«Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қашан қосыламыз?». «25 мыңға жуық мемлекеттiк қызметкер далада қалмақ». «Мешіттеріміз миллиардер бола бастапты»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 16 қыркүйек 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Украинада журналистің жоғалуы елді дүрліктірсе, Қазақстанда – үнсіздік басады”. “…Парижде орналасқан “Шекарасыз репортерлер” халықаралық баспасөз қорғау ұйымы украин билігін Харьковтегі “Новый стиль” газетінің бас редакторы Василий КЛЕМЕНТЬЕВтің жоғалғаны туралы істі бас прокуратураға беруге шақырды…

Қазақстанда 2007 жылдың наурыз айында ұшты-күйлі жоғалған журналист Оралғайша Омаршанова туралы істің жайы ерекше. Астаналық “Закон и правосудие” газетінде жұмыс істейтін ол сыбайлас жемқорлық тақырыбын көтерген…. Оралғайша ОМАРОВА ұшты-күйлі жоғалғаннан кейін аталған газеттің бас редакторы Тоқберген ӘБИЕВке қарсы бір емес бірнеше қылмыстық іс қозғалды, ал “Закон и правосудие” газетінің талқаны шықты….”. Авторы: Артур НЫҒМЕТОВ.

AIKYN.KZ. “Ауылды қаржыландыру туралы кереғар көзқарас”. “Аграрлық банк құру туралы әңгіменің оқтын-оқтын көтеріліп келе жатқанына біраз жыл болды. Әйтсе де былтырдан бері ол жайында жоғары эшелондарда мәселе қызу пікірталасқа айналуда. “Агробанк”, әсіресе, еліміздің вице-премьері Өмірзақ ШҮКЕЕВтің аузынан “Агробанксіз ауыл шаруашылығының жайы болмайды” деген сөз шыққаннан кейін тіпті өзекті тақырыпқа айналды. Әсіресе, қаржы сарапшылары “Агробанкке” деген өздерінің үзілді-кесілді ойларын жасырмайды. Соның бірі — бас қаржыгер, Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ. Ал ауылға арнаулы банктің қажеттігін жақтаушылардың қатарында бұрынғы “Агроөнеркәсіпбанкінің” басшысы, экономика ғылымдарының докторы Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ бар…

“Егер ауыл банкі құрылатын болса, ол алдыңғы екі банктің тағдырын құшады” деген сөздің жаны бар. Егер ауылға деген саяси көзқарасты өзгертпей, ауыл банкін құратын болсақ, міндетті түрде сол кепті киеді. Ол екі банктің түбіне жеткен де қазіргідей көзқарас болатын”. Авторы: Алма МЏХАМЕДЖАНОВА

Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қашан қосыламыз?”. “Әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына енуге ұмтылған Қазақстан биыл Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) рейтингісінде 72 орын алды…. Ал бизнесті дамытуға жағдай жасау жағынан былтыр 88 орында болған Қазақстан осы жолы бәсекеге қабілетті жүз елдің қатарынан табыла алмаған. ДЭФ рейтингісіндегі биылғы құлдырауды қалай түсіндіреміз?…

Әділ НҰРМАҚОВ, “Бәсекеге қабілеттілікті зерттеу” орталығының директоры:

— Егер 2005 жылы Қазақстан — 51 орында болса, қазір 72 орында. Себебі Қазақстан өз көрсеткіштерін өзгертпейді. Ал басқа дамыған елдер жыл сайын көрсеткіштерін жақсартуға тырысып, алға жылжиды. Қазақстанның ДЭФ рейтингісіндегі биылғы төмен көрсеткішінің себебін мемлекеттік басқару жүйесінен іздеу керек.

Ал әлемдік дағдарыс салдарына қарамастан, қандай мемлекеттер бәсекеге қабілетті елдер санатына кіреді? Швейцария әлемдегі ең бәсекеге қабілетті ел ретінде танылды. Одан кейін Швеция мен Сингапур да әлемдегі көшбасшы елдер қатарына қосылған. 2009 жылға дейін ең алғашқы орында болған АҚШ осы жолы үздіктердің “үштігіне” ене алмаған. Макроэкономикалық тепе-теңдіктің бұзылуы, жекеменшік және мемлекеттік институттардың әлсіреуі, қаржы рыногындағы жағдайға қатысты АҚШ былтырғы 2-ші орыннан 4-ші орынға жылжыпты. Сондай-ақ әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер қатарынан Германия (5 орын), Жапония (6-шы), Финляндия (7-ші), Нидерланды (8-ші), Дания (9-шы) табылған. Қытай 2 орынға алға шығып, 27 орын алса, Ресей 63-ші орнында қалған.

ДЭФ әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер рейтингісін жасауда 139 елдің инвестициялық ахуалын қалыптастыратын факторларды есепке алады. Қазақстан Президенті 2020 жылы республиканың бизнес ахуалы ең жағымды әлемнің 50 елінің қатарына кіру міндетін қойып отыр”. Авторы: Айжан КӨШКЕНОВА.

ANATILI.KZ. “Ұлың ұлықты, қызың қылықты ма?”. “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін” атам қазақ әу баста-ақ айтқан. Десе де, мынадай алмағайып заманда әркім құлқынның қамы үшін қарекет етіп жүргенде, бала тәрбиесі бағдарынан айныды. Сол себепті бүгінгі қоғамда жасөспірімдер арасындағы қылмыс күннен-күнге өршіп тұр…

Түйін: “Мен үш нәрседен қорқамын. Біріншісі, өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан; екіншісі, немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден; үшіншісі, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын”, – деп Бауыржан МОМЫШҰЛЫ болашақ ұрпақтың тәрбиесіз болып өсетіндігінен қорқып, қынжылған екен. Бұл қорқыныш бар қазақтың санасында тұруы тиіс. Бәріміз де ұлттық болмысымызды, тілімізді, дінімізді, ділімізді жоғалтып алудан қорыққанымыз абзал. Сол себепті тәрбиені отбасынан, ошақ қасынан, тіпті бала құрсақта жатқан кезден бастаған жөн”. Авторы: Алуа АЙБЫН.

ALASHAINASY.KZ. “Қандастар Қызылордаға қоныстанудан неге қашады?”. “Алыс-жақындағы қандас бауырлар атамекенге ат басын бұрғалы 20 жылға жуықтап қалыпты. Сынаптай сырғыған осы уақыт ішінде қаншама қазақ баласы туған жерге туын тігіп үлгерді. Оларға қандай қамқорлық көрсетіп жатырмыз? Әрине, бұл тұрғыда әрқалай пікірлер қылаң беріп қалып жүр. Рас, әлі де шешілмеген түйіндер бар. Осындай проблема Сыр өңірінде де кездеседі…

Сырға келген қандастардың көбісі қалада тұрғанды дұрыс көреді. Өйткені қалада екі қолға бір жұмыс табуға болады. Алайда қалада тұруға ниет еткен азаматтар үшін баспана жайы қиындық туғызады. Сондықтан осы күнге дейін Қызылорда облысына келген оралмандардың 80 пайызы қала маңында тұрақтапты. Дегенмен ауылдық жерлерде тұруды қалаған қандастарымыз да тіршілік көзін тауып жатыр. Мәселен, облыстың оңтүстігінде қоныс тепкен Жаңақорған ауданы аумағына орын тепкен шеттен келген бауырлар көкөніс-бақша өсірумен айналысады. Сондай-ақ жылыжай шаруашылығын дамытуға да көңіл бөліп жүргендер бар. Олардың арасында жоғары білімді жандар да жетерлік. Олар білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларында қызмет етіп жүр. Жеке кәсіппен айналысатын қандастар да бар. Тек оларға жергілікті әкімдіктен азды-көпті қолғабыс жасалса болғаны…”. Автор: Әділжан ҮМБЕТ.

ZHASALASH.KZ. “Президент “Нұр Отанға” билiктi тағы елу жылға ұстатқысы келедi”. “Апта басында Ақтөбе облысында iссапармен болған Н.НАЗАРБАЕВ кездесулердiң бiрiнде былай деп мәлiмдедi: “Нұр Отан” ХДП – халықтың партиясы. Таяудағы 40-50 жылда елдегi тұрақтылық пен бiрлiктi қамтамасыз етiп, сайлауларда жеңiске жетуi тиiс”. Оның бұл сөзiн қалай түсiнуге болады? Бұл басқа партияларды менсiнбеу, көзге iлмеу ме? Әлде, оларға сес көрсету ме? Осы сауалдарды елдегi оппозициялық партиялардың жетекшiлерiне қойған едiк….”. Авторы: Инга ИМАНБАЙ.

25 мыңға жуық мемлекеттiк қызметкер далада қалмақ”. “ҚР Қаржы министрi Болат ЖӘМIШЕВ 2011 жылы президент жарлығымен 25 мыңға жуық мемлекеттiк қызметкер жұмысынан қағылатынын мәлiмдедi.

ҚР Статистика агенттiгiнiң деректерiне жүгiнсек, 2010 жылдың 2-тоқсанында Қазақстанда жұмыссыздық деңгейi 5,8 пайыз болған. Жалпақ тiлмен айтқанда, тамыз айында екi қолға бiр күрек таба алмай жүргендердiң саны елу мыңға жуықтаған. Ресми орындардың деректерiне көз жүгiртсек, жұмыссыздық деңгейi жыл, ай сайын емес бейне бiр күн сайын азайып келе жатқанына куә боламыз. Бiрақ, шынайы өмiрде, тұрмыс-тiршiлiкте жағдай мүлде бөлек екенi айқын….”. Авторы: Дилара ИСА.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Әділ сот жүйесі – демократиялық даму кепілі”. “Қандай да болсын реформа бір күнде жасала қоймайды. Дегенмен, кейінгі кезде Қазақстанның сот билігі – дербес, тәуелсіз билік тармағы ретінде қалыптасу мен дамуда, айтарлықтай жетістікке жетті. Республикадағы сот органдары құрылымдарын жетілдіруге, судьялардың мәртебесін көтеріп, тәуелсіздігінің әлеуметтік кепілдігін күшейтуге, соттардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда….”. Авторы: Жұмағұл ШӨЖЕНОВ,

ABAI.KZ. “Мешіттеріміз миллиардер бола бастапты”. “Қасиетті Рамазан айында Ақтөбенің «Нұрғасыр» мешіті жамағаттан 5 млн тенге садақа-пітір жинапты. Қазақстандағы қалған бес мыңнан астам мешіт осынша қаражат жинаған десек, олардың жалпы табысы шамамен 27.500.000.000 теңге болады екен. Иншалла, мешіттеріміздің тұрмысы түзеліп қалағанға ұқсайды!..”.

KAZ.GAZETA.KZ. Олимпиада чемпиондары кез-келген уақытта өздеріне сыйға берілген баспаналарынан айырылып қалуы мүмкін. Осындай келеңсіздіктерді болдырмас үшін “Тұрғын үй туралы” Заңға өзгерістер енгізу қажет.

Бүгін осындай мәлімдеме жасаған Мәжіліс депутаты Аманжан ЖАМАЛОВ Үкімет басшысына арнайы сауалын жолдады. Оның сөзінше, Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт СӘРСЕКБАЕВ Алматы қаласынан берілген пәтерін өзінде әзер қалдырған. Енді алдағы уақыттарда осындай жағдайлар қайталанбас үшін заңға тиісті өзгерістер енгізіп, олимпиададан алтын әкелген чемпиондарға мемлекет тарапынан пәтер беруді міндеттеу қажет. Төрт жылда бір рет болатын олимпиададан еліміздің спортшылары кем дегенде 2-3 алтын әкеліп жатады. “Оларға пәтер сыйлауға мемлекеттің қазіргі бюджетінің мүмкіндігі жеткілікті”,- дейді депутат Аманжан Жамалов.

Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:

— Әрі кеткенде 2-3 адамға 2-3 пәтер алып берген, біздің үлкен мемлекетке ол көп ақша ма? Біздің бюджетіміз қазір 3 триллионнан артық. Соның ішінде бір 10 млн теңге жұмсасақ, оған біздің неміз кетеді?! Оған бір қазақстандық та қарсы болмайды.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ