«Қазақстандық құрылысқа еурокод енгізіледі». «Ясауи кесенесінің күмбезі құлағалы тұр». «Қазақстанда діни кадрлар мәселесі өте күрделі болып тұр»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 10 қыркүйек 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Елу елдің” ауылы алыстай түсті”. “Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 72-ші орында тұр. Тамыздың тоғызы күні жария болған “Жаһандық бәсеке қабілеті, 2010-2011” деп аталатын құжат әлемнің 139 еліндегі экономикалық даму мен бизнес ортаның ахуалын сараптап шыққан…”.

Еуропарламенттің бір топ депутаты ЕҚЫҰ саммитін өткізбеуге шақырды”. “…Қыркүйектің 8-і күні Страсбургте Еуропарламент депутаты Джо ХИГГИНС бастаған солшыл фракция мүшелері баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстанда қарапайым тұрғындардың құқықтары өрескел тапталып отырғаны туралы мәлімдеме жасады.

“Азаматтар Конституцияда жазылған құқықтарын пайдалана алмай келеді, ал билікті сынаған ақпарат құралдары елде қысымға ұшырап отыр” делінген онда. Сол себепті депутаттар 2010 жылы желтоқсан айында Астанада саммиттің өтуіне қарсы екендерін мәлімдейді…”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Елбасы бастамасы – қазақ елінің тарихында бұрын-соңды болып көрмеген оқиға”. “Астанадағы “Министрліктер үйінде” Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының алдағы Саммитін жариялау мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВ, Байланыс және ақпарат министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ, Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин ЖИГАЛОВ қатысты.

Оған еліміздің жетекші ақпарат құралдарының басшылары шақырылған екен… Жиында сөз сөйлеген Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев мемлекет басшылары деңгейіндегі Саммиттің тарихи маңыздылығын жұртшылыққа түсіндіруге айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті…

Әскери-саяси өлшем аясында Қазақстан төрағалығымен негізгі іс-шара Қауіпсіздік саласындағы проблемаларды шолу бойынша жыл сайынғы конференция ұйымдастырылды. Ол биылғы 14-16 маусым аралығында Венада өткен. Қазақстан, сондай-ақ өткен жеті айда ЕҚЫҰ-ның өзге өлшемдері, атап айтқанда, экономикалық, экологиялық бағыттарында да көптеген ірі шараларды тиісті деңгейінде өткізе алды”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

Қазақстандық құрылысқа еурокод енгізіледі”. “ТМД елдерінің құрылыс саласында баға жасаудың интегралды жүйесінің бірыңғай тұжырымдамалық жобасы бекітілді. Достастық елдері Үкіметаралық кеңесінің құрылыс қызметінде баға жасау жөніндегі комиссиясы бекіткен жоба баға жасаудың ұлттық жүйесін жетілдіруді, заңнамалық және нормативтік база құруды, сондай-ақ тәжірибе алмасу мен қала құрылысы қызметінің баға саясатына қолдау көрсетуді көздейді.

Құрылыс индустриясын дамыту үшін жаңа кәсіпорындар салу, құрылыс материалдарын сатып алу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттарға отыру, инновациялық гранттар бөлу және кадрларды даярлау мәселелері де осы тұжырымдамада тиянақ таппақ. Жобадағы жоспарды 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстандағы құрылыс индустриясы сапасын және құрылыс материалдары өндірісін дамыту бағдарламасымен ұштастыру үшін еліміз құрылыс индустриясындағы жалпы қосымша құнды 76 пайызға, ал құрылыс материалдарының отандық өндірісінің үлесін 80 пайызға ұлғайтуға бел буды…”.

Бұған қоса, агенттік “ASІ” Инвестициялық-құрылыс компаниясымен” бірлесіп, құрылыс салудың жаңа жүйесін және жеке инвесторлардың тұрғын үй сату әдісін әзірлепті. Бұл туралы С. НОКИН былай деді: “Әкімдіктерде кезекте тұрған әлеуметтік жағынан қорғалатын азаматтар үшін мемлекеттік жалға берілетін тұрғын үй салынуда. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдау көлемі іс жүзінде бұрынғы деңгейде сақталады. Ең бастысы, тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарда тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар болуы керек”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ.

EGEMEN.KZ. “Инновациялық индустрияға бастайтын жол”. “…Осы мәселеге орай біз Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қарамағындағы “Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы” АҚ-тың басқарма төрағасы Саят НҮСІПОВТІ әңгімеге тартқан едік.

– Саят Нұрмұхамедұлы, биыл тұңғыш рет Қазақстанда инновациялық гранттар беру тетігін жүзеге асырып жатырсыздар. Аталған жобаның мақсаты мен міндеті жөнінде айтып өтсеңіз?

Бағдарлама “Инновациялық қызметті қолдау туралы” Қазақстан Республикасының заңы аясында жүзеге асуда. Оның әкімшісі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі болып табылады. Инновациялық гранттар беру төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар немесе тәуекелді қолданбалы зерттеулерге, екінші, инновациялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге, үшінші, шет мемлекеттерде немесе халықаралық патенттік ұйымдарда интеллектуалдық меншік нысандарын патенттеуге және төртінші, инновациялық технологияларды мүліктеуге инновациялық гранттар беріледі. Конкурсты өткізумен және сараптама жұмыстарымен Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы мен Ғылым қоры айналысады. Қазіргі уақытта аталған даму институттары қабылдаған өтініштер негізінде жобалар ғылыми-техникалық, экономикалық және экологиялық сараптамадан өтуде. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қарамағынан құрылған, құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, ғылыми орталықтар мүшелері кіретін комиссия ізденушіге грант тағайындау туралы соңғы шешімді қабылдайды…”. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Ясауи кесенесінің күмбезі құлағалы тұр”. “…Мәжілістің жалпы отырысында қалаулылар мінберінен сөз алған депутат Розақұл ХАЛМҰРАДОВ үкіметбасына екі бірдей сауал жолдады. Оның біріншісінде Розақұл Сатыбалдыұлы Орталық Азиядағы теңдессіз тарихи жәдігер саналатын, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген, ғажайып сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді…”. Автор: Қанат ҚАЗЫ.

Қазақстанда діни кадрлар мәселесі өте күрделі болып тұр”. “Ардақ Досжан, ҚР Мәдениет министрлігінің Діни істер комитетінің төрағасы:

– Ардақ Дүкенбайұлы, еліміз алдағы жылы тағы бір маңызды халықаралық ұйым – Ислам конференциясына төрағалыққа әзірленіп жатыр. Осы маңызды қадам қарсаңында Сіз басқарып отырған комитеттің атқарып жатқан жұмыстары мен жоспарларына тоқталып өтсеңіз.

Әрине, комитет көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Соның бірі ретінде, жақында ғана құрылған “Ислам мәдениеті мен білімін дамыту қорын” айтып кетсек болады. Бұл қор Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың бастамасымен ашылды деп айтуға болады. Себебі былтырғы жылы әлем елдері діни көшбасшыларының жиынында Елбасымыз осындай қордың қажеттілігі туралы айтқан болатын. Қордың ең басты мақсаты – ислам құндылықтары туралы кітаптар жазып, оны медресе түлектерінің, мешіт имамдарының, жалпы мұсылман бауырлардың арасында кеңінен тарату. Сондай-ақ қор аты айтып тұрғандай ислам мәдениеті мен білімін дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарады. Жуырда қор 15 баланың еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Нұр Мүбарак Египет Ислам университетінде оқуына мүмкіндік жасады…”. Сұхбаттасқан Нұрмұхаммед МАМЫРБЕКОВ.

MINBER.KZ. “Қымбатшылықтың тізгіні Ұлттық Қордың қолында”. “Ұлттық Қордан бюджетке бөлінетін қаржы Қазақстандағы инфляцияның өсуіне әсер етуде. Чехияның Ғылым Акакдемиясының Экономика институтының маманы Әлия ӘЛҒОЖИНАның ҚР Ұлттық Банкінің Экономикалық шолуында жариялаған зерттеулерінің қорытындысының тұжырымы осындай.

Ғылыми зерттеуде “Бюджеттің мұнайға тәуелді емес бөлігінде бастапқы дефициттің өсуі инфляцияға себеп болуда. Ол жартылай Ұлттық Қордың трансферттерімен қаржыландырады” делінген. Дәлел ретінде “мұнайдан 1% пайыз көлемінде түскен қаржы орташа есеппен алғанда инфляцияны 0,007%-ға ұлғайтады” деген уәжін келтірді.

Ә.Әлғожинаның пікірінше бұл болашақта инфляция шарықтап кетуіне тікелей әсер етеді. Зерттеуші ғалым қауіптің алдын алу үшін мемлекеттік бюджетке келіп түсетін трансферт көлемін заң жүзінде азайту керек деп санайды. Мысалы, Норвегиядағы Мұнай қорының трансферті қордың орташа табысының 4%-ына тең.

Өйтпеген жағдайда қордың автивтері баяу өсіп, экономикаға оң ықпал ете алмайды.

Қаржы Министрлігінің 1 тамыздағы мәліметтері бойынша Ұлттық Қордың кепілдендірілген трансферттері 805 млрд. теңгеге тең. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,2%-ға жоғары. 2011-2013 жылдар үшін бұл сома 1,2 трлн теңге болады деп жоспарланып қойды. ҚР Статистика агенттігінің деректері бойынша 1 тамыздағы инфляция 4,6% болған. Ұлттық қор құрылғалы бері (2001 жылдың маусымы мен 2009 жылдың желтоқсаны аралығы) 5,2% көлемінде жыл сайын табыс түсіруде. 1 тамыздағы мәліметтер бойынша Ұлттық Қорда 30,5 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы бар”. (“Қазақстан Іскері” басылымынан).

KAZ.GAZETA.KZ. Павлодар облысында орман өрті өршіп тұр. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Шалдай ауданының 3 мың гектардан аса орманды алқабы қызыл жалынға оранып, 6 адам қаза тапқан. Зардап шеккендердің нақты саны жөнінде әзірге ақпарат жоқ. Өртке жақын орналасқан елдімекендерден 265 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Апат аймағында қазір төтенше жағдай мамандары жұмыс істеп жатыр.

Өрт кеше түстен кейін Павлодардан 120 шақырым жердегі Шалдай ауданының орманды алқабында басталды. Түстен кейін жалын “Ертіс орманы” табиғи резерватының Шығыс Қазақстан облысына қарасты Бесқарағай ауданындағы қарағайлы орманға да жетті. Соның салдарынан 3 мың гектардан аса орманды жер күлге айналған…

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ