AZATTYQ.ORG. “Назарбаев демалыстан оралған Парламентке қандай заңдар қабылдау керектігін ескертті”. “…Осының алдындағы үшінші сессияда төртінші шақырылымның депутаттары 148 заң жобасын қабылдапты. Депутаттардың бұл қарқынына ризашылығын білдірген НАЗАРБАЕВ жаңа сессияда осы беттерінен таймауды тіледі. Президентің пікірінше, қазіргі таңда бірқатар заң жобалары уақыт өткізбей қабылдауды қажет етеді. Мәселен, бизнестің өркендеуіне тежеу болатын әкімшілік кедергілерді мейлінше азайту, әлеуметтік саланы жетілдіруге қажет істерді мүмкіндігінше қолдау, әлемдік дағдарыстан аман қалған қаржы секторының қуатын арттыру, ғылым-білімді дамытып салаға инновациялық жетістіктерді барынша тарту, экономикадағы интегарциялық процестерді күшейту секілді заң жобалары қажет дейді Назарбаев….
Көші-қон туралы заң қабылдануы қажет. Айналамыздағы тұрақсыздық пен террористік ұйымдардың белсенді бола түсуі, есірткі трафигі, осының барлығын есепке ала отырып, елімізге кім келіп, кім кетіп жатқанын білуіміз керек дейді президент. Оның айтуынша Қазақстанда көптеген ұйымдар көші-қон ісімен айналысқанымен, олардың ешқайсысы қанша адам келіп-кетіп жатқанын нақты айта алмайды….”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.
“Саяси топтар арасында құпия соғыс жүріп жатыр”. “…КазТАГ ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Астанада бас прокуратураның жедел іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау департаменті бастығы – Мұрат МҰСАБЕКОВ тұтқындалған. Онымен қоса бас прокуратураның тағы екі қызметкері қазір Астана қаласының тергеу изоляторында жатыр. Агенттіктің ақпараты бойынша, оларға “жоғары лауазамды шенеуніктердің телефон әңгімелерін заңсыз тыңдаған” деген айып тағылып отыр…
Нұртай ӘБІҚАЕВты Қазақстандағы саяси ортада президенттің кадр саясатына ықпал ете алатын өтімді адам ретінде таниды. Сондықтан бірқатар сарапшылар оның келуін елдің емес, президенттің жеке қауіпсіздігіне қауіп төнген болуы мүмкін деп болжаған еді…
Дегенмен, саясаткер Балташ ТҰРСЫМБАЕВ болса бас прокуратура қызметкерлерінің тұтқындалуы ҰҚҚ комитетінің жаңа басшысына еш қатысы жоқ дегенді айтады. — Мұның барлығын Әбіқаевқа тиісті жұмыс деуге болмайды. Ол өз ісін білетін азамат. Сондықтан меніңше ол органдардағы ішкі жұмыстарға көбірек араласып, оларды тазартуы тиіс, — дейді Тұрсымбаев…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.
AIKYN.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қазақстанның өте сауатты, денсаулығы мықты әрі мәдениетті азаматтарын дүниежүзі сыйлайтын болса екен деп армандаймын!”. “Кеше, Білім күні мерекесінде Елбасы елордалық 11-сынып оқушыларымен кездесті. Жүздесу өтетін жер ретінде нағыз Отан туралы әңгіме айтып, жас ұрпақ бойында ұлтжандылық сезімін ояту үшін таптырмас бір орын — Астанадағы “Атамекен” Қазақстан картасы” этно-мемориалдық кешені таңдап алыныпты. Жасөспірімдермен емен-жарқын араласқан Ұлт көшбасшысы олармен өз арманымен бөлісті. Ол өзінің бар үміті мен арманын жас ұрпақпен байланыстыратындығын айтты. “Әр адамның қабілеті әртүрлі болады. Әркім өзінің жолымен жүріп, өз-өзін табуы тиіс. Сендер басқа елдермен терезесі тең тұрған, бәсекеде жеңілмейтін Қазақстанды жасайсыңдар деп үміттенемін. Қазақстанның өте сауатты, денсаулығы мықты әрі мәдениетті азаматтарын дүниежүзі сыйлайтын болса екен деп армандаймын!” деді Н.НАЗАРБАЕВ…”. Авторы: Айхан ШӘРІП.
EGEMEN.KZ. “Ел тарихының сындарлы кезеңдерінен сыр шертеді”. “Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ “Атамекен” Қазақстан картасы” этномемориалдық кешенінде болып, ондағы Конституцияның 15 жылдығына орай ашылған жаңа диорамалық павильонды аралап көрді…
Этномемориалды кешен мамандарының айтуынша, мұндай бастамалардың мақсаты – жастарды патриотизмге тәрбиелеу, сол арқылы ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына ықпал ету, тарихи-мәдени мұра мен рухани құндылықтарды насихаттау, қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен сусындату…”. Авторы: Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
ANATILI.KZ. “Қазақ тілі – жастардың ана тілі”. “Күні бүгінге дейін талай ұлт жанашырларының түн ұйқысын төрт бөлгізіп, “қалай болар екен” деген оймен жандарын жегідей жегізген “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы”, Алла бұйыртса, қазан айында Үкіметте қабылданып та қалар. Олай деуге себеп – өткен аптаның бел ортасында Елордада өткен ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесте Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВтің берген тапсырмасы.“Бағдарламаның толық пісіп жетілуі үшін, ел ішінде әлі де болса талқылау мен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет”. Жиын барысында Премьер-министр осылай деді. “Барлық ұсыныстар мен ескертпелерді Мәдениет министрлігіне жолдауларыңызды сұраймын!” – деген ол Мәдениет министрлігіне 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік Тілдердің қызмет етуі және дамыту бағдарламасы жобасын биылғы жылғы 1 қазанға дейін пысықтап, Үкіметтің қарауына енгізуді тапсырды. Жиында жастар саясаты аясындағы тіл мәселесі ең маңызды екендігін атай отырып, әңгіме ауанын Білім және ғылым министрі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВқа қарата бұрған Кәрім Қажымқанұлы келесі аптада Үкіметтің арнайы отырысында білім беру саласына арналған мәжіліс өтетіндігін сөз етті. Білім беру саласындағы жастар саясаты мен мемлекетімізді дамытуға арналған нақты бағдарлама өзекті екенін және қыркүйек айында мемлекеттік тіл бағдарламасы бойынша Үкіметтің арнайы мәжілісі өтетінін де тілге тиек етті…”. Авторы: Б.ИСАЕВА.
ABAI.KZ. “Мағбат Спанов. Біздің қарызымыз жеті ұрпаққа жетеді…”.“Мұнай мен газға байланысты алсақ, экономикалық жағдай бірқалыпты: кіріс бар, бірақ қаржы бей-берекет жұмсалуда. Үкіметте экономикалық стратегиялар үшін кім жауапты екенін білмеймін. Ең ақыры, шағын және орта бизнестер 3 жылда бір рет тексеруден өтетінін салыстырсақ, Даму институттары құрылғалы бері 6 жыл болса да, бір рет бақылауға алынып, тексерілмеген! Осынау атынан ат үркетін Даму институттарына бөлінген мемлекет қаржысы арнайы депозиттерге салынып, оның жылына 82 пайызынан пайда көретіні жасырын емес. Дамыту бағытында салынған ақшалар, банктердің депозиттерінде сіресіп жатқан соң, не айтуға болады? Ал бұны тексеретін үкімет адамдары имидж жасау бағдарламаларымен қызу айналысудан әріге аса алмайды. Жалпы, статистикалық мәліметтердің шындыққа жанаспайтын сәті жиі кездесетінін ескерсек, биліктегілер тарататын мәліметтер мен нақты сандардың да арасы жер мен көктей болатыны жасырын емес”, — дейді экономист.
Сондай-ақ Мағбат мырза әлемдік қаржылық дағдарысқа байланысты өз сөзінде: “…Бізде мемлекеттік басқару саласы дағдарысқа ұшырады. Қайта осы қаржылық дағдарыс үкімет жіберген қателіктердің көпшілігін жасырып-жапты. Өйткені әлемдік өнімнің ең болмаса 10-15 пайызын өндірмейтін Қазақстан үшін бұл дағдарыстан келіп-кетер ештеңе жоқ, есесіне орындай алмайтын бірталай жұмыстарын “сызып” тастауға қолайлы кезең болды. Қыруар атқарылуға тиіс тірліктер дағдарысты желеулетіп, желге ұшты”, — деген СПАНОВ мырза Даму институттарының қазіргі кездегі жасап отырған жұмыстары жөнінде “қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің” кері болып отырғанын айтты.
Клуб модераторы Нұрлан ЕРІМБЕТОВ елімізде орташа жалақы есебі саналатын 81000 теңгемен қазіргі таңда күнелту мүмкін бе деген сауалмен экономистің ойын ұштады. Үкімет бекіткен бұл сома мен статагенттіктер беретін мәліметтерге аса сақтықпен қарауды айтқан Мағбат мырза “Қазақстан-2030” стратегиясына сәйкес, мемлекет білікті мамандарымен бекитінін, қазіргі үкіметті басқарушы мен оның айналасындағылардың экономика теориясы, заңдылықтарынан хабары аз, біліктілігі төмен, тіпті жоқтығын да баса назарға алды…”. Авторы: Меруерт ХУСАИНОВА (“Общественная позиция” газеті (проект “DAT” № 29 (66). 25 тамыз 2010 ж.).
ALASHAINASY.KZ. “Үкіметке “қарсы шыққан” кім?”. “Үкіметтің кешегі отырысына экономикалық даму және сауда министрі Жанар АЙТЖАНОВА мен қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ келіп, үш жылдық бюджеттің жобасын ортаға салды. Айтжанова ханым “тұсауын” кестіруге бір емес, бірден үш құжат ала келіпті. Олар – 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы мен 2011-2013 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы, сондай-ақ республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала Алматы мен Астана бюджеттері арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған жалпы трансферттердің көлемі туралы заң жобасы. Министрдің айтуынша, еліміздің нақты жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны 2011 жылы – 3,1, 2012 жылы – 3,3, ал 2013 жылы 3,5 пайызды құрап, 2015 жылға дейінгі кезеңде орташа есеппен 4,1 пайызға жетеді деп болжанып отыр. “Атап айтқанда, өнеркәсіпті өңдеу саласының өсу қарқыны 2011 жылы 3,4 пайыздан 2015 жылға қарай 7 пайызға өседі. Ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі көлемінің өсу деңгейі де 2011-2015 жылдары орташа есеппен 4,3 пайызға жетіп, 2015 жылға қарай 4,8 пайызға көтеріледі. Бұл салаларда өндірілген тауарлардың өсуіне Кедендік одақ шеңберінде ішкі нарықтың кеңеюі де ықпал етеді”, – дейді Айтжанова ханым.
2011-2012 жылдар аралығында бір жылдық мемлекеттік трансферттердің көлемі 1200 млрд теңгені құрайды. Экономикалық даму және сауда министрінің айтуынша, бұл көрсеткіштердің бәрі бүгінгі доллар бағамын ескере отырып әзірленген. Ал 2010 жылдың трансферттерін аудару кезінде жылдың аяғындағы жалпы ішкі өнім көлемінің есебінен 20 пайыздық қалдықты қалдыру қарастырылған. Болжам бойынша, 2011 жылы бұл көрсеткіш 24,5 пайызға тең болмақ. Ал Ұлттық қорға келсек, Ж.Айтжанова ондағы қаржы 2010 жылғы тамыздың 1-і күнгі есепке сәйкес, 4 триллион 500 млрд теңгені құрағанын айтып отыр….
Ең көп қаржы еліміздегі 2010/14 жылдарға арналған үдемелі индустриялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген. Бұл үшін бюджеттен 1 трлн 745,2 млрд теңге бөлінбек...”. Авторы: Бүркіт НҰРАСЫЛ.
KAZ.GAZETA.KZ. ЕҚЫҰ саммиті Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа лайықты үлес қоса алатын беделді мемлекетке айналғанын көрсетеді. Бүгін Парламент Мәжілісінің алғашқы отырысында палата төрағасы Орал МҰХАМЕДЖАНОВ осылай мәлім етті…
Сонымен бірге палата төрағасы мұның барлығы еліміздің әлеуметтік бет бейнесін қалыптастырып, іргесін нығайтуға баға жетпес үлес қосқан Елбасының еселі еңбегі арақсында екендігін атап өтті. “Сондай-ақ мұның өзі Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың шынайы әлемдік ауқымдағы Елбасы ретінде танылып отырғанын көрсетеді”, деді О. Мұхамеджанов.
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

