«Астананың ізімен Атырау жұрты да жаппай «Қаражорғаны» билемек». «Қысқарту қазаннан басталуы мүмкiн». «Білім және ғылым министрі ауысты»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 23 қыркүйек 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Шаңырақтағы заңсыз сатылған жер жайлы әкім уәдесіне тұрғындар күмәнмен қарайды”. “…Қыркүйектің 22-і күні Алатау ауданының басшылары мен қоғамдық ұйым мүшелерінен құрылған арнайы комиссия осы аудандағы Шаңырақ ықшамауданы тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімі Бағдат МӘНІЗОРОВ тұрғындарға кезінде заңсыз сатылған жерлерін мүмкін болғанша заңдастырып беруге уәде айтты. Дегенмен қоғамдық ұйым мүшелері “бұл — биліктің кезекті алдаусырқатуы болуы мүмкін” деп қауіптенеді…

Қазақстан тарихына “Шаңырақ көтерілісі” деген атпен енген оқиғаларға төрт жылдан асып барады. 2006 жылы шілденің 14-і күні Алматы маңындағы Шаңырақ ықшамауданында “заңсыз” деп танылған үй-жайларды бұзу туралы сот шешімін орындатуға келген полиция күші мен жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болғаны мәлім… Бүгінгі күні билік “заңсыз” деп есептейтін 4523 баспананың үш жарым мыңға жуығы заңдастырылды. Ал қалған жер телімдері санитарлық талаптарға сай келмейтінін алға тартып отыр жергілікті әкімдік…”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ..

Ресей “қырғыз ұлтшылдығынан” қауіптене қалды”. “…Қыркүйектің 22-і Қырғызстандағы Ресейдің елшілігі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы арнайы мәлімдеме таратты. Құжатта мынадай жолдар бар: “Қырғызстандағы Ресей елшілігі соңғы уақытта кейбір қырғыз саяси жетекшілерінің мәлімдемелерінде ұлтшылдық сарындағы көпірме сөздің күшейіп бара жатқанына, Қырғызстандағы ахуал туралы өзіндік пікірі бар азаматтарға қысым көрсетудің жалғаса түскеніне алаңдайды”…

Кейбір ақпарат құралдары ресейлік дипломаттардың наразылық білдіруіне Қырғызстанның оппозициялық “Атажұрт” партиясының жетекшісі Камчибек ТАШИЕВтің “Фергана” ақпараттық вебсайтына берген сұхбаты түрткі болуы мүмкін деген болжам айтады. Қырғызстанның оңтүстігінде болған оқиғаларға қатысты бұл сұхбат биылғы қыркүйектің 16-ы жарияланған еді…

Камчибек Ташиев өзінің әсіре ұлтшыл емес екенін айта отырып былай дейді: ““Мысалы, Өзбекстан 20 жыл бұрын елдің иесі өзбектер екенін ашық мәлімдеді…. Қырғызстанда да дәл осылай болуы тиіс. Негізгі ұлт – негізгі ұлт болып жариялануы тиіс. Ол ұлт осы елде тұратын өзге ұлттардан төмен тұра алмайды. Біздің дәстүрімізді, тіліміз бен тарихымызды сыйласын….” … Маусым айының басында Қырғызстанның оңтүстігінде қырғыздар мен этникалық өзбектердің арасында қанды қақтығыс болып, 400-ден астам адам өлген еді. Мыңдаған халық баспанасыз қалып, босып кетуге мәжбүр болған.

Бірқатар шетелге қашуға мәжбүр болған бақылаушылар мен қырғызстандық құқық қорғаушылар Қырғызстанда ұлтшылдық ұранының көтерілгеніне бірнеше жыл болғанын айтады”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

Астананың ізімен Атырау жұрты да жаппай “Қаражорғаны” билемек”. “Бәріміз “Қаражорғаны” билейік” деген Астананың бастамасын Атырау жұрты іліп әкетті. Олар тіпті жаппай билеуден рекорд жасап, оны видеоға түсіріп алу үшін тікұшақ, қайық, автокөліктерін сақадай-сай әзірлеп отыр…

“Қаражорға”- ең үздік би” акциясының ұйымдастырушысы әрі үйлестірушісі Манарбек ЕРМҰҚАНОВтың сөзіне қарағанда, бұл күні көшелер мен алаңдарға бас-аяғы жиырма бес мың адам жиналмақ…. Манарбек Ермұқановтың сөзіне қарағанда, жобаның мақсаты – “Қаражорға” биін Қазақстанның ұлттық символына айналдыру, сөйтіп ел ішінде кеңінен насихаттау…”. Авторы: Азамат МАЙТАНОВ.

AIKYN.KZ. “Жәмішев нені ескермеді?”. “Таяуда министр Болат ЖӘМІШЕВ 2011 жылдан бастап қолданыстағы салық жүйесіне енгізілетін өзгерістер жайлы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, жаңа жылдан бастап табыс салығы үдемелі (прогрессивный) жүйеге көшетін болыпты. Дәлірек айтқанда, айлығы 250 мың теңге болатындар бұрынғыша он пайыздық, 250 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін жалақы алатындар он бес пайыздық, ал 500 мың теңгеден жоғары жалақы алатындар жиырма пайыздық табыс салығын төлейтін көрінеді. Былай қарағанда әдемі-ақ…

Қорыта айтқанда, министр Болат Жәмішев мырза ұсынған табыс салығының үдемелі жүйесін дәл осы қалпында жаңа жылдан бастап өндіріске енгізетін болсақ, онда опық жейміз. Біріншіден, шағын және жеке кәсіпкерліктің дамуына тосқауыл қоямыз. Екіншіден, көлеңкелі экономика болуына өзіміз жол ашып береміз. Бұл екеуінің де бізге қажеті жоқ. Ендеше, әлі де ойласайық”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

Петропавлды “Қызылжар” деп өзгертетін кез жетті”. “…Әзірге Үкіметтің қалай үн қатары беймәлім. Бірақ осындай ұсыныс Ұлт көшбасшысы тарапынан ендігі қолдау тапқан: “Еліміздің зиялы қауымы біраздан бері Петропавл, Павлодар секілді қалалардың атауларын өзгертсек деген ұсыныстар айтып жүр, — деген болатын жуырда Елбасы БАҚ-қа берген сұхбатында, — Ленинград, Сталинград, Ульяновск секілді қалалар, басқа да жер аттары өзгеріп жатқанда, бұл да орынды ұсыныс шығар” деген Н.НАЗАРБАЕВ “жергілікті әкімдіктер мен мәслихат депутаттарына ойласуға” кеңес берген….

Депутаттар атынан сауалды жария еткен қалаулы Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ…: “Петропавлдың түпкі атауы “Қызылжар” екеніне анық көз жеткізілгендігін” мәлім етті..”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

ANATILI.KZ. “Алаш арыстарының алтын төрі”. “Қазақ мәдениеті мен ұлт руханиятының алтын бесігі Алматыда ұлан-асыр той. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан ОРАЗАЛИНнің сөзімен айтсақ, бұл – “елдің тойы, ойдың тойы, ардың тойы”. Сонау жылдардан бері ұлттың ұстыны болып келе жатқан ұйым, әдебиетіміздің алтын төрі – Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 75 жыл толған той…Қысқасы, барша қазақтың жанын найза ұшына байлаған, намысын ұлт рухына қайраған, ұлттың сөзін, ардың ісін ұрпаққа аманаттаған сөз ұсталары бас қосты…”. Авторы: Динара ІЗТІЛЕУ.

ALASHAINASY.KZ. “Мұнай экспорттаушылары Үкіметті келіссөзге шақырады”. “Үкімет алдағы үш жылдың бюджет мәселесін мұнайға экспорттық баж салығын енгізіп, оның көлемін келесі жылы екі есеге өсіру арқылы шешетінін жариялаған болатын. Соған байланысты биыл 15 тамыздан бастап мұнайшылар мұнай экспортының бір тоннасына 20 доллардан салық төлей бастады. Ал 2011 жылдан бастап бұл алымның көлемі 40 долларды құрайтын болады. Дегенмен араға көп уақыт салмай шикізат өндірушілер өз наразылықтарын білдіріп, бас көтере бастады. Бұл ретте KazEnergy мұнайгаз және энергетикалық кешен ұйымдарының қауымдастығы 2011 жылы мұнайға салынатын экспорттық баж салығының екі еселену мәселесіне байланысты Үкіметпен келіссөз жүргізуді жөн көріп отыр…”. Автор: Марал СҰЛТАНҚЫЗЫ.

ZHASALASH.KZ. “Қысқарту қазаннан басталуы мүмкiн”. “Мемлекеттiк қызмет iстерi агентiгi төрағасының орынбасары Әли КӨМЕКБАЕВ мемлекеттiк қызметкерлердiң 15 пайызын қысқарту мәселесi үкiмет деңгейiнде қаралып жатқанын жеткiздi. Президент жарлығымен жоба дайындауға кiрiскен үкiмет қысқарту iсiн қазан айынан бастауы әбден мүмкiн. Дәл осылай деп мәлiмдеме жасаған Әли Амантайұлы ең алдымен таяқтың ұшы мемлекеттiк компанияларға тиетiнiн айтты…

Жаны бар ұсыныс емес пе? Егер билiк қазынаның қаржысын үнемдеймiз деп 25 мың мемлекеттiк қызметкердi жұмыстан босатпақ болса, отауды ұсақ-түйектен емес буын-буыннан бастауы, бiрiн-бiрi қайталайтын iрi мекемелердi бiрiктiрiп, қызметiн тиянақтағаны жөн-ақ”. Авторы: Дилара ИСА.

ZAMANDAS.KZ. “Шерхан сонда сөйледi…”. “Жазушылар Одағының мерекелiк кеңейтiлген пленумы Абай атындағы опера және балет театрында өттi. Нұрлан ОРАЗАЛИН баяндама жасады. Шерхан аға МҰРТАЗА мен Салық ЗИМАНОВ сөз сөйледi. Салық Зиманов қазақ тiлiнiң халi мүшкiл екенiн айтты. Ол жазушылар мен ғалымдарды бiрлесе жұмыс iстеуге шақырды….”. Авторы: Аманжан СЕЙСЕНБЕК.

KAZ.GAZETA.KZ. Қарағанды облысында Қарқаралы ұлттық табиғи паркі өртеніп жатыр. Тілсіз жау Кент тауының етегіндегі ондаған гектар шыршалы-самырсынды алқабын шарпыған.

400 адам өртті үш күннен бері сөндіруде. Дегенмен оларға таулы аймақтарға арнайы техниканы жеткізу қиындық туғызып отыр. Ал жазықтықта шыққан өрт желдің күшімен сайын далаға жайылып, құтқарушылардың жұмысын одан әрі қиындатып жіберген. Мамандардың айтуынша, мұндай өрт соңғы 10 жылда болып көрмеген.

Арман Алпысбаев, Қарағанды облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы: — Өрт шыққан аумақ тау-тасты жер. Сондықтан техниканы өзіміз көтеріп, жеткіздік десем, артық айтпаймын. Қазір жалын ауыздықталды. Бірақ, қайта тұтануы да мүмкін.

Білім және ғылым министрі ауысты. Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың Жарлығымен Білім және Ғылым министрі болып Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ тағайындалды. Ол бұған дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болып келді. Жаңа министрді Үкімет жетекшісі Кәрім МӘСІМОВ жаңа ұжымымен таныстырып, экс-министр атанған Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВқа алғыс білдірді. Түймебаевтың жұмыстан кету себебі және қай қызметке баратыны әзірге белгісіз. Ол Білім және ғылым министрлігін 3 жылға жуық уақыт басқарды.

3 жыл айтарлықтай көп уақыт болмағанымен, Жансейіт Түймебаев Білім және ғылым министрі ретінде ең ұзақ отырғандардың бірі болды. Оған дейінгі Бірғаным ӘЙТІМОВА да, Жақсылық ҚҰЛЕКЕЕВ те бір жылдан асар-аспас жұмыс істеп, министрлік креслосымен қош айтысқан болатын.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ