«Қайрат Сатыбалды енді «Нұр Отанның» хатшысы болды». «ҰБТ бизнес көзіне айналып барады». «Астық сату да оңай емес»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 25 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қайрат Сатыбалды енді “Нұр Отанның” хатшысы болды”. “…Бір апта бұрын ғана 40-қа толған Қайрат САТЫБАЛДЫ бүгін “Нұр Отан” партиясының хатшысы ретінде таныстырылды. Билік партиясының ұжымымен алғашқы кездесуге жаңа хатшыны төрағаның бірінші орынбасары Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН ертіп әкелді.

Баспасөзге таратылған мәлімдемеде “Сатыбалды партияның жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, бұған қоса “Нұр Отанның” әскери-интернационал, жастар және басқа да қоғамдық бірлестіктермен байланысын қамтамасыз ету мәселесімен айналысады” делінген…

Содан кейінгі жылдары саясат сахнасынан көрінбеген Қайрат Сатыбалды қырыққа толғанда билік партиясының хатшысына айналып отыр. Бұған дейін бұл қызметті Ерлан Қарин атқарған еді…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “ҰБТ бизнес көзіне айналып барады”. “Биыл ҰБТ сынақтары жетінші мәрте өткізілгелі жатыр. Бір дөкей көкеміздің: “алғашқы бес жылдан аман шыққан жобаның ғұмыры ұза-аақ болады” деген сөзі бар еді, сірә, тестілеудің бұл түрі мектеп бітірушілерді “өткелектен” өткізудің ұзақ мерзімді тәсіліне айналатын шығар. Алғашқы жылдардағыдай емес, тест алушылар да, тапсырушылар да бұл іске әбден маманданып алды. Құп делік. Алайда маманданып үлгерген тағы бір топ бар. Ол — ҰБТ-ны бизнес көзіне айналдырып алғандар…

…Бүгінде жыл бойы кітап ақтарғаннан гөрі тестке бірер ай қалғанда “шпор” сатып алуды немесе дайындауды қол көретіндер көп. …Бірақ ондағы жауаптардың дұрыс-бұрыстығына тағы ешкім кепілдік бермейді. Жауаптар қате болған жағдайда оны пайдаланған талапкердің “аяғы аспаннан келді” дей беріңіз…. Жалпы, “шпаргалка” қай қоғамда да теріс тәрбие құралы болып есептеледі. Кез келген оқушы не студент үшін “жедел жәрдем” қызметін атқаратын “шпорлар” жастарды ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруге тәрбиелейді. Бойкүйездікке ұрынған білімгерлер көбейген сайын мемлекеттің сапалы кадрлар дайындау мүмкіндігі де шектеле түсетіні белгілі. Сондықтан “шпаргалкалар” даярлайтын орталықтарды бақылауға қажеттігі туындап отыр. Қашанғысынша, “Біреуге бас қайғы, біреуге мал қайғы”. Бірақ пайда табамын деп, баз біреулер болашақ студенттің тамырына балта шаппаса екен. Біздің “тобықтай түйін” осы болсын…”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ, Роза ӘРЕН.

Картоп – қытайдікі, алма – ирандікі, қияр – өзбектікі ҚАЗАҚ сонда не өсіреді?”. “Бүгінде қыс демей, жаз демей, көкөністің неше түрін базарлар мен дүкендер сөресінен сатып алып, жей беруіңізге болады. Бірақ шетте өсіріліп, бізге жеткенше бар нәрінен айырылған өнімдердің бағасы удай. Помидордың бір келісі 350-400, қияр — 250-300 теңге, жас капуста — 150 теңге тұрады. Қытай, Иран, Өзбекстаннан жететін өнімдердің басым бөлігі оларды сақтайтын лайықты қоймалардың тапшылығынан сөреге жеткенше бүлініп бітеді.

Қарапайым отбасының кез келгенінің қалтасы көтере бермейтін бағадағы қияр мен помидорды айына бір рет еңбекақы алған кезде ғана аздап сатып алатын жұрттың күнделікті ас мәзірінде көкөніс мүлдем жоқ деуге болады…”. Авторы: Алма МҰХАМЕДЖАНОВА.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Медиация туралы заң жобасы талқыланды”. “Жақында Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотында “Бітімгерлік рәсімдер (медиация) туралы” заң жобасы талқыланып, оған Біріккен Ұлттар Ұйымынан, Парламент Мәжілісінен, соттардан, еліміздің бір қатар жоғары оқу орындарынан ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Заң жобасы бітімгерлік рәсімдер (медиация) институтын ұйымдастыру және оның қызметінің тәртібін белгілейтін бір қатар баптардан тұрады. Заң Қазақстан Республикасының аумағында бітімгерлік рәсімдер институты қызметінің құқықтық негіздерін белгілейді және медиатордың (бітімгердің) қатысуымен дауларды шешу жөніндегі қатынастарды реттейді. Медиатор (бітімгер) – тараптардың дауларын реттеу мақсатында олардың арасында бітістірушілік рәсімдерді (медиация) жүзеге асыратын дербес жеке тұлға…

Медиация әдісі арқылы азаматтар уақыт пен қаржы шығындарын үнемдейді. Үлкен өмірлік тәжірибесі, жоғары білімі бар жасы 25-тен асқан азаматтар, доғарыстағы судьялар, прокурорлар медиатор бола алады. Медиация тәсілін Америка, Аргентина, Ұлыбритания, Германия, Австрия сынды алпауыт елдердің ертеректен қолданып келе жатқанын тілге тиек еткен Жоғарғы сот сарапшысы Сәбит АХМЕТОВ, оның қазақ топырағындағы қадамының сәтті болатындығына күмәні жоқтығын айтты. Егер мамандарымыздың айтып отырғанындай, медиация әдісі елімізде үлкен сұранысқа ие болып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатса, оны келешекте қылмыстық істер бойынша да қолданысқа енгізу ойда бар көрінеді”. Авторы: Тыныс АХМЕТЖАНОВА.

JASQAZAQ.KZ. “Астық сату да оңай емес”. “Қазақ астығы төңірегінде тағы шу шықты. Мұндай дау-шарды ара-тұра құлағымыз шалып қалатыны бар. Бұл жолы Иран қазақтың бидайынан бас тартты.

Иранның Мазандеран провинциясының ауыл шаруашылығы басқармасы, анығырақ айтқанда, табиғатты қорғау ұйымы №1471 қаулысы бойынша кедендік тазалау талабына сай келмеу салдарынан Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелуге, соның ішінде, бидай тасымалына тыйым салды. “Қазақ-Астық” ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қазақстаннан жөнелтілген өнім кедендік тазалауға жатпайтын көрінеді. Бұдан шығатыны, біз Иран еліне сапалы бидай жөнелтіп отырғанымыз. Сонда “гәп” қайдан шығып отыр?…

…Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстан Иранға 2 млн тоннаға дейін астық жөнелте алады. Яғни осынша көлемде бидай жөнелтуге екі ел арасында келісім бар екен. Былтыр еліміз Иранға 1 млн тонна шамасында бидай экспорттапты. Ал қаңтар-наурыз аралығында қазақстандық кәсіпкерлер Иранға шамамен 200 мың тонна астық  жеткізгені жөнінде мәлімет бар…

Мамандар біздің еліміздің сыртқа 6-8 млн тонна бидай экспорттауға шамасы жететінін айтады. Сәуірдегі мәліметтерге қарағанда, қамбада 13 млн тонна астық жатыр. Мұның 5-6 млн тоннасы ішкі қажеттілікті өтейтінін ескерсек, экспорттың жолын күтіп жатқан әлі де 6-7 млн тонна астықты экспорттауға мүмкіндік бар”. Автор: Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ.

ZHASALASH.KZ. “Ертiсбаевтың ертегiсi”. “…Ермұхамед Қабиденұлының “Интерфакс-Қазақстан” агенттiгiне берген сұхбаты жайлы газетiмiздiң өткен нөмiрiнде сөз еткенбiз. Сонда ол былай деген: “Теориялық тұрғыдан қарағанда, президент бұған (“ұлт көшбасшысына” қатысты заңға — Е.Б.) вето қоя алады. Егер ол саяси кеңесшi ретiнде менiң ойымды сұрар болса, мен жария түрде бұған вето қоймауды кеңес етер едiм.

Мәжiлiс пен сенаттың депутаттары арасында президенттiң беделi өте зор. Егер ол бұл заңға вето қоятын болса, НАЗАРБАЕВты кем дегенде 2020 жылға дейiн тұрақтылық пен дамудың кепiлi ретiнде көретiн бүкiл депутаттар корпусын өзiне қарсы қойып алады. Мейлi, ол қандай тұлға болса да, өзiн қолдап келген қоғамдық күшпен санасуы керек”.

Көрдiңiз бе, сарай бұлбұлы қалай-қалай сайрайды. Сайрауда гәп жоқ, тек бiр сарынды әуендi ести берсең, құлақ та сарсымай ма?

Ғайыптан тайып Ертiсбаевтың айтқаны айдай келдi делiк. Президент Н.Назарбаев өзiне қатысты заңға вето қойсын. “Мыналарың жарамайды! Сендер неге халықтың атынан сөйлейсiңдер? Мен сендердiң емес, ұлтымның көшбасшысы болғым келедi” деп. Депутаттар сонда қайтпек? Ертiсбаев айтқандай өкпелеп-ақ қалсын, өкпелегенде не iстемек? “Нұрсұлтан Әбiшұлы, бiз сiзге сенiп едiк, ал сiз сенiмiмiздi ақтамадыңыз” деп импичмент жариялай ма? Әлде “көшке берген тайын” ала ма? “Ақыры бiзбен санаспайды екенсiз, онда парламенттi таратыңыз, мұндай парламенттiң құны көк тиын” дейтiн шығар, бәлкiм?..

Ал ендi президент Назарбаев шынымен де мерзiмiнен бұрын отставкаға кетiп, саяси кеңесшiнiң қатты көңiлi қалса не болады? Саяси кеңесшi қызметiн тастап, оппозицияға өте ме? “Тарт қолыңды Назарбаевтан!” деген плакат ұстап, көшеге шығар, бәлкiм? Саяси кеңесшi мұны да ашып айтпапты…”. Авторы: Е.БИЕКЕ.

ZAMANDAS.KZ. ““Тарлан” неге тоз-тоз болды?”. “Тәп-тәуір тәуелсіз сыйлық бар еді. Тарлан деген. Қазақ меценаттары құралып әдебиет пен мәдениеттегі, өнер мен руханияттағы жас талаптар мен тарлан азаматтарға “Тарлан” сыйлығын тағайындап, жыл сайын беріп келе жатқан. Бірнеше жылдың жүзі болды “Тарлан” тарады.Неге? Бар дүние саясиланған мына заманда бай-манаптардың өзі жақсы атануға құлықсыз қалып танытқандай.

Бірі – қашты. Шет ел асты.

Бірі – састы. Бұқты басты.

Бірі – бетті басты. Тастады ішкен асты…

Не болғанда да, қазақ руханияты “Тарлан” сыйлығынан айрылды. Оны іздеп жатқан да ешкім жоқ. Әншейінде жер-көкке сыйғызбай мақтайтын көкелер де ол туралы айтпайды. “Тарланды” алып, талтаңдап жүргендің де аузына қазір ол сыйлық ілінбейді. Бұрындары аттарының соңына “Тәуелсіз “Тарлан” сыйлығының иегері” дейтін тіркемені жазатын. Қазір оны да жазбайтын болды. Солайша “Тарлан” тоз-тоз болды? Бәрінен бұрын қазақ руханиятына обал…”. Авторы: Кене САРЫ.

ZAMANA.KZ. “Ол 10 миллион теңгеге салынған әжетханаға ұқсамайды”. “…Біз өткен аптада “Арыстанбаб” кесенесіне арнайы барып, Тәртіптік кеңесте әңгіме болған әжетхананың жағдайымен танысып қайттық. Сырт көрінісі басқалардан артықшылығы жоқ бұл жерге кіріп бара жатып есік аузында отырған келіншектен: “Неге ақылы?” деп сұрағанымызда, одан “Әжетхана жекеменшік, ішіндегі он кранда да су ағып тұр”, – деген жауап естідік. Көлемі шамамен 15 шаршы метрдей жерді алып жатқан әжетхана ерлер және әйелдердікі болып бөлінген. Әр бөлік он шақты адамды бір мезгілде қабылдай алатын шағын “кабиналардан” құралған. Оған қарсы беттегі дәрет алатын жерде орындық бар, су краны орнатылған. Қабырғалары кірпіштен қаланып, ақталып қойған бұл әжетханаға соншалықты қомақты қаржы жұмсалды дегенге сенгің де келмейді…

Біз бұдан кейін Айтуғаннан осы әжетхананы салу үшін қанша қаражат кетуі мүмкіндігін сұрадық. “Суы бар, бір мезгілде жиырмадан аса адамды қабылдай алады. Көп ақша кетеді. Кемі бес-он мың доллар кеткен болуы керек”, – деген ол бізден “он миллион теңге жұмсалған екен” дегенді естігеннен кейін қалта телефонымен есептеді де: “67 мың доллар ма?! Қойыңыз, қазір ондай ақшаға екі-үш қабатты сарай салып алуға болады. Олай болуы мүмкін емес”, – деді аң-таң болып.

Өкінішке орай, шындығы солай деп айтылған. Ал мұндай “ертегіге” қарапайым адамдардың сенбейтіні анық”. Автор: Р. ШАЛҚАР.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ