«Қоғам күткен қажетті реформа Елбасы Жарлығынан бастау алды». «…Отандық өнім үшін экспорттық мүмкіндіктер табу — бізге аса қажет». «Қоғамдық радио құру қажет пе?»

«Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 18 тамыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Рамазанның кейбір дәстүрлеріне жаһандану әсер етіп жатыр”. “Рамазан айында тұтынушылар белсенділігі артады, күтпеген жанжалдар шығып, саяси сауда қызады. Бұл күндері әр елде әртүрлі тосын дәстүрлерді байқауға болады.

Рождествомен салыстырғанда Рамазан айында тұтынушы белсенділігі бәсеңдеу болғанымен, христиандардың сол мерекесінен кейінгі екінші орында тұр. Сөз жоқ, мұсылман әлемінде Рамазан айында мемлекеттік тапсырыс аздау болғандықтан, өндіріс те біршама бәсеңдейді, деп жазады Вали НАСР Американың “Форин полиси” журналында. Рамазан айында Стамбулдағы сауда орталықтары адамға лық толады. Бұл қасиетті ай — Эр-Риядтағы люкс класты автомобильдер дилерлері үшін де сауданың ең қызатын тұсы.

Рамазан айында фаст-фуд желілері де тағамдарын түнге қарай ұсынады. Мысалы, мысырлықтар бұл айда азық-түлікті әдеттегіден екі есе көбірек сатып алады. Ауызашар кезінде жұрт тамақ ішу үшін үйлеріне еріксіз жиналатындықтан дәл осы уақыттан бастап таң атқанға дейін телебағдарламалар жыл бойындағы ең жоғары рейтингтерін жинайды. Араб телеарналары жарнамадан түсетін қаржының 25-30 пайызын Рамазан айында табады….”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

Болат Назарбаевтың бизнес әріптесі болған Эдгар Салдузи жоғалып кетті”. “…Қазақстанда “SM market” супермаркеттер желісі иелерінің бірі, 34 жастағы қазақстандық бизнесмен Эдгар САЛДУЗИдің белгісіз себептермен жоғалып кеткені туралы хабарды оның әйелі Анастасия Салдузи растады деп хабарлады ҚазТАГ агенттігі.Зайыбының айтуынша, тамыздың 14-і күні таңғы сағат 9.30-да Алматыдағы үйінен өз көлігімен шыққан Эдгар Салдузи іскерлік кездесуге баратынын айтқан. Кездесуден шыққан соң үйіне қайтып келетінін ескерткен кәсіпкерді содан кейін туыстары да, достары да таба алмай отыр…

Бизнесмен Эдгар Салдузи мен ел президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Назарбаеваның (қыз күніндегі фамилиясы Құрманғалиева ) арасындағы дау-шар Қазақстан баспасөзіндегі шулы мақалаларға негіз болған-ды.Биыл қаңтар айында “Время” газетінде жарық көрген “Турецкий демарш” атты мақала авторы Геннадий БЕНДИЦКИЙ Алматы машина жасау зауытының бұрынғы иелері Майра Назарбаеваны рейдерлік іс-әрекет жасады деп айыптап, сотқа бергенін жазған-ды. Сот істі арыз иелерінің пайдасына шешкен. Майра Назарбаева да “ақпараттық майданға шындап кірісті” деп хабарлады “Время” газеті. “Еркін баспасөзбіз” дейтін бір басылымда Эдгар Салдузи деген әлдебір қазақстандық бизнесменді әшкерелейтін бірнеше мақала жарық көрді. Ол Майраның сеніміне кіріп алып, миллиондаған долларды жымқыра жаздапты-мыс”, – деп жазады журналист Геннадий Бендицкий…”. Авторы: Ләйлім ӘУБӘКІР.

AIKYN.KZ. “Қоғам күткен қажетті реформа Елбасы Жарлығынан бастау алды”. “Елбасы биылғы өз Жолдауында жария еткелі бері қоғам тағатсыздана күткен құқық қорғау һәм сот жүйесіндегі түбегейлі реформа ақыры бастау алды! Оның жөн-жосығы мен жоба-жоспарын Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ кеше ресми жариялады.

Осы күні Мемлекет басшысы өз Ақордасында жиын шақырып, Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері бойынша кеңес өткізді…

— Мемлекет қабылдаған шаралар арқасында құқық қорғау жүйесі қазіргі заманғы, тез құбылған өмірдің болмысына бейімделе отырып, бөгелусіз әрі орнықты жұмыс істеп тұр! — деп бағалады Н.Назарбаев. Әйткенмен, бұқара халықтың көңілі толмайтын жайттер жетерлік. Соның бірі — нарықтық “қасиеттер” өне бойына дарыған мемлекетте бұрынғы коммунистік-социалистік жүйенің кейбір тетіктерін мұра еткен құрылымның болуы екендігі құпия емес. “Құқық қорғау органдарының қазіргі құрылымының, бірқатар функциялары мен өкілеттіліктерінің қоғамда қалыптасқан нарықтық қатынастарға сәйкес келмейтіндігін айтуға тиіспіз!” деп шарт түйді Мемлекет басшысы

-Құқық қорғау органдарының қызметіне басқару жүйесінің оралымсыздығы, бірінің қызметін бірі қайталау және функцияларының кесе-көлденең өтуі тән! — деп жалғады сөзін Президент Н.Назарбаев. — Сапалық көрсеткіштерді сандық көрсеткішпен алмастырып жіберу орын алды. Бағалаудың қолданыстағы өлшем-критерийлері олардың функционалдық міндеттерді шешуге бағытталуына ықпал етпейді. Осының барлығы халықтың құқық қорғау органдарына, ал олар арқылы бүкіл билікке деген сеніміне селкеу түсіруде!…

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев барлық құқық қорғау органдарының басшыларын халық арасына жиі шығып, бұқарамен көбірек әңгімелесуге, өз істерін түсіндіруге міндеттеді. Айтқандай, реформа нәтижесінде Қазақ елінде заңды түрде жеке детективтер пайда болады.

Реформадан жергілікті әкімдер де тыс қалмайды, оларға “құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша ахуалға арттырылған жауапкершілік жүктеледі”. “Әкімдер тұрақты түрде Үкімет отырыстарында нәтижелер туралы есеп беріп отырады” деді Нұрсұлтан Назарбаев. Яғни жергілікті билік “шерифке” айналады! Қорытындылай келе, ел Президенті Мемкомиссияның таратылмайтындығынан құлағдар етті. Ондағылар өз жұмыстарын жалғастырып, Жарлықты жүзеге асыруды аяғына дейін жеткізбек! Ал “барлық күш құрылымдарының жұмысын үйлестіру” және “олардың қызметіне кең ауқымды бақылау жүргізу” ісін Қауіпсіздік кеңесі өз қолына алды”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

Әсет Исекешев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Индустрия және жаңа технологиялар министрі: Отандық өнім үшін экспорттық мүмкіндіктер табу — бізге аса қажет”. “- Әсет Өрентайұлы, Қазақстан шетел нарығына шикізаттан басқа ешнәрсе экспорттамайды деген пікір бар. Қазақстанның шикізаттық емес экспорттық әлеуетін сіз қалай бағалар едіңіз?

— Қазақстан экспорты тек шикізаттық бағытқа қалыптасқан деген қасаң пікір қазіргі заманның ойдан шығарылған аңызы дер едім. Мынадай мысал келтіре кетейін, Қазақстанның астық нарығындағы үлкен ойыншы екендігін барлығы да біледі. Бірақ астықтың еліміздің ауыл шаруашылығы өнеркәсібінің негізгі экспорттық өнімі болудан қалып бара жатқандығын ешкім біле бермейді. Міне, Қазақстанның ұн экспорты, жоғары өңдеу деңгейін көрсететін өнім жөнінен әлемдегі алдыңғы қатарлы орындарға шығып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Ал ұн өндіру саласының жеке сала ретінде мемлекет тарапынан ешқандай да жәрдем алмай-ақ, өздігінше дамығанын айтпай-ақ қояйын. Дегенмен де қатардағы азаматтың санасында “Қазақстан — астық — экспорт” деген секілді біржақты ұғым сіңіп қалған….

Ал дерекке жүгінетін болсақ, бүгінгі күнде Қазақстанның 1000-нан астам кәсіпорындары экспорттық операциялар жүргізуде. Оның ішінде шамамен 800-і өңделген өнімдер шығарады. Ал ТМД нарығына “Made іn Kazakhstan” белгісімен мұнай-газ жабдықтары, бұрғылаушы қондырғылар, подшипниктер, құрамдас бөлшектер, темір бұйымдары, ауыл шаруашылығы техникасы, азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмектер жеткізілуде. Біздің аккумуляторлар, трансформаторлар мен құбыр бұйымдарымыз Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан нарығынан өз орындарын тапқанын айта кетуге тиіспіз. Еуропа елдеріне мата өнімдері, балалар және спорттық киімдерді шығара бастадық. Азық-түлік өндірушілер мен құрылыс материалдарын өндірушілер де аяқтарынан тұрып келеді. Біз ұн, балық, кондитер өнімдерін, құрғақ құрылыс қоспаларын экспорттауды да дұрыс жолға қойдық деп нақты сеніммен айта аламыз. Бұл — отандық экспортқа шығатын тауарлардың толық емес тізбесі. Демек, алда бізді жүйелі жұмыстар күтіп тұр…”. Сұхбаттасқан Еркін ҚАЛДАН.

Барлық аймақта нан бағасы тұрақтады”. “Билік нан үшін шайқасты бастады. Ақыл қосып, алқа құру үшін Үкіметбасының бірінші орынбасары Өмірзақ ШӨКЕЕВ Астанаға барлық облыс әкімдерінің “оң қолдарын” жедел жиған.

Үкімет үйіндегі кеңеске орталықтан бүкіл жауапты мекемелердің басшылары қосылды. Осы жиында мемлекеттің бұл күресте өзімен бірге болмағандарға қарсы тіпті жазалау тетіктерін пайдаланатындығы ашық айтылды. Еліміздің монополияға қарсы бас күресшісі Үкімет басшылығын ұн бағасының “басқа шауып, төске өрлеуіне” Қазақстанда “ешқандай экономикалық та, басқа да негіздің жоқ” екендігіне сендірді. Яғни “ас атасының” шикізатын қымбаттатқан кез келген компания басшылығы бұған тек ұлт мүддесін қара басының қамы үшін “құрбан” етіп, қиындықты өз орайына пайдалану, қосымша пайда көру үшін бармақ. Осыған тоқтаса керек, жиылғандар Бәсекелестікті қорғау агенттігінің басшысы М.Есенбаевтың: “Ұн бағасын негізсіз көтерген ұн тартатын кәсіпорындар жазаланатын болады!” деген мәлімдемесін мақұлдай қарсы алды”. Авторы:Елдос СЕНБАЙ.

ALASHAINASY.KZ. “Импортқа тек экологиялық таза өнім ғана төтеп бере алады”. “Адам аштан емес, астан өледі” дейді қазақ. Бұл сөз азық-түлік тұтынушыларының санасына сәуле түсіргелі бері, жұрттың көпшілігі экологиялық таза өнім іздейтін болды. Сондықтан болар, тұтынушылардың бір бүйрегінің шетелден келетін өнімдерге бұрып тұратыны. Бұл біздегі отандық өнім өндірушілердің айын оңынан тудырмады. Экологиялық таза өнім шығару жағынан келгенде, біздің өнімдердің импорттық тауарлармен терезесі тең емес. Сондықтан да керегесі кең емес. Яғни тұтынушылар аз.

Осыған байланысты төрт жыл бұрын Экологиялық таза өнімдерді стандарттау жөніндегі техникалық комитет құрылған болатын. Комитеттің мақсаты – жұртты экологиялық таза өніммен қамтамасыз ету. Сондай-ақ отандық өнімдерімізді бәсекеге қабілетті қылу. Комитеттің қатысуымен кеше Астанада “Қазақстанда экологиялық таза өндірістер индустриясын дамыту перспективалары” атты дөңгелек үстел өтті…”. Авторы: Салтан СӘКЕН Астана.

Қоғамдық радио құру қажет пе?”. “Азаматтық қоғамның ең басты алғышарты демократия десек, демократия дегеніміздің өзі – бостандық. Сондықтан біз бұл жерде БАҚ-тың қуаты дегенде, оның тәуелсіздігі мәселесін меңзеп отырмыз. Өркениетті елдерде ақпарат құралы атаулы түгелімен дерлік тәуелсіз, яғни қоғамдық сипатқа ие. Ал бізде қоғамдық телеарна құру жайы қаншама жылдан бері сөз болып келеді. Алайда әлі күнге нәтижесіз…

Қоғамдық телеарнамен қатар радио құру мәселесін осы күзден қалдырмай нақты қолға алып жатқан бір ел – Украина. Ел Президенті В.ЯНУКОВИЧтің өзі бүгінде оған бұйрық беріп те қойған. Ал бізде бұл мәселе әлі “қажет пе, қажет емес пе?” деген таразы табағында тұр. Өркениетті елге тән өрелі ой тұрғысынан қарағанда, адам және демократия басты құндылығы болып саналатын азаматтық қоғам құрғымыз келсе, қоғамдық арна да, радио да аса қажет. Аты айтып тұрғандай, бұл құралдар бұқараның мүддесін күйттеп, мінберіне айналуы тиіс. Бәлкім, оның маңызын жұртшылық бүгін жүз пайыз толық түсінбейтін шығар, бірақ бірте-бірте оның өздеріне ең жақын жанашыр, арқа сүйер асқар тау екенін ұғынары сөзсіз...”. Авторы: Мәриям ӘБСАТТАР.

ZHASALASH.KZ. “Реформаның жөнiн Саакашвилиден сұра”. “…Орыстар реформаны “милициясын” “полиция” деп ауыстырудан бастады. Ал бiз неден бастағанымыз жөн? Бұл тұрғыда бiзге Ресей емес, Грузия мысал болса керек-тi. Ресейлiк бизнес-кеңесшi Николай КОВАРСКИЙ жақында forbes.ru сайтында “Грузинше тәртiп орнату” деп аталатын мақала жариялады. Онда былай дейдi: “Көктемде Грузияға бардым. Ондағы мақсатым — грузиндердiң құқық қорғау саласын қалай реформалағанын көру болды. Оны қалай жүргiзгенiн әуежайдан шыққанда-ақ байқайсың. Полицейлерi сымдай тартылған сымбатты, мұнтаздай таза һәм мәдениеттi. IIМ-нiң және өзге де күштiк құрылымдар өкiлдерiмен кездестiм. Мұнда құқық қорғау саласын реформалау төңкерiстен кейiн басталыпты. Оның жемiсiн әр аттаған сайын көруге болады. Полицейлерi пара алуды қойған. Тiптi оппозициялық бағыттағы жұрттың өзi полицияны сыйлайтын болыпты. СААКАШВИЛИ сайлана салып-ақ, бұрынғы билiктен мүлдем бөлек екенiн көрсеткен. Ұлттық қауiпсiздiк министрлiгiн таратып, оның шаруасын жаңа жасақталған IIМ мен өзге органдарға бөлiп тастаған. Iшкi iстер саласын түбегейлi тазартқан. IIМ-дегi 85 мың қызметкердiң 75 мыңы жұмыстан шеттетiлген. Үш ай бойы жол жүру ережесiн ешкiм қадағаламапты. Бұның жайын министр Вано Мерабишвилиден сұрағанымда ол былай дедi: “Жұрт аз уақыт шыдай тұруға келiстi. Бiз аз уақыттың iшiнде IIМ жұмысын түбегейлi өзгертiп, жұмыс iстей бiлетiн жаңа қызметкерлер таптық”.

…Реформа жылдарында полицейлердiң жалақысы 15 еседен 40 есеге дейiн өскен. Грузияда орташа жалақы — 200 доллар. Ал учаскелiк инспектор — 500, патруль қызметкерi — 1000, бөлiм басшылары мен детективтер 2000 долларға дейiн жалақы алады. Бұған қоса медициналық сақтандыруы, түрлi сыйақылары тағы бар.

Қазiр Грузияға емiн-еркiн келiп, өз кәсiбiңдi ашып, бейқам жұмыс iстеуге болатынына көзiм жеттi. Ресейдегiдей емес, бiрде-бiр бандит, бiрде-бiр полицей сiздiң мазаңызды алмайды. Мен бұл сапарымнан қарапайым ой түйiп қайттым: реформа жүргiзу өте оңай екен, тек басшы ынты-шынтысымен кiрiссе болғаны”.

Ендеше, құқық қорғау саласын реформалаудың жөнiн ұялмай-ақ Саакашвилиден сұрайық. Реформаны дұрыс жүргiзу үшiн мiндеттi түрде төңкерiс болуы шарт емес шығар…”. Авторы: Ерiк РАХЫМ.

MINBER.KZ. “БАЯН-ӨЛГИЙ АЙМАҒЫ – БҰЗЫЛМАҒАН ҚАЙМАҒЫ”. Моңғолияның қазақ ұлттық аймағы – Баян-Өлгийдiң 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Қазақ шаңырағынан жырақ – алыс бiр ауылда жеке отау көтерген баянөлгийлiктер үшiн осы бiр қара шаңырақтың маңызы мен мәнi ерек. 1940 жылы Баян-Өлгий аймағы ұлттық статусын алған кезде ондағы қазақтардың саны 30 мыңның айналасында болыпты. Ал, 1991 жылы Моңғолиядан Қазақстанға көш басталғанда қазақтың саны еселеп өсiп, 200 мыңға жуықтаған. Демек, Баян-Өлгий аймағы қазақтардың алтын бесiгi, құт ұясы болғандығы осыдан-ақ айқын көрiнiп тұр.

Тарихи деректердi сөйлетсек, Моңғолияға қазақтар алғаш 1860 жылдары, яғни Ресей мен Қытай империясы қазақ жерiн бөлшектеп, алғаш шекара бағанын қадай бастаған тұста, Моңғолияның Маньчжурияның бұғауынан босап жеке шаңырақ құруға ұмтылған кезеңiнде қоныс аударған екен…”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, “Түркістан” газетінен.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстандық компанияларға халықаралық сапа жүйесінің енгізілуі Кеден одағы елдеріне өздерін мойындату үшін маңызды болмақ.

Кәсіпорындардың “Алтын сапа” ұлттық байқауына қатысуына арналған Тараздағы аймақтық семинар барысында осындай пікірлер айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Бақытбек ИМАНӘЛИЕВтің айтуынша, бұл құрылған Кеден одағы аясында жұмыс істеулері керек болатын шағын және орта бизнес өкілдері үшін өзекті мәселе.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ