AZATTYQ.ORG. “Жеке меншік телеарналарда қазақ тіліндегі хабарлар рейтингке тәуелді”. “…Қыркүйектің 14-і күні 31-ші телеарна басшылығы жарты жылдан астам уақыт үзілістен кейін көпшілікті жаңа екі қазақтілді жобамен таныстырды. Ойын-сауық бағытындағы “Теңге box” және “Талант шоу” деп аталатын жобалар арнаның әрін кіргізіп, әрі қарай да көрермен жинауға көмектеседі деді арна басшылары.
– Жалпы Қазақстанда осы тәріздес интеллектуалдық шоулар көп емес. Біздің көрермендер, жастар өздерінің дәстүрін көбірек білу үшін осындай шоуды ұйымдастыруды жөн көрдік, — деді арнаның бас продюсері Игорь СЫРЦОВ қыркүйектің 14-і күні арнаның жаңа маусымын ашу кезінде. Сөйтіп, телеарнада қазіргі таңда қазақ тілінде бес бағдарлама көрерменге ұсынылып отыр…”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.
“Референдум нәтижесі Ердоған партиясына билікке қайта сайлануға жол ашты”. “…Жексенбі, қыркүйектің 12-інде Стамбулдағы мыңдаған жақтастарына үндеу тастаған премьер-министр Режеп ЕРДОҒАН референдумда қол жеткен жеңісті өз партиясының үшінші мерзімдегі платформасы ретінде пайдаланатыны жөнінде уәде берді. Осы кезеңде Әділет және даму партиясы (ӘДП) мүлде жаңа Конституция жазуға кірісуі тиіс….”.
“Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесін құруға ең әуелі кім мүдделі?”. “Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесін құру мәселесіне арналған дөңгелек үстелге қатысушылар бұл бастама туралы әрқилы пікір айтады. Бірі бұл әрекет Түркияның Орталық Азиядағы ықпалын күшейтуге тырысып жатқанын көрсетеді десе, екіншісі Қазақстанның имиджін жақсарту үшін тапқан жаңа бір тәсілі деген ой білдіреді.
Қазақстан парламенті сенаты қыркүйектің 9-ы күні Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахичевань келісімін бекітті. Өткен жылы Әзірбайжанның Нахичевань қаласында өткен президенттер кездесуінде келісілген бұл ұйымның құрылғаны қыркүйектің 15-інде Стамбулда өтетін саммитте ресми түрде жария болмақшы…”.
AIKYN.KZ. “Тілді дамытуға тағы миллиардтар бөлінбек”. “Парламенттегі қалаулылар атқарушы биліктің тіл мәселесіне шынымен көңіл бөлгелі отырғанына кеше көз жеткізгендей болды. Тілдерді қолдану туралы онжылдық бағдарлама әлі қабылданған жоқ, оны Үкімет қазанға шегеріп отыр.
Бірақ әлі бекітілмеген құжаттағы іс-шараларды іске асырудың бірінші кезеңіне Үкімет ендігі қаржы беріп қойыпты. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік тілдің тынысын ашып, өрісін кеңейтуге, лайықты тұғырына түбегейлі қондыруға алдағы үш жылда, яғни 2011-2013 жылдар аралығында барлығы 19 млрд теңгені жарату жайы қарастырылған екен. Бұл жоспарларын «Бюджет 2011-2013» жобасының Мәжілістегі тұсаукесерінде Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ жария етті. Министр мырза депутаттарды мәдениет және ақпараттық кеңістік саласында 2011-2013 жылдары бірқатар іс-шараны қаржыландыру көзделгенінен құлағдар етті.
— Атап айтқанда, бүгінгі күні әзірленіп жатқан Тілдерді дамыту бағдарламасына үш жылда жалпы 19 млрд теңге сома жұмсау көзделеді. Оның ішінде, 2011 жылға — 5,8 млрд теңге, 2012 жылы — 6,5 млрд теңге, 2013 жылға — 6,7 млрд теңге қарастырылған, — деді Б.Жәмішев. Қаржы министрі сондай-ақ «Мәдени мұра» жобасы аясында мәдени мұраларды сақтап, жаңғырту шараларына 2011-2013 жылдарда 4,4 млрд теңге бағытталатындығын айтты…”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.
“Семей тағы қатып қалатын сыңайлы”. “Үкіметте Төтенше жағдайлар министрі дабыл қақты. В.БОЖКОның айтуынша, осы қалада алдағы жылыту маусымына дайындыққа қатысты өте қиын жағдай қалыптасуда. Қақаған қыста Семей халқының бойына жылу дарытуға тиіс қазандықтардың басым бөлігі өзінің ресурсын сарқып қалған көрінеді.
Осыны анықтап білген ТЖМ басшысы бұл проблеманы жоғарғы жаққа тезірек баяндауға асығыпты. «Сіздердің назарларыңызды бүгінде Семейде байқалып отырған ахуалға аударғым келеді, — деді Үкімет мүшелеріне министр В.Божко. — Ондағы жағдай өте қиын, Семейде орнатылған қазандықтардың жалпы санының 74%-ы өздеріне кесілген нормативтік мерзімді түгескен. Қалаға жедел көмектесу қажет! Жағдайдан қауіп қылудамыз…» деп күрсінді ол. Метеорологтар билікке биылғы қыс үскірік аяздан да, ақ түтек бораннан да соңғы онжылдықтардағы рекордты жаңартуы мүмкін екендігін ескертуде. Ал ТЖМ басшысының мәліметінше, еліміздің көп қаласы оған дайын болмай шығуы ғажап емес….”. Авторы: Айхан ШӘРІП.
EGEMEN.KZ. “Жаңа бюджет бөлінісі басталды”. “Кеше Мәжілісте “2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңға өзгерістерді қарастыратын заңдық құжаттың таныстырылымы болып өтті. Депутаттардың алдында Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ баяндама жасады.
Министрдің мәліметіне қарағанда, 2010 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері 3 517,8 миллиард теңгені құрамақ. Бұл қолданыстағы бюджетпен салыстырғанда, 139,4 миллиард теңгеге немесе 4,1 пайыз өсімге ие. Ал шығыс бөлігі 4 321,4 миллиард теңге немесе ішкі жалпы өнімнің 22,4 пайызына тең. Тапшылық 803,6 миллиард теңге. Болат Бидахметұлы кіріс бөлігінің түсімдерін ұлғайту 135,5 миллиард теңгеге белгіленгенін атап көрсетті.
Бюджетте Алматы қаласы нысандарының тізбесінде көрініс тапқан жобаларға 11 862 миллион теңге қарастырылса, оның 10 500 миллионы метрополитеннің бірінші кезегінің құрылысын жалғастыруға бағытталады…
Ал Астана қаласына 13 142 миллион теңге қарастырылса, бұл қаржы “Шабыт” шығармашылық сарайына (401 миллион теңге), Кардиохирургия орталығына (2 869 миллион теңге) және көше салу мен су тартуға жұмсалары белгілі болды.
Депутаттар 2011 жылдың VІІ Қысқы Азия ойындарына дайындалу және өткізу шығындарына қатысты өз пікірлерін ортаға салды…
Агроөнеркәсіп кешенін, су, орман және балық шаруашылығын дамытуға – 10 707 миллион теңге, ауыз сумен қамтамасыз етуге – 6 355 миллион теңге және денсаулық сақтауды дамытуға 4 804 миллион теңге сомасында қаржы тартылғаны белгілі болды…
Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 76 958 миллион теңге көзделген…”. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
ALASHAINASY.KZ. “Шенеуніктер 15 пайызға қысқарады”. “…Бізде 2001 жылы мемлекеттік қызметкерлер саны 65 мың болған, 2005 жылы – 94 мың, ал 2010 жылы 102 мың 747-ге жеткен. Екі есеге жуық өсіп отыр”, – деді кеше Мәжілісте өткен 2011-2013 жылға арналған республикалық бюджеттің тұсаукесерінде депутат Владимир НЕХОРОШЕВ. “Шенеуніктердің көбеюі мемлекетті байлыққа жеткізбейтінін” айтқан депутат 2011 жылы олардың саны тағы өсе ме, әлде қысқара ма — соны білгісі келіпті.
Сөйтсек, Үкімет мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту туралы Президент жарлығының жобасын әзірлеп қойған екен. Жобаға сәйкес, 2011 жылы мемлекеттік қызметкерлердің саны 15 пайызға қысқармақ. “Күштік құрылым ведомствосындағы қызметкерлерді есепке алмағанда, 2011 жылы 15 мың 351 мемлекеттік қызметкер қысқарады. Ал орталық аппараттағы күштік құрылым қызметкерлерінен 9 мың 315 адам қысқарады. Әскери бөлімшелердегі қызметкерлер қысқартылмайды”, – деді қаржы министрі Болат Жәмішев депутаттың сауалына жауап беріп. Яғни бәрін қосқанда 24 мың 666 адам мемлекеттік қызметтен босатылады. Демек, 164 мың 440 адамның 15 пайызы қысқарады…”. Авторы: Салтан СӘКЕН.
“Бензин де жеткілікті болады, баға да тұрақтайды”. “Күз басталса, автокөлік иелері жанармай бекеттеріндегі бағаға жалтақтайды. “Дәстүр” бойынша, бензин бағасының шарықтайтыны да осы кез. Сондықтан күзгі-көктемгі “жанармай дағдарысынан” әбден зәрезап болған жұрт осы түйіннің тезірек шешілгенін қалайтыны сөзсіз…”. Авторы: Гүлнар АХМЕТОВА.
KAZ.GAZETA.KZ. Елордада Қазақстан халқы тілдерінің ХІІ қалалық фестивалі аясында жергілікті мемлекеттік органдарда, мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпорындарда қызмет істейтін мамандар арасында “Мемлекеттік тіл — мемлекеттік қызметте” атты қалалық байқау өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат…
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ