«Жаңаөзенге үкімет делегациясы жеткенше, ереуілдегі бір мұнайшының демі үзіліп кетті». «…Білім ордасының директоры халықты жарыққа емес, рушылдықтың тас түнегіне тартып жүр екен». «Каспийдің байлығы – итбалық құрудың аз-ақ алдында тұр»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 19 наурыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Жаңаөзенге үкімет делегациясы жеткенше, ереуілдегі бір мұнайшының демі үзіліп кетті”. “…Наурыздың 18 күні Жаңаөзендегі мұнайшылар арасына ерекше қобалжу басталды. Өйткені, оларға Ақтаудағы облыстық әкімшіліктен жеткен ақпарға сәйкес көптен күткен лауазымды делегацияның келетіндігі мәлім болған. Сол себепті Жаңаөзен қаласындағы жұмысшыларды таситын автобекетте тұрғандардың қатарына таң атпастан келіп жиналушылар саны арта түсті деп хабарлады ереуілдеушілер Азаттық тілшісіне.

– Келеді деген делегацияны күте-күте тағаттары таусылған жұмысшылардың жүйкелері де жұқара бастаған еді. Бір кезде сағат 16.00 шамасында ортамызда тұрған “Өзенмұнай” кәсіпорынның электригі Өтеміс ОМАРОВ деген жігіт кенеттен құлап түсті. Жұмыс күні болсада қасымыздағы медпунктте жедел көмек көрсететін жан табылмады. Артынан жүгіріп келген медбике қыздың дәрігерлік қобдишасында тіпті ауруға керекті дәрі-дәрмек те боллмай шықты. Өтеміс есінен танған күйі, жедел жәрдем келгенше жарты сағаттай көмексіз жатып қалды, – дейді мұнайшы Естай ҚАРАШАЕВ.

Оның айтуынша 58 жасар Өтеміс Омаров қан қысымы көтеріліп, сол арада жан тәсілім еткен. Бірақ онсыз да ширығып тұрған халықтың ызасынан сескенген бірнеше жұмысшы кісі өлімін жұртшылыққа бірден жария етпеген. Артынан Өтеген Омаров қалалық аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды деген ресми ақпар таратылған…

Естеріңізге сала кетсек, Жаңаөзендегі “Өзенмұнайгаз” өндірістік филиалы жұмысшыларының ереуілі наурыздың 4-інен басталған. Ал одан бұрын наурыздың 1 және 2-сі күндері олар өздерінің наразылықтарын білдіріп, жұмысты бір сағатқа тоқтатқан”.

AIKYN.KZ. Атың шықпаса, немерең мектеп директоры болсын!”. “Қошқар-Ата ауылының азаматтарынан маза кеткелі қашан?.. “Даудың басы — Дайрабайдың көк сиырынан” емес, елді мекеннің атын өзгертуден шыққан. Ауылдағы ағайын не істесін? Аудан, облыс орталығынан қайыр болмағасын, бәрін қойып, Астанаға арызданған. 48 адамның қолы бар үшбу хаттың авторлары — Шымкенттен 200 шақырым қашықтықта жатқан Қошқар-Ата ауылының тұрғындары. Оңтүстікті бетке алуымыздың себебі де осы еді.

Арыз иелерінің айтуынша, шақшам деген ру ауылды билеп-төстеуге айналған. Нәпақа табуға болатын қоңды қызметтердің барлығына сол “таңдаулы елдің” өкілдері жайғасыпты. Рулық кемсітушілікке ұшырағандардың бірі Лайша БЕКБОСЫНОВА: “Осы кезге дейін ауылдың ауызбірлігі бұзылмасын, келешекте балаларымыз араздасып, ат құйрығын үзісіп кетпесін деумен бәріне шыдап келдік. Енді “Шақшамдар отырысы” дегенді шығарып алды. Той-жиын болса, “Шақшамизм жасасын!” деп, тост көтеретін болды. Тіпті ел-жұрттан ұят екен..” деді ренішін жасырмай. Қызды-қыздымен ауылдағы кейбір атқамінерлер соңғы кезде ауылдың атын “Шақшам” деп өзгерту керек деп желдей есіпті. Шақшам еместердің шыдамдарының таусылған тұсы да осы болыпты. Мұның бәрін бос сөз деп, жылы жауып қоя салуға да болушы еді. Бірақ ауылдағы шенділердің мына қылығын айналып өте алмадық. Ауылдың атына “құда түсіп” жүргендердің бірі дәл сол шақшам руының тағы бір құрметті өкілдерінің бірі, әрі мектеп директоры Бауыржан ӘДІЛАЕВ боп шықты. Ол күлбілтелемей, “ауылдың да, мектептің де атына басқаның емес, менің атамның, яғни Әділайдың атын беріңдер” деп, кесіп айтқан. Тіпті белсенділерін ел ішіне жіберіп, қол жинатуға да бел шеше кірісіпті. Бұл пікірді Қошқар-Ата ауылындағы 3 мектептің бірі, Кеңсай мектебінің қызметкері Күмісбек ӨЗБЕКОВ та қуаттап отыр. Айтуынша, білім ордасының қызметкерлері үй-үйді аралап, ауылдың атын “Әділай” деп өзгертуге қарсы емеспін деген қол жинапты.

Сөйтсек, білім ордасының директоры халықты жарыққа емес, рушылдықтың тас түнегіне тартып жүр екен. Бұл бағыттағы “еңбегі” жеміссіз де емес сияқты. Ауылдың қақ ортасындағы бір көшеге Әділай атасының атын бергізіп те қойыпты. Мектеп директорының бұл әрекеті жетпістің екеуіне шыққан батыр ана Бекзада БОЖБАНОВАның шамына қатты тиген сыңайлы. “Мектепке де, ауылға да Әділайдың атын беру дұрыс емес қой. Біздің ауыл Қошқар-Атаның жатқан жері, дуалы әрі аруақты жер. Әрқайсымыз келіп, “ауылға атамыздың атын бер” дей берсек, не болады?” деді ол. Руға бөлініп, тоң-теріс жүргендердің араздығы соңғы кезде тіпті ушыға түскен…

Қошқар-Ата ауылынан шу шыққаны бір бұл емес. Өткен жылдың жазында мұнда екі қабатты аурухана ғимараты бұзылып, ол белгісіз біреулердің құлқынынан өтіп кеткенде де әкім “Мен ештеңе білмеймін” деп құтылған…

Бұл ретте, ауыл әкімі бар мәселеге қатысты “Мен ештеңе білмеймін” деуден басқа жарытып жауап бере алмады. Тек “Зейнетке шығуыма санаулы күндер қалды, осы абыроймен кетейін” деумен болды. Ал аудан әкімі Садық КЕНЖЕБАЕВ Қошқар-Ата ауылының әкімі “Бейсен ЖАРҚЫНБАЕВтың руы шақшам екенін сіздерден бірінші рет естіп отырмын” деп құтылды. Бір қызығы, елді мекенге біз барып кеткеннен кейін, Астанаға тағы бір топ адамның қолы қойылған хат келді. Бұл жолғы арыздың мағынасы өзгеше, қол қойғандардың саны да анағұрлым көп — 70 адам. Сонда ауыл азаматтарының қолдарына қалам алып, арыз-шағым жазудан басқа тірлігі қалмағаны ғой… Ел ішінде жік шықпаса, бұл неғылған дүрбелең болды сонда?”. Авторы: Нұрбол ҚАПЕШОВ, “Нұр Отан” ХДП жанындағы Жемқорлыққа қарсы медиа-орталық редакторы.

Абай ауылын су басты”. “Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылының басындағы бөгеттен асқан жаңбыр мен еріген қардың суы 60 шақты тұрғын үйді басып қалды, екі жүздей адам қауіпсіз жерге шығарылды. Зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға 13 техника мен 80 адам күші жұмылдырылды, деп хабарлады Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктен.

Көктем келіп сәл жылы леп ескені сол еді, қыс бойы жауған қардың қалың қабаты нығыздалып, еріген су сай салаға жинала бастады. Сәрсенбі күні Қарауыл ауылының көшелері әп-сәтте суға толды. Қарауылдың оңтүстігіндегі қыштан бөгеп жасаған су қоймасына толған қар суы арнасынан асып төмендегі ауылға жайылған. Екі ай бойы түтеген боран мен қырық градустық аяздан енді құтылдық па дегенде, тұрғын үйлер мен қора-қопсыларды топан су басу қаупі төнді. Қыс бойы қалың қардың астында қымтанып жатқан ауылға көктемнің алғашқы шуағы осылайша “айқайлап” келді.

Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктегі Күштерді және құралдарды дайындау басқармасының бастығы полковник Константин ЕВТУШЕНКОның айтуынша, қазір топан судың арыны басылған, бірақ күннің көзі күрт жылынып кеткен жағдайда Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар елді мекендерді су басу қаупі бар. Министрлік барлық күшті шығысқа жұмылдырып жатыр. Республикадағы 14 облыстан жедел-құтқару отрядтары бір-екі күнде Өскеменге жиналып, сол жерден аудандарға бөлінеді….

Бұл күндері Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарында қатты жауын-шашын болып, қардың еруіне байланысты таудан ағатын өзендердің арнасы көтеріліп, су тасқыны болуы мүмкін деп ескертеді”.

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: “Қазақ ауа райын болжау” мекемесі солтүстік облыстарда ауа райының бұзылуына байланысты ескерту жасады. “Бүгін Ақмола, Қарағанды облыстарында қар жауып, боран тұрады. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін, кей жерлерде 25 метрге дейін жетеді”, — деп хабарлады синоптиктер. Қазір Қарағанды облысының Шет ауданында Екатеринбург — Алматы жолының 949 бен 873 шақырым аралығында қар құрсауында қалған 300-ге жуық көлік кептеліп тұр. Құтқару жұмыстары жүргізілуде”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

EGEMEN.KZ. “Жерді тиімді пайдалану – еңбек өнімділігін арттырудың басты шарты”. “Елбасы ағымдағы жылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында, алдағы онжылдықта ел дамуына бағытталған жаңа міндеттерді айқындап берді…

..Қазіргі кезде республикамыздағы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлердің жалпы көлемі 91, 7 млн. га, оның ішінде егістік жерлер – 22,5 млн. га. Бұл ретте, егістік жерлердің 70 пайызы Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында шоғырланған. Сонымен қатар, республика бойынша 2,1 млн. га суармалы жер бар, оның ішінде 1,4 млн. гектары егістік жер және ол негізінен (80%) Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

Дегенмен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2008 жылы суармалы жерлердің 37%-ы пайдаланылмаған…

Сонымен қатар, жер құнарлылығын төмендетуге байланысты көрсеткіштер Үкімет бекітетін жерді тиімді пайдаланудың тәртібі құрамында белгіленетін болады. Жер құнарлылығы көрсеткіштерін анықтау және оларға мониторинг жүргізу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында болып келген “Республикалық агрохимия қызметінің ғылыми методикалық орталығы” мемлекеттік мекемесі Үкімет қаулысымен Жер ресурстарын басқару агенттігі құрамына берілді.

Келесі шара – ауыл шаруашылығына субсидиялар беруді жүйелендіру. Аталған мәселе бойынша мемлекет саясатының мәні, ол ауыл шаруашылық субъектілеріне берілетін субсидияларды озық технологиялар мен сапалы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін және жер ресурстарын тиімді пайдаланатын субъектілерге басымдылық ретінде беруді жүйелендіру болып табылады.

Соңғысы – жер пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау. Мемлекеттің басты әкімшілік функцияларына жататын мемлекеттік бақылаудың негізгі мақсаты жер пайдалануда заңдылықтардың сақталуын бақылау болып табылады. Аталған функцияны агенттіктің өңіраралық жер инспекциялары атқарады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, агенттіктің жер инспекциялары көлемі 1,3 млн. га жерде 9 мыңнан аса пайдаланылмайтын жер учаскелерін анықады. Сонымен қатар, көлемі 2,04 млн. га болатын 3,4 мың жер учаскелері иесіз учаскелер ретінде есепке қойылды…”. Авторы: Өмірзақ ӨЗІБЕКОВ, Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы.

TURKYSTAN.KZ. “Наурыз келдi, құт-береке әкелсiн, ағайын!”. “Наурыз келдi, құт-береке әкелсiн, ағайын! Биылғы Наурыздың «сүйiншiсi» де бар — ендi Ұлыстың ұлы мейрамын бүкiл әлем тойлайтын болды. БҰҰ Бас ассамблеясы Наурызды халықаралық мереке ретiнде қабылдап, оны 21-наурызға бекiттi. «Наурыз – халықаралық мерекесi» атты қарарды ақпан айында Ауғанстан, Әзiрбайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан, Түркия, Түркiменстан, Албания, Македония және Үндiстан елдерiнiң өкiлдерi ұсынған болатын. Күн мен түн теңелетiн күннiң айшықтығын барлық халықтар тойлап, Наурыз көжеге қоса қазақтың қымызы мен шұбатын, бауырсағын қоса насихаттайтын күн туды!

Наурыз — қазаққа ұлттық салт-дәстүрдi қайта жаңғыртуымен қымбат. Сондықтан да Наурыздың насихаты сонау көне замандардан жеткен ата-баба мұрасын қастерлеуден кем түспеуi керек. Ұлттық мұраны жаңғыртуда, ұлттық мүдденi қозғауда, ұлттық мәселелердi айтуда «Түркiстан» газетiнiң өз оқырмандарына Наурыздағы «сүйiншiсi» бар, ол — «Тайқазан» арнаулы қосымшасы…”.

Наурыз – жаңару мен жасару мейрамы”. “АСТАНАЛЫҚ «ЕЛ» КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ МӘЛIМДЕМЕСI. … Коалиция жаңаша мерекелеу нұсқаларын таратуды қолға алып отыр. Ұлыстың ұлы күнiн заманға сай рәсiмдермен байыту мақсатымен халқымыздың әдет-ғұрпы мен танымына негiзделген нышандар мен атрибуттар жасақталды. Наурызды жанұяда, ұжымда, орынжайда, алаңда және шеру түрiнде өткiзуге арналған бұл нұсқалар мүдделi азаматтар мен мекемелерге тегiн таратылады. Наурызды мерекелеу салтанатын кеңiте және тереңдете түсу үшiн, сондай-ақ, халықтық деңгейде мерекеленiп келген дәстүрге ресми мән бере тұсу жолында, Наурыз мейрамын 14-наурызда – Жаңа жылмен көрiсу салтынан бастауды ұсынамыз. Сонымен бiрге, бейресми түрде Наурыз мейрамын 13-23 наурыз аралығында мерекелеудi дәстүрге айналдыруға шақырамыз. Қазiргi кезде коалиция бiрнеше сценарий әзiрлеп, бiлiм беру мен денсаулық сақтау мекемелерiне тегiн таратуға әзiр. Сценарийлер жинағы кiтап түрiнде әзiрлену үстiнде. Коалицияға өз әлеуеттерiмен үлестерiн қосуға әзiр кез келген ұйымдар мен фирмаларға бiрiге әрекет етуге дайын екенiмiздi жариялаймыз.…”.

Ұлт мүддесiне құрметпен: «Ұлт тағдыры – Астана» қоғамдық бiрлестiгi, Астана қаласы; «Алаш Аманаты» қоғамдық бiрлестiгi, Астана қаласы; «Қазақ тiлi мен әдебиетi мұғалiмдерiнiң қауымдастығы», Астана қаласы; «ДемОрда» қоғамдық қоры, Астана қаласы.

ALASHAINASY.KZ. “Каспийдің байлығы – итбалық құрудың аз-ақ алдында тұр”. “Еліміздегі қарт теңіз Каспийдің баға жетпес байлығының бірі – итбалықтар жойылудың аз-ақ алдында тұрған сыңайлы. Осыдан жиырма жылдай бұрын ғана қойнауында 1 млн-ға жуық тюлень ойқастаған Қаспийде бүгінгі таңда 8 мыңға жуық қана итбалық қалған. Осылайша, құлқынының құлына айналғандардың кесірінен көзі мөлдіреген су жануарының жалпы саны 90 пайызға кеміп кеткен.

Бұл – Каспийдің қызығын көріп отырған 5 елдің (Қазақстан, Түркіменстан, Иран, Әзірбайжан, Ресей) сарапшылары Астанада Каспий итбалықтары үшін ерекше қорғалатын аймақ құру жөніндегі өңірлік кездесу өткізіп, жоғалып бара жатқан осы бір жануарлардың жағдайын айтып, көтерген дабылдарының бір үзігі ғана…”. Авторы: Бүркіт НҰРАСЫЛ.

USHKIYAN.KZ. “Алушы әрдайым дұрыс па?”. “Қазіргі нарық заманында тұтынушылардың құқын қорғау – мемлекеттік саясаттың басты бөліктерінің бірі. Өйткені тұтынушыға қарап, ел экономикасы туралы сөз қозғауға болады. Оған қоса, кез-келген адам тамақ ішіп, киім киеді, телефонмен сөйлеседі, яғни ол – тұтынушы. Сондықтан тұтынушы мәселесі баршаға ортақ…

Сонымен қарапайым адам өзiнiң тұтынушылық құқығы бұзылған жағдайда ең алдымен не істеуі керек? Сотқа жүгірмес бұрын сатушыға не қызмет көрсетушіге жазбаша түрде шағым түсірген жөн. Арыз қанағаттандырылмаса, сотқа жүгінетінін ескерткен ләзім. Егер тұтынушының талабы орындалмаса, құқығын сот арқылы қорғай алады. Сонымен қатар, тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамына өтініш бере алады. Алайда қолында заттың кепiлдемелiк мерзiмi көрсетiлген талоны мен түбіртегі болуы тиіс. Ал, киiм сатып алса, сол маусым аяқталмай тұрып шағымдануы тиіс. Егер тауар тұтынушының кінәсінен бұзылса, сынса өндірушінің пайдасына шешіледі. Ең дұрысы – уақыт оздырмау”. Авторы: Камшат ӘБДІРАЙЫМ.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 19 наурыз. Kazakhstan Today — АБЛЯЗОВтың мәлімдемелеріндегі бір де дерек расталған жоқ. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

«Аблязовтың мәлімдемелеріндегі бір де дерек расталған жоқ деп айта аламын. Сол себепті қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданды»,- деді Қ.Қожамжаров.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстанның Бас прокуратурасы «Самұрық — Қазына» ҰӘАҚ АҚ басқармалары төрағасының орынбасары Тимур ҚҰЛЫБАЕВқа қатысты М. Аблязовтың мәлімдемелерін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне (қаржы полициясы) жіберді.

«Иә, біз бұл мәлімдемелерді қабылдадық. Олар ақпанның 8 мен 15 күндерімен белгіленген мәлімдемелер. Біріншісі сияқты, бұл мәлімдемелер де қаржы полициясына жіберілді. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бұған дейін басталған тергеу алдындағы тексерістер аясында қарастырып жатыр», — деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет СҮЙІНДІКОВ.

Еске сала кетейік, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігі (Қаржы полициясы) Мұхтар Аблязовтың «Самұрық — Қазына» ҰӘАҚ АҚ басқармалары төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевқа қатысты мәлімдемесін тергеу алдындағы тексеруден өткізуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today қаржы полициясының баспасөз орталығына сілтеме жасап.

«Мұхтар Аблязовтың «ҚазМұнайгаз» ҰК АҚ мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ компанияларының жекелеген активтеріне қатысты сауда-саттықтардың заңсыздығы туралы мәлімдемесі ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінде заңмен белгіленген тәртіп бойынша тіркелген және қазіргі қолданыстағы қылмыстық-процессуалдық заңнамаға сәйкес оған қатысты тексеру жүргізілуде», — деп хабарлайды баспасөз орталығындағылар.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ