«Мыңға жуық мал өртелді». «Астана – махаббатым менің» жұрт көңілінен шығатын жағымды сериал болмақ». «…Әрекеттерiн «саяси сезон» келген уақытта, яғни күзде бастамақшымыз…»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 22 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Өзбекстанда келесі президент – Мирзияев, ал Қазақстанда Құлыбаев болады деп болжанып отыр”. “…Тәуелсіздік жылдарынан бері Өзбекстанды үздіксіз билеп келе жатқан Ислам КАРИМОВтың биліктен кететіндігі рас па? Каримовтың өзінің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға үміт артпайтындығының белгілері байқалып қалды. Енді біреулердің айтуынша, Каримов елдегі жағдайды бақылау тізгінін уысынан шығарып бара жатқан көрінеді…

Дөңгелек үстелді жүргізетін — Азаттық радиосының қызметкері Сұлтанхан АҚҚҰЛҰЛЫ…”.

AIKYN.KZ. “Мыңға жуық мал өртелді”. “Ақмола облысында үй жануарларына таралған аусыл ауруына байланысты 900 бас ірі қара мал жойылды, деп хабарлады Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз қызметінен.

Ақмола облысында үй жануарларының жұқпалы аурумен жаппай ауырғаны 14 маусым күні белгілі болды. Сараптама жасаған ветеринарлар үй жануарларының өте жұқпалы “О” типті антигеніне (аусыл ауруына) шалдыққанын анықтаған. Содан бері аудан, облыс ветеринарларында тыным жоқ. Ерейментау ауданы әкімінің бастауымен эпидемия ошағын анықтап, жоятын 6 бригада құрылған. Елді мекенге баратын жолдарда ауру малдарды анықтайтын, дезинфекция жасайтын және вакцина салатын жылжымалы топтар құрылды. Бас ветеринарлық-санитарлық дәрігер қатерлі ауру шыққан аймаққа вакцинаның 105 900 дозасын және 200 литр дезинфекция жасайтын дәрі жіберуге бұйрық берді. Өлген малдарды өртеп, жоюға арнайы жасақталған республикалық эпизоотикалық топтар кірісті. Өткен аптада Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөндіріс кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің басқарма бастығы Ақын ЕСБОЛЛАЕВ Ерейментау ауданындағы Новодолинка ауылынан аусыл ошағы шыққанын мәлімдеген болатын. Аусылға шалдыққан аудандағы 1800-ден астам ірі қара малды жою керек болған. Ауырған үй жануарларын жою туралы мал иелерімен алдын ала келісілген. Аусыл болған 639 бас ірі қара және 767 бас ұсақ мал және 487 шошқа өлтіріліп, еті өртелуі тиіс болатын. Ауру шыққан аумақтан елу шақырымға дейінгі жайылымдағы малдарға вакцина егілді. Жексенбідегі санақ бойынша, 254 ірі қара және 555 бас ұсақ мал, 148 шошқа өртелген екен. 23 271 ірі қара, 31 851 ұсақ мал және 2 599 шошқаға аусыл ауруына қарсы екпе салынған.

Мемлекеттік инспекция комитетінің басқарма бастығы Ақын Есболлаевтың айтуынша, аусыл ошағының қайдан шыққаны әлі анықталып жатыр, одан келген залалдың мөлшері де белгілі емес. Мал иелеріне берілетін өтемақының көлемі жою шаралары толық аяқталған соң белгілі болады.

Бет қатталып жатқанда: Павлодар облысында күйдіргі ауруына шалдыққан төрт адам ауруханаға түсті. Олар Ақсу ауданындағы Ребровка және Қаракөл ауылдарынан жеткізілген. Жексенбі күні олардың бірі ауруханада жан тапсырған”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

Астана – махаббатым менің” жұрт көңілінен шығатын жағымды сериал болмақ”. “…Өткен сенбіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өз Ақордасының оң қанатында орналасқан “Қазақстан” орталық кино-концерт залына келіп, Қазақстан мен Түркия бірлесіп түсірген, 12 сериялы, “Астана — махаббатым менің” атты телевизиялық көркем фильмнің тұсаукесеріне қатысты…

Ендеше, Астана мен махаббат ұғымдарының бір бүтін дүниеге айналғанын ұғынып, көрермен қауым Есілдің ерке самалынан бойы сергігендей, тынысы кеңейіп салмақ”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “ЕСЕПТІ ЖЫЛДЫҢ ЕСЕБІ ҚАБЫЛДАНДЫ”. “Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы болып өтті. Оған Премьер-Министр, Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Сот төрағалары, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, министрліктер мен ведомстволар басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

Оның алғашқысын, яғни Конституциялық Кеңестің “Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы” атты жыл сайынғы жолдауын Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь РОГОВ оқып берді…

Бірлескен отырыста Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВ депутаттардың бірқатар сұрақтарына орай түсінік берді. Онда көптеген өзекті деген мәселелерге нақты жауаптар алынды. Артынан  Парламент Үкімет пен Есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту туралы қаулы қабылдады”. Авторы: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының Өкімі”. “Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының

бірлескен отырысын шақыру туралы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысы 2010 жылғы 30 маусымда сағат 10-да Астана қаласында шақырылсын.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы

О. МҰХАМЕДЖАНОВ.

Астана, Парламент Мәжілісі,

21 маусым 2010 жыл. № 57”.

ABAI.KZ. “Дос НҰР-АХМЕТ, Қазақстанның Ұлт патриоттары қозғалысының төрағасы: ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ АҚШАҒА САТЫЛМАЙДЫ”. “- Дос мырза, атышулы Доктрина қабылданған соң, ол құжаттың мән-жайын, оң-терiсiн ұлт патриоттары тарапынан түсiндiру әрекетi неге болмады? Соның салдарынан жұрт арасында алыпқашпа сөз пайда болды…

— “Болмаса кiмнiң айтары — сол бiрiншi айтады” дегендей, “алыпқашпашылар” “алыпқашпашылығын” жасамай тұра ма… Жұмысымыздың соңғы тiрлiктерi жайында баспасөз бетiнде алуан түрлi ақпарат берiлiп жатыр. Алуан түрлi болатын себебi — оның артындағы адамдары мен топтары да әртүрлi дегендей. “Бiткен iске сыншы көп” болатыны сияқты, алыпқашпа әңгiме көп айтылып жатқаны рас… Ал бiз түсiндiру әрекеттерiн “саяси сезон” келген уақытта, яғни күзде бастамақшымыз…”. Әңгімелескен Жұқамыр ШӨКЕ. “Общественная позиция” проект “DAT” № 24 (61). 16 маусым 2010 ж.

ZHASALASH.KZ. “Жүз жылдық жұт”. “ҚЫРҒЫЗ ЖЕРIНДЕГI ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТАН ҚАЗА БОЛҒАНДАР 2 МЫҢНАН, БОСҚЫНДАР САНЫ 400 МЫҢНАН АСТЫ

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлiгiнiң баспасөз қызметi елдiң оңтүстiгiндегi қақтығыстардан қаза болғандардың саны 208-ге жеткенiн хабарлады. Маусымның 10-ынан берi 2101 адам дәрiгерге көрiнiп, оның 962-сi ауруханаға жатқызылған. Ал қалғаны амбулаториялық ем алған.

Куәгерлердiң айтуынша, Жалал-Абад пен Оштағы жағдай бiршама тұрақтанған. Мылтықтың гүрсiлi азайғанымен, елдi аштық пен жоқшылық екi бүйiрден қысып барады. Шетелдерден келетiн гуманитарлық көмек бәрiне бiрдей жетпейдi.

Уақытша өкiметтiң баспасөз қызметi Оштың өзiнде және Үзген, Қара-Су, Араван аудандарында төтенше жағдай режимi маусымның 25-iне дейiн созылатынын хабарлады. Ал Жалал-Абад облысында кешегi күннен бастап коменданттық сағат 3 сағатқа қысқарды. Ендi ол түнгi сағат оннан таңғы беске дейiн болады…”. Авторы: Ерiк РАХЫМ.

KAZ.GAZETA.KZ. Павлодар облысы Ақсу ауылдық округының Ребровка және Қаракөл ауылдары карантинге жабылды. ҚазАқпарат хабарлағандай, маусымның 19-ы күні сібір жарасын жұқтырды деген бес адам жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған болатын. Олардың ішіндегі мал бағатын ер адам келесі күні көз жұмған.

“Барлығы маусымның 11-і күні Ребровкадағы жеке шаруашылықтардың бірінде ауру өгізді союдан басталған. Мамыр айының соңына бұл жерде бес мал өлген. Малды малшылар сойғызып, етін көршілес Қаракөл ауылының тұрғындарына да таратқан.

Ауылдық округтағы мал дәрігерлері малдардың қырылғандығы туралы білмеген. Тұрғындар ауыр қыстан кейін жүдеген мал өзі өліп қалды деп, ештеме айтпаған. Аурудың алғашқы белгілерін малшы өзі емдеген, тек маусымның 19-ы күні ғана дәрігерлерге көрсеткенімен, олар құтқара алмаған”, — дейді облыстағы мемлекеттік санитарлық бас дәрігер Қанат СӘКИЕВ.

Ақсу қаласының әкімі Оразкелді ҚАЙЫРГЕЛДИНОВ қалалық штабтың отырысын өткізді. Қаракөл мен Ребровкада эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр, қажетті дәрі-дәрмек, арнайы киім мен техника әкелінген. Ауылдарда ветеринарлық қызметтің, санитарлық-эпидемологиялық қадағалау, төтенше жағдайлар бөлімінің адамдары жұмыс істеп жатыр. Тағы да тексеру жүріп, осы аумақтан ет пен сүтті шығаруға тиым салынған.

Ауырған малдың етін жеген барлық 16 отбасы мүшелері дәрігердің қадағалауында, сібір жарасын жұқтырған жағдайда инфекциялық кезең ұзаққа созылуы мүмкін.

Сібір жарасы соңғы рет Жолқұдық округынде, осыдан 43 жыл бұрын кездескен болатын, оның қалдықтары жерде ұзақ уақытқа дейін сақтала алады.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ