AZATTYQ.ORG. “Назарбаевқа ұлт көшбасшысы мәртебесін беру кімге қажет?”. “…Азаттық Радиосының кезекті дөңгелек үстелінің тақырыбы “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВқа ұлт көшбасшысы мәртебесін беру кімге қажет?” деп аталды. Оған “Новая газета-Қазақстан” газетінің бас редакторы Амантай ДӘНДІҒҰЛОВ, Қазақстан Компартиясының бұрынғы бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңестің бұрынғы спикері Серікболсын ӘБДІЛДИН, тәуелсіз саясаттанушы әрі “Эксклюзив” журналының бас редакторы Расул ЖҰМАЛЫ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді ӘБЖАНОВ қатысты. Дөңгелек үстелді Азат Еуропа/Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ жүргізіп отырды….”.
“Саяси аштық акциясын оппозиция қолдамағанымен, аймақтар үн қоса бастады”. “…Алматыда ресми тіркелмеген “Алға” партиясы ғимаратының ауласында өтіп жатқан аштық акциясын алты адам жалғастырып жатыр. Олар: Жасарал Қуанышәлі, Ербол Нұрғалиев, Құралбек Ақназаров, Мұхамеджан Құдысұлы, Мейірхан Әбдіманапов. Ал Ермек Нарымбаев абақтыда ашығып жатыр…
Бұл уақытта аймақтарда Қуанышәлі бастаған топты қолдау акциясы басталып кетті. Атап айтқанда, Ақтөбе облысының бір топ азаматы штаб құрып, қолдаушылардан қол жинау науқанын жүргізіп жатыр.
Ұйымдастырушылардың бірі Ғазиз Төртбаевтың айтуынша, белсенді топ аштық акциясының аумағын аймақтарда кеңейтуді көздеп отыр.
— Қазірдің өзінде 11 адам қол қойды. Біздің мақсатымыз – Алматы ғана емес, басқа өңірлерде де билікке қарсы шығуға дайын жұрт бар екендігін көрсету болып отыр. әзірге қол жинау жүріп жатыр. Солардың арасында аштық жариялаймын дегендері болса, баспасөзге хабарлаймыз, — дейді Төртбаев….
Аштық акциясы 1-ші мамырда басталған болатын. Ашығушылар билікке алты талап қойды: “Назарбаев, кет!”, “адал сайлау”, “әділ сот”, “еркін БАҚ”, “еркін митингілер, пикеттер мен шерулер”, “Қазақстандағы барша саяси тұтқындарды босату”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.
EGEMEN.KZ. “БЕДЕЛДІ ДЕ ЕҢ ІРІ ХАЛЫҚТЫҚ КҮШКЕ АЙНАЛДЫ”. “Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында Қазақстан Республикасының Президенті, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың төрағалық етуімен партия Саяси кеңесі бюросының кезекті отырысы өтті. Отырысқа Саяси кеңес бюросының мүшелері, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері және Үкімет мүшелері қатысты. Онда Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Қазақстан халқына Жолдауында және “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс ХІІ съезінде алға қойылған тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев партия Саяси кеңесі бюросының отырысын ашардағы сөзінде “Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты соңғы кезде халық арасында ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқанын атап өтті. Партия Төрағасының айтуынша, партияның Орталық аппараты, облыстық, қалалық және аудандық ұйымдары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын көпшілік арасында насихаттап, түсіндіруде көптеген іс-шаралар атқарып келеді. Ондағы басты мәселе Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары болып табылады. Біз мұндай тапсырмаларды бұрын-соңды көрген емеспіз, деді Президент осыған байланысты. Қазіргі кезде әрбір нысанды қаржыландыру қамтамасыз етілді, қай нысанның қай облыста, қай қалада салынатынын білеміз. Сол нысандардың құрылысы қашан аяқталатыны, қанша жұмыс орны ашылатыны нақтыланған. “Нұр Отан” партиясы осыларға мемлекеттен бөлінетін қаржыға бақылау жасауы тиіс…”. Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
ALASHAINASY.KZ. “Шекарадан 19 мың еуро алып өтуге болады”. “Үкіметтің тұп-тура 91 минутқа созылған селекторлық отырысының басты жаңалығы – көптен бері күн тәртібінен түспей жүрген Кедендік одақты құру шеңбері аясына сәйкес даярланып жатқан ұлттық Кедендік кодекске енгізілетін түзетулер мақұлданды. Құжатты қолтықтап мінберге шыққан қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ тапжылмастан 18 минут сөйледі. Оның сөзінен ұққанымыз — су жаңа кодекс ережелеріне сәйкес, 39 заң актісіне өзгеріс енгізілетін болады. Соған орай, Салық кодексіне де ішінара толықтырулар қосылмақ…
Болат Бидахметұлының өкшесін баса ортаға шыққан экономикалық даму және сауда министрі Жанар АЙТЖАНОВА ханым көктем шыға шарықтап бара жатқан көкөніс бағасын айтып, отырғандарды мұңайтып тастады.
Оның айтуынша, 2009 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда биылғы жылы сәуірде жеміс пен көкөністің бағасы 16,5 пайызға, ал қант – 9,3, ет өнімдері – 5,5 пайыз, сондай-ақ жұмыртқа құны да 5,3 пайызға көтеріліп кеткен. “Осы орайда азық-түліктің аталған топтарына баса назар аудару керек және де баға өсімінің әсіресе бірінші жартыжылдықта шегіне жететіндігін ескеру керек”, – деді министр…
Әңгіме көкөніс бағасына келгенде, әкімдер де байыз тауып отыра алмады. Өз кезегінде Жамбыл облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ Қырғызстандағы оқиғалардың азық-түлік бағасының қымбаттауына әсер еткенін айтып, мұң шақты. “Қырғызстанмен сауда айналымы шектелгелі Жамбыл облысында алма, картоп, айран-сүт бағасы айтарлықтай өсіп кетті. Бізде картоп, өкінішке қарай, әлі піскен жоқ. Біз оны Қырғызстаннан импорттайтынбыз. Шекара жабық болуына байланысты картоп 47 теңгеден 69 теңгеге қымбаттады. Қазіргі уақытта аталған азық-түлік түрлерін көрші басқа мемлекеттерден сатып алып жатырмыз”, – дейді әкім. Яғни қымбатшылықтың қыспағы қырғыз-қазақ шекарасы ашылған жағдайда ғана шешілетін секілді. Бір қызығы, Қ.Бозымбаевтың бұл пікірі бірнеше министрдің де ойынан шықты. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова да қымбатшылықтың кілтін қырғыз-қазақ шекарасынан іздеу керектігін айтып жатты…
Бас диқан да жағымды жаңалық айта қоймады: еліміздің кей өңірлеріндегі бағаның бетімен кетуіне бақылаудың әлсіздігі себеп болып отыр. Оның айтуынша, әсіресе көтерме сауда саласындағы баға күйіп тұр. КҮРІШБАЕВ жеміс-жидек пен көкөніс бағаларының өсуіне себеп болып отырған үш факторды атап шықты.
Күрішбаев былай дейді: Біріншісі – бұл импортшылардың қызметіндегі ашықтықтың жоқтығы. Екіншісі – нарықтағы уақытша тапшылықты дер кезінде ұстай білетін алыпсатарлардың әрекеті. Үшінші себеп – делдалдардың көптігі. Мәселен, Үрімшіде 1 келісі 80 теңге тұратын қызанақтың құны қолдан-қолға өте келе, Астанада 350 теңгеден сатылып жатыр. Осы айтылған себептердің барлығы да жергілікті жерлерде көтерме сауда саласындағы баға түзу үдерісін бақылайтын шұғыл шаралардың әлсіздігін көрсетеді”, – дейді А. Күрішбаев…”. Авторы: Бүркіт НҰРАСЫЛ.
JASQAZAQ.KZ. “Мектеп – сауын сиыр”. “Газеттеріңіздің өткен санында “Білім ошағындағы былық” атты мақаланы оқыдық. Шынында мектеп директоры ұстаздан, ұстаз оқушыдан ақша жинау белең алып барады.
Бүгінгі таңда біздің ауылдағы мектеп білім ошағы емес, “жемқорлық” ошағына айналуда. Шыдамның да шегі болады. Мектебіміздің бір топ ұстаздары білім ордасының директоры Бибіжамал ТАВАНОВАның үстiнен 2010 жылдың 5-ші қаңтарында, Қаржы полициясына және Президент әкімшілігіне арыз жаздық.…”. Автор: Елдос ӨМІРЗАҚ.
ZHASALASH.KZ. “Өлiспей берiспеймiз!”. “Тiркелмеген “Алға” халықтық партиясы кеңсесiнiң ауласында алты адам 1 мамырдан берi аштық жариялап отыр….
Саяси аштық жариялаушылар билiкке алты талап қойды. Саяси талаптың ең бастысы – президент орнынан кетсiн, аштық жариялаушылардың өз сөзiмен айтқанда, “Назарбаев, кет!”. Аштықтағылардың өзге негiзгi талаптары – адал сайлау, әдiл сот, еркiн БАҚ-тар, еркiн митингiлер, пикеттер мен шерулер өткiзу, Қазақстанның барша саяси тұтқындарына бостандық беру….
Аштық жариялаушылардың қатарына 9 мамыр күнi келiп қосылған желтоқсаншы Мейiрхан Әбдiманапов аштық жариялауының себебiн былай түсiндiрдi: “Билiктегiлердiң мемлекет меншiгiн бөлiске салуы, ел байлығын иемденуi халықтың ашу-ызасын тудырды. Онымен қоймай кедендiк одаққа ендiк. Ресей тауарлары отандық нарықты жаулап алған соң елдегi өнеркәсiп орындары жабылады. Бiрте-бiрте ортақ валюта енгiзiледi. Бұл Қазақстанды Ресейдiң бұғауына түсiретiнi анық”.
1993 жылы Қытайдан елге оралған қандасымыз Мұхаммеджан Құдысұлының президентке айтар өкпе-назы жетерлiк. “Сыртқы қарыздың өзi 100 миллиардтан асты. Бұл елге қауiп төндiредi. Бұл – бiр. Екiншiден, шекара ашылғаннан берi Қытайдан елге оралған қандастардың саны 100 мыңның ар жақ, бер жағында. Ал Қазақстан азаматтығын алған қытайлардың саны – 300 мың адамнан асты. Ойланарлық жайт”.
Бүгiн – аштықтың он екiншi күнi. Бiрақ, қазiрдiң өзiнде аштық жариялаушылардың бiрде-бiр талабы орындалған жоқ. Десек те, бұлардың бәрi өлiспей берiспеймiз деп белiн бекем буып отыр”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.
KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 12 мамыр. Kazakhstan Today — Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today…
Астана. 12 мамыр. Kazakhstan Today — Есеп комитетінің бағалауы бойынша, 2009 жылы Әділет министрлігі 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын іске асыру жұмысын тиімді түрде ұйымдастырмаған, деп хабарлайды Kazakhstan Today Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Стратегиялық жоспардың бір қатар көрсеткіштері бойынша іс-шараларды іске асыру сапасын арттыру жөніндегі қажетті шаралар жеткіліксіз дәрежеде әзірленді. Жеке көрсеткіштер сандық-сапалық критерийлердің және мақсатты индикаторлардың анықталуынсыз қисынға келтірілді, Әділет министрлігінің құзыретіне қатысы жоқ функцияларға бағытталған және қаржылық қормен талап етілген дәрежеде қамтамасыз етілмеген.
«Халықаралық ынтымақтастықты құқықтық қамтамасыз ету» бағыты шеңберінде Стратегиялық жоспарда шетелде сот және арбитраждық органдарда Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғау бойынша міндеттер көзделмеген.
«Мемлекеттік қызмет көрсету стандартарын сақтауға пәрменді мониторинг және бақылау ұйымдастырылмаған. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту жөніндегі шаралар қолға алынбаған. Халыққа қызмет көрсету орталықтары мемлекеттік қызметтердің 57 түрінің нақты тек 28 түрін ғана көрсетеді»,- делінген хабарламада.
Есеп комитетінің бағалауынша, әкімшілік кедергілерді төмендету және еліміздегі бизнес ахуалды жақсарту жөніндегі Әділет министрлігінің қабылдаған шешімдерінің тиімділігі шамалы. Нәтижесінде Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілігінің Ғаламдық индексі рейтингінде Стратегиялық жоспардың бес көрсеткіші бойынша Қазақстанның бағытында төмендеу орын алды…
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ