AZATTYQ.ORG. “Халықаралық рақымшылық” әлем елдерін құпия түрмелерді жоюға шақырады”. “Жақында, БҰҰ аясында, құпия түрмелер тәжірибесін зерттеу аяқталды. Әлемнің әр аймағындағы ондаған елдер құпия түрмелерді кеңінен пайдаланатындықтан, бұл проблема жаһандық сипат алды.
2001 жылдың 11 қыркүйегінде Нью-Йорк пен Вашингтонға жасалған лаңкестік шабуылдардан соң Джордж БУШ лаңкестікке жаһандық соғыс жариялады. Осылайша, “Аль-Каидамен” ынтымақтасты деген күдіктілер әкелінетін Гуантанамодағы жартылай ресми ұстау орталығы пайда болды.
Бұдан бөлек, лаңкестікке қатысы бар деген күдіктілерді ұстайтын қара орындар өзге де көптеген елдерде ашылды. Ұсталғандар Гуантанамоға әкелінбес бұрын Эфиопиядағы, Джибуттидегі, Мысырдағы, Иорданиядағы, Мароккодағы, Пәкістан мен Сириядағы құпия орындарда ұсталған.
Лаңкестікке байланысты күдікпен тұтқындалғандарды Таиландтың, Польша мен Румынияның құпия түрмелерінде де ұстағандығы анықталды.
Бұның барлығы америкалық ОББ-ның (орталық барлау басқармасы) ғана тапсырысымен жасалды ма, әлде бұл елдер, одан бөлек Ұлыбритания мен Канада тарапынан болған шетін өтініштерді орындады ма, бұл жағы әзірге толық айқын емес.
Бұнымен қатар, тұтқындалған күдіктілерді Қытайдың, Ресейдің, Үндістан мен Иранның құпия түрмелерінде ұсталғандығы жайындағы оқиғалар тіркелген. БҰҰ есебі атап өткендей, бұл жағдайларда құпия түрмелерде оппозициялық қозғалыстардың өкілдері ұсталған.
Зерттеліп отырған проблемалар тұрғысынан келгенде, есеп ауторлары лаңкестікке байланысты күдіктілер сотсыз ұсталып отырған ОББ-ның барлық құпия нысандарын жою жөніндегі Америка президенті Барак Обама әкімшілігінің жоспарына байланысты үлгіні құптады”. Авторы: Александр НАРОДЕЦКИЙ.
“Шымкенттік қарттар зираттың үстінен үй салуды тоқтатуды сұрайды, билік ол жайттан бейхабар”. “…Қазір зират аумағында үй де тұрғызылып қойған. Наразы қариялар бұған билікті кінәлайды….
Ал өткен жылы құрылған арнайы комиссияның жұмыс жоспарына “Сыпырхат ата” зират қорымындағы дау-дамайдың кірер-кірмесі әзірге белгісіз. Алайда билік, бұл мәселені қараусыз қалдырмауға уәде беріп отыр”. Авторы: Мира МҮСІЛІМ.
DMK.KZ. “Жобаға жан бітті”. “Елбасы үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Премьер-Министр басқаратын ілкімді орталық құру туралы тапсырма берген болатын. Істі жеделдету үшін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ ШӨКЕЕВке индустрияландыру картасын мұқият жасайтын шұғыл топ құруды жүктеген.
Аталған жұмыс тобы өңірлерді аралап, тың бастамалардың жөн-жобасымен танысуды бастап та кетті. Мамандар алдымен өндірісі өркен жайған Ақтөбе өңіріне барды. Себебі, Ақтөбе облысында биыл жалпы құны 1 млрд. доллар болатын 26 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Олар мұнай-газ, құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіп, тау-кен, химия, энергетика және машина жасау салаларын қамтиды. Вице-Премьер Ө.Шөкеев бастаған топтың Қызылорда облысындағы жұмыс сапары барысында аймақтың әлеуметтік- экономикалық дамуы жөнінде облыс әкімдігі және “ҚазАтомөнеркәсіп Ұлттық компаниясы” АҚ арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Сондай-ақ, облыс бойынша индустрияландыру картасына ұсынылған 92 жобаның 74-і салалық министрліктер тарапынан қолдау тапты. Олардың 11-і жыл аяғына дейін жүзеге асырылмақшы. Бұдан бөлек, жедел топ мүшелері Ақшабұлақ кенішіндегі жалпы құны 17,7 млрд. теңгені құрайтын газтурбиналық станцияның құрылысымен танысты. Бұл кәсіпорын іске қосылса, сағатына 87 мВт электр қуаты өндіріліп, қосымша 100-ге тарта адам тұрақты жұмысқа қол жеткізеді деп күтілуде”.
AIKYN.KZ. “Ақиқатында доллар 135 теңгеден де арзандайды”. “Соңғы екі күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында да, оның ішінде ерекше дүрлігіс туғызуды әдеттеріне айналдырып алған интернет сайттарында да, солардан шыққан ақпараттарды оқыған-естіген қалың бұқара арасында да “доллар бағасы өсіп, ол 165 теңгеге дейін көтеріледі екен” деген гу-гу әңгіме қаптап кетті.
Біздіңше бұл жаңа жылдан кейін іле-шала Ұлттық банк төрағасы Григорий МАРЧЕНКОның негізгі бағамын 150 теңге деп есептегенде, доллар мен теңгенің арасындағы қатынас шамамен 10-15 пайыз мөлшерінде ауытқып, дұрыс жағдайда доллар 127,5 теңге көлеміне түсіп, ал еліміз үшін қиын жағдай қалыптаса қалса бұл көрсеткіш 165 теңгеге жетуі мүмкін деген мәлімдемесінен “нәр алып” жатқан шығар. Біз Ұлттық банк басшысын бұлайша сөйлеуіне орай кінәлаудан аулақпыз. Өйткені елдің бар қаржысын қолына ұстаған лауазымды тұлға солай “түлкібұлаңмен” сөйлеуі тиіс. Ал оның берген мәліметтерін әлемдегі және елдегі жағдайға орай дұрыс түсіндіру біздің әріптестеріміздің төл міндеті. Десек те, кейбіреулерінің “өресі жетпес”, ал кейбіреулері үшінші бір жақтың пайдасына әдейі “дүрлігіс туғызу үшін” осылай жасап жатқан секілді. Ендеше, біз болашақтың ақиқатына көз жүгіртіп көрелік.
Біріншіден, доллар бағамы әр мемлекеттегі халықаралық валютаның массасына орай қалыптасады. Айталық, ішкі рынокта доллар аз болса, оның бағасы өседі. Керісінше, көп болса, оның бағасы төмендейді. Бұл валюталар арасалмағын белгілейтін негізгі көрсеткіш…
Біздің пайымдауымызша, доллар биылғы жылды шамамен әрі бес, бері бес 135 теңге көлемінде аяқтауы тиіс. Яғни Марченко айтқан жақсылық жағдайындағы көрсеткіш 1-127,5 деңгейіне мейлінше жақындаймыз. Бәлкім, одан да төмендеуі. Өйткені біздің елдің 2010-2020 кезеңді қамтитын индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына инвестиция құюға ниет білдірушілер қажеттіктен де артып кете ме деп ойлаймыз. Себебі қай кәсіпкер үшін де түпкі өнімді шығаратын шикізатты бірнеше мыңдаған шақырымға тасымалдап, содан кейін ол өнімді тарату үшін қайта тасымалдап жатқаннан гөрі шикізаты бар және жеткілікті елде сол түпкілікті өнімді шығаратын кәсіпорын ашу әрқашанда тиімді. Ендеше, дүрлігістің жөні жоқ. Егер қажет болып жатса тиісті орындар осындай жолмен пайда тапқысы келетіндерге тосқауыл қояды ғой деп ойлаймыз”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.
“Неге 63?!”. “Сонымен, халық санағы басталған күннен бастап басы дауға қалған Статистика агенттігі жалпыұлттық санақтың қорытындыларын жариялады. “Ештен кеш жақсы” демекші, оған да шүкір. Әу бастан демограф ағаларымыз “Қазақ 67 пайызға жетті!” деп бүкіл елден сүйінші сұрап, бөріктерін аспанға атқан еді, көп ұзамай қазақ 65 пайызға дейін кеміді, енді статистика агенттігі “Қазақтың саны 63,6 пайыз” деп отыр. Өткенде ғана: “2 пайыз қазақ қайда кетті?” деп мақала жазған біз бүгінгі күні: “Неге 63?” деген сұрақты тағы қоюға мәжбүрміз…
Сонымен, неге 63? Елдің жорамалдары әртүрлі.
Біріншіден, Статистика агенттігінің өкілдері “ұлттық санақта жіберілген қателік деңгейі 1-ақ пайызға тең” деп мәлімдеп отыр. Бірақ осы 1-ақ пайыздық күмәнділік қазақтың нақты санын 63 пайызға дейін түсіріп тастаған жоқ па?
Екіншіден, Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар МЕШІМБАЕВАның үстінен халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі. Түркияға ұшып кеткен төрайымнан хабар жоқ. “Бармысың, бауырым” бағдарламасына іздеуді Анарға береміз бе, әлде 4 пайыз қазаққа береміз бе, белгісіз. Анығы сол, халықты мазалап отырғаны із-түзсіз жоғалған қаржы емес-ау, қазақтың 4 пайызы!.. Бұған қатысты да әртүрлі жорамалдар бар. Бәлкім, бұрынғы төрайым өзімен бірге тек қана ақша емес, “4 пайыз қазақтың дерегін” де ала кеткен шығар…
Үшіншіден, ресми деректерге сенсек, ұлттық санақты жүргізуге республикалық бюджеттен 1 млрд 144 млн теңге бөлінген еді. Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы мен оның сыбайластары ұлттық санақты небары 379 млн теңгеге “өткізе” салған. Ал қалған 764,8 млн теңге “жымқырылып” кете барған. Сұрақ: “Егерде 379 млн теңгеге қазақтың 63,6 пайыз болғанын анықтауға мүмкіндік туса, онда қалған 764,8 миллион теңгеге қанша қазақты санап, түгендеп алуға болар еді, ә?!” Санақты жіті бақылаған “Айқын” газетінің тілшілері мен оқырмандары өз мысалдарымен-ақ көп мәселенің басын ашып, проблемалық мақалаларды талай жазған еді. “Мен санаққа ілінбей қалдым!” деп дабыл қағып, редакцияға хабарласқан азаматтар көп болды?! Төртіншіден, статистика агенттігінің мәлімдеуінше, 2009 жылдың санақ қорытындылары бойынша қазақ — 63,1 пайыз болса, 2010 жылдың бас кезіндегі нәтижелер бойынша қазақ — 63,6 пайызға өсіпті! Осылайша, есеп-қисаптың басындағылар қазақтың санын тағы 8 жылға шегеріп тастаған сияқты… Өйткені дәл осындай “өсіммен” санасақ, қазақ 67 пайызға тек қана келесі жалпыұлттық санақта жететін көрінеді…
Бесіншіден, “Қазақстанда 140 ұлт өкілі тұрады” деген ұран да бос әңгіме боп қалғандай. Олай дейтініміз, жаңа санақ қорытындылары орыстың — 23,3 пайыз, өзбектің — 2,9 пайыз, украиндардың — 2,0 пайыз, татардың — 1,2 пайыз, немістің — 1,1 пайыз болғанын көрсетіп отыр. Қалған 134 этносқа — 4,5 пайыздық “меже” ғана қалыпты. Енді 4,5 пайыздық көрсеткішті қалған 134 этносқа бөлсек, кейбір ұлыс өкілдеріне бүтін адам түгілі, жарты адам да “бұйырмайтын” сияқты ғой… Әйтеуір, 2009 жылдың жазынан бастап халықтың жүрегін үмітпен үкілеп, оптимистік ойға жетелеген 67 пайыздық межеміз 65 пайызға кемігенде, оған да шүкір демеп едік. Ал қазір соңғы санақ қорытындыларын көріп, сол 65 пайызға да зар боп қалғандаймыз… Тек ақша санауды жақсы көретіндердің ұлтты түгендей алмайтыны өкінішті-ақ….”. Авторы: Кәмшат ТАСБОЛАТ.
“Әлемдегі ең көне тіл өлді”. “Үнді мұхитының шетін ала орналасып, Үндістанның иелігінде болып келе жатқан Андаман аралын мекендейтін бо тайпасының соңғы тұяғы саналатын 85 жастағы кейуана көз жұмды.
Бұл қазаға бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары ерекше мән берді. Өйткені бо тайпасы аралды 65 мың жыл мекендепті. Бұл аз десеңіз, Үлкен Боа (Boa Sr) жер бетінде бо тілін білетін соңғы адам екен. Қысқасы, бір тіл бір-ақ күнде жоғалып кетті…
Оқымыстылардың айтуынша, ежелгі андамандықтардың арғы тегі Шығыс Африкадан. Сол жақтан қоныс аударған тайпаның туған тілі — ең көне тіл кейуананың қазасымен бірге жер бетінен жоғалды. Қазір Андаман аралында тамырын тереңнен алатын тоғыз тайпа бар екен. Олардың әрқайсысы өз тілінде сөйлейді. Олардың бірі мына әлемде не болып жатқанымен шаруасы жоқ, адам баласына жуымайтын болғандықтан, санын да нақты ешкім айтып бере алмайды. Ал өзге сегіз тайпаның құрамында бар-жоғы 52 адам ғана көрінеді.
1858 жылы ағылшындар Андаман және Никобар аралдарын жаулап алғанда, мұнда 5 мың жатжұрттықтар болған. Көп ұзамай олардың бір бөлігі түрлі ауру-сырқаудан көз жұмған. Ал туған тілін қара жердің қойнына өзімен бірге ала кеткен үлкен Боа қиындықты қайсарлықпен көтерген. Тіпті ол 2004 жылы желтоқсан айында Азияның оңтүстік шығысында болған алапат толқынның болуы кезінде де тірі қалыпты”. Авторы: Айнұр СЕРІКБАЙ.
EGEMEN.KZ. “Халық санағы қорытындыланды”. “Былтырғы жылы еліміз бойынша Қазақстан Республикасы халқының кезекті ұлттық санағы өткізілгені белгілі.
Енді, міне, агенттіктің жаңа басшысы Әлихан СМАЙЫЛОВ ыждағаттылықпен айқындалған халық санағының нақты қорытындысын жариялады. Сөйтіп, өткен жылғы халық санағының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы халқының саны 2009 жылғы ақпанның 25-іне қарағандағы түнгі 12 сағаттағы есептеу мерзімінде 16 004,8 мың адамды құраған. Яғни, санақаралық кезең кезінде республика халқының саны 1 022,9 мың адамға өсіп, халық санының өсімі 6,8 пайызды құраған. Мұның ішінде қала халқының саны 8 639,1 мың адам, ауыл тұрғындары 7 365,7 мың адам болып, қала халқының саны 195,1 мың адамға немесе 2,3 пайызға, ал ауыл жұрты 827,8 мың адамға немесе 12,7 пайызға өскен. Яғни, елдегі қала тұрғындарының үлесі 54 пайызды, ауыл жұртшылығы 46 пайызды құрап отыр. Ал ерлер саны 7 722,8 мың адам, әйелдер 8 282,0 мың адам болып, өткен санақпен салыстырғанда ерлер саны 507,1 мың адамға немесе 7 пайызға, ал әйелдер саны 515,8 мың адамға немесе 6,6 пайызға артқан.
Қазақтар саны өткен санақпен салыстырғанда 26,1 пайызға өсіп, 10 098,6 мың адамды құраса, өзбектер саны 23,3 пайызға өсіп, 457,2 мың адамды, ұйғырлар 6 пайызға өсіп, 223,1 мың адамды құраған. Ал өткен жылғы халық санағын есепке алғанда 2010 жылдың 1 қаңтарында республика халқының саны 16 196,8 мың адамды құрап отыр. Оның ішінде қазақтардың үлесі 63,6 пайызды, орыстар – 23,3, өзбектер – 2,9, украиндар – 2, ұйғырлар – 1,4, татарлар – 1,2, немістер – 1,1, басқа этностар 4,5 пайызды құраған”. Дайындаған Берік САДЫР.
ALASHAINASY.KZ. “Атакәсіпті қастерлемесек, аспаннан бренд жауа ма?”. “…Мал басының өсуімен бірге ауыл халқының жағдайы да жақсарып келеді. Алайда бұл бағытта да түйіні шешілмей тұрған біраз мәселе баршылық.
Осындай мәселенің бірі мал жүні төңірегінен туындап отыр. Ілгеріде әжелеріміз мал жүнінен киіз басып, шекпен тоқып кәдеге жаратса, бүгінде киізді керек қылып жатқан жан табылмастай. Мәнісін білетіндер жүннен пима басады, әскерилердің шинелін тігеді. Одан қалса, алыс жолға шығатын “Камаз” жүк көлігінің иелері киіз сатып алады. Жүк көлігінің қорабын қымтау үшін, жеміс-жидегін, көкөнісін үсітіп алмау үшін. Ілуде бір қолөнер шеберлері бетін ою-өрнекпен көмкеріп, қазақы дүние шығару үшін аппақ ақ жүннен киіз бастырып алады. Онда да киіз басу технологиясын білетіндерді таба алса. Анда-санда базарлардан ою-өрнек салынған киіз, текеметті көріп қалушы едік. Қазір ол да көзден бұл-бұл ұшты.
Өйткені елімізде шикізат әлеуеті мол болғанымен, оған деген толыққанды сұраныс аз. Жүн қабылдайтын пунктілер, жүн өңдейтін фабрикалар жоқ. Жүн сатып алушылар – шетелдіктер. Олардың қабылдау бағасы бір келі жүн үшін 10-20 теңгеден аспайды. Мал шаруашылығы мамандарының айтуынша, жүннің де неше түрі бар. Бірақ алармандар оның бәрін бір бағаға сатып алады.
Мәселен, биязы жүн, қылшықты жүн, жартылай қылшықты жүндердің сатып алу бағалары бірдей. Негізінде, биязы жүн қымбат болуы керек. Киіз бен пималық жүндер де болады. Кілем тоқитын жүн тіптен бөлек. Аларман қазіргі жағдайды пайдаланып қалғысы келеді. Ал ауылдағы ағайын жүнді еңбегіне татымайтын арзан бағаға бергісі жоқ. Бір жыл сақтап, күйе түсіріп алған соң, ауыл шетіндегі қоқыста жүн тау-тау болып үйіліп жатқаны.
Әйтсе де елімізде осы саладағы инфрақұрылым да жоқ емес. Тараз қаласында жүнді алғашқы өңдеу фабрикасы бар. Одақ кезінде осы фабрика еліміздің әр аймағынан келген тонна-тонна жүндерді қабылдайтын. Нарық деген нарқасқаның жалына жармасуға шамасы жетпей, желкесі қиылған осы фабриканы неге қайтадан аяғынан тұрғызбасқа?! Фабриканы толық қуатында жүргізіп, қасынан жіп иіретін тоқыма фабрикасын ашса болғаны. Жүн қабылдау, өңдеу және одан сапалы өнім шығару саласының қыры мен сырын жақсы білетін шетелдік инвесторларды жұмысқа тартса, іс дөңгеленіп жүре бермей ме?! Егер осы іс қолға алынса, құны түсіп кеткен жүннің бағасы қайта көтерілер еді. Ол үшін бәрін нөлден бастаудың қажеті жоқ. Ғимарат дайын. Маман мәселесін де шешуге болады. Тек көзін таба білсе болғаны...”. Авторы: Гүлжан КӨШЕРОВА.
JASQAZAQ.KZ. “Көлден тамшы бұйырмас шөлдегенде…”. “…Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті 2006 жылы Балқаш көлін жекелеген шаруашылықтарға жалға беру үшін тендер ұйымдастырады. Ал Тасарал ауылының еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін бір ғасырдан бері балықшы екенін ескерсек, оларға ескек тартып, ау салып, қармақ тастауды үйретіп жатудың өзі күлкілі. Яғни қажетті құрал-сайманы да, техникасы да, тіпті көлдің жайы мен балықтың жағдайын да министрліктегілерден артық білетін мамандары да жеткілікті болатын. Ауылдағы 80 үйдің әрқайсысынан кемі бір-екі балықшы шығатыны ақиқат. Осыны көңілге медеу еткен Тасарал қарттары “тендердің өткені тіпті жақсы, 70-80 жылдан балық аулап жүрген жерімізді енді заңдастырып аламыз” деп қуанғанын да жасырмайды. Осы ауылдағы “Ағыбай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің он шақты үлкен кемесі, қажетті құрал-сайманы, тіпті жаздың аптап ыстығында тағамның бұзылып кетпеуіне жол бермейтін тоңазытқыштары да болған. Олардың балық шаруашылығы комитеті белгілеп беретін 50 телімнің /участок/ біреуі болмаса, біреуі тиетініне күмән болмайтын. Бірақ балықшының болжамын комитеттің жоспары күл-талқан етті. Өмір бойы көл жағалап күнелтіп келген тасаралдықтар тендер қорытындысы жарияланғанда, тақырға қалай отырғанын да білмей қалды. 16 мың шаршы шақырым көл аумағынан тоқымдай мүйіс те бұйырмапты….
“Біздегі балық шаруашылығы бүгінде өгей баланың күйін кешіп отыр”, – дейді 30 жылдан бері осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген “Балқашбалық” мекемесінің бастығы Ахат Құспаев. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі өзімен-өзі, ал Балық комитеті өз алдына жеке мекеме сияқты. Өйткені министрдің мал тұқымын асылдандыру туралы, көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім науқаны, қырмандағы астық пен алқаптағы “ақ алтын” жайлы айтып жатқанын естиміз. Ал отандық балық шаруашылығы туралы тіс жарып, лебіз білдірмегенін айтады Ахат балықшы. Тіпті тиісті комитеттегілердің өздері балықшының бас ауруынан мүлдем бейхабар секілді. Таңқаларлығы сол, балық шаруашылығы комитеті құрылғалы, елімізде осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың, балықшылардың басын қосып, осы ауылды толғандырған күрмеуі көп түйінді тарқататын республикалық деңгейде бірде-бір басқосу болмапты. Мұның барлығына жоғарыда көтерілген балықшылардың жанайқайы дәлел. Осыдан барып қазақтың “Балық басынан шіриді” деген қанатты сөзіне тағы да көз жеткізгендейсің”. Авторы: Нұрбол АЛМАНОВ, “Нұр Отан” ХДП жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиаорталық жетекшісінің орынбасары.
ABAI.KZ. “Ерлан Қарин. Қазақ ауыз және жазба әдебиетіндегі жебе түрлерінің атаулары”. “Қазақтың қару-жарақтары және көшпелі әскери өнер жайлы соңғы уақытта бірқатар еңбектер жазылды. Айталық, қазақтың дәстүрлі қол өнері, қару-жарағы, сауыт-сайманы, көшпелілердің соғыс тәсілдері сияқты тақырыптарда көптеген ғылыми зерттеулер, танымдық анықтамалықтар жарыққа шықты. Соның ішінде ер қаруы бес қарудың бірі садақ жайлы, садақ жебесі туралы да көптеген еңбектер бар. Алайда, бірқатар әдебиеттерде жебелердің неден жасалғаны, қандай мақсатта қолданылатындығы, қаншалықты алысқа ұшатындығы, салмағының, ұзындығының қандай болатынын т.б. былайша айтқанда, ғылыми тұрғыдан терең сипаттама беріледі. Олай дейтініміз, бірқатар зерттеу еңбектерінде садақ оқтарының құрылысы, қайдан табылғандығы жақсы сипатталады. Бірақ, негізінен жалпылама “садақ оқтары” немесе “жебелер” деп қана келтіреді. Болмаса “қозыжаурын”, “сауытбұзар” деп ең көп қолданыстағы бір-екі атауы аталады. Басқа атаулары қолданылмайды десе де болады...”.
“Айжан КӨШКЕНОВА. Ұлт үшін мақтану керек пе?”. “Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет ЕРТІСБАЕВтың: “Сен қазақ немесе орыссың ба, мұнда сенің жеке үлесің жоқ. Мұны мақтан етіп, әр бұрышта айғайлау — сейсенбі немесе жұмада туғаныңды мақтан етумен бірдей” деген сөздерін басылымдар жарыса жариялады. Шынымен ұлт үшін мақтану керек пе? Ұлттық мақтаныш кеудомсоқтыққа соқтыра ма, әлде ұлтқа лайық болу игі ұмтылысына жетелей ме?…
Тақырыпқа орай
Мұрат ӘУЕЗОВ, мәдениеттанушы: — Әр қазақ өз ұлтына ғашық болуы керек. Қазақ ұлты оған толық мүмкіндік береді. Елді езіп тастаған тарихи кезеңдерде осы қасиеттен айырылып қалған уақыт болды. Халық, ұлт болу үшін осы ғашықтық сезімді қайта тірілту қажет. Бірінші қадам — өз халқыңның адами қасиеттеріңді ашуға толық мүмкіндік беретіндігіне сену. Екіншісі — жауапкершілікті мойындау. Осы ұлттың өкілі бола тұрып, ұлтжанды азамат ретінде не істей аламын? Осы тұста жаңа мәселелер туады. Егер әр адам өз ұлты үшін мақтаныш пен жауапкершілікті сезінсе, ұлт ынтымақтығы артады. Бұл сапада қазақ елдегі басқа ұлттарға ұйытқы болады. Бірақ соның негізі жүрегі, санасы қазақ ұлты болып, оның жақсы қасиеттері соларға да тарап сіңуі керек.
Жәнібек СҮЛЕЕВ, публицист, журналист:- Бізде ұлттық мақтанышқа айналатын нәрсе аз. Кеңес Одағы кезеңін алсақ, бәрі Ұлы Отан соғысы кезіндегі жеңіс пен сол кездегі қаһармандарды мақтан ететін. Одан кейін жаңа дәуір туды. Бұл кезде біз көне тарихи кезеңді еске түсіріп, хан, батыр бабаларымызды мақтанышқа айналдыруға тырыстық. Бірақ мұның өзі жалпыға бірдей емес. Әркім өз батырын шығара бастады…Екіншіден, мақтаныш болатын нәрсенің өзінен ұлт мақтанышын жасай алмаймыз. Оған қазақтың өзі кінәлі. Мысалы, аш-жалаңаш жүрсек те, Ұлы Отан соғысы кезінде халқымыз 92 Кеңес Одағының батырын шығарды. Бірақ оның өзі көп жерде айтылып, жазыла бермейді. Мұстафа Шоқай туралы әлі күнге дейін қоғамда әртүрлі пікір бар. Грузиндер болса, одан баяғыда ұлт қаһарманын жасар еді. Қазақ өзінің кішкентай немесе ұлы жетістігін ағымға түсіріп, ортақ табысқа айналдыра алмайды. Неге? Өйткені олардың өздері бір-бірін түсініп болған жоқ. Грузиндер де іштей өзара топтарға, тайпаларға жіктеледі, бірақ грузин тақырыбына келгенде олар жұмыла қалады. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған кезде жазушы Iлияс ЕСЕНБЕРЛИНнің артынан Мәскеуге бір вагон арыз келсе, ДОМБАДЗЕнің артынан бір вагон жеміс-жидек келгендігі туралы әңгімені білесіз… Біз — ортақ қазақ дүниесімен мақтану үшін әлі ынтымақтастығы аз елміз” (“Айқын” газеті, 04.02.10).
ZAMANDAS.KZ. “4 пайыз қазақ қайда “жерленді”?”. “Жылдан аса уақыт жыр болған халық санағы шықты. Қарап отырып, жағаңды ұстайсың. Желінген қаржы, құр кеткен уақыт, орындалмаған уәделер туралы айтып жағымыз талды ғой. Халықтың қалтасындағы соңғы қарабақырды тартып алудан тайынбайтын жемқорлардан жүрегіміз шайлығып болды. Айттың не, айтпадың не, ауызы арандай ашылған ынсапсыздарға опа жоқ.
…МЕШІМБАЕВАның орнына келген СМАЙЫЛОВ былтырғы өткен санақтың қортындысын жария етті. Жалпақ жұртқа. Санақ қортындысын естіп отырып, құлағым қызара берді…
Бұрынғы жемсауы кең төрайым санақтың аяғын ала қазақтардың Қазақстанда 67 пайызға жеткенін айтқан. Арада түсініксіз жағдайлар орын алып, бірталай кісінің қолына кісен салынып, төрайымның көзіне көк шыбын үймелердің алдында қазақтар 65 пайызды құрайды деген әңгіменің құлағы қылтиды. Енді ресми түрде мәлім етілді санақ қортындысы. Әлихан Смайловтың аузынан “қазақтардың үлес салмағы 63,1 пайыз” деген сөзді естігенде, жоғалған 4 пайыз қазақты жоқтап қала бердік.
Бұл не сонда? Әрине, қырауар “еңбек” пен есепсіз қаржы жұмсалған санақтың ресми қортындысына күмән келтіруге болмас. Дегенмен сол күмәнді өздері көбейтіп отырғанда қалай қарап қалмақсың? Осы тұста “қазақты 4 пайызға қысқартуға кім рұқсат берді?” деп сұрақ қойғың-ақ келеді. Бірақ бұл сұрақты кімге қоясың. Мешімбаева басымен қайғы. Санақ біткенен кейін келген Смайылов иығын қиқаң еткізер мұндай сауалға.
Ажал аузында жатса да аузынан “шүкірі” түспейтін ұлттың ұлымыз ғой. Бұған да шүкір деуден басқа амал қайсы? Қазақты бұдан да көп пайызға қысқартып жібергенде не істер едік? Әйтеуір қарамыз көбейіп қалыпты. Оған да тәуба!…”. Авторы: Н.ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ.
MINBER.KZ. “Теңге мен доллардың кезекті “раунды”. “Ұлттық банк 5 ақпанынан бастап теңге-доллар жұбы валютасының тербеліс дәлізін кеңейтті. Яғни, осы күнге дейін қолданыста болған доллар үшін 150 теңге “плюс-минус 3%” дәлізі енді, доллар үшін 150 теңге “плюс 10%-минус 15%” дәлізіне кеңейтілді.
Енді теңгенің долларға шаққандағы бағамы $1 үшін 127,5 теңгеден 165 теңгеге дейінгі аралықта тербеледі.
“Ұлттық банк теңгенің нығаюы мүмкін дегенге көбірек сенетіндіктен валюталық дәліздің бір жағына қарағанда екінші жағы үлкен” дейді ҚазТАГ агенттігі. Бұл дәліз 5- ақпанынан келесі жылдың 20-шы наурызына дейін қолданыста болады.
Осыдан бір жыл бұрын теңгенің долларға қатысты бағамы құнсызданып, девальвация жүргізілген. Ел ішінде әрі қарай не болады деген толқу да болғаны рас. Десе де ұлттық банк уәдесінде тұрып, бір жыл бойы валюталық бағам өз дәлізінде сақталды...”.
KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 8 ақпан. Kazakhstan Today — 8 ақпан — дүйсенбіде Қазақстан қор биржасында (KASE) теңгенің орташа бағамы жұмадағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,18 теңгеге арзандап, бір долларға шаққанда 147,96 теңгені құрады.
Бүгін, дүйсенбіде АҚШ валютасы бойынша сауда көлемі 50,700 млн долларды құрады.
Ал жұмада АҚШ доллары бойынша Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық көлемі 163,750 млн долларды құраған болатын.
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ


