AIKYN.KZ. “Жемқорлықпен күреске АҚШ-ты араластырғанымыз жөн бе?” шағын сауалнаманы жүргізген Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ. Апта ортасында АҚШ-тың сауда палатасының президенті Кеннет Марк қазақ елінде кәсіпкерлерге қатысты сот ісінің жиілеп бара жатқанына алаңдаушылық білдірген болатын. …Кеннет мырза бұл жолы қазақ Үкіметіне “қазақстандық жемқорларды ауыздықтау операциясына бізді де араластырыңыздар” деп салмақ салып отыр. Ол үшін елде құрамы АҚШ эксперименттерінен толыққан және Үкіметтің арнайы мандатына ие тәуелсіз Кеңес құрылуы тиіс. Үкімет мандаты сыбайлас жемқорлықтың деңгейіне мониторинг жүргізу үшін қажет.
“АҚШ-тың сауда палатасы президентінің ұсынысы қазақ Үкіметінен қолдау таба ма?” деген сауалдың жауабын саясаткерлердің пікірінен іздеп көрейік.
Петр СВОИК, саясаттанушы: – Менің ойымша, Кеннет мырза ұсынысты шын көңілден, тіпті жанашырлықпен айтуы да мүмкін. Олар мұндай кеңес жұмыс істесе, билік пен бизнестің ара-жігі айқындалады, жергілікті кәсіпкерлер қай тараптан зәбір көріп жүргені жайлы айта алады деп ойлайды. Олар қазақ қоғамында болып жатқан үдерістерге өздерінің деңгейімен, өздерінің өлшемімен қарайды. “Бұл ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау таба ма?” деген сұраққа жауап беру қиын. Себебі Кеннет мырзаның ұсынысының саяси салмағын сезіп тұрған жоқпын….
Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы: – Мен Марк мырзаның ұсынысын қолдаймын. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар үрдіс. Қазір ғаламдық ақпарат көздері швейцариялық бір банктің халықаралық арбитражы сотта жауап беріп жатқандығы жайлы ақпарат таратты. Сотқа беруші тарап – АҚШ. Себебі АҚШ кәсіпкерлерінің қаржысының пайдасын сол банк көріп отыр. Ақ үй әкімшілігі мұндай жағдайға төзбейтінін байқатты. … Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттің ұстанымы – айқын”.
JASQAZAQ.KZ. Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ “БЕСЖЫЛДЫҚТЫҢ МІНДЕТІ МЫҚТЫ. Ал оны жүзеге асыру барысы қандай?” мақаласында жазды: “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс съезінде 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап бесжылдық жедел индустрияландыру тәсілімен дамитынымыз жария етілді. Белгіленген межеге жарты жылдай-ақ уақыт қалды, бұған дайындық лебі байқалмайтын тәрізді. Атқарушы билік бесжылдық жоспардың құрылымы, жүзеге асыру тетіктері туралы әлі жақ ашқан жоқ. … Бірақ мамандар “ол бесжылдық пен бұл бесжылдықтың арасы жер мен көктей” деген пікірде.
Біз бұл сауалды алдымен экономист-сарапшы Қанат Берентаевқа қойған едік. Ол өз сөзінде былай дейді: “Біздің ел, Үкімет жыл сайын, тіпті болмағанда, екі-үш жылда бір бағдарлама қабылдайды. Оны игеруге пәленбай миллиондаған теңге шығын шығарады және ол бағдарламалар негізінен қысқа мерзімге арналады. Сондықтан оны жүзеге асыру мүмкіншілігі болмай қалады. Ал сол бағдарламаға талай ақша бөлінді ғой, оны мақсатты жұмсадық па, жоқ па, біреулердің құлқынына түсті ме, оны ешкім тексермейді. Сондықтан өз басым бағдарлама атаулыға күдікпен қараймын. Ал мемлекет басшысының инновациялы-индустриялық даму жоспары құлаққа кіреді, бірақ ол қалай жүзеге асады, ол туралы айту қиын, өйткені оның құрылымы, жүргізу тәсілі, механизмі жасалған жоқ”, – дейді ол. Оның үстіне, бұрынғы шаруашылық пен қазіргі экономиканы салыстыра алмайсың. Түрі де, түсі де өзгерген”.
“…Бұл жерде әртараптандырудан гөрі біреулердің мүддесі жатқан сияқты, – дейді экономист Серік Иманқұлов. – Біз неше жерден экономиканы диверсификациялаймыз дегенімізбен, дағдарысқа дейін де, одан кейін де мұнай-газ секторы мен тау-кен өндірісіне тәуелді боламыз. Өйткені қазіргі экономикалық ауыртпашылық жоғарыда айтылған жобалардың бәрін жүзеге асыруға қауқарсыз. Бұған қоса, біздің елімізде бизнестің өркендеуіне сан мың кедергі бар. Сондықтан мұндай ірі жобаларды, олардың өнімін, экспортын әртараптандыру – бес жылдың емес, он-он бес жылдың жүгі”.
ALASHAINASY.KZ.“Ұшақтарымыз Еуропа бағытында “қанаты қырқылуының” себебі неде?” тақырыбына пікірлерін жинаған Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ.
Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, Сенат депутаты:
– Біз үшін ең басты мәселе – адам өмірінің қауіпсіздігі. Сондықтан да өз басым біздің ұшақтардың Еуропа бағытына ұшуына тыйым салынуын дұрыс деп есептеймін. Бұл ретте біз ұшақтарымыздың өте ескіргендігін, еуростандартқа сай еместігін мойындауымыз керек. Бізде қазір жалғыз “Эйр Астана” компаниясының қызметі талапқа сай етіп көрсетіліп отыр. Әлбетте тек “Эйр Астана” компаниясы ғана емес, басқа да компаниялардың бәсекеге қабілетті болғаны дұрыс еді. Өкінішке қарай, оған әлі қолымыз жете қоймайтын тәрізді. Меніңше, болашақта қазақ елі ұшақтарының бәсекелестік деңгейі көтеріліп, дүниежүзілік қоғамдастық алдында беделіміз артуы үшін осы салаға инвестиция көптеп тартылуы керек. Сонда ғана бізде арнайы ережелер сақталып, адам өміріне қауіп төнбейтін болады.
Рахман АЛШАНОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Кеше ғана Иранда үлкен әуе апаты орын алды. Мұндай жайт соңғы кездері тым жиілеп кетті. Еліміздегі ұшақтардың сын көтермейтініне байланысты біз болашақта еуропалық бағытта тек “Эйр Астананың” қызметіне ғана жүгінетін болдық. Әрине, біз осы уақытқа дейін ескірген ТУ-154, ТУ-133 тәрізді ұшақтардың қызметіне де жүгініп келдік. Бұл ұшақтармен Еуропаға сапар шегу шыбын жанды шүберекке түйіп тәуекелге бел байлаумен пара-пар еді. Мұндай ұшақтар тіпті Қазақстанның өз ішінде жарамсыз. Сондықтан адам өмірін бірінші кезекке қоятын болсақ, бұл – орынды іс. Мен бұл шешімді төтенше жағдайдың алдын алғаннан кейін қарастырылған заңды шешім деп есептеймін…”
TURKYSTAN.KZ. Жанұзақ ӘКIМ, Еуропа Ғылым академиясының мүшесi “ҚАЗIРГI ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТI ҚАНДАЙ?” мақаласында мәдениеттің дамуына назар аударады: “Қоғамның немесе өркениеттiң дамуы үшiн қажеттi алғышарт – ол мәдениеттiң өркендеуi. Мемлекеттiң iргесi берiк болып, қоғам тұрақты дамуы үшiн оның тұғыры берiк, стратегиялық бағдарламасы тұрғылықты ұлттың менталитетi мен елдiң географиялық орналасу ерекшелiгiне негiзделген және адамзаттың озық ойы мен тәжiрибесiн тиiмдi пайдаланатын болуы қажет. Яғни, мемлекеттiң тұғыры бiр тiл, бiр дiн, бiр мораль, бiр философия, яғни бiр мәдениеттен, және осылардан құралған бiр идеологиядан тұрады. Ондай мемлекет тұрақты дамып мәңгi жасайтын болады. Мәдениеттiң мiндетi мәңгiлiк туындылар жасау болса, мемлекеттiң мақсат-мұраты осындай мәдениеттiң арқасында мәңгi жасау. …
Сонымен қатар Музыка академиясы, Астана мен Шымкентте алғаш рет опера театрларының ашылып, Оралда қазақ драма театры ғимаратының салынуын т.б. мәдениеттегi оң iстер деп бағалауға болады. Бiрақ, осы iстелiп жатқан шаралар мемлекеттiң жан-жақты дамуы мен тәуелсiздiгiн қорғауды қамтамасыз ете ала ма? 1991 жылға дейiнгiмен салыстырғанда елдегi кiтапханалардың бүгiнгi саны 60-65 пайызға (бар кiтапханалардың өзiнде соңғы жылдарда шыққан кiтаптардың көбiн таппайсың), бала-бақшалар саны бес есеге, клуб, кинотеатр, мәдениет үйлерiнiң саны үш-төрт есеге, қазақ тiлiнде шығатын жорналдар мен кiтаптардың тиражы 40-50 есеге дейiн … азайған. Мысалы, өткен ғасырдың 80-шi жылдары кезiнде тиражы 200 мыңға жеткен “Жұлдыз” жорналының қазiргi таралымы үш мыңнан аспайды….
Сонымен қатар бiзде шығатын кiтаптардың орташа құны жоғарыдағы елдерден 2-5 есе, ал мектеп жасына дейiнгi балаларға арналған кiтаптардың құны 7-8 есеге дейiн қымбат…
Тәуелсiздiк кезiнде, “алдымен экономика, содан кейiн мәдениет, әлеуметтiк сала дамиды …”, – деген ұран ресми саясатқа айналып, соңғы жылдары мәдениеттiң деңгейi уақыт өткен сайын қоғам дамуын қамтамасыз ететiн күшке айналудан қалып бара жатқанын көремiз. Бiзде коммерциялық мәдениет пен коммерциялық экономика қалыптасуда. … Қазiр мемлекеттiк тiлдегi ең мықты сайттарды жүздеген миллион қаржы бөлiнген құзырлы орган емес, Монғолиядан шыққан екi қазақ студентi мен жорналшылар ашқан екен. Жыл сайын бюджеттен аудармалар жасап, сайттар ашуға бөлiнген қаржы қайда кетiп жатыр? Бөлiнген қаржы орта жолда талан-таражға түскесiн мәдениет қалай дамымақ? Бұл тәжiрибе көп мәселенiң (оның iшiнде экономика мен ауыл шаруашылығы) тек қаржы бөлумен ғана емес, жақсы мамандардың адал ниетiмен шешуге болатынын көрсетедi.
Елдегi орыстiлдi газет-жорналдар т.б. басылымдар қаламақы төлейдi де, қазақ тiлдi басылымдар төлемейдi. Сондықтан да қазақ басылымдары дамымайды. …Қазақ мәдениетi дамуының базалық негiздерi – эпостық жырлар, түркiнiң сәулет өнерi және халықтың әнi мен күйлерi. Осылардың негiзiнде дамыған ұлттық өнер мен ғылым технологияға”.
EGEMEN.KZ. 17 шілдеде Бас прокуратураның кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Онда прокуратура органдарының 2009 жылдың 1-ші жартыжылдық жұмыс нәтижелері мен алда тұрған міндеттер талқыланды. Аталған шара Қ.Мәмидің Бас прокурор лауазымына тағайындалғанына 100 күн толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры “БАС ПРОКУРАТУРА: ҚЫЗМЕТТЕГІ БАСЫМДЫҚТАР” мақаласын назарларыңызға ұсынып отыр: “Осы орайда дағдарыстың жағымсыз салдарын азайту үшін прокурорлардың қадағалау қызметі, негізінен, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауға (жұмыс орындарын қысқарту, жұмыстан негізсіз босату, еңбекақысын дұрыс төлемеу), қаржы-несиелік секторда құқықтық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, дағдарысқа қарсы бөлінген қаржылардың мақсатты пайдалану заңдылығына бағытталды. Нәтижесінде 314 мыңнан астам азаматтардың құқы қорғалды. Прокурорлық ықпал ету актілеріне сәйкес 66 мыңнан астам жұмысшыға 5 млрд. теңгенің еңбекақы қарызы төленді. Мәселен, “Қазақалтын” АҚ 977 жұмысшының 54 млн. теңге құрайтын қарызын өтеді. Осындай мысалдар кез келген аймақта бар. Ал еңбекақыны уақтылы төлемеуге кінәлі бес мыңнан астам адам түрлі жауапқа тартылды.
Оқыту және қайта даярлау бойынша дағдарысқа қарсы бағдарламаға орай бөлінген қаражаттарды заңсыз пайдаланған деректер де анықталды. Мұның басы-қасында жүрген кейбір адамдар жұмыссыздарды оқыту мен қайта даярлау үшін бөлінген қаражаттарды тиімсіз жұмсап, азаматтарды еңбекпен қамту туралы статистикалық есептерге жалған мәліметтерді енгізу арқылы заң бұзушылыққа жол берген. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде ішкі еңбек нарығында өз азаматтарымыз жүзеге асыра алатын жұмыстарға шетел азаматтары тартылғандығы да анықталды. Яғни, өзіміздің тұрғындарға қатаң талап қойылып, шет ел азаматтары негізсіз жұмысқа алынған.
Прокурорлық тексеру нәтижелері бойынша еңбек туралы заңнаманы бұзғаны үшін жергілікті атқару органдарының 680 шет ел азаматын жұмысқа алуға берген 589 рұқсатнамасы қайтарылып, 347 шетелдікті еңбекке тартуға шығарылған 227 рұқсат тоқтатылды. Осындай прокурорлық ықпал ету актілерінің негізінде барлығы 22 мыңнан астам заңсыз құқықтық актілер бұзылып, күшін жойды. Мемлекет пайдасына 26 млрд.теңге өндірілді…”.
AZATTYQ.ORG. “Ұйғырлардың жанжалын егжей-тегжейлі таратқан телеарналар қытайлардың шабуылы жайында үнсіз қалды” мақаласында Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы районының орталығы Үрімжі қаласында шілденің 5-7 аралығында болған оқиғаның куәгері, қазақстандық турист Достай Орынбекұлы Азаттық тілшісі Есенгүл КӘПҚЫЗЫна өзінің көріп-білгендері жөнінде айтып берді: “Қытай телеарналары қандай ақпарат таратып жатты? — Олардың айтуына қарағанда, 1000-нан астам адам жарақаттанып, 160-тай адам өлді делінді. Оның көбі – ұйғылар екендігін айтты. Жексенбі күні кешке ұйғырлар бейбіт шеруге шыққан көрінеді. Милиция оларды таратуға әрекет еткен сияқты. Бұның соңы жалаңқол төбелеске ұласып кеткен. …Бір-бірінен естіп алған екі жақ Үрімжінің кез-келген көшесінде жанжал ұйымдастырған. Халықаралық автовокзалға барғанда да оның қарсысындағы мешіттің есік-терезесін қиратып кеткенін көрдік”.
Дильбегим МАВЛОНИЙ “Арандату туралы ескертулерге қарамастан Алматыдағы ұйғырлар жиыны бейбіт жағдайда өтті” мақаласында жазды: “Шілденің 19-ы, жексенбі күні Алматыдағы Республика сарайында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районында тұратын ұйғырларды қолдауға арналған Қазақстандағы ұйғыр ұлты өкілдерінің митингісі өтті. Оған қатысуға 8 мыңдай адам жиналды. Әуел баста бұл митингті Сарыарқа кинотеатрының артында өткізу жоспарланған еді. Алайда, осы оқиғадан бір күн бұрын, алдын ала сақтық шарасы ретінде, митингінің өтетін орны өзгертілді. …Митинг барысында Біріккен Ұлттар Ұйымы мен құқыққорғаушы ұйымдарға үндеу қабылданды. Үндеуде Үрімжідегі трагедия мен оның себептерін, ондағы ұйғырлардың бас көтеруін күшпен басқаннан кейін басталған жаппай тұтқындауларға байланысты тәуелсіз және обьективті зерттеу жүргізілуі жайында өтініш айтылған. … Митинг Қазақстанның мемлекеттік әнұранын айтумен аяқталды. Митинг кезінде де, одан соң да ешқандай оқыс оқиғалар болған жоқ. … Шілденің 5-і күні Үрімжіде ұйғырлар мен хансулар арасында болған жаппай қақтығыстардың салдарынан, ресми деректер бойынша, 150-дей адам қаза тауып, мыңға жуық адам жараланған. Қазір 1400-дей адам тұтқында отыр”.
QAZAQ.KZ. Бұл сайт — “Қазақ” газетінің сайты емес. Qazak.kz — “Халық үні” қоғамдық бірлестіктер одағының қазақ тілінде Интернет желісі бойынша тарайтын қоғамдық газеті.
ABAI.KZ. Қанағат ЖҮКЕШЕВ,философия ғылымдарының кандидаты “Сыртқы саясаттағы дилемма алдында” мақаласында назар аударады: “Рогозиннің Қазақстан мен Ресей арасындағы “интимдік” қатынастарды “бейнелі сипаттауы” Абайдың “қайнайды қаның, ашиды жаның” деген амбивалентті сөздерін еске түсіреді. Бұл мәселе жөніндегі пікірді ресейлік дипломаттың аузынан шыққан сандыраққа емес, оның лебізденуіне жол беріп отырғандарға қатысты айту пайдалы. Қазіргі Ресей-Қазақстан арасындағы қатынастардың мәнін түсіну үшін тарих қойнауларындағы кейбір оқиғаларға қайта оралып, оларды жаңаша ақыл таразысына салып, қайта қарау керек болады. …
… Қазақстанды жанынан шығармай ұстау үшін Ресей бірінші кезекте жемқорлыққа белшесінен батқан үкіметті қолдай отырып, оны мәжбүрлі досқа айналдыру, солардың қолымен Қазақстан экономикасын уысында ұстау, сыртқы саясатына бақылау жасау, билігіне, заңына араласып, өзінің қолайына жағатын жағдайға келтіру бағытында әрекет етеді.
… Қазақ саяси элитасы ресейлік әріптестерінің сыбайластық ықпалынан шыға алмауында. Қазақ және орыс элиталары негізінен бұрынғы компартияның өкілдері немесе солар саяси сахнаға жетелеп әкелгендерден тұрады. Кеңес кезіндегі коммунистік элита аясындағы сыбайластық тәуелсіздік жылдарында жаңа қарқын алды. Олар мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі көлеңкелі бизнестің көбін бірігіп жасады немесе бір-біріне қол үшін берді.
… Осылай, қазіргі қазақ қауымы дилемма алдында тұр. Бірінші жол -орыстың соңынан ере беру. Онда жемқорлық жайлаған автократиялық режімнен босану болмайды. Екінші жол — Батысқа бет бұру. Бұл таңдау орыстың ықпалынан шығу үшін күрес жүргізуді қажет етеді. Ал, кез келген күрестің шығынсыз болмайтыны белгілі”. (Мақала “ҚАЗАҚСТАН” апталығында, №29 (269), 16-шілдеде жарық көрді).
Сөзсіз, күрестің шығынсыз болмайтыны белгілі. Ресей мемлекетінің соңынан ере беру қажет емес. Идеологтар, философтар кеңес заманынан бері идеологиялық саяси күреске өте құмар. Не үшін күрес? Батыста біздің мемлекетіміздің нағыз достары жоқ.. Ол – шындық. Ресурстарының жетімсіздігі, жетістіксіздігі экономисттерге, әлеуметтанушыларға, саясаттанушыларға мәлім. Көп векторлы сыртқы саясатының көзі осындай.
ZANMEDIA.KZ. Сайт іске қосылуда.
ZHASALASH.KZ. Сайт көптен бері істемейді.
AYQAP.KZ. Сайт жұмысы көптен бері жаңармаған.
DMK.KZ. Сайт жұмысы жаңармаған.
KAZADEBIET.KZ. Сайт көптен бері істемейді.
KAZAKZAMAN.KZ. Сайт бірнеше күн жұмыс істемейді.
Аталмыш газеттер бас редакторларының назарына! Қадірменді ағайындар! Қазақ тілінің кеңістігін кеңейту үшін, оқырмандарыңызға құрмет көрсету үшін, көп уақыт ұзамай сайттарды ретке келтіру жөн болады деп санамайсыздар ма?
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ