AZATTYQ.ORG. “Бішкекте босқын қазақ отбасының баласы жоғалып кетті”. “…2010 жылы қыркүйектің 1-і күні Бішкекте 12 жастағы Қазақстан азаматы – Ақылбек НАЗАРОВ белгісіз жағдайда жоғалып кетті. Жасөспірімнің ата-анасы бұл істі Қазақстанның арнайы қызметінен көреді. Соңғы екі айда Қырғызстандағы босқындардың жоғалып кетуі осымен екінші рет тіркеліп отыр. Жоғалған екеуі де Қазақстанның батысындағы дәстүрлі емес діни топ өкілдерінің отбасынан…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.
“Алға” партиясы Назарбаевты қызметтен кетіру туралы референдум өткізуді ұсынады”. “…Алға” партиясы Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВты мерзімінен бұрын отставкаға кетіруге қатысты халықтың пікірін білмекші. Сарапшылар мұндай ұсыныстың билікке ұнамайтынын айтады. Қазақстанда саяси-әлеуметтік дағдарыстың тереңдеп бара жатқанын айтқан тіркелмеген “Алға” партиясының өкілдері елде президент Нұрсұлтан Назарбаевты мерзімінен бұрын отставкаға кетіруге қатысты жалпыхалықтық референдум өткізу керек деп есептейді….”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.
AIKYN.KZ. “Бәріміз уақыт сынынан өттік”. “МӘСІМОВ Үкіметі кеше қазақстандық банктерді құтқаруға бағытталған шайқастың аяқталғанын ресми жария етті.
Естеріңізде болса, жаһандық дағдарыс әп дегеннен-ақ банктерге бас салып, “кепілдікке” алғаны мәлім. Сонда әдетте өздерін паң әрі аса маңғаз ұстайтын алпауыт банкирлердің өздерінің үрейлері ұшып, жандәрмен Үкіметке дабыл қаққан. Олардың шыңғырған даусының құлақ тұндырғаны сонша, Елбасының тапсырмасымен, Үкімет шұғыл түрде күйзеліс құрығынан босату операциясына кірісуге мәжбүр болды. Жақсының жақсылығын айт, ел Үкіметінің бұл күресті сауатты ұйымдастырғаны сонша, бірде-бір банк “құрбан” болған жоқ. Ал кеше Министрлер Кабинетінің мүшелерін қасына жиған Премьер Мемлекет басшысының Қазақстанның қаржылық жүйесін тұрақтандыру туралы Үкіметке берген барлық тапсырмасы тегіс орындалғанын мәлімдеді….”. Авторы: Айхан ШӘРІП.
“Сауд Арабиясынан басталған көш Маңғыстауға жетті”. “Сауд Арабия корольдігінен Маңғыстау облысына ұшып келіп қонған ұшақтан тарихи Отанына құрамында 58 адамы бар жеті отбасы табан тіреді.
Осыдан көптеген жылдар бұрын адам айтса нанғысыз ауыр тағдырдың тәлкегімен жер ауып, бас сауғалап өз Отанынан жыраққа кетіп, енді араға көп жылдар салып, ата-бабасының кіндік қаны тамған Отанымен қайта қауышқан қандастарды маңғыстаулықтар сән-салтанатпен қарсы алды.
Оралмандарды ұшақтан түскен бойда аяқтарын жерге тигізбей төс түйістіріп, бауырын айқара ашып қарсы алған жергілікті биліктің атқамінерлері оларды алдын ала дайындап қойған бейімдеу және кіріктіру орталығына жайғастырды…”. Авторы: Тельман БЕЙСЕНОВ.
EGEMEN.KZ. “Сенімділікке бағытталған реформа”. “Елбасы Н.НАЗАРБАЕВ мемлекетіміздің іргетасын берік етіп қалауда, мемлекеттік органдардың қызметін қайта қарау, реформалау кезек күттірмейтін мәселе екеніне айрықша маңыз артты…
Шын мәнінде құқықтық мемлекет құрудағы соттың рөлі ерекше екені белгілі. Сот адам құқығы мен бостандығын қорғайтын басты институтқа айналуы шарт. Тек сот қана даулар мен жанжалдардың тобықтай түйінін айтып, заңдылықтың сақталу қағидаттарын нығайта түседі. Тәуелсіз әрі әділ сот азаматтардың құқықтық қорғалуының кепілі ғана емес, мықты, бәсекелі экономиканың дамуына, еліміздің әлемдік құқықтық кеңістікке шығуына жол ашады…”. Авторы: Ақжан ЕШТАЙ, Ақмола облыстық сотының төрағасы.
TURKYSTAN.KZ. “ҚАЙ ЖОЛДЫ ТАҢДАЙМЫЗ: МАРАПАТ ПА, МӘЖБҮРЛЕУ МЕ?”. “2011-2020 жылдарға арналған Тiлдердi дамыту бағдарламасының жобасы терең ойларға жетелейдi. Қазiр Қазақстан қоғамы Тiлдердi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының жобасын талқылап жатыр… Бағдарлама көпшiлiкке ұсынылған кезде, қоғам қайраткерлерi, тiл жанашырлары бұл мәселе төңiрегiнде өз ойларын ортаға салып, бiраз талқылағаны мәлiм. Мәдениет министрлiгi бұл пiкiрлердiң қайсысына құлақ асқандығын, қайсысын қажет деп таппағандығын әзiрге мәлiм ете қойған жоқ. Осыны ескере отырып, бiз де өз ойымызды ортаға салуды жөн көрiп отырмыз….
Бағдарламада көңiл көншiтпейтiн бiр мәселе – орыс тiлiнiң дәрежесiне аса ерекше көңiл бөлiнгенi. Бiрiншiден – бағдарламаның мақсатының өзi орыс тiлiнiң дәрежесiн сақтау секiлдi. Бағдарламаның өн бойында «орыс тiлiнiң дәрежесiн сақтау» деген сөйлем бiрнеше жерде кездеседi. Сонымен қатар, алыс-жақын шетелдерден келген оралмандарға орыс тiлiн үйрету қарастырылған…”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.
ALASHAINASY.KZ. “Қазақтың зиялысы өзге халықтардың интеллегенциясы секілді өзге ұлттарға топырақ шашумен айналыспайды”. “Кеше Алматыда “АйтPARK” қоғамдық-саяси пікірталас клубының кезекті отырысы өтті. Кездесу қонағы — жазушы Смағұл ЕЛУБАЙ қазақстандық БАҚ өкілдерінің түрлі сауалдарына орыс тілінде жауап берді. Сұрақтардың дені орыстілді баспасөз өкілдерінің тарапынан қойылғандықтан, Қазақстандағы ұлтаралық мәселе, тіл мәселесі өткір айтылды. Оқырмандарымызға сол сұхбаттан үзінді ұсынып отырмыз…
– Сіздер қазақтардың қазақ тілін білмеуін СТАЛИНге, Кремльге, кеңестік өкіметке жаба саласыздар. Алайда сол құрылымның қол астынан шыққан өзбектерді, грузиндер, армяндарды алып қараңыз, олар өз мәдениетін жоғалтып алған жоқ қой.
– Жоқ, бұлардың ешбіріне дәл қазақтарға жасалғандай отарлау саясаты жүргізілген жоқ. Бұл — тарихи дәлелденген анық құбылыс. Кремльдің қазақтарға деген өз алдына бөлек саясаты болды…”. Авторы: Сәкен Көкенов.
ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Заң жобаларының сапасына сын аз болмады”. “Парламент отандық экономиканың инновациялық жолға түсуіне қажетті нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру ісін жалғастыру керек”. Парламент Мәжілісінің төртінші сессиядағы алғашқы жалпы отырысында палата спикері Орал МҰХАМЕДЖАНОВтың әріптестеріне арнаған сөзінің тұздығы осылай болды. ..Оның айтуынша, биылғы жылдың соңына дейін Үкімет Мәжіліске “Индустриялық саясат туралы”, “Арнайы экономикалық аймақтар туралы”, “Инвестициялар туралы” Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” және тағы да басқа заң жобаларын ұсынады екен. Осы сессияда “Ғылым туралы” заңның жаңа редакциясымен жұмыс аяқталуы қажет. Сонымен қатар, мемлекеттің құқық қорғау саласы мен сот жүйесін одан әрі жетілдіруді заңнамалық жағынан қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр….
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда аса күрделі жағдай Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекара сызығында қалыптасып отыр. “Мұнда мемлекеттік шекараны демаркациялау аясында орнатылған шекара бағандары мен шиыршықты қауіпсіздік тосқауылдарын су шаюы және өзен арнасы Қазақстан жеріне қарай жылжуы әсерінен жекелеген жер учаскелері Қырғыз Республикасының аумағында қалып, мемлекеттік шекара сызығының өзгеріске ұшырауы мүмкін. Осындай жағдайда екі елдің арасын қосып отырған орта көпірдің орнықтылығына қауіп туады..”. Авторы: Айша ҚҰРМАНҒАЛИ.
ZHASALASH.KZ. “Қазақ көшi көңiл көншiтпейдi”. “Кеше Жасылдар Руханият партиясының мәжiлiс залында “Қазақ көшiнiң бүгiнгi мәселелерi және оны шешудiң жолдары” атты дөңгелек үстел ұйымдастырды….
Дәл қазiр шетелге тарыдай шашылған бес миллион қазақты тарихи Отанына қайтару үшiн нақты қандай iс-шаралар жасалып жатыр? Ұмыт қалған қандай мәселелер бар? Отанына оралған азаматтардың бүгiнгi жай-күйi қандай? Оларға қандай көмек, нендей жағдай, жеңiлдiктер қарастырылды? Қандастарымыздың Қазақстанға тастай батып, судай сiңуi үшiн қоғамдық ұйымдар нендей жұмыстар атқаруда? Жалпы, осы ұлы көш Қазақстанға, қазақ ұлтына не бередi? Парламенттiң ала қоржынында жатқан Көшi-қон туралы жаңа заң ұлы көштiң жолын аша ма, әлде тұсау сала ма? Соңғы уақытта неге көш саябырсып кеттi? Неге шетелден оралған қазақтар Қазақстанда жетiм баланың күйiн кешуде? Пiкiрталас барысында жиналғандар осындай сауалдарға жауап iздеп, ұтымды ұсыныстарын айтты”. Авторы: Дилара ИСА.
ZAMANDAS.KZ. ““Президенттіктен” бас тартамын”. “Айдың-күннің аманында Ресейдегі ұлттық республикалардың басшылары үш сөзден өздеріне үкім шығарып жатыр. Рамзан ҚАДЫРОВтың риясыз бастамасының тездетіп қолдау тапқанына “таңымыз” бар. Қадыровтың депутаттарына арнаған сөзіне Дағыстан, Ингушетия, Қабарды-Балқар, Қарашай-Шеркес республикаларының басшылары да әскери бұйрық алғандай, бастарын шұлғып қалды. Удмуртия президенті Александр ВОЛКОВ қазір-ақ “президенттіктен” құтылуға асық…
Татарстан ғана бұл дүрмектен тыс. Мәскеудің ызғарына Рустам МИННИХАНОВтың (Татарстан президенті) қашан ығатынын уақыттың еншісіне қалдырдық. Әзірге… Кремль заңнамасында бекітілген федеративтік құрылымды қайта қарап, унитарлы ел болудың қамына кірісті. Кешенді кірісіпті. Алғашында Ресейдің Конституциялық соты арнайы ұйғарыммен бірқатар ұлттық республикалардағы заңдардан “суверенитет” туралы баптарды алып тастауды талап етті. Ендігісі мынау. Бұдан кейін ұлттық республикалар мен облыстарды қосып жіберуге қарекеттенуі кәдік. …Тек осы сынақтың тарихтың қайта келер әлеуетіне тап болуын тілейік” (http://orkenegro.wordpress.com).
MINBER.KZ. “Қазақ интернет қолданушысы және mail.ru”. “Қазақстандағы интернет қолданушылардың ресейлік mail.ru компаниясының тегін пошталық қызметіне жүгіну қарқыны бәсеңдеген жоқ. Alexa интернет стастиканы жинақтайтын ресурстың мәліметінше Қазақстандағы ең жиі қолданатын ресурс осы пошталық қызмет болып отыр….”. Авторы: Асхат ЕРКІМБАЙ, “Қазақстан Іскері” басылымынан.
KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстанның Бельгиядағы және Люксембургтағы елшісі, Еуроодақ пен НАТО жандарындағы миссиялардың басшысы Ерік ӨТЕМБАЕВ пен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, доктор Лина РЁССЛЕРдің Бельгияның Лёвен қаласында макро-, наноэлектроника және нанотехнологиялар саласындағы бельгиялық зерттеу орталығының (IMEC) басшылығымен болған кездесулерінің барысында Қазақстан мен Бельгияның нанотехнологиялар саласындағы ғылыми орталықтарының арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды….
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ