AZATTYQ.ORG. “Қытайша “демократияланудың”, сингапур үлгісіндегі “лидердің” және советтік менталитеттің қоспасы”. “Азаттық радиосына берген сұхбатында Лондон Университетіндегі Шығыстану және африкатану мектебінің оқытушысы доктор Бавна ДАВЕ Қазақстандағы саяси процестер туралы және шілденің 6-сы 70 жасқа толып жатқан “Елбасы”, яғни президент НАЗАРБАЕВ жөнінде тұжырымдарын ортаға салады…
– Аравинд АДИГАдан үзінді келтіріп, Қазақстан туралы пікір өрбіту үшін Үндістан мен Қытайды салыстыруыңыз жақсы әдіс екен. Адигаға келсек, [бас кейіпкер] Үндістанның әлеуметтік саясатындағы кемшіліктерді сынағанда негізгі тұрмыс игіліктері демократиядан бұрын орнау керек деп санамаса керек. Үндістандағы қарапайым халық пен саясаткерлер электр қуаты, ауыз су, арзан әрі сапалы тұрғын үй, жақсы білім беру жүйесі сияқты игіліктерді талап еткенде, керісінше, осы демократиялық институттарды жете пайдалануды үйренген…
Әсіресе, соңғы он жылда Үндістан көп өзгеріске ұшырады. Ал қарапайым халық пен саясаткерлер үшін Қытаймен салыстырып мұндай сын айту – пайдалы нәрсе. Қытай моделі Үндістанға қол емес. Өйткені Үндістан “Қытай демократиясыз жеткен жетістіктерге демократия арқылы жетеміз” деп мақсат қойған.
Ал Қазақстанның дәл осы мәселе туралы пайымдарына қарасаңыз көбіне Қытайдың жолын ұстанғаны байқалады….
Егер “жүйеленген әлеуметтік-экономикалық хаос” Қазақстанға 1990-шы жылдары төнген қауіп болса, дәл қазір Қазақстан үшін басқа бір қатер қылтияды. Ол – жаңағы “тұрақтылықтың” саяси стагнацияға, яғни дағдаруға ұласып кету қаупі. Тұрақтылық идеясын бүгінгі саяси элита өздеріне ыңғайлы билік құрылымын сақтап қалу үшін пайдаланып келді.
Бірақ, бұл тұрақтылық саяси кадрлар мен жетекшілерді дер кезінде жаңартып тұруға, саяси институттардың түлеуіне, қайсыбір “конфликтердің” ашық көрініс табуына негіз болса жарар еді. Қазақстанға ең қажет нәрсе – осы. “Конфликт” деп мен бұзақылық пен азаматтық соғысты меңзеп отырған жоқпын. Қазақстанда “конфликт” десең болды, халық тек негативті, жаман түсінік іздей бастайды. “Конфликт” деп мен әртүрлі идеялардың, аргументтер мен ойлардың ашық қолданысқа түсіп, емін-еркін алмасуын айтып отырмын….
Әйтсе де, қазақ тілі [Қазақстандағы] жалғыз мемлекеттік тілге айналады деп ойламаймын. Бірақ, соңғы уақытта мені таң қалдырған бір жайт, парламент пен үкімет мүшелерінің қазақша үйренуге талпына бастауы. Қазақ тілінде толтырылған ресми іс-қағаз көбейе түскен. Бірақ, қазақша іс-сапасы мен қазақ тіліндегі терминологияның қаншалықты қалыптаса бастағанын зерделеп үлгірген жоқпын. Бұл реформалар формалды түрде ғана жасалып жатыр ма, оны да анық білмеймін.
Үндістан мен өзге де елдердегі тіл саясаты туралы жинаған өзімнің жеке тәжірибеме сүйенсем, ресми құжаттарды мемлекеттік тілде толтыра салудың еш қиындығы жоқ екенін жақсы білем. Ең қиыны – мемлекеттік тілге қатысты халықтың көзқарасын түбегейлі өзгерту.
Жақында ғана [Қазақстанның] Мәдениет министрлігі мені Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы бойынша консультант болуға шақырды. Құжаттарды енді зерттей бастадым. Соған сәйкес ұсыныстарымды да айтармын. Қазақ тілінің даму әлеуеті зор. Әсіресе, экономикалық жаңару процесінің қазақ тілінің беделін өсіруге оң ықпал тигізгенін айта кету керек….
Тағы бір айтқым келетіні – Астананың оқшауланып “мемлекет-қалаға” айналу қаупі бар. Астаналық бюрократтар, үкіметтің ресми адамдары онсыз да Астананы Қазақстанның жаңа символына ғана емес, сонымен бірге өздерінің алынбас берік қамалдарына айналдырып алған. Бұл шаһар тұтас елден, әсіресе, ауылдық инфрақұрылымнан оқшауланған күйі жеке мемлекет болып кетуі мүмкін….
Меніңше, Қазақстан Бішкек оқиғалары кезінде асқан үркектік танытты. Бұл жайт мені таң қалдырды. Қазақстан үкіметі аймақтағы соңғы оқиғалар кезінде өзінің бойындағы психологиялық сенімсіздік пен қауқарсыздықты көрсетіп алды. Қазақстанның соңғы уақыттағы айтарлықтай экономикалық жетістіктері мен реформаларын, үздіксіз жақсарып келе жатқан инфрақұрылымын қаперге алсаңыз, оның қырғыз мәселесіне қатысты әрекетіне қарап отырып, расында да қайран қаласыз…
Сондықтан “колхоздық менталитет” 1990-шы жылдарғы пост-советтік элитаға тән болғанымен, Қазақстан советтік тәжірибенің озық тұстарын шеберлікпен жаңаша түрлендіру арқылы табысқа жетуге болатынын дәлелдеді…
Бұл әрекет ЛИ КУАН Юдің билікті өз ұлына тапсырғанын еске түсіреді. Назарбаев та осындай қадамға баруға дайындалып жатқан сияқты. Бірақ, бұл жуырда жүзеге аса қоятын іс емес-ау. Саяси жетекші билік басында ұзақ отырған сайын барша заңдық құрылым соған бейімделе түседі де, балама кандидаттар азая береді. Бұл жағдай билік иесі мен үкіметтегі ықпалды топтардың мұрагерді таңдап алуына көптеген кедергі тудырады. Сондықтан да Назарбаев билікті қайсыбір мұрагерге өз еркімен тапсырғысы келе қалса да, оған енді ыңғайлы сәт табу қиынның қиынына айналады”. Сұхбаттасқан Ғалым БОҚАШ.
“Мұнайшылар аштық акциясын тоқтатқанымен, белсенділері абақтыға қамалды”. “Аштық жариялаған Ембі мұнайшылары мәмлеге келіп, наразылықтарын тоқтатты. Алайда мұнайшылар белсенділері қамауға алынды.
“ЖайықМұнайГаз” өндірістік филиалының аштық жариялаған мұнайшылары үшінші тәулікте аштықты тоқтатты. Аштық жариялағандардың бірі Мұратбек ХАСАНОВтың сөзіне сүйенсек, олардың бірқатарының денсаулығы ендігі сыр бере де бастаған. Мәселен, Тілеш ӨТЕШҚАЛИЕВ қан қысымы көтеріліп аудандық ауруханаға түскен…
Басшылық өкілдерімен келісімге келуге мұнайшылар атынан қатысқан Ақсұлу Айдарованың айтуынша мұнайшылардың талаптарын орындауға Кенжебек ИБРАШЕВ уәде беріп, қолхат тастап кеткен көрінеді…”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.
EGEMEN.KZ. “ТУ — ЕЛДІКТІҢ БАСТЫ БЕЛГІСІ”. “Елорда мен Елбасы – егіз ұғым
Туған күніңмен, еңсесі биік Елорда!
Туған күніңізбен, елі сүйген, елін сүйген Елбасы!
Асқақ рух пен елдіктің айбынды нышаны болып табылатын Мемлекеттік ту “Атамекен” этно-мемориалды кешенінде шілденің 4-інде Елбасының қатысуымен көкте желбіреді. Туды көтеру салтанатты рәсімі Астана күнін мерекелеудің ресми түрде басталғанын білдірді…”, — деп белгіледі Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
“Еуразиялық экономикалық қоғамдастық: ОН ЖЫЛДЫҢ ЕРЕН НӘТИЖЕЛЕРІ”. “Астанада Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық кеңесінің мемлекет басшылары деңгейіндегі 27-ші отырысы өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі…
Мемлекет басшысы 2000 жылы Астанада Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы президенттерінің қатысуымен Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы Шартқа қол қойылғанын атап өтті…”.
“ТОРҚАЛЫ ТОЙҒА – ТАМАША ТАРТУ”. “Астана күні мерекесінің іс-шаралары аясында “Хан Шатыр” сауда-ойын-сауық орталығы салтанатты жағдайда ашылды. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий МЕДВЕДЕВ, Түрік Республикасының Президенті Абдулла ГҮЛ, Украина Президенті Виктор ЯНУКОВИЧ, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали РАХМОН, Армения Президенті Серж САРГСЯН қатысып, қазақстандық және шетелдік өнер шеберлерінің концертін тамашалады…”. Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
ALASHAINASY.KZ. “Астана идеясы қазаққа не берді?”. “…Астана идеясы – жалпыұлттық идеологияның жол бастаушысы. Бұған дейін астықты өңір мәртебесі бар Астана жобасы соңғы 12 жылдың бедерінде жалпыұлттық идеологияның құрамдас бөлігіне айналды.
Астана идеясының мәні – отарсыздануға жасалған бетбұрыс, қазақтануға бағытталған ұлы көш еді. Осының арқасында мемлекет құраушы ұлтқа кең мүмкіндіктер туып, орысы көп Арқада ұлттық идеология үстемдік алып, сан жылдар сіресіп қалған құлдық сананың көбесі сөгіле бастады. Сондықтан Астана елорда болғалы Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында өрлеу басталды деуге толық негіз бар. Сонымен Астана идеясы қазаққа не берді?..
Ой-тұжырым:Астананың өркендеуімен бірге мемлекеттігіміздің негізі нығайып, әлемдік қауымдастық алдындағы абырой-беделі артып келеді. Өйткені екеуі – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Сайып келгенде, Астана – атақ-даңқ, мансап қуушылардың ортасына емес, ұлтты һәм мемлекетті құрушылардың киелі ордасына айналуы тиіс. Астананың алыс-жақын көкжиектегі басты миссиясы – айбарлы, салауатты һәм сауатты қазақ ұлтының бар арманын өмір шындығына айналдыру”. Авторы: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ
ZHASALASH.KZ. “Арзан желеулер желге ұшты”. “Кедендiк одаққа Беларусь та қосылды…. Кедендiк одақты саудаға салып, әбден қипақтаған Лукашенконың Астанаға келу-келмеуi де соңғы күнге дейiн белгiсiз болып келген. Алайда сенбi күнi Беларусь президентiнiң баспасөз қызметi Лукашенконың Астанаға келетiнiн хабарлады. “Бiз кедендiк одаққа қатысты барлық келiсiмдердi ратификацияладық. Кедендiк одақта Ресей мен Қазақстаннан бiрде-бiр миллиметрге артта қалған жоқпыз”, – дедi Беларусь басшысы. Ал бұл Беларусь парламентi соңғы отырысында кедендiк кодекстi ратификациялады деген сөз. Бiр қызығы, Беларусь жағы мұны соңғы сәтке дейiн жасырып келген. Демек, Минск пен Мәскеудiң кедендiк одаққа қатысты дау-дамайы әлi түпкiлiктi шешiлген жоқ. Лукашенконың құжаттарға қол қоймай, сағызша созбалақтауының сыры да Мәскеу Минскiнiң талабын орындар деген есек дәмеден туған тәрiздi.
Алайда кедендiк кодекстi ратификациялағанынан-ақ Беларусьтiң одақтан бас тартпайтыны мәлiм болды. Ендiгi әңгiме үштiк одақтың ортақ кедендiк территориясына қатысты болмақ….
Расымен де, Беларусь өнiмдерiн ең алдымен Ресейге экспорттайды. Беларусь экспортының 97 пайызы Ресейге бағытталған. Сондықтан Минск үшiн кедендiк одаққа енбеу тиiмсiз…. Расында да, Беларусь жағының одақтан алары да, оған берерi де бар. Экономикалық тұрғыдан Минскiнiң одақтан ұтары көп. Ал Қазақстанға бұдан келiп-кетер пайда шамалы екенiн баяғыда ұқтық. Осыны түсiне, түйсiне тұра тәуелсiздiкке қатер төндiретiн одаққа мойынсұндық. Елiмiз үшiн мүлде тиiмсiз талаптарға бас шұлғыдық. Ресейдiң дегенiне көндiктiк. Ендi халықтың қалтасы қағылмақ. Бiрiншiден, шетелден әкелiнетiн тауарға салынатын баж салығы өзгердi. Бұдан былай салмағы 50 келiден асатын тауарға салынатын баж салығы тауар құнының 30 пайызына дейiн жетпек. Және бұл салық тауардың әр келiсi үшiн 4 еуродан аспауы тиiс. Ал бұрындары жеке тұлғалар үшiн кеденнен өтетiн тауардың әр келiсiне небәрi 0,6 еуро көлемiнде баж салығы салынатын. Мiне, айырмашылық жер мен көктей….
ЕурАзЭҚ кеңесiнен кейiн үш мемлекеттiң басшылары кедендiк кодекске қол қойғаны мәлiм болды. Ресей президентi Д.МЕДВЕДЕВтiң айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы кедендiк одақ 1 шiлдеден бастап күшiне енсе, Беларусь бұл одаққа 6 шiлдеден бастап қосылмақ...”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

