AZATTYQ.ORG. “Әблязов кезекті жолдауында Құлыбаевты 20 миллиард доллар ұрлады деп айыптайды”. “…Ашық хатта автор “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары Тимур ҚҰЛЫБАЕВтың “соңғы бірнеше жыл көлемінде елден ұрлаған қаржысы 20 миллиард доллардан асады” деп жазды.
Айта кетерлік жайт, Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев алғаш рет 2007 жылы “Forbs” журналының әлемдегі ең бай кісілерінің тізіміне енген болатын. Әлемдік журнал сол кезде Тимур Құлыбаев пен оның зайыбы Динара ҚҰЛЫБАЕВАның әрқайсысының дәулетін 2,1 миллиард долларға бағалаған болатын.
Алайда ӘБЛЯЗОВ “шын мәніндегі ұрлық көлемі одан да көп” және ол Қазақстанның “Ұлттық қорының активімен пара-пар” деп келтіреді өзінің дүйсенбі күні жолдаған ашық хатында.
Президент Назарбаев, 2010 жылы 29 қаңтардағы халыққа Жолдауында Қазақстанның “халықаралық валюта резерві және Ұлттық қордың активтері 50 миллиард доллардан асты” деп мәлімдеген еді. Әблязов өз жолдауында Тимур Құлыбаев “Самұрық-Қазына” ұлттық қорының және ірі ұлттық компаниялардың директорлар кеңесінің басшылығында екендігін айта келе, “оның бұл қызметтерде болуы мемлекетке, мемлекеттік бюджетке және елдің ұлттық мүддесіне” қайшы деп атап көрсетеді…
Қазақстанның бас прокуроры Қайрат МӘМИ, 27 ақпанда Астанада кәсіпкерлердің форумында, қаржы полициясы “Қазмұнайгаздың” және басқа да құрылымдардың көптеген құжаттарын тексеруге алды деп мәлімдеген еді…
Ал Тимур Құлыбаев, 9 ақпанда Астана қаласында Азаттық радиосына берген сұхбатында, Мұхтар Әблязовтың «әшкерелеу ақпараттарына» қатысты мәселемен шұғылдануды құқық қорғау органдарына тапсырғандығын айтқан еді…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.
“Бас редакторы түрмеде отырған “Алма-Ата инфо” газетінің тіркеуі жойылды”. “…Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат және мұрағат комитетінен келген хаттан түсінгенім, олар “Алма-Ата инфо” газетін сотсыз әрі меншік иесінің рұқсатынсыз жауып тастаған”, — деді газеттің бас редакторының орынбасары Раушан ЕСІРГЕПОВА Азаттық радиосына.
Оның сөзіне қарағанда, ол 2009 жылдың қазан айында Мәдениет және ақпарат министрлігіне “Алма-Ата инфо” басылымның шығарылуын уақытша тоқтата тұруды сұрап өтініш берген.
Ондай өтініш беруге басылымның бас редакторы Рамазан ЕСІРГЕПОВтың сот үкімімен үш жылға түрмеге қамалуы және соған байланысты редакцияның қаржы қиындығына кезігуі себеп болған.
– Басылымның редакторы Рамазанды тұтқындағаннан кейін мен бірнеше қызметкерлермен үш айда бір рет газетті шығарып келген болатынмын. Ол толығымен Рамазанның ісі мен оны қолдауға арналып келді. Алайда соңғы уақыттағы қаржылай қиындықтардан кейін, мен ақпарат комитетіне газет шығаруды уақытша тоқтата тұратындығымды ескертіп, өтініш жасадым. Бірақ олардан ешқандай жауап болмады. Сонан кейін қаңтар айында тағы да телефон шалып едім, ол жолы мардымды жауап бермеді. Міне, ақпанның соңында маған жауап келді. Онда “Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпарат және мұрағат комитеті, “БАҚ туралы” заңның 10-бабының 5-тармағына сәйкес, комитет төрағасының бұйрығымен “Алма-Ата инфо” басылымын тіркеуден алып тастағаны туралы” айтылған, – дейді Раушан Есіргепова…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.
AIKYN.KZ. “Кедендік одақ: күмәнді тұстар көп әлі…”. “Кедендік одақ тағы бір славян елімен толықпайтын болды. Кремль украин билігін жағалай жүріп, Кедендік одаққа тартуға қанша тырысса да, батысшыл ЮЩЕНКОның орнына келген президент Виктор ЯНУКОВИЧ ресми Мәскеудің бетін қайтарғандай.
Украина президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ирина АКИМОВА: “Беларусь, Ресей мен Қазақстанның арасындағы Кеден одағы Украинаның ДСҰ алдындағы міндеттемелеріне кереғар келеді” деп мәлімдеді. Осылайша Украина Ресейдің тықпалап отырған “одағынан” ат- тонын ала қашты. Ал Беларусь өз талаптарымен Мәскеудің қытығына тиіп отыр. Минскінің негізгі талабы — 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап одақ аясында мұнай экспортына баж салығының алынып тасталуы. Әрине, бұл — Беларусьтің мүддесіндегі мәселе. Ал Қазақстанның бұл одақтағы ұпайы бүтін бе? Неге Қазақстанда Кедендік одаққа байланысты туындайтын түйткілдер Беларусьтің ұсыныстары сияқты Ресей билігінің төрінде кең көлемде талқыланбайды?…”. Авторы: Кәмшат ТАСБОЛАТ.
“Майкрософт қазақшаға толық көшетін болды”. “Қалаулылар Барыс жылының көктемін жақсы жаңалықтармен қарсы алғысы келсе керек, кеше, наурыз айының бірінші күнінде олар Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасын тыңдауды жөн деп тауыпты. Ал Қуанышбек ЕСЕКЕЕВ биліктегілерді қуантудың, түйінді тұстардың тігісін жатқызып, жетістіктерін жар сала жеткізудің шебері екендігін көзі қарақты жұрт жақсы біледі.
Ол сенімді бұл жолы да ақтады. Негізі, орыс тілі оң жамбасына келетіндігіне ұялды ма, кім білсін, бірақ Есекеев мырза қазақ тілінің жанашырларын бір қуантып тастауға талаптанды. Ол қазақстандық барлық дерлік “компьютер тұқымдастарды” жатқызып-өргізетін Майкрософт компаниясының қазіргі операциялық жүйелері биылғы жылы тегісімен қазақ тіліне көшірілетіндігін мәлімдеді. Бұған “ойпырмай!” дестік. Қазақтарға қызмет ететін құрылғылар қашанғы қалдықпен “қоректене” бермек?!
— Үш жыл бұрын Міcrosoft компаниясы “Wіndows-95” операциялық жүйесін қазақ тіліне аударды, — деді “Үкімет сағатында” Қ.Есекеев. — Ағымдағы жылы біз қазақ тіліне осы фирманың барлық операциялық жүйелерін көшіру бағытындағы жұмысты жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазір Міcrosoft компаниясының қазақ тіліндегі өнімдерін де сатуға шығарулары үшін жеке сауда желілері кәсіпорындарымен жұмыс жүргізуге ниеттіміз…”. Авторы: Айхан ШӘРІП.
“Ванкувердің “былығы” ашылып жатыр”. “…Канададағы қыстық спорт ойындарынан өткен Олимпиада аяқталып, 258 жүлдегер елдеріне алтын, күміс, қола медальдарды мойындарына тағып қайтты. Олимпиада жеңімпаздарына арналған осы медальдар канадалықтар күресінге лақтырылған ескі телевизор, компьютер, клавиатураларды жинап, солардан шыққан металдардан құйылыпты. “Популярная механика” порталындағы деректерге қарағанда, Олимпиада медальдарын ванкуверлік Teck Resources концерні Royal Canadіan Mіnt компаниясымен бірлесіп жасаған екен. Медальға металл алу үшін Teck Resources компаниясы катодты-сәулелі түтіктері, компьютердің қосалқы бөлшектері, терім тақтасындағы түсті темір-терсекті балқытқан көрінеді. Сөйтіп, канадалықтар электрондық жабдықтардан алынған заттарды басқа түрлі-түсті металдарға араластырып, төрт жылда бір рет болатын Олимпиада жеңімпаздарын қоспадан жасалған алтын, күміс, қола медальдармен марапаттапты.
Олимпиада ойындары қысқы спорттың 15 түрінен өтті. Әртүрлі сайыстардың 86-сында 1,2,3-орындарға медальдар табысталды. Ванкувердегі Олимпиадада жалпы саны 258 жүлдегерге алтын, күміс, қола медальдары берілді. Бұған қарап, Канада халқы сараң екен деп айтуға келмес, үнемшіл деген дұрыс болар. Әйтпесе Солтүстік Американың жер қыртысы да, табиғаты да бай ғой. Мынаны қараңыз! Сыңсыған қалың шырша, қарағайдың (құрылыс материалдары) ортасында тұрғызылған олимпиада қалашығы қурап қалған ағаштардан жасалған материалдан салыныпты. Өздерінің сөздеріне қарағанда, бұл құрылыс материалы бетоннан да мықты екен”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.
EGEMEN.KZ. “Жаңа онжылдықтың жасампаздық жолы”. “…Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дағдарыстан кейінгі орнықты даму стратегиясының жариялануы үлкен оқиға болды. Бұл оқиғаның ішкі мүмкіндіктеріміз бен болашақ ұлттық мүдделерімізді ғылыми таразылаудан туған іргелі шешім екендігі анық. Әсіресе, біздің еліміз дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиясында айтылған тұжырымдамалардың ғылыми негізділігі мен тегеурінді қарқыны әлемнің әр түкпіріндегі сан түрлі саяси-әлеуметтік процестерге куә болған сарытіс саясаткерлердің өзін таңқалдырғаны анық.
Сонымен, енді 10 жылдан кейін еліміздің қандай болатынын әрқайсымыз көз алдымызға елестетерліктей нақты кезеңдерден тұратын стратегиямыз бар. Мақсат айқын болмай бағыт түзу болмайды. Осыған орай діттеген нысанаға жету жолдары да белгіленді. Сағат іске қосылды.
Жоқ, бұл жарыс емес. Бұл – халқының саны аздығына қарамастан, Еуразия құрлығының дәл ортасындағы әлемдік мүдделер мен коммуникациялар желісінің болашақ торабына айналуға тиіс маңызды да кең байтақ геосаяси аймақты алып жатқан, жерінің асты қазынаға толы үлкен елдің ұлан-асыр даму көшінің басталғаны. Демек, біз бүгінде санымыз он алты миллионның, о жақ, бұ жағынан аспайтын бүкіл қазақстандықтар басталып кеткен ауқымды әлеуметтік, экономикалық және саяси процестің сырттай қызықтаушылары ғана емес, тікелей қатысушылары мен оны іске асырушылары екенбіз…
Елдің келешегі өскелең ұрпақтың қолында екендігін ескерсек, білім беру мен тәрбие саласына зор мән беру керек. Өйткені, білім мен тәрбие адамгершілікті тұлға қалыптастырудың қос қанатындай. Меніңше, білім – әлемдік, ал тәрбие – ұлттық болуы қажет…”. Авторы: Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, Философия және саясаттану институтының директоры, академик.
ZHASALASH.KZ. “Башқұрт ұлтының басына да бұлт үйiрiлдi”. “Башқұртстан – Ресей Федерациясының құрамындағы ең iрi автономиялы республиканың бiрi. Бұл елде төрт миллионға жуық халық тұрады. Өндiрiс ошақтары көп шоғырланбағанымен, башқұрт мемлекетi мұнай мен газға, басқа да пайдалы қазбаларға бай. Табиғаты қатал, бiрақ, өте көркем. Башқұрт елiнде өзен-көлдер де көп. Башқұрт халқы республика астанасы Уфаны “өзендер қаласы” деп те атайды. Себебi, ел аумағындағы өзендер мен көлдердiң басым көпшiлiгi Уфа қаласында тоғысады.
Бiр сөзбен айтқанда, башқұрт мектептерi жабылып, жергiлiктi ұлттың ана тiлiн оқыту тоқтатылмақ. Ресей билiгi осы мәселенi қолға алып, ұлтсыздандыру саясатын кең ауқымда жүзеге асыруға мықтап кiрiскенi анық.
Демография мәселесi де башқұрт жұртшылығының ең өзектi әрi күрделi проблемасына айналғаны байқалады. Башқұртстанда тұратын төрт миллион халықтың 25 пайызы ғана башқұрттар. Елдiң басым көпшiлiгiн орыстар құраса (35 пайыз), татарлар саны бойынша республикадағы екiншi ұлт (30 пайыз). Уфада байқағанымыз, башқұрт пен татар арасындағы қарым-қатынас шиеленiскен. “Башқұрт татарларына қарағанда Қазан татарларымен тiл табысу әлдеқайда оңай”, — дейдi жергiлiктi башқұрт жұртшылығы. Неге дейсiз ғой? Бiрiншiден, башқұрт татарлары орыс және башқұрт тiлдерiмен қатар татар тiлiне де мемлекеттiк тiл мәртебесiн берудi талап етедi. Башқұртстан аумағында татар мектептерiн көптеп ашуды, татар мәдениетi мен өнерiн кеңiнен дамытуды да олар күн тәртiбiнен түсiрмедi. Мұндай мәселелердiң көтерiлуi башқұрт жұртшылығының қарсылығын тудыратыны түсiнiктi. Екiншiден, башқұрт ұлты жергiлiктi татарларды ассимиляцияланған башқұрттар (яғни татарланған башқұрттар) деп қабылдайды. Мұндай татарларды Қазан татарлары да өз қандасы ретiнде жақын тартпайды, башқұрттар да оларды қабылдамайды. Татарланған башқұрттар нағыз татарлардан бұл елде әлдеқайда көп. Оның үстiне, 90-жылдардың басында башқұрт халқы Ресейден тәуелсiздiк алу мәселесiн көтергенде, жергiлiктi татарлар бұған қарсы тұрып, Кремльден бөлiнбеудi алға тартқан. Осындай мәселелер башқұрт-татар арасындағы салқын қарым-қатынастың орнауына әсер етуде (оның тарихи жағдайлары мен Қазанмен арадағы байланыс туралы сәл кейiнiрек).
Дәл қазiр башқұрт халқы үшiн ең күрделi мәселе – автономиялы республиканы сақтап қалу екенi айқын. “Егер мұны сақтай алсақ, онда башқұрт ұлты өмiр сүредi, ал республикадан айырылсақ, башқұрт та ұлт ретiнде құрдымға кетедi”…”. Авторы: Жанболат МАМАЙ, Башқұртстан автономиялы Республикасының Уфа қаласынан арнайы “Жас Алаш” үшiн.
“Шахматистiң” кезектi жүрiсi”. “Елде жүргенде қатарластары “шахматист” деп ат қойып, айдар таққан Мұхтар ӘБЛЯЗОВ президенттiң ортаншы күйеубаласының жағасына бекер жармасқан жоқ. Шахмат ойынында “вилка” деген термин бар. Кезектi жүрiстен кейiн қарсыластың екi немесе одан да көп фигураларының шабуыл өтiнде қалуын “вилка” деп атайды.
Әблязов пен ҚҰЛЫБАЕВтың арасында қандай бас араздығы барын бiз бiлмеймiз. Бiрақ, ол Құлыбаевты әшкерелеу арқылы оның қайын атасын да талдыра соғатынын түсiнетiндей. Және солай болды да…
Өткен аптада М.Әблязов тағы бiр маңызды жүрiс жасады. Мұхтар Әблязовтiң айтуынша, Тимур Құлыбаев салықтан жалтарып, 1,8 миллиард долларды жасырып қалған. Қалай? Қандай жолмен? Әблязов мұны “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ-ның заңсыз жолмен сатылуымен байланыстырады.
Бiр кездерi жылына 5-6 миллион тонна мұнай өндiрген аса iрi компаниялардың бiрi — “Маңғыстаумұнайгаздың” Central Asia Petroleum Ltd. деген индонезиялық әлдебiр компанияға болмашы “тиын-тебенге” сатылғанын бiлемiз. Ал бұдан екi жыл бұрын ресми Астана жолын тауып, шетелдiк қожайынға “Маңғыстаумұнайгазды” “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясына сатқызды. Ал әлгi индонезиялық компанияның нақты қожасы кiм екенi жұмбақ күйiнде қалды. Әблязовтiң соңғы мәлiмдемелерiнiң бiрiнде индонезиялық компанияның 28 пайыз акциясы оффшорлық құрылымдар арқылы Тимур Құлыбаев пен оның әрiптесi — миллиардер Лакшми МИТТАЛға тиесiлi екенiн айтқан-ды. Қалған 72 пайыз акция кiмдiкi сонда?
Кезiнде бұқаралық ақпарат құралдары Central Asia Petroleum Ltd. компаниясы акционерлерiнiң бiрi Рахат ӘЛИЕВ болғанын жазған…”. Авторы: Е.. БИЕКЕ.
ABAI.KZ. “ҚОС МҰРТТЫ, ОТЫРЫСТЫ ҚҰРТТЫ”. “Жақында жайлы орнынан кетеді екен” деген сыбыс мазалап жүр ме кім білсін, Үкіметтің кешегі жайма-шуақ отырысына Премьер-министр Кәрім МӘСІМОВ тым көңілсіз кірді. Бір қызығы мұртты мырзаның аман-саулығынан кейін отырыс бастан-аяқ қазақ тілінде жалғасып кеткен. Алайда отырыс аяқталуға аз қалғанда “қос мұрттың” яғни, Ванкуверден оралған Туризм және спорт министрі Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ пен Премьердің “премьерасы” отырыстың ауанын ресми тілге түсіріп жіберді…”. Авторы: Нұратайдың баласы.
ALASHAINASY.KZ. “Ванкувер Олимпиадасы да тарих қойнауына енді”. “ХХІ қысқы Олимпиада ойындарының соңғы күндері шаңғышыларымыз бен биатлоншы жігіттеріміз ғана бәйгеге түсті.
Биатлоншы жігіттеріміз Латвия төрттігінен ғана озып, 18-орынды қанағат тұтты. Жылдамдықтары да аса жоғары болмады, ал нысана көздеудегі көрсеткіштері мүлде нашар болып шықты.
Бұдан кейін жарыс жолына шаңғышы қыздарымыз шығып, 30 шақырымдық аламан бәйгеде (масс-стартта) бақ сынады. Әу баста, Оксана ЯЦКАЯ көштің алдында ойқастап, 10 шақырымнан асқанша екінші орында келе жатқан-ды. Алайда 10 шақырымнан соң спортшылардың көбісі шаңғыларын ауыстырып, жағдай өзгерді. Яцкая да шаңғысын ауыстырып еді, содан ба белгісіз, әйтеуір төмен қарай сырғи берді. Сырғи берді.
Көмбеге жеткен соң, “шаңғымды бекер айырбастадым, ауыстырған шаңғым қар үстімен жөндеп сырғымай, берекем кетті”, – деді ол. Негізі, осы 30 шақырымдық бәйгеде шаңғышылардың көбісі екі мәрте шаңғы айырбастады. Айырбастамаса, тағы болмайды. Күн жылы, қар еріп жатыр. Жарыс жолындағы тапталып, тығыздалған қардың өзі құрғақ емес, дым тартқан. Мамандардың айтуынша, мұндай дымқыл қарда шаңғының табанына жаққан май көпке шыдамайды. Сондықтан спортшылар шаңғыларын 2-3 қайта айырбастайды. Сол себепті мәселе шаңғыда емес сияқты. “Әу баста тізгіндерін тартып келе жатқан төрткүл дүниенің үздік шаңғышылары 10 шақырымнан соң қамшыны басып, біздің Оксана оларға ілесе алмай қалды” десек, сонымыз дұрысырақ болар.
Ванкувер Олимпиадасының соңғы күні шаңғышы жігіттер арасындағы 50 шақырымдық аламан бәйге өтті. Бізден бұл бәйгеге Алексей ПОЛТОРАНИН, Сергей ЧЕРЕПАНОВ және Евгений ВЕЛИЧКО үшеуі қатысуы керек болатын. Бірақ Черепанов ауырып қалып, масс — стартқа шыққан жоқ. Сондықтан бұл жолы да Полторанинге сенім артуға тура келді. Негізі, қысқа қашықтықтағы бәйгелердің майталманы болып табылатын Алексей шаңғышылар марафонында да намысты қолдан берген жоқ. Тырысып бақты. Жас та болса, жаны сірі жігіт екен (тіл-көзіміз тасқа), неғұрлым жоғары орынға ие болуға талпынды. Осы Олимпиададағы шаңғышылар арасындағы барлық жарысқа қатысқан қайсар жігітіміз шаршаса да, сыр берген жоқ.
Жігіттеріміз жарыс жолында тер төгіп жатқанда, ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы Анатөлі ҚҰЛНАЗАРОВтан Ванкувер Олимпиадасының жабылу салтанатында еліміздің қасиетті рәмізі – көк байрағымызды осы Алексей Полторанин ұстап шығатындығын естіп, риза болдық. “Дұрыс, дұрыс, еңбегі сіңді бұл жігіттің” дестік іштей. Өзі – мінезі де қарапайым, кеуде көтеруді білмейтін ұяң жігіт. Ерлер арасындағы эстафетадан кейін “егер бізде енді үш Полторанин болғанда, жүлдеге де ілінетін едік” деп қалжыңдасам, “соны түсінгеніңізге рақмет” дегендей, бетіме жымия қарап, күлді де қойды. Жанындағы командалас серіктерін жамандамайды…”. Авторы: Нұрғазы САСАЕВ, Ванкувер.
MINBER.KZ. “Тәйiрi сонда жас па екем”. “Әр бір Алаш баласы Абайды күніне бір рет еске алып отырса жарар… Абай десем, әуелi бала күнiм есiме түседi. Өйткені, кімде кім болмасын өзінің өмiрiнiң өткенiн ойлағанда алдымен ат басын сәби шағына бұрады. Бала күнгі жатта қалған жағдаяттар әппақ, адал қалпында аз да айқын, әсерлiлiгi сонша жаңа болғандай-ақ көз алдыңнан өтедi.
Ата-анамның маған алғаш жаттатқаны – Абайдың “Әсемпаз болма әр неге” деп басталатын өлеңiнiң бiрiншi шумағы. Онда мен Мұзағаңшыласам (Әлiмбаев) “тәйiрi сонда жас па екем, табандай үш жаста екем”. “Р” мен “Л”-ды “И”-ге бұрып айтатын маған өлеңнен не бәрi бiр-екi сөз түсiнiктi болса керек, сұрақты көп қояды екенмiн. “Әсемпаз деген не?”, “Өнерпаз деген немене?”. Әке-шешем сөздiң мағынасын ұғындырып, “Абай атаң жақсы бала, мықты азамат бол деп ақыл айтады, ол мына кiсi”, деп сұр мұқабалы қалың кiтаптан сом денелi, жылы жүздi кiсiнi көрсеткенi есiмде қалыпты. Содан есейе келе өлеңдi толық жаттап, кейiн мәнiн меңгерген соң, бүгiнгi күнге дейiн дұғамдай неше жүз қайталаған болармын. Ал, Абай болса, кетiгiңдi таптың ба деп жиi қайталап тұрғандай. Мен болсам, бәйгесiз мәңгі майданға келе жатқандаймын. “Еңбегiң кетпес далаға” деп Ұлы ақын өзi жұбатады…
…Ержетiп етек жеңдi жиып қалған кезiм. Тәйiрi онда жас па едiм, дүйдей он үш жаста едiм.
Ол жетпiсiншi жылдардың басы. Абай және Сәкендерге арналған әдебиет сабағына домбырасын ұстай келiп, ара-арасында әндетiп жiберiп, айызыңды қандыра сөйлейтiн мұғалiмiмiз бiрде: “Менiң осынымды сырт көз жақтамайды” деп қалған… Мектеп iшiнде жүрiс сиреген шақ еді. Мұғалiмдер кеңсесiне жақындап қалғанымда директордың дауысы анық естiлдi.– Мұның не? Массың ба? Әдебиет ән емес қой,– үн зiлдi екен. – Сендердiң стандарттық сабақтарыңа көнбеймiн!Әдебиет пәнi мұғалiмiнiң ашынған дауысы. ..
Көкейге күдiк салған “стандарттың” сыры кейiн ашылды ғой. Стандартқа сыймайтын, шексiз Абай пәлсапасына жылдар жылжып өткен сайын терең үңiлiп, үңiлген сайын үлкен ғибрат алып, Абаймен ауызданғанымызға мақтанамыз. Адал жасымнан ақылшым Абайым деймiз, қалың елiм “мен” мен “менiкiн” түсiндi, көк құйрықты жас сәби Абай өлеңiмен дүние есiгiн ашып, Абай рухымен есейіп өсіп келеді. Бұл бiздiң бақытымыз” (Карамер “Шалқар”, 11.08.1995.N 30).
KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 3 наурыз. Kazakhstan Today — 3 наурыз — сәрсенбіде Қазақстан қор биржасында (KASE) теңгенің орташа бағамы сейсенбідегі көрсеткішпен салыстырғанда 0,09 теңгеге арзандап, бір долларға шаққанда 147,45 теңгені құрады.
Бүгін АҚШ доллары бойынша Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық көлемі 77,030 млн долларды құрады. Ал сейсенбіде АҚШ валютасы бойынша сауда көлемі 98,850 млн долларды құраған болатын.
Астана. 3 наурыз. Kazakhstan Today — Астанада магистральдық су құбырындағы апат салдарынан бірнеше көше сусыз қалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТЖМ ақпаратына сәйкес, «2 наурызда сағат 18.10-да Сарыарқа ауданындағы Біржан сал көшесінде құбырдың тозуы салдарынан диаметрі 150 миллиметрлік магистральдық су құбыры жарылды».
Соның салдарынан балабақша, қонақ үй мен Біржан сал, Құтпанов және Ақжайық көшесіндегі ондаған үй сусыз қалды.
Апатты жоюға «Астана Су Арнасы» мемлекеттік мекемесінің апаттық бригадасының 11 адамы мен 5 техникасы тартылды.
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ


