«Театр өнері қайда беттеп барады?». «Мал азығын даярлауға мемлекеттік бақылау қажет». «Қырғызға айтылды. Қазағым сен тыңда!». «18 жылда 12 министр ауысқан білім қайтіп оңады?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 30 қыркүйек 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Денсаулық сақтау министріне қаржы жымқырды деген айып тағылып отыр”. “Қаржы полициясы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық ДОСҚАЛИЕВті 9 миллион доллардан астам қаржы жымқырды деп айыптайды. Ал бір топ депутат бас прокуратурадан министрге қатысты қылмыстық іс қозғаған қаржы полициясының әрекетін зерттеуді талап етіп жатыр. Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат ЖҰМАНБАЙдың айтуынша, Жақсылық Досқалиев 2005-2006 жылдары Қазақ мемлекеттік медициналық академиясының ректоры болып жүрген кезінде заңға қайшы әрекет қылған. Дәл осы жылдары өзінің досы, «Астана КБТ» ЖШС-нің директоры К.КЕНЖИН деген азаматпен академияға тиесілі учаскіде екі тұрғын үй салу туралы келісімге отырған….”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Азаптаудың алдын алу ісінде Қазақстан үкіметі менімен тағы да ойын ойнамайтын шығар”. “…Астанада “Қазақстан Республикасы түзету мекемелерін қоғамдық қадағалау” деп аталатын тренинг өтті. Азаптау мәселелері жөніндегі БҰҰ арнайы баяндамашысы Манфред НОВАК қатысқан жиында, түрме өмірі туралы ашық әңгіме айтылды. БҰҰ –ның азаптау жөніндегі арнайы баяндамашысы Манфред Новакты Қазақстан үкіметі осымен екінші рет шақыртып отыр… Айта кетуге тұрарлық бір жайт, БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясының факультативті хаттамасын Қазақстан заңдастырған. Енді сарапшылар “Ұлттық превентивтік механизмдер туралы” заң жобасын дайындап жатыр”. Авторы: Жұлдыз БЕЙСЕНҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Террористерге қарсы тегеурінді тосқауыл”. “Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан “Мәтібұлақ” жалпыәскери полигонында 9-25 қыркүйек аралығында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы шеңберінде терроризмге қарсы бірлескен халықаралық “Бейбіт миссия — 2010” өтті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері (Өзбекстан бұл жаттығуға қатысудан бас тартты) қарулы күштерінің қатысуымен болған әскери жаттығу-ойындары өткен жұмада шарықтау шегіне жетті...”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ.

Театр өнері қайда беттеп барады?”. “Өнер саласы Ұлт көшбасшысы Н.НАЗАРБАЕВ ұстанған кемел саясаттың жаршысына және мемлекетімізді нығайтудың берік тұғырына неге айнала алмай отыр? Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өткен “Қазақстан өнерінің стратегиялық бағыттары мен даму перспективасы” атты форумда еліміздегі театр саласының қазіргі жағдайы мен даму сатысына арналған өзекті мәселелер көтерілді….”. Авторы: Төреғали ТӘШЕН.

ANATILI.KZ. “Cіздер южанкасыздар или оралмансыздар…”. “2011-2020 жылдарға арналған тілдер бағдарламасында қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттарды ретке келтіретін нақты шаралардың қолға алынғанын қалаймын. Олай дейтінім, өз басымнан өткерген мына оқиғалар менің көңіліме қатты қаяу салды. Қаймағы ұйыған таза қазақтың ордасы деп жүрген Сыр елі – Қызылорда қаласының өзінде де өз тілін өгейсітіп, өзге тілде шүлдірлеп жүрген шала қазақтар көбейіп барады…

Оқушы кезімде Көкшетауда оқитын әпкем “Көкшетауда қазақ тілінде нан сұрап жеудің өзі мәселе” деп айтқан еді… Бірде құрбым екеуміз сабақтан шығып, қоғамдық көлікте ана тілі мәселесі жайлы жарқын-жарқын әңгіме-дүкен құрып келе жатқанбыз. Билет сатушы жанымызға жақындап: “Мен білсем, сіздер южанкасыздар или оралмансыздар” дегені бар ма? Не дерімізді білмей, мелшиіп отырдық та қалдық. Осы отырысымызбен әлгі билет кесушінің “М.Жумабаева” деген көшесінен түстік. “Следующая остановка – Катибар” дегені құлағымнан кетпеді.

Құдайға шүкір, егеменді ел болдық, ешкімге жалтақтамай өз ана тілімізде ашық сөйлесетін дәрежеге жеттік деп көкірек керіп жүрміз-ау. Мұнда жастарымыз ұлт ғұламасы Абай атамызды – Абая деп, ел тірегі болған Көтібар бабамызды – Катибар деп атап жатса…”,- деп белгіледі Нұргүл ОҚАШЕВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің 3-курс студенті.

ALASHAINASY.KZ. “Құпия мәлімет саудада жүр”. “Алматы қаласының базарларында бейнежазба таспа саудасымен айналысатындар жасырын түрде ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің мәліметтер базасындағы ақпараттар айна-қатесіз көшірілген бейне таспаларды жасырын сатады екен” дегенді естігенде, “қауесет болар, қандай да бір түйінге келмес бұрын рас-өтірігін анықтап алғанымыз жөн” деп шештік…

Иә, қай саудагер болсын мейлі, “тауар тасымалдаушыны танымаймын” деп жалтарады, әрине. Бұл бәрінен бұрын өзінің басын аман алып шығуға септігін тигізетін тиімді тәсіл, яғни пайданы бөлісіп отырғандарды ұстап бермеуге тырысып бағады. Ондай болса, Жол полициясының мәліметтер базасы жинағының заңсыз саудасын тоқтатуды ІІД қызметкерлері ең алдымен өздерінің араларын тазартудан бастау керек”. Автор: Ләззат БИЛАН.

Мал азығын даярлауға мемлекеттік бақылау қажет”. “…Ал кеше еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек КҮРІШБАЕВ “елдегі мал азығы мәселесіне салмақпен қарау керектігін” мойындады. Нақ осы мәселеге байланысты Үкімет отырысында сөз саптаған министр мырза былай деді: “Жемшөп бағасының қымбаттауы құс шаруашылығына өз әсерін тигізеді. Құс етi мен жұмыртқа құнының 70 пайызы жемшөп есебiнен қалыптасады. Жаз маусымының басындағы құрғақшылық пен бидайдың аз жиналуының кесiрiнен бидай дақылдары қымбаттап тұр. Мұның соңы елде құс еті және одан алынған өнімдерді қымбаттатуы мүмкін”. Сарапшы мамандар “жемшөп бағасының аспандап кеткені басқа да бірқатар салаларға өз әсерін тигізеді” деседі. Мәселен, бұл тұрғыда Мал шаруашылығы және жемшөп өндірісін зерттеу институтының маманы Мархаббат БАТЫРХАНОВ:

– Нақ осы мал азығын дайындауға байланысты мемлекеттік бір бақылау керек. Болмаса, шаруалар жыл сайын мал азығын даярлайтын шақ келгенде тығырыққа тіреледі…”. Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ.

ABAI. KZ. “Біртуған байке. Қырғызға айтылды. Қазағым сен тыңда! ”. “Қырғызстанда бір ғана ұлт бар. Ол — қырғыздар”. Қырғызстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Топчубек ТУРГУНАЛИЕВ “Азаттық” радиосының қырғыз қызметіне берген сұхбатында осылай депті. Роза ОТЫНБАЕВАның кеңесшісі қоғамдық талқыға “Титулды ұлт”, “Ұлттық диаспоралар”, “Отандастар” туралы заң жобаларын ұсынып отырған көрінеді… Сонымен бірге, Топчубек Тургуналиев төлқұжаттағы «ұлты» деген бағамда “Қырғызстандық” деп жазылу қажеттігі, оның ішінде өзге ұлт өкілдерінің тегі көрсетілмейтіні жайында осы заң жобасында көрсетілгенін айтып, мұның бәрі «ұлтаралық жанжалдың болмауына және елдің тұрақты дамуына негіз болатынын» дәлелдеп отыр…

Ал, Топчубек Тургуналиев: “Бізде көп ұлт тұрады деседі. Қырғызстанда бір ғана ұлт бар. Ол — қырғыздар”, депті. Осы тақілетті сөзді қазақ билігінің кез келген өкілінен есту біз үшін арман болып келген. Арман болып барады. Бірақ, кім біледі, бәлкім, біреу…”.

Ерсайын ЕРҚОЖА. 18 жылда 12 министр ауысқан білім қайтіп оңады?”. “Тәуелсіздік алған 19 жылда білім саласы көптеген өзгерістер мен реформаларға ұшырады. Білім министрлігі 1991 жылдан 2010 жылға дейін аттарын 8 рет өзгертті. Ол денсаулықпен, мәдениетпен, спортпен, туризммен де қосылды. Ал өткен аптада тағайындалған Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ — он бірінші министр. Сонда орта есеппен әр министр бір жылдан асар-аспас уақыт қана отырған, ал министр болып сантехник те, инженер де, ауылшаруашылық маманы да, экономист те, жазушы да, журналист те, тіпті мектепте бір күн жұмыс істеп көрмеген адам да басшылық жасаған. Соның кесірінен 18 жылда білім саласы пайдасы жоқ реформалардан көз ашпады.

Тек 2000-2004 жылдар аралығында ғана төртінші министр басқарып тұрғанда төрт бағдарлама қабылданған. Қ.КӨШЕРБАЕВ 2000 жылдың қараша айының аяғында “2005 жылға дейінгі білім беруді дамыту туралы” бағдарламасын ұсынса, Н.БЕКТҰРҒАНОВ 2001 жылы “2010 жылға дейінгі білім беруді дамыту стратегиясын” жасаған. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін, 126 құжат пен арнайы бағдарламалар дайындалыпты.

Ш.БЕРКІМБАЕВА 2003 жылы “Ауыл мектебі” бағдарламасын, Ж.КҮЛЕКЕЕВ 2004 жылы “2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту” тұжырымдамасын қабылдады. “Іс тетігін кадр шешеді” деген қағиданы білеміз. Елімізде 700 мыңдай мұғалім бар. Солардың 1/4-інің мамандығы, ал 1/3-інің жоғары білімі жоқ…

Барлық оқу мекемелерінің материалдық-техникалық базалары бүгінгі күн талабына сай емес. Себебі, Білім министрлігі “білім индустриясымен” мүлде айналыспай отыр. Оқулық, стандарт, оқу жоспары жүйесіз дайындалып жатыр…

Кеңес Одағы кезінде 894 мың адамға 1 ғылым докторынан келсе, Қазақстанда 140 мың адамға 1 ғылым докторынан келіп отыр. Кеңес одағы кезінде педагогика саласынан бар-жоғы 10 ғылым докторы болса, ол қазір 300-ден асқан…

Әрбір оқушыға кететін шығын да әрбір облыс, аудан мектептерінде әртүрлі. Мысалы: Алматы, Астана қалаларында 100 мың теңге көлемінде болса, кейбір облыстарда — 40-80 мың теңге, ал Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында — 88 мың теңге, ал шекаралас Түркістан ауданында — 38 мың теңге. Сонда оқу стандарты, оқу жоспары, бағдарламасы бірдей, бірақ бөлінетін қаржы әртүрлі, мұны қалай түсінуге болады? Сондықтан білім саласына бөлінетін қаржыны республикалық бюджеттен бөлу мәселесін қою керек, себебі әрбір облыс пен ауданның, сондай-ақ ауылдың мүмкіншіліктері әртүрлі. Білім министрлігі, оның республикалық мекемелері жергілікті жердегі оқу орындарына әдістемелік, практикалық көмек көрсетіп, нормативті құжаттармен қамтамасыз етуді қойған, қандай жобаларға қаржы көп бөлінетін болса, соны қамту жағына шыққан, нәтижесінде өз функцияларын дұрыс атқаруларына уақыт таппайды”. Авторы: Ерсайын ЕРҚОЖА, білім саласының маманы.

KAZ.GAZETA.KZ. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында қазақстандық театрлардың актерлары мен режиссерлары, драматургтер мен директорлары бас қосты.

“Қазақстан өнерін дамытудың стратегиялық бағыттары мен перспективалары” (театр өнерінің негізінде) деген тақырыпты арқау еткен халықаралық форумға қатысушылар жиынның қорытындысында Мемлекет басшысының атына үндеу қабылдады.

“Біз, көптеген көрсеткіштер бойынша аймақ елдерінің алдына шығып отырған Қазақстанымызды және халқының игілігі үшін тынбай еңбек етіп келе жатқан Сізді мақтан етеміз.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

***

© ZONAkz, 2010г. Перепечатка запрещена