«Елімізді ескі көліктердің қоқысынан құтқаратын жол қайсы?». «Атамекен» одағы «экономикалық қылмыстың 27,3 пайызын криминалсыздандырамыз» дейді». «Әке-шешесінің азаматтығы жоқтығына бала кінәлі ме?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 4 қазан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Денсаулық сақтау министрінің денсаулығы туралы ақпараттық соғыс жалғасып жатыр”. “Дәрігерлер ақиқатқа көз жеткізу үшін Жақсылық ДОСҚАЛИЕВтің денсаулығына тәуелсіз сараптама жасау қажеттігін ұсынады. Ал мамандар Досқалиев ісі әртүрлі топтар арасында жүріп жатқан қақтығыстың көрінісі деп топшылайды. Досқалиевтің шын науқас екеніне күмән келтірген қаржы полициясының мәлімдемесіне дәрігерлер қарсы шықты….

Қыркүйектің 21-інде қаржы полициясы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын. Қаржы полициясы оны Қылмыстық кодекстің 308-ші бап, 4-ші бөлімі бойынша яғни, өз қызметін асыра пайдаланды деп айыптап отыр”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Атыраулықтар қала күнін “Қаражорға” биімен атап өтті”. “Атыраудың 370 жылдық тойында “Қаражорғаны” 15228 адам биледі. “Қаражорға” биі өткен алаңға жиналған жұрттың ұзын-ырғасы 3 мыңнан аспайды деушілер де бар. Бірақ оны ұйымдастырушылар мақсат рекорд емес, оны ұлттық брендке айналдыру деп отыр…”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.

AIKYN.KZ. “Мәңгі жасайтын 1000 ән”. “Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі, 1000 әні”. Бұл — Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың тапсырмасымен, Мәдениет министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД мырзаның қадағалауымен былтыр қолға алынған үлкен жоба. Ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен 1000 күй жыл басында жарыққа шықты. Енді міне, тереңнен тамыр тартқан қазақтың дәстүрлі 1000 әнінің бүгінгі заманға сай сандық форматта жазылған антологиясы тұсауын кесіп отыр…”.

Кәсіпкерлікті қорғайтын жоба”. “Атамекен одағы” Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы Төралқасы мен Басқармасының бірлескен отырысында экономиканы көлеңкелі бизнестен арашалаудың амал-айлалары мен тәсілдері талқыланып, “ҚР Қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне кәсіпкерлікті қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы таныстырылды…

“Заң жобасының негізгі идеологиясы басты екі міндетті шешуге бағытталады. Біріншісі — кәсіпкерлерді құқық қорғау органдарының негізсіз кедергі келтіруінен қорғау. Екіншісі — экономикалық қылмыстардан жәбір көргендерге шығындарын қайтарудың тиімді жолын қамтамасыз ету. Заң жобасының құрылымы екі басты бағытты қамтиды. Мұның бірі қылмыстық заңнаманы, екіншісі әкімшілік заңнаманы қарастырады” деді жиында “Атамекен одағы” ҰЭП заң жобасы бойынша сарапшы тобының мүшесі Исидор Борчашвили.

Басқосу соңында “Атамекен одағы” ҰЭП мақұлдаған заң жобасы “Нұр Отан” ХДП жанындағы Құқықтық кеңестің қарауына жолданды”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ.

Он төртінде түсік тастайтындар көбейді”. “Мәжіліс депутаты Ирак ЕЛЕКЕЕВ Парламентте де, өзге басқосуларда да заңсыз түсік жасатушылардың проблемасын жиі көтеріп жүр. Көтермеске болмайды. Бір ғана дерек келтірейік. 2009 жылы елімізде 300 мың түсік жасалған…

Екінші мәселе — түсік жасатушылар жасарып барады. Бұрын бала босану өміріне қауіп тудыратын егде тартқан аналар ғана мұндай қадамға баратын. Ал қазір 14 жастан басталады. “Тіпті бірен-саран 12 жастағы мектеп оқушылары да кездескен” дейді депутат. 6-8 сынып оқушыларының өзі — әлі бала, мектептен ұзамай жатып, ауыр күнәға батады. Түсік жасатушылардың белсенді тобы — 17-25 жас аралығындағылар…. Ендігі мына дерекке назар аударайық. 2009 жылы Қазақстанда шамамен 400 мыңға жуық бала дүниеге келген. Салыстыра беріңіз, 400 мың бала дүниеге келген, 300 мың түсік жасатылған. Бүйте берсе, демография дамиды деп айта алмаймыз”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

Елді елеңдеткен “министрлер хикаясы”. “ДОСҚАЛИЕВ пен ТҮЙМЕБАЕВты не күтіп тұр? Елде “100 аурухана мен 100 мектеп” салу жайлы биік мақсаттар қойған министрлердің болашағы беймәлім. Бұрынғы Білім министрі, кейбір деректер бойынша, жаңа қызмет күтсе, елдің бас дәрігерінің денсаулығы түзелген жағдайда сот алдында жауап беруі мүмкін. Қазақстанның әлеуметтік саласындағы ең бір шешуші қызмет атқарған шенеуніктерінің қазіргі өмірі — шым-шытырық…

Интернет басылымдарда Досқалиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың отставкасымен байланыстырушылар табылған. Алайда оларды элитааралық есеп айырысудың құрбанына айналдыратындай екі министрдің “айрықша ықпалды тұлғалар еместігін” тілге тиек етеді саясаттанушы Сәтпаев. Ол бұрынғы Білім және ғылым министрінің қызметіне қатысты сыни мақалалар онсыз да көп жарияланғандығын еске салады. Мәселен, былтырғы жылдың желтоқсан айында Үкімет отырысында “100 мектеп” бағдарламасы бойынша, тек 39 мектептің тапсырылғаны, “100 аурухана” бойынша, 32 нысанның ғана берілгендігі қатты сынға алынған. Түймебаевтың келешегіне қатысты пікірлер де қарама-қайшы….”. Авторы: Айжан КӨШКЕНОВА.

EGEMEN.KZ. “Зауыт қалдықты қажетке жаратады”. “…Елімізде қанат жайған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында “Технопарк-2030” компаниялар тобына қалдықтарды қажетке жарату үшін жарты млрд. теңгеге жуық қаржы салынып, жұмыстың тиянағы келтірілген. Аталған зауыт Еңбекшіқазақ ауданының Саймасай ауылында ашылғандықтан, елді мекен халқын жұмыспен қамтып отырғаны да қуанышты. Қоқысты қайта өндейтін зауыт еліміздің барлық аймағындағы құрылыс алаңдарына сапалы, арзан құрылысқа қажетті материал дайындайтындар қатарынан саналады. Мәселен, зауыт өндірген өнімді “Азиада-2011” нысандары пайдаланып, сұранысты өсіре түскен. Негізінен өнімдер желісінде резеңке ұнтақтар мен одан алынатын жолдар мен жүгіру жолақтарына арналған арнайы төсеніштер де кездеседі…”. Авторы: Күмісжан БАЙЖАН.

DMK.KZ. “ЕУРОСТАНДАРТ-4. ЕЛІМІЗДІ ЕСКІ КӨЛІКТЕРДІҢ ҚОҚЫСЫНАН ҚҰТҚАРАТЫН ЖОЛ ҚАЙСЫ?”. “Экология – өркениетті елдердің ең бас ауыртатын мәселесі. Айналадағы елдердің бәрі ауа тазалығына қатаң көңіл бөліп, автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтуға ден қойды. Автокөліктің де отынын жылдан-жылға жоғары сапаға көтеріп келеді.

Еуропа елдері бұл мәселеге 1991 жылы назар аударып, Еуроодақ құрылған 1993 жылы ЕУРО–1 стандартын енгізді. Арада екі-үш жыл өткенде ЕУРО–2 талабына көшті. Сөйтіп, сол кездің өзінде-ақ автокөліктің зиянды шығарындыларын екі есеге дейін азайтқан екен. Қазір бұл елдерде ЕУРО–4 стандарты салтанат құрып тұр. Мұның талабы ЕУРО–3 ке қарағанда 65-70 пайызға қатаң…

Үкіметтің 2007 жылы “ҚР аумағына шығарылатын автокөлік құралдарының зиянды қалдық шығарындыларына қойылатын талаптың техникалық тәртібін бекіту туралы” Қаулысы қабылданғаны белгілі. Осы қаулығы сәйкес, еліміз алдағы 2011 жылдың 1 қаңтарынан ЕУРО–3 стандартына көшеді… Қазіргі уақытта елімізге Еуроодақ елдері зауыттарынан 1997 жылы шыққан, АҚШ-тан 1996 жылы, Жапониядан 1998 жылы зауытта тұсауы кесілген көліктер енгізіліп жатыр. Ал Канададан 2001, Үндістаннан 2005, Малайзиядан 2003, Кореядан 2001, Өзбекстаннан 2007 жылы шыққан көліктерге ғана ел ішіне кіргізуге рұқсат беріледі. Енді алдағы жаңа жылдан бастап бұл талап тіпті қатаңдана түспек...”. Авторы: Меңдолла ШАМҰРАТОВ.

ALASHAINASY.KZ. “Атамекен” одағы “экономикалық қылмыстың 27,3 пайызын криминалсыздандырамыз” дейді”. “…Елбасы да тапсырманы жүктегенде осы жағына салмақ түсіріңкіреп еді. Президент тапсырмасынан кейін өз мойнына жүк артып, жоба әзірлемекке кіріскен “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық палатасы экономикалық қылмыстарды криминалсыздандырудың бір парасын түгендеп шығыпты…

Енді “Атамекен” одағы” ҰЭП әзірлеген заң жобасына келсек, құжат қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 7-бөлімін, яғни экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды түбірімен өзгертуге бағытталыпты. “Жалпылама айтқанда, заң жобасының негізгі идеологиясы басты екі міндетті шешуді көздейді. Бұның біріншісі – кәсіпкерлерді құқық қорғау органдарының негізсіз кедергі келтіруінен қорғау, екіншісі – экономикалық қылмыстардан жәбір көргендерге шығындарын қайтарудың тиімді жолын қамтамасыз ету.

“Сонымен ұсынылған редакция бойынша 77 экономикалық қылмыс құрамының 20-сын толығымен криминалсыздыру көзделеді. Бұл – жалпы, экономикалық қылмыстардың 27,3 пайызы деген сөз. Аталған 20 қылмыс құрамының 15-і әкімшілік құқық бұзушылық саласына берілсе, бесеуі мүлдем жойылады. Қылмыстық кодекстен ғана емес, құқықтық саладан тұтасымен алып тасталады”, – дейді “Атамекен” одағы” Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасындағы сарапшылар тобының мүшесі, заң ғылымының докторы Исидор БОРЧАШВИЛИ.…”. Автор: Қанат ҚАЗЫ.

Әке-шешесінің азаматтығы жоқтығына бала кінәлі ме?”. “Өткен оқу жылының соңында Алматы қаласының мектептерінде 486 шетелдік оқушының заңсыз білім алғанын әшкерелеген прокуратура мигранттардың балаларын тиісті құжатсыз оқытқан мектеп директорларын жауапқа тартуды Алматы қалалық білім басқармасынан талап еткен еді. Ал биылғы оқу жылының қыркүйек айының 15-інен бері Алматы қаласының мектептеріндегі ата-аналарының азаматтығы жоқ балалар мектептерден шығарыла бастады. Солардың бірі, 5-сыныпқа дейін Алатау ауданына қарасты №41 мектепте білім алған, ал қыркүйек айының ортасынан бастап оқудан шеттетілген Азамат САПАРОВтың анасы Мүбарак апай редакциямызға шағымданды…

Бұл туралы пікірін білгіміз келгенде, Сенат депутаты Ғарифолла ЕСІМ: “Қандай жағдай болсын балалардың білім алуына жағдай жасауымыз керек. Себебі баланың (мейлі ол мигранттың баласы болса да) білім алуға толық құқы бар. Егер ол баланың құқын ата-анасы немесе басқа да тиісті орындар реттемесе, оған баланың кінәсі жоқ. Ал бала білімсіз қалса, ең үлкен сорақылық осы болмақ. Балаға білім беру – ең бірінші орындағы нәрсе, ал оның құқықтық жағы екінші орында тұруы тиіс. Өйткені білім – барша адамзатқа ортақ қазына. Тіпті білімді түрмеде де үзбейді ғой. Ал біз неге айдың күнінің аманында “сен мигранттың баласы екенсің, құжатың дұрыс емес екен” деп оны бөлектетуіміз керек?! Айта кетер нәрсе – мектеп директорларынан да бұрын бұл жерде Көші-қон полициясының кінәсі бар. Олар елімізге келген азаматтарды дер кезінде тіркеп, тексеріп, тізімге алып, құжаттарын жөндеп отыруға салақтық танытады”, – деген еді. Алайда бүгінгі күні кінәліні іздеп отырудан гөрі балалардың тезірек білім ордаларына қайтып оралуына жағдай жасасақ дұрыс болар еді”. Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ.

Тумаса да туғандай болған ұяң қыз”. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деп осындайда айтса керек. Екі дүркін әлем чемпионы, көптеген рекордтың иегері Светлана ПОДОБЕДОВАға қандай мақтау айтсақ та жарасады. Тарихи Отанын тақырға отырғызып, қоржынымызға екі әлем чемпионатының алтындарын салып берді. Бәрін қойшы, елімізде жүрген үш жылдың ішінде ол Қазақстанды шын жүрегімен сүйіп қалғанын дәлелдеді. Оның Түркиядағы әлем біріншілігінің марапаттау рәсімінде қолы сыйлыққа толып қалғанына қарамай, сыйға берген естелік сыйлықтың біреуін жерге қойып, көк туымызды желбегей жамылып, оң қолын жүрегіне тосып, Әнұран шырқалған кезде қуаныштан жылап тұрғаны әлі көз алдымызда…

– Тарихи Отаныңыз Ресейге жиі барып тұрасыз ба?

Жылына бір-ақ рет. Әлбетте, сағынамын, бірақ жаттығу керек, еңбектену қажет. Оның үстіне, мен үшін Қазақстан да жат емес. Ал Ресейде тек шешем ғана қалды. Ол кісі де осында келіп тұрады. Әлем чемпионаты кезінде де жанымда болды”. Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ.

JASQAZAQ.KZ. “Арандатушыдан абайла!”. “Ел аман, жұрт тынышта жайсыз хабар сап етті. “Солтүстік Қазақстан облыстық Әділет департаментінің қызметкерлері осы облыс тұрғындары үшін қос азаматтық енгізуді ұсынып отыр-мыс”. … Бірақ біздің ғана емес, Ресей Федерациясының Конституциясында қос азаматтық алуға ерік бермейді…

– Қазір біз осы ақпаратты таратқан телеарнаны сотқа беру жөнінде мәселе қарап жатырмыз, – деді Саида САҒДАТ. – Егер қажет деп тапсақ, сотқа береміз де. Себебі, жалған ақпарат қазір Ресей ақпарат құралдарына да тарап кетті….”. Автор: Тоқтар ЖАҚАШ.

Қазақ тілін үйренуге түрткі қажет”. “Саяси шешімдер институты өткен аптада “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын” талқылады. Ол жобаның кемшіліктері талданып, үн қосар тың ұсыныстар айтылды. Бір түйгеніміз – қоғамда қазір қарсылық азайып, мемлекеттік тілді меңгерудің қажеттілігін сезіну артып келе жатыр. … Бұл сұрақтардың жауабы жиында айтылды….

Менің бірнеше балабақшам бар. Орыстілді ата-аналар ең алдымен балаларының қазақша үйренуін талап етеді. Бұл – қазақ тілін үйренуге деген қарсылықтың жоқ екенін көрсетеді. Мемлекеттік тілді бәрі үйренгісі келеді”. Дайындаған Шадияр ӨСТЕМІРҰЛЫ.

ABAI. KZ. “Нұра Матай. Батыста жүрсең бұлқынба…”. “30 қыркүйекте жазушы Алпамыс БЕКТҰРҒАНОВ бостандыққа шықты. Былтыры осы кісі Батыс Қазақстан облысы әкіміне жала жапты деген айыппен бір жылға сотталған еді. Ол тұста Алпекең облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВтің кеңесшісі болатын. Содан не керек, бір айналдырғанда шыр айналдырады дегендей, бір жылға сотталды. Қызық болғанда, одан кейін Алпекеңе облыстық кітапханаларға кітабын сатуда құзіретін асыра пайдаланыпты деп тағы үш жыл қосып берген тұғын. Әйтеуір, аман-есен оралды.

Алпекең демекші, кейінгі кезде бұлқынғанды бұғаулаулап, нұрлы ойдың жетегіне көндіккісі келмейтін “асауларды ауыздықтауда” елдің батысындағы кейбір ұлықтар біртүрлі қорқынышты белсенділік танытып келеді. О несі екен?!

Батыс аймақтағы қоғамдық-саяси мәселелерде де белсенділік танытып жүрген Ақтөбедегі Айдос САДЫҚОВта екі жылға бас бостандығынан айырылды…

Айтпақшы, Бектұрғанов бостандығынан айырылған сәтте-ақ, біздің руханиятымыздың қарашаңырағы Жазушылар одағы оны одақтың мүшелігінен шығарып, көзіміздің қарасындай жан дегендегі жалғыз партиямыз “Нұр Отанда” әкімге қарсы келген кеңесшіні партия қатарынан аластаған болатын. Барса келмеске кеткендей көріп еді. Енді қайтер екен…Әй, бірақ, бұл елде…”.

USHKIYAN.KZ. “Біздің ескерткіштер неге “сөйлемейді”?”. “Ескі жәдігерлерді сөйлете білсек, рухани тарихымызды да білген болар едік. Ал, біздегі табылған небір керемет ескерткіштер әлі “сөйлемей” жатыр. “Тас керең”, “мылқау” сияқты. Ал, сіз арыға бармай Ресейдің музейлеріне бара қалыңызшы, “сайрап” тұрады. Оны жасаған кім? Қандай күш осындай керемет қылған? Ол халықтың рухы қандай еді сол кезде? Алтын киім кигізіп, батыр қылған не күш?…”. Форумды дайындаған: Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.

ZAMANDAS.KZ. “Келесі кезек кімдікі?”. “…Қай-қайсысыңды болмасын, қолыңнан сүйреп сотқа апара аламын”. Осы сөз – сөз. Осыған дейін бір рет шулатып, елді айқай-ұйқайға ұшыратып кеткен Досқалиевтің жыры жалғасын тауып жатыр…

… Әйтеуір қоңыр күзе Қазақстандағы саясаттың сорпасы қайнап жатыр. Келесі кезек кімідікі?…”. Авторы: Н.ҒАЛЫМЖАН.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстанда әлі күнге дейін өндірістік және ғылыми технологияларға талдау жасайтын арнайы сараптамалық орталық жоқ. Оны Білім және ғылым министрі Махметғали САРЫБЕКОВ бүгін Алматыда “Технологияларды коммерцияландыру” жобасын іске қосуға арналған симпозиумда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, шет мемлекеттерде өндірістік және ғылыми технологиялар арнайы сараптамалық орталықтар мен кеңестердің ұйғарымымен ғана өндіріске енгізіледі. Қазақстанның Білім және ғылым вице-министрі М.Сарыбековтің айтуынша, бұл жұмыс елімізде әлі күнге дейін жасалған жоқ. Ол енді ғана қолға алынып жатыр.

“Ғылымды коммерцияландыру жобасының аясында алғашқы кезекте біз Халықаралық сараптамалық орталық құрмақпыз. Ол гранттық жобаларды қарайтын болады. Орталыққа халықаралық деңгейдегі жетекші 7 маман сарапшы ретінде тартылуда.Бүгінгі симпозиумға олардың алтауы қатысып отыр”, дейді вице-министр.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ