«Азиадаға дайын». «ЕҚЫҰ төрағасының уәдесінде пәтуа жоқ». «Қазгидромет Оңтүстік Қазақстан облысының тау өзендері тасуы мүмкіндігін ескертеді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 16 шілде 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “ЕҚЫҰ төрағасының уәдесінде пәтуа жоқ”. “ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлері кеңесінің Алматы маңындағы Ақбұлақ демалыс орнында 16-17 шілде күндері өткелі отырған саммиті алдында Халықаралық журналистерді қорғау комитеті осы ұйымның қазіргі төрағасы Қазақстандағы сөз бостандығы мен адам құқтары жағдайына назар аударуды сұрап, ашық хат жолдап отыр.

Халықаралаық журналистерді қорғау комитетінің ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлеріне жолдаған ашық хатында былай делінген: “Осы жылдың соңына қарай Астанада ЕҚЫҰның саммитін өткізу мәселесін талқылауға жиналғалы отырсыздар. Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық тізгінін алардан бұрын адам құқтарының сақталуы талаптарын жақсарту, сөз бостандығын жетілдіру міндеттемелерін мойнына алған болатын…”. Авторы: Сағат БАТЫРХАН.

Аманжолов ауылынан “Алтын ханшайым” табылды”. “Cәрсенбінің сәтті күні Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Арман БЕЙСЕНОВ бастаған археологтар көп жылғы зерттеу, қазба жұмыстарының нәтижесінде Орталық Қазақстан аймағынан табылған тұңғыш алтын адамға кездесті.

Ақын Қасым Аманжолов ауылының шетіндегі Талды қорымдарында 20 қорған болатын болса, оның сегізі – ежелгі сақтардың қорғаны. Бұл қорғандарға жәй қарапайым адамдар жерленбеген. Осы қазба жұмыстары жүргізілген қорғандардан тек қана ел билеуші адамдарға ғана тән бұйымдар табылуда…

Яғни, Орталық Қазақстан аймағындағы ерте сақ дәуірі мәдениетінің бір көрінісі деп білеміз дейді қуанышты археологтар….”. Авторы: Рымбек СМАҒҰЛОВ.

EGEMEN.KZ. “БАЛУАН БАБА АТЫНДАҒЫ САРАЙ АЗИАДАҒА ДАЙЫН”. “Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Азия ойындары өткізілетін басты спорттық нысанның бірі – Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайын аралап көрді.

Жаңартылған, күрделі жөндеуден өткізілген Спорт сарайы ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Мұнда спортшыларға, спортсүйер қауымға, сонымен қатар, қазақстандық Азиаданы көрсететін бұқаралық ақпарат құралдарына барлық жағдай жасалған. Қазірдің өзінде Спорт сарайында халықаралық федерациялардың күнтізбесіне кіретін үлкен жарыстар өткізіліп жүр…

Спорт сарайының әзірлігіне ризашылығын білдірген Елбасы мұнда Қысқы Азия ойындарының салтанатты жабылуы болатынын жеткізді”. Авторы: Бақыт БАЛҒАРИНА.

ALASHAINASY.KZ. “Ел болып еккен көшеттер көктей солып жатыр”. “Былтыр қоңыр күзде облыс басшысы Асқар МЫРЗАХМЕТОВтің бастамасымен қала сыртынан 1000 гектар аймаққа 400 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылған болатын. “Жасыл желек аймағы” деген атауға ие болған осы игі істі сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары “оңтүстік орманды өлкеге айналады” деп жарыса жазған болатын. Әрине, Елбасымыздың өзі жариялаған “Жасыл ел” бағдарламасының аясында қолға алынған бұл тірлік қуаттауға, қолдауға тұрарлық. Егер қаланың қалдық сулары төгілетін аумақтан орын тепкен “Жасыл желек” күннен-күнге қос өкпесі қысылып бара жатқан қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, қаланың көркіне көрік қосып жатса, неге қолдамасқа?!

Мұны бір реттік науқан немесе алаулатып-жалаулатып басталып, артынан сұйылып сала беретін шара деуге болмайды. Ауқымы кең, болашағы бар жоба. Келешекте бұл аймақтағы көшеттердің көлемін 10 мың гектарға дейін ұлғайту көзделгені көпшіліктің көңілінен шыққаны да рас. Бірақ… Асқар Исабекұлының тәп-тәуір бастамасымен егілген көшеттер көктемде-ақ көктей сола бастағанын біраз уақыт бұрын мәселе етіп көтерген бірқатар қалалық мәслихат депутаттары “Жасыл желек” аймағында тиісті деңгейде бақылау болмағандықтан, жас көшеттердің барлығына дерлік қурап қалу қаупі төніп тұрғанын айтып, дабыл қаққан болатын…”. Авторы: Шадияр МОЛДАБЕК, Оңтүстік Қазақстан облысы.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Судья 24 сағат бойы судья екенін ұмытпауы керек”. “Мұсабек ӘЛІМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы: Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында сот төрелігін іске асыру нәтижелері бойынша кеңейтілген жиын болып өтті. Оған Жоғарғы Сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков пен облыс әкімі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ қатысты.

Жиынды жүргізіп отырған облыстық соттың төрағасы Абай РАХМЕТУЛИН алғашқы баяндама кезегін облыстық соттың апелляциялық және кассациялық сот алқасының төрағалары Ержан ҚАРАБАЕВ пен Ғалымжан МЫРЗАКЕге ұсынды. Олар жыл басынан бері жаңаша жағдайда жұмыс істеген алқалардың алғашқы жартыжылдықтағы атқарған жұмыстарына егжей-тегжей тоқталып өтті.

Статистикаға сүйенсек, артта қалған 6 айдың ішінде облыстық соттың апелляциялық сот алқасында 982 іс қаралған. Жалпы шығарылған шешімдердің 605-і, яғни 5 пайызы апелляциялық тәртіппен қаралып, оның 26-сы (0,2 пайызы) бұзылған. Өткен жылы апелляциялық сатыда қаралған 545 шешімнің 37-сі (0,4 пайызы) бұзылған болатын. Ал кассациялық сот алқасына осы мерзім ішінде азаматтық істер бойынша барлығы 252 шағым түсіп, олардың 58-і қаралған. Қабылданған қаулылардың 4-еуі күші жойылуға және өзгертілуге ұшыраған. Бұл барлық қаралған істердің 0,3 пайызын құрайды…

Жарты жылда келіп түскен 43 мыңнан астам құжаттың 55,7 пайызы орындалып, 27 563 мың теңге өндіріліпті. Сөз кезегі келгенде облыстық соттың төрағасы Абай ЖАМБЫЛҰЛЫ жас судьяларды тәрбиелеу ісіне ерекше мән беріліп отырғанына назар аударды…”. Авторы: Шадияр МЕКЕНБАЙҰЛЫ.

ZAMANDAS.KZ. “Башқұртстан президенті “мерзімінен бұрын” орнын босатпақ”. Башқұрт президенті Мұртаза РАХИМОВ жуық арада президенттік орынтағын босатуы мүмкін. Отставкаға кететіні туралы Рахимов шілденің 12-і күні Мәскеуде Ресей президенті әкімшілігінің жетекшісі Сергей НАРЫШКИНмен болған кездесуде мәлім етіпті.

Башқұрт президенті Муртаза Рахимов 1993 жылдан бері Башқұрт еліне басшылық етіп келеді…

Сарапшылар Кремльдің ресейлік аймақ басшыларын жаңарту ісі ельциндік дәуірдің ірі екі өкілі – Свердлов облысының губернаторы Эдуард РОССЕЛЬ мен Татарстан президенті Мінтемір ШӘЙМИЕВтен басталғандығын, енді бұл бастаманың аяқсыз қалмайтындығын айтады…

Бақылаушылардың пікірінше, Муртаза Рахимовтың тағын мерзімінен бұрын босатуына осы елде орын алған сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс түрткі болған, бұл істің басты кейіпкері ретінде президенттің ұлы Орал РАХИМОВтың есімі жиі аталады.

Маусымның 19-ы күні НТВ телеарнасының эфирінде Орал Рахимов пен тағынан тайдырылған Қырғызстанның президенті Құрманбек БАКИЕВтің баласы, қазіргі қырғыз үкіметі іздеу салған Максим екеуін салыстырған сюжет көрсетілді.

Бұл бағдарламада Орал Рахимов республикалық мұнай өндірісінің бұрынғы иесі кезінде мұнай сатудан түскен пайда 500 миллионнан 3 миллиард АҚШ долларына дейін жеткен деп болжау айтылды…

Соңғы жылдары Мұртаза Рахимовтың көзқарасы Кремльмен келіспей қалуы жиіледі. Өткен жылдың жазында “Московский комсомолец” газетіне берген сұхбатында ол федералдық билікті шектен тыс әміршілдігі үшін сынаған болатын. Бұдан кейін Рахимов отставкаға кетеді деген сөз шығып, кейін басылып қалды.

Сонымен қатар, Мұртаза Рахимов маусымның 10-11 күндері Уфада өткен башқұрттардың дүниежүзілік құрылтайында республика басшысы болып тағайындалар адамның келімсек болғанын қаламайтынын ашық айтты…

Мұртаза Рахимов 1993 жылдан бері Башқұрт еліне президенттік етіп келеді. 1998 және 2003 жылдары президенттікке қатарынан екі рет қайта сайланған оны 2006 жылы сол кездегі Ресей президенті Владимир ПУТИН төртінші мерзімге қайта ұсынды. Осылайша, ол жылы орнына қайта жайғасып, президенттік өкілеттілігі 2011 жылдың күзінде аяқталуы тиіс болатын. Бірақ, бұл мерзімді күтуге Кремльдің шыдамы жетпеген тәрізді”. Авторы: Артур НЫҒМЕТОВ, www.azattyq.org.

MINBER.KZ. “Бір өлеңнің баяны”. “2003 жылды аяқтап, 2004 жылды қарсы алар түні “Қазақстан” ұлттық телеарнасы “Бір бала” атты телевизиялық фильм көрсетті.

Фильм қазіргі нарық заманындағы қарапайым отбасының жай-күйінен сыр шертеді. Қиын-қыстау кезеңдегі екіге жарылған отбасыдағы жүдеу тірлік, күйкі өмір. 7 жасар Әсеттің қарындасы Әселдің көңілін табу үшін шырша іздеуі, оған Нұрлан ӨНЕРБАЕВтың кез болуы – фильмнің негізгі арқауы осы. Жинап қойған азын-аулақ ақшасына Әселге шырша сатып Әпермек болған Әсеттің бар қаржысын үптеп кететін маскүнемнің Әсеттің Әкесінің қасынан табылуы және оның Әсеттің аяз атаға жазған хатын оқуы оқиға желісін ширықтыра түседі. Әрине, фильм түсірілгелі бірнеше жыл болды. Оған сыншылар кезінде өз бағасын беріп те қойған болар. Ал, біздің айтпағымыз осы фильмнің – өне бойындағы философияға арқау болған “Оралу” әні жайында болмақ. Бұл өлеңдегі небәрі төрт шумақ фильмдегі басты оқиғаның нәрі десе де болғандай.

“Оралу” әнінің композиторы қазақтың талантты ұлдарының бірі Ғалым БОҚАШ еді. Фильмде әнді орындаушы да – Ғалым Боқаштың өзі. Ал, өлеңінің авторы – Бақытбек БӘМІШҰЛЫ… Қазір біздің әдебиетшілеріміз әлемдік деңгей, “өнер өнер үшін”, “әдебиет әдебиет үшін” деген сонау орта ғасырлар принципі үшін дауласып жатыр. Ал ол өнерден халық ләззат алмаса, оның несі өнер. Өнердің ұлылығының өзі осындай өзің білетін қарапайым өмірді алақаныңда ұстата білуінде сияқты, біз үшін”. Авторы: Есен БАЙНҰР.

KAZ.GAZETA.KZ. “Үлкен шлем ” аясындағы жарыстардың алды саналатын Уимблдон додасында топ жарған тұңғыш қазақстандық теннисші Ярослава ШВЕДОВА бүгін алматылық жас өрендерге арнайы мастер-класс өткізді. Еліміздің бірінші ракеткасынан шеберлік-сабақ алғандардың арасында біздің түсіру тобымыз да болды.

…Бір сөзбен айтқанда, 2008 жылы Қазақстан азаматтығын алған теннисші осы екі жыл ішінде әлемдік рейтингте 92-орыннан 32 сатыға көтерілді. Қазақ еліне келіп бағы ашылған теннисші бүгін өзінің спорттық өміріне мәз-мейрам. Жаңа Отаны жағдайдың бәрін жасап отыр. Қайда барам, қайда жаттығам демейді, ең бастысы — қаржы мәселесі толық шешілген. Тек шеберлігіңді арттырып, қазақтың көкбайрағын желбіретсең болғаны. Америкалық құрбысы Ваня КИНГпен тізе қосқан Ярослава жақында аяқталған Уимблдонның ақтық додасында өзінің экс-отандастары Елена ВЕСНИНА мен Вера ЗВОНАРЕВАны қапы қалырды. Ярослава Шведованың Лондондағы табысы қазақ теннисінің абыройын бір көтеріп тастады. Алматылық жас теннисшілерге үлкен теннистің әліппесінен сабақ берген Шведова, соңынан БАҚ өкілдерімен кездесті…

Қазгидромет Оңтүстік Қазақстан облысының тау өзендері тасуы мүмкіндігін ескертеді.

“Тақау тәулікте (шілденің 16-сы) жауын-шашынның мол түсуіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының тау өзендері тасуы мүмкін”, делінген хабарламада.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ