AZATTYQ.ORG. “Өтеген Иқсанов: Қазақстанның сот жүйесін тәуелділіктен арылтатын реформа қажет”. “Тәжірибелі заңгер, зейнеткер Өтеген ИҚСАНОВ Азаттық радиосына берген сұхбатында Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығынан бастап, елдегі сот жүйесі туралы өз ойымен бөлісті. Бұл адам кезінде өзі істеп жүрген Қазақстан Жоғарғы сотындағы парақорлықты әшкерелеген еді…
Мен Қазақстанның тәуелсіз емес кезінде де, тәуелсіздік алғаннан кейін де сот жүйесінде жұмыс істедім. Қазіргі жұмыс істеп жатқан кейбір судьялармен ақылдасып тұрамын, олар өздерінің тәуелсіз емес, тәуелді екендіктерін айтады. Тәуелді болатын себебі – оларда гарант жоқ, кепілдік берілмеген…
Жоғарғы соттан бастап аудандық сотқа дейін барлығы президенттің бұйрығымен тағайындалады. Әрине, президент оның кім екенін де білмейді, тізімді шенеуніктер жасап алып барады, сол бойынша қол қояды. Оның ішінде көбі лайықты да шығар, бірақ, соның ішінде судьялық қасиеті жоқ адамдар да болады, сондықтан сондай корқақ, өзінің қолы таза емес, білімсіз адам үнемі тәуелді болып отырады…
…Бізде ешбір адамға да тәуелді болмайтын сот болуы керек. Бізде, мейлі, керемет данышпан президент болсын, бірақ оған бағынбайтын сот жүйесі болуы керек. Кереметтей ілім-білімі жетік, көреген президент болса, сонда ғана ол гарант болады, дұрыстап сот жүйесін реттеп берсе, президенттің міндеті сонымен бітеді. Платонның айтқаны бар ғой: “Дүние құрып кетсін, бірақ әділдік болсын” деген. Дүние құрып кеткеннен кейін әділдіктің керегі не? Керісінше, әділдік болса дүние ешуақытта құрымайды…”. Авторы: Сағат БАТЫРХАН.
AIKYN.KZ. “Тимурдың тартуы – “Қара найзағай”. “Әлемге әйгілі кинорежиссер, продюсер Тимур БЕКМАМБЕТОВтің Астанада өткен “Қара найзағай” фильмінің жабық көрсетіліміне Үкіметбасы К.МӘСІМОВ пен Мәдениет және ақпарат министрі М.ҚҰЛ-МҰХАММЕД және басқа да лауазымды өкілдер мен бизнесмендер қатысты.
Ресей кинематографиясы мен қатар Голливудты бағындырып үлгерген әлемдік деңгейдегі режиссердің хас батыр жайлы түсірген киномиксінің бюджеті — 10 миллион долларды құрайды. Киноның тұсаукесер рәсімі Жаңа жыл қарсаңында, яғни бүгін, 31 желтоқсанда жасалады деп күтілуде.
Фильм желісі қарапайым студенттің ерлігін баяндауға құрылған. Ол жамандықтан алшақ болу керектігін және туған қаласын қорғауға міндетті екендігін дәлелдеуге тырысады. Бас кейіпкердің “жақсы көліктің иесі болсам” деген арманы болады. Әкесі баласының туған күніне әуеде самғайтын “Волга-21” автокөлігін сыйлайды. Осыдан кейін ғажайып көлік иесінің шытырман оқиғалары басталады. Айтпақшы, режиссер жабық көрсетілімге осы “Волганы” мініп келді. Алайда “әп” деген сәтте кинодағы “керемет көлік” от алмай қалды. “Қара найзағайда” ол небары 6 секундта 100 шақырымды бағындыратын. Тимур Бекмамбетовтың айтуынша, көлік Кеңес заманындағы 6 Волганың бөлшектерінен құрастырылған, тек қозғалтқышы BMV көлігінікі. Тимурдың темір тұлпары мәскеулік болса да, нөмірі қазақстандық екен. Сериялық санның алдында Солтүстік Қазақстан облысының “Т” деген таңбасы тұр. Кинофильмнің басты өзгешелігі оған кілең жас артистер тартылған. Фильм былтыр басталып, бір жылдың ішінде көрерменге ұсынылған. Режиссердің айтуынша, америкалықтар мұндай фильмге кем дегенде 4 жыл уақыт жұмсайды екен. Жаңа жыл қарсаңында көрерменге жаңа фильм ұсынуды дәстүрге айналдырған режиссер 2010 жылы Қазақстан мен Ресей бірігіп түсіретін “Алтын жауынгерге” кіріскелі отыр…”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ.
“Қазақ дипломатиясының желкені еуропалық векторға бет алды”. “1990 жылдардың ортасында “Қазақстан мүшелікке өткен халықаралық ұйымдардың саны шектен шықты, еліміз түрлі бағыттардың басын шалып, шашырап кетті” деген пікірлерге ұзақ жыл Сыртқы істер министрлігінің тізгінін ұстаған, қазір Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ мырза “Қазақстан секілді ауқымды ел үшін ауқатты Еуропа болсын, мейлі басқа болсын, бір тартылыс орталығын бағдарға алу — қолайлы ықпал көзі бола алмайды. Керісінше, Қазақстанның ұзақ мерзімді іргелі мүддесі тұрғысынан алғанда, бұл пікірлер мүлдем көрегендікке жатпайды дер едім.
…Қазақстанды екі құрлықта да мүддесі алысты көздеген, ірі еуразиялық мемлекет ретінде қарастыра отырып, орталықазиялық өңірдің ғана акцияларымен шектеліп, тар ауқымды географиямен тұйықталу жөн болмас еді. Саясаттанушылардың пайымдауынша мұндай ұстаным біздің елдің әлеуеті мен стратегиялық мүдделеріне кереғар келер еді. …Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның көпвекторлы саясаты түпкілікті жүйеге түсті. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге қадам басқан қазақ елі алдағы 2010 жылы сыртқы саясатта көпвекторлы саясатқа, соның ішінде еуропалық бағытқа басымдық беретінін жариялап, қазақ дипломатиясының желкенін еуропалық векторға қарай бағыттады. Сонымен, 2010 барыс жылына аяқ басқан тәуелсіз қазақ дипломатиясы 2009 жылды қандай жетістіктермен шығарып салды? Қапы кеткен тұстарымыз не? Бұл туралы саясаттанушыларға сөз берейік…”. Дайындағандар: Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ, Жүсіп ОРЫНБАЙ.
ANATILI.KZ. “Қарақшылықты тудырған қасірет”. “Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ еліндегі саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің нәтижелерінен жаппай халық наразылығы туып, жер-жерде жасырын ұйымдасқан қозғалыстар орын алғаны белгілі. Ірі-ірі көтерілістерді айтпағанда, жекелеген шағын топтар да әр түрлі деңгейде қарсыластық нысандарын көрсетті. Мұндай қозғалыстар 1928 жылы бай-құлақтардың мүлкін кәмпескелеу жұмысы нақты іске асырылу барысында-ақ басталып кетті. Олар тау бөктерлері мен құм қияларында жасырынып, үңгірлерде қолайсыз жағдайда күн көрді. Олардың қару-жарақтары негізінен винтовкалар, револьверлер, қылыштар, жарғыш заттары болды. Кеңес жұмысшыларына қоқан-лоққы көрсетіп, үкімет жүргізген науқандарға кедергі келтіріп, жекелеген шабуылдар арқылы елден көрпе, текемет, ақша, киім, жылқы, қой тартып алды. Осындай қозғалыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушыларға кеңес үкіметі “қарақшылар” (“банда”) деген тарихи айдар тағып, олармен ОГПУ деген атпен әйгілі болған арнайы орган жендеттері барынша күрес жүргізді. Тұтқынға түскендері түрмеге қамалды, кейбіреулері атылды, айдалды. Кеңестік тарихнамада да олар халықты тонаушы, қырып-жоюшы барып тұрған құбыжық ретінде танытылды. Алайда кейін олардың прототиптеріне жағымды кейіпкер ретінде көркем туындылар жазылды.
Ал қозғалыстарға қоғамдағы барлық тап өкілдері — байлар да, кедейлер де, орта шаруалар да, сондай-ақ дін өкілдері де, тіпті комсомол, партия және кеңес жұмысшылары да қатысты. Яғни елде орын алған саяси-экономикалық ахуал ешкімді де бей-жай қалдырмады. Бостандық, Батпаққара, Қарақұм, Ырғыз, Маңғыстау, Табын аудандарындағы ірі-ірі көтерілістердің басшылары мен ұйымдастырушылардың, сондай-ақ қатысушылардың тізімі және жазалау түрлері туралы мәліметтер жазылып жүр. Ал жасырын жекелеген “қарақшылар” деп аталған топтардың басшылары мен қосшылары кімдер еді?…”. Авторы: Айнаш СЕЙСЕНБАЕВА, ҚР Президенті Мұрағатының бас сарапшысы.
DMK.KZ. “Кедендік одақтың пайдасын кім көреді?”. “Биылғы жылдан бастап ел экономикасы тағы бір жаңа кезеңге қарай қадам басқалы тұр. …Жалпы, Кедендік одақ дегеннің өзі – бұл одаққа мүше-мемлекеттер арасындағы баж алымынсыз жүргізілетін сауда және үшінші елдер үшін кедендік баждардың келісілген мөлшері. Осының негізінде қаңтардың 1-інен бастап Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері арасында баж алымынсыз сауда жүргізілетін болады. Бүгінгі күні сарапшылар сауда-экономикалық байланыс, кедергісіз тауар айналымын арттыру, негізгі өнімдер арасындағы бәсекелестік пен кедендік тарифтер мәселесін қоса алғанда, жаңадан қалыптасқан кедендік одақтың экономикамызға тигізер әсері жөнінде әрқилы пікір айтуда. Ең алдымен, аталған үш мемлекеттің арасында кедендік бақылау, санитарлық-эпидемиологиялық, фитосанитарлық, ветеринарлық, көліктік бақылау жүзеге асырылмайды. …Сондай-ақ, әкімшілік кедергілер азайған соң, Одаққа мүше-мемлекеттер арасындағы сауда да жылдам жүрмек. Кедендік одақ аясында Біртұтас экономикалық кеңістік құру еліміз үшін шикізаттық емес экономиканы дамытуға мүмкіндік береді деп күтілуде. …Сол себепті, отандық тауар өндірушілер өнімін үлкен нарыққа шығарғанда ғана бәсекелестік қабілетке ие болмақ. Бір есептен осы олқылықтардың орнын толтыру үшін де еліміз Кедендік одаққа кіргелі отыр. Ең бастысы, аталған Одақ көлемінде – 170 миллион адамы бар, жалпы ішкі өнімінің көлемі 2 триллион долларға жуық үлкен нарық ашылады. Мұның өзі тұтыну нарығының айтарлықтай әлеуетке ие екенін көрсетіп тұр. Алайда, біздің ел үшін Одақтың көлеңкелі тұстары да жеткілікті. Мәселен, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы былтыр 20 млрд. долларға дейін өсіпті. Десе де, Ресей Қазақстанға 8 млрд. долларға жуық тауарды артық әкелетін көрінеді. Бұл бір жағынан, Ресейдің өндірістік әлеуетінің мүмкіндігін әйгілесе, екінші жағынан экономикалық байланыстарымызда әлі де сыңаржақтылықтың барлығын көрсетеді. Мәселен, жұртшылық автокөлік бағасына қатысты көбірек алаңдаушылық танытуда. Өйткені, ресми зерттеулер қазіргі күннің өзінде Қазақстандағы көлік бағасының орынсыз қымбат екендігін анықтап отыр.
Егер көлікке қатысты статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, 2007 жылы елімізге 300 мыңнан астам көлік әкелінген екен. Оның 70 пайызы мінілген, ескірген көліктер. Бұлар негізінен Жапония мен Германия елдерінен жеткізіледі. Ал бұл көліктерге салынар Қазақстан мен Ресейдің арасындағы кедендік баж салығының айырмашылығы үлкен. Яғни, Ресейде Қазақстанға қарағанда кедендік баж 70 пайызға артық. Ендеше бұндай автокөліктер Ресейге қарағанда Қазақстанда 70 пайызға дейін арзан болуы тиіс екен. Бірақ мұндай ұсталған, ескі, шетелден әкелінетін автокөліктердің бағасы Ресейде де, Қазақстанда да бірдей. Бұл тұрғыда негізгі пайданы сатып алушылар емес, шетелден автокөлік тасымалдаушылар көріп отыр. Ұсталғанды былай қоя тұрып, жаңа автокөліктер саудасын алып қарасаңыз да жағдай солай. Оның үстіне жаңа автокөліктер саудасын екі-үш компания ғана монополияға айналдырып, бүкіл автонарық осылардың уысында. Ал кедендік баж бойынша жаңа көліктерге қатысты айырмашылықты құрап отырған 20-30 пайыз табыс сол компаниялардың қалтасына құйылып, сатып алушы бұдан еш пайда көрмейді. Әйтсе де, вице-премьер Ө. ШӨКЕЕВ бұл мәселе жөнінде “Кедендік одақ іске кіріскеннен бастап автонарыққа монополия құрған жаңағы компаниялар көлік бағасын орынсыз арттыруға талпынса, бұнымен тиісті органдар айналысуы тиіс. Қажет болса Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен прокуратура және құқық қорғау органдары осы мәселені мұқият зерделейді. Өйткені нарықта баға құбылмауы шарт. Тіпті баға құбылса да, ол тұтынушыға айтарлықтай сезілмеуі керек”, – деп мәлімдеген болатын. Сайып келгенде әр мемлекет өзінің экономикалық мүддесін қорғап бағатыны сөзсіз. Осы орайда, Кеден одағы жұмысын бастағанда әуелгі соққы отандық өндірушілерге тиетіні сөзсіз. Өйткені, олар Ресей мен Беларусьтің өнім өндірушілерімен ашық та, қатаң бәсекеге түседі. Мамандар бастапқыда ел экономикасының дамуы біраз баяулауы мүмкін дейді. Дегенмен, ашық нарық пен бәсекелестік екінші жағынан біздің кәсіпорындарымызға жаңа серпіліс әкелмек. Оның үстіне, Кедендік одақ аясында өнеркәсіптік әлеует 600 млрд. доллар шамасында деп бағалануда. Сол үшін де бұндай кеңістікке Еуразия құрлығында ғана емес, әлем елдерінде үлкен мән беріліп отыр. Көптеген сарапшылар қазіргі күні еліміздің салық саясаты Кедендік одақ аясындағы басқа мемлекеттермен салыстырғанда ыңғайлы әрі тиімдірек екенін айтады. Себебі, Қазақстан бұған дейін де ДСҰ-ға кіру мақсатында салық саясатына қатысты біршама шараларды атқарып, бұл бағыттағы заңнамалық құжаттарын әлемдік бағдарға ыңғайлай түскен болатын. Яғни, еліміздің өзге екі мемлекетке қарағанда салық саясаты озық. Әрине, әлемнің дамыған елдерімен салыстыратын болсақ, салық мәселесіне қатысты сауатты арттыру әлі өзекті күйінде екені рас. Сонымен бірге, Кеден одағы мен біртұтас экономикалық кеңістік көптеген мәселелерді басқаша шешуді қажет етеді. Осы орайда ел үкіметі осы жылдан бастап өндірісін жаңартып, экспортқа өнімін шығара алған өндіріс ошақтарына нақты қолдау ретінде 8 пайызбен несиелендіру шарасын қолға алмақшы”, — деп өз пікірін білдіреді Бауыржан САБЫРБЕКОВ.
“Құн, қайда барасың?”. “Жаңа жылдан бастап жалақы мен әлеуметтік жәрдемақының, сондай-ақ зейнетақының мөлшері өсті. Бұған дейін ең төменгі көрсеткіш көлемінде яғни, 9 мың 875 теңге зейнетақы алып келгендер енді 12 мың 344 теңге алады. Ал, ең төменгі жалақы 13 мың 717 теңгеден 14 мың 952 теңгеге көбейді. Айлық есептік көрсеткіш мөлшері 1296 теңгеден 1413 теңгеге жетті. Алайда мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы осы жылдың 1 шілдесінен кейін ғана көбеймек. Сондай-ақ, биыл тегін медициналық қызметке бөлінген қаражат көлемі ұлғайтылды.
Дегенмен, барыс жылында бағаның азуы қарыс өсетіні көптен бері айтылып келе жатқан мәселе. 2010 есікті аттай сала, 1 қаңтардан бастап телефон тарифі де қымбаттады. Қалалық жердегі жеке тұлғалар былтыр телефон қызметіне қосымша құн салығын қосқанда 492 теңге 80 тиын төлесе, биыл 520 теңге төлейтін болады. Ал, ауыл тұрғындары “әлө” дегендері үшін айына 345 теңге 25 тиын бермек. Ал жеке кәсіпкерлер 644 теңге 70 тиын төлемек. “Қазақтелеком” мекемесінің мамандары “Біз тек қана бағаны қымбаттатып отырған жоқпыз, мәселен былтыр халықаралық сөйлесу тарифін де азайттық” деп, мырзалықтарын білдірді”. Авторы: Толқын САДЫРОВА.
“Баспана бәсі”. “Біз жалға беретін тұрғын үй бағасы нарықтағыдан 30 пайызға арзан болады”, – дейді “Самұрық–қазына” жылжымайтын мүлік қорының басқарма төрағасы Ғосман АМРИН.
Барыс жылы елімізде алғаш рет жалға берілетін тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түсетін болды. Тұрғын үйді жалға беру іс-тәжірибесі дамыған Батыс елдерінде ертеден қалыптасып, қанатын кеңге жайған. Еурокомиссияның статистикалық мәліметтеріне көз жүгіртсек, Германияда халықтың 43 пайызы жалға берілетін пәтерлерде тұратынын білуге болады. Ал бұл көрсеткіш Фаранцияда 56 пайыз, Австрияда 57 пайыз, Ұлыбританияда 69 пайыз, Ирландияда 78 пайыз, Испанияда 81 пайызға жеткен. “Экономика қарыштап дамыған қазіргі заманда жалға берілетін үй өзінің тиімділігін көрсетіп отыр”, – дейді “Самұрық-Қазына” Жылжымайтын мүлік қорының Басқарма төрағасы Ғосман Амрин мырза. Қор басшысы бізге берген сұхбатында жалға берілетін үйлердің тиімділігі жайында жан-жақты әңгімелеп берді. Енді сол сұхбатқа назар аударсаңыздар…”. Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН.
TURKYSTAN.KZ. “Нөмiрдiң басты тақырыбы – патриотизм!”. “Патриотизмдi күнделiктi өмiрде, өнерде, әдебиетте, саясатта, спортта насихаттау қалай жүргiзiлiп жатыр? Қазақстандық патриотизм қай мазмұнда қалыптасуы керек? Бұл жөнiндегi әңгiме газетiмiздiң осы нөмiрiмен ғана шектелiп қалмас. Жыл бойы осы тақырыпты қаузауға үлес қосамын десе — патша-оқырманның өз еркi. Бүгiнгi сандағы кино және патриотизм туралы мақаланы, патриотизмдi айшықтайтын өлеңдердi және қазiргi эстрадалық әндер және патриотизмге қатысты материалды, спорт және патриотизм туралы мақаланы оқи аласыздар. Саясат және қоғам қайраткерлерiнiң патриотизмдi айшықтайтын ойлары. Ал Көлбай Адырбекұлының рухты жанып, намысты қайрайтын қамшыламасын оқи аласыздар. Орта толсын!”.
“Вице-министр қытайға жердiң жалға берiлмейтiндiгiн айтады”. “Бiрақ, ауылшаруашылығына Қытай инвестициясының құйылатындығын жоққа шығармайды. Былтырғы жылдың соңына қарай «Central Asia Monitor» газетiнiң интернет-сайтында Ауылшаруашылығы вице-министрi Арман ЕВНИЕВтiң «Шумиха вокруг продажи земли китайцам кому-то на руку» атты сұхбаты жарияланды.
Сұхбатта Ауылшаруашылығы вице-министрi Арман Евниев 1 миллион гектар жердiң Қытай шаруаларына жалға берiлмейтiндiгiн айта отырып, екi ел арасында бiрлескен кәсiпорын құрылатындығын жеткiзедi. Вице-министр инвестициялық жоба деп атаған бұл келiсiм-шарттың сұлбасы ендi ғана дайындала бастапты. Әзiрге нақты қандай қадамдар жасалатыны анық емес. Арман Евниев әуелгi маңызды мәселе ретiнде бұл бiрлескен кәсiпорындардың бақылау пакетiнiң Қазақстан жағында болуын атайды. «Ал, жердiң қандай бiр Қытай компаниясына сатылуы жайында әңгiме мүлдем айтылып отырған жоқ. Бiрiншiден, бұл бiздiң заңымызға томпақ, екiншiден, бiзде мұндай көлемде бос жатқан жер де жоқ. Әңгiме — ұзақ мерзiмдi инвестициялық жоба жайында болып отыр. Қазiр бiзде егiстiк жерге қағаз жүзiнде ие болып отырғандар жеткiлiктi. Бiрақ, бұл жерлер иесiз жатыр. Себебi көп: бiреуiнде арық бiтелiп қалған, екiншiсiнде су жоқ, үшiншiсiнде каналдар iстен шыққан дегендей. Бұл жерлердi iске қосуға болар едi. Бiрақ, сiз оларды ауылшаруашылығына айналымға енгiзу үшiн қанша қаржы талап етiлетiндiгiн елестете де алмайсыз. Бұны мемлекет шеше алмайды. Сондықтан да, тығырықтан шығудың жолы — Қытай серiктестерi арқылы инвестициялық жоба жасау болып отыр. Қытай жыл сайын 40 миллион тонна сояны импорттайды. 2015 жылы бұл 50 миллион тоннаға дейiн жетуi мүмкiн. Бұл үшiн Қытай кәсiпорындарымен келiсiм-шартқа отырамыз. Бұл тұста жердi сату мәселесi немесе Қытай фирмаларына жердi жалға беру мәселесi сөз болып отырған жоқ. Әрине, оларды айналымға енгiзу үшiн iрi көлемде несие қажет, бұл жағдайда жер үлесiнiң кепiлге қойылуын жоққа шығармаймыз. Бiрақ, бұл бар болғаны Қазақстан азаматтарының арасындағы құқықтық мәселе ғана. Қытай тарапының бұл жерге еш қатысы жоқ», — дейдi ол бұған дейiн Қазақстан қоғамын шулатқан мәселе жайында түсiнiк бере отырып.
Вице-премьер Қазақстанның ауылшаруашылығының және фермерлердiң Қытай инвестициясына аса мұқтаж болып отырғандығына баса назар аударған. Ауылшаруашылығы өнiмдерiн сату мәселесi де проблема болып отыр екен. Арман Евниев, сонымен қатар, қазақ даласына қытай шаруаларының ағылатыны туралы ақпаратты да жоққа шығарады: «Бар болғаны, агрономдарды қайта даярлаудан өткiзiп, өнiмнiң дұрыс сортын таңдап, жердi қайта өңдеу керек. Яғни, ауыл шаруашылығы нысанындағы жерлерде бiздiң дихандар жұмыс iстейтiн болады» деген екен. Шенеунiктiң мәлiметiне сүйенсек, Қазақстанда 1,3 миллион гектар егiстiк жер жеке иеленушiлердiң қолына өтiп кеткен. Ал Қытай мен Қазақстанның бiрлескен ауыл шаруашылығы кәсiпорындары көкөнiстердiң орнына соя мен рапс егудi жоспарлап отырғандығы да айқын болды.
“Бiр тонна сояны өсiрудiң өзiндiк құны — 140-60 доллардың айналасында. Тасымал құны — 13-14 долларды құрайды. Қытай жағы сояның тоннасын — биржалық бағамен, 400 доллар айналасында сатып алуды ұсынып отыр” — делiнген сұхбатта. Бұл жоба Оңтүстiк Қазақстан облысында бастау алмақ екен. Қытай сояны өңдеу мәселесiн де Қазақстанда жүзеге асырмақ көрiнедi. Қазақстаннан сатып алынған сояның 80%-ы шетелдiк рынокқа шығарылмақ. Соядан өзге Қытаймен бiрлескен кәсiпорындар жүгерi өсiрудi қолға алмақшы. Демек, Қытай диқандары емес, инвесторлары Қазақстанның ауылшаруашылығы рыногын жаулап алуы әбден ықтимал болып отыр”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.
“2010 жыл: дағдарыстың ауыздықталар сұры жоқ”. “Қазақстан банктерiнде 1,5 трлн. теңге босқа жатыр», – дейдi сарапшылар. Соңғы алпыс жылда алғаш рет соққан экономикалық дағдарыстың күштiлiгi мен қуаттылығы соншалықты, әлем соққыдан есiн әлi жинап үлгерген жоқ. 2010 жылы әлемдiк экономикадағы қордаланған қиындықтар қалай шешiмiн таппақ? Халықаралық қаржылық жүйенiң осал тұсы қайсы? Үкiметтiк бағдарламалар мен шаралардың қауқары қаншалықты? Жұмыссыздықпен күрес қалай өрбiмек? Осындай ауыр сауалдар адамдарды күн сайын мазалауда.
РЕЦЕССИЯНЫҢ ЕКIНШI КЕЗЕҢI МЕН ГИПЕРИНФЛЯЦИЯ.
…Келеңсiздiктердi көлденең тартқандар қатарында Нобель сыйлығының иегерi, Дүниежүзiлiк банктiң бұрынғы бас экономисi Джозеф СТИГЛИЦ те бар. 2010 жылдың екiншi жартысында АҚШ жаңа экономикалық дағдарысқа тап болуы мүмкiндiгiн ескерткен оның пiкiрiнше, америкалық билiктiң өскелең ұрпақты жеткiлiктi деңгейде жұмыспен қамтамасыз ете алмауы, еңбек өнiмдiлiгi мен өндiрiс қарқынының бәсеңдеуi, жұмыссыздықтың артуы, экономикалық өсiмнiң бәсеңдiгi келесi жылғы қиындықтарға себеп болады”. Авторы: Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.
EGEMEN.KZ. “Қазақстан төрағалығының алғашқы мәжілісі”. “…14 қаңтарда Қазақстан төрағалығымен өтетін Венадағы Тұрақты кеңестің алғашқы мәжілісіне қызу дайындық жүріп жатыр. …Тұрақты кеңес – ЕҚЫҰ-ның әр аптаның бейсенбісі сайын Венадағы елшілер деңгейінде жиналатын шешім шығарушы орган. Оның жұмысына қазіргі төрағаның өкілі басшылық етеді.
…Кеңес отырысына ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ қатысып, Қазақстанның Ұйымдағы төрағалығы кезіндегі басым бағыттары туралы баяндама жасайды.
1 қаңтар күні ЕҚЫҰ Хатшылығының баспасөз және қоғамдық ақпарат бөлімі Қазақстан төрағалығының басталуына орай халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз релизін таратты. Онда: “Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығын қабылдап, ЕҚЫҰ құндылықтары мен қағидаттарын қалтқысыз ұстанатындығын, барлық мүше мемлекеттер мүдделерін ескеретіндігін, сонымен қатар, еуразиялық кеңістіктің қауіпсіздігіне нақты үлес қосатын маңызды үнқатысу алаңы ретіндегі ЕҚЫҰ рөлін дамытатындығын растайды”, делінген.
…Атап өтерлік қызық жәйт, 14 қаңтардағы алғашқы Тұрақты кеңес отырысын ЕҚЫҰ-ның Интернеттегі YouTube арнасы арқылы тікелей эфирден немесе жазба түрінде көруге болады. Ол үшін www.youtube.com/osce адресіне кіру қажет…”. Авторы: Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ.
ZHASALASH.KZ. “Сот наразылық шарасымен басталды”. “Жаңа жылдық мерекеден кейiн Астана қаласы №2 Сарыарқа аудандық сотында “Қазатомөнеркәсiп” ұлттық компаниясының бұрынғы президентi Мұхтар ЖӘКIШЕВтiң iсi бойынша сот отырысы басталды. Сот жабық есiк жағдайында өттi. Оған тiптен, Жәкiшевтiң зайыбы Жәмила да жiберiлмедi.
Сот отырысы басталатын күнi №2 Сарыарқа аудандық соты күзеттi бiрнеше есеге көбейтiптi. Ғимараттың айналасы толған полиция жасақтары. Кiреберiс есiктi қара қағазбен жапсырып тастаған. Iштегi адамдар көрiнбес үшiн.
..Мұхтар Жәкiшевтi конвоймен сот ғимаратына жеткiзген кезде де, полиция жасақтары видеотаспаға, фотоға түсiруге рұқсат бермедi. Олар өздерi Мұхтар Жәкiшевтi көрсетпес үшiн, көлiктi бүркемелеп тұрды. Жәкiшевтiң зайыбы Жәмиланың айтуынша, алғашқы сот отырысы кезiнде адвокат Нұрлан БЕЙСЕКЕЕВтiң өтiнiмдерi қаралған. Бiрақ, сотқа адвокаттың өзi сырқаттанып қалуы себептi келе алмаған…
Тiркелмеген “Алға!” партиясының жетекшiсi Владимир КОЗЛОВ Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төраға болып тұрған Қазақстандағы жағдай 37-жылдары да болмаған шығар деп баға бередi. “Билiктiң өзi мемлекеттiк тiлдi дамытамыз деп мәлiмдеп жатыр. Бiрақ, соттың ҰҚК-нiң қазақ тiлiне қарсы әрекетiн қалай түсiнуге болады. Бұл – нағыз қорлаушылық. Егер әдiлеттi шешiм күтетiн судьялардың өздерi мемлекеттiк тiлдi менсiнбей жатса, басқаларға не айтуға болады?!”, — дейдi Владимир Козлов”. Авторы: Жұлдыз ТӨЛЕУ.
ALASHAINASY.KZ. “Экономикалық болжам-2010”.
Ричард ХЕЙНСВОРТ, GlobalRatings президенті:“2010 жылы әлемдік экономикада құлдырау байқалмайды деп ойлаймын. Сондай-ақ бірде-бір елде күрт өрлеу немесе даму бола қоймас. …2010 жылы жақсы дамыды деп ЖІӨ өсімі көрсеткіші 0 пайыз шамасында болған, банктері несие беруді ұлғайтқан, сыртқы борышын қайта құрылымдауды жалғастырып, банктері капитализациясын арттырған, нашар активтері кеміген елді айтуға болады. …Банктер рейтингтері өседі деп айту қиын. Қазақ банктері сыртқы борышты қайта құрылымдау ісін жемісті жүргізіп жатқанымен, болашақта оның кері ықпалы ұзақ сақталады. Оларға қорландырудың сыртқы көздеріне үміт артпай, тек ел ішіндегі қаржыға арқа сүйеп дамуды үйрену керек”.
Олжас БӘКІРОВ, DAXX Group ЖШС трейдер-сарапшысы:“Соңғы бірнеше аптада доллардың нығайып келе жатқанына алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл үрдіс қаңтардың ортасына дейін ғана жалғасып, жарты жылдан кейін доллар арзандай бастайды деп ойлаймын. Өйткені АҚШ-тың Орталық банкі төрағасы Бен БЕРНАНК: “2011 жылға дейін Америкаға күшті доллардың қажеті жоқ, есеп ставкасын көтермейміз”, – деп мәлімдеді…”.
ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Кедендік одақтың болашағы қандай?”. “Биыл 1 қаңтардан бастап кедендік одаққа мүше Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің аумағында біркелкі кедендік тариф енгізілді. Біркелкі кедендік аймақ бізге не береді, оның бүгіні мен болашағы қандай? …Бұқаралық ақпарат құралдарында ол жөнінде әртүрлі қарама-қайшы пікірлер айтылып жүр. …Сиыр жылының соңында Ақмола облысы бойынша кедендік бақылау департаменті ірі салық төлеуші заңды тұлғалармен, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өткізіп, кедендік одақтың бүгіні мен болашағы жайлы ой бөліскен еді. Ақмола облысы бойынша кедендік бақылау департаменті кедендік кіріс бөлімінің бастығы Шынар СӘБИЕВАның айтуынша биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап кедендік одақ елдерінде біркелкі кедендік тариф енгізілмекші.
Қазақстан, Беларусь, Ресей мемлекеттерінде кедендік тариф әртүрлі деңгейде болып келген еді. Біркелкі кедендік тарифті енгізу, ортақ кедендік аймақ құруға жасалған алғашқы қадам болмақшы. Ал, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап кедендік одаққа мүше елдердің Кедендік Кодексі қабылданып, күшіне енбекші. …Мәселен, кедендік одаққа кіретін үш мемлекеттің кедендік тарифтерінің деңгейі әртүрлі. Қазақстанда ол аздап төмендеу болса, Беларусь пен Ресейде жоғарылау. Осыған орай, біркелкі кедендік тариф деңгейі қандай болмақшы? Егер, ол Ресей мен Беларусьтегі тарифтердің деңгейінде болып, көтерілер болса, онда бүгінде кәсіпкерлеріміз сол елдерден тасымалдап әкеліп жүрген халық тұтынатын тауарлардың бағасы да көтерілері анық.
Департаменттің кедендік бақылау басқармасының бастығы Асхат ЫСМАЙЫЛОВ алғашқы кезде халық тұтынатын бірқатар тауарлардың бағасының көтерілетіндігін теріске шығармады. Бірақ, ол уақытша құбылыс. Жалпы алғанда, кедендік одақтың іске қосылуымен бірге халық тұтынатын тауарлардың түрі мен көлемі көбейіп, уақыт өте келе, оның бағасы да түсетін болады. Ең бастысы – халықтың қажетті заттарды таңдап-талғап алуына мүмкіндік туады.
…Қазақстан сол баяғы кеңес заманындағыдай тек шикізат шығарумен ғана шектеліп қала бере ме? Отандық кәсіпкерлерді толғандыратын бұл сауалдың жауабын Өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағы Ақмола филиалының директоры Асқар ӘМІРЖАНОВ бергендей болды. Асқар Сұлтанбекұлының пікірінше, бір қарағанда тек шикізат шығаратын Қазақстан өндірісі дамыған, түрлі дайын өнімдер шығаруға маманданған Ресей мен Беларусьтің тұтынушысы ғана болып қалатын сияқты сезілгенімен, шын мәнінде уақыт өте келе ұтып шығатын болады. Рас, Ресей мен Беларусьте дайын өнімдер шығаратын кәсіпорындар көп. Бірақ, оның бәрі де кеңес заманында негізі қалған ескі кәсіпорындар. Онда шығарылған өнімдер әлемдік рынокта бәсекелестікке қабілетсіз. Ал, ол зауыттар мен фабрикаларды бүгінгі заманғы құрылғылармен жарақтандыру үлкен шығынға түседі. Керісінше, шетелдік компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құруды қолға алып жатқан Қазақстан таяу жылдарда сапасы жоғары, бағасы біршама төмен және бәсекелестікке қабілетті өнімдерді көптеп шығара бастайтын болады. …Адамдар бұрынғыдай кеден бекеттерінде сағаттап тұрмай, заттарын қиындықсыз апаратын жеріне жеткізу мүмкіндік алуда”. Авторы: Қалкөз ЖҮСІП.
JASQAZAQ.KZ. “Ауылды тоздырған жемқорлық”. “Қала мен қаржыдан жырақтау ауылда “Жемқорлық жоқ!” деп бөркімізді аспанға атып жүрсек, онымыз бекер екен. Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының мәліметіне үңілсек, соңғы 10 айда “жалаңдаған” жемқорлық ауыл шаруашылығына азу тісін аямай батырыпты….
… Ауылдағы диқан мен малшыға қатысты әңгімеге қайта оралайық. Билеуші партияның пікірінше, жемқорлыққа қарсы күресті ең әуелі аймақ-атырапта күшейткен абзал. “Өйткені ол жерде кім кімнің мүддесін қорғайтыны, кім кімді қай қызметке жылжытатыны анық көрініп тұрады”, – деді Н.НЫҒМАТУЛЛИН. Сондай-ақ жергілікті жерлердегі жемқорлықпен күресуге тиіс қоғамдық кеңестердің бұл мәселеге ыждаһатпен қарамайтынын атап өтті. Алқалы жиында билік партиясы төрағасының бірінші орынбасары “Азық-түлік келісімшарт корпорациясының” биылғы жылы диқандардан астық сатып алуға қатысты әрекет-амалын қатты сынады.
…Ал “ҚазАгро” ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Асылжан МАМЫТБЕКОВ: “Ойбай, биыл Ұлттық қордан бөлінген 120 млрд теңгенің көк тиыны да рәсуа болған жоқ! 83 миллиардын көктемгі-күзгі науқанға, 30 миллиардын инвестициялық жобаларға жұмсадық. Енді қалған 7-8 миллиардты жылдың аяғына дейін игереміз”, – деген-ді. Оның айтуынша, қалған 7 млрд теңге астықтың әр тоннасын 18 500 теңгеден сатып алуға жетпейтін көрінеді. Ол: “Сондықтан да, ең алдымен қарызға белшесінен батқандардың астығын сатып аламыз”, – дейді. Бұған сене қою қиын… Неге? Себебі сол, Нұрлан Нығматуллиннің өзі мынадай бір деректі мысалға келтірді. Жамбыл облысында мемлекет бөлген қаржыға аймақтағы астықтың бәрін бір ғана компания сатып алған….”. Авторы: Төлен ТІЛЕУБАЙ.
“Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Қазақ өз жерінің шөбін де шаба алмайды”. “Биылғы желтоқсанда Астанада “Нұр Отан” ХДП жанынан шаңырақ көтерген “Аманат” интеллектуалды пікірсайыс клубы 1 жасқа “толды”…
Сөзіміз дәлелді болуы үшін тақырыптарды тізбелеп көрелік: “Алаш құндылықтары және Қазақстанның елдік мүддесі”, “Көпұлтты Қазақстаннан “қазақстандық ұлтқа” айналудың қаупі қандай?”, “Қазақстанның болашағы қазақ тілінде”, “Ашаршылық зұлматына неге лайықты баға берілмей келеді?” тағы басқалар. 15 желтоқсанда елордамыздағы “Риксос” қонақүйінде өткен “Аманат” пiкiрталас клубының биылғы соңғы отырысы “Алаш аманаты” деген тақырыпқа арналды. Біз төменде алқалы жиында айтылған орнықты ойлар мен парасатты пікірлерді “Жас қазақтың” қалың оқырманына ықшамдап ұсынып отырмыз. Сондай-ақ “Аманаттың” тізгінін ұстаушы Берік УӘЛИдің айтуынша, бұдан былай барлық отырыстардың жазбаша нұсқасы аталған клубтың өз сайтында жарияланады…
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Қадірлі ағайын! Баршаңызды қазақ дүниеде жаралғаннан бергі ең қасиетті күн, ең қасиетті ұғым, ең қасиетті аңсар және біздің үрім-бұтағымызға дейін сол игілікте болсын деген ТӘУЕЛСІЗДІК күнімен құттықтаймын! Бүгінгі отырыста “Алаштың аманаты не еді? Сол аманат бүгінгі күнмен қалай байланысып жатыр?” деген тақырып аясында әңгіме өрбітбекпіз. Осы отырысқа келерде Алаштың біртұтас идеясын, тұжырымдамасын бүгінгі күнгі идеямен салыстырып қарап, өзімше ой түйдім. …Мысалы, 1905 жылғы М.ТЫНЫШБАЕВ пен Х.ДОСМҰХАМЕДОВтердің “Ақмоланы астана жасаймыз” деген идеясынан бастап, барлық пікірлерді салыстырсақ, бір-ақ нәрсе орындалыпты….
Қазақ мемлекеті үшін ең бірінші мәселе – жер. Өйткені, жер – Отан, жер – экономика, жер – қорғаныс, жер – мәдениет, жер – намыс. Жерсіз мемлекет болмайды. Ә.БӨКЕЙХАНОВтың айтуынша, жер ешқашан жекеменшікке берілмеуі керек. Өйткені әр ұлт, әр сарбаз өз елін “Менің жерім!” деп қорғауы керек. Жер жекеменшікке берілді дегенше, қазақ та өзінің бостандығынан, тәуелсіздігінен айырылды деп есептеу керек. Бүкіл жер қазаққа ортақ болуы қажет. Өйткені жер – мемлекеттің меншігі және Отанның кепілі. Ал шын мәнінде, 2001 жылғы жер реформасынан кейін билік әрбір қазақты, әрбір қазақстандықты өзінің отанынан айырды. Сонда менің балам кімнің жері үшін соғысуы керек? Енді осы сөздеріме нақты мысалдар келтірейін. Мен Торғайдағы Ахмет Байтұрсыновтың Ақкөлін көрдім. Бұл – 2,5 мың шаршы метр аумақтағы жалғыз көл, құрдымның өзінде жатқан көл. Яғни Арқалыққа дейін – 600, одан Торғайға дейін – 500, Торғайдан әрі қарай 270 шақырым жерде орналасқан. Бұл – бүкіл Торғайды ашаршылықтан аман сақтап қалған көл. Сол көл 2006 жылы жекеменшікке сатылып, Торғайдағы 17 кеңшардың халқы балықсыз қалған. Торғайдың жері сары топырақты болып келетіндіктен, онда сабағы қоға, басы бидайық сияқты қоқа деген өсімдік қана өседі. Оны мал жемейді, егін салуға келмейді. Яғни халықтың күнкөріс көзі – балық аулау ғана. Ал былтыр сол Ақкөл тартылып, балығы шіріп, жағаға шығып қалды. Сөйтіп, ақкөлдіктер “ең қорлығы сол, биылғы жазды балық өртеумен өткіздік” дейді. Балық шіріген жерде індет тарайды. Ал жалғыз күнкөрісінен айырылған ел не істейді?..
… Жер мәселесі – қазақтың тәуелсіздігінің кепілі. Бұл мәселеге қайтып оралу керек шығар?!. Бәлкім, бұл мәселені бүкілхалықтық референдуммен шешкен дұрыс шығар… Алаштың екінші идеясы – қазақ жерінің асты-үстіндегі, аспанындағы байлықтың бәрі бір тиыны да қалмай, қазақ мемлекетінің игілігіне жұмсалуы керек…
Төртінші идея – тіл, дін, діл үстемдігі. Мемлекет бүгін тіл туралы бағдарлама жасағысы келсе, Алаштың бағдарламасын сол күйінде көшіріп қолдануға болады. Қазір біздің діліміз үшке бөлініп кетті. Әнуар ӘЛІМЖАНОВ ағамыз айтқандай, дала мен қаланың баласы өмір бақи тіл табыса алмайды. Шынында да, қала мен дала екіге бөлінуде. Жерде ие болмаған соң, діліміз бұзылуда…
Амангелді АЙТАЛЫ: Әрине, біз Алаштың барлық мұрасын бір жиында айтып, тауыса алмаймыз. Мен қысқаша өз ойымды айтайын. Жер асты байлығымыздың қолды болып кетуі мұнай, газ, металл шығатын жерлерде… Бірақ мынадай бір ақиқат бар екен. Ақтөбедегі “Дөң” кен байыту комбинатының еншілестері тек шетелдіктер ғана емес. Өзіміздікі де бар екен. Жергілікті ұлттық буржуазия шетелдіктермен бірігіп, жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бірақ бұл – құпия. Десек те, қанша құпия болса да, шығып қалады...”. Авторы: Төлен ТІЛЕУБАЙ.
“Жығылғанға жұдырық”. “Алматыдағы ақ қан ауруынан емделіп жатқан балалардың С гепатитін қайдан, қалай жұқтырғанын енді арнайы құрылған комиссия анықтайтын болады. Денсаулық сақтау министрі Жақсылық ДОСҚАЛИЕВтің айтуынша, қазір ауру жұғуы мүмкін деген барлық болжамдар тексеріліп жатыр.
Естеріңізде болса, ақ қан ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары Алматы қаласында баспасөз мәслихатын өткізіп, “Республикалық қан құю орталығы сапасыз қан құйып жатыр” деген мәлімдеме жасаған. Осы жиында ем қабылдап жатқан науқас балалардың 93 пайызы С гепатитін жұқтырғаны туралы сұмдық дерек айтылды.
Ата-аналардың пікірінше, бұл кесел балаларға қан арқылы жұққан. Алайда қан құю орталығының мамандары С гепатитінің түрлі жағдайда тарала беретінін айтады. Олар “инфекцияның қан арқылы жұғуы мүмкін емес” деп есептейді. Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиев: “Ауруды жұқтырудың барлық жолдары тексеріледі. Сондықтан біреуді кінәлауға әлі ерте. Комиссия жұмысының қорытындысы шыққасын бәрін жариялаймыз”, – деді…”.
“17 қазақ отбасы оқшау күн кешуде”. “Осыдан бес жыл бұрын оңтүстікте тұтанған жер дауы әлі басылар емес. Сол кездері бірсыпыра қызметтің басын шалған, атап айтқанда, Сарыағаш аудандық әкімінің кеңесшісі, Сарыағаш қаласының әкімі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған Исақ ОСПАНОВ жергілікті халықты сазға отырғызып кетіпті.
Халық деп отырғанымыз – кеңес дәуірі кезінде Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының Ташкент ауданына қарасты Хиябан елді мекенінің тұрғындары. Сонау 2004 жылы демаркация процесі басталғанда, екі елдің Сыртқы істер министрліктерінен құрылған комиссия осы елді мекен бойынша ортақ мәмілеге келген болатын. Нақтырақ айтсақ, 17 қазақ отбасы мен 32 гектар суармалы жер Қазақстанға берілсін деген шешімге келген. Ырзығын жерден теріп отырған ауыл тұрғындарының бас ауруы осы кезде басталған.
…Шекараны демаркациялау аяқталған соң, Қазақстанға өткен 32 га жерді бұрынғы Хиябан ауылынан Құркелес ауылының құрамына өткен тұрғындарының үлесіне беру мүмкіндігін қарастыруды орынды деп санаймыз”, – деп көрсетілген. Алайда жергілікті басшылық хаттамадағы ұсынымды жартыкеш күйде орындаған. Қарапайым мысал, бұрынғы өзбектің Хиябан ауылынан Қазақстанға өткен елді мекен бүгінге дейін еш жерде тіркелмеген. Тіпті картаға да енбепті. Сәйкесінше, мұндағы азаматтардың қолында ешқандай заңды құжат жоқ. Тек Қазақ еліне өткен 17 отбасының біразы оралман мәртебесін алып үлгеріпті. Онда да олар өз үйлеріне емес, туған-туыстарының мекенжайлары бойынша тіркеліп, әзер дегенде құжат алған…..
… Айта кететіні, суармалы жердің 10 гектары “South Products” ЖШС-на берілген. Бірақ бұл жерді игеріп жатқан компания жоқ. Жердің біраз бөлігін шөп басып кетіпті…”. Авторы: Ерлан АТАМБАЙ, “Нұр Отан” ХДП жанындағы Жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының редакторы.
MINBER.KZ. “Қытайға жер жалға берілмейді”. “Былтырғы жылдың соңына қарай “Central Asia Monitor” газетінің интернет-сайтында Ауылшаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің “Шумиха вокруг продажи земли китайцам кому-то на руку” атты сұхбаты жарияланды. Сұхбатты жүргізген Юлия КИСТКИНА. Сұхбатта Ауылшаруашылығы вице-министрі Арман ЕВНИЕВ 1 миллион гектар жердің Қытай шаруаларына жалға берілмейтіндігін айта отырып, екі ел арасында бірлескен кәсіпорын құрылатындығын жеткізеді…
Жоба Оңтүстік Қазақстан облысынан бастау алмақ екен. Қытай сояны өңдеу мәселесін де Қазақстанда жүзеге асырмақ көрінеді. Қазақстаннан сатып алынған сояның 80%-ы өзге рынокқа шығарылмақ. Соядан өзге Қытаймен бірлескен кәсіпорындар жүгері өсіруді қолға алмақ. Демек, Қытай диқандары емес, инвесторлары Қазақстанның ауылшаруашылығы рыногын жаулап алуы әбден ықтимал көрінеді. Қазақша айтқанда қазаншымыз қытай болады-ау!”. Авторы: Е.Кәпқызы.
MASSAGAN.COM. “Тимур БЕКМАМБЕТОВ, режиссер: Қазақ киносына қарапайымдылық жетіспейді”. “– Жақында ұлты қазақ ресейлік режиссердің жаңа фильм түсіруді аяқтағанынан көпшілік қауым хабардар. Жаңа туындыңыз не туралы? – Ол “Черная молния” деп аталады. Қазақстандықтар фильмді басқалардан бұрын қызықтай алады. Мен қазақстандық көрерменнің маған деген ықыласына орай, маған артқан сенімін ақтап, жаңажылдық сыйлық жасадым деп ойлаймын.
– Фильм не туралы?
– Оны жаңажылдық ертегі деу орынды болар. Жаңа жылда жұрт естігісі келетін ертегі. Өйткені адамдар Жаңа жылмен бірге келетін кереметті асыға күтеді…
— Қазақтар қандай халық?
– Оның кемшілігі қайсы екенін білмеймін. Бірақ өте бір жақсы қасиеті бар. Ең бастысы, біз өз тегімізді, оның рухын ұдайы сезінеміз және оны бағалай білеміз. Ата-баба жолы мен келер ұрпақтың алдындағы жауапкершілікті жақсы түсінеміз. Сенің істеген қадамың тек сенің өз өміріңе ғана емес, сенің ұрпағыңның тағдырына да елеулі әсер етеді. Ең қымбаты, ең басты құндылық – осы. Сонымен бірге еліміз жылдам өрлеп келеді. Бұл дегеніміз – жаңалыққа, жақсылыққа құмарлықтың арқасы. Қазақ сахара кеңістігін шарлай, саяхаттай жүріп, қандай да бір білімді сіңіруге, жаңалықты өз Отанына алып келуге тырысқан ғой. Басқаларды тануға деген махаббат – біздің қанымызда бар…
Қандай да бір қазақы кино түсіргіңіз келмей ме?
— Келеді. Дәл қазір сондай кино түсіруді ойластырып жатырмын. “Ночной дозор”, “Дневной дозор”, “Искатели неба” сынды бестселлер авторы, белгілі ресейлік жазушы-фантаст Сергей ЛУКЬЯНЕНКОмен бірге жаңа жобаны қолға алдық. Ол “Золотой воин” деп аталады. Ол – Қазақстандағы ұлттық ескерткіш туралы. Фильм идеясы бойынша, ол ескерткіш біздің заманауи өмірімізге енуі қажет”. Әңгімелескен Гүлшат ХАМИТ («НұрАстана» 31.12.2009).
ZAMANA.KZ. “Жәрдемақы мен зейнетақы қаншаға көбейтілді?”. “Қаңтардан бастап елімізде зейнетақы көлемі 25 пайызға көбейтілгені белгілі. Осыған орай көпшіліктің көкейінде зейнетақылар мен жәрдемақылар көлемі қанша болды екен деген қызығушылық жүргені рас. Ал бұл салада тағы қандай жаңалықтар болып жатыр?
Осыны білу мақсатында біз Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының талдау-сараптау бөліміне хабарласып, бөлім бастығы Раушан АНАРБЕКОВАмен сүхбаттасқан едік…
– Раушан Иманәліқызы, зейнетақылар көлемі қанша болғанын өткен жылғымен салыстыра отырып, таратып айтып берсеңіз.
– Қазақстан Республикасының “2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңына байланысты 2010 жылдың 1-ші қаңтарынан айлық есептік көрсеткіш 1413 теңге болып бекітілді. Ал ең төменгі жалақы мөлшері өткен жылы 13.717 теңге болса, биыл 14.952 теңге болды. Былтырғы жылы күнкөріс деңгейі 13.717 теңге болса, биыл 14. 952 теңге болып белгіленді. Ең төменгі зейнетақы мөлшері 12. 344 теңге, оған бзалық төлемақы – 5981 теңгені қоссақ 18. 325 теңге болады. Ал ең жоғарғы зейнетақы мөлшері 33.912 теңге + 5981 = 39.893 теңге болып көбейтілді.
– Ал мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар көлемі қанша болды?…”. Сұхбаттасқан Г. ӘШІРБЕКОВА.
KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстанда Жаңа жыл мерекесі кезінде 3 мыңдай адам медициналық мекемелерге мас күйінде көмек сұрай келді, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2009 жылдың 31 желтоқсаны мен 2010 жылдың 3 қаңтары аралығында денсаулық сақтау ұйымдарының қабылдау бөлімдеріне мас күйінде 3040 адам көмек сұрай келді. 150-ден астам адам пышақтан жарақаттанса, 11 адамға мастық салдарынан оқ тиген», — деп хабарлайды баспасөз қызметі…
Қазақстанда «100 мектеп пен 100 аурухана» жобасының шеңберінде 2010 жылы 45 нысанды, 2011 жылы 8 нысанды аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ Денсаулық сақтау министрлігінің 2009 жылдың жұмыс қорытындылары бойынша баспасөз мәслихатында өткен аптада мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан Республикасы президентінің Қазақстан халқына жолдауына сәйкес ҚР Денсаулық сақтау министрлігі облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен келісе отырып, «100 мектеп пен 100 аурухана салу» жобасының шеңберінде 2007-2009 жылдарда салуға жоспарланатын 103 денсаулық сақтау нысанының тізбесін жасаған болатын, олардың ішінде 99 жергілікті және 4 республикалық маңызы бар нысандар бар..
Жоғарыда айтылғандар негізінде 2010 жылы 45 нысанды, 2011 жылы 8 нысанды аяқтау жоспарланып отыр. Республикалық бюджеттік комиссияның (РБК) 2009 жылғы 26 тамыздағы шешімімен 34 нысан құрылысын қаржыландыра бастау мерзімі 2012 және одан кейінгі жылдарға ауыстырылды, бұл жергілікті маңызы бар 30 және республикалық маңызы бар 4 нысан…
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.