«Ғылым ел дамуына қызмет етуі тиіс». «Домбыраның үні де жаһанданып барады. Бұл теорема ма?». «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы университетке атын беруді рұқсаттады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 7 қыркүйек 2009 ж.

EGEMEN.KZ. “Ғылым ел дамуына қызмет етуі тиіс”. “Жылда ғылымға бөлінген қаржы 3,5 есеге көбейді. Нанотехнология, биотехнология салаларына арналған ашық түрде жұмыс істейтін бес ұлттық лаборатория ашылды. ….

…. Президент ғылым сапасын заманауи талапқа сай арттыру қажеттігін назарға салып, әрбір ғылыми жұмыс ел дамуына, экономиканың өсуіне өз үлесін қосуы керектігін, ғылыми-инновациялық жұмыстарға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Алқалы жиында ұсынылған ғылым гранттарын беру жөніндегі шешімдерді қабылдайтын ғылыми кеңестерді құруды қолдайтынын айтқан Елбасы бұл жұмыста Үкімет жанындағы Жоғары ғылым мен техника кеңесінің атқаратын рөлінің мол екендігін тілге тиек етіп, мен ғылым жүйесіндегі жаңа құрылымды қуаттаймын, деді. Бұл – бұрынғыдан мүлде бөлек ғылыми жүйе. Атқаратын негізгі қызметіне келетін болсақ, барлық ғылыми жобаларды сұрыптаудан өткізіп, ғылым гранттарын беру жөніндегі шешімдерді қабылдайтын болады. Яғни, басты идея ғылымға қажетті қаржыны мемлекеттік лауазым иесі емес, ғалымдар анықтайды. ….Ғылыми жобалардың барлығы тәуелсіз сарапшылардың тезінен өтуі керек. Ол заң аясында ашық және жариялы түрде болуы қажет. Кеңестің жұмыс істеу тетіктерін “Ғылым туралы” Заңда бекіткен жөн.

Мемлекет басшысы ғылымды қаржыландырудың 3 бағыты туралы айта келіп, осы саланы қаржыландырудың ғалымдар ұсынған тетігін қолдайтынын білдірді. Оның біріншісі – базалық қаржыландыру, екіншісі – гранттық қаржыландыру, үшіншісі – мақсатты бағдарламалық қаржыландыру.

…Елбасы іргелі ғылыммен қатар, гуманитарлық ғылымдарға да көңіл бөлінетінін, бұл саланың алдында қыруар жұмыстардың тұрғанын алға тартып, болып жатқан әлеуметтік-экономикалық үрдістерді терең талдау, пайымдау керектігін де еске салды. Еліміздегі әлеуметтік саяси құрылым қалай өзгерді, жергілікті жерлердегі халықтың жағдайы қалай, Қазақстанның қалыптасуы мен дамуын айшықтайтын табысымыз неден көрінеді, мемлекетіміздің мәртебесін айқындайтын, беделін биіктететін қазіргі заман тарихы қалай жазылуда, біздің буын кейінгі ұрпаққа не қалдырады, деп сөзін бір түйіп тастаған Президент өткен тарихты зерделей отырып, жас ұрпақты патриотизм идеясына баулу мәселесін де көтерді. Қазақстанның жетістіктерін мақсатты түрде насихаттау, тәуелсіздігіміздің бізге бергенін, Отанымыздың әлемдік деңгейдегі рөлін, экономикадағы жетістіктерді жұртшылыққа таныстырудағы гуманитарлық институттардың атқарар рөлін де жан-жақты атап өтті”. Авторы: Сүлеймен МӘМЕТ.

ALASHAINASY.KZ. “Латын графикасын мектептерге пән ретінде енгізетін уақыт жеткен жоқ па?”. “Тәуелсіздік алғалы бері төл рәміздерімізді қабылдап, егемен ел ретінде еркін тыныстай бастадық. Десек те, күрмеуі шешілмей, қоғамдық талқылауда жүрген мәселелер де жетерлік. Соның бастысы – төл таңбамыз. Елбасымыздың латын әліпбиіне көшу турасында мәселе көтергеніне біршама жылдың жүзі болды, бірақ соған сай нақты жүзеге асып жатқан шаруа жоқ. Осылайша қимылсыз жатқан себебіміз не, бәлкім, осы жолда бастапқы шараларды қолға алатын кез жеткен шығар деген сауалды біз таразыға салып көруді жөн көрдік”. Әзірлеген Мәриям ӘБСАТТАР.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы:

“- Иә. Латын әліпбиін пән ретінде оқытпақ түгілі, оған түбегейлі көшетін кез әлдеқашан жеткен. Себебі ол – бүгінгі өркениеттің талабы. Бірақ бізде латын әліпбиінің қазақ дыбыс ерекшелігіне негізделген үлгісі әлі бекітілген жоқ. Ал бекітпей тұрып, біз ештеңе де істей алмаймыз. “Неге бекітілмей жатыр” дегенге келсек, басты себебі оған қарсы топтар бар. Солар Елбасының аузынан осы мәселе шықса болғаны, өре түрегеліп “егер біз латын әліпбиіне көшетін болсақ, онда кириллицада жазылған барлық дүниелерімізден айырылып қаламыз” дейді. Жоқ, тіпті де олай емес. Себебі кириллицаның өзі – латын графикасының негізінде пайда болған дүние. Қай қазақ латынды үйренсе, кириллицаны ұмытып қалады? Егер тек содан ғана қауіптеніп тұрсақ, мектепте пән ретінде оқытайық, сонда барлығы қосымша білетін болады. Бірақ мұны көпшілік түсінбей күйдіреді ғой.

Бір ғана мысал айтайын, мен “Егемен Қазақстанға” латын әліпбиіне көшу жайлы бір ғана мақала жазып едім, іле-шала басылым беттеріне төрт бірдей қарсы мақала шықты.

Егер біз алға жылжығымыз келсе, әліпбиімізді түзейік. Әрине, ол бір күнде бітетін шаруа емес. Арнайы бағдарлама жасау керек. Арнайы ұстаным болса, онда біз мектептерде, тіпті басқа мекемелерде, баспасөз бетінде латынға көшуге үндейтін түрлі шараларды қолға алар едік. Негізі, қаріп ауыстыру қоғамдық талқыға салатын да мәселе емес еді. Ешбір мемлекет алфавит мәселесін олай шешкен емес. Ахмет БАЙТҰРСЫНОВтың өзі де алғаш қазақ әліпбиін жасаған кезде ешкіммен келіскен жоқ. Жасады да берді. Сондай-ақ латынға, одан кириллицаға көшкенде халықтан біреу сұрады ма? Түркияда да түркі халықтарының талқысына салған жоқ. Мемлекеттік деңгейдегі мамандар шешуі керек. Елдің бәрі еріккеннен көшіп жатқан жоқ қой. Латын әліпбиі, ең алдымен, халықаралық, әлемдік қауымдастықтың таңбасына айналды. Себебі ол әлемдегі ең көп тараған тілдердің негізгі әліпбиі болып отыр. Ал енді біз неліктен латынға көшуді қажет деп тауып отырмыз? Себебі бүгінде біз қолданып жүрген кириллица әліпбиі қазақ тілінің төл дыбысталу жүйесіне сәйкес келмейді. Қазақ тілінде бар-жоғы 26 дыбыс бар, ал енді әріп саны – 42. Бізге мәселен, жіңішкелік белгісі, э, щ, ч, ф секілді әріптер керек пе? Осындағы құйрықты ш, яғни щ-ны қазақ тіліндегі ащы-тұщы деген екі-ақ ауыз сөзге бола ұстап отыр екенбіз. Бірінші сыныпқа барған баланың әліпбиінде осы әріпке мысал келтіру үшін қайдағы бір щетка, щорс деген сөздерді қолданамыз. Қазақ тіліне керек пе ол? Сондықтан қазіргі қазақ әліпбиіне реформа жасау – қазіргі күннің басты талабы. Кезінде кириллицаны бізге зорлап таңды, қазақтар орысшаны акцентсіз сөйлейтін болды. Есесіне, біздің сөйлеу мәнеріміз мүлде өзгеріп кетті. Қазір байырғы қазақтың әуезді тілі жоқ. Сондықтан латын алфавитіне көшудегі біздің ең басты мақсатымыз – өзіміздің тілдік ерекшелігіміз, үндестік заңына негізделген төл әліпбиімізді жасау. Оған бірден-бір сәйкес келетіні әрі ең тиімдісі, заман талабына сай таңба – латын әліпбиі. Сондықтан оны қолдау керек, оған көшуді кешеуілдетпеу керек”.

Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы, тарих ғылымының докторы, профессор:

“– Жоқ, меніңше, бұлай етудің бізге еш қажеті жоқ. Латын графикасын мектептерге енгізетін болсақ, онда келешек мәңгүрт ұрпақтарды тәрбиелейміз. Қазақтың тарихы бізге сабақ болуы керек қой. ХХ ғасырдың басында аз ғана уақыт аралығында бірнеше рет қаріп ауыстырдық. Алдымен қазақ ХІХ ғасырда Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ жасаған араб әліпбиімен сауат ашты, содан көп ұзамай Ы.АЛТЫНСАРИН атамыздың құрастырған кириллица әліпбиіне көшірді, сосын латынға, одан қайтып кириллицаға… Содан тапқан пайдамыз не? Меніңше, тек зиянын тарттық. Тамырымыздан кесіліп, сауатсыз болып шыға келдік. Қазір Ахаңдар шығарған “Қазақ” газетін басқаларды айтпағанда, тарих факультетін тәмамдағандардың өзі оқи алмайды. Былайша айтқанда, сол дәуірде өмір сүргендер мен қазіргі ұрпақ арасында рухани байланыс жоқ. Өйткені бірінің жазғанын бірі оқи алмайды.

Егер біз латын қарпіне көшетін болсақ, дәл сол қасірет біздің де басымызға төнейін деп тұр. Біз өзімізге-өзіміз ор қазайын деп тұрғанымызды қалай түсінбейміз? Олай дейтін себебім, бүгінгі біздің ғасыр басынан бері шығарған қаншама еңбектерімізді, том-том кітап, сансыз басылым, қаншама құжаттарды тек бірыңғай латын графикасымен сауаттанған, кириллицаны “құқ” деп білмейтін ұрпақ оқи алмай қалады ғой. Біле білсеңіз, дәл қазір “уақыты жоқ” ұрпақ өсіп келе жатыр. Уақыты жоқ дейтінім, ол ұрпақтың қазақша үйренуге, өз тарихын оқуға, тіпті кітапханада отыруға уақыты жоқ, алайда бір таңғалдыратыны, ағылшынша үйренуге келгенде бір-бірімен жарысқа түседі. Міне, осындай ұрпақ кейін “осы біздің тарихымыз еді-ау” деп кириллицаны өз беттерінше үйренеді деп айта алмаймын. Олай болса, қолда бар байлығын, яғни бүкіл рухани дүниелерін шаң басқан архив сөрелеріне тастап, өз тарихынан айырылған елдің кері кетпегенде несі қалды? 1957 жылы алғаш рет Қазақстан тарихы оқулығы шықты. Сонда қазақ тарихының оқытылып келе жатқанына бір ғасыр да болған жоқ. Осы тарихымыз түгелдей кириллицамен жазылғанын білесіздер. Ал енді жаңа ұрпақ бірінші сыныптан бастап тек латын қарпінде сауат ашар болса, оларға арнап тарихымызды қайтадан латын графикасында жазуымыз керек пе? Барлық кітап, газет-журналдарымыздың бәрін латынға көшіру қолымыздан келе ме? Оған еліміздің қаржысы жете ме? “Осы латынға көшпесек болмайды” дейтіндер заман талабы мен компьютер тілін, сосын шеттен келген қандастарымызды алға тартады. Ол – бос сөз, себебі алпысқа келген менің өзім компьютердегі қаріптерді латын әліпбиін білмей-ақ, ағылшын әрпі арқылы білем. Ал мектепте кішкентайынан компьютер алдында отырып өскен бала латын қарпін сіз бен бізден артық біліп алады. Демек, латынға көшіп әуре болмай-ақ, біз қазірдің өзінде оның графикасын қолданып жүрміз. Ал оралмандарға келсек, олардың саны еліміздегі қазақтармен салыстырғанда өте аз. Сондықтан олар қайта біздің жақтың жағдайына бейімделсін, бірінші – кириллицаны, содан соң орыс тілін меңгерсін. Өйткені біздің қаншама тарихымыз орыс тілінде”.

Қорытынды: “Кез келген мәселеге байланысты қашанда біздің қоғамда ортақ шешімге келу – өте қиын шаруа. Оған дәлел – осы латын қарпіне көшу жайы. Зиялыларымыздың өзі бірі – ойға, екіншісі – қырға тартады. Соның кесірінен баяғыда-ақ шешетін мәселені әлі күнге созып жүрміз. Кейбір ғалымдар “байырғы рунаға көшейік” деп жүр. Тіпті латынға көшейік деп тоқталған ғалымдардың өзінде де ішінара қазақы дыбыстарды қалай таңбалау керектігі жайында да түрлі тартыстар жүріп жатыр. Осы талқы қашанға дейін созылар екен? Сөзден іске қашан көшеді екенбіз?”. нтернет-конференция)

ABAI.KZ. “Домбыраның үні де жаһанданып барады. Бұл теорема ма?(интернет-конференция)”. “Домбырашы-ғалым Жұмагелді НӘЖІМЕДЕНОВтың домбыраның үні өзгеріп бара жатқанын айтып дабыл қаққанына бірер жыл болды. Задында домбыра туралы талай ұсыныс пен тілекті естіп жүрсек те, бұл жанайқай құлаққа тосын естілген. Қайсыбір жылы қайсыбір фестиваль аясында Нәжімеденов көтерген мәселе сол бір ескі де тар ғимараттың ішінен шықпай қалған сыңайлы. Сол жиынға қатысқан талай мүйізі қарағайдай мәдениетшілердің есіне осы бір мәселені тағы бір рет салып, осы тақырыпқа тағы бір оралып соғуды жөн көрдік.

Естігенімізді есінеп жүріп ұмытып қалатын біз сырттай дабырайтып баспасөз бетінде “домбыраға арнап ескеткіш қою”, “домбыраның үнін қалыптау” сыңайлы супер идеялы тақырыптармен мақалалар жазып жүргенімізбен, әкелі-балалы Еңсеповтер “біз ойлап таптық” деп есептейтін домбыра-электроника-компьютер-орындаушыдан (ДЭККО) құралған “квертетке” жатып алып қол соғудан әріге аса алмай жүрген сыңайлымыз. Әр аспапқа осылай жанр аша берсек, Ақерке ТӘЖІБАЕВА секілді амбициясы адам өлтіретін кейінгі толқын жас қобызшылар ҚЭККО деген шедевр шығырып жүрсе, таң қалмаңыз.

Сонау 1986 жылы этнограф Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ тапқан таста домбыраның һәм билеп тұрған бес адамның суреті бар екені талай айтылды, жазылды. Камал АҚЫШЕВ бастаған ғалымдар бұл тасты неолит дәуіріне жатқызғыны да мәлім. Шамамен алты мың жыл бұрын құлағы, шанағы бар домбыраны тасқа таңбалаған ата-бабамыз сол кездің өзінде-ақ домбыра шертеді екен, күйге билейді екен. Ендеше, Страдиваридің скрипкасымен мақтанатын жұртқа “мәдениет бізден басталады!” деп рахаттанып тұрып айтуға болатын шығар. Ал сол тарихи тастың әлі күнге “Мәдени мұраға” енбегенін де Жағда ақсақал өкпелеп тұрып айтты. Мәдени мұра дегеніміз көр қазу ғана емес шығар?”.

“Abai.kz” домбыраны жанына серік етіп жүрген бірнеше азаматқа сауал тастаған болатын. Домбырашы-ғалым Жұмагелді НӘЖІМЕДЕНОВтің, күйші Рақым ТӘЖІБАЙҰЛЫ мен Қаршыға АХМЕДИЯРОВтың, “Шертер” ЖШС-нің өндірістік директоры Мейірбек ДІЛМАНОВтың, домбыра жасаушы шебер Жолаушы ТҰРДЫҚҰЛОВтың, ДЭККО жанрының авторы Жасарал ЕҢСЕПОВтың және жас күйші Мұрегер САУРАНБАЕВтың жауаптары төмендегіше.

Жұмагелді Нәжімеденов: Мен домбырада қазақтың имунитеті жатыр деп айтқан болар едім. Бүкіл ғылым да соның ішінде. Әбу Насыр әл-Фараби айтады: “Аспанның көркі — жұлдыз, жердің көркі — дыбыс” деп. Домбыраны қағып кеп жібергендегі тербелістердің жиынтығын музыка дейді…. Баяғы қоңыр үннің кереметтігі сол, Қорқыттың қыл қобызының қоңыр үнін естіп-ақ, сырқаттар жазылған. 130-150 гигагерц аппараттың ауқымынан шыққан музыка сау адамды ауру қылады. Алысқа бармай-ақ, қазақтың осы күнгі тойларына барсаңыз, у-шу, айқайға тойып қайтасыз. Сонда бұл қай жақтан келген мәдениет? Қоңыр үнінің диапазоны 90 Гц-тен басталады. Қазіргі балық аулайтын лескімен жасалатын домбыралардыкі 190 Гц. Еуропалық аспаптардың үні 200 Гц-тен басталады. Түсіне білген адамға біз бар құндылықтарымызбен Еуропа үнінің ішіне кіріп кеттік. Қазір қоңыр үнді домбыра жоқ, мұражайдан ғана таба аласыз….”. Авторы: Ерлан ӘБДІРҰЛЫ.

ZHASQAZAQ.KZ. Асқар АҚТІЛЕУ “Сөмкенің салмағы” деген мақаласында төмендегідей пікір білдіреді: “Жадыраған жаз өтіп, күздің алғашқы күнінде еліміздің ең жас тұрғындары барын киіп, қалағанын қолдарына ұстап, көңілдері алып-ұшып білім ордаларына қарай асығады. Соңғы жылдары әр мектеп өз үлгісімен киініп, өз таңдауымен оқулық алдырады.

Бірінің киім үлгісі екіншісіне келмейді, бір мектептің оқулығы екіншіге жарамайды. Оқушының киім үлгісі мен оқулығы өз алдына бір әңгіме. Ал біздің бүгінгі әңгімеміз сол оқушының оқулығын салатын сөмке жайлы. Тоғыз ай бойы томпаңдаған қара домалағыңыздың арқасына “желімделіп” қалатын сөмкенің салмағы қанша болуы керек? Сөмкенің салмағы балаңыздың денсаулығына қалай әсер етеді? Осы сауалдарға жауап іздеген ел ағалары емес, биыл ғана тоғызыншы сыныптың табалдырығын аттаған Ғайни ЖАНИЯРОВА есімді ақтөбелік оқушы болды…

Оқу жылында жоғары сынып оқушылары оқулықтарын мектепке түгел әкелмейді. Орта сыныптағылар кітапты кезектесіп тасиды. Ал бірінші сынып оқушылары қажетті де, қажет еместі де толтырып алады. Жалпы, мектеп оқушысының салмағы қанша болу керек?

Ауыр сөмке арқалаудың салдары болмай қоймайды. Бала радикулитке шалдығуы мүмкін. Оқушының омыртқасына дәз кетіп, қабырғалары қисайып кетуі де ғажап емес. Біздің оқушы-зерттеушіміз текке тер төгіп жүрген жоқ. Мәселен, бұл проблемаға ресейлік мамандар да біраз бас қатырыпты. Олар портфельдің салмағы оқушы салмағының 1/10 аспауы тиіс деген тұжырымға келіпті. Балаңыз 27 келі тартса, сәйкесінше, мектеп “дорбасы” да 2,7 келіден артық болмау керек. Ал төменгі сынып оқушыларының сөмкелері 1200 грамның шамасы болса құп. Кей елдерде оқулықтар тым қалың болып басылатын болса керек. Дәрігерлердің мәлімдемесінен соң, “семіз” кітаптарды “арықтатуға” тура келіпті. Баспагерлер де үнемі мұндай “батырлық” әрекетке барғысы келмейтін көрінеді. Реті келгенде, Облыстық білім департаментіне де хабарластық. Ондағы мамандар саусақтарын “СЭС-ке” қаратып шошайтты. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті мамандарының да мұндай талаптардың ескерілуі жөнінде шара қолданып жатқандары шамалы. “Құжаттарды көтеру керек” деді санитар апайлардың бірі. …Ата-аналар не істеу керек? Сабақ кестесінің дұрыс құрылуына мән беруі керек. “Ауыр” пәндердің апта бойына біркелкі орналасуына назар аударуы тиіс, сондай-ақ дене тәрбиесіне киетін спорттық киімдер мен аяқкиімдерді мектепте сақтайтын орынның болуына қол жеткізсе де болады. Оқушының сөмкесінде кешегі күннің кітаптарының қалып қоймауына бақылау жасап қойыңыз. Сіз балаңыздың мектеп сөмкесінің салмағын есептеп көрдіңіз бе, ата-ана?!

Тобықтай түйін:

296,5 мың шәкірт биыл мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі таратқан ақпарат бойынша, білім ордаларындағы оқушылардың жалпы саны – 2 млн 556 мың. Жаңа оқу жылында 7 мың 621 мемлекеттік, 115 жекеменшік мектеп есігін ашты. Министрліктің ресми өкілі Серік ЫРСАЛИЕВке жүгінсек:

1434 – елді мекенде мектеп жоқ, 104 – бала еңбегін пайдалану дерегі тіркелген, 6000 – жас маман биыл мектепке жұмысқа тұрды”.

KAZ.GAZETA.KZ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астанадағы университетке атын беруді рұқсаттады. Бұл туралы президент бүгін ғылым және ғылыми саясат жөніндегі кеңестің отырысы барысында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Мен ешқашан өз атыммен кеңшарды да, ауылды да, көшені де, қаланы да, Астананы да атауға ешқашан рұқсат берген емеспін, бірақ университетті атауға рұқсат беремін\», — деді Н. Назарбаев.

Президенттің атап өткеніндей, президент пен үкіметтің қорлары жаңа халықаралық университетті салуға, мектеп пен ұлттық ғылыми қорды құруға жүздеген миллион доллар жұмсауға тиіс. Жеке меншік құрылымдар да осы көлемде ақша жұмсауға тиіс. \»Біз демеушілерден қаржы жинауға тиіспіз, әйтпегенде іс алға баспайды\», — деді Н. Назарбаев.

Меніңше, білім мен ғылымның ордасын салу мақсаты Астананың құрылысымен маңызы жағынан бірдей болуы қажет. Ондай көзқарас болмаған жағдайда бұл істі тіпті қолға алудың да қажеті жоқ\», — деп атап өтті президент.

Өз кезегінде республика үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ мемлекет басшысына қаратып айтқан сөзінде: \»Сіз бұны Астананың құрылысымен салыстырғандықтан, университет те, мектеп те, қор да ең жоғарғы деңгейде болуға тиіс\»,- деді.

Біз мектептің аты еліміздегі барлық дарынды жастарды қаршадайынан магниттей тартып тұруы үшін өз позициямызды қайтадан қарайтын боламыз\», — деді Кәрім Мәсімов.

Индустриялық-инновациялық даму жүзеге аса бастағаннан бері ғылымды дамыту шешуші мәселеге айналды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бүгін ғылым және ғылыми саясат жөніндегі кеңестің отырысы барысында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Серпінді индустриялық-инновациялық даму жүзеге аса бастағаннан бері ғылымды дамыту шешуші мәселеге айналды \», — деді президент.

Оның айтуынша, бүгінгі күні елімізде \»ғылымның дамуына жаңаша серпін беру қажет\». Қазақстандық бизнестің ғылымды дамытудағы рөлі зор, деді президент.

Біздің мақсат — ғылымның дамуына жаңаша серпін беру , ғылымға дұрыс бағыт-бағдар беру, Қазақстан бизнесін ғылыммен етене жақын ынтымақтасуға итермелеу\», — деді Н. Назарбаев.

Жеке меншік бизнес пен мемлекеттік компаниялар, заңға сәйкес, өз пайдасының белгілі бір бөлігін ғылыми жаңалықтарға бөлуге міндетті\», — деді президент.

Қазақстанда елдің технологиялық дамуын басқаратын жүйе жоқ. Бұл туралы президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бүгін ғылым және ғылыми саясат жөніндегі кеңестің отырысы барысында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Үкімет еліміздің ғылымы мен шетелдік инвесторлардың ықпалдастық жүйесін құрған жоқ, ал ондай жүйе шетелдік серіктестеріміз жүзеге асырып жатқан жобаларға тұрақты талдау жасап, бағалар еді\», — деді мемлекет басшысы.

Біз импорттық технологияларды ұдайы әкелеміз, бірақ білім қорын жинақтайтын база құрмаймыз және өз технологиямызды дамытуға септігімізді тигізбейміз\», — деді президент.

Осыған байланысты Елбасы үкіметке бірқатар тапсырмалар берді. Оның айтуынша, Қазақстанда министрліктерге отандық жаңашылдықтарды алға жылжытуға мүмкіндік беретін заң болуға тиіс. Н. Назарбаев жеке меншік компанияларды ұлттық технологияларды пайдалануға міндеттеу қажеттігін атап көрсетті.

Сонымен бірге мемлекет басшысы салалар, министрліктер мен ұлттық компанияларда технологиялардың енгізілуін қадағалау және инженерлік талдау жасау жөніндегі ғылыми-техникалық бөлімшелер құруды тапсырды. Сонымен қатар, ғылыми әлеуетті арттыра түсу қажетті жекелеген салаларда отандық Ғылыми-зерттеу институттары мен шетелдік серіктестер арасында кооперациялар болуы тиіс екендігі атап көрсетілді.

Бизнес, ғылым мен білімді үйлестіру жүйелерін қамтамасыз ету қажет, олар білім қорын жинақтау, ақпаратпен жедел алмасу, технологиялық шешімдерді жасап енгізуді қамтамасыз етуге тиіс\», — деді Н. Назарбаев.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.