AZATTYQ.ORG. “Азаттық радиосы Арыстан Шәдетұлымен онлайн-конференция өткізеді”. “Қазақстанда соңғы жылдары жұрт арасына танылып, таралып отырған “Қаражорға” биінің насихатшысы Арыстан ШӘДЕТҰЛЫ Азаттық радиосының сайты оқырмандарының сұрақтарына жауап береді. Өнерпаз қартпен онлайн-конференция желтоқсанның 13-і күні Астана уақытымен сағат 16.00 мен 18.00 аралығында өтеді.
Арыстан қажы Шәдетұлы бүгінде Алматы облысы, Қарасай батыр ауданының Райымбек ауылында тұрады. Биыл жасы 73-ке шыққан ақсақалдың өз айтуынша, ол 60 жылдан астам уақыттан бері “Қаражорғаны” билеп келеді екен. Арыстан қажы мен оның пікірлестері “Қаражорғаны” қазақтың халық биі деп таныстырады, бірақ ел арасында мұндай пікірмен келіспейтіндер де бар.
Азаттық радиосының веб-сайты өткізетін онлайн-конференция қонағы Арыстан Шәдетұлына өз сұрақтарыңызды қазірден бастап осы жерге жазып қалдыра аласыз. Сұрақтарға жауаптар желтоқсанның 13-і күні Астана уақытымен сағат 16.00-дан бастап жарияланатын болады”.
AIKYN.KZ. “Педиатрияның қажеттілігі ешқашан жойылмайды”. “Соңғы бір-екі жылдықта елімізде жалпы тәжірибе дәрігерлерін дайындауға зор көңіл бөліне бастағаны белгілі. Осыған орай, бірқатар дәрігерлер “бұл қағиданы дамыту — педиатрияның қажеттілігін жояды” деген пікірлерін білдіріп те үлгерді. Қоғамда “педиатрия жойылу алдында тұр” деген түсінік те қалыптасты. Осыған орай, мәселенің мән-жайын анықтамақ болып, бірқатар дәрігерлерге қоңырау шалған едік…
Мамандардың сөзіне қарағанда, педиатриясы озық болып есептелетін Англияның өзінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жалпы тәжірибе дәрігерлері арқылы көрсету үлгісіне 50 жыл бойы көшкенін айтады. Демек, енді-енді ғана бұл үлгіні қолдана бастаған Қазақстанды да алда өте ұзақ процесс күтіп тұр деген сөз. “Бұған дәрігерлерді ғана емес, қоғамды, бүкіл денсаулық сақтау жүйесін дайындау қажет. Әрбір адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарамайынша, педиатрия еш уақыт өз қажеттілігін жоймайды” дейді дәрігерлер...”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.
EGEMEN.KZ. “Бауыржан Момышұлы: “Әділеттілік қашанда жеңеді, бірақ кешігіп жүреді”. “…“Әділеттілік қашанда жеңеді, бірақ кешігіп жүреді”, дейтін батырдың сөзі бар. Бауыржан МОМЫШҰЛЫна Алматыда ескерткіш қою туралы Үкіметтің тұңғыш қаулысы сонау 1989 жылы шыққан. Содан кейін араға бірнеше жыл салып қалалық мәслихаттың қаулысына қол қойылады. Содан бедерленген қағаздар бедірейген күйі қозғалмайды. Ақыры ол Бауыржан батырдың 100 жылдығына дейін жетіп, содан соң ғана жүзеге асырылуға қам жасалыпты…
Осылайша, 10 желтоқсан Алматы тұрғындары үшін үлкен қуаныш пен мерекеге айналды. Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, ұлтымыздың біртуар перзенті, жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы мерейтойы аясында 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында еңселі ескерткіш салтанат құрды…
Түс қайта Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған салтанатты кеш болып, үлкен жиын соңы өнер ұжымдарының қатысуымен театрландырылған қойылымға ұласты. Сөйтіп, бұл да тамаша рухта өрілген басқосу болды. Самарқау тартқан сананы сілкінткен концерт болды. Еліміз елдігін осылайша тағы да бір паш етті”. Авторы: Айнаш ЕСАЛИ.
DMK.KZ. “БИЗНЕСТIҢ ЖОЛ КАРТАСЫ – 2020”: БӨЛIНГЕН ҚАРЖЫНЫҢ БАЯУ ИГЕРIЛУI – БАҒДАРЛАМАНЫҢ БАҒЫН БАЙЛАП ОТЫРҒАН ЖОҚ ПА?”. “Биылғы Жолдауында Елбасы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұзақ мерзімді бағдарлама қабылданып, осы саладағы қаржыландыру ісін жүйелендіруді қатаң тапсырған болатын.
Ел кәсіпкерлеріне қолдау танытып, қысылтаяң сәттен шығаруды көздейтін бағдарламардың бірі “Бизнестің жол картасы – 2020” осы мақсатта қызу іске кірісіп кеткен еді. Алайда соңғы кездері бұл бағдарламаның жұмысына көңілі толмайтындықтарын ашық білдірген кәсіпкерлер қатары көбейіп кетті. Неге? Осы орайда экономист Ілияс ИСАЕВ, кәсіпкер Құрманғали АЛШАНОВ, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур НАЗХАНОВ, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ басқармасы төрағасының қоғамдық байланыстар жөніндегі кеңесшісі Бексұлтан ҚҰРМАНҚҰЛОВ түйіндеген ойларын ортаға салды.
– Экономист ретінде “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына қандай баға бересіз?…”. Әзірлеген Думан БЫҚАЙ.
ALASHAINASY.KZ. “Жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күресу керек”. “…Күн тәртібі бойынша 18 құжатты қараған Сенат, оның бірсыпырасын Мәжіліске кері қайтарды, енді біразын екі оқылымда талқылап, қабылдады. Қабылданған құжаттың басым бөлігі елдегі құқық пен сот жүйесінің реформаларына қатысты болса, енді бір парасы Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі жүктеген тапсырмасын орындауға бағытталып отыр…
Бармақ басты, көз қысты” дертінің мұндай түрінен сенаторлар да айналып өте алмады. “Министрлікте, облыста басшы ауысса, әкімшілік қызметкерлері де бірге “қотарылады”. Ал заң бойынша, оларға басшылық өзгерісі еш әсер етпеуі керек. Бұл – нағыз жемқорлық көрінісі. Алайда Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік бұған қатысты пікірін білдірмей келеді ғой”, – дейді сенатор Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ аталған агенттік төрағасының орынбасары Әли КӨМЕКБАЕВқа қаратып тастаған сауалында. Расында, сенатордың көтерген “құбылысы” қанға сіңгелі қашан! Саяси басшы ауысса, әкімшілік қызметкер өзі-ақ кетеді. Бірі бұрынғы басшының “шашбауымен” кетсе, енді бірі лажсыз “орын суытады”. Қоғам арасында дәстүрге айналған осы құбылысқа агенттік енді ғана көңіл бөліп жатқанға ұқсайды. Сөйте тұра, “әлгіндей қызметтен кетуге мәжбүр болғандар арыз жазса, оларды қорғауға әзірміз” дегеннен аспады агенттік өкілі….
Сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін жазалар да қатайтылды. Алайда сең қозғалып, мұз жібігенін қоғам соншалықты сезініп отырған жоқ. Баз біреулер үшін “баяғы жартас – бір жартас”. Қазір қарапайым жұрттың өзі “бармақ басты, көз қысты” құбылысында ауға түскендерден “кімнің шортан, кімнің шабақ” екендігін айырып бере алатын дәрежеде. Ендеше қоғам көптеген пікірді емес, күрделі өзгерістерді күтуде. Бұл тұрғыдан кеше қабылданған заң да соның бір қадамы болса игі…”. Авторы: Қанат ҚАЗЫ.
ABAI.KZ. “Есеп Түгелов. Көрші елдердің ұлттық мейрамдары қандай?”. “Баспасөз бен интернетте қазақ жастары “Алаш күнін”, “Ұлттық аза күнін”, “Қазақ мемлекетінің құрылған күнін”, “Қазақ батырларын еске алу күнін” деген сияқты мейрамдар керек деп жатыр.
Осы орайда біздер ағайын, көрші елдердің ұлттық мейрамдарын саралап шыққанды жөн көрдік. Олар қандай күндерді құрмет тұтып, ұлттық деңгейде тойлайды екен?
Өзбекстан.
Өзбек ағайындардың ұлттық мейрамдарының саны көп емес екен. Мемлекеттік деңгейде атап өтілетін мейрамдардың саны оннан аспайды. 1 қаңтар — Жаңа жыл (Yangi Yil Bayrami); 14 қаңтар — Отанды қорғаушылар күні (Vatan himoyachilari kuni) (бұл күні 1992 жылы Өзбекстанның армиясы құрылған); 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні (Xalqaro Xotin-Qizlar Kuni); 21 наурыз — Наурыз мейрамы (Navro’z Bayrami); 9 мамыр — Жеңіс күні (Xotira va Qadirlash Kuni) ; 31 тамыз — Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні; 1 қыркүйек — Тәуелсіздік күні (Mustaqillik Kuni); 1 қазан — Мұғәлімдер мен Ұстаздар күні (O’qituvchi va Murabbiylar Kuni); 8 желтоқсан — Конституция күні.
Бұлармен қатар Өзбекстанда Құрбан-айт пен Ораза-айт күндері мерекеленеді.
Қырғызстан.
Қырғыз еліндегі ұлттық мейрамдардың саны да аса көп емес. Айналып келгенде біздің елдегідей. Бір айырмасы қырғыз бәйкелер 7 қараша — Ұлы Қазан социалистік төңкерісін әлі күнге дейін тойлап келеді екен…
Түрікменстан.
Түрікпен ағайындардың бір ерекшелігі — бұл елде халықты, қоғамды топтастыруға бағытталған мейрамдар саны көп екен…
Тәжікстан.
Тәжіктердің мейрамдары аса көп емес екен…
Әзірбайжан.
Негізгі мейрамдары: 1 қаңтар — Жаңа жыл; 20 қаңтар — Ұлттық аза күні; 26 ақпан — Қожалы құрбандарын еске алу күні; 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні; 20-24 наурыз — Наурыз мейрамы; 31 наурыз — Әзірбайжандардың геноциді күні; 9 мамыр — Жеңіс күні; 28 мамыр — Республика күні (1918 жылғы республиканың құрылуы); 15 маусым — Әзірбайжан ұлтын құтқару күні (Гейдар Әлиевтің билікке келу күні); 26 маусым Әзірбайжан қарулы күштерінің күні; 1 тамыз — Әзірбайжан тілі мен әліпбиі күні; 18 қазан — Мемлекеттік тәуелсіздік күні; 12 қараша — Конституция күні; 17 қараша — Ұлттық жаңғыру күні; 31 желтоқсан — Әлем әзірбайжандарының тұтастығы күні.
Бұлармен қатар Құрбан-айт пен Ораза-айт атап өтіледі.
Қалғанын өздеріңіз топшылай беріңіздер”.
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ