«Темекі алқаптарындағы мигранттар мен олардың балаларының «азапты еңбегі». «…Қазақ тілі билікке билік етпесе, тіл мәселесі мәңгі шешілмейді». «Құдықтан су емес, керосин шыққанын естідіңіз бе?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 15 шілде 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Темекі алқаптарындағы мигранттар мен олардың балаларының «азапты еңбегі”. “…Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанға жыл сайын 300 мыңнан 1-2 миллионға дейін еңбек мигранттары келеді, олардың көпшілігі — көрші Қырғызстан азаматтары…Қазақстанда жұмыс істейтін еңбек мигранттарының басым көпшілігі ТМД елдерінен келген. Өйткені олар виза алып, әуре болмайды.

Осындай мысалдардың барлығын алға тарта келе Рейчел ДЕНБЕР еңбек мигрантының құқы жоқ деген түсінікпен күресу керек дейді. Ұйым өкілінің пікірінше, осындай ой-түсінік барлық мекемелерде кең тараған. Бұл әлем елдеріндегі тәжірибе мен талаптарға сай келмейді.

Денбердің айтуынша, “Халықаралық Филип Морис” компаниясы осы жылдың басында қалыптасқан ақуалды жақсартуға уәде берген.

– Мекеме өзінің шаруалармен жұмыс істейтін аграрлық мамандары арқылы қатаң бақылау орнатуға, бала еңбегін қанау жағдайы бола қалған жағдайда оған тыйым салынғандығын ескертуге уәде берді, — дейді Денбер.

– Осы баяндама жарияланар алдында Қазақстанда еңбек мигранттары мен олардың балаларының еңбегі қаналып отырғаны жайында қазақстандық омбудсмен Асқар Шәкіровпен әңгіме болғанын айтқан Рейчел Денбер қалыптасып отырған жағдайды оңалту үшін нақты шараларды қолға алу қажеттігін де ескертіп өтті. “Хьюман Райтс Вотч” Қазақстанда еңбек заңдылығы туралы зерттеуін 2010 жылы да жүргізетіндігін хабарлады”.

ANATILI.KZ. “Қазақ қой соя алмайтын халге жетті”. “Жергілікті жұрт “Катализатор” атап кеткен қасапханаға жақындаған сайын қан-жынның иісі қолқаны қабады. Қорасы бар, қопсысы бар – бұл аумақ атшаптырымдай болғанымен, қасапхананың өзі аса үлкен емес. Төбесі жабылып, қақ ортасынан екіге бөліне салғаны болмаса, алқам-салқам, ашық-шашық. Көргендердің айтуынша, бұл жер бұрын бұдан да өткен былық болғанға ұқсайды. Әнеу жерде тілерсектерінен төмен қарата ілінген ірі қараларды төрт-бес жігіт сойып жатыр. Бер жағында бес-алты әйел ішек-қарын аршып отыр. Ішек-қарын аршып отыр дегеніміз болмаса, нені тазалап отырғанын болжау қиын. Үстеріндегі киімдерінен оның әу баста қандай түсті болғанын аңғара алмайсыз…

Білесіз бе, қалай десек те, сол етті сатып алатын күйге жеттік. Енді ше? Басқалардан қара үзіп, ет жеуден тек қасқырмен ғана қатарласа алатын қазекемде бүгінде бұрынғыдай буын бұрқыратып, қазан асатын хал жоқ. Атамыздың күнделікті азығы болған асылған ет мейрамхананың мәзірінде атасының құнын сұрап тұр. Осыдан соң ұлттық тағамды ұртың тойып жей аласың ба? Өкініштісі сол, “Ет бар ма? Ет дегенде бет бар ма?” деп әзілдейтін қазақ қой соя алмайтын халге жетті. Рас, қанжар ұстағанның бәрі қасапшы емес десек те, басқа – басқа, мал союды қазақтай меңгерген ұлт бар ма еді?! Бірақ қазір бәрі басқаша. Қазіргі қазақ қолы қалтырайтындай “қан шығарудан” қашатын болды. Әсіресе, жастар жағы. Қала емес, қазір ауылға барсаңыз да қошқарын қонағының алдына әкеп, жығып салып, қол жайып, бата сұрайтын қазақты емес, көше-көшені шарлап, қой соятын адам іздеген қожайынды көресіз. Қала берді, бүгінгі қазақ бас үйіте алмайды. Үлкендерден келе жатқан үлгілі үрдіс жоғалып барады. Қазақ пен қасапхананың арасындағы қазіргі хал – осы. Ал Сіз не дейсіз?”. Авторы: Динара ІЗТІЛЕУ.

БЕТІМІЗ ҚИСЫҚ БОЛСА, АЙНАНЫ НЕГЕ ЖАЗҒЫРАМЫЗ?! Қазақ тілі билікке билік етпесе, тіл мәселесі мәңгі шешілмейді”. “…Билік қай тілде сөйлесе жұрт сол тілді үйренуге мәжбүр болатыны – еш дәлелді қажет етпейтін аксиома. Міне, сондықтан да жергілікті жерлерден бастап жоғары билік орындарына дейін осы бір ғана талапты ұстансақ, ендігі қазақ тілі төңірегіндегі дау-дамай мүлде жойылған болар еді. Ал бұған кадр жетпейді деген сылтау мүлде негізсіз. Тіпті қазағы ең сирек деген солтүстіктегі аудандардың өзінде бірнеше қазақ орта мектебі бар. Солардың түлектері қайда? Ал Кеңес заманында билік орындарында отырған қазақтардың бәрі дерлік қазақ мектептерінің түлектерінен шықты емес пе. Демек, кадр жоқ дегендік – қып-қызыл өтірік. Егерде “Қазақ тілін біл!” деген талап қойылар болса, өзге ұлт өкілдері зар еңіреп жылап “кемсітушілікке ұшырадық деп байбалам салады” деген сылтау айтылады. Бұл да негізсіз. Оған орысың да, мәңгүрттеріміз де қалай реніш айтпақ. Демек, Кеңес заманындағы орыстандыру секілді саясатты қазақшаландыруға қолдануға жол бермейтіндер орыс мүддесін қорғаған сыңай танытып жүрген өзіміздің қазақша білмейтін қазақтар ғой. Ендеше, оларды неге төбемізге көтеріп басшы қызметке қойып тайраңдатамыз? Халқымызды іштен ірітіп бұзып жүрген нақ осындайлар емес пе!?

Сондай-ақ Парламент депутаты болатындарға Конституциямызда тайға таңба басқандай жазылған Мемлекеттік тіл мен ресми тілді бірдей меңгеру жөнінде “Сайлау туралы” заңға өзгерту енгізуге де қарсылық күшті. Демек, халықты кінәлап, “қазақ тілін үйренейік” деп жалынып-жалбарынып миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңге бөліп, “қазақ тілі – бай тіл” деп тілімізді мадақтап, насихаттағанша билік орындарының бәріне бірдей талап – қазақ тілі мен салт-санасын терең меңгеру талабы қойылып, кадрларды осы тәсілмен іріктеуге батыл кіріссек, бұл мәселе ешқандай дау-дамайсыз, айғай-шусыз шешілер еді”. Авторы: Қуанбек БОҚАЕВ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

ALASHAINASY.KZ. “Құдықтан су емес, керосин шыққанын естідіңіз бе?”. “Семей экологтары елдің ертеңіне алаң. Өйткені осыдан 40 жылдай уақыт бұрын жер астына сіңген керосиннің Қазақстанды қойып, көршілес мемлекеттерге де залалы тиюі мүмкін. “Дер кезінде алдын алмаса, экологиялық апатқа ұшырауымыз ықтимал” деп мамандар дабыл қағуда.

Семей маңында бұрын ескі әскери аэродром болған. Керосин көлі содан қалған қасіретті “мирас”. Сол кезде әуежай маңындағы әскери бөлімше қарамағында жер астына көмілген авиациялық жанармай цистернасының тесілуі салдарынан ондағы алты мың тоннадан астам керосин бірте-бірте жер астына сіңіп кеткен. Ол 70-інші жылдардың тұсында болған еді. Сол кезден бастап, ол жердің қойнауы керосинді көлге айналған.

Төгілген керосиннің кесірі аудан тұрғындарына ауыр қасірет болды. Жергілікті халық үшін ауызсу – басты мәселе. Суының дәмі керосин татыған ауладағы құдықтардан да еш қайран жоқ. Соның салдарынан бір жұтым суды қарапайым халық үш шақырымдай жерден тасып ішіп отыр. Әсіресе, Аягөз көшесінің тұрғындары таза ауызсуға зәру.

Аудан тұрғыны Нүрзия МЕРГЕМБАЕВАның жер астындағы керосинді кәдеге жаратып, нанын айырып жүргеніне – 13 жыл. “Су жоқ екен деп қарап отырған жарамас. Беретін адамға Құдай қисынын келтіріп береді ғой” деген қағиданы ұстанған ол, алдымен жазғы сарайдың ішінен тереңдігі төрт метрлік құдық қаздырады. “Сол кезде жер астындағы таза керосинді көргенде сенбедім, таңғаларлық жағдай болды”, – дейді Нүрзия.

Жер қойнауынан алынған су аралас керосинді алдымен қалқып, өнімді бөлек құйып алады. Ал түбіндегі су араласқан керосинді сүзгіден өткізеді.

Тынымсыз еңбек келіншектің денсаулығына да әсер етпей қоймады. Осы уақыт аралығында бронхит, астма сынды дертке душар болған…”. Авторы: Әлем МӘДИ.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы қарулы қақтығыс”. “Өткен сейсенбі күні қазақ-қырғыз шекарасында қарулы қақтығыс болды. Алматы облысындағы “Саты” заставасы маңында үш қырғыз азаматы мемлекеттік шекараны заңсыз кесуге әрекеттенген. Олар шекара қызметінің мамандарына алғаш болып оқ атыпты.

Астанада арнайы ұйымдастырылған брифингте ҚР ҰҚК Шекара қызметі бастығының орынбасары Амангелді ӘБІЛҚАНОВ мәлім еткендей, шілденің 13-і күні 16.00-17.00 сағат шамасы аралығында Шонжы шекара жасағының “Саты” заставасы мамандары еліміздің аумағынан қырғыз шекарасына жылқы айдап бара жатқан топты байқайды. Тау сілемдерімен жасырын кетіп бара жатқан аттылы үшеуді аңғарған шекарашылар оларды тоқтатып, құжаттарын тексермек болады. Бірақ әлгілер әй-шайға қарамастан, мамандарға оқ атыпты. Оқ төрт шекарашының біріне тиген. Осыдан кейін застава мамандары да қару қолданып, жылқы айдағандардың екеуін атып түсіреді. Ал үшіншісі құрықталып, заң алдында жауап бергелі жатыр. Ол – Қырғызстан азаматы. Шекара қызметі өкілдерінің хабарлауынша, қолға түскен азамат мамандарға бірінші болып оқ атқанын мойындады. Олардың қолында үш бірдей қару болған. Қазір қару да, қырғыз аспақ болған 20 бас жылқы да тәркіленді. Үйірдің қайдан барымталанғаны тергеліп жатыр…

Бес адам қырғыз елі аумағынан 400 бас мал айдап өтпек болған. Қазір осы екі дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айта кетейік, осындай оқиғаларға қарамастан, қазақ-қырғыз шекарасындағы күшейтілген тәртіп бірте-бірте қалыпты режимге ауыспақшы. Брифингте А.Әбілқанов бұл процестің шілденің 20-сында толығымен аяқталатынын айтты”. Авторы: Болатбек МҰХТАРОВ.

27 жыл болмаған ыстық”. “ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында аптап ыстық болатынын хабарлайды. Ал кеше Маңғыстау облыстық метеорологиялық қызметі өңірде бірнеше аптадан бері сынап бағанасының Цельсий шкаласы бойынша 47 градусты көрсетіп тұрғанын жария етті.

Маңғыстаулық метеорологтардың хабарлауынша, ми қайнатар мұндай ыстық аймақта соңғы 27 жылда тұңғыш рет байқалып тұр. Жергілікті жерлерде термометр көрсеткіші күндіз +47 градусты көрсетсе, түнде +32 градусқа жетеді. Облыстағы ең ыстық елді мекен Қарақия ауданының Аққұдық ауылы делінеді. Ал облыстың әкімшілік орталығы Ақтау қаласында ауа температурасы +40 градусты көрсетіп отыр. Синоптик мамандардың айтуынша, аптап Еуропадан келген антициклонмен байланысты. Дегенмен Астанадағы “Қазгидромет” орталығының мамандары маңғыстаулық әріптестерінің болжамына күдікпен қарайды…”. Авторы: Нұрмұхаммед МАМЫРБЕКОВ.

ZHASALASH.KZ. “Бастықтардың айлық жалақысы”. “ҚР Статистика агенттiгiнiң төрағасы Әлихан СМАЙЫЛОВтың айтуынша, 2010 жылдың мамыр айында орташа есеппен Қазақстанның әрбiр азаматына 39 120 теңге кiрiс кiрдi. Орташа айлық жалақы 74 791 теңгеге жеттi. Жұмыссыздар саны – 495 900, жұмыспен қамту орталықтарына жұмыссыз ретiнде тiркелгендер – 69 500 адам. Төрағаның дерегiне жүгiнсек, Қазақстандағы жұмысқа қабiлеттi азаматтардың 5,7 пайызы ғана екi қолға бiр күрек таба алмай жүр. Ал белгiсiз жұмыссыздар – 0,4 пайыз ғана. Бұл деректер ақиқаттан алыс жатқан жоқ па? Таразылап көрелiк. ..

Әйтсе де, қандай құпиялылығы бар екенiн қайдан, “Нұр Отан” кiмнiң қанша жалақы алатынын әлi күнге түгендемедi. Бiрақ, 2007 жылы ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi жоғары шендi шенеунiктердiң қанша жалақы алатыны жөнiнде ақпарат таратқаны бар. Соңғы үш жылда мемлекеттiк қызметкерлердiң жалақысы 25 пайыздан екi рет 50 пайызға өскенi әмбеге белгiлi. Дәл осы елу пайызды ескердiк те, билiк басында отырғандардың бүгiнгi жалақысын есепшотқа салдық.

Сонымен, айына бiлдей бiр министрлiктiң тiзгiнiн ұстап отырған басшы – 555 366 теңге, министрдiң бiрiншi орынбасары мен агенттiк төрағасы – 424 803, министрдiң орынбасары – 391 689, комитет төрағасы – 341 545, Астана, Алматы қаласының және облыстардың әкiмдерi – 444 670, облыс деңгейiндегi қала әкiмдерi – 222 334, аудан және аудандық қала әкiмдерi – 178 341, ауыл әкiмi – 83 730, департамент директорлары – 163 203 теңге жалақы алатын болып шықты. Бұл көп пе, аз ба?

Осыдан төрт жыл бұрын 30 мың доллардың үстiнде жалақы алады деп президент Н.Назарбаевтың сынына ұшыраған ұлттық компаниялардың алдында бұл не тәйiрi дерсiз, бәлкiм. Бiрақ, 14 952 теңгемен отбасын тербетiп отырған миллиондаған азаматтардың тiршiлiгiмен салыстырып жiберсеңiз….”. Авторы: Дилара ИСА.

KAZ.GAZETA.KZ. Жаңбыр, найзағай, ұйытқымалы жел, бұршақ шақыратын циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттық бөліністер Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райына өз әсерін тигізуін сақтайды, деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарының кей жерлерінде секундына 15-20 метр, ал Оңтүстік Қазақстан облысында секундына 24 метр жылдамдықпен жел соғады.

Қызылорда облысында секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғып, шаңды дауыл тұрады.

Солтүстік Қазақстанда және түнде Ақмола облысында кей жерлерде тұман түсуі мүмкін.

Атырау, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда облыстарында аптап ыстық болады.

“Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды облыстарында, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде 5 класты ыстықтың қауіпі сақталады”, деп хабарлайды метеорологтардың ақпаратына сілтеме жасай отырып Төтенше жағдайлар министрлігі.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ