«Қазаққа қандай куәлік қажет?». «Қара орманың – қазынаң немесе қаскөйліктен қашан құтыламыз?». «472 үміткерге «Болашақ» стипендиясы тағайындалды». «Жылқы – түлік төресі»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 19 тамыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Көші-қон департаменті: Азап шеккенін дәлелдеу үшін босқын дәрігердің қағазын көрсетуі тиіс”. “Биылдан бастап Қазақстанда “босқын” мәртебесін беру ісімен мемлекеттік органдар айналысады. Азаттық радиосына берген сұхбатында Алматы қаласы бойынша көші-қон департаментінің директоры Гүлсара АЛТЫНБЕКОВА “Босқындар туралы” заң күшіне енгеннен кейінгі өзгерістер жайында әңгімелейді…”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

AIKYN.KZ. “Қазаққа қандай куәлік қажет?”. “Қазақта куәлік болмаған” деген жаңсақ пікір бар. Шындығында, қазақтың куәлігі әлем тарихында теңдесі жоқ, мығым да берік, қалтқысыз жүйе болған. Өйткені руға бөліну, әлемнің бірде-бір елінде болмаған. Халқымыз ру сұрасу арқылы-ақ кімнің кім екенін, қай атаға жататынын, сол секілді өзге де деректерді біліп отырған. Ал енді қолға ұсталатын құжаттар тек Ресей патшалығының құрамына енгеннен кейін ғана қолданыла бастады. Алайда олардың қазақтар қолына тигені шамалы. Бай-манап, шенді-шекпенділер ғана құжат ұстау құрметіне ие болды…

Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында да бүкіл елге бірегей төлқұжаттар пайдаланылған жоқ. Рас, халыққа құжаттың берілуі патшалық дәуірден гөрі еркінсіді. Бірақ болыстық атқару комитетінің мәліметі бар кез келген құжат (дәлірек айтқанда, қағаз) ресми төлқұжат есебінде жүріп жатты. Жазу-сызуды танып үлгермеген халық үшін бұл қағаздың қазіргі ҰҚК билетінен кем болмағаны белгілі. Ал біртұтас төлқұжат жүйесін енгізуді міндеттегн №57/1917 қаулы тек 1932 жылғы желтоқсан айында шығарылған. Бұл құжаттарды азаматтың туылған уақыты, ұлты, отбасылық жағдайы мен әскери қызметке қатыстылығы көрсетілетін болған…

Тәуелсіз Қазақстанға келейік. Республика Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі № 1063 Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесінде “ел азаматтарының тұратын жеріне қарамастан жеке басын куәландыратын құжаттары болуы керек” деп көрсетілген. Ал мұндай құжаттарға — жеке басты куәландыратын куәлік пен паспорт жатады…

Бақыт ӘБІШЕВ, Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің төрағасы: — Биометриялық құжаттарды жасап шығару 2001 жылы қыркүйектің 11-інде АҚШ-та болған ірі лаңкестік оқиғадан кейін туындады. Мәлім болғанындай, бұл елге лаңкестер жалған құжаттармен кірген….

“Қазақ” куәлігін білесіз бе? Иә, тарихта мұндай да куәлік болған. Арғы жылдары емес, бертінде, елімізге отандас бауырларымыз орала бастаған 90-жылдары. Дәл осы жылдың басында үкіметтің №791 қаулысы бойынша, елге оралған бауырларға “қазақ” деген куәлік беріліп, ол бойынша отандастарымыз көптеген жеңілдіктерге ие болатын. Алайда кейін бұл куәлік жойылды да, оларға “оралман” деген мәртебе берілген…”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

ANATILI.KZ. “Есірткі саудасы есіріп тұр”. “Еліміздегі ең жас нашақор жетi жаста. Иә, естіген құлаққа түрпідей тиері анық. Себебі жаман кесел тез тарап, ана сүтi аузынан кетпеген балаларға да жетті. Осылайша қазақтың тегiнде болмаған есiрткi қазiргi таңда есiрiп кеткен. Жыл сайын есiрткiнiң салдарынан республика бойынша 300 адам қайтыс болады. Қазiр Қазақстанда ресми мәлiмет бойынша 54 мыңға жуық нашақор тiркеуде тұр. Бұл – тек ресми мәлімет қана. Ал тiркелмегендерiнiң қанша екенi әзiрге белгiсiз. Республикамызда нашақорларды емдейтiн 9 орын бар. Үстiмiздегi жылы мамандар нашақорлыққа бас ұрған адамдарға арнайы тексеру жұмыстарын жүргiзген. Нәтижесiнде нашақорлардың 60 пайызы 30 жасқа дейiнгi жастар мен әйел адамдар екенi анықталған. Есiрткi таратуға қарсы қылмыстық жаза күшейтiлдi, Үкiмет тарапынан қомақты қаржы да бөлiнуде. Бiрақ нашақорлардың саны азаяр емес. Заңгерлердiң айтуынша, есiрткi бизнесi тамырының тереңге бойлауына одан түсетiн қыруар ақша себеп болуда…

…Сарапшылардың пiкiрiнше, бiздiң елiмiз тiптi есiрткi саудасының жол торабына айналған. Жыл сайын есiрткiмен күрес шараларына бөлiнетiн қаржының көбеюiне қарамастан, нашақорлар саны күннен-күнге өсiп келедi”. Авторлары: Аслан ҚАЖЕНОВ, Нұрлан ҚҰМАР.

Қара орманың – қазынаң немесе қаскөйліктен қашан құтыламыз?”. “Кейінгі жылдары республикамыздың орман қоры аумағында 2257 орман өрті орын алыпты. Ең өкініштісі, бұл өрттердің 70 пайызы отты дұрыс пайдаланбаудың салдарынан және қасақана әрекеттердің кесірінен болған көрінеді. Яғни адами фактор табиғи үдерістерге қарағанда басты зиян келтіруші болып отыр. Статистикаға сүйенсек, өрт 4 млн. текше метрге жуық ағашты жойса, соның ішінде ірі орман өрттері Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы облыстарында орны толмас флоралық және фауналық шығындарға ұрындырған. Әрине, биыл да еліміз үшін бұл тарапта аса оңды болып тұрған жоқ. Байтағымыздың төрт тарабы − Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында орын алған бұрын-соңды болмаған аптап ыстық пен солтүстік облыстардағы қуаңшылық өз дегенін істеді. Айталық, бір ғана Алматы облысында көгалды 108 гектар жер өртеніп кетті…

Ендеше, айтсақ дегеніміз, орман, оның көгі мемлекетке ғана керек емес. Өйткені ол әрқайсысымызға, қоғамға, болашақ ұрпаққа керек. Тиісінше орманға жасалған қастандық – өзіңе қол салумен бірдей әрекет. Орман – ортақ қазынамыз, осыны ұғатын кез жетті”. Авторы: Ерболат МАМЫРАЙХАН.

ALASHAINASY.KZ. “472 үміткерге “Болашақ” стипендиясы тағайындалды”. “… Ақордада Мемлекеттік хатшы-cыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті мәжілісі өтті. Ағымдағы жылы “Болашақ” бағдарламасы бойынша құжат тапсырғандардың саны 3408 үміткер болса, соның 816-сы осы республикалық комиссияның отырысына шығарылды. Нәтижесінде комиссия 472 үміткерге “Болашақ” халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдады”.

Астана Ақ Азиадаға дайын емес”. “Елімізде өтетін дүбірлі дода – VII қысқы Азия ойындарына Астана қаласы дайындықсыз отыр. Тексеру барысында елордадағы қонақүйлердің басым бөлігі шетелдік қонақтарды қарсы алып, күтуге мүлдем дайын емес болып шыққан…

Жаңа стандарт елордалық сервиске серпін беріп жатса, неге қуанбасқа? Ең бастысы, айдай әлем алдында еліміздің бет-бейнесі жарқын болады. Оған таласымыз жоқ. Тек әттеген-айы, өн бойы орысша өрілген жиында мемлекеттік тілдің салмағын сезе алмадық. Ең болмаса, “жаңа жоба аясында елордалық қызмет көрсету орындарында ұлттық құндылықтарды насихаттау немесе қазақ тілінде қызмет көрсету секілді талаптар енгізілді ме?” деген сауалмен Астана қалалық Туризм және спорт басқармасының бастығы Айталап ҚОРҒАНБАЕВқа барып жолыққанымызда, “ол жағын ойланбаппыз” деген сүреңсіз ғана жауап алдық…”. Автор: Бүркіт НҰРАСЫЛ, Астана.

Демократияны насихаттаушының барлығын риясыз дей алмаймыз”. “Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА, Орталық Азиялық демократияны дамыту қорының директоры, саяси ғылымдардың кандидаты:

– Орталық Азиялық демократияны дамыту қоры немен айналысады, қандай жобалармен жұмыс істейсіздер?

Бұл қордың Қазақстанда жұмыс жасап жатқанына 5 жыл болды. Біз Қазақстанның және аймақтағы өзге де елдердің жан-жақты келбетін айқындайтын әлеуметтік және саяси зерттеулер жүргіземіз. Осы уақытқа дейін Орталық Азия жөнінде батыс ғалымдары көптеген зерттеулер жүргізіп, монографиялық еңбектер қалдырған. Шетелдіктер біздің аймақпен көбіне осы еңбектер арқылы таныс. Алайда оларға аймақтың ішкі көзқарасы беймәлім болып келеді. Біздің негізгі мақсатымыз – аймақты қазақстандық сарапшылардың көзқарасымен салмақтау

– Қазақтілді саясаттанушылар мен орыстілді сарапшылардың өнімінде айырмашылықтар байқала ма?

Айтарлықтай үлкен айырмашылық байқалады деп айта алмаймын. Дегенмен қазақтілді сарапшылардың, негізінен, көтеретін тақырыптарында, кейде көзқарастарында айырмашылық болып жатады. Дегенмен орыстілді және қазақтілді саясаттанушылардың екеуінің де соқтығып жатқан проблемалары ұқсас”. Сұхбаттасқан Сәкен КӨКЕНОВ.

ZHASALASH.KZ. “Эдгар Салдузи қайда жоғалды?”. “…34 жастағы кәсiпкер, SMmarket дүкендер жүйесi қожайындарының бiрi Эдгар САЛДУЗИдiң iз-түзсiз жоғалып кеткенiн полицияға оның жұбайы Анастасия Салдузи хабарлаған…

Кеше кешкiсiн интернет сайттарда тағы бiр ақпарат жылт еттi. Қаржы полициясы Эдгар Салдузидiң үстiнен бiрнеше қылмыстық iс қозғапты. Ол аса iрi көлемде қаржы ұрлаған көрiнедi. Қаржы полициясының пайымына сенсек, Салдузи оққағары мен жүргiзушiсiн әдейi тастап шығып, әлдебiр жаққа табанын жалтыратуы да мүмкiн”. Авторы: Е.БИЕКЕ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Құқықтық өзгерістер сот жұмысының сапасын арттырады”. “….Бұдан бұрын жасалған реформалардың өз нәтижесін бермей, сала қызметкерлері арасындағы келіспеушілікке, бұрмалаушылыққа, науқаншылдыққа жол ашқанын айтқан Елбасы “өкілеттіктерді нақты бөлу және құқық қорғау органдарын өздеріне тән емес функциялардан босату, қылмыстық істерді тергеу жүйесін оңтайландыру” барлық құқық қорғаушылар жұмысының жүйеленуіне, тиімділігінің артуына септігін тигізетініне сенім білдірді. Сонымен, жаңа өзгерістер бойынша Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің орнына Жоғарғы Соттың жанынан Сот қызметін қамтамасыз ету департаменті құрылмақ. Жаңа департамент құзырына соттардың, сот приставтарының басшылық қызметіне қатысты ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және өзге де қамсыздандыру жұмыстарын ұйымдастыру кіреді деп күтілуде. Өз кезегінде Сот әкімшілігінің құрамына кіретін сот шешімдерін орындау жөніндегі органдар мен өкілеттіктер Әділет министрлігінің құзырына өтпек. Бұрын сот приставтарының жұмысын сот әкімшілігі қадағалайтын болса, ендігі жерде сот шешімдерінің уақтылы орындалуын бақылау Әділет министрлігі құзырына өтпек. Бұл шара сот шешімдерінің дер кезінде орындалуы үшін жасалып отырған қадам екені түсінікті….”. Авторы: Айнұр СЕМБАЕВА, “Заң газеті”.

USHKIYAN.KZ. “Жылқы – түлік төресі”. “…Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары ұйымдастырылған бәйгелерден қазақи жылқылар қалыс қалып отыр. Бұған басты себеп – таза қанды тұлпарларға шақ келмейді-міс. Бәйгеде жылдамдық басты орында. Сондықтан алыс емес, қысқа шақырымдық жарыс бекітілген. Бұл – әлемдік стандарт. Ал, біздің қазақы тұлпар ұшқыр емес, ұзаққа шабады. Ал, қазіргі тұлпар деп жүргендерді 50-60 шықырымдық бәйгеде шаптыратын болсақ, өліп қалатыны тәжірибеде дәлелденген. Ал, қазақы тұлпарларымыз бір жылдары Америкада өткен шаман бәйгеде 150 шақырымға шауып, бірінші болып келген екен. Төл жануарымыз шынымен шабысқа жарамай ма, әлде бұл жылқы танымайтындардың айтып жүрген бос әңгімесі ме екен?!…”. Авторы: Қарлығаш ҚАДЫРБАЕВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.

KAZ.GAZETA.KZ. Режиссер Еркін РАҚЫШЕВ “Борат, менің ағам” фильмінің түсірілім жұмыстарын бастады. Бұл кинокартина америкалық сайқымазақ Саша Барон КОЙЕНнің түсірген “Борат” фильмінің жалғасы болмақ. “Жаралы сезім”, “Жетімдер” лирикалық фильмдерімен таңылған Еркін Рақышев бұл киноны түсіру арқылы еліміздің әлемдегі абыройын қайта көтерем деп отыр…

Білім және Ғылым министрлігі елімізде мектеп ұстаздарының біркелкі киім үлгісін шығаруды көздеп отыр. Тіпті, алдағы оқу жылының өзінде Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының оқушыларымен бірге ұстаздары да жаңа үлгіде киіне бастайды. Министрліктегілер бұл бастама — оқу орындарындағы тәртіпті күшейтіп, әлеуметтік теңсіздікті жояды деп есептейді….

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені таяздап барады. Мамандардың айтуынша, бұған ең алдымен биылғы қуаңшылық пен аптап ыстық себеп. Тіпті кейбір жерлерде өзеннің тереңдігі 22 сантиметрден аспайды. Бұл жағдай осы аумақтағы кеме қозғалысына кедергі болып отыр. Сондықтан қазір өзен бойындағы транспорттық байланыс тоқтатылып, Жайықтың түбін қазу шаралары жүргізілуде.

Жалпы Жайық өзенінің осынша таяздауы соңғы жиырма жылда алғаш тіркеліп отырған құбылыс. Орал су жолдары кәсіпорнының мамандары бұл мәселені шешу үшін қолда бар техниканы жұмылдырған. Бұл өзен түбін тереңдету үшін істеліп отырған мәжбүрлі әрекет. Мамандардың айтуынша, кеме қозғалысының қауіпсіздігі үшін, өзеннің тереңдігі кем дегенде 1 метр 5 сантиметр болуы тиіс, ал қазір кей жердерде ол адамның тізесінен де аспайды. Су жолдары кәсіпорныныңн мамандары бұл мәселені шешу үшін Үкімет тарапынан да көмек сұрайды. Өйткені, бір ғана эксковатормен өзен арнасын тереңдету тым ұзаққа созылуы мүмкін…

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ