AZATTYQ.ORG. “Қазақ парламентінің алды әлеуметтік наразылық алаңына айналып барады”. “…Алматының Бақай ауданы тұрғындарының оншақты өкілі сәрсенбі күні Астанадағы Парламент үйінің алдына жиналып, үйлері мен жерлерін заңдастыру мәселесі шешілмесе, Бақайда Шаңырақтағыдай әлеуметтік қақтығыс болады деп ескертті. Олар Бақайдағы жер телімдерін заңдастырудың әділдікпен шешілуіне депутаттардың араласуын талап етті.
Ресми өтініш алып келген тұрғындардың айтуынша, Бақайда әкімдердің жемқорлығы кесірінен жерлерді заңдастыру үдерісі барысында жер телімдері бұрыннан тұрып келе жатқандарға емес, өзге біреулерге, әлде “бара бергенге емес, пара бергенге” сатылып жатыр…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.
“Әбдірахманов Назарбаевтан билікті қайтаруды, Жәкішев пен Қажыгелдинді ақтауды сұрайды”. “…Әділет” саяси партиясы төрағасының орынбасары, бұрынғы депутат Серік ӘБДІРАХМАНОВтың президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВқа жазған хатының мәтіні сәрсенбі күні интернетте жарияланды.
Атап айтқанда Әбдірахманов “Үкімет ашықтан-ашық олигархтардың мүддесіне қызмет етеді. Олар тағайындайтын сот “телефондық құқықтың” желісіне, ал күш құрылымдары олардың сойылына айналды. Маңызды шешімдер сырттай қабылданады. Осындай саясат сарай ішіндегі тартыстарға орын берді” деп жазады.
Автор Қазақстан халқының негізгі бөлігі кедейлер, жұмыссыздық жаппай етек алды, шағын және орта бизнес тұншықтырылды деп есептейді. Әбдірахманов миллиардтаған қаражат бөлінген “Жол картасы”, “Ауыл жылы” бағдарламаларын сынап, “сыбайласқан жемқорлықпен күрес пайдалы бизнеске айналды” деп атап көрсетті. Әрі қарай Әбдірахманов Қазақстан президентінің жеке басына да тоқталып өткен. “Жұрт арасында “Назарбаев биліктен кетеді” деген әңгімелер айтылып жүр. Халық үреймен “мұрагерлер” туралы да сөз етеді. Демократиялық дәстүрі бар қоғам үшін мұндай әңгімелер қорқынышты емес.
Бірақ бізде өздерін “құдайдан артық санайтын” шенеуніктер азаматтық дауыс беру құқығынан айырып тастады. Тіпті, сіздің жеңіске жетуге мүмкіндігіңіз әлдеқайда көп болған президент сайлауын да олар жасанды үміткерлер және советтік дауыс санау әдісі арқылы былыққа айналдырды” деп сынады бұрынғы депутат.
ҮШ ҰСЫНЫС. Серік Әбдірахманов биліктің өзі байқаған кемшіліктерін тізбектей келе, президент Назарбаевқа бірқатар ұсыныстар жасаған. “Парламенттің қос палатасына, одан соң мәслихаттарға әділ демократиялық сайлаулар өткізу арқылы халыққа билікті қайтару керек”. Әбдірахмановтың пікірінше, “әділ демократиялық сайлаулар заңдар мен Конституцияның жоғалған құзырын қайта қалпына келтіреді”.
“Судьяларды таңдау әдісіне негізделген, судьялардың тәуелсіздігіне кепіл болатын, судьялар және сот жүйесі туралы жаңа заң қабылдау қажет. Адам еркіндігі мен құқығын осы жолмен ғана сақтауға болады” деп есептейді “Әділет” партиясы төрағасының орынбасары.
Үшінші ұсынысында Әбдірахманов саяси астармен сотталған қоғам қайраткерлері мен журналистерге амнистия жариялануын сұрап отыр. Оның пікірінше, “Қазатомпром” ұлттық атом компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар ЖӘКІШЕВке қатысты “қатаң шара қолдану дұрыс емес”, ал Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИН – басқа да әріптестерімен салыстырғанда “ең күнәһар саясаткер емес”…”, — деп белгіледі Талғат ДҮЙСЕНБЕК.
AIKYN.KZ. “Тасқынға қарсы тосқауыл”. “Зардап шеккендерге көмек. Тарбағатай ауданындағы су астында қалған Жәнтікей, Көкжыра, Көктүбек ауылдарында зардап шеккен ауыл адамдарына көмек көрсету мақсатында облыстың барлық мекемелері, ірі өндіріс орындары, шағын және орта бизнес өкілдері, жоғары оқу орындары мен мектеп, лицей ұжымдары бір кісідей жұмылып, көмек көрсетуде. Шалғайдағы Тарбағатай ауданында қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, осы ауданда белең алған тасқынға тосқауыл қою, төтенше жағдайды жедел бақылау, топан судан зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсету мақсатында облыста арнайы штаб құрылған.
Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВтың тікелей басқаруымен қазірде Тарбағатай, Зайсан, Үржар, Күршім, Аягөз, Абай аудандары мен Риддер қаласында арнайы құрылған комиссия жұмыс істеуде. Комиссияның негізгі мақсаты — тасқын судан болған шығынды анықтау, зардап шеккен әрбір отбасы мүшесімен жеке әңгіме өткізу, қираған баспана, қора, дүние-мүліктер мен ғимараттарды қайтадан жасақтауға байланысты жұмыстарды тез арада қолға алу үшін атқарылатын шаруаларды анықтау…”. Авторы: Мира БЕРІКБОЛОВА..
“Табиғат апатына немқұрайды қарауға болмайды”. “Шығыс Қазақстан облысында қазір өте күрделі жағдай орын алуда. Бізге жеткен мәліметтерге сүйенсек, 30 мың адам баспанасыз қалыпты. Бірақ нақты деректер жоқ. Шығыста өткен қыстың сынағы өте ауыр болды. Аязды күндер шарықтап, 40-50 градусқа төмендеді. Сонымен қатар қар да көп жауып, кейбір жерлерде 4-5 метрге жеткен. Енді, міне, мол түскен қар еріп, үлкен тасқындарға айналып, елді мекендерді су алып жатыр. Жолдарды су шайып кетті. Ауылдардың ауданмен, облыс орталығымен байланысы үзіліп қалып отыр. Шығыс Қазақстандағы басты проблеманың бірі — жол жоқ.…”. Авторы: Тито СЫЗДЫҚОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты.
ALASHAINASY.KZ. “Күлкі күні қалай пайда болған?”. “…Деректерге жүгінер болсақ, күлкі күнін тойлау алғаш Франциядан бастау алған деседі. Ежелгі римдіктер “ақымақтар мерекесін”17 ақпанда атап өткен болса, наурыздың 31-інде “қалжыңдау салты” Шығыс Үндістанда ежелден етек алған екен. Ал Ресейдің Петербор қаласының тұрғындары бірде әдетте өрт шыққанда ұрылатын қатты дабылдан оянады. Әбігерге түскен халық өрт ошағын көре алмайды. Сөйтсе, бұл әзілкештердің ойыны екен. Бұл оқиға 1 сәуір күні орын алған. Сол кезден бастап бұл ойын халық қолдауына ие болып, күлкі күніне айналады. Күлкі күнінің аталуы мен ерекшелігіне келер болсақ, Франция, Англия, Америкада бұл – ақымақтар күні, Испанияда – дөкірлер, Үндістанда – тоқылдақ, Жапонияда – қуыршақтар, Шотландияда тепкі күні деп аталады екен…”.
ZHASALASH.KZ. “Бiз өзгерiстi қалаймыз!”. “11 сәуiрге жоспарланған алғашқы жалпыұлттық жастар митингiсiнiң уақыты жақындаған сайын қоғамда ол жөнiндегi талқылаулар қызып келедi. Аталмыш жиын жөнiнде қалыптасқан пiкiрлер де әр алуан. Жастардың, зиялы қауым өкiлдерiнiң, саяси партиялар мен қоғам қайраткерлерiнiң көпшiлiгi жастарды қолдап пiкiр бiлдiруде. Митинг ұйымдастырушыларын саяси күштердiң ойыншығы ретiнде ғана көрсеткiсi келiп жүргендер де жоқ емес. Сондықтан, мәселенiң мән-жайын сол жиынның ұйымдастыру iсiмен айналысып, басы-қасында жүрген жастардың өздерiнен сұрап көрудi жөн көрдiк…”. Авторы: Инга ИМАНБАЙ.
“Дәрiгерлер ереуiлге шықты”. “Сейсенбi күнi Алматыдағы терi-венерология ғылыми-зерттеу институтының бiр топ дәрiгерлерi ереуiлге шықты. Олар аурухана маңындағы Жангелдин көшесiндегi көлiк қозғалысын жарты сағаттан астам уақытқа тоқтатып, сол арқылы өздерiнiң жұмыс орындарына қатысты Денсаулық сақтау министрлiгiнiң ұйғарымына наразылық бiлдiрдi. Полиция қызметкерлерi екi автобус жасақтың көмегiмен жолды ашып, ерекше белсендi үш медбикенiң қолын қайырып, қамауға алды.
Өзiнiң сексен жылдық мерейтойы қарсаңында бұл институт өз жұмысын тоқтатты. Денсаулық сақтау министрлiгi институтты ғылыми-зерттеу орталығы мәртебесiнен айырып, оны С.Асфендияров атындағы қазақ Ұлттық медициналық университетiнiң меншiгiне бермекшi. Министрлiк өз шешiмiн мекеменiң ғимаратын күрделi жөндеуден өткiзуге қаражаттың жоқтығымен түсiндiредi. Терi-венерология ғылыми-зерттеу институты өз жұмысын орталықтың бұрынғы директоры Талғат МУМИНОВтiң шешiмiмен 19 ақпаннан бастап тоқтатып, 240 адамнан тұратын мекеме қызметкерлерi мерзiмсiз демалысқа шығарылған. Т.Муминов мұндай шешiмдi өткен жылдың 26 қарашасында қабылданған Алматы қаласы ауданаралық арнайы экономикалық сотының қаулысынан кейiн қабылдауға мәжбүр болған. Сот институт ғимаратының өрт-қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтiнiн айтып, күрделi жөндеуден өткенше жабу жөнiнде шешiм қабылдаған.
Дәрiгерлердiң айтуынша, министрлiк институтты ғылыми-зерттеу орталығы мәртебесiнен айыру үшiн ғимараттың жөндеу жұмыстарына әдейi қаражат бөлмей отыр. Министрлiкте жоқ қаржы университетте қайдан болсын?! “Жөндеу жұмыстарына қаражат үш жылдан берi бөлiнбей келедi. Министрлiк адамдары 2007 жылы арнайы келiп, ғимараттың қандай күйде екенiн көрiп кеткен болатын. Сол кезде-ақ олардың институтты тартып алғысы келетiнi жөнiнде қауесет тараған. Ендi сол сөз расталды. Олар осындай шешiмге келу үшiн үш жылдан берi қаржыны әдейi бөлмей отырған”, – дейдi наразылық бiлдiрушiлер…”. Авторы: Инга ИМАНБАЙ.
ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Aудандардағы ахуал әлі де ауыр”. “Ауа райын болжаушы мамандар наурыздың соңы мен сәуірдің басында ауаның температурасы -15-20 градусқа дейін төмендейді деген жорамал жасап отыр. Осыған байланысты облыста әзірге су басқан елді-мекендер тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта баспанасын су шайып қауіпсіз жерге көшірілген 8763 адамның, 3855 өз үйлеріне оралды. Нөпір су мен аштықтан қырылған мал басы күн санап көбейіп келеді. Шығыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы департаментінің соңғы мәліметі бойынша аудандарда ауа райының қолайсыздығынан осы уақытқа дейін 73 638 мал шығыны тіркелген. Оның 9084 ірі қара, 61 398 қой-ешкі, 3 151 жылқы, 5 түйе.
Жуықта Аягөз ауданының Тарбағатай ауылында бір тұрғын “тасқынға батып кетті” деген күдік болған. Төтенше жағдай департаментінің құтқару қызметі оны Аягөз өзенінен 4 күннен кейін тауып алды. Бірақ мамандар бұл оқиғаның тасқынға қатысы жоқ деп отыр. Аймақта тау мен сай-саладан аққан нөпір судан әзірге адам шығыны болған жоқ. Қар суынан ең көп зардап шеккен Тарбағатай ауданында бүгінгі күні Жәнтікей, Көкжыра және Көктүбек ауылдарында 3 мектеп толықтай жабылып, 800 оқушы басқа жерлерге көшірілді. Балаларды қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін білім саласының мекемелерінде қайырымдылық көмек жиналды. Оқушылар сабақты Екпін, Ақсуат, Сәтпаев және Көкжыра ауылындағы ескі мектеп ғимараттарында жалғастыратын болады. Оған қоса Зайсан, Семей және Өскемен қалаларындағы интернаттарда қосымша 300 орын дайындалған. Ата-аналары рұқсат ететін болса тасқыннан зардап шеккен аймақтардағы балалар сонда орналастырылмақ. Санитарлық дәрігерлер “шығыстағы жұттың арты жұқпалы індет қаупін төндіріп тұр” деген дабыл қағуда. Шығыс Қазақстан мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Мәдениет Тұрабаеваның айтуынша, күн жылынбай тұрып жұқпалы індет тудыратын күдікті заттарды тез арада жою керек. Қырылған малдың өтемақысы құжат бойынша емес, табылған өлексенің санына байланысты берілмек. Алайда, тұрғындардың көбі тасқын ағызып кеткен малының өлігін таба алмай отыр…”. Авторы: Қуаныш БАҚЫТ, Шығыс Қазақстан облысы.
USHKIYAN.KZ. “ДІНДІ” ОСЫЛАЙ “ТАНУ” КЕРЕК ПЕ ЕДІ?!”. “Жуырда академик Ғарифолла ЕСІМ бастаған бір топ автордың “Дінтану негіздері” деп аталатын оқулығы Алматыдағы “Білім” баспасынан жарық көріпті. Осы саланың жанашыры болған соң “оқулық шықты” дегенді ести сала Алматыға бара жатқандарға өтініш айтып, кітапты алдырып, қарап шықтық. Алайда нәтиже біз күткендегідей болмағанын көрдік. Оқулықтың қоғам мүддесі мен қажеттілігі үшін ешқандай пайдасы жоқ екендігіне қатты қарнымыз ашты…
Кез-келген оқулық мектепке арнап жазылғанда шәкірттің белгілі бір білім саласына деген көзқарасын қалыптастыруды мақсат етіп қояды. Алайда, бұл мәселе аталған оқулықта мүлдем ұмыт қалған. Осының кесірінен бұл еңбек оқулық емес, дүниежүзіндегі діндер жайлы, ол діндердің сенім негіздері мен тарихы туралы мағлұмат беретін анықтамалық (справочник) деңгейінде қалған. Оқулықтың бірінші тарауында “Дін” ұғымына берілген анықтаманың өзі оқулық авторларының әлі күнге маркстік методологиядан ажырай алмағанын көрсетеді. Міне, осы көзқарас авторларға діннің болмысын толық ашуға мүмкіндік бермеген…”. Авторы: Зікірия ЖАНДАРБЕК, тарих ғылымдарының кандидаты, дінтанушы, Түркістан қаласы.
MASSAGAN.COM. “100 жыл баспанасыз жүрген ардагер”. “Семейде 102-ге келген Ұлы Отан Соғысының ардагері баспанасыз отыр. 15 жылдан артық уақыт пәтер кезегінде тұрған Сыдық ТҮМЕНБАЕВ қазір ұлының қолында, жер үйде тұрып жатыр. Денсаулығы сыр бере бастаған қарт о дүниеге өз босағасынан аттануды армандайды….”.
KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 1 сәуір. Kazakhstan Today — Қазақстанда бүгіннен бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы мен студенттердің шәкіртақысы көтеріледі, деп хабарлайды Kazakhstan Today.
Еске сала кетейік, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы мен студенттердің шәкіртақысы 2010 жылдың 1 сәуірінен бастап өсіріледі деп Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 29 қаңтарда Қазақстан халқына арналған дәстүрлі жолдауында мәлімдеді.
«Өткен жылғы экономикалық оң өсім динамикасы бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы мен студенттердің шәкіртақысын 3 ай ерте, яғни, 2010 жылдың 1 сәуірінен бастап 25 пайызға өсіруге мүмкіндік береді деп ойлаймын», — деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
Ал одан бұрынырақ үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап 25%-ға ұлғайтылады деп мәлім еткен болатын Оның айтуынша, осы мерзімнен бастап шәкіртақылар 25%-ға, әлеуметтік жәрдемақылар орта есеппен 9%-ға өсіріледі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА осы аптада келтірген нақты мәліметтерге сәйкес, «бюджеттік сала қызметкерлерінің орташа жалақысы 43 803 теңгеден 54 510 теңгеге дейін көтеріледі. «Оның ішінде білім беру саласы қызметкерлерінің айлығы 42 125 теңгеден 52 300 теңгеге дейін, ал денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 45 642 теңгеден 56 720 теңгеге дейін өседі», — деді Г. Әбдіхалықова.
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ


