AIKYN.KZ. “Қазақстандық демалыс орындары жарнамасыз да танымал ма, әлде туризмді ұйымдастыру мәдениетін меңгере алмай жатыр ма?” деген сауалнаманы жүргізген Үмітжан ЖАПАР.
Ілияс ИСАЕВ, қаржыгер: “Бізде туризмді дамытатындай инфрақұрылым жоқтың қасы десек болады. Шетелден өркениеттің дәмін татып келген азаматтарды ең бірінші жоғары деңгейдегі инфрақұрылым, қызмет көрсету мәдениеті қызықтырады. Инфрақұрылым дайын болса, ұйымдастыру мәселесі оп-оңай. … Сырттан келген қонақтарды шаңы борап түрған иен далаға немесе жағасында ешқандай пансионаты жоқ өзеннің жағасына апара алмайсың. .. Туризм деген үлкен кәсіп, оны жақсылап ұйымдастырса, үлкен ақшаны жасауға болады. Бірақ оған дұрыс көзқарас керек. Оны дамытудың бірнеше жолдары бар. Бірінші мақсат – шетелден туристерді тарту”.
Мелс ЕЛЕУСІЗОВ, “Табиғат” қозғалысының жетекшісі: “Туризм деген үлкен кәсіп, оны жақсылап ұйымдастырса, үлкен ақшаны жасауға болады. Бірақ оған дұрыс көзқарас керек. Оны дамытудың бірнеше жолдары бар. Бірінші мақсат – шетелден туристерді тарту. Біздің табиғаты көркем жерлеріміздің туристерді қызықтырып, оларға қызмет ете алатындай мүмкіндігі болуы қажет. Сонымен қатар бұл салаға әлі де жарнама жетіспейді. Қазақстанның көркем жерлері туралы түрлі танымдық кітаптар, көркем фильмдер шығарып, адамдарды қызықтыру шарт. Солар арқылы ішкі туризмге де, сыртқы туризмге де ықпал жасауға болады. Мұның бәрі бір күнде болатын нәрсе емес, ақырын-ақырын келетін дүние. Мысалға, ішкі туризмді Балқашта керемет етіп ұйымдастыруға болады”.
AZATTYQ.ORG. Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ-ның мақаласында Еуро-2 халықаралық және экологиялық стандартына назар аударады. “Қазақстанда шілденің 15-інен бастап Еуро-2 халықаралық және экологиялық стандартына сәйкес келмейтін автокөліктерді сырттан елге әкелуге ресми түрде тыйым салынды. Бұл туралы Қазақстанның Көлік және коммуникация министрлігі хабарлады. ..Көлік және қатынас жолын дамыту басқармасының бастығы Төлен Қоңқақовтың айтуынша, бұл норманың негізгі мақсаты – қолданыстағы көліктердің түтінінен шығатын зияынды қалдықтардың көлемін шектеу.
“Еліміздегі автокөліктер тозығы жеткенше істей беретін болады. Біздегі көліктердің көбісі 1991-1990-шы жылдары шығарылған көліктер. Олар, әрине, Еуро-2 стандартына сәйкес келмейді. Бірақ, біз оларға көлікті тоқтатасыңдар, сатасыңдар деп айта алмаймыз”, – дейді Төлен Қоңқақов.
Статистикалық деректер бойынша, Қазақстанда 3,2 млн данадан астам көлік бар. Мамандардың сөзіне қарағанда, оның 85 пайызын – ескірген автокөліктер құрайды.
EGEMEN.KZ. ВИЧ індетін жасырудың оңтүстікке қандай апат әкелгендігін ұмытуға болмайды. Бақтияр ТАЙЖАН “ҚЫРЫМ БЕЗГЕГІНІҢ ҚАНДЫ СОЙҚАНЫ” шағын макаласында жазды: “Жақында Түркістанда кене шағуына байланысты апатты жағдай орын алды. Жас ана сәбиімен, оған операция жасауға қатысқан үш дәрігер қайтыс болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әнуар Маймақовтың айтуынша, 24 маусым күні Түркістан қаласының перзентханасына 1986 жылы туған Шахида Исмаилова босануға келген. 29 маусым күні кенеттен босанудан кейінгі жатырдан қан кету салдарынан қайтадан перзентханаға шұғыл жатқызылады. Әйел шұғыл түрде операция жасау бөлмесіне жеткізіледі. …Хирургиялық кірісудің қажеттілігіне байланысты 2 шілде күні қаланың бас хирургі С.Өскенбаев қайта операция жасауға шақыртылған.
Ана өмірінің маңыздылығын ескерген мамандар сол күні облыс орталығынан келген білікті ангиохирург, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог көмегіне жүгінеді. Операциядан кейінгі кезеңде науқастың миының гипоксиялық ісінуінен, жедел бүйрек жетімсіздігінен жағдайы асқына түседі.
Операциядан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас анестезиолог-реаниматологы А.Әлдешев, денсаулық сақтау басқармасының бас акушер-гинекологы Г.Үкібаева қарап кеңес береді.
Алайда, қолға алынған шаралар нәтиже бермей, 4 шілде күні науқас қайтыс болады. Мәйітке патологанатомиялық тексеру жүргізіледі.
9 шілде күні Исмаиловаға операция жасаған хирург Зейнулла Қабдиев кенеттен қайтыс болады.. 11 шілде күні С.Өскенбаев та дүниеден өтеді. 10 шілде күні Түркістандағы ауруханаға перзентхананың дәрігер-педиатры Шынар Бақбергенова мен дәрігер-анестезиолог Бауыржан Бегімов түседі. Бұл екеуі де науқас ана мен баланың күтіміне араласқан. Ш.Бақбергенова да қайтыс болады. Ал басқа дәрігерлер, атап айтқанда Б.Бегімов, А.Қалыбекованың жағдайы дұрысталып, үйіне шығарылуға дайындалуда. Облыстың бас дәрігерінің бұйрығы бойынша осы адамдармен қарым-қатынаста болған 89 адам бақылауға алынған.
Сейсенбі күні облыс прокуроры өткізген брифингте конго-қырым қанды безгегіне байланысты тағы да айтылды. Бүгінде тергеу амалдары жүріп жатыр. Экспертизаға облыс дәрігерлерінен бөлек республикадан да білікті мамандар қатысады”.
ZANMEDIA.KZ. Сайт іске қосылуда.
ZHASALASH.KZ. Сайт көптен бері істемейді.
AYQAP.KZ. Сайт жұмысы көптен бері жаңармаған.
DMK.KZ. Сайт жұмысы жаңармаған.
KAZADEBIET.KZ. Сайт көптен бері істемейді.
Шолуды дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.