«Мемлекеттік шенеуніктерді «адалдық детекторы» арқылы арнайы тексеруден өткізу қажет». «Қазақстанда жаңа мейрам дүниеге келуі мүмкін». «Индустрияландыру ісі ұлттық идея деңгейіне көтерілмек»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 14 қыркүйек 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “БҰҰ өкілі өз үйіне жете алмағандарды өгейсітпеуге үндеді”. “…Қыркүйектің 13-і күні БҰҰ-ның баспана құқығы бойынша сарапшысы Ракель РОЛЬНИКтің Қазақстандағы бір апталық іссапары аяқталып, маман ақпарат құралдарымен көрген-білгенімен бөлісті. Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда баспана мәселесінің ушығып кеткеніне тоқталған маман тұрғын үй дауына кездейсоқ тап болған азаматтарға қатысты елде тым қатаң шаралар қолданылып жатқанын айтты.

– Сот бақылауынсыз, өтемақы бермей-ақ, алдын-ала ескерту жасамай көптеген үйлердің сүріліп, ондағы отбасылардың күштеп көшіріліп жатқанына тым қатты алаңдаулымын. Қыстың көзі қырауда елді көшірген мемлекеттік жауапты тұлғалардың күш қолданғанын бейнежазбалардан көріп, хабарламалардан оқыдым. Әсіресе, жүкті әйелдер мен балалардың, мүгедектердің далада қалғанын естігенде қатты шошыдым, — дейді Ракель Рольник аталған жиында…

Заң бойынша тиесілі пәтерлеріне қол жеткізе алмай, наразылық шарасын ұйымдастырған астаналық үлескерлердің аштық ұстап отырғанына алдағы аптада 60 күн толады… Қазір екі айға жуықтаған акцияға ұзын саны жүзге жуық азамат қатысып отыр. Бұлар – екі және одан да көп пәтерлер үшін ақша беріп, соңында үкіметтің биыл 1 сәуірдегі қаулысының негізінде тек бір ғана пәтерге ие болған азаматтар. Олар өздеріне тиесілі үйдің берілуін немесе қаржысының қайтарылуын талап етіп отыр. Үлескерлер талап орындалмаса, өз акцияларын Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне дейін жалғастыратынын айтады. Ал саммит желтоқсанның 1-2-сі күндері өткізіледі”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Жаңа қоғамдық ұйым сотталғандардың құқығын қорғамақшы”. “Тамыздың 13-і дүйсенбі күні Алматыда “Озбырлықпен күрес” атты республикалық ұйым құрылатындығы жайлы хабарланды. Түрмеде отырған сотталушылардың құқығын қорғаумен айналысатын бұл ұйым саясаттан қашық тұрады деп мәлімдеді бастама көтеруші Вадим КУРАМШИН.

Озбырлықпен күрес” ұйымын құрмақшы болып бастама көтергендердің қатарында “Талмас” және “Қазақстан -2012” ұйымдарының жетекшілері Айнұр ҚҰРМАНОВ пен Есенбек ӨКТЕШБАЕВ та бар…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

Куба: миллионға жуық мемлекеттік қызметкер жұмыссыз қалады”. “Куба мемлекеттік кеңесінің төрағасы Рауль КАСТРО үкіметтің келесі жылдың басынан бастап жарты миллиондай мемлекеттік қызметкерді жұмыстан босатуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, жұмыстан босатылғандар жеке бизнесті жүргізуге салынған тыйымдардың жеңілдетілуінің арқасында жаңа жұмыс орындарын таба алады. Экономика саласындағы бұл жаңа шаралар, Куба экономикасының күші кете бастағаны туралы Фидель Кастроның мәлімдемесінен бірнеше күннен кейін жарияланып отыр”.

Бейжіңнің билік жүйесін реформалау туралы уәдесіне қарсыластары күмәнмен қарайды”. “Қытай президенті ХУ ЦЗИНЬТЯО, елдің оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласында саяси реформалар жүргізуді бастайтынын жария етті. “Бұл тәжірибе ретінде іс жүзіне асырылғалы отырған реформа аясында демократиялық сайлаулар да өткізілмек” деп хабарлайды “Рэйдиоу Фри Эйша”. Алайда, Қытайдағы қазіргі билік жүйесін сынаушылар президент Худың уәдесіне күмәнмен қарап, аталған реформаның нақты нәтиже береріне сенімсіздік білдіріп отыр…

Президент Ху қыркүйектің 5-і күні елдегі билік жүйесінің реформаланатынын көпшілік алдында жария ету үшін Шэньчжэнь қаласына келді. Дәл сол уақытта Шэньчжэнь қаласының аумағындағы Лоньхуа кентінде қауіпсіздік қызметінің жеке құрамы мен ашулы жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болды… Қыркүйектің 4-і түнге қарай, шенеуніктер бір көше саудагері мен оның кішкентай баласын соққының астына алды деген лақап тарасымен, жүздеген адам, бірнеше “ченьгуань”, яғни қала шенеуніктеріне қарсылық көрсеткен…

2015 жылға қарай, Шэньчжэньдегі бюро деңгейінен төмен басшылық қызметтеріне ие болуға үміткерлердің, ең аз дегенде, жартысы бұл орынға балама сайлау нәтижесінде тағайындалатын болады” делінеді Синьхуа агенттігі хабарламасында…

Кезінде Қытайдың бір кездегі жетекшісі, марқұм ДЭН СЯОПИНның басшылығымен жүргізілген реформалар барысында Шэньчжэньде Қытай билігі, шетелдік инвесторларды тарту үшін, салық деңгейлері төмен және бюрократиялық тәртіптер саны азайтылған арнайы экономикалық аймақ құрған болатын. Шэньчжэнь – Гонконг кемежайлары және оның қаржылық орталығының дәл іргесінде қоныс тепкен қала болып табылады. Қытай билігі мұнда экономикалық реформаны бастағанда Гонконг британдықтардың билігіне бағынатын….”. Авторы: Кенжалы ЕСБЕРГЕН.

AIKYN.KZ. “Мемлекеттік шенеуніктерді “адалдық детекторы” арқылы арнайы тексеруден өткізу қажет”. “Кейбір мемлекеттік қызметкерлердің қазіргі заманда әдетке айналып бара жатқан парақорлықтан, жемқорлықтан қаншалықты тартынып, адал қызмет етіп жүргенін анықтау үшін, жалған айтқанды ұстап беретін детектор арқылы (детектор лжи) арнайы тестен өткізілуі мүмкін. Бұл идеяны “Нұр Отан” ХДП қолдайтындығын білдірді.

Қазір мемлекеттік қызметкерлерді тексеруден өткізетін “адалдық детекторының” бағдарламасы жасалып жатқан көрінеді. Осы жылдың аяғына дейін іске қосылып қалады деп күтілуде. Бұған қарсы пікірлер айтқандар болғанмен, саясаткердің көпшілігі қолдайтын сияқты. “Адалдық детекторынан” барлық мемлекеттік қызметкерлерді өткізу міндетті емес, тек ішінара, ведомство қоржынындағы мемлекеттік қаржыны бөліске салатын немесе тендерлер өткізетін белгілі бір лауазымдағы шенеуніктер қолдары таза екендігін дәлелдеу үшін осындай тестен өтуі мүмкін, дегенді айтады….”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ.

Қазақстанда жаңа мейрам дүниеге келуі мүмкін”. “Кеше, Үкіметтегі жиында Байланыс және ақпарат министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ Премьер Кәрім МӘСІМОВке жаңа мереке — Индустрияландыру күнін енгізу туралы ұсыныспен шықты. Осындай өтініш-тілектер оларға түсе бастапты.

“Индустрияландыру күнін жариялау қажет деген ұсыныстар бар, — деді Үкіметбасыға жүгінген министр мырза. — Әрине, өмірде ондай болған емес, бірақ бұл мереке — елімізді индустрияландыру бағытында қолға алынып жатқан барлық жұмыстардың жыл сайынғы қорытынды шығарылар, болашақ биіктері бекемделер шарықтау шегі, апогейі болса деп қалаймыз!” Байланыс және ақпарат министрі егер Премьер қолдаса, өздері Индустрия және сауда министрлігіндегі әріптестерімен тізе қосып, “осы мереке күні және оны мазмұндық тұрғыдан нақты толтыру” мәселесін пысықтауға қазір-ақ тас-түйін дайын екендігін мәлімдеді…

Үкіметтегі осы кеңесте Кәрім Қажымқанұлы Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруды “ұлттық идея” деп жарияланатындығын хабарлады…”. Авторы: Айхан ШӘРІП

EGEMEN.KZ. “Индустрияландыру ісі ұлттық идея деңгейіне көтерілмек”. “Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВтің төрағалығымен селекторлық кеңес түрінде өткен кешегі Үкімет отырысында Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған елімізді индустрияландыру ісіне барынша маңыз беру, оны ұлттық идея деңгейіне көтеру туралы келелі әңгіме болды.

Осы мәселе жөніндегі ағымдағы істің барысы туралы баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік КАМАЛИЕВтің айтуы бойынша, биылғы жылға жалпы құны 840 миллиард теңгені құрайтын 144 жобаны жүзеге асырудың жоспары жасалған болатын. Осының негізінде елімізде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс.

Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында 131 миллиард теңгенің 72 инвестициялық жобасы жүзеге асқаны белгілі. Бұл 12 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Енді екінші жартыжылдықта 559 миллиард теңгенің 72 жобасы жүзеге асуға тиіс болатын. Оның 4-уі қазірдің өзінде іске қосылған…

Аталған екі мәселе жөнінде интерактивті байланыс арқылы барлық облыс басшылары сөз алып, өздеріндегі жағдайды айтып берді”. Авторы: Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

Шекспирі жоқ елдің Ньютоны да болмайды”. “2010 жылғы 12 наурызда осындай тақырыппен жарияланған сұхбатта атақты ақынымыз Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ өзі, өмірі, өлеңі туралы, заман, қоғам, адам жайында ордалы ойларын ортаға салған, сол тұста қоғамда талас арқауына айналып тұрған Ел бірлігі доктринасының жобасына қатысты да пікір айтқан болатын. “Жазылған жайдың жаңғырығы” айдарымен “Егемен Қазақстанның” бетінде жарияланған мақалаларға үнқосулар шығып тұратынын жұртшылық жақсы біледі. Әдетте олар сол мақала немесе сұхбат газетте басылғаннан көп уақыт өтпей жарық көретінінен де оқырман қауым хабардар. Дегенмен, біз бұл жолы қалыптасқан дәстүрді бұзып, сонау ерте көктемде, наурыз айында жасалған сұхбатқа үнқосуларды қоңыр күзде назарларыңызға ұсынғалы отырмыз. Мұның себебін сөз түйінінде айтатын боламыз. Алдымен оқырмандар пікірлеріне назар салыңыздар…”. Дайындаған Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ, “Егемен Қазақстан” газеті сайты шығармашылық тобының жетекшісі.

ABAI.KZ. “Газет идеологиялық құрал ма, әлде тауар ма?”. “Үкіметбасшысы К.МӘСIМОВтің айтуынша, халықтың 55 пайызы қазақстандық емес, Ресейдiң ақпаратын тұтынады. ..

Дамыған елдерде ақпарат идеология құралы ғана емес, ол әлдеқашан ақшаның көзіне айналған. Яғни, кез-келген БАҚ өнімі — тауар. Әрі қымбат тауар. Ал, біз өз тауарымызды қаншалықты бағалап отырмыз? Сонымен қатар, қазақ газеті идеологиялық мұратын жүзеге асыра алып отыр ма? Осы сауалдарымызды аты елге мәшһүр басылымдардың бас редакторларына қойып, ой бөлістік. Жалпыға ортақ — 4 сұрақ. Сіз де ойлана жүріңіз.

1. Газет идеологиялық құрал ма, әлде тауар ма?

2. Қазаққа төніп тұрған басты қауіп не деп ойлайсыз?

3. Сіз елге мәшһүр басылымның тізгінін ұстап отырған адам ретінде айтыңызшы, өзіңізді қазақтың қамқоршысы санайсыз ба?…”. Форумды дайындаған Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ, “Үш қиян” газеті.

ZHASALASH.KZ. “Қазақ көшi қаңтарыла бастады”. “Дәл қазiр сыртқы көшi-қон саясатында күрмеуi көп күрделi мәселелер жетерлiк. Оның үстiне, көш саябырсып, үкiметтi тығырыққа тiреп отыр. Көшi-қон комитетi мәселенi оңтайлы шешу үшiн жаңа заң жобасын дайындап, парламентке ұсынған-ды….

Сыртқы көшi-қон саясатында дауға түскен мына үш сұрақты таразыға салдық.

1. Бүгiнге дейiн ұлы көш Қазақстанға, қазақ ұлтына не бердi?

2. Сiздiңше, дәл қазiр сыртқы көшi-қон саясатында қордаланып қалған қандай мәселелер бар? Егер Көшi-қон комитетiнiң парламентке ұсынған “Халықтың көшi-қоны туралы” жаңа заң жобасы қабылданса, бар мәселе өз шешiмiн таба ма, жоқ па?

3. Дүниежүзiлiк қазақтар қауымдастығы сыртқы көшi-қонның көлiктi болуына қаншалықты үлес қосуда?…”. Дайындаған Дилара ИСА.

MINBER.KZ. “Бақташылар суды үнемдеп пайдалануды үйренуде”. “Ауылшаруашылығы саласында суды 2,5 есеге дейін үнемдеуге болады. Тамшылап суару технологиясы суды үнемдеуге көмектесуде. ПРООН Қазақстан әлемдік экономикалық қоры жобасына қатысушылар “Қазақстан Іскері” басылымына осындай пікір білдірді…

Тамшылап суару әдісінде су әрбір өсімдікке қажетті уақыты мен мөлшерінде тікелей тамырына аз-аздап құйылып отырады. Су барлық өсімдікке біркелкі және бірдей көлемде жетеді” дейді агроном Сергей РИММЕР”. “Қазақстан Іскері” басылымынан.

KAZ.GAZETA.KZ. “Қазгидромет” қыркүйектің 14-15 күндері түнде Алматы мен Жамбыл облыстарының кей жерлерінде ауа температурасы 0-3 градусқа дейін төмендейтіндігін ескертті.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ