қажеттiлiк тудыру мұнда ескерiлмеген. Тiлдер туралы заңнан өзге Мемлекеттiк тiл туралы заң қабылдау жөнiнде де бiр ауыз сөз айтылмаған. Осыған дейiнгi қабылданған бағдарламаларға, олардың кемшiлiктерi мен жетiстiктерiне сараптама жасалмаған. Сондықтан, бұл жолғы жоба да солардың сәтсiздiгiн қайталары анық… Осылайша, мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн көгертедi деген министр бағдарламасы көпшiлiк көңiлiнен шықпады. Айтылған сындар да орынды. Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң өзiнiң де тiл жанашыры екенiн бәрiмiз жақсы бiлемiз. Сол себептi де қоғам пiкiрiне назар аударар деген ойдамыз”. Авторы: Инга ИМАНБАЙ.
ZAMANDAS.KZ. “Мейірі қанбаған ұлтшылдық”. “…Еуропаның ұлтшылдығы дегенде, кеңестік билік “неміс фашизмін” көзге шұқитын…. Бірақ Рейн үшін халық болып күрескен, Моцарт операсына ел болып толқыған немісті олар көп айтпайды. Наполеонды бұрмалауға әзір ел монархқа тән дүниенің бәрін ұлтқа тән етіп, халық еркін білдіретін Ұлттық мәжіліс құра білген, “француз” деген сөзді демократияның баламасы деп ұғынатын ұлтшылдықты айтпайды.
Дәл сол ел қазақ ұлтшылдығын да жөргегінен тұншықтырып, бергі тарихты айтқанның өзінде “пантүркист”, “панисламист”, “алашордашы”, “халық жауы”, “ұлтшыл” деп зәрені алды. Ұлтшылдыққа тағылған осындай айып сүйегімізден өтіп кетті ме – тәуелсіздік алғаннан бері ешкім “ұлтшылмын” деп мақтанбайтын болды. Мұхтар Мағауин мен жарықтық Сәбетқазы Ақатайдан басқа жалпақ жұртқа жар сала “Мен ұлтшылмын!” деп мақтанып жүретін қазақты, – рас, – көрмедік. Қазір бәрі “ұлт патриоттары” атанған. Ол не сөз екенін өздері білетін шығар, біз білмейміз….”. Авторы: Кенесары.
MINBER.KZ. “Орталық Азия журналистері мен блогшыларына арналған тегін курс”. “TOL (Transition Online) Орталық Азия елдерінің блогшылары мен БАҚ қызметкерлеріне арнап “Беспристрастный взгляд: улучшение освещения проблем этнических и других меньшинств” (“Этникалық және өзге аз ұлттардың мәселелерін қоғамға шынайы жеткізуді жетілдіру)” тақырыбында қашықтықтан тегін журналистика курсын ұйымдастырмақ…. Өтініштер 2010 жылдың 20 қыркүйегіне дейін қабылданады”. Мәлімет www.neweurasia.net сайтынан алынды.
KAZ.GAZETA.KZ. Астанада Конституция күніне орай соңғы дайындық шаралары жүргізілуде. Ата заңның 20 жылдық мерейтойы ерекше аталып өтпек. Оған барлық күш құрылымдары жұмылдырылған. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ең таңдаулы сарбаздар бүгін “Қазақ елі” монументі алдында бас қосты. Тамыздың 30 күні олар бас алаңда үлкен шерумен жүріп өтеді. Қорғаныс министрлігі халыққа тосын сый да дайындап жатқан көрінеді. Тіпті БАҚ өкілдеріне негізгі дайындық барысын бақылауға тыйым салыпты. Дегенмен біздің тілшілеріміз іс-шараның дайындығын кішкене болса да, көріп үлгерді.
Бес күннен кейін Ата заңның 20 жылдығына орай салтанатты шеру өткізіледі…
Шымкентте тек тропикалық суларда мекендейтін медуза табылды. Судағы тіршілік иесін 14 жастағы бала қала іргесіндегі Тоғыс су қоймасынан ұстап алған. Медузаны 7-сынып оқушысы шомылып жүріп кездейсоқ байқапты.
Марк Ли, Шымкент қаласының тұрғыны:
— Суда шомылып жүргем, алғашында оларды қағаз қалдықтары деп ойладым. Аңдап қараған кезде олардың қозғалып жүргенін байқадым. Сосын бірнешеуін ұстап алып, ыдысқа салып алдым.
Оқушы Тоғыс су қоймасында мұндай жәндіктердің бірнешеуін көргенін айтады. Бұл жаңалық жергілікті ғалымдар үшін үлкен жұмбақ болып отыр. Мөлшері 2-3 сантиметр келетін тіршілік иелері әдетте тропикалық аймақтардағы тұщы суды мекендейді. Олардан адамға келетін қауіп жоқ. Қазақстанның оңтүстігіндегі тоғанда бұл жәндіктердің қалай пайда болғаны әзірге белгісіз. Дегенмен мамандар бұл ерекше олжаны күнгейге оңтүстік аймақтардан ұшып келетін құстармен байланыстырады…
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ


