AZATTYQ.ORG. “Сабдалин — “жемқорлықпен күрес” науқанының тағы бір парағы”. “…Қазақстанның бұрынғы төтенше жағдайлар вице-министрі Абылай САБДАЛИНге қатысты қылмыстық іс мамырдың 7-і, жұма күні аяқталды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы вице-министрді 10 жыл қатаң режимдегі абақтыға қамау туралы шешім шығарды.
— Сот Абылай Сабдалинді Қазақстан қылмыстық кодексінің 312-ші бабы (пара беру) және 307-ші бабы (қызметін асыра пайдаланған) бойынша айыпты деп тауып, оның мүлкін тәркілеу, 10 жылға қатаң тәртіптегі абақтыда бас бостандығынан айыру, 7 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынын айыру жазасын тағайындады, — деді Астанадағы сотта төрелік еткен судья Ерлан ЕРМЕКОВ.
Судья шешім шығару барысында Сабдалиннің бұрын-соңды сотталмағанын, кішкене балаларының бар екендігін ескергендігін айтты. Алайда Сабдалиннің адвокаты мұндай үкімді күтпеген едім дейді. Алайда Сабдалиннің адвокаты мұндай үкімді күтпеген едім дейді.
– Мен бұл істің осылайша өзгеретіндігін күткен жоқпын. Сот процесі барысында Сабдалиннің кінәсіз екендігін дәлелдеп шықтық деген сенімде болдым. Себебі сотта сөйлеген куәгерлер мен келтірілген айғақтардың барлығы оның кінәсіздігін көрсетті. Ал айыптаушы жақ керісінше, оның кінәсін дәлелдейтін бірде-бір айғақ келтіре алған жоқ, — деген Сабдалинның адвокаты Венера КИМ соттың үкіміне қатысты таңданысын жасырмады.
— Абылай Сабдалиннің өзі: “Маған тағылған айыптарды мойындамаймын, — деп мәлімдеді…
Сот процесін бастан-аяқ бақылаған “Свобода слова” басылымының журналисі Валерий СУРГАНОВтың пікірінше, аса ірі көлемде пара бермек болған мемлекеттік шенеунік үшін – 10 жыл көп емес.
— Судья өте дұрыс шешім шығарды. Бұл – прецедент! Бұған дейін осы сияқты пара беру немесе алу фактісі дәлелденіп, шенеунікке жаза тағайыналғаны менің есімде жоқ, — дейді журналист. Оның пікірінше, жақында ғана аяқталған Жәкішевтің ісіне қарағанда Сабдалиннің ісі “обьективті” өткен…
Ал Сабдалин жұмыс істеген Төтенше жағдайлар министрлігі болса, соттың бұл шешіміне қатысты ешқандай ақпарат бермейтіндігін айтты. Жас Алаш” газетіндегі талантты жас журналистердің бірі болып еңбек жолын бастаған Абылай Сабдалин кейіннен Алматы қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметінде жұмыс істеді. 2000 жылдан бастап Алматының сол кездегі әкімі Виктор ХРАПУНОВтың көмекшісі болды. Кейін Храпунов Шығыс Қазақстан облысына әкім болып ауысқан кезде, Абылай Сабдалин Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінің жетекшісі қызметін атқарды. Ол 2007 жылдан бастап төтенше жағдайлар вице-министрі болып қызмет етіп келген еді”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.
“Әлияның анасы кісі қолынан қаза болған делінеді, ал қабірі белгісіз қалған”. “…Ғалымжан БАЙДЕРБЕСтің айтуынша, Әлияның анасының аты Маржан болған. Ол картоптың келдегін (масағын) жинап жүрген. Бұл әйгілі ашаршылық жылдары еді. Күзетші оны атып өлтірген. Бұл кезде Әлияның әкесі Нұрмұханбет байдың баласы болғаны үшін қуғынға түсіп жүрген. Ол кісі қолынан мерт болған әйелін өздері сол кездері тұрған Қурайлы өзенінің төменгі сағасына асығыс жерлей салған…
Әлия МОЛДАҒҰЛОВА қаза болған соң 1944 жылдың 4 маусымында “Алтын жұлдыз” медалімен және Ленин орденімен марпатталады. Әлия Молдағұлованың мұражайында осы марапаттардың көшірмелері бар. 1950 жылы оның әкесі Нұрмұханбет САРҚҰЛОВқа медаль, грамота мен алғыс хат жіберген. Әлия Молдағұлованың киімі де, винтовкасы да сақталмағандығы түсінікті. Байқап отырғандарыңыздай, Әлия туралы деректер өте аз. Қоғам қайраткері Ғалымжан Байдербес Әлияны қамқорлығына алған ағайы Әбубәкір Молдағұловтың атын да есте қалдыру керек. Ол үшін Ақтөбедегі теміржол колледжіне оның атын беру керек деп есептейді”. Авторы: Құндыз ҚАСЕНОВА.
AIKYN.KZ. “Ең мықты соғыс киносы…”. “Ақиқатын айту керек, бізде соғыс кино түсірілмейді. Түсірілмегені де дұрыс шығар. Бірақ ерік-жігерді, рухты, намысты оятатын фильм жоқ. Соғысты көрмегендіктен болар.
Десек те біздің көретініміз орыс кинолары. Соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 65 жыл өтсе де, орыстар түсірген фильм санада жаңғырады. Десек те Кеңес Одағы режиссерлері түсірген киноның ішіндегі ең мықтысы қайсы?
Superjob.ru зерттеу орталығы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында халық арасында арнайы сауалнама жүргізіп, ақырында мынандай ақиқатты анықтапты. Соғыс туралы киноның ең ішіндегі мықтысы “Ұрысқа тек қана қарттар түседі” (суретте) фильмі болып шыққан. Сауалға жауап бергендердің 22 пайызы Леонид БЫКОВтың осы киносын жақтаған көрінеді. Алғашқыда мемлекеттік кино саласының шенеуніктері оның сценарийін жақтырмаған. Ақырында режиссер Быков оны КСРО-ның әуе күштерінің қолбасшысы Александр ПОКРЫШКИНге көрсеткенде ол бір-ақ сөзбен жауап қайтарыпты. “Бұл нағыз — соғыс!”. Екінші орында Станислав РОСТОЦкойдың “Бұл жерде таңғы тыныштық” фильмі. Ол 16 пайыз дауыс алған көрінеді. Бұл бес қыз туралы. Киноның соңында бесеуі де қаза табады. Повесьтің авторы Борис ВАСИЛЬЕВке: “Шығармаңызда неге бес қызды да өлтірдіңіз?” деп сауал қояды. Ол “Жеңіс үшін!” деп жауап берген екен. Үшінші орынды “Көктемнің он жетінші сәті” телесериалы алған. Төртінші орында 6 пайызбен “1971 жылы өндірістен шыққан, “Офицерлер” фильмі тұр. Ал бесінші орынды 5 пайыз дауыспен Сергей БОНДАРЧУКтың 1975 жылы шыққан “Олар Отан үшін шайқасты” фильмі иеленді. Ал алтыншы орынды 3 пайыз дауыспен 2001 жылы өмірге жолдама алған “44-інші жылдың тамызы” атты кинокартинасы алған. Сауалға жауап бергендер сонымен қатар “ғасырдың ең үздік соғыс киносы” ретінде “Тырналар ұшып барады”, “Азаттық”, “Солдат туралы баллада”, “Төрт танкист және ит”, “Батальон оқ сұрайды” фильмдерін атаған көрінеді”. Авторы: Еркін ҚАЛДАН.
EGEMEN.KZ. “АЛҒАШҚЫ АДМИРАЛ”. “Бұрын Лев ВЛАДИМИРСКИЙдің флот адмиралы болғанын энциклопедиялық деректен білуші едік. Атырау облысының энциклопедиясында флот адмиралының 1903 жылы Гурьев қаласында туғаны, әскери наградалары ғана айтылады. Әрине, энциклопедиялық шағын дерек кейіпкер жөнінде тереңдеп жазуға аздық етеді. Сол себептен бұл адам жайында тың деректер іздеуге тырыстық.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы өлке тарихын зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Айтуған БАТЫРАШЕВА сарғая бастаған газет қиындысын ұсынып тұрып: “Осындағы мақаланы оқып көріңіз. Адмирал туралы аз-кем айтылған”, деген-ді…
“Бір күні ауруханаға адмирал Владимирскийдің өзі келіпті, –дейді Қуан ақсақал өткен күнді еске алып. –Ол кісі Атырау облысында туып-өскен еді. Бойы 2 метрге жуық, алып денелі әрі таза қазақша сөйлейтін. Мен жатқан бөлмеге адмиралмен емдеуші бөлім бастығы дәрігерімен және бірнеше офицер ілесе кіріп келіп, маған аңтарыла қарап: “Астапыралла, мен жерлесімді кездестірдім” деп қазақшалап жанында тұрған жаяу әскерлер қолбасшысы Иван Ефимович ПЕТРОВқа мақтанып қойды. Олар адмиралға таңырқай қарап, қай тілде сөйлеп жатқанын сұрады.
– Мен қазақша сөйлеп тұрмын. Менің шыққан жерім Қазақстанның Гурьев облысындағы Қызылқоға ауданы. Сонда дүниеге келіп, ержеттім. Әке-шеше сол жақта, бірі –фельшер, екіншісі –акушер болып жұмыс істеді. Мен қазақ тілін орыс тілінен артық білем. Жаза да, оқи да алам. Мені мұнда аяқ бастырған жерлесімнің ерлігі. Алғашқы ұрыста-ақ оның жауды қалай атқанын көріп, қатты риза болдым, – деді Лев Владимирский.
Сол жолы адмирал маған “Қызыл жұлдыз” орденін тапсырып, бетімнен сүйді”…
Қалай десек те, бір нәрсе анық. Лев Анатольевич Владимирский –Қазақстаннан шыққан алғашқы флот адмиралы. Ол әскери теңіз флотында 1921 жылдан жарты ғасырға татыған 49 жыл бойы қызмет еткен. Соғыс аяқталысымен, дәлірек айтқанда, 1947 жылдан КСРО Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз флоты жөніндегі басшылық лауазымдарды атқарса, 1952 жылдан ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысыпты. Бірнеше рет мұхит зерттеу экспедицияларына жетекшілік еткен. Тек 67 жасында ғана отставкаға шығып, 1973 жылы өмірден өтіпті. Қазір Атырау қаласында адмирал атымен бір көше аталады. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы” залында флот адмиралы Лев Владимирскийдің әскери киімі мен куәлігі ғана жәдігер ретінде сақталып тұр. Одан өзге дерек болар ештеңе көзге түспеді”. Авторы: Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
DMK.KZ. “ПАРА БЕРУ ДЕ, АЛУ ДА АУЫР КҮНӘ!”. “Еліміз бойынша “Сенің “Жемқорлыққа жол жоқ!” деуің маңызды” акциясы басталды. Бұл мемлекеттік шараны “Нұр Отан” партиясы мен Қаржы полициясы бірлесіп жүргізетін болады…
Сыбайлас жемқорлықтың салдарынан жыл сайын дамыушы елдер 70-100 миллиард долларынан айрылады екен. Мұндай кеселді көрініс біздің елімізде де бар екендігі айдан анық. Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес жөніндегі агенттіктің мәліметтері бойынша сыбайлас жемқорлыққа жататын қылмыстың жеке түрлері арасында пара алу факті-лері 8,1 пайызға, бөтен мүлікті иемдену 3,8 пайызға, билікті және лауазым құзіретін асыра пайдалану 5,6 пайызға, қызметтік жалған іс жасау 27 пайызға артқан. Бұл цифрлар әлі де болса елімізде жемқорлық бүкіл мемлекеттік органдарда кең етек алып отырғандығын көрсетпей ме?
Жалпы “Нұр Отан” партиясы мен Қаржы полициясы жүргізіп отырған бұл акцияны өткізуге байланысты бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген. Олардың қатарында “Өзіңнен баста” атты жемқорлыққа қарсы аймақтық қоғамдық кеңестердің кеңейтілген отырыстары, кәсіпкерлермен кездесу, жастар пікір-сайыстарын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, журналистік зерттеу, әлеуметтік сауалнамалар, ақпараттық үн қағаздарды тарату сияқты шаралар өткізу көзделген. “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин журналистердің қойған сауалына берген жауабында: “Жемқорлықпен күрес – бір мекеменің жұмысы емес, онымен халық болып, қоғам болып күресуіміз керек. Өткен жылы өткізілген акцияға 100 мың адам қатысты. Олардың қатарында бизнес және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, студенттер мен оқушылар бар. Ал, екінші рет өткізіліп отырған бұл акция еліміздің барлық аймақтарында өтетін болады. Сондықтан, біз журналистер қауымын “Нұр Отан” партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қо-ғамдық кеңесімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз”, – деді”.
ABAI.KZ. “Форум кезекті рет кейінге қалды…”. “Мамыр айының 17-18 күндерінде Алматы қаласында Қазақ журналистерінің I халықаралық форумын өткізуді жоспарлаған ұйымдастырушылар алқасына Байланыс және ақпарат министрлігінің вице-министрі Нұрай ОРАЗОВтан шұғыл хат келді (Хатты төменде түп нұсқасымен беріп отырмыз)….
Сонымен, қазақ журналистерінің форумы кезекті рет кейінге шегерілді. Бірақ, құрметті оқырман, абзал әріптестер қауымы, министрліктің бізге жасап отырған ұсынысын бек түсіністікпен қабыл көрелік. Тегінде, қандай істі болмасын ресми орындармен кең отырып кеңесіп алып бастағаннан кемдік көрмеспіз, сірә. Сондықтан қазақ журналистерінің бас қосып, кәсіби мәселелерді ортаға салып ой қорытпақ болған талабына министрліктің мән беріп, сол бір атаулы жиынды бірге өткізсек деп өтініш білдіргенін біз қалайда құп алдық.
“Ештен кеш жақсы”. Тамыз айының ауылы бізден алыс шалғайға көшіп кете қоймас…
Алайда біз оған дейін текке қарап отырмаймыз. 18 мамырда Алматы журналистері өзара жүздесіп шағын кеңес өткізбекпіз. Ал, форумға қатысуға тілек білдіріп, Анкетадағы сұрақтарға жауап берген әріптестерімізге көп рахмет. Сіздермен арадағы келісімдеріміз өз күшінде қалады және форумға қатысуға тілек білдірушілерді тіркеу жұмысы жалғаса береді. Форумда баяндама жасауға ризашылығын білдірген ғалымдар мен белгілі журналистерге, шетелден арнайы ат басын бұрып келуге ықылас танытқан бауырларымызға ұйымдастыру алқасының тұрақты штабы, байланыс телефондары жеке хабарланатын болады.
Құрметпен, Қазақ журналистерінің I халықаралық форумын ұйымдастыру алқасы”.
ALASHAINASY.KZ. “Жеңіс идеологиясы бізге не үшін керек?”. “Адамзатқа орны толмас қасірет әкелген Екінші дүниежүзілік соғысқа әлемнің 62 елі, яғни Жер шарының 80 пайызы қатысты. Қырық ел соғыс құшағында қалды. Мыңдаған шақырымдарға созылған майдан шептерінде 110 миллион адам шайқасты. 60 миллиондай адам шейіт кетті. Шынында, бұл соғыс Батыс Еуропаның (Ұлыбритания мен Францияның жеңімпаз болғанына қарамастан) әлемдік саясаттағы ықпалын әлсіретті, Таяу Шығыста Израиль мемлекетінің пайда болуына, Азия мен Африкадағы ұлттық баскөтерулеріне, тәуелсіздік алуына дем берді. Осындай позитивті құбылыс кейінгі тарихта әрқилы көзқарастар тоғысын тудырды.
Кейінгі ұрпақ Жеңіспен аяқталған Екінші дүниежүзілік соғыс тағылымын тар ауқымда қарастырып, оның сипаты мен барысын, салдарын бүгінгі мемлекеттік ұстанымына сай бағалайды. Бұл тұрғыдан келгенде уақытпен жарысқан мұндай ұлттық, мемлекеттік ракурстағы әрқилы, қарама-қайшы көзқарастар эволюциясының болуы дұрыс әрі заңдылық. Жеңіс – елдің бүкіл өндіріс орындарының 40 пайызын жау қолында қалдырып, Мәскеу түбіне дейін шегінуге мәжбүр болған КСРО-ға көмектескен одақтастар әскеріне ортақ, Еуропадағы азат ету қозғалысына жұмылған елдердің де мерейлі күні. Бүкіл әлемнің басына күн туған кезде бейтараптық саясаттан бас тартқан АҚШ пен ЧЕРЧИЛЛЬ бастаған Ұлыбританияның ленд-лиз түрінде миллиондаған долларлық көмек бергені, соның арқасында жеңіс сәтін жақындатқаны біраз бүркемеленді. Бұл күнді қазіргі Германия гитлерлік фашизмнен азат етілген күн ретінде еске алады.
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында КСРО құрамына қысыммен кіруге мәжбүр болған Балтық бойы елдерінің көзқарасы басқаша. “Азат етуші” КСРО-ның тізесі батқан бұл елдердің мемлекеттік ұстанымы тұрғысынан қарағанда, “Ұлы Отан соғысы” қисынсыз көрінеді…”. Авторы: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ.
ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Телеарнадан қазақ тілі шеттетілді”. “Тұрғыдағы ақпараттарға сүйенсек, КТК телеарнасына берген түсініктемесінде “31 канал” компаниялар тобының бас директоры Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА: “Біз мемлекеттік емес телеарна болғандықтан біз үшін кез келген телевизиялық уақытымыз біз үшін айналып келетін табыс көзіне ұласу керек. Ол бағдарламаларды біз бұрын мемлекеттен тендерден алған қаражатқа әзірлеген болатынбыз”, – депті. Бас директордың бұл сөзі “ақша берсең ғана қазақ тілінде бағдарламалар шығады, мемлекеттік тілдің дамуына жеке қаржымызды жұмсамаймыз” немесе “мемлекеттік тілді мемлекеттік арналар дамытсын” дегенді меңзеп тұрған жоқ па? Қазақ тілінің бүгінге дейін кертартпа күй кешуіне осындай көзқарастардың әсер етіп келе жатқаны айтпаса да түсінікті. Заң алдында хан да, қара да бірдей. Сондықтан, Қазақ елінің аумағында өсіп-өніп отырған әрбір азамат пен коммерциялық топтардың республика заңдарын сыйлауға, әрі оны орындауға міндетті екендерін естен шығармағандары жөн болар”. Авторы: Түймегүл ИБАШЕВА
KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 11 мамыр. Kazakhstan Today — Қазақстан үкіметі бүгін кеден заңнамасына енгізілетін түзетулер топтамасын парламентке енгізеді, бүгін өткен отырыста үкімет мүшелері түзетулер топтасын парламентке енгізуді мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.
ҚР қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВтің хабарлауынша, мәжіліске : «Кеден ісі туралы» ҚР кодексінің жобасы, «Кейбір заңнамалық актілерге кедендік реттеу және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы, «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» ҚР кодексін қолданысқа енгізу туралы заң жобасы, Кедендік одақтың Кеден кодексі туралы келісім-шартын ратификациялау туралы заң жобасы, «Кедендік одақтың Кеден кодексі туралы келісім-шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары енгізіледі.
Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВтың тапсырмасы бойынша бүгін бұл заң жобаларын үкіметтің кеңсесі оған қол қоюға ұсынады, сөйтіп құжаттар бүгін парламентке бүгін енгізіледі.
«Басты мекеме ретінде Қаржы министрлігі заң жобаларының парламент арқылы өтуін қамтамасыз етсін», — деді Кәрім Мәсімов.
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ