AZATTYQ.ORG. “Қазақ жұмысшыларымен төбелесте екі қытай оқ тиіп жараланды”. “…Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Солтүстік Трува кенішіндегі кәсіпорындардың бірінде қыркүйектің 17-сі күні қытай және қазақ жұмысшылары арасында жаппай төбелес болып, салдарынан бірнеше адам жарақат алған. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз-қызметі хабарлады….
Солтүстік Трува мұнай-газ кен орынын қазақ-қытай бірлескен “CNPC-Ақтөбемұнайгаз” компаниясы игеріп жатыр. Дүйсенбі күні Азаттық тілшісі телефон арқылы сөйлескен осы компанияның баспасөз-қызметінің өкілі, жұмысшылар төбелесі туралы алғаш рет естіп тұрғанын айтып, компания басшысының атына жазбаша ресми сауал-хат болмайынша қандай да бір түсінік беруден бас тартты….”. Авторы: Әлима ӘБДІРОВА.
AIKYN.KZ. “Самақованың бастамасын Сенат қолдай ма?”. “Неке және отбасы туралы” заң жобасы талқылау және қаралу үстінде. Мәжіліс жобаға бірқатар өзіндік ұсыныстарын түзету түрінде енгізді. Мәселен, мәжілісмен Айткүл САМАҚОВАның айтуынша, балалар үйінен бала асырап алған ата-анаға жалақы төленуі тиіс. Мемлекет қазынасынан әр бала үшін бөлінетін қаражаттың тым құрығанда 50 пайызы сол баланы асырап алған ата-анаға берілуі керек. Самақова осылай деп отыр. Сенат қолдай ма екен?…
Сонымен Самақованың ұсынысын таратып айтсақ. “Республикалық бюджеттен әрбір балаға орташа есепке шақсақ, 72 мың теңге бөлінеді. Оның ішінде 16 мың теңге баланың тамағына, киіміне, медициналық көмек алуына және тұрғылықты жері үшін жұмсалады, ал қалған қаражат мұғалім мен тәрбиешінің жалақысына, сонымен бірге коммуналдық қызметтерге кетеді. Біздің ұсыныс — осы қаржының 50 пайызын, шамамен алсақ, 35 мың теңгесін баланы асырап алған отбасыға беру керек. Сонда бала асырап алуға деген құлшыныс та ата-аналар арасында арта түсер еді”,- дейді А. Самақова, “Нұр Отан” ХДП фракциясы жанындағы әлеуметтік кеңес төрайымы….”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.
“Валютаның екінші тасқыны”. “Елімізде валюта тасқыны болатын екінші күнді өткен жолғы мақаламызда кейінірек айтамыз деп едік, енді соны әңгімелеудің реті келіп тұр. Иә, ол күнге шамамен төрт жарым айдай уақыт қалды. Дәлірек айтар болса, өзіміз екі-үш жылдан бері қарқынды дайындалып жатқан Азиаданың алғашқы қонағы елімізге келу сәтінен қаржы рыногымызға кезекті валюта тасқыны құйыла бастайды…
350 мың шетелдік жанкүйердің бір күнгі түнемелік орны бар болғаны 100 доллар болды дегеннің өзінде бұл арна бойынша 35 000 000 доллар бір-ақ күнде еліміздің валюта айырбастау нүктелеріне құйылады. Егер осыны бар болғаны он күнге көбейтер болсақ, тек қана жанкүйерлердің жатын жайына төлемі үш жүз елу миллион доллар болып шығады. Олар ең кемі осы мөлшерде тамақ ішеді. Сонда қарапайым есеппен жеті жүз миллион доллар деген санды аламыз.
Әрі қарай толып жатқан қарапайым арифметикалық есепті шығара берудің қажеті жоқ шығар. Сондықтан да өзіміздің Азиада бізге ең кемі 2 миллиард доллардай валюта енгізуі мүмкін деген болжамымызбен ғана тыйылайық. Ескерте кетейік, Ұлттық банк мұндай мөлшердегі валютаны ішкі рыноктан ешқашанда бір мезгілде сатып алған жоқ. Тіпті Қазақстанның қаржы биржасынан теңгені тізгіндеу мақсатында Ұлттық банк сатып алған мол валютаның көлемі шамамен 400 миллион доллардан аспағанын біз білеміз. Бұдан шығатын қорытынды — валюта құнсыздануы дәл Азиада кезінде қаласаң да, қаламасаң да орын алады деген сөз…
… Әрине, оған қарсылығымыз жоқ, бірақ мемлекеттің жағдайын да ойлау керек. Бүгін қымбатқа сатып алып жатқан долларларымызды ертең арзандатып алсақ, өкініш сонда болады”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.
EGEMEN.KZ. “Реформалар барысы талқыланды”. “Кеше Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВтің төрағалығымен құқық қорғау саласын реформалау жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өтті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Сол сияқты Үкімет басшысы осы күні әкімшілік реформа және министрліктер мен ведомстволар жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселелері бойынша де кеңес өткізді”.
ZHASALASH.KZ. “Мемлекеттiк тiлдi қолдау” акциясына қатысушылардың мәлiмдемесi”. “Қазақстан халқына,
Қазақстан Республикасының президентi Н.НАЗАРБАЕВқа,
Қазақстан Республикасы Парламентi Сенаты мен Мәжiлiсiнiң төрағалары Қ.ТОҚАЕВ пен О.МҰХАМЕДЖАНОВқа,
Қазақстан Республикасының премьер-министрi К.МӘСIМОВке
Бiз республикамыздағы қоғамдық қозғалыстарды, демократиялық, патриоттық партиялар мен жастар ұйымдарының, сондай-ақ зиялы қауым өкiлдерiнiң басын бiрiктiретiн “Тәуелсiздiктi қорғау” халықтық демократиялық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен “Мемлекеттiк тiлдi қолдау” акциясына қатысушылар, көтерiлген өзектi мәселелердi таразылай келе, мына жайттарды мәлiмдеймiз.
Қазақ тiлi Қазақстан Республикасы тәуелсiздiкке қол жеткiзбей тұрған шақта, яғни, 1989 жылдың 22 қыркүйегiнде Мемлекеттiк тiл мәртебесiн иелендi. Алайда өткен 21 жылда Мемлекеттiк тiл Қазақстан халқын бiрiктiретiн, олардың басын қосатын негiзгi факторға толық айнала алмады…”.
“Самұрық-Қазына” Қытай несиелiк ресурстарын ел игiлiгiне жұмсауға ұйытқы болып отыр”. “Соңғы жылдары Қытайдың дүниежүзiлiк нарықта жетекшi ойыншыға айналғанын бәрi мойындайды. Географиялық фактор негiзiнде қарасақ, Қазақстан үшiн Қытай — стратегиялық тұрғыда ең негiзгi әрiптес. Қазақстанның мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 2006 жылғы 1 наурыздағы Жолдауында былай деген-дi: “Екiжақты тиiмдi әрiптестiк жөнiнен Қазақстан үшiн қарыштап дамып жатқан Қытаймен байланысты алмастыратын балама жоқ”.
Қытаймен арадағы стратегиялық әрiптестiктi сөз еткенде, ең алдымен энергетикалық ресурстар еске түседi. Қазақстанның энергетикалық тәуелсiздiгi мен қауiпсiздiгi сол энергетика саласының дамуына тiкелей байланысты. Қытайдың Қазақстандағы экономикалық мүддесi бiздiң энергетикалық саясатымызға тәуелдi. Әрине, Аспанасты елi керемет қарқынмен дамып жатқан экономикасын жанар-жағармаймен үздiксiз қамтамасыз етiп тұратын “бұлақ көзiн” iздейдi. Бұған дәлел — соңғы бiрер жылда Қазақстанның ең iрi инвесторларының бестiгiнен Қытайдың түспей келе жатқаны. Әсiресе, мұнай-газ секторында…
“Самұрық-Қазына” ҰӘҚ-ның Басқарма төрағасы Қайрат КЕЛIМБЕТОВ былай деген: “…Қытайдың аса үлкен ауқыммен өсу үстiндегi экономикасы және нарығы Қазақстанның да өз мүмкiндiгiн сынап көруiне жол ашады. Қытай табиғи ресурстарды, энергоресурстарды, өңделген және жоғарғы дәрежеде өңделген өнiмдердi қажет етедi. Бiздiң ел өзiнiң бәсекеге қабiлеттi тұстарын айқындап, соларды дамытқаны жөн. Бiзде мұнай мен газ, мұнай химиясы, металлургия, уран салаларының бәсекеге қабiлеттi екенi белгiлi. Сондықтан өсiп жатқан Қытай нарығына экспорт жасау тиiмдi”…..”. Авторы: Е.КӨШЕРБАЙ.
ZAN.ZANMEDIA. KZ. “Тілге деген көзқарас түзелмей келеді”. “Баяғы одақтың тұсындағыдай емес, өзге ұлттардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасы мен ықыласы баяу да болса артып келеді. Десе де, бұл тұтастай алғанда ана тілінің басындағы ауыр ахуал түзелді деген ұғымды білдірмесе керек. Мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы қабылданған бағдарламалардың іске аспай шаң қауып, жылдан-жылға ұзартылуының бір астарында осындай түйткілді мәселелердің жатқандығын жанашыр қауым да жоққа шығара алмайды.
Таяуда Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты ЛА-155/13 қоныс колониясында болып өткен “Мемлекеттік тіл – менің тілім” атты дөңгелек үстел басына жиналып пікірлескен мамандар тіл тағдырына қатысты осындай проблемаларды ортаға салды…
“Тіл” оқу — әдістемелік орталығының әдіскері Тамара ЖҰМАҒҰЛОВА қала аумағындағы мекемелердегі мемлекеттік тілді дамыту, іс-қағаздарын жүргізу турасындағы атқарылған шаралардың күнгейі мен көлеңкелі тұстарына талдау жасады. Әдіскердің келтірген мәліметтеріне жүгінсек, былтырғы жылы Алматы қаласында мемлекеттік тілді оқып-үйренуге байланысты 118 топ құрылып, онда білім алған 1042 үйренушіге ана тілімізді меңгеріп шықты деген арнайы куәліктер беріліпті. Солай бола тұрса да, мемлекеттік тілдің қажеттілігін арттыру мәселесі ойдағыдай болмай отыр….”. Авторы: Е.КАМАЛ.
KAZ.GAZETA.KZ. “Қазгидрометтің” болжауынша бүгін, қыркүйектің 21-і күні Қазақстанның басым бөлігі жоғары қысым аумағында болады.
Мәселен, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, күндіз Жамбыл облысының жекелеген жерлерінде 15-20 м/с екпінде жел күтілуде.
Сондай-ақ, гидрометеорологиялық қызметтің ескертуінше бүгін, республиканың оңтүстік, батыс, орталық пен шығыстың кейбір өңірлерінде өте жоғары дәрежелі өрт қаупі сақталады.
Ал гидрологиялық болжамдарға сәйкес, алдағы тәулікте Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығысындағы таулы өзендерінде су деңгейінің ауытқуы байқалады.
Шардара су қоймасынан құйылып жатқан су толқының жоғары болуымен, Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының тұсынан ағып өтетін Сырдария өзенінде су деңгейінің көтерілуі жалғасады.
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

