«Қылмыскер де депутат болғысы келеді». «Мұсаевты ақтайды, бірақ ол Назарбаев кек ала ма деп қорыққандықтан Еуропада қалады дейді Рахат Әлиев». «Қазақстан үкіметі АҚШ долларына байлаулы мемлекеттік облигациялар шығару туралы қаулы қабылдады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 26 тамыз 2009 ж.

AZATTYQ.ORG. “Мұсаевты ақтайды, бірақ ол Назарбаев кек ала ма деп қорыққандықтан Еуропада қалады дейді Рахат Әлиев”. Өзінің жақын досы болған, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр МҰСАЕВтың қазіргі іс-әрекетіне қатысты Рахат ӘЛИЕВтің пікірін Азаттық радиосы оқырман назарына ұсынады. Әлнұр Мұсаев енді Әлиевті екі банкирдің ұрлануына қатысы бар деп айыптады. Рахат Әлиевпен сұхбаттасқан Александр НАРОДЕЦКИЙ.

Мәншүк АСАУТАЙ “Құқыққорғаушы Жовтис өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі “тапсырыс” деп мәлімдеді” деген мақаласында істі тергеу барысына назар аударады: “Адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасының себепкері ЖОВТИС өзіне қозғалған қылмыстық істің тапсырыстық сипаты бар дейді. Оның адвокаты істі тергеу барысында өрескел заңсыздықтарға жол берілгенін айтады. Алғашқы сот отырысы тамыздың 27-інде өтпек.

Адам құқы бойынша халықаралық қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі “тапсырыс” деп бағалайтындығын мәлімдеді.

— Бұл саяси тапсырыс па, әлде біреулердің тапсырысы ма, мен оны білмеймін. Бірақ бұл қылмыстық істің тапсырыс екеніне менің күмәнім жоқ, –деді Е.Жовтис.

Мен ең алғашқы түсініктеме бергеннен бастап, өзімнің шамамен 150 метрден бастап нашар көре бастағанымды айттым. Оған — қарама қарсы келе жатқан аутокөліктің жарығын азайтпағаны да себеп болды. 70 -100 метрден кейін мен одан да нашар көре бастадым, ал 40-30 метрде тіптен ешнәрсе көре алмадым. Алайда тергеуші мені “қайғылы оқиға орын алған жерге 100 метр қалғаннан бастап ешнәрсе көре алмады” деп көрсетіпті, – дейді Е.Жовтис.

Оның пайымдауынша, мұндай әрекеттер техникалық сараптаманың тиісті қорытындысын алу үшін қажет, ал ол тиісінше біреулерге өзін соттату үшін керек.

— Мұндай техникалық сараптаманың қорытындысы тергеушіге, менің жол — көлік оқиғасын болдырмау мүмкіндігім бола тұра ол мүмкіндікті қолданбағандығым туралы қорытынды жасауға негіз болмақ. Ал олай болған күнде, мені қылмыскер деп тауып, соттау ғажап емес, – дейді Жовтис…

Евгений Жовтистің ісі халықаралық деңгейге дейін белгілі болып отыр. 21 тамыз күні Жовтис ісінде заңдылықтың сақталуын қадағалау үшін құрылған халықаралық комитет өзінің алғашқы мәлімдемесін таратып, аталған істе заңдылық пен әділдік бағытын ұстануға шақырды.

Естеріңізде болса, адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис өзі айдап келе жатқан “Тойота” маркалы автокөлігімен шілденің 26-сы күні сағат 22.30-дың шамасында Қараой-Алматы тас жолының 131-шақырымында 34 жасар жаяу жүргіншіні қағып кеткен болатын. Қағып кеткен азамат оқиға орнында қаза тапқан еді”.

ALASHAINASY.KZ. “Сайлау өткізбей-ақ “Нұр Отанды” екі фракцияға бөлу әдісі қос партияның жүгін көтере ала ма?”. Күз мезгілі – Қазақстандағы саяси науқанның маусымы. Елдегі саяси өзгерістер мен ауыс-түйістердің дені күзбен бірге келетіні таңсық емес. Сарапшылар қауымы да қазір өз пікірлері бойынша екіге жарылған. Олардың бірі сайлаудың жақындағанынан хабар берсе, екіншілері тіпті “сайлау өткізуге ешқандай заңдық негіз жоқ” дегенді айтады. Еліміз енді төрт айдан кейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етпек. Әлемдегі ең ықпалды ұйымдардың бірі ЕҚЫҰ келесі жылы төрағалыққа бекіген елге өзіндік талаптары да жоқ емес. Саяси өзгеріс күткен қауым “ЕҚЫҰ басшылығына қоспартиялы Парламентпен барсақ, ұпайымыз түгенделеді” дегенді уәж етуде. Сарапшылар арасынан “Нұр Отанды” қаққа бөліп, екі фракция құра салу өз тиімділігін көрсетеді деген тосын пікір білдіргендер де бар. Осы тосын ойды негізге ала отырып, “Сайлау өткізбей-ақ “Нұр Отанды” екі фракцияға бөлу әдісі қоспартияның жүгін көтере ала ма?” деген сауалды мамандарға жолдаған едік. Әзірлеген Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

“ — Иә, бұлай болуы әбден мүмкін. Себебі кез келген саяси партияда оң қанат және сол қанат деген болады. Яғни бір фракция социал-демократиялық ұстанымдарға жақын келсе, екіншісі жекеменшікті жақтайтын либералистік идеяны құптайды. Сонымен қатар партияның жартысы ұлтшыл, екіншісі ұлтсыз болады. Осы ұстаным бойынша қазіргі Парламенттің депутаттарынан бұл белгі байқалады. Сондықтан біздің елде биліктегі бір партияны екі фракцияға бөлу идеясы жүзеге асуы әбден мүмкін. Бұл – тарихта болмаған оқиға. Десе де, енді төрт айдан кейін Қазақстан төрағалық ететін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының алдындағы сертті орындау үшін елімізге ең тиімді шешім осы болады деп ойлаймын. Себебі сайлау өткізуге ешқандай негіз жоқ”.

Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, саясаттанушы:

“ – Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес. Себебі бұл – ешқандай қисынға келмейтін құбылыс. Оқиға шынымен бұлайша орын алатын болса, ол құқықтық мемлекеттегі заңның бұзылуына әкеп соғады. Себебі заң бойынша осы Парламентке бүтін бір партия ғана сайланды. Егер дәл осылай “Нұр Отан” екіге жарыла салатын болса, онда еліміздегі 2007 жылғы сайлауға түсіп жеңіліс тапқан саяси партиялардың барлығы да Конституциялық Кеңеске шағым түсіріп, билік партиясының заңға қайшы әрекеттерін әшкерелеуге құқылы. Қазақстанның саяси кеңістігінде ойда жоқ оқиғалар орын алып жататыны шындық. Оны мойындаймын, ал бірақ бір партияның Парламент ішінде бөліне салуы мүмкін емес. Бұлай болмауға тиісті. Қуыршақ саяси күштерді күштеп қалыптастырумен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын иландыра алмаймыз”. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

Реформаларды көбейтеміз деп, Жол полициясын ойыншыққа айналдырып алған жоқпыз ба?”. Сауалнаманы жүргізген Ләззат БИЛАН.

Кәрім АБДОЛДИНОВ, Алматы қаласы ІІД Жол полициясы басқармасы Әуезов аудандық жол полициясының Әкімшілік істер жөніндегі инспекторы:

“– Шынымен де, соңғы жылдары жол полициясы қызметіне бірнеше реформа енгізілді. Алайда олардың барлығы сайып келгенде, МАИ саласы жұмысын жақсартып, тиімділігін арттыру үшін жасалынып жатқан шаралар деп білемін. Сол реформалардың арқасында қызметімізге заман талабына сай өзгерістер енгізіліп, ішкі істер органы саласы уақытпен ілесіп отырған шетелдерден тәжірибе алмасып отыруға қол жеткізді. МАИ қызметкерлері “ойыншыққа айналған жоқ па?” деген тосын сауалдарыңызға айтарым, бұл қате ұғым болар. Өйткені керісінше қайта қазір МАИ қызметінің жұмысында батылдық байқалады. Ешкімнің түр-түсіне қарап жатқан жоқ. Мәселен, жол тәртібін бұзып, құжатынан айырылып қалған шенеуніктер менің алдыма аз түспейді. Олар көппен бірге тиісті жазаларын алып та жатыр. Бәлкім, жол күзетінде тұрған кейбір сақшыларымыз кейбір кеудемсоқтардың алдында кішірейіп те қалатын шығар? Алайда бәрі бірдей емес қой”.

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, Сенат депутаты:

“– Жол полициясын ойыншыққа айналдырып алдық па?” деп ойлауымыз артықтау болар. Десем де, жол полициясында орын алып жатқан олқылықтар тек жол күзетіндегі сақшыларымыздың кемшілігінен ғана емес. Соған әкеп тірейтін факторлар көп. Бұл мәселенің Парламентте де жиі көтеріліп жүргені өздеріңізге белгілі. Қазір жаңа заң қабылданды. Осы заң жүзеге асса, біраз проблеманың оң шешілетініне күмәнім жоқ. Ең бастысы, жол ережесін бұзғандардың барлығын бірдей жазалау керек. Жол тәртібін бұзғандардың қай-қайсысы да талапты орындап, заңға бағынуы тиіс. МАИ қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіріп, оларды cынға ұшыратып жататын дәл осы “тізгінсіз” жүргендер дер едім. Осыдан барып жемқорлыққа да жол беріледі. Сөздің тоқетері, ең алдымен жүргізушілердің мәдениетін көтеріп, жауапкершілігін арттыру керек. Жол полициясының мәртебесі сонда ғана өспек”.

Әділ БЕК ҚАБА, ҚР Бас прокуратурасы аппаратының Тіл саясаты және ақпарат басқармасының бастығы:

“– Олай демес едім. Жол полициясы қызметіне соңғы 10 жылдың ішінде біршама реформалық өзгерістер енгізілгені рас. Менің ойымша, жол полициясы одан еш зардап шеккен жоқ. Қайта көптеген былық-шылықтарға тосқауыл қойылды. Мәселен, жүргізуші куәлігін алудағы талап күшейді. Жол полицейлерінің тасада тығылып тұрып, жүргізушіні себепсіз тоқтатуы сияқты жағдайларға тосқауыл қойылды. Ал көшедегі бейнекамералар желігіп жүргендердің аптығын басты. Былайша айтқанда, сол реформалардың жол ережесін сақтауда, жол мәдениетін қалыптастыруда және апат көлемін азайтып, МАИ қызметкері тарапынан жасалатын парақорлықты тыюдағы рөлі айрықша. Әрине барлық инспектор адал болып кетті дей қою қиындау. МАИ жол ережесінің сақталуын қадағалау құзырына ие болғандықтан олар үшін барлық жүргізуші бірдей болуы тиіс. Ешкімнің лауазымына, мансабына, қоғамдағы алатын орнына ешқандай да ерекшелік берілмеуі керек. Бар гәп осында. Талап бәріне бірдей қойылса, талай түйін шешілер еді”.

EGEMEN.KZ. “ЖАЛАҢАШКӨЛ ОҚИҒАСЫ”.1969 жылдың 13 тамызында Қытай әскерлерінің бір легі арандатушылық әрекетімен Жалаңашкөл заставасы бойындағы Каменная төбесінен шекарашыларға қарсы қарулы әрекет көрсетіп, мемлекеттік шекараға 100 метрдей еніп кеткен еді. Қақтығыста Қытай әскерінің 19-ы жер жастанса, КСРО мемлекеті шекарашысының екеуінің өмірі қиылған еді. Осы оқиға “Жалаңашкөл оқиғасы” деп Ресейдегі “Даманск аралы оқиғасымен” бірге есте қалды. Бұл арандатушылыққа қарсы тұрған Жалаңашкөл заставасының бүгінгі ізбасарлары оқиғаны еске алып, жас жауынгерлерге сабақ өткізіп тұрады. Биыл осы оқиғаға 40 жыл толды. …

Ел іргесін бір елең еткізген сол қақтығыста небір құпия қару қолданыпты-мыс. Шекара бұзушыларды лазермен күйдіріпті деуші еді. (Өйткені мұндағы Тарбағатай тау сілемдерінің етектері әлі күнге шейін бір қылтанақ өспей сары топырақ болып жатады). Ал шынына келсек, 19-20-дағы жастар кәдімгі автомат, граната, БТР және Отанына шексіз берілгендіктен Совет жерін қорғап қалған еді.

Осы қақтығысқа қатысқан ардагерлер әңгімесі бойынша бұл былай болған. 1969 жылдың 12 тамызында бұрынғы Талдықорған облысы Алакөл ауданына қарасты Жалаңашкөл және Родниковая заставасының бақылаушыларынан көрші Қытай бекетіне бірнеше брезентпен қапталған жүк машиналары жауынгерлерді әкеліп түсіріп, оның маңы ерекше жанданып, адамдардың көбейе түскенінен хабардар етеді. Мұндай жағдай бұрын байқалмағандықтан, жергілікті шекара өкілдері бұл туралы Алматыдағы Шығыс шекара округінің бастығы генерал-лейтенант М.К. МЕРКУЛОВқа баяндайды. Осымен бір мезетте Үшаралдан шұғыл арада шекараға қол пулеметтер, гранаталар, автоматтармен қаруланған топ аттандырылады. БТР-лар застава жаққа жөнелтіліп, отряд әскери жағдайға көшіріледі”.

“…Бұл оқиға туралы 1955-1988 жылдары осы аймақта застава старшинасы болып қызмет еткен аға прапорщик ГРИДНЕВ Владимир Павлович былай дейді.

– Михаил ДУЛЕПОВты, Виталий РЯЗАНОВты, лейтенант Владимир ПУЧКОВты танушы едім. Өз істеріне адал, елгезек жігіттер болатын. Отанын сүйетін нағыз патриот жігіттер еді-ау. Миша мен Виталий қайтыс болған соң “Қызыл жұлдыз” ордендерімен марапатталып, Владимир Пучков Ленин орденін алды.

“Жалаңашкөл оқиғасы”, міне, солай болған еді. Ал бүгінде екі ел арасында достық қарым-қатынас орын алып, барлық назар тек қос мемлекет арасындағы экономикалық жағдайды ұлғайтуға ауысқан. Екі ел арасындағы бірден-бір теміржол қақпасы Достық-Алашанкоу арнасымен бұрынғы Ұлы Жібек жолын жаңғырта күркіреп пойыздар толассыз ағылуда. Екі ел арасындағы экспорт-импорттық тауар алмасу 1991 жылдары 100 мыңдаған тонна ғана болса, бүгінде 14 миллион тоннаға жеткен. Шикі мұнайды Қытай еліне сатуға құбырлар тартылып, жұмыстары жанданып кеткен. Болашақта газ құбырлары кезегін күтуде. Екі ел әкімшілігі мен кеден қызметкерлері келісім-шарты бойынша визасыз қатынас мәселесі қарастырылуда. Достық пен Алашанкоу стансалары бүгінгі дағдарыс белең алып келе жатқан кезде ел экономикасына еселі үлес қосып жатқан негізгі өзек десек, еш қателеспейміз”. Мақаланы дайндаған Роллан ОРАЗХАН.

Қылмыскер де депутат болғысы келеді”. “Мемлекет басшысының еліміздегі құқық қорғау органдарының алдына қойып отырған басты міндеті – заңды бұзған жандардың жазадан ешуақытта құтылмауын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл орайда барша халық та қарапайым жандарды алдап соққан сыбайлас жемқорлар мен жеке мүлкін ұрлаған, өздерін тонаған қылмыскерлердің бірі қалмай темір торға тоғытылуын қалайды. Соған орай қазір тәртіпті нығайтуда, қылмыскерлерді ұстауда олар қомақты нәтижелерге жетіп отыр. Мәселен, жер қатынастары саласында үстіміздегі жылдың 6 айында қаржы полициясы органдары сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 75 қылмыстық іс қозғады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 68 қылмыстық істі құраған еді. Бүгінде 59 қылмыстық іс сотқа жіберілді, бұл былтырғы жылдан тағы да 68 пайызға артық. Сөйтіп, қазір 11 адам сотталды. Қылмыстық істер бойынша анықталған зиянның яғни 5 млрд. 62 млн.теңгенің 2 млрд. 401 млн. теңгесі өтелді, мемлекетке 342 га. жер қайтарылды.

Қаржы полициясы органдарының тергеу тәжірибесі көрсеткендей, жер қатынастары саласындағы жемқорлық қылмыстардың басым бөлігін лауазымды тұлғалардың жер телімдерін иеліктен заңсыз шығару немесе өзге тұлғаларға оларды алып беруге көмек көрсеткені үшін пара алу фактілері құрайды. Мәселен, Жамбыл облыстық әкімдігінің орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің директоры Д. деген азаматқа 1000 га. көлеміндегі жер телімін жалға бөлу үшін 140 мың теңге пара алған. Сол үшін ол үш жылға бас бостандығынан айырылып, темір торға қамалды. Қостанай облысы Чехов ауылдық округының әкімі аппаратының бас маманы бұл дүниенің заңын аттағаны былай тұрсын, енді о дүниелік аруақтардың күнәсінен де қорықпай лауазымын пайдаланып, қайтыс болған 24 марқұмның атынан жер телімдеріне қатысты меншік құқығын беру туралы сенімхатты растаған. Сөйтіп, о дүниелік жандардың атымен жалпы құны 34 млн. 700 мың теңге тұратын 792 га. жер телімін заңсыз иеленуге жол берген.

Үстіміздегі жылдың 6 айында парақорлық фактілері бойынша қаржы полициясы органдары 224 қылмыстық іс қозғады, бұл өткен жылдың осы кезең көрсеткішінен 23 пайызға артық. Мемлекеттік лауазымды заңсыз табыс көзіне айналдырған парақор шенеуніктер қандай да болмасын мәртебесіне қарамастан қылмыстық жауаптылыққа тартылуда”. Авторы: Александр ТАСБОЛАТОВ.

KAZ.GAZETA.KZ. “Қазақстан үкіметі АҚШ долларына байлаулы мемлекеттік облигациялар шығару туралы қаулы қабылдады. Осы жөніндегі шешім үкіметтің бүгін өткен отырысында қабылданды”,- деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қазақстан үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВтың айтуынша, бұл қаулы \»салымдарға кепілдік береді\». \»Бірақ келесі жағынан біз банктерде депозит ашуға кедергі келтірмеуге тиіспіз. Бұл тек жай ғана балама амал ретінде қабылдануы керек\», — деді ол.

Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВтің айтуынша, бұл халықтың инвестициясы үшін \»қосымша құрал\» бола алады. \»Біз кірістілігі АҚШ долларының бағамына байлаулы құралдарға инвестиция салудан мүдделі, бірақ қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктерге өз салымдарын салғысы келмейтін азаматтарға қосымша құрал ретінде ұсынғымыз келеді\», — деді Б. Жәмішев.

Министрдің айтуынша, аталған бағалы қағаздар бойынша кірістілік \»шетел валютасындағы депозиттерге қарағанда төмен болмақ\». \»Біз бұл тәуекелі жоқ құрал болғандықтан, оған деген қызығушылық туындайды деп пайымдаймыз\», — деді ол.

Оның айтуынша, жеке тұлғаларға арналған мемлекеттік арнаулы бағалы қағаздар МЕОКАМ шамамен 15 млрд теңгеге шығарылады деген алдын ала есеп бар.

Алғашқы екі транштың қорытындысы бойынша Қаржы министрлігі азаматтардың аталған құралға деген қызығушылығын бағалайды, содан кейін ғана шығарылымның түпкілікті көлемі анықталады\», — деді министр.

Сонымен бірге министр: \»Біз екінші деңгейлі банктерде ашылатын депозиттердің көлемінің азаюына апарып соғуын қаламаймыз\»,- деп атап көрсетті.

Б. Жәмішевтің айтуынша, Қаржы министрлігі жаңа мемлекеттік облигацияларды тамыз айында шығаруды жоспарлауда. \»Техникалық тұрғыда қандайбір проблема жоқ. Ол тамыз айында шығарылуы әбден мүмкін\», — деді Б. Жәмішев.

Бұл жерде мәселе біздің қашан шығара алатындығымызда емес, ол жағынан мәселе жоқ, мәселе ақпаратты халыққа толық жеткізу үшін және бағалы қағаздар туралы халық барынша білуі үшін агенттерді дұрыс таңдауда\», — деді министр.

Оның айтуынша, агенттер рөлін екінші деңгейлі банктер атқаратын болады.

Кедендік одақ қуаты 170 млн адамға тең біртұтас рынок қалыптастырады. Бұл туралы Еуразиялық Даму банкінің экономикалық талдау және консалтинг бөлімінің бастығы Евгений ВИНОКУРОВ журналистерге мәлім етті”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Евгений Винокуровтың айтуынша, \»қазір Кедендік одақ қуаты 170 млн адамға тең біртұтас рынок қалыптастыруға алып келуі тиіс, соның ішінде 142 млн — Ресей, 10 млн — Беларусь, 16 млн — Қазақстан тб.\» — деді ол.

Конституция күнін тойлауға байланысты қазақстандықтар үш күн, яғни, 29, 30 және 31 тамызда демалады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қазақстан Республикасының мерекелері туралы\» Заң нормаларында ұлттық мереке күндері демалыс болып саналады, ал демалыс күндері мен мереке күндері сәйкес келген жағдайда мейрам күнінен кейінгі жұмыс күндері демалыс күндері болып саналады\». Сол себепті 30 тамыз жексенбі күнге сәйкес келетіндіктен, демалыс күні 31 тамыз — дүйсенбіге ауыстырылады.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.