AZATTYQ.ORG. “Сайлаудан соң Лукашенкоға қарсы жаппай наразылық басталды”. “…Президент сайлауы өте бере жексенбі күні кешкісін кем дегенде жиырма мың наразылық танытушы адам Беларусь астанасының Октябрь алаңына жиналып, кейін Үкімет үйі орналасқан Тәуелсіздік алаңына қарай бет алды. Қызыл жолақты ақ ту ұстаған топ президент сайлауының әділ өтпегенін мәлімдеп, тәуелсіз экзит-пол нәтижелерін жария еткен. Үкімет үйінің алдына жеткесін оппозиция жетекшілері “ЛУКАШЕНКОсыз өтетін әділ сайлау” қозғалысын және “Ұлтты құтқару үкіметін” құрмақшы екендерін жариялады. Президенттікке үміткер болғандардың бірі Николай СТАТКЕВИЧ тәуелсіз экзит-пол нәтижесі бойынша президент Александр Лукашенконың 30.5 пайыз ғана дауыс жинағанын айтты…”.
AIKYN.KZ. “Танымалдыққа дейінгі ТАРИХ”. “2010 жылдың 13 желтоқсанында Мәскеудегі “РИА Новости” ақпараттық агенттігінде “Нұрсұлтан Назарбаев “РИА Новости” тарихи таспаларында” (Нурсултан НАЗАРБАЕВ на исторической ленте “РИА Новости”) атты жаңа кітаптың тұсаукесері болып өтті.
Бұл — Ресей ақпараттық агенттігінің Қазақстан Республикасы Президентінің ақпарат қызметімен бірлескен жобасының өнімі. Басылым Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қызметіндегі хрониканы негізге алған. Сондай-ақ онда “РИА Новости” агенттігінің тарихи таспаларындағы және Қазақстан Республикасы Президентінің ақпарат қызметінің мұрағатындағы тарихи түсірілімдер орын алған…”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ
EGEMEN.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады!”. “…Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс болып, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі…
Ардақты ағайын!
Тәуелсіздікке қол жеткізу де, оны баянды ету де оңай емес.
Тәуелсіздікті нығайту үшін өткелі қиын, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді.
Бұған тарлан тарихтан талай мысал табуға болады.
Миллиондаған халқы болса да мемлекетсіз, табан тірер отансыз жүрген ұлттар дүниеде аз емес.
Баршаңыз білесіздер, екінші жаһандық соғыстан кейін көптеген елдер өз егемендіктерін жария етті.
Туған топырақтарында еркін өмір орнату мақсатында болашаққа үмітпен қарап, үлкен жоспарлар жасады.
Ал іс жүзінде берілген тарихи мүмкіндікті барлығы бірдей пайдалана білген жоқ.
Ендеше, азаттық алумен іс бітпейді екен. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін заманға сай амалың болуы керек екен.
Біз тәуелсіздігінен айрылып қалған елдердің тағдырынан тиісті қорытынды шығарып, тағылымы мол сабақ алдық.
Ел бірлігін басты байлыққа балап, саяси тұрақтылықты экономикалық жетістіктермен ұштастыра білдік.
Осылайша Қазақстан шын мәнінде азат елге, айдынды мемлекетке айналды…”.
ANATILI.KZ. “Туған жеріңді түлеткенге не жетсін!..”. “…Республикамызға танымал саясаткер Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫның қаңтар айының басында Астанадағы беделді қызметінен өзінің туған ауылы Ұлытау ауданына әкім болып барғанын білеміз….
…Жезқазғанда бұрын “Ғарышкерлер бақ жолы” болған. Кейін Сейфуллин есіміне ауыстырылыпты. Алдымыздағы жылы адамзат баласының ғарышқа ұшқанына жарты ғасыр толады. Бұл дегеніңіз – ғарышқа жол салған Байқоңыр атауын әлемге танытқан Жезқазған жерінің де мақтанышы. Әлемді таңғалдырған тарихи оқиға Жезқазған төрінде өтті. Осында осынау жылдар ішінде қаншама ғарышкерлер Жезқазғандағы “Ғарышкерлер бақ жолына” келіп, өз аттарынан ағаш отырғызды. Осы жайды естен шығармауымыз керек. Сондықтан да бұрынғы өзінің “Ғарышкерлер бақ жолы” атауы қайтарылды. Ал Сәкен Сейфуллиннің есімі оның өзінің ескерткіші тұрған қаланың бұрынғы Некрасов атты орталық көшесіне берілді. Егемен еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығы алдында тұрмыз. Жезқазған қаласында Тәуелсіздіктің бастауына жол ашқан кешегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты нақты бір атау еске алатын орын белгіленбепті. Бұл да ойландырды. Алдағы уақытта Жезқазғанда кең де әсем алаң – Тәуелсіздік алаңы аталып, сол жерге Тәуелсіздік монументі орнатылу көзделуде.
Жезқазған қаласын толғандырып жүрген өзекті мәселенің бірі – ауызсу. Жыры жылдарға созылып келе жатқан ауызсу мәселесін тиісті орындарға жеткіздік, білем. Алдағы уақытта бұл мәселе көңілдегідей шешілетініне сенімдімін. Мәселенің маңыздылығына мән беріп, өзінің тиісті орындарына дер кезінде сауатты қоя білсе, шешілмейтін шаруа болмайды…”. Авторы: Батырбек Мырзабеков,“Қазақ газеттері” ЖШС-ның Қарағанды облысыбойынша өкілі.
ALASHAINASY.KZ. “Тәуелсіздігімізге Кеден одағынан қауіп жоқ”. “…Кеше ғана жарияланған мәліметтер де осыны растайды. Кеден одағы ішіндегі еліміздің тауар айналымы он айдың ішінде 13, 5 млрд долларды құраған. Оның 90 пайызы – Ресейдің үлесінде. Өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда, Кеден одағының басқа мүшелері арасындағы тауар айналымы Ресеймен арада 1,3 есе, Беларусьпен 1,4 есе көбейді. Ресейге тауар экспорты 38,7 %, Беларуське – 3,2 есе, тиісінше, импорт – 26,4 және 20,8 пайызға артты….”. Авторы: Гүлнар Ахметова.
ABAI.KZ. “Зақаш Камалиденов: “Кешірім сұрау үшін қателігімді көрсету керек””. “… —1986 жылдан бері, 24 жыл бойы өткенге көз жүгіртіп, сараладыңыз. 25 жылдың биігінен ҚОНАЕВқа көзқарасыңыз басқаша, Желтоқсанды басқаша бағалап отырсыз. Тура сол 1986 жылы сіз нағыз интернационал патриоттардың бірі болдыңыз. Сол жүйеде өсіп, қалыптастыңыз. Менің ойымша, сіздің басқаша ойлауыңыз да мүмкін емес еді. Студенттердің “Қазақстан қазақтарға ғана” дегенін дұрыс деген жоқсыз. Қайта Кеңес өкіметін, коммунистік партияны сақтап қалуға барыңызды салдыңыз. Сіз осыны мойындайсыз ба?
— Жоқ, бірінші Қонаевқа көзқарасыңыз өзгерді дегеніңіз дұрыс емес. Қонаев жөнінде пікірім ешуақытта өзгерген жоқ. 1986-87 жылдары, қай жылы болсын, “Қонаев бүлдірді” деп ешуақытта айтқаным жоқ. Еш жерде, ешқандай газетке.
— Қонаевтың айналасындағылар деп те ештеңе айтқан жоқсыз ба?
— Жоқ.
— Бұрынғы билік кезінде деп те айтқан жоқсыз ғой?
— Айтқанда қалай?! Талай жерде сөйледік қой…
— №1 үміткер ӘУЕЛБЕКОВ, сіз №2 үміткер болдыңыз ғой. Мәскеуде “жалғыз үміткер — Назарбаев” дегенді саясаткер ретінде айттыңыз ба?
— Иә, саясаткер ретінде айттым. Шынымды айтайын, мен ешуақытта Қонаевтың орнына бірінші хатшы болсам деп ойлаған емеспін. Алла тағала бар, бәрін көріп тұр ғой. Мен Нұрсұлтанды комсомолдан білемін. Қабілет-қарымын да мойындаймын.
— Өзіңізге талай жәрдемі тиген МҰҚАШЕВты Қонаев орнына лайық деп неге айтпадыңыз?
— Менің принципім бөлек. Ал біреуге жақсылық жасау — басқа мәселе. Сәкеңді жақсы білем. Мықты азамат. Бірақ қабілет-қарымы бірінші болуға жетіңкіремейді. Біріншіден, техникум бітірген. Жоғары білімі жоқ. Әуелбековті айтпағаным, ол кісі, сөз жоқ, қазақтың айтулы азаматы. Бірақ ол кісінің мінезі тым қызба болатын. Ал бірінші басшы өте кеңпейіл болуы керек.
Димекеңнен сұрағанда ол кісі: “Қазақстанда менің орныма лайық адам жоқ” деп айтты дейді….
— Үлкен саясаткер ретінде сіз Қазақстандағы екі қауіпті атап көрсетіп отырсыз. Бірі — руға, жүзге бөліну. Екіншісі дінге қатысты. Солай ғой?
— Үшінші қаупім тағы бар. Ол — жемқорлық.
— Сіздердің кездеріңізде жемқорлық болған жоқ па?
— Болды. 50 сом пара алған басшы алты жылға сотталып кетті. Ал қазір параны миллиондап беретін болды ғой…”. Сұхбаттасқан Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, №12 “Жұлдыздар отбасы АҢЫЗ АДАМ” журналы.
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ