«Көп қазақ сериал көріп, күйбең тіршілігін ұмытады». «Ата-жұртына қоныс аударған оралман бауырларымыздың бүгінгі хал ахуалы қалай?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 31 тамыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкету әрекетіне қатысты сот аяқталды”. “…Австрияның “Остеррайх” газеті өткен бейсенбі күні Вена қаласында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр МҰСАЕВты ұрлап әкетуге қатысты сот ісі аяқталғанын хабарлайды. Күдіктілердің қатарында бір қазақ студенті бар болып шықты. Ол қылмыс орнына Берлиндегі қазақ елшілігі өкілдерінің тапсырмасын орындау үшін барған. Хабарламада я студенттің, я оның серіктерінің аты-жөндері жазылмаған. Тергеу кезінде анық болғаны – бұл студентке Әлнұр Мұсаевты аңду, оны ұрлап әкетуге болысатын адамдарды табу тапсырылған….

Әлнұр Мұсаевқа шабуыл жасауға қатысты бірінші сот кезінде Қазақстанның бас прокуратурасы Мұсаевтың өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі тоқтатып қойған. Ресми түрде «жаңа деректердің табылуына байланысты үш айға тоқтаған». Мұсаевты екінші мәрте ұрлап әкетпек болған сот шешімі шыққан соң бұл көптомдық істің қанша уақыт қозғалмай жататыны белгісіз”. Авторы: Александр НАРОДЕЦКИЙ.

Қытай әскери қуатын түбегейлі нығайтып жатыр”. “Қыркүйек айында Қытай Ұлт-азаттық армиясының мыңға жуық сарбазы ШЫҰ-ның “Бейбіт миссия – 2010” әскери жаттығуларына қатысу үшін Қазақстанға келмек. Пентагон баяндамасының ауторлары Қытай бұдан қандай пайда табады деген сауал тастайды…”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

Көп қазақ сериал көріп, күйбең тіршілігін ұмытады”. “Қазақстан телеарналарында қазақ тіліне аударылып көрсетіліп жатқан шетелдік телехикаялардың сапасы алақұла. Олардың адамның көңіл-күйі мен күнделікті тұрмысына тигізетін әсері де әртүрлі…

Бұрындары телехикаялардың көбі орыс тілінде болса, қазір көп сериялы “көбік” фильмдердің қазақ тіліне аударылғандары жиі көрсетілетін болған. Көрермендердің бірқатары мұндай сериалдарды тамашалау арқылы күнделікті күйбең тіршілікті бір сәт ұмытуға болады дейді. Алайда, қазақ тілінің маманы Айзат ЫБЫРАЕВА шетелдік телехикаялардың дубляжынан кейде кез-келген адам түсіне бермейтін, күрделі сөздерді кездестіретіндігін айтады…”. Авторы: Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

DMK.KZ. “ҚҰРЫЛЫС НЕГЕ КЕШЕУІЛДЕДІ?”. “Ғасыр жобасы аталған “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автожолының құрылысы қызу жүріп жатыр. Бүгінгі күнге Қызылорда, Жамбыл облыстарында құрылыс қарқын алды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан өтетін жол учаскелерінде жұмыс қызбай тұр. Жағдай неге бұлай? Әлде осы маңызды құрылыстың қарқынында кешеуілдеу бар ма? Осы сауалдарымызға Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Болатбек ӘЛИЕВ жауап береді…

– Сонда “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жолының облыс аумағындағы учаскелерінің құрылысы қашан басталады деп отырсыздар?

– Жоба бойынша биылғы өткен жартыжылдықтың соңында, немесе осы жартыжылдықтың басында жол құрылысы басталады деп жоспарланған болатын. Шамалы кешеуілдеу бар. Күтіп отырмыз. Жол құрылысының ертерек басталғанына біз де мүдделіміз. Ал құрылыс басталып кеп берсе оның қарқынды да сапалы жүргізілуі үшін қолдан келгенше атсалысамыз”. Сұхбаттасқан Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ.

ОТАНДАСТАРЫМЫЗДЫ НЕ ОЙЛАНДЫРАДЫ?”. “Ата-жұртына қоныс аударған оралман бауырларымыздың бүгінгі хал ахуалы қалай? Көшіп келген қандастарымыздың қазақстандық қоғамға бейімделуі өз дәрежесінде ме? Міне, осы тақырыптар төңірегінде ой қозғау үшін “Нұр Отан” партиясының Орталық аппаратында “Оралмандар: қоныс аударуы және бейімделу проблемалары” тақырыбында кеңейтілген “дөңгелек үстел” болып өтті…”. Авторы: Мағжан САДЫХАНҰЛЫ.

ABAI.KZ. “Махмет Құлмағамбетов: Мен Қазақстан тәуелсіздік алған соң ақталдым!”. “Көзі қарақты қалың оқырманның назарын өзінің интеллектуалды деңгейімен аудартқан “Қазақ альманағы” журналының кезекті саны жарық көрді. Қазақ миссиясын арқалаған “Қазақ альманағының” бұл саны да тұшымды дүниелерге толы екен. Журналға қолы жетпейтін жұрт онда жарық көрген қазақ саясаты мен қазақ идеясын www.abai.kz сайты арқылы оқи алатын дәстүр қалыптасқан. Соның үшін альманахтың соңғы жарияланымында жарық көрген қазақ диссиденті Махмет ҚҰЛМАҒАМБЕТОВтің сұхбатын абайшыл жұртқа ұсынып отырмыз. …Басылымның бас редакторы Еренғайып ҚУАТАЙҰЛЫның айтуынша альманах алдағы күндері КСРО-ның қасаң жүйесін тәрк еткен қазақ диссиденттері қақында ой қозғайтын болады…

Қазіргі Бішкектегі медициналық институтқа философия пәнінен оқытушы болып орналасады. Соңына ерген қоңыраудың салдарынан Махмет Ибадоллаұлы мұнда да қудалауға ұшырайды. Сонымен 1962 жылдың желтоқсан айында КГБ-ның Қостанай облыстық басқармасы Құлмағамбетовті Қылмыстық кодекстің 56-бабы 1-тармағымен жауапқа тартып, 7 жылға бас бостандығынан айырады. Осылай кеңес өкіметіне қарсы пікірі үшін, өзгеше ойы үшін Махмет өмірінің жеті жылы Мордовиядағы саяси тұтқындар лагерінде өтеді. Жаза осымен бітпепті. Одан кейін Коми автономиялық республикасында және Харьковте ең ауыр қара жұмыстарға жегіледі. Абақтыдан шығып, ара-тұра Алматыға да келіп тұрған. Алайда сталиндік жүйе салтанат құрған елде өмір сүру аса қауіпті екенін сезген, тіпті оған жаны төзбейтін Махмет Құлмағамбетов 1979 жылдың аяғында біржолата шетел асып кетеді. Ол кезде КСРО азаматтарының шетелге оңайлықпен шыға алмайтыны белгілі. Құлмағамбетов мақсатына жету үшін Харьковте саналы түрде еврей әйелге үйленген. Кешікпей оған Израильден шақырту келеді. “Әйелі” мен оның кәрі шешесін ертіп, Махмет Израильге жол тартады. Шекара асқан соң Құлмағамбетов Вена қаласында қалып қояды. Одан ары Германияға өтіп кеткен. Мюнхенде орналасқан “Азаттық” радиосында 15 жылдан аса уақыт жұмыс істеп, 1995 жылы зейнеткерлікке шығады. Қазақтан шыққан көрнекті диссидент Махмет Құлмағамбетов 2008 жылы 11 қараша күні Мюнхен қаласында көз жұмды…”. Авторы: Әбдіуақап ҚАРА, тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры (“Қазақ альманағы” №3(7). Мамыр-маусым 2010 жыл).

JASQAZAQ.KZ. “Ерсайын Ерқожа, “Ұрпақ тағдыры – білім” қоғамдық бірлестігінің төрағасы: КАДРДАН ҚАДІР КЕТТІ”. “Ұстаздардың мәртебесін көтермей, білім жүйесі реттелмейді” деп ұрандатып жүргенімізге де біраз болды. Білім беру саласына ерінбегеннің бәрі сын айтты, екінің бірі бұл жүйені “жемқор” деді.

Енді осы салада тағы бір жаңалықтың құлағы қылтиып тұрған сияқты. Тізеден төмен көйлек пен күңгірт түсті кеудеше. Алматыдағы Білім саласы мамандарын қайта даярлау институты оқушылармен қатар ұстаздарды да бірыңғай үлгіде киіндіруді ұсынып отыр. Әзірге бұл ресми түрде міндеттелмесе де, кейбір мектеп басшылығы мұғалімдеріне арнайы тапсырыспен киім тіктіре бастапты

Жас қазақ: Ерсайын аға, биылғы оқу жылы да таяп қалды. Жаңа оқу жылында ұстаздарымызды бірыңғай формаға өткізсек деген ұсыныстар түсіп жатыр. Осы мәселеге қатысты сіз қандай пікір айтасыз?

Ерсайын ЕРҚОЖА: Кейде Білім және ғылым министрлігі ойланбай шешім қабылдайды. Бұл мәселе 2003 жылы көтерілген еді. Содан бері сегіз жыл өтіпті. Республика бойынша бір түсті киімге оқушылар әлі көшіп болған жоқ. Аталмыш бастаманы әу баста қолдағанмын. Оқушылар үшін бірдей формаға көшу әлеуметтік тұрмысты бәсекеге қоймау үшін қажет нәрсе. Мұғалімдер де мектепке әртүрлі киіп келетіні жасырын емес. Сондықтан осы жүйені енгізді. Тәжірибесіз оқытушының бастапқы айлығы 25000 теңге, ал киімі- 25000-30000 теңге тұрады, бағамдап көріңіз

Ерсайын Ерқожа: 2007 жылы 12 жылдыққа толықтай көшеміз деп министрлер уәде еткен. Әлі көшкен жоқпыз. Менің ойымша, осы 12 жылдық бағдарламаны 2015-2018 жылдары жүзеге асыру керек…”. Сұхбаттасқан Елдос ӨМІРЗАҚ.

MINBER.KZ. “Қазақстанда 12% байлар мен 50% кедейлер өмір сүруде”. “Қазақстан тұрғындарының 12% байлар қатарына жатады” дейді Business Resource тілшісіне пікір білдірген Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағының төрайымы Меруерт ҚАЗЫБЕКОВА…”. (“Қазақстан Іскері” басылымынан).

JASQAZAQUNI.KZ. “Мәсімовтың қазақшасы министрлерге де жұғысты болуда”. “…Сол Кәрекең, кәдімгі МӘСІМОВ 24 тамыз күні өткен үкімет отырысын қазақша сөйлетіп, бізді тағы бір таңқалдырды. “Тәубе, тәубе” деп ши сындырғандар да аз болған жоқ. Басқаны былай қойғанда ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир БОЖКОның осы отырыста Үкімет басшысына қауіпсіздік шаралары туралы қазақша мәлімет бергеніп естіп тіпті де қуанып қалдық… ”. Авторы: Ж.Шаяхмет.

KAZ.GAZETA.KZ. Өскемен өзінің 290 жылдығын атап өтті. Қазақстан жалауын желбірете ұшқан тікұшақ, тілектер дирижаблі, лазерлік шоу, субұрқақтар концерті, итальяндық және кубалық әртістердің концерті, әуе шоулары — Өскеменнің туған күнінде осы және басқа да көптеген қызықты іс-шаралар болды.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ