«2 миллион 631 мың адамның мүддесін кім қорғайды?». «Сандық хабар тарату желісіне өту – басты меже». «Жетісу жеріндегі сапарында Кәрім Қажымқанұлы қалайша қазақша сөйлеп қалды?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 18 ақпан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Құлыбаевпен соттаспақшы газеттер моралдық шығын өтелсе райларынан қайтулары да ықтимал”. “Тимур ҚҰЛЫБАЕВтың арыз-шағымы бойынша Медеу аудандық сотының 1 ақпандағы қаулысымен тиражы тәркіленген оппозициялық “Свобода слова” және “Взгляд” газеттері материалдық және моралдық шығын талап етпек. Дегенмен де олар президенттің күйеу баласының істі сотқа дейін жеткізбеуге мүмкіндігі бар дейді…”.Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “2 миллион 631 мың адамның мүддесін кім қорғайды?”.

Бұл — еліміздегі өзін- өзі еңбекпен қамтамасыз етушілер деген категорияға жататын адамдар саны. Олар ертеңгі күні денсаулығы жарамсыз болып қалса, мемлекеттен еш жәрдем ала алмайды, сонымен қатар зейнет жасына жеткенде алатын зейнетақысы да болмайды. Яғни республикалық әлеуметтік жүйеден сырт қалғандар.

Елбасы 2006 жылғы халыққа Жолдауында “Ең жанды әлеуметтік саясат — тұрақты еңбекпен қамту мен барлық еңбек ресурстарының белсенділігін арттыру болып табылады және бола бермек” деген болатын. Жұмыс істеуге жарамды халықтың бәрін еңбекпен қамтамасыз етудің маңыздылығын осыдан-ақ білуге болады. Статистикалық агенттіктің биылғы қаңтардағы мәліметіне сүйенсек, республика бойынша 7,9 млн адам еңбекпен қамтылған. Өткен жылмен салыстырғанда, жұмысы бар адам 100,4 мыңға өсіпті. Бұл “Жол картасы” бағдарламасының нәтижесі болса керек. Жұмыссыздық өткен жылы 6,4 пайызды құраған. Еңбекке жарамды деген халықтың екі жарым миллионнан астамы өзін-өзі асырап, күнін көріп жатыр деп есептеледі.

Жалпы, статистика негізі, Үкіметке қажетті мәліметтерді ғана беретініне толық көз жеткен. Өйткені агенттіктің беретін мәліметтері өмірдегі нақты жағдайдың бетін аша алмайды. Мәліметтерде көрсетілген цифрларды сөйлететін болсақ, екі жарым миллион еңбекпен өзін-өзі қамтушылар тағдырының кермек дәмді ащы көрінісі ақтарылып шыға келер еді. Күнделікті наны мен шайын ғана қамтамасыз етіп, өлместің қамын жасап жүргендер, шынын айтқанда, бүгін мемлекет назарынан тыс қалып отыр. Олардың өздері де мына өмірде мемлекет тарапынан бір жәрдем бар шығар дегеннен мақұрым. Себебі теңізден шығып қалған қайық секілді олар сонау тоқсаныншы жылдар басындағы аласапыран кезінде қап арқалап, базар жағалап кеткендер мен солардың балалары. Базарға барып, күнделікті ас-суларын тауып жүргендер. Олар Салық кодексінің тәртібіне де, Кедендік кодекс ережелеріне де бағынбайды. Еш жерге салық та төлемейді. “Еңбек туралы” заң мен “Еңбекті қорғау туралы” заңдардың да олар үшін қажеті шамалы. Оларды кімнен қорғайсыз және кімдерді қорғау керек? Бұл басы ашық қалып отырған проблема. Ауырып қалса, еңбекке жарамсыз деген анықтаманың да қажеті шамалы, оны қайда апарып береді? Айналып келгенде, көкейге мына бір сұрақ орала береді: егер екі жарым миллионнан асаын адамымызды айналып өтетін болса, қабылданып жатқан заңдарымыздың қажеті қанша?…”. Авторы: Алма МҰХАМЕДЖАНОВА.

ANATILI.KZ. “Сандық хабар тарату желісіне өту – басты меже”. “Астанада “Радиобайланыс және сандық хабар таратудың жаңа технологияларын енгізу және дамыту – Қазақстанның телекоммуникациялық нарығын әрі қарай дамытудың негізі” тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жиынға Парламент Мәжілісінің “Жаңа Қазақстан” депутаттық тобының мүшелері, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің, шетелдердегі телекоммуникациялық компаниялардың өкілдері мен электр байланысы халықаралық одағының сарапшылары қатысты.

Аталған шараны Парламент Мәжілісінің “Жаңа Қазақстан” депутаттық тобы, Ақпараттандыру және байланыс агенттігі және “Арна Медиа” Ұлттық ақпараттық холдингі” акционерлік қоғамы ұйымдастырды. Сандық телерадиохабарлар тарату жүйесін ұйымдастырудың перспективасы мен ағымдағы міндеттері бойынша пікір алмасу да басқосу мақсаттарының бірі. Алқалы жиынның алғашқы күні жаңа технологияларды енгізу, соның ішінде 3G, 4G технологиялары, сандық телеарна және сандық хабар тарату стандарттары бойынша нарыққа салыстырмалы талдау жасау мәселелеріне арналды.

Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек ЕСЕКЕЕВтің айтуынша, радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы өткен жылдың желтоқсан айындағы кезекті отырысында республика аумағында сандық телехабар тарату мен радиобайланыстың жаңа технологияларын енгізу туралы бірқатар шешімдер қабылдаған. 3G буыны енгізілсе жаңа қызмет түрлері пайда болады. Мысалы, мобильді интернет, мобильді теледидар және жоғары жылдамдықпен мәлімет беру жүйелері. Оның үстіне ұялы байланыс жылдамдығын арттыру сапасы да жоғарыламақ…

Агенттік төрағасы жиынға қатысушыларды Электрлі байланыс халықаралық ұйымының шешіміне сәйкес, 2015 жылға дейін Қазақстан сандық хабар тарату желісіне қосылатынынан құлағдар етті. Қазақстанда сандық хабар тарату жүйесін енгізу мәселесіндегі бірден-бір шара 2010-2015 жылдарға арналған жаңа аумақтық-жиілік жоспарын құру болып отыр. Аталған жоспар бойынша агенттік жұмысын бірнеше кезеңде жүзеге асыруды көздейді. Алғашқы кезең, 2010-2011 жылдары сандық хабар тарату жүйесін енгізу кезінде еуропалық хабар тарату DVB және аудио және бейне сигналдарын қосу үшін MPEG-4 стандарттарын қолдана отырып, сандық хабар тарату жүйесінің аумақтық жиілік жоспары жасалмақ. Сонымен қатар, осы аумақтық жиілік жоспарына сүйене отырып, сандық хабар тарату желісі құрылысының жүйелік жобасы да жасалады. Екінші кезең, 2011-2012 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңде сандық хабар тарату желісін тәжірибеге енгізу үшін қанатқақты өңірлер белгіленбек. Ал үшінші кезең, 2012 жылы сандық хабар тарату желісінің құрылысы басталып, 2015 жылы аяқталады…”. Авторы: Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “MADE in KAZAKHSTAN-ды қашан киеміз?”. “Аяқкиім нарығы туралы әңгіме туа қалғанда, ауызды қу шөппен сүртуге тура келетіні рас. Әсіресе отандық өнім тұрғысында, ауыздың буылатыны да осы тұс. Бүгінде жұрт жалаңаяқ жүрген жоқ. Бірақ табалдырығымызда сырттан әкелінетін “топылидың” тайраңдап жүргені ақиқат. Қаншама қаржының Қазақстанның қамбасына емес, өзге елдің экономикасына жұмыс істейтініне қынжылмасқа шара жоқ.

90-жылдарға дейін еліміздегі 11 аяқкиім фабрикасы жылына 50 миллион дана өнім шығарып, сіз бен біздің жалаңаяқ қалмауымызды қамдастырған-тын. Халықты сапалы аяқкиіммен қамтамасыз еткен фабриканың бүгінде бесеуі-ақ қалған. Алтауы өз арбасын өрге сүйреуге шамасы жетпей, металлоломға айналып тынды. Оған нарық деген қыспақтың да аз үлес қоспағаны белгілі. Кезінде көпшілікке арнап, төзімді де талапқа сай келетін аяқкиім шығарып келген фабрикалардың бүгінде мемлекеттік тапсырысқа күні түсіп отыр. Олардың еркін саудаға өнім шығаруға жүректері дауаламайды. Себебі түсінікті де…

Алғашында балалар аяқкиімін шығарып бастаған ақтаулық “Ақбөбек” акционерлік қоғамы бүгінде тек тапсырыспен ғана жұмыс істейді. Аяқкиімге арналған таза былғарыны Ресейден сатып алады екен. Шығарған өнімдерін құрылысшыларға, мұнайшыларға сатады. Алматыдағы “Жетісу” фабрикасы кезінде атағы алысқа кеткен алыптардың бірі болатын…

Басқа әріптестерінің басына түскен жағдай оларды да айналып өте алмапты. Тендерге телміріп отырғандары. Банкроттықтан да сескеніп отырған жайы бар. Бүгінде Алматыда үш аяқкиім фабрикасы бар. Олар жылына 67 мың жұп аяқкиім шығарумен ғана шектеледі…

Қалай айтсақ та, отандық өнеркәсіпшілердің өшіп қалмай, өлмелі күй кешіп келе жатқандығы – жыл сайын өткізілетін тендерлердің арқасы. Осы құтқарушы күш бұл саланы жайқалтып жібермесе де, тамырына тиген тамшыдай болып сүйреп келеді, әйтеуір. Қазір аяқкиім нарығында бәсекелестік туралы айтуға да ұят. Себебі қытайлық баға бет қаратпайды…

Осы ретте, Жамбыл былғары аяқкиім комбинатын тиімді пайдаланатын кез келген сияқты. Уақытында осы кәсіпорында 6 мыңнан аса адам жұмыс істейтін. Еліміздің бюджетінің бүйірін толтыруға қомақты үлес қосқан осы комбинат кезінде шетелдіктердің де сұранысын қанағаттандыратын-ды. Оның тері илейтін, аяқкиім тігетін машиналары дайын тұр. Оған инвесторлар тартуға әбден болады-ақ. Тек көзін таба білетін білікті маман болса болғаны. Бүкіл елімізді етікпен қамтамасыз етпесе де, аз да болса өнім өндіріп, отандық тауарлар легінің қатарын толтырып отырса, үлкен істің шағын қадамдардан басталатынының дәлелі болар еді…”. Авторы: Гүлжан КӨШЕРОВА.

ZAMANDAS.KZ. “Премьер қалай қазақша сөйледі?”. “Өткен аптада “Қажымқанұлы қазақша сөйледі” деп қуандық. Санымызды шапаттап, жас балаша мәз болдық. Бас уәзір Алматы облысына сапарында ЖАНСҮГІРОВтың жырын жатқа оқыды. “Ойпырм-ай” дестік…

Жетісу жеріндегі сапарында Кәрім Қажымқанұлы қалайша қазақша сөйлеп қалды? Жұрт қуанып жатқанда, біз осыған таң қалдық. Ұзынқұлақтан жеткен ақпарат бойынша, былай екен. Мәсімов мырзаның биік мінберден тұрғанын теледидардан көрдік. “Жұмырбасты пенделер” жерде тұрды. Халық премьердің аузына қарап тамсанып тұрғанда, премьер халықтың арқа тұсына ілінген қос тақтаға кезек-кезек қарапты. Неге? Өйткені сол тақтада бас уәзірдің сөзі жылт-жылт етіп жазылып тұрған. Міне, МӘСІМОВтың қазақша сөйлеуінің сыры осы тұста ашылды. Жарайды. Бір кездері Ертісбаев та өзі сөйлейтін сөздерді үлкен әріптермен тергізіп, қолтығына қысып жүретін. Көмекшілері сол сөздерді камераның сыртында көтеріп, ауыстырып тұратын. Солайша, сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі қазақша сайрап кеткен. Мейлі. Біздің айтпағымыз басқа…

Осы сапарда Кәрім Мәсімовтің тілінен “халқымызға тәуелсіз мемлекет құру бақыты бұйырды”, “ата-бабамыз аңсап өткен азаттық”, “біз туған жерін қастерлеп, сүйіп өскен халықпыз”, “біз атаның емес, халықтың баласы, еліміздің азаматы болуға тиіспіз” деген сияқты тәтті сөздер үйіріліп түсіп жатты. Біртүрлі барақаттанып қалады екенсің. Бірақ бас уәзірдің осы баяндамасында бірде-бір рет “қазақ” деген жалғыз ауыз сөздің болмағаны, әртүрлі ойға жетелейтіні қалай?..”, — деп өз пікірін білдіреді Кене САРЫ.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ