AZATTYQ.ORG. “Көпшілік қарсы болған химиялық кешен құрылысы басталып кетті”. “…Көпшіліктің қарсылығына қарамастан, Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) негізінде салынатын хош исті көмірсутектер кешенінің символикалық іргетасы қаланды. Енді нағыз құрылыс жұмысы да басталатын күн алыс еместігін айтқан АМӨЗ зауытының директоры Талғат БАЙТАЗИЕВ “жоба хош иісті көмірсутектерді ғана емес, экологиялық таза бензиндер шығаруды да қамтамасыз ететіндігін” хабарлады….
Бір топ қоғамдық ұйым белсенділері хош иісті көмірсутекер аймақ экологиясына орыны толмас шығын әкеледі деп наразылық танытқан болатын…”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.
“Конституциясын референдумға шығарған Түркия жолайрықта тұр”. “…Бүгінгі Түркия – төңірегіндегі көршілерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жақсартқан, өз өңіріндегі маңызды орталыққа айналған іргелі мемлекет. Алайда елдегі күрд мәселесі әлі шешілмей тұр. Соңғы жылдары үкімет қанша уәде бергенімен, саны көп күрдтердің жеке құқықтары да, топтық құқықтары да айта қаларлықтай қорғала қоймаған…. Осы қантөгісте отыз мыңнан астам адам көз жұмды….
Әділет және даму партиясы 2003 және 2007 жылдары өткен парламенттік сайлауларда басым дауыспен жеңіске жеткені белгілі. Бірақ бұл жеңістің тасасында елдің әрі қарайғы дамуына айтарлықтай кедергі жасайтын әлеуметтік алауыздық жатқаны аңғарылады…. Алайда бұл жайт елді ондаған жылдар бойы ықпалында ұстап келген бюрократттар мен әскерилерге ұнамай отыр. “Исламшыл бағыттағы Әділет және даму партиясы Түркияны біртіндеп зайырлы қоғамнан айырып, демократиялық жолдан тайдырады” деген айыпты билік партиясы үзілді-кесілді теріске шығаруда….
Түркия Конституциясы туралы референдум өтетін 12 қыркүйек, қызық болғанда, Түркияның қазіргі демократиялық емес Конституциясын өмірге әкелген 1980 жылғы әскери төңкерістің отыз жылдығына сай келіп тұр. 12 қыркүйекте Түркия азаматтары негізгі заңдарға түзетулер енгізу жөніндегі референдумға қатыспақ.
Негізгі заңға ұсынылып отырған өзгерістер саясат пен сот жүйесіндегі әскерилердің ықпалын төмендетіп, әлеуметтік және отбасылық құқықтарды еуропалық деңгейге көтеруді көздейді. Үкімет осы өзгерістерді қалайда енгізгісі келгенімен оған оппозиция қарсы. “Мұның соңы үкіметтің сот жүйесіне бақылауын күшейтіп, тепе-теңдік пен тежемелік жүйесін әлсірететін болады” деп санайды оппозиция. 1980 жылғы Конституцияның өзгерістерді қажет етіп тұрғаны шүбәсіз. Қазіргі күйінде бұрынғыдан әлдеқайда демократиялы һәм күшті Түркияның әлеуетіне жауап бере алмайды. Алайда саяси алауыздық асқынып тұрған ел қандай да бір зорлық-зомбылық пен заңсыз әдіс-тәсілдерсіз бұл бағытта әрі қарай жылжи ала ма екен? Түркия өз ішінде келісімге келе алмаса, соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктерінің көпшілігінен айрылып қалуы да ықтимал” (Аббас ЖАВАДИ – Азат Еуропа/Азаттық радиосы хабарлар тарату бағдарламасы басшыларының бірі. Аутордың бұл мақаладағы ой-пікірлері Азаттық радиосының ой-пікірлерімен сай келмеуі мүмкін.)
AIKYN.KZ. “Қадір түнінің қадірін қашырмайық немесе ниет жақсы, мәдениет төмен”. “Мың айдан қайырлы, қасиетті Қадір түнін тілек тілеп, барынша ғибадатты өткіздік. Иншалла, иманға бет бұрған жамағат қатары көбейіп келеді. Жастар қатары басым. Мешіттің сәні — жамағат, жұма намазда орталық мешіттің іші-сырты лық толғанда, қуанасың! Қасиетті Қадір түні де жайнамазын құшақтаған тәубешіл топпен бірге біз де Алла үйін бетке ап, аяңдап бардық. Жамағат нөпір, машалла! Қадір түнгі тілегіңіз қабыл болсын, жамағат!…”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.
“Солтүстік теңізге құлаш ұрдық”. “Өткен ғасырдың 90-жылдары елімізге инвесторлар Солтүстік жақтан келсе, жиырма бірінші ғасырдың алғашқы онжылдығында Қазақстанның өзі сол жаққа қарай инвестиция салуға ойысты.
Бұл — үлкен жетістік. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге елге инвестиция салмақ түгіл, өзіміздегі бар қазба байлықтарды игеруге көк тиын таппай, шетелдік инвесторларға көзіміз жәутеңдеп, солардың қойған талаптарына бас шұлғи бергеніміз рас. Бүгінде сол жылдардың “жемісін” татудамыз. Қит етсек, шетелдік инвесторлар алғашқы келісімшартта олай көрсетілмеген деп өре түрегеледі. Бармақ тістеп қалған деген — осы. Бәрі айналып келгенде, сол жылдарғы экономикалық қиын жағдай мен нарықтық экономиканың қитұрқылықтарын білмеуіміздің кесірі екеніне бүгін көз жетуде. Содан бергі жылдар ішінде еліміздің сауаты да, әлеуеті де күшейді. Бұл өз алдына. Әлеуетіміздің де, сауатымыздың да күшейгені сонша, енді шеттен келген инвесторлардың ауылына қарай ат басын бұрып, сол жақтың мұнайын барлауға инвестиция салғалы отырмыз….”. Авторы: Алма МҰХАМЕДЖАНОВА.
EGEMEN.KZ. “Іс басындағы төрағаның мәлімдемесі”. “ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ кеше мынадай мәлімдеме жасады, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
“ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Таулы Қарабақ жанжалды аймағындағы Түйісу желісі бойында оқ атуды тоқтату режімінің соңғы кездері бұзылуы жиілеп кетуін шешімді түрде айыптайды. Екі жақтан да адам өлімінің өсуі айтарлықтай дабыл қақтырады”, делінген мәлімдемеде…
Қ.Саудабаев мәлімдемесінің қорытындысында Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммиті алдында, яғни күз айлары бойы Минск тобы тең төрағалары жоспарлап отырған Таулы Қарабақ проблемаларын реттеу бойынша ымыра жолын іздеу аталған созылмалы жанжалға барлық тікелей қатысушылар тарапынан прогреске жетуге шынайы мүдделілік танытылған жағдайда ғана нәтижелі болатынын атап көрсетеді”.
ZHASALASH.KZ. “Қысқы Азия ойындары: миллиондар лотереясы”. “…Қаңтардың 30-ы мен ақпанның 6-сы аралығында Алматы мен Астанада өтетiн спорттық жарысқа 20 мемлекеттен 2 мыңға тарта спортшы, 800 журналист, 500-ден астам мәртебелi қонақ қатысады. Бiр сөзбен айтқанда, мұндай ауқымды әрi маңызды шара ел тарихында әлi болып көрген жоқ. Екiншi жағынан, 2011 жылы “Ақ Азиаданы” қабылдау арқылы Қазақстан Қысқы олимпиада ойындарын өткiзу құқын жеңiп алуға тырысып бағуда… Шенеунiктер “бұл ойындарды өткiзуге 1,5 миллиард доллар қажет” дегенде-ақ талай шикiлiктiң боларын жұрт алдын ала сезген едi….”. Авторы: Жанболат МАМАЙ.
ABAI.KZ. “Қазақтардың көтерлісі туралы ғылыми еңбек”. “1946 жылы 17 желтоқсанда Ташкент қаласында қорғалған Елтоқ ДІЛМҰХАМБЕТОВтің “1837-1847 жылдардағы Кенесары Қасымов бастаған қазатардың көтерілісі” атты кандидаттық диссертациясының ғалымның отбасында көздің қарашығындай сақталған жалғыз данасы араға 64 жыл салып, қайта басылып шықты. Қуан, Алаш! Тағы бір өшкенің жанды.
Сталиннің көзі тірі тұрған уақта бұл ғылыми еңбек совет өкіметіне қарасты елдердің кітапханасынан алынып, ғылыми айналымнан түсіп, жойылып кеткен. Ал, авторы қамауға алынып, кейіннен босатылған. Ал, осы ғылыми еңбекке оппонент болған белгілі ғалым Ермұхан БЕКМАХАНОВ атың өшкір ГУЛАК та жазықсыз жапа шеккен.
Қазақ тарихы үшін маңызы зор, бірегей тарихи ғылыми еңбекті қайта жарыққа шығарған Болатхан Тайжан қоры мен Елтоқ Ділмұхамедовтің ұрпақтарына Алаштан алғыс!…”.
ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Мердігер кетті, ауыл ахуалы оңалар емес”. “Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған “Нұрлы көш” бағдарламасы шеңберінде атажұртқа оралып, орнығып жатқан қандастарымыз аз емес. Бұл бағдарламада шетелден келген бауырларымызды баспанамен, жұмыспен қамту мәселесі жан-жақты қарастырылған.
Дегенмен де “бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” дегендей, осы жақсы бастамаға көлеңкесін түсіретін жайларда кездесіп қалады. Біз тілге тиек еткелі отырған Көкшетау қаласының дәл іргесіндегі Краснояр кентіндегі жаңадан салынған “Нұрлы көш” ықшамауданындағы жағдай осыны айғақтайды. …Тапсырыс беруші Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі болса, жұмыстарды үйлестіруді “Сарыарқа” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мойнына алған еді. Краснояр кентінің аумағынан арнайы жер бөлініп, көшіп келген бауырларымызды еңбекпен қамту үшін “Васильков” тау-кен байыту комбинаты” АҚ-мен келіссөздер жүргізілген. Бірақ, басы ұрандатып басталған жақсы істің соңы сиырқұйымшақтанып, көшіп келген бауырларымызға қазір біраз қиындықтарды бастан өткеруге тура келіп отырған жайы бар…
“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау қосынының жетекшісі Мейрамбек ҚИЫҚОВ: “Мұндағы жағдайлардың бәрін де біз жақсы білеміз. Оны шешу үшін облыс әкімдігі мен облыстық мәслихат нақты жұмыстар жасап жатыр. Бірақ, бәрі қаржыға келіп тірелетіндіктен, біздің мүмкіндігіміз жетпейтін жағдайлар бар”, – деп ағынан жарылды”.
ZAMANDAS.KZ. “Пәлелі патриотизм”. “Жазғы демалыста Жамбыл облысының біраз ауылында болудың сәті түскен еді. Ауыл өзгермейді дейміз… Өзгермесе, осы “нюанстар” қайдан шықты? Әрі бұлардың аталған облысқа емес, Қазақстанның басқа да аймақтарына қатысы бар деген сенімдемін…. Ал, біздің ауылдардағы атқарушы биліктің өкілдері “патриотизмді арттырудың жолы осы” деп жаңылып жүр. Мұны біз “бәйтерекомания” деп атадық…
Қай ауылға бармайық, кіреберіс көшелері мен орталығында қызыл, сары, көк жалаушалар желбіреп тұрады. Электр бағаналарының адам бойы жетпейтіндей жеріне іледі… Яки, оларда зоофилдерге, трансвеститтерге, т.б. “иттерге” ілтипатын осындай жалауша іліп қоюмен білдіреді. Бізде шаһарда болса бір сәрі, қазақтың руханият бесігі дейтін ауыл-ауылда желбірейді. Осыны да білмеген патриот көкелерім-ай…
Дала архитектурасының теңдессіз үлгісі, ата-бабаларымыздың көзіндей болған киіз үйді жаздың өзінде көзіміз шалмады. Оның орнына шамасы келген үйлер 2-3 бөлмелі сарай салып алған. Қарақұрым киізі ойылып, керегесі қаусап тұрған үйді көргеннің өзінде, туысы қайтыс болып, сүйек шығарып отырған үйлер ғана тұрғызған. Өкінішті-ақ… бұрындары ауылдың көркі ауладағы кйіз үймен ашылушы еді”. Авторы: Өркен КЕНЖЕБЕК.
KAZ.GAZETA.KZ. Әлем адамдарының үстіндегі қазіргі киімді 18-19 ғасырдағы қазақ білгірлері өмір бойы киіп келген. Брюссельдегі Еурокомиссия ғимаратында ашылған “Хас Санат” сурет галереясының қазақстандық қазіргі заман өнер көрмесінің ашылуында қазақстандық журналисттерге сұхбат берген әлемге белгілі дизайнер, “Сымбат” Сән академиясының арт-директоры Балнұр АСАНОВА осындай пікірін жеткізді.
Оның айтуынша, соңғы кездегі әлемдік сән үлгіге айналған жейде пішіні мен ұзын жең үлгісі — қазақтың бұрыннан киіп келген киімі. “Әлемге танымал киім тігушілердің кез келген топтамасында барқыт бұлы бар, бұл қазақтың да дәстүрлі киімі. Кез келген әлемдік дизайнердің кез келген киімін алып қарайтын болсақ, біздің халық дәстүрінен бастау алатынын көруге болады”, — деп атап өтті ол.
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ


